Тәуелсіздік Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің дене шынықтыру және спорт саласындағы ынтымақтастығы туралы келісімге қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 23 мамырдағы N 411 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі  ҚАУЛЫ ЕТЕДІ :
      1. Қоса беріліп отырған Тәуелсіздік Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің дене шынықтыру және спорт саласындағы ынтымақтастығы туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.
      2. Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары - Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Аслан Есболайұлы Мусинге қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан Тәуелсіздік Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің дене шынықтыру және спорт саласындағы ынтымақтастығы туралы келісімге қол қоюға өкілеттік берілсін.
      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

       Қазақстан Республикасының
           Премьер-Министрі

Қазақстан Республикасы  
Үкіметінің      
2007 жылғы»23»мамырдағы 
N 411 қаулысымен   
мақұлданған     

Жоба

  Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің дене шынықтыру және спорт саласындағы ынтымақтастығы туралы келісім

      Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттер атынан үкіметтері, бұдан әрі - Тараптар,
      әр адамның дене шынықтыру және спортпен айналысуға құқығынан және осы құқықты жүзеге асыруға мемлекеттің жауапкершілігінен шыға отырып,
      Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдері халықтарының арасында дәстүрлі қалыптасқан байланыстарды, олардың сақталуына деген өзара мүдделілікті назарға ала отырып,
      Тараптардың халықаралық спорттық байланыстарын кеңейтуге және нығайтуға ұмтылысын білдіре отырып,
      Тараптардың теңдік және өзара құрмет қағидаттарына негізделген дене шынықтыру және спорт саласындағы қарым-қатынастарды кеңейту және жетілдіру ниетін растай отырып,
      осы қатынастарды Тараптардың дене шынықтыру және спорт жөніндегі мемлекеттік органдары, ұлттық олимпиадалық комитеттері, халықаралық, өңірлік және басқа да дене шынықтыру-спорт ұйымдары арасында кеңінен ынтымақтасу жолымен дамытуды қалай отырып,
      дене шынықтыру және спорт саласындағы бірлескен бағдарламалар мен жобаларды жүзеге асыруда Тараптар ынтымақтастығының тетігін құру қажеттігін сезіне отырып,
      төмендегілер туралы келісті:

  1-бап

      Тараптар дене шынықтыру және спорт саласындағы ынтымақтастықты дамытуға Тараптар мемлекеттік органдарының, ұлттық олимпиадалық комитеттері, ұлттық спорт федерациялары (одақтар, қауымдастықтар), халықаралық, өңірлік және басқа да дене шынықтыру-спорт ұйымдары мен бірлестіктері бағыты бойынша жәрдемдеседі, олардың дене шынықтыруды, спортты және олимпиадалық қозғалысты тиімді дамытуға бағытталған бастамаларын қолдайды.

  2-бап

      Тараптар осы Келісімді іске асыру мақсатында Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің дене шынықтыру және спорт саласындағы ынтымақтастығы туралы Келісімге қатысушылардың Дене шынықтыру және спорт жөніндегі кеңесін (бұдан әрі - Кеңес) құрады. Кеңес осы Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылатын осы Келісімге қосымшаға сай ережеге сәйкес әрекет етеді.

  3-бап

      Тараптар ұлттық олимпиадалық комитеттерге қолдау көрсете отырып, олимпиадалық қозғалысты дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасайды.

  4-бап

      Тараптар салауатты өмір салтын және спорттағы жетістіктерді насихаттайтын ақпарат алмасуға және өз аумақтарында таратуға жәрдемдеседі.

  5-бап

      Тараптар халықтың әртүрлі жіктері арасында бұқаралық дене шынықтыру-сауықтыру және спорттық іс-шараларды дамыту және өткізу үшін келісілген шаралар қабылдайды.

  6-бап

      Тараптар өзара негізде халықты дене шынықтыру және спорт құралдарымен сауықтыру жөніндегі ұлттық бағдарламаларды әзірлеуде және жүзеге асыруда жәрдем көрсетеді.

  7-бап

      Тараптар өзаралық негізінде ғылыми-зерттеу базасын құруға және дене шынықтыру және спорт саласындағы қызметті ғылыми-әдістемелік және медициналық қамтамасыз ету жүйесін жетілдіруге жәрдемдеседі.

  8-бап

      Тараптар өзара негізде бұқаралық дене шынықтыру-сауықтыру іс-шараларын өткізу, Олимпиадалық ойындарға, әлем чемпионаттарына, басқа да ірі спорттық жарыстарға дайындық үшін материалдық-спорттық базаны бірлесіп пайдалану мақсатында, оны дамытуға және нығайтуға қатысады.

  9-бап

      Тараптар дене шынықтыру және спорт саласындағы әріптестік байланыстарды қолдауға және дамытуға, олардың ғылыми және медициналық қамтамасыз етілуіне, шарт негізінде мамандарды даярлауға, оқушылар, студенттер, аспиранттар және тағылымдамашылар алмасуға жәрдемдеседі.

  10-бап

      Тараптар дене шынықтыру және спорт саласында бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізеді, ақпараттар мен құжаттар алмасуды жүзеге асырады.

  11-бап

      Тараптар бұқаралық дене шынықтыру, жоғары жетістіктер спорты, олимпиадалық қозғалысты, балалар мен жасөспірімдер спортын, мүгедектер спортын, ғылыми, медициналық, ақпараттық қамтамасыз етуді, мамандар даярлауды дамыту мәселелері бойынша жүйелі консультацияларды жүзеге асырады, бірлескен ғылыми-практикалық конференциялар мен көрмелер, семинарлар мен симпозиумдар өткізеді, тәжірибе алмасудың басқа да нысандарын пайдаланады.

  12-бап

      Тараптар осы Келісімнің іске асырылуы туралы тұрақты ақпарат алмасып тұрады.

  13-бап

      Осы Келісімнің ережелерін түсіндіруден және қолданудан туындайтын даулар Тараптар арасындағы консультациялар мен келіссөздер арқылы шешіледі.

  14-бап

      Осы Келісімнің ережелері Тараптар қатысушы болып табылатын басқа халықаралық шарттардан туындайтын Тараптардың құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.

  15-бап

      Осы Келісім оған қол қойған Тараптардың оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы үшінші хабарламаны депозитарийге тапсырған күнінен бастап күшіне енеді.
      Мемлекетішілік рәсімдерді кеш орындаған Тараптар үшін Келісім тиісті хабарламаны депозитарийге тапсырған күнінен бастап күшіне енеді.

  16-бап

      Тараптардың өзара келісімі бойынша осы Келісімге оның ажырамас бөлігі болып табылатын жеке хаттамалармен ресімделетін және осы Келісімнің 15-бабында көзделген тәртіппен күшіне енетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.

  17-бап

      Осы Келісім депозитарийге осындай қосылу туралы құжаттарды тапсыру жолымен кез келген Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің қосылуы үшін ашық.
      Осы Келісімнің ережелеріне ортақтасатын, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына кірмейтін мемлекеттер үшін, егер де Тараптардың ешқайсысы депозитарийге тиісті хабарламаны жібергеннен кейін үш ай ішінде қарсылық білдіруін жібермесе қосылу күшіне енді деп саналады.

  18-бап

      Осы Келісім күшіне енген күнінен бастап бес жыл ішінде қолданылады. Осы мерзім аяқталған соң, егер Тараптар өзге шешім қабылдамаса Келісімнің қолданылуы автоматты түрде әр кез бес жыл кезеңге ұзартылады.

  19-бап

      Тараптардың әрқайсысы осы Келісімнен депозитарийге шығу күніне дейін алты айдан кешіктірмей жазбаша хабарлама жолдап, шыға алады.

      2007 жылғы _______ мамырда Ялта қаласында бір түпнұсқа данада орыс тілінде жасалды. Түпнұсқа данасы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Атқарушы комитетінде сақталады, осы Келісімге қол қойған әр мемлекетке оның куәландырылған көшірмесін жолдайды.

Әзірбайжан Республикасының        Молдова Республикасының
      Үкіметі үшін                      Үкіметі үшін

  Армения Республикасының             Ресей Федерациясының
      Үкіметі үшін                      Үкіметі үшін

  Беларусь Республикасының        Тәжікстан Республикасының
      Үкіметі үшін                      Үкіметі үшін

        Грузияның                     Түркіменстанның
      Үкіметі үшін                      Үкіметі үшін

Қазақстан Республикасының         Өзбекстан Республикасының
      Үкіметі үшін                      Үкіметі үшін

    Қырғыз Республикасының                 Украинаның
      Үкіметі үшін                      Үкіметі үшін

Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы 
      мемлекеттердің дене шынықтыру және спорт 
саласындағы ынтымақтастығы туралы келісімге
қосымша                   

  Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің дене шынықтыру және спорт саласындағы ынтымақтастығы туралы келісімге қатысушылардың Дене шынықтыру және спорт жөніндегі кеңесі туралы ереже 1. Жалпы ережелер

      1. Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің дене шынықтыру және спорт саласындағы ынтымақтастығы туралы келісімге қатысушылардың Дене шынықтыру және спорт жөніндегі кеңесі (бұдан әрі - Кеңес) Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің дене шынықтыру және спорт саласындағы ынтымақтастығы туралы келісімді (бұдан әрі - Келісім), Келісімге қатысушылардың халықаралық байланыстарды кеңейтуі мен нығайтуын іске асыру мақсатында құрылады.

      2. Кеңес өз қызметінде Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Мемлекет басшылары кеңесі мен Үкімет басшылары кеңесінің шешімдерін, Келісімді және осы Ережені басшылыққа алады.

      3. Кеңес өз қызметін Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Атқарушы комитетімен және Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының басқа да жарғылық және салалық органдарымен өзара іс-қимылда жүзеге асырады.

      4. Кеңес Келісімге қатысушылардың өкілетті өкілдерінен (Кеңес
мүшелері), Келісімге қатысушының әрқайсысынан бір-біреуден қалыптасады.
      Келісімнің әрбір қатысушысы Кеңесте бір дауысқа ие болады.

      5. Кеңес консультативтік-үйлестіруші орган болып табылады.

  2. Кеңестің функциялары

      Кеңес өз құзыреті шеңберінде мынадай функцияларды орындайды:
      мемлекеттік басқару органдары, Ұлттық олимпиадалық комитеттер, спорт федерациялары және қоғамдары бағытындағы дене шынықтыру және спорт саласындағы ынтымақтастықтың үрдістері мен перспективаларын зерделеу;
      Келісімнің, дене шынықтыру және спорт саласындағы ынтымақтастық туралы басқа да көп жақты шарттардың іске асырылу барысын талдау, дене шынықтыру және спортты дамытудың бірлескен бағдарламаларын әзірлеу және іске асыру;
      Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы шеңберінде дене шынықтыру және спорт құралдарымен халықты сауықтыруға, спорт резервін және жоғары сыныптағы спортшыларды даярлауға, олимпиадалық қозғалысты дамытуға, спортты әлеуметтік жағымсыз құбылыстарға қарсы күрестің тиімді құралы ретінде насихаттауға, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің халықаралық ұйымдардағы мүдделерін жылжытуға бағытталған іс-шараларды жүргізу;
      дене шынықтыру және спорт жөніндегі ұлттық бағдарламаларды әзірлеуге және іске асыруға жәрдемдесу;
      дене шынықтыру мен спортты ғылыми және медициналық қамтамасыз ету жөніндегі тәжірибені зерделеу және қорыту;
      ғылыми және ғылым-педагогикалық кадрларды даярлау, алмастыру және мамандардың біліктілігін арттыру саласындағы мемлекетаралық ынтымақтастыққа жәрдемдесу.

  3. Кеңестің құқықтары

      Кеңес өз қызметін жүзеге асыру үшін:
      Келісімге қатысушылардың тиісті органдарынан өзінің міндеттерін орындау үшін қажетті ақпаратты, сондай-ақ Кеңес шешімдерінің орындалуы туралы ақпаратты сұратуға;
      Кеңес қызметінің және Келісімді іске асыру мәселелерін шешу үшін Кеңес мүшелері мен тартылған мамандар қатарынан комиссиялар және жұмыс топтарын құруға;
      Келісімге қатысушылардың мемлекеттік органдарына және Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының жарғылық органдарына Кеңес дайындаған құжаттардың жобаларын белгіленген тәртіппен енгізуге құқығы бар.

  4. Кеңес жұмысын ұйымдастыру және оның тәртібі

      1. Кеңес отырыстары қажеттілігіне қарай, бірақ жылына кемінде бір рет өткізіледі және егер, оған Кеңес мүшелерінің кемінде жартысы қатысса заңды деп танылады.
      Кезекті отырысты өткізу орны Кеңес мүшелерінің алдын ала келісімі бойынша анықталады.
      Кеңестің кезектен тыс отырысы Келісімге кез келген қатысушының бастамасы бойынша шақырылуы мүмкін.

      2. Кеңесте төрағалық ету алмастыру қағидаты негізінде бір жылдан аспайтын мерзімге орыс әліпбиі тәртібімен Келісімнің әрбір қатысушысы оның өкілі атынан кезегімен жүзеге асырылады.
      Кеңестің алдыңғы және келесі төрағалары оның тең төрағалары болып табылады. Кеңес төрағасы болмаған жағдайда оның міндеттері тең төрағалардың біріне жүктеледі.

      3. Төраға Кеңестің жұмысын ұйымдастырады, Мемлекет басшылары кеңесінің, Үкімет басшылары кеңесінің және Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының басқа да органдарының отырыстарында, сондай-ақ Кеңестің қызметіне байланысты мәселелер бойынша Келісімге қатысушылардың алдында Кеңесті білдіреді.

      4. Кеңестің шешімі отырысқа қатысқан мүшелерінің қарапайым көпшілік дауысымен қабылданады. Кеңестің кез келген мүшесі қандайда бір мәселеде өзінің мүдделі еместігі туралы мәлімдей алады, бұл шешім қабылдауға кедергі ретінде қаралмауы тиіс. Шешіммен келіспейтін Кеңес мүшелері отырыс хаттамасына енгізілетін өзінің ерекше пікірін білдіре алады.

      5. Кеңес отырысында оның шешімі бойынша Келісімге қатысушылардың мүдделі министрліктері мен ведомстволарының өкілдері, спорт ұйымдарының, сондай-ақ халықаралық ұйымдардың басшылары қатыса алады.

      6. Кеңес қызметін ұйымдық-техникалық қамтамасыз етуді Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Атқарушы комитетінің тиісті құрылымдық бөлімшелері жүзеге асырады.

      7. Кеңестің отырыстарын өткізуге байланысты шығыстарды қабылдаушы Тарап, ал отырысқа қатысу үшін іссапарға байланысты шығыстарды жіберуші Тарап алады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады