Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Вьетнам Социалистік Республикасының Үкіметі арасындағы Қазақстан Республикасы азаматтарының Вьетнам Социалистік Республикасындағы және Вьетнам Социалистік Республикасы азаматтарының Қазақстан Республикасындағы уақытша еңбек қызметі туралы келісімге қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 9 қыркүйектегі N 1327 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Вьетнам Социалистік Республикасының Үкіметі арасындағы Қазақстан Республикасы азаматтарының Вьетнам Социалистік Республикасындағы және Вьетнам Социалистік Республикасы азаматтарының Қазақстан Республикасындағы уақытша еңбек қызметі туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.
      2. Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Біржан Бидайбекұлы Нұрымбетовке қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Вьетнам Социалистік Республикасының Үкіметі арасындағы Қазақстан Республикасы азаматтарының Вьетнам Социалистік Республикасындағы және Вьетнам Социалистік Республикасы азаматтарының Қазақстан Республикасындағы уақытша еңбек қызметі туралы келісімге қол қоюға өкілеттік берілсін.
      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                            К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің     
2009 жылғы 9 қыркүйектегі
N 1327 қаулысымен  
мақұлданған     

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Вьетнам Социалистік
Республикасының Үкіметі арасындағы Қазақстан Республикасы
азаматтарының Вьетнам Социалистік Республикасындағы және
Вьетнам Социалистік Республикасы азаматтарының Қазақстан
Республикасындағы уақытша еңбек қызметі туралы
келісім
(2010 жылғы 9 желтоқсанда күшіне енді -
Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары Бюллетені,
2011 ж., № 3, 26-құжат)

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Вьетнам Социалистік Республикасының Үкіметі,
      бір Тарап мемлекеті азаматтарының екінші Тарап мемлекетіндегі уақытша еңбек қызметін қазақстан-вьетнам ынтымақтастығының перспективалы саласы ретінде қарай отырып,
      халықтың еңбек көші-қоны процестерін реттеу және еңбекші-мигранттарды әлеуметтік қорғау саласында Тараптар ынтымақтастығының құқықтық негізін қамтамасыз етуге ұмтыла отырып,
      Тараптар мемлекеттерінің еңбек нарығындағы ахуалды ескере отырып, жұмыс күшін тарту және пайдалану процестерін реттеудегі өзара мүдделілікті негізге ала отырып,
      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      Осы Келісімде пайдаланылатын негізгі ұғымдар мен терминдер:
      шығу Тарапы - аумағында еңбекші-мигранттар тұрақты тұратын және ақы төленетін еңбек қызметімен уақытша айналысу үшін жұмысқа орналастырушы Тарапқа шығатын мемлекет;
      жұмысқа орналастырушы Тарап - аумағында шығу Тарапынан келген еңбекші-мигранттар еңбек шарты (келісім-шарт) жағдайында ақы бөлінетін еңбек қызметін уақытша жүзеге асыратын мемлекет;
      уәкілетті органдар - Тараптар мемлекеттерінің осы Келісімді іске асыру жүктелетін органдары;
      жұмыс беруші - жұмысқа орналастырушы Тарапта еңбек шарты жағдайларында жұмыс беретін заңды немесе жеке тұлға;
      еңбек шарты - жұмыскер мен жұмыс берушінің арасындағы жазбаша келісім, оған сәйкес жұмыскер белгілі бір жұмысты (еңбек функциясын) жеке өзі орындауға, еңбек тәртібі ережелерін сақтауға міндеттенеді, ал жұмыс беруші келісілген еңбек функциясы бойынша жұмыс беруге, жұмысқа орналастырушы Тараптың ұлттық заңнамасында, ұжымдық шартта, жұмыс берушінің актілерінде көзделген еңбек жағдайларын қамтамасыз етуге, жұмыскерге уақтылы және толық мөлшерде жалақы төлеуге міндеттенеді;
      еңбекші-мигрант - шығу Тарапының аумағында тұрақты тұратын, жұмысқа орналастырушы Тарап аумағында ақысы төленетін еңбек қызметімен заңды негізде уақытша айналысатын жеке тұлға;
      еңбекші-мигранттарды тартуға арналған рұқсат - еңбекші-мигранттың жұмысқа орналастырушы Тарап аумағында еңбек қызметін уақытша жүзеге асыру құқығын растайтын жұмысқа орналастырушы Тарап белгілеген нысандағы құжат;
      еңбек жағдайлары - еңбекақы төлеу, еңбекті нормалау, жұмыс уақыты мен демалыс уақыты режимінің шарттары, кәсіптерді (лауазымдарды) коса атқару, қызмет көрсету аймақтарын кеңейту, уақытша болмаған жұмыскердің міндеттерін орындау, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау тәртібі, техникалық, өндірістік-тұрмыстық жағдайлар, сондай-ақ жұмысқа орналастырушы Тарап заңнамасына сәйкес өзге де еңбек жағдайлары.

2-бап

      Осы Келісімнің қолданысы еңбекші-мигранттарға таралады.

3-бап

      1. Еңбекші-мигранттардың жұмысқа орналастырушы Тараптың аумағына келу, шығу, онда болу және еңбек қызметін жүзеге асыру тәртібі жұмысқа орналастырушы Тараптың ұлттық заңнамасымен, сондай-ақ екі Тараптың да мемлекеттері қатысушысы болып табылатын халықаралық шарттармен реттеледі.
      2. Уәкілетті органдар еңбекші-мигранттарды тарту және пайдалану саласындағы ұлттық заңнамада болған өзгерістер туралы бірін-бірі уақтылы хабардар ететін болады.
      3. Еңбекші-мигрант жұмысқа орналастырушы Тараптың ұлттық заңнамасын бұзған жағдайда Тараптар оның шығу Тарапының аумағына мерзімінен бұрын қайтуын талап ете алады.

4-бап

      Мыналар осы Келісімді іске асыру жөніндегі уәкілетті органдар болып табылады:
      Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан - Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі;
      Вьетнам Социалистік Республикасының Үкіметі атынан - Вьетнам Социалистік Республикасының Еңбек жөніндегі, соғыс мүгедектері және әлеуметтік қамтамасыз ету істері жөніндегі министрлік.
      Жоғарыда аталған уәкілетті органдардың атаулары мен функциялары өзгерген кезде Тараптар дипломатиялық арналар арқылы уақтылы хабардар етілетін болады.

5-бап

      1. Еңбекші-мигранттардың жұмысқа орналастырушы Тарап аумағындағы еңбек қызметі жұмысқа орналастырушы Тараптың ұлттық заңнамасында белгіленген тәртіппен және шарттарда берілетін шетелдік жұмыс күшін тартуға арналған рұқсат құжаттарының негізінде жүзеге асырылады.
      2. Тараптар шетелдік жұмыскерлерді тартатын, сондай-ақ тартайын деп отырған жұмыскерлер санаттары туралы бірін-бірі хабардар етеді.
      3. Еңбекші-мигранттар мен жұмыс берушілер арасындағы еңбек қатынастары жұмысқа орналастырушы Тараптың ұлттық заңнамасына сәйкес еңбек және өзге де шарттармен ресімделеді.

6-бап

      Тараптар еңбекші-мигранттардың еңбек қызметін жүзеге асыруы үшін қолайлы және өзара тиімді жағдайлар жасау мақсатында:
      өз мемлекеттерінің еңбек көші-қоны саласындағы ұлттық заңнамалары және Тараптардың еңбек нарығындағы жұмыс күшіне сұраныстар туралы бірін-бірі хабардар етеді;
      жұмыс күшін шетелге шығаруға байланысты қызметке лицензиясы бар заңды және жеке тұлғалардың тізімдерімен алмасады;
      жұмысқа орналастырушы Тараптың ұлттық заңнамасына сәйкес еңбекші-мигранттарды жоғары білікті жұмыстарға орналастыруға жәрдемдеседі.

7-бап

      Жұмысқа орналастырушы Тарап еңбекші-мигранттардың өз аумағында болған уақытында олардың құқықтары мен бостандықтарының сақталуын жұмысқа орналастырушы Тараптың ұлттық заңнамасына сәйкес қамтамасыз етеді.

8-бап

      Осы Келісімді іске асыру кезінде Тараптар білімі туралы, тиісті білім және/немесе біліктілік деңгейі туралы (куәліктер, аттестаттар мен дипломдар) мемлекеттік үлгідегі құжаттарды, еңбек қызметін жүзеге асыру үшін қажетті атақ, разряд және біліктілік берілгені туралы басқа да құжаттарды нострификациялау, апостильдеу және алдын ала заңдастыру рәсімдерін өткізбей таниды.

9-бап

      1. Еңбек шарты жұмыс берушінің таратылуына не қызметінің тоқтатылуына, жұмыскерлер санының немесе штаттың қысқартылуына байланысты бұзылған жағдайда, сондай-ақ еңбекші-мигрантқа тәуелді емес өзге де жағдайларда, оған жұмысқа орналастырушы Тараптың ұлттық заңнамасында көзделген өтемақылар қолданылады.
      Бұл жағдайда еңбекші-мигрант шығу Тарапы аумағындағы тұрақты тұратын жеріне жұмыс берушінің қаражаты есебінен қайтарылуға тиіс.
      2. Еңбекші-мигрант еңбек шарты бұзылғаннан кейін жұмысқа орналастырушы Тараптың аумағынан кетуге міндетті.

10-бап

      Еңбекші-мигранттың жұмысқа орналастырушы Тараптың аумағына келуіне, осы мемлекетте болуына және одан шығуына қатысты ресмиеттіліктерді орындауға байланысты шығыстар еңбек шартының ережелеріне сәйкес өтеледі.
      Осы шығыстарды өтеу мәселелері еңбек шартының тиісті ережелерінде көзделмеген жағдайда, олар жұмыс берушінің есебінен өтеледі.

11-бап

      1. Еңбекші-мигранттарға жедел шұғыл медициналық көмек жұмысқа орналастырушы Тараптың ұлттық заңнамасында белгіленген тәртіппен тегін көрсетіледі.
      2. Егер бұл еңбек шартында немесе Тараптардың мемлекеттері қатысушылары болып табылатын халықаралық шарттарда көзделген болса, еңбекші-мигранттарға медициналық көмек (жедел шұғыл медициналық көмектен басқа) еңбекші-мигранттардың қаражаты есебінен немесе жұмыс берушілердің қаражаты есебінен көрсетіледі.
      3. Егер бұл еңбек шартында көзделген болса, еңбекші-мигранттар өзінің меншікті қаражаты есебінен және/немесе жұмыс берушінің қаражаты есебінен ерікті сақтандырудың барлық түрлеріне құқылы.

12-бап

      1. Еңбекші-мигрант еңбек қызметін жүзеге асыруға байланысты қайтыс болған жағдайда, жұмысқа орналастырушы Тараптың жұмыс берушісі қайтыс болған адамның денесі (мәйіті) мен жеке заттарын шығу Тарапының аумағына тасымалдауды ұйымдастырады, осыған байланысты барлық шығындарды көтереді, сондай-ақ қайтыс болу фактісі жөніндегі материалдарды ұсына отырып, шығу Тарапының дипломатиялық өкілдігін немесе консулдық мекемесін хабардар етеді.
      Тиісті өтемақы төлемдері жұмысқа орналастырушы Тараптың заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
      2. Еңбекші-мигранттың қайтыс болуы еңбек қызметін жүзеге асыруға байланысты болмаған жағдайда, жұмысқа орналастырушы Тараптың жұмыс берушісі қайтыс болу фактісі туралы шығу Тарапының дипломатиялық өкілдігін немесе консулдық мекемесін хабардар етеді.

13-бап

      1. Еңбекші-мигранттар жұмысқа орналастырушы Тараптың ұлттық заңнамасына сәйкес шығу Тарапының аумағына шетелдік валютада ақшалай қаражат әкетуге, жіберуге, аударуға, сондай-ақ - шығу Тарапы мен тиісінше жұмысқа орналастырушы Тараптың ұлттық заңнамасына сәйкес жеке мүлкін әкелуге және әкетуге құқылы.
      2. Еңбекші-мигранттардың табысына салық салу жұмысқа орналастырушы Тараптың ұлттық заңнамасында белгіленген тәртіппен және мөлшерлерде жүзеге асырылады.

14-бап

      Осы Келісімнің ережелерін түсіндіру немесе қолдану жөнінде даулар туындаған жағдайда, Тараптар оларды консультациялар мен келіссөздер жолымен шешетін болады.
      Тараптардың өзара келісімі бойынша осы Келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін, олар осы Келісімнің ажырамас бөліктері болып табылатын жеке хаттамалармен ресімделеді.

15-бап

      1. Осы Келісім дипломатиялық арналар арқылы оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама алынған күнінен бастап күшіне енеді.
      2. Осы Келісім белгісіз мерзімге жасалады және Тараптардың бірі дипломатиялық арналар арқылы екінші Тараптың оның қолданылуын тоқтату ниеті туралы тиісті жазбаша хабарламасын алған күнінен бастап алты ай өткенге дейін күшінде қалады.
      3. Осы Келісімнің қолданылуы тоқтатылған жағдайда, оның қолданысы кезеңінде еңбекші-мигранттарды тартуға берілген рұқсат өзінің қолданылу мерзімі аяқталғанға дейін күшінде болады.
      4. Осы Келісімнің қолданылуы тоқтатылған жағдайда, оның ережелері еңбекші-мигранттардың жұмыс берушімен жасасқан еңбек шарттарына қатысты олар жасалған мерзім аяқталғанға дейін күшінде қалады.

      200___жылғы "__" ___________ ________________қаласында
әрқайсысы қазақ, вьетнам және орыс тілдерінде екі түпнұсқа данада жасалды, әрі барлық мәтіндердің бірдей күші бар.
      Осы Келісімнің ережелерін түсіндіру кезінде келіспеушіліктер туындаған жағдайда, Тараптар орыс тіліндегі мәтінге жүгінетін болады.

      Қазақстан Республикасының         Вьетнам Социалистік
      Үкіметі үшін                      Республикасының Үкіметі үшін 

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады