"Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы шеңберінде әскери-экономикалық ынтымақтастық барысында алынған және пайдаланылатын зияткерлік қызмет нәтижелеріне құқықтарды өзара қорғау туралы келісімді бекіту туралы" Қазақстан Республикасының Президенті Жарлығының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 6 мамырдағы N 420 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      "Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы шеңберінде әскери-экономикалық ынтымақтастық барысында алынған және пайдаланылатын зияткерлік қызмет нәтижелеріне құқықтарды өзара қорғау туралы келісімді бекіту туралы" Қазақстан Республикасының Президенті Жарлығының жобасы Қазақстан Республикасы Президентінің қарауына енгізілсін.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                    К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы шеңберінде
әскери-экономикалық ынтымақтастық барысында алынған және
пайдаланылатын зияткерлік қызмет нәтижелеріне құқықтарды
өзара қорғау туралы келісімді бекіту туралы

      "Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары туралы" Қазақстан Республикасының 2005 жылғы 30 мамырдағы Заңы 15-бабының 1) тармақшасына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
      1. 2007 жылғы 6 қазанда Душанбе қаласында жасалған Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы шеңберінде әскери-экономикалық ынтымақтастық барысында алынған және пайдаланылатын зияткерлік қызмет нәтижелеріне құқықтарды өзара қорғау туралы келісім бекітілсін.

      2. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті                                         Н.Назарбаев

Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы шеңберінде әскери-
экономикалық ынтымақтастық барысында алынған және
пайдаланылатын зияткерлік қызметтің нәтижелеріне құқықты
өзара қорғау туралы
КЕЛІСІМ

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше мемлекеттер,
      Ұжымдық қауіпсіздік шарты туралы ұйымның (бұдан әрі - ҰҚШҰ) мақсаттары мен қағидаттарын басшылыққа ала отырып,
      ҰҚШҰ шеңберінде әскери-экономикалық ынтымақтастық саласында алынған және пайдаланылатын зияткерлік қызмет нәтижелеріне құқықтарды қорғаудың маңыздылығын сезіне отырып,
      тең және өзара тиімділік қағидаттарын негізге ала отырып,
      Тараптардың күшін үйлестіру және әскери-экономикалық ынтымақтастық барысында зияткерлік қызметтің нәтижелерін пайдалану кезінде құқық бұзушылықтарға жол бермеу және олардың жолын кесу үшін тиімді шаралар қабылдау қажеттілігін назарға ала отырып,
      мына төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      Осы Келісім үшін мынадай мәндері бар негізгі терминдер пайдаланылады:
      "әскери-экономикалық ынтымақтастық" - әскери мақсаттағы өнімдерді әзірлеу, ендіру, жөндеу, пайдаланылуын қамтамасыз ету және кәдеге жарату, сондай-ак әскери өндірісті әртараптандыру мен конверсиялау кезінде ұлттық қорғаныс-өнеркәсіптік кешенінің өзара іс-қимылымен байланысты мемлекетаралық қатынастар саласы;
      "зияткерлік меншік" - 1967 жылы 14 шілдеде Стокгольм қаласында қол қойылған, 1979 жылғы өзгерістермен Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымын құрушы Конвенцияның 2-бабында көрсетілген мағынада ұғынылады;
      "ақпарат" - әскери-экономикалық (әскери-техникалық) ынтымақтастық, оларды орындау барысында Тараптар арасында жасалған шарттардың (келісім-шарттардың) және/немесе оларды ұсынудың нысанына қарамастан алынған нәтижелердің мәніне қатысты заттар, фактілер, оқиғалар, құбылыстар мен процестер туралы мәлімет;
      "құпия ақпарат" - өзінің үшінші тұлғаларға белгісіз болуына байланысты нағыз немесе ықтимал коммерциялық құндылығы бар, оған заңды негізде еркін қол жетпейтін және иеленушісі оның құпиялылығын қамтамасыз ету үшін шаралар қабылдайтын ақпарат;
      "әскери мақсаттағы өнім" - қару-жарақ, әскери техника, құжаттама, жұмыстар, қызметтер, зияткерлік қызметтің нәтижелері, оның ішінде оларға айрықша құқық (зияткерлік меншік) және әскери-экономикалық және әскери-техникалық ынтымақтастық саласындағы ақпарат, сондай-ақ Тараптардың заңнамасымен әскери мақсаттағы өнімге жатқызылған кез келген басқа өнім;
      "зияткерлік қызметтің нәтижелері" - материалдық тасығыштарда тіркелген, техникалық және ғылыми-техникалық құжаттамадағы, сондай-ақ ғылыми-зерттеу, тәжірибелік-конструкторлық және технологиялық жұмыстар жүргізу барысында алынған тәжірибелік үлгілердегі, бұйымдардың макеттеріндегі ғылыми, конструкторлық, техникалық және технологиялық шешімдер;
      "зияткерлік қызметтің пайдаланылатын нәтижелері" - құқықтары Тараптардың біріне немесе әскери-техникалық ынтымақтастық қатысушыларына тиесілі, көпжақты және/немесе екі жақты әскери-экономикалық ынтымақтастық барысында жасалған шарттарды (келісім-шарттарды) орындау үшін қажетті зияткерлік қызметтің нәтижелері;
      "зияткерлік қызметтің алынған нәтижелері" - көпжақты және/немесе екі жақты әскери-экономикалық ынтымақтастық барысында жасалған зияткерлік қызмет нәтижелері;
      "әскери-экономикалық ынтымақтастықтың қатысушылары" -  Тараптардың заңнамасына сәйкес әскери мақсаттағы өнімге қатысты және/немесе әскери мақсаттағы өнімді әзірлеуші және/немесе өндіруші болып табылатын сыртқы сауда қызметін жүзеге асыру құқығы берілген Тараптардың мемлекеттік органдары, кәсіпорындары, бірлестіктері мен ұйымдары.

2-бап

      Осы Келісімнің мақсаты Тараптар аумағында олардың ұлттық заңнамасына сәйкес көпжақты және/немесе екі жақты әскери-экономикалық ынтымақтастық барысында алынған және пайдаланылатын зияткерлік қызмет нәтижелеріне құқықтарды қорғауды қамтамасыз ету үшін жағдай жасау болып табылады.

3-бап

      Осы Келісімді іске асыру жөніндегі Тараптардың уәкілетті органдары:
      Армения Республикасынан - Армения Республикасының Сауда және экономикалық дамыту министрлігі;
      Беларусь Республикасынан - Беларусь Республикасының Мемлекеттік әскери-өнеркәсіптік комитеті және Беларусь Республикасының Мемлекеттік ғылым және технология комитеті;
      Қазақстан Республикасынан - Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі;
      Ресей Федерациясынан - Ресей Федерациясы Әділет министрлігі;
      Тәжікстан Республикасынан - Тәжікстан Республикасының экономикалық дамыту министрлігі
      Өзбекстан Республикасынан - Өзбекстан Республикасының Мемлекеттік патенттік ведомствосы болып табылады.
      Уәкілетті органдардың атаулары өзгерген немесе функцияларын беру жағдайында Тараптар ҰҚШҰ-ның хатшылығын дипломатиялық арналар бойынша жедел хабарлайды.
      Тараптар және Тараптардың уәкілетті органдары Тараптар заңнамасында айқындалатын тәртіппен осы Келісімнің ережелерін орындау жөніндегі әскери-экономикалық ынтымақтастық қатысушыларының қызметіне бақылауды жүзеге асырады.

4-бап

      Көпжақты және/немесе екі жақты әскери-экономикалық ынтымақтастық барысында зияткерлік қызмет нәтижелеріне құқықтарды қорғауды қамтамасыз ету жөніндегі ынтымақтастық:
      пайдаланылатын және алынған зияткерлік қызмет нәтижелеріне құқықтарды қорғауға байланысты мәселелерді келісу;
      зияткерлік меншік саласындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу және жолын кесу жөніндегі іс-шараларды жүргізу;
      бір Тараптың екінші Тараптың сұратуы бойынша зияткерлік қызмет нәтижелерін пайдалану тәртібін реттейтін нормативтік құқықтық кесімдерді табыс ету;
      зияткерлік қызмет нәтижелеріне құқықтарды қорғау мәселелері бойынша тәжірибе және ақпарат алмасу;
      зияткерлік меншікті қорғаудың ерекшеліктерін айқындайтын басқа да халықаралық шарттарға Тараптардың қатысуы туралы халықаралық ынтымақтастық тәжірибесімен және ақпаратпен алмасу;
      Тараптармен келісілген ынтымақтастықтың басқа да нысандарын іске асыру арқылы жүзеге асырылады.

5-бап

      Зияткерлік қызметтің нәтижелеріне алынған және пайдаланылатын құқықтар әскери-экономикалық ынтымақтастыққа қатысушылар жасаған шарттарда (келісім-шарттарда) айқындалатын жағдайларда таралады.

6-бап

      Әскери-экономикалық ынтымақтастыққа қатысушылар шарттарды (келісім-шарттарды) жасасу кезінде:
      шарттарды (келісім-шарттарды) орындау кезінде оларды жасау, беру немесе пайдалану негізділігі болжанатын зияткерлік қызмет нәтижелерін;
      зияткерлік қызмет нәтижелеріне құқықтарды ресімдеу тәртібін;
      зияткерлік қызметтің пайдаланылатын нәтижелерін қоса, әрбір қатысушының үлесін;
      зияткерлік қызметтің пайдаланылған және алынған нәтижелерін құқықтық қорғау қамтамасыз ету жөніндегі қатысушылардың міндеттемелерін;
      Тараптар аумағында, сондай-ақ үшінші мемлекеттердің аумағында зияткерлік қызметтің алынған нәтижелерін пайдаланудың шарты мен көлемін;
      құпия ақпаратты пайдалануға әрбір қатысушының құқығы және оны қорғауды қамтамасыз ету жөніндегі міндеттіліктерін;
      зияткерлік қызметтің алынған нәтижелері туралы мәліметті беру, алмасу және/немесе жариялау тәртібі мен жағдайын;
      жасалуы әскери-экономикалық ынтымақтастық барысында жасалатын шарттарды (келісім-шарттарды) орындау кезінде болжанатын зияткерлік қызмет нәтижелеріне құқықтарды берудің жағдайы мен тәртібін;
      зияткерлік қызмет нәтижелеріне құқықтарды заңсыз пайдалану нәтижесінде келтірілген зиянды өтеу тәртібін;
      Тараптардың заңнамасында немесе олардың арасындағы келісім бойынша көзделген өзге де жағдайларды айқындайды.

7-бап

      Егер әскери-экономикалық ынтымақтастық қатысушылары шарттарды (келісім-шарттарды) орындау кезінде құқықтары Тараптардың заңнамасымен қорғалмайтын зияткерлік қызметтің нәтижелерін алуға әкеп соқтырды деп пайымдаса, онда әскери-экономикалық ынтымақтастықтың қатысушылары және/немесе Тараптардың уәкілетті органдары оларды қорғау мәселелері жөнінде консультациялар өткізеді.

8-бап

      Шарттарды (келісім-шарттарды) жасау кезінде әскери-экономикалық ынтымақтастық қатысушылары Тараптардың уәкілетті органдарымен зияткерлік қызмет нәтижелеріне құқықтарды қорғаумен байланысты мәселелерді келіседі.

9-бап

      Шарттардағы (келісім-шарттардағы) әскери-экономикалық ынтымақтастық қатысушылары алынған және пайдаланылатын зияткерлік қызметтік нәтижелерін қолдану оларды құқықтық қорғауды қамтамасыз еткеннен кейін ғана жүзеге асырылатынын көздейді.

10-бап

      Әскери-экономикалық ынтымақтастыққа қатысушылар өз мемлекетінің аумағынан үшінші мемлекетке құқығы басқа Тарапқа немесе осы Тараптан әскери-экономикалық ынтымақтастықтың қатысушыларына тиесілі зияткерлік қызмет нәтижелерін пайдалана отырып, дайындалған әскери мақсаттағы өнімді аталған Тараптардың жазбаша келісімінсіз өндірмейді және экспорттамайды.

11-бап

      Әскери-экономикалық ынтымақтастыққа қатысушылар шарттарды (келісім-шарттарды) іске асыру барысында алынған зияткерлік қызметтің нәтижелерін құқықтық қорғау жөніндегі шараларды қабылдайды және ондай нәтижелер туралы ақпараттың құпиялық режимін қамтамасыз етеді.
      Қорғау құжаттарын беруге өтінімдерді беру кезінде әскери-экономикалық ынтымақтастыққа қатысушылар мынадай ережелерді басшылыққа алады:
      Тараптардың аумағында құрылған зияткерлік қызмет нәтижелеріне қорғау құжаттарын беруге өтінім зияткерлік меншік объектілерін қорғау жөніндегі уәкілетті органға беріледі.
      Әскери-техникалық ынтымақтастық барысында алынған және пайдаланылатын зияткерлік қызметінің нәтижелеріне құқықтарды қорғау мәселелері жекелеген халықаралық шарттармен реттелуі мүмкін.

12-бап

      Тараптардың біреуінің немесе әскери-экономикалық ынтымақтастық қатысушысының алынған және пайдаланылатын зияткерлік қызмет нәтижелерін, сондай-ақ оларға айрықша құқықтарды беру Тараптардың заңнамасына және Тараптар қатысушы болып табылатын халықаралық шарттарға сәйкес жүзеге асырылады.
      Бұл ретте, Тараптардың біреуінің немесе әскери-экономикалық ынтымақтастық қатысушысының алынған және пайдаланылатын зияткерлік қызмет нәтижелерін, сондай-ақ оларға айрықша құқықтарды үшінші тарапқа беруге осындай нәтижелерге құқықтарға ие Тараптардың жазбаша келісімінсіз жол берілмейді.

13-бап

      Әскери-экономикалық ынтымақтастық қатысушыларының бірі құпия деп таныған келісім-шарттарды (келісімдерді) орындау барысында алынған және пайдаланылатын зияткерлік қызметінің нәтижелері туралы ақпаратты басқа қатысушы осындай деп танитын болады.
      Мұндай ақпарат әскери-экономикалық ынтымақтастыққа қатысушылар жасайтын құпиялық режимін қамтамасыз ету жөніндегі практикалық шараларды және өзара міндеттемелерді айқындаумен шарттарда (келісім-шарттарда) ерекше келісіледі.
      Құпия ақпаратты өзара беру және осы Келісіммен көзделген мәліметтерді қорғау тәртібі 2004 жылғы 18 маусымдағы Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы шеңберінде құпия ақпараттың сақталуын өзара қамтамасыз ету туралы келісіммен айқындалады.

14-бап

      Осы Келісімге өзгерістер мен толықтырулар Тараптардың өзара келісімі бойынша енгізіледі және осы Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылатын жеке хаттамалармен ресімделеді және осы Келісімнің 16-бабында көзделген тәртіппен күшіне енеді.

15-бап

      Осы Келісім ережелерін түсіндіруге және қолдануға қатысты даулар мен келіспеушіліктер мүдделі Тараптардың арасындағы консультациялар мен келіссөздер арқылы шешетін болады.

16-бап

      Осы Келісім Тараптардың оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындауын растайтын төрт жазбаша хабарламаны ҰҚШҰ-ның Хатшылығы алған күннен бастап күшіне енді, ол туралы ӨҚЖӨ Хатшылығы барлық Тараптарды хабарландырады.
      Қажетті мемлекетішілік рәсімдерді кейін орындаған Тараптар үшін осы Келісім ӨҚШӨ Хатшылығына тиісті жазбаша хабарламаны тапсыру күнінен бастап күшіне енеді.

17-бап

      Осы Келісім егер, Тараптар өзге туралы уағдаласпаса, 1992 жылғы 15 мамырдағы Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарттың қолданылу мерзімінің ішінде қолданылады.
      Осы Келісімнің қолданылуын тоқтату егер, Тараптар өзге туралы уағдаласпаса, осы Келісімнің 10 және 13-баптарында көзделген міндеттемелерді орындауды қозғамайды.
      200_ жылғы "__"_________ _______________ қаласында орыс тілінде бір түпнұсқа данада жасалды. Осы Келісімнің түпнұсқа данасы осы Келісімге қол қойған Тараптарға оның куәландырылған көшірмесін жіберетін ҰҚШҰ Хатшылығында сақталады.

Армения Республикасы үшін         Ресей Федерациясы үшін
Беларусь Республикасы үшін        Тәжікстан Республикасы үшін
Қазақстан Республикасы үшін       Өзбекстан Республикасы үшін
Қырғыз Республикасы үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады