Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Үкіметі арасындағы Еңбекші-мигранттар - Қырғыз Республикасының аумағында уақытша жұмыс істейтін Қазақстан Республикасы азаматтарының еңбек қызметі мен құқықтарын қорғау туралы, еңбекші-мигранттар - Қазақстан Республикасының аумағында уақытша жұмыс істейтін Қырғыз Республикасы азаматтарының еңбек қызметі мен құқықтарын қорғау туралы келісімді бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 13 маусымдағы N 494 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі  ҚАУЛЫ ЕТЕДІ :
      1. 2006 жылғы 4 шілдеде Астана қаласында жасалған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Үкіметі арасындағы Еңбекші-мигранттар - Қырғыз Республикасының аумағында уақытша жұмыс істейтін Қазақстан Республикасы азаматтарының еңбек қызметі мен құқықтарын қорғау туралы, еңбекші-мигранттар - Қазақстан Республикасының аумағында уақытша жұмыс істейтін Қырғыз Республикасы азаматтарының еңбек қызметі мен құқықтарын қорғау туралы келісім бекітілсін.

      2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

       Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

  Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз
Республикасының Үкіметі арасындағы Еңбекші-мигранттар - Қырғыз Республикасының аумағында уақытша жұмыс істейтін Қазақстан Республикасы азаматтарының еңбек қызметі мен құқықтарын қорғау туралы, еңбекші-мигранттар - Қазақстан Республикасының аумағында уақытша жұмыс істейтін Қырғыз Республикасы азаматтарының еңбек қызметі мен құқықтарын қорғау туралы келісім

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Үкіметі,
      Біріккен Ұлттар Ұйымының адам құқықтары саласындағы негіз қалаушы құжаттарының және Халықаралық еңбек ұйымы шеңберінде әзірленген қағидаттардың жолын ұстана отырып;
      1997 жылғы 8 сәуірде Алматы қаласында қол қойылған Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасы арасындағы Мәңгі достық туралы шарттың қағидаттарын басшылыққа ала отырып;
      1994 жылғы 15 сәуірде Мәскеу қаласында қол қойылған Еңбек көші-қоны саласындағы ынтымақтастық және еңбекші-мигранттарды әлеуметтік қорғау туралы келісімнің ережелерін негізге ала отырып;
      екі мемлекеттің аумағында уақытша жұмыс істейтін Қазақстан Республикасы азаматтарының және Қырғыз Республикасы азаматтарының еңбек қызметі мен оларды әлеуметтік қорғау саласындағы екі жақты ынтымақтастықтың құқықтық негізін дамыту мақсатында;
      Тараптар азаматтарының құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды қамтамасыз етуді басымды міндет деп есептей отырып;
      заңды еңбек көші-қоны процестерін дамытуға жәрдемдесуге ұмтыла отырып;
      төмендегі туралы келісті:

  1-бап

      Осы Келісімнің мақсаттары үшін төменде көрсетілген терминдер мынаны білдіреді:
      "еңбекші-мигрант" - кету Тарабының аумағында тұрақты тұратын, жұмысқа орналастыру Тарабы мемлекетінің аумағында уақытша ақылы еңбек қызметімен заңды негізде айналысатын адам;
      "кету Тарабы" - еңбекші-мигранттар аумағында тұрақты тұратын және уақытша ақылы еңбек қызметімен айналысу үшін жұмысқа орналастыру Тарабына қоныс аударатын мемлекет;
      "жұмысқа орналастыру Тарабы" - аумағында кету Тарабынан келген еңбекші-мигранттар уақытша ақылы еңбек қызметін жүзеге асыратын мемлекет;
      "жұмыс беруші(жалдаушы)" - еңбекші-мигрант еңбек қатынастарында болатын жұмысқа орналастыру Тарабының заңды немесе жеке тұлғасы;
      "жеке жұмыспен қамту агенттігі" - мемлекеттер азаматтарын жұмысқа орналастыруға жәрдемдесетін, Тараптар мемлекетінің заңнамасында белгіленген тәртіппен тіркелген заңды немесе жеке тұлға.

  2-бап

      Осы Келісімнің қолданылуы еңбекші-мигранттарға таралады.
      Осы Келісім мыналарға:
      босқындарға және мәжбүрлі қоныс аударушыларға;
      жеке кәсіпкерлік қызметпен айналысатын адамдарға, артистерге және спортшыларға қолданылмайды.

  3-бап

      Адам құқықтары саласындағы халықаралық нормаларға сәйкес Тараптар еңбекші-мигранттарды құрметтеуге және олардың құқықтарының қорғалуын қамтамасыз етуге, жыныс, жас, нәсіл, тіл, этникалық және әлеуметтік ата-тегінің, азаматтық, отбасылық және мүліктік жағдайының белгісі бойынша, сондай-ақ кез келген басқа да белгі бойынша кемсітудің кез келген нысандарына Тараптар мемлекетінің заңдарына сәйкес жол бермеуге міндеттенеді.

  4-бап

      Осы Келісімді орындау кезінде:
      Қазақстан Республикасынан - Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі;
      Қырғыз Республикасынан - Қырғыз Республикасының Мемлекеттік көші-қон және жұмыспен қамту комитеті Тараптарды білдіретін уәкілетті органдар болып табылады.
      Уәкілетті органдар осы Келісімге байланысты мәселелерді шешу үшін Тараптардың басқа құзыретті органдарын тартуға құқылы.
      Қырғыз Республикасының Үкіметі осы Келісім нормаларының орындалуын қамтамасыз ету мақсатында қажет болған жағдайда Қазақстан Республикасындағы Қырғыз Республикасы Елшілігінің жанынан уәкілетті органның өкілдігін құра алады.

  5-бап

      Еңбекші-мигранттардың жұмысқа орналастыру Тарабының аумағына кіруі, олардың еңбек қызметі, тұруы және кетуі жұмысқа орналастыру Тарабының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
      Еңбекші-мигрант жұмысқа орналастыру Тарабының заңнамасын бұзған жағдайда Тараптар еңбек қатынастарын мерзімінен бұрын тоқтатуды және оның кету Тарабына қайтуын талап етуге құқылы.

  6-бап

      Еңбекші-мигранттың еңбек қызметі жұмысқа орналастыру Тарабының заңнамасына сәйкес жұмыс берушімен бір немесе одан да көп тілде жасалған жеке еңбек шартының (келісім-шарты) негізінде жүзеге асырылады.
      Жеке еңбек шарты (келісім-шарты) жұмысы беруші мен еңбекші-мигранттың міндеттері туралы деректерді, жұмыс беруші мен еңбекші-мигрант, соңғысы жұмысқа орналасып жатқан кәсібі/мамандығы туралы негізгі деректерді, жұмыстардың сипаты, біліктілігін арттыру, еңбек жағдайлары мен жалақы, негізгі жұмыс уақытының және демалыс уақытының ұзақтығы, тұру жағдайлары туралы, көлік шығыстарын өтеудің тәртібі туралы, медициналық қызмет көрсету және өндірістегі жазатайым оқиғалардан сақтандыру, еңбек дауларын шешу, жеке еңбек шартын (келісім-шартын) қолдану мерзімі және оны тоқтату жағдайлары туралы ақпаратты қамтуға тиіс.
      Жұмысқа орналастыру мемлекетінің аумағында еңбек қызметін жүзеге асыру үшін тартылатын еңбекші-мигранттардың жасы 18-ден төмен болмауға тиіс.
      Еңбекші-мигранттың талабы бойынша еңбек қатынастары тоқтатылған кезде жұмыс беруші оған жұмыс ұзақтығы және ай сайынғы жалақысы туралы мөрмен расталған анықтама береді.

  7-бап

      Еңбекші-мигранттарға еңбек қызметін жүзеге асыру үшін қолайлы және өзара лайықты жағдай жасау мақсатында Тараптар:
      өз мемлекетінің еңбек көші-қоны саласындағы ұлттық заңнамасы және Тараптардың еңбек нарығының жұмыс күшіне қажеттіліктері туралы бір-бірін хабардар етеді;
      жұмыс күшін тартумен және шетелге шығарумен байланысты қызметке лицензиясы (рұқсаты) бар жеке жұмыспен қамту агенттіктерінің тізімдерімен алмасады;
      Тараптардың құзыретті органдарының тиісті лицензиялары (рұқсаттары) жоқ делдалдардың еңбекші-мигранттарды жұмысқа орналастыруын болдырмау мақсатында қажетті шараларды қабылдайды;
      Тараптар өңірлеріне тиісті өкілдіктерді бере отырып, еңбек көші-қоны саласында өңірлік ынтымақтастықты дамытуға жәрдемдеседі.

  8-бап

      Тараптар жеке жұмыспен қамту агенттіктерін жұмыс беруші мәлімдеген біліктілік талаптарын ескере отырып, еңбекші-мигранттарды іріктеуге және кету Тарабынан жұмысқа орналастыру Тарабына жұмысқа орналастыруға тарту арқылы заңды еңбек көші-қонын қамтамасыз ететін тетік жасауға ықпал етеді.
      Жеке жұмыспен қамту агенттіктері жұмыс орындарын құрған және жұмыспен қамту бағдарламаларын іске асырған кезде мемлекеттік органдармен, жұмыс берушілермен жұмысқа орналастыру мәселелері жөнінде бірлесіп әрекет етеді.
      Жеке жұмыспен қамту агенттіктерінің қызметін бақылауды Тараптардың уәкілетті органдары жүзеге асырады.

  9-бап

      Еңбекші-мигранттар жұмысқа орналастыру Тарабының заңнамасына сәйкес әлеуметтік сақтандыруды пайдаланады.
      Егер еңбек шартында (келісім-шартында) көзделген болса, еңбекші-мигранттарға медициналық қызмет көрсету жұмыс берушінің қаражаты есебінен жүзеге асырылады.

  10-бап

      Тараптар дипломдарды, білім туралы куәліктерді, атақ, разряд, біліктілік беру туралы тиісті құжаттар мен еңбек қызметін жүзеге асыру үшін қажетті басқа да құжаттарды және олардың кету Тарабының аумағында белгіленген тәртіппен куәландырылған жұмысқа орналастыру Тарабының мемлекеттік тіліне немесе орыс тіліне аудармасын заңдастырусыз мойындайды.

  11-бап

      Осы Келісім негізінде еңбек қызметін жүзеге асыратын еңбекші-мигранттар жұмысқа орналастыру Тарабының ішкі валюталық нарығында шетелдік валюта сатып алуға, сондай-ақ тапқан қаражатын шетелдік валютамен тұрақты тұратын мемлекетіне жұмысқа орналастыру Тарабының заңнамасына сәйкес аударуға және әкетуге құқылы.
      Жұмыскерлердің табысына салық салу жұмысқа орналастыру Тарабының заңнамасында белгіленген тәртіппен және мөлшерде жүзеге асырылады.

  12-бап

      Еңбекші-мигранттың жұмысқа орналастыру Тарабының аумағына қажет жабдықтар мен техникалық қондырғыларды әкелуі және оларды кету Тарабының аумағына әкетуі, сондай-ақ еңбекші-мигранттың жұмысқа орналастыру Тарабының аумағында сатып алған тауарларды әкетуі Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына сәйкес жүзеге асырылуға тиіс.

  13-бап

      Еңбекші-мигрант жұмысқа орналастыру Тарабының азаматтарымен бірдей:
      еңбек қауіпсіздігіне және еңбекті қорғауға;
      шұғыл медициналық жәрдемге;
      еңбек міндеттерін атқару кезінде өмірі мен денсаулығына келтірілген залалды өтеуге құқылы.
      Еңбекші-мигрант мертігу немесе денсаулығына келтірілген қандай да бір залал нәтижесінде еңбек қабілетін жоғалтқан немесе қайтыс болған жағдайда жұмыс беруші зардап шеккен немесе қайтыс болған адамды кету Тарабының аумағына тасымалдауды, осыған байланысты барлық шығындарды өтеуді қамтамасыз етеді, егер еңбек шартында (келісім-шартында) өзгеше көзделмесе, осы Тараптың дипломатиялық немесе консулдық өкілдіктерін қайтыс болу, жазатайым оқиға немесе кәсіптік ауру фактісі жөніндегі материалдарды ұсына отырып хабардар етеді.

  14-бап

      Егер бұл жеке еңбек шартында (келісім-шартында) көзделген болса, еңбекші-мигранттың тұрақты тұратын жерінен жұмыс берушіге және кері жол жүруі жөніндегі шығыстар, сондай-ақ жолда жүрген уақытта ауыруына немесе қажетті стационарлық емделуіне байланысты шығыстар жұмыс берушінің қаражаты есебінен төленуі мүмкін.
      Егер жеке еңбек шартында (келісім-шартында) өзгеше көзделмесе, жеке еңбек шарты (келісім-шарты) еңбекші-мигранттың бастамасы бойынша бұзылған жағдайда жоғарыда айтылған барлық шығыстарды соңғысы өтейді.

  15-бап

      Мемлекеттердің бірінің аумағында тұратын еңбекші-мигранттар осы Келісімнен туындайтын кез келген мәселелер бойынша басқа мемлекеттің құзыретті органдарына тікелей немесе тұратын жеріндегі тиісті билік органдары арқылы өтініш бере алады.
      Тараптардың бірінің құзыретті органдарының сұрауы бойынша басқа Тараптың құзыретті органдары өз мемлекетінің ұлттық заңнамасына сәйкес осы Келісімді орындауға байланысты мәселелер бойынша мұрағаттық материалдарды қоса алғанда, қажетті құжаттарды ұсынады.

  16-бап

      Тараптардың өзара келісімі бойынша осы Келісімге оның ажырамас бөлігі болып табылатын жеке хаттамалармен ресімделетін және осы Келісімнің 17-бабының ережелерінде көзделген тәртіппен күшіне енетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.
      Осы Келісімді қолдануға және түсіндіруге байланысты туындауы мүмкін барлық даулар мен келіспеушіліктер Уәкілетті органдар арасындағы консультациялар мен келіссөздер жолымен шешіледі.

  17-бап

      Осы Келісім дипломатиялық арналар бойынша оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама алынған күннен бастап күшіне енеді.
      Осы Келісім бес жыл мерзімге жасалады және егер Тараптардың біреуі екінші Тарапқа тиісті мерзім аяқталғанға дейін кемінде алты ай бұрын оның қолданылу мерзімін өзінің тоқтату ниеті туралы хабарлама жібермесе, келесі бес жылдық кезеңдерге автоматты түрде ұзартылады.
      Мұндай жағдайда осы Келісім бір Тарап екінші Тараптың тиісті жазбаша хабарламасын алғаннан кейін алты ай өткен соң өзінің қолданылуын тоқтатады.
      Осы Келісімнің қолданылуы тоқтатылған жағдайда оның ережелері жұмыскерлер жұмыс берушімен (жалдаушымен) жасасқан еңбек шартына (келісім-шартына) қатысты олар жасалған мерзім аяқталғанға дейін күшінде қалады.
      2006 жылғы»4 шілдеде Астана қаласында әрқайсысы қазақ, қырғыз және орыс тілдерінде екі түпнұсқа данада жасалды, әрі барлық мәтіндерінің күші бірдей.
      Осы Келісімнің ережелерін түсіндіруде келіспеушіліктер туындаған жағдайда, Тараптар орыс тіліндегі мәтінге жүгінетін болады.

     Қазақстан Республикасының       Қырғыз Республикасының
          Үкіметі үшін                  Үкіметі үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады