Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы білім туралы құжаттарды және ғылыми дәрежелерді өзара тану туралы келісімді бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 6 қарашадағы N 1040 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі  ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. 2006 жылғы 20 желтоқсанда Пекин қаласында жасалған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы білім туралы құжаттарды және ғылыми дәрежелерді өзара тану туралы келісім бекітілсін.
      2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

       Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

  Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық
Республикасының Үкіметі арасындағы білім туралы құжаттарды
және ғылыми дәрежелерді өзара тану туралы
КЕЛІСІМ

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі;
      білім беру саласындағы екі жақты ынтымақтастықты одан әрі дамытуға және кеңейтуге ықпал етуге тілек білдіре отырып,
      білім туралы құжаттарды және ғылыми дәрежелерді өзара тануды жүзеге асыру мақсатында,
      төмендегілер туралы келісті:

  1-бап

      Осы Келісім мемлекеттердің ұлттық заңнамаларына сәйкес Тараптар білім беру ұйымдары мен уәкілетті органдар берген білім туралы құжаттарды және ғылыми дәрежелерді тану тәртібін айқындайды.

  2-бап

      Білімді келесі деңгейде жалғастыру кезінде қазақстан тарабы Қытай Халық Республикасында берілетін жалпы орта білімі туралы дипломды таниды, ал қытай тарабы Қазақстан Республикасында берілетін жалпы орта білімі туралы аттестатты таниды.

  3-бап

      Білімді келесі деңгейде жалғастыру кезінде қазақстан тарабы Қытай Халық Республикасында берілетін техникалық және кәсіптік білімі туралы дипломды таниды, ал қытай тарабы Қазақстан Республикасында берілетін кәсіптік бастауыш және кәсіптік орта білімі туралы дипломды таниды.

  4-бап

      Білімді жалғастырған және тағылымдамадан өткен кезде, оларда көрсетілген мамандықтар мен біліктілікке сәйкес, егер де олардағы оқу кезеңдері салыстырмалы және мамандықтар ұқсас болған жағдайда қазақстан тарабы Қытай Халық Республикасында берілген жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі туралы дипломды таниды, ал қытай тарабы Қазақстан Республикасында берілген кәсіптік жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі туралы дипломды таниды.

  5-бап

      Тараптар тараптар мемлекеттерінің білім беру ұйымдары немесе уәкілетті органдары берген ғылыми дәрежелер жөніндегі дипломдарды таниды.

  6-бап

      Егер Тараптар мемлекеттерінің білім беру ұйымдары немесе уәкілетті органдары берген білім туралы құжаттары және ғылыми дәрежелері апостильдеуден өткізілген болса немесе алдын ала жария етілсе білім туралы құжаттар және ғылыми дәрежелер Тараптар мемлекеттерінің аумағында танылады.

  7-бап

      Осы Келісімде көзделген білім туралы құжаттарды және ғылыми дәрежелерді тану көрсетілген құжаттардың иегерлеріне Тараптар мемлекеттері аумағында жоғары деңгейде білімін жалғастырған жағдайда тең құқықтарды ұсынуды көздейді, алайда олардың иегерлерін Тараптар мемлекеттері аумағындағы білім беру ұйымдарына түсу, ғылыми дәрежені іздену кезінде қойылатын екі мемлекеттің заңнамаларымен белгіленген ортақ талаптарды орындаудан босатпайды.

  8-бап

      Осы Келісімді іске асыру үшін Тараптар бір-біріне білім және ғылыми дәрежелер туралы мемлекеттік үлгідегі құжаттардың, сондай-ақ өз мемлекеттерінің оларды ресімдеу және беру ережелері мен рәсімдерін белгілейтін нормативтік құқықтық актілерді береді.

  9-бап

      Тараптар осы Келісімді жүзеге асыру мәселелері жөнінде консультация береді, өз мемлекеттерінің білім беру жүйесіндегі, білім және ғылыми дәрежелерді беру атаулары мен өлшемдерінің өзгерістері туралы бір-бірін хабардар етеді, сондай-ақ қажетті жағдайларда бір-біріне тиісті ресми түсініктемелер жолдайды.

  10-бап

      Тараптар осы Келісімге өзара келісім бойынша Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылатын жеке хаттамамен ресімделетін өзгерістер мен толықтыруларды енгізуі мүмкін.

  11-бап

      Осы Келісім олар қатысушылары болып табылатын басқа халықаралық шарттардан туындайтын Тараптардың құқықтары мен міндеттерін қозғамайды.

  12-бап

      Осы Келісім бес жыл мерзімге жасалады және егер Тараптардың бірі басқа Тарапты Келісімнің кезекті қолданылу мерзімі аяқталар кезден алты ай бұрын осы Келісімді қолданылуын тоқтату туралы өз ниетін жазбаша нысанда хабардар етпесе, автоматты түрде келесі бес жылдық кезеңге ұзартылады.

  13-бап

      Осы Келісім әрбір Тараптың оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарламаны алған күнінен бастап заңды күшіне енеді.
      2006 жылғы»20 желтоқсанда Пекин қаласында екі түпнұсқа данада әр қайсысы қазақ, қытай және орыс тілдерінде жасалынды, сонымен бірге барлық мәтіндердің бірдей заңды күші бар.
      Осы Келісімді түсіндіру кезінде келіспеушіліктер туындаған жағдайда Тараптар орыс тіліндегі мәтінді басшылыққа алатын болады.

          Қазақстан                                    Қытай
    Республикасының                         Халық Республикасының
      Үкіметі үшін                               Үкіметі үшін

       РҚАО-ның ескертуі. Бұдан әрі Хаттаманың қытай тіліндегі мәтіні берілген.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады