Мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейтудің, оның бәсекеге қабілеттілігін арттырудың 2007-2010 жылдарға арналған тұжырымдамасы туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 21 қарашадағы N 1122 Қаулысы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 1 шілдедегі № 747 Қаулысымен

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 2011.07.01 № 747 Қаулысымен

      "Тілдерді қолдану мен дамытудың 2001-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру жөніндегі 2007-2008 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 14 ақпандағы N 108 қаулысын іске асыру мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейтудің, оның бәсекеге қабілеттілігін арттырудың 2007-2010 жылдарға арналған тұжырымдамасы (бұдан әрі - Тұжырымдама) мақұлдансын.

      2. Орталық және жергілікті атқарушы органдарға мемлекеттік, салалық (секторалдық) және өңірлік бағдарламаларды әзірлеу кезінде осы Тұжырымдаманы басшылыққа алу ұсынылсын.

      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің      
2007 жылғы 20 қарашадағы
N 1122 қаулысымен   
мақұлданған      

  Мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейтудің, оның бәсекеге қабілеттілігін арттырудың 2007-2010 жылдарға арналған тұжырымдамасы Астана, 2007 жыл

  Кіріспе

      Бәсекеге қабілетті кеңістікті, мемлекеттік тілдің дамуы үшін шарттарды қалыптастыру біздің еліміздің құқықтық, демократиялық және әлеуметтік мемлекет ретінде нығаюының және одан әрі дамуының стратегиялық міндеттерінің бірі болып табылады.
      Мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейтудің, оның бәсекеге қабілеттілігін арттырудың 2007-2010 жылдарға арналған тұжырымдамасы (бұдан әрі - Тұжырымдама) Қазақстан Республикасының Конституциясына, "Қазақстан Республикасындағы тіл туралы" Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 11 шілдедегі Заңына, Қазақстан Республикасы Президентінің 2001 жылғы 7 ақпандағы N 550 Жарлығымен бекітілген Тілдерді қолдану мен дамытудың 2001-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына сәйкес әзірленді.
      Осы Тұжырымдаманың құрылымына:
      Қазақстан Республикасындағы тілдік ахуалдың қазіргі жай-күйін талдау;
      Тұжырымдаманың мақсаты мен міндеттері;
      Тұжырымдаманы іске асырудың негізгі бағыттары мен тетіктері;
      күтілетін нәтижелер кіреді.

  Қазақстан Республикасындағы тілдік ахуалдың қазіргі жай-күйін талдау

      Қазіргі уақытта Қазақстан жағдайында тілдерді қолдану ара қатынасына ұдайы ғылыми негізделген мониторинг, олардың қоғамдық, жеке тұлғааралық қатынастардағы қажеттілігінің нақты бағасын жүргізу қажет. Ең алдымен тілдің атқаратын қызметін оның таралу деңгейі, жеткізгіштер саны және басқа да факторлар арқылы анықтайтын таптаурынды еңсерген жөн.
      Орын алған жағдайға талдау жасаудың жекелеген әрекеттері мемлекеттік органдар мен мекемелердегі құжат айналымының мемлекеттік тілді тірек ете отырып сөз жүзінде, сандық көрсеткіштерге, электрондық бұқаралық ақпарат құралдарындағы хабарлар көлеміне, мерзімді баспасөз басылымдарын екі тілде шығару әдетте, мемлекеттік тілдегі материалдардың көлемі шағын және сапасы төмен болуына негізделеді.
      Осындай жағдай білім беру жүйесінде, ғылымда, баспа қызметінде және тыныс-тіршіліктің басқа да салаларында орын алып отыр.
      Қазіргі уақытта заңнамалық және өзге де нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тілде әзірлеу сапасы да ерекше назар аударуды қажет етеді, терминологияны дамыту, аударма сапасы, азаматтардың тегін, атын, әкесінің атын дұрыс жазу ережелері, олардың транскрипциясы, қаржы саласында статистикалық есептілік және басқа құжаттарды жүргізу мәселелеріндегі келіспеушіліктер еңсерілмеген.
      Іс қағаздарына жүргізілген талдау орталық мемлекеттік органдарда мемлекеттік тілде құжат дайындау небары 20-30 %-ды, ал жалпы құжат айналымы көлемінің 45-50%-ды құрайтындығын көрсетеді. Жергілікті атқарушы органдардың іс қағаздарында орын алған көрсеткіштер өңірлердегі нақты тілдік ахуалды көрсетпейді. Тіпті қазақ халқы көп тұратын өңірлерде де бұл көрсеткіш позитивтік болып табылмайды, себебі бұл ретте негізгі ауыртпалық осы институттардағы аудармашы мамандарға түседі.
      Мұндай жағдайларда мемлекеттік тілді оқыту курстарын ұйымдастыруды жетілдіру жөніндегі жұмысты тұрақты түрде жүргізу қажет, олардың құрылымы тілді меңгеру деңгейін - қарапайым қарым-қатынас жасау деңгейінде меңгеруді ғана емес, сонымен қатар құжаттарды өз бетінше дайындауды болжайтындай мейлінше тұрақты болуы тиіс. Бүгінгі күнге дейін қазақ тілін оқытушы мамандардың, сондай-ақ аудармашы мамандардың жетіспеушілігі сезіледі.
      Бұл мәселеге қатысты оң деп тануға болатын әрекеттерге қарамастан, жалпы ахуал ерекше бақылауды талап етеді. Бұл жағдайда орталық және жергілікті мемлекеттік атқарушы органдарда мемлекеттік тілдегі құжат айналымының көлемін біртіндеп ұлғайту туралы сөз болуға тиіс. Сондықтан орын алып отырған мән-жайларға байланысты іс қағаздарында мемлекеттік тілдің оның даму басымдылығын ескере отырып, қолданылуының оңтайлы үйлесімділігін, қолайлы ара қатынасын қалыптастыру қажет. Тіл саясатын табысты іске асыру бұқаралық ақпарат құралдары қызметін тиімді ұйымдастыруға, тіл мәдениетін БАҚ арқылы белсенді түрде насихаттауға, тілдік ортаны қалыптастыруға, түрлі білім беру бағдарламаларын жасауға, тіл мәдениетіне тәрбиелеуге байланысты.
      Республикада сөз және шығармашылық бостандығын қамтамасыз етуде белгілі нәтижелерге қол жеткізілді. 2300-ден астам газет пен журналдар шығарылады. Алайда олардың тек 458-і ғана мемлекеттік тілде. 215 орталық және жергілікті теле және радиоарналар жұмыс істейді, олардың ішінде тек 5-еуі мемлекеттік тілде хабар береді.
      "Бұқаралық ақпарат құралдары туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 3-бабына сәйкес бұқаралық ақпарат алу және оны тарату кезінде әркімнің ана тілін пайдалану құқығын қамтамасыз етеді. Осы Заңмен мемлекеттік тілдегі бұқаралық ақпарат құралдарының телевизиялық және радио бағдарламаларының апталық көлемі уақыты бойынша басқа тілдердегі хабарлардың жиынтық көлемінен кем болмауы тиіс. Мемлекеттік тілдегі хабарларды таратудың тәуліктік кестесіне орналастыру хабарлар эфирге шығатын бүкіл кезең ішінде біркелкі жүзеге асырылуға тиіс.
      Дегенмен, тіл саясатын, тілді дамыту саласындағы заңнаманы іске асыруға байланысты проблеманы, әсіресе, электрондық бұқаралық ақпарат құралдарында, тек тілдердің үйлесімділігінің сандық сәйкессіздігіне ғана емес, басқа да аспектілерде қарастыру қажет.
      Көптеген электрондық БАҚ заңнама нормаларын орындауға сөз жүзінде және атүсті қарағаны белгілі. Мемлекеттік тілдегі телебағдарламалардың түнгі уақытқа орналастырылған хабарлар торын жоспарлау бірнеше рет сынға ұшырап, нәтижесінде бұл проблеманы саясиландыру әрекеті жасалды.
      Тіл және сөйлеу мәдениетін қалыптастыруға, сайып келгенде, жетістікпен меңгеруге   ықпал ете алмайтын көптеген хабар сапасының төмендігі, бағдарламалардың өзекті еместігі, тартымды болмауы басқа проблема болып табылады. Бұл жағдайда теле және радиобағдарламаларда шығармашылық дайындықтар жақсы үлгі болуға тиіс. Бұқаралық ақпарат құралдарында тілдік сауатсыздықты жою, терминдерді тиімді және орнымен қолдану, хабарлардың бірсарындылығы мен ғибраттылық сипатын еңсеру, мемлекеттік тілдегі ерекше бағдарламалардың көлемін ұлғайту, отбасылық тәрбиеге көңіл бөлу және т.б. қажет.
      Тілдерді дамытуға және тілдік мәдениетті қалыптастыруға негіз болатын тіл саясатын іске асырудағы маңызды салалардың бірі оқу орындары, жалпы алғанда   елдегі білім жүйесі болып табылады. Демократиялық, саяси, экономикалық реформаларды жүзеге асыру, әлеуметтік-экономикалық жағдайдың жақсаруы оқу орындарында оқыту және тәрбие беру сапасын жақсарту, тілдерді қолданудың оңтайлы үйлесімділігін қамтамасыз ету үшін жаңа мүмкіндіктер береді. Егер 90-жылдардағы экономикалық дағдарыстар кезінде мектепке дейінгі балалар мекемелері, интернаттар, кәсіптік техникалық училищелер саны қысқарып, көптеген бастауыш, шағын мектептерді оңтайландыру жүргізілсе, қазіргі кезеңде қазақ тілінде оқытатын орта және жоғары білімді тұрақты дамытуға, мектепке дейінгі балалар мекемелерін толығымен қайта жаңғыртуға толық мүмкіндік туып отыр.
      Осыған байланысты білім беру жүйесін дамыту мемлекеттік тіл саясатын, ел өңірлеріндегі демографиялық жағдайларды ескере отырып жүзеге асырылуға тиіс Қазіргі уақытта Қазақстанда 7800-ден астам жалпы білім беретін мектептер мен лицейлер жұмыс істейді, олардың ішінде 3500-ге жуығы қазақ тілінде оқытады, 500-ден астам колледж, 140-қа жуық жоғары оқу орындары бар. Колледждер мен жоғары оқу орындарында мамандарды мемлекеттік тілде дайындауды ұйымдастыру неғұрлым белсенді және тұрақты бола бастады.
      Білім беру сапасын бағалау өлшемі тек оқытылатын тілге ғана емес, барлық білім салаларында болашақ мамандарды даярлаудың басқа да параметрлеріне тәуелді болуы тиіс. Сондықтан мемлекеттік және орыс тілдерінде мамандарды даярлауда орын алған сәйкессіздіктерді еңсеру үшін, ең алдымен, білім беру сапасын, оқу процесін ғылыми-әдістемелік қамтамасыз етуді жақсарту қажет, бұған олардың бәсекеге қабілеттілігі тәуелді. Білім беру жүйесінің алдында тілдік дайындау маңызды элементтерінің бірі болып табылатын жоғары сапаға, халықаралық стандарттарға негізделген білім беру процесінің үздіксіздігі қағидатын жүзеге асыруға қол жеткізу міндеті тұр. Мектепке дейінгі тәрбие кезеңі, жалпы білім беретін мектепте білім алу уақыты тілді меңгеру үшін аса тиімді болып саналады.
      Әлемдік қоғамдастықтағы жаһандану процесі жаңа технология параметрлеріне сәйкес болашақ мамандарды даярлауды, тілдік көрсеткіштер бойынша ақпараттық шектеулерді еңсеруді жүзеге асыруды талап етеді.
      Сонымен бірге қоғамда білім беру сапасының деңгейіне, әсіресе мемлекеттік тілде тікелей оқытуға негізделген жоғары талап қойылуда екендігін мойындауымыз қажет.
      Талдаудағы статистикалық мәліметтер істің нақты жағдайын бере алмайтындығын көрсетеді. Мәселен, 2006-2007 оқу жылының мәліметтері бойынша республикадағы қазақ мектептері олардың жалпы санының 48%-ын құрады, мектеп жасындағы ұлты қазақ балалардың 80%-дан астамы қазақ мектептерінде оқиды.
      Алайда, қазақ мектептерінің дамуындағы кейбір жағымды үрдістерді айта отырып, олардың 80%-ы ауылдық жерлерде орналасқандығын, 50%-дан астамы шағын жинақты екендігін атап өткен жөн. Бұл жағдай осы шағын жинақты мектептердің оқушыларының, педагогтарының кітапханаларға, мәдениет мекемелеріне баруын, ақпараттық технологиялар, қашықтан білім алу, Интернет және басқа мүмкіндіктерін пайдалануын қамтамасыз етуге елеулі кедергі келтіреді. Ауылдық жерлердің көптеген мектептерінде шет тілін оқыту мамандары жоқ, ал қала мектептерінде олардың болмауы мамандардың материалдық қызығушылығының жетіспеушіліктерімен түсіндіріледі.
      Қажетті оқу сапасының, оның ішінде, тілдің және тіл мәдениетінің қалыптасуын қамтамасыз етуге жалпы білім беретін мектептерде, колледждерде және жоғары оқу орындарында оқулықтардың, оқу құралдары мен әдістемелік әдебиеттердің жетіспеушілігі кедергі тудырады. Соңғы жылдары мемлекеттік тапсырыс негізінде мамандар мемлекеттік тілдегі бірегей оқулықтар, оқу құралдарын, басқа да көпшілік әдебиеттер әзірлеуді жүзеге асыруда. Алайда жалпы білім беретін мектептерге арналған оқулықтардың, оның ішінде электрондық, балама оқулықтардың, оқу құралдарының, компьютерлік бағдарламалардың көп таралыммен шығарылуына қарамастан, жергілікті атқарушы органдар білім ұйымдарын жеткілікті дәрежеде олармен қамтамасыз етпей отыр.
      Осылайша тілдік ахуалды талдау елімізде мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту, оның мәртебесін нығайту жөнінде жүйелі жұмысты жалғастыру, тілдік ортаны қалыптастыру, тіл мәдениетіне тәрбиелеу, тілдерді дамытуды одан әрі жалғастыруға жағдайлар жасау жөнінде шаралар қабылдау қажет екендігін көрсетеді.

  Тұжырымдаманың мақсаты мен міндеттері

      Тұжырымдаманың мақсаты - Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі ретінде   қазақ тілінің бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін нормативтік-құқықтық   база және қажетті жағдай жасау.
      Мақсатқа жету мынадай міндеттерді шешу жолымен жүзеге асырылады:
      мемлекеттік тіл саясатының мәселелері бойынша заңнаманы жетілдіру;
      ұлтаралық келісім мен қазақстандық патриотизмді нығайтудың факторы ретінде мемлекеттік тілдің рөлін арттыру;
      мемлекеттік тілді оқыту сапасын жақсарту;
      мемлекеттік тілдің ақпараттық кеңістігін кеңейту және тіл саясаты саласындағы   стратегиялық жоспарлаудың тиімділігін арттыру.

  Тұжырымдаманы іске асырудың негізгі бағыттары мен тетіктері

      Ескерту. Тарауға өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2009.12.30 № 2305 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-т. қараңыз) Қаулысымен.

      Мемлекеттік тіл саясатының мәселелері бойынша заңнаманы жетілдіру мынадай жолдармен жүзеге асырылатын болады:
      заңнаманы қолданылу аясын кеңейту бөлігінде жетілдіру;
      "Қазтест" қазақ тілін білу деңгейін бағалау жүйесін енгізудің функционалдық аспектілерін реттеу;
      мемлекеттік тілдің мәртебесін қазіргі жағдайларды ескере отырып нығайту, оның бәсекеге қабілеттілігін арттыру;
      меншік нысанына қарамастан мемлекеттік органдар мен барлық ұйымдардың алқа мәжілістерін, халықаралық келіссөздер мен келісімдерді, ресми   іс-шараларды мемлекеттік тілде өткізу практикасын енгізу.
      Ұлтаралық келісім мен қазақстандық патриотизмнің факторы ретінде мемлекеттік   тілдің рөлін арттыру мақсатында мынадай мәселелерді пысықтау орынды:
      қажетті ұйымдастырушылық, материалдық және техникалық жағдайлар жасау;
      Қазақстан Республикасының Конституциясына, "Қазақстан Республикасындағы тіл туралы" Қазақстан Республикасының Заңына және басқа заңнамаға сәйкес ұйымдастырушылық ақпараттық-идеологиялық сипаттағы жүйелі шараларды жүзеге асыру;
      бұқаралық ақпарат құралдары арқылы, әсіресе, жаңа буын арасында түсіндіру-насихаттау жұмысын жандандыру;
      мемлекеттік тілді насихаттау жөніндегі жұмысқа қатысуда ғылым, мәдениет және өнер қайраткерлерін, ұлттық-мәдени орталықтардың өкілдерін материалдық-моральдық ынталандыру;
      кезеңділік, кезектілік, мақсат бірлігі, шамадан тыс саясиландырудан бас тарту қағидаттары арқылы шараларды жүзеге асыру;
      мемлекеттік тілдің рөлін арттыру мақсатында қоғамда тілдік мәдениетті нығайту, тілдік ортаны қалыптастыру жөніндегі шараларды жүзеге асыру.
      Мемлекеттік органдардың, меншік нысанына қарамастан барлық ұйым қызметкерлерінің, ел азаматтарының мемлекеттік тілді игеруі үшін қажетті жағдайлар жасау мыналар арқылы іске асырылатын болады:
      қоғамның жалпы мәдениетінің бір бөлшегі ретінде үздіксіздік қағидаты негізінде мемлекеттік тілді оқытудың жүйесін ұйымдастыру;
      мектепке дейінгі жастағы балаларға әлеуметтік коммуникация дағдыларын дарыту мақсатында қазақ тілінде жүзеге асырылатын мектепке дейінгі ұйымдардың желісін кеңейту;
      жалпы білім беретін мектептерде тіл мәдениетіне тәрбиелеу және жаңа ерекше оқулықтарды, оқу құралдарын, оның ішінде электрондық сөздіктерді пайдалану;
      оқу орындары түлектерінің әлеуметтік және лингвистикалық кеңістікке табысты кірігуін қамтамасыз ету мақсатында жоғары оқу орындарында мемлекеттік тілді оқытудың сапасын жақсарту;
      орыс тілінде оқытатын және басқа ұлттық мектептерде қазақ тілін оқыту бағдарламаларын жетілдіру;
      жұмысы түпкілікті нәтижеге бағытталуға және сандық ғана емес, сапалық параметрлермен бағалануға тиіс мемлекеттік тілді дамыту мәселелерімен айналысатын орталықтар жұмысының тиімділігін арттыру.
      Мемлекеттік тілдің ақпараттық кеңістігін кеңейту және тіл саясаты саласындағы стратегиялық жоспарлаудың тиімділігін арттыру мынадай жолдармен жүзеге асырылатын болады:
      қазіргі заманғы ақпараттық технологияларды, компьютерлік бағдарламаларды, Интернет пен қашықтықтан оқытуды пайдалану;
      тіл мәдениетін тәрбиелеуге ықпал ететін мемлекеттік тілді дамыту жөніндегі теле және радиобағдарламалар беделін арттыру;
      балалар мен жастар арасындағы балалардың қазақ тілін білуге қызығушылығын ынталандыру, тәрбие жұмысының тиімділігін арттыру;
      мемлекеттік органдардың интернет-ресурстарын мемлекеттік тілдегі сапалы ақпаратпен толықтыру және электрондық дерекқор жасау;
      Интернет желісіндегі қазақ сегментінің жан-жақты дамуына және кеңеюіне ықпал ететін ақпараттандыру саласында бағдарламалар әзірлеу;
      білім, ғылым, мәдениет, технологиялық алмасу, статистика және тағы басқа салалар бойынша бірыңғай дерекқор жасау;
      теле және радио бағдарламаларда, басылымдарда, оқулықтарда, кітаптарда, жарнамаларда, хабарландыруларда, географиялық атаулардың жазылуында және басқаларында әдеби тіл нормаларының сақталуына ықпал ететін шаралар жүйесін қалыптастыру.

  Күтілетін нәтижелер

      Тұжырымдаманың қағидаларын іске асыру елде мемлекеттік тілдің сапалы дамуына, оның бәсекеге қабілеттілігін нығайтуға жағдай жасауға мүмкіндік береді.
      Жоғарыда көрсетілген шараларды шешу елдегі тілдік ахуалды сапалы түрде жақсарту үшін оңтайлы жағдай жасауға, тілдік ортаны қалыптастыруға, мемлекеттік тіл саясатын іске асыру тетіктерін жетілдіруге, еліміздің мемлекеттік тілі ретінде қазақ тілінің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал етеді.
      Жалпы алғанда Тұжырымдаманы іске асыру:
      мемлекеттік тілдің оқыту сапасын жақсартуға;
      мемлекеттік тілдің қоғамдық өмірдің барлық салаларында қолданылуын қамтамасыз етуге;
      ұлтаралық келісім мен қазақстандық патриотизмді нығайтудың факторы ретінде мемлекеттік тілдің рөлін арттыруға;
      мемлекеттік тілдің тиімді ақпараттық кеңістігін қалыптастыруға ықпал етеді.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады