Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Француз Республикасының Үкіметі арасындағы Инновациялык негізде экономиканың нақты секторын дамыту саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол кою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 2 қазандағы N 1517 Қаулыс

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Француз Республикасының Үкіметі арасындағы Инновациялық негізде экономиканың нақты секторын дамыту саласындағы ынтымақтастық туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.
      2. Қазақстан Республикасының Индустрия және сауда министрі Әсет Өрентайұлы Исекешевке қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Француз Республикасының Үкіметі арасындағы Инновациялық негізде экономиканың нақты секторын дамыту саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге кол қоюға өкілеттік берілсін.
      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                               К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің     
2009 жылғы 2 қазандағы
N 1517 қаулысымен 
мақұлданған    

жоба

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Француз
Республикасының Үкіметі арасындағы Инновациялық
негізде экономиканың нақты секторын дамыту
саласындағы ынтымақтастық туралы келісім

      Бұдан әрі "Тараптар" деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Француз Республикасының Үкіметі,
      2008 жылғы 11 шілдедегі Қазақстан Республикасы мен Француз Республикасының арасындағы Стратегиялық ынтымақтастық туралы шартты назарға ала отырып,
      Тараптар мемлекеттерінің құқықтарын кемсітпей, өзара тиімді ынтымақтастықты жүзеге асыру жолымен Қазақстан Республикасы мен Француз Республикасының арасындағы экономиканың нақты секторын инновациялық негізде дамыту саласындағы (тауарлармен, қызметтермен және жұмыс күшімен алмасу) ынтымақтастық мақсатында,
      ғылыми-техникалық ынтымақтастықты дамыту екі ел экономикасының нақты секторын дамытуға жәрдемдесуде маңызды фактор болып табылатынын атап көрсете отырып,
      Қазақстан Республикасы мен Француз Республикасының арасындағы қазіргі дәстүрлі достық қарым-қатынасты дамытуға ұмтыла отырып,
      екі елдің технологиялар мен білімнің өзара трансфертін дамытудағы өзара іс-әрекетін кеңейтуге және нығайтуға, өндірістік кооперацияларды жандандыруға және инвестициялық қызмет пен ғылыми-техникалық ынтымақтастықты көтермелеуге жалпы ұмтылысын назарға ала отырып,
      төмендегілер туралы келісті:

1-бап
Келісімнің мақсаты

      Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Француз Республикасының Үкіметі арасындағы Инновациялық негізде экономиканың нақты секторын дамыту саласындағы ынтымақтастық туралы келісімнің (бұдан әрі - Келісім) мақсаты бірлескен кәсіпорындар құру, өзара тиімді инвестицияларды қолдау, ғылыми-техникалық әзірлемелердің нәтижелері, инновациялық инфрақұрылым элементтерінің мүмкіндіктері туралы өзектендірілген ақпаратты ұсыну, технологиялардың өзара тиімді трансфертін ұйымдастыру, экономиканың нақты секторы үшін, оның ішінде инновациялық қызмет саласындағы кадрларды даярлау және қайта даярлау жөніндегі іс-шараларды жүргізу арқылы өзара тиімді ынтымақтастықты дамытуды көтермелеу болып табылады.

2-бап
Ынтымақтастық салалары

      Осы Келісім шеңберінде Тараптар арасындағы ынтымақтастық мынадай салаларды қамтиды:
      а) энергияның дәстүрлі көздері;
      б) энергияның дәстүрлі емес көздері;
      в) мұнай-газ секторы;
      г) машина жасау;
      д) минералды шикізатты терең қайта өңдеу;
      е) көліктік, тау-кен-металлургиялық, ірі ауыл шаруашылығы машиналарын жасау;
      ж) биотехнология және фармацевтика;
      з) ақпараттық технологиялар салаларын қамтиды.

3-бап
Ынтымақтастық нысандары

      1. Осы Келісімде қамтылған қызметтің барлық түрлері Тараптар мемлекеттерінің заңнамасына сай болуы және соған сәйкес жүзеге асырылуы тиіс.
      2. Осы Келісімнің 2-бабында айтылған салалардағы ынтымақтастық мынадай нысандарды қабылдауы мүмкін:
      а) бірлескен жобаларды іске асыру үшін ақпарат алмасу және әлеуетті әріптестерді өзара тиімді іздестіру;
      б) заңнамалық және құқықтық база ақпаратымен алмасу;
      в) ғылыми және техникалық ақпаратпен және деректермен алмасу;
      г) Тараптар мемлекеттерінің аумағында өткізілетін симпозиумдарды, семинарларды және жұмыс топтарын ұйымдастыру;
      д) тиісті техникалық консультациялар мен қызметтерді ұсыну;
      е)бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізу және өзара мүдделілікті білдіретін жобаларды іске асыру;
      ж) ғылыми-техникалық кадрлармен алмасу;
      з) қазақстан-француз технологиялар трансферті орталығын құру;
      и) Тараптардың келісімі бойынша ынтымақтастықтың басқа да нысандары

4-бап
Ақпарат

      1. Тарап немесе мұндай ақпаратты ұсынған құзыретті орган мұндай ақпаратты пайдалануға немесе таратуға қатысты шектеулер туралы алдын ала хабарлаған жағдайларды қоспағанда, Тараптар осы Келісімнің шарттарына сәйкес өздері алмасқан кез келген ақпаратты еркін пайдаланады.
      2. Тараптар зияткерлік меншік құқығын қорғау мақсатында қол қоюшы Тараптарға берілетін коммерциялық және өндірістік құпияларды қоса алғанда, таратылуына шектеу қойылған ақпараттың тиісінше қорғалуын қамтамасыз ету үшін өз мемлекеттерінің заңнамасына сәйкес барлық қажетті шараларды қабылдайды. Осы Келісімнің шеңберінде зияткерлік меншік ретінде 1967 жылғы 14 шілдеде Стокгольмде қабылданған Бүкіл әлемдік зияткерлік меншік ұйымының Құрылтай конвенциясының 2-бабында берілген анықтама  түсініледі

5-бап
Қызметті қаржыландыру

      Егер әрбір нақты жағдайда өзгеше тәртіп келісілмесе, Тараптар осы Келісімді орындауға байланысты шығыстарды өз мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына сәйкес көзделетін қаражат шегінде дербес көтереді.

6-бап
Құпия ақпаратпен алмасу

      Тараптар арасындағы құпия ақпаратпен кез келген алмасу 2008 жылғы 8 ақпандағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Француз Республикасының Үкіметі арасындағы Құпия ақпараттық сақталуын өзара қамтамасыз ету туралы келісімнің талаптарына сәйкес жүзеге асырылатын болады.

7-бап
Тараптар арасындағы даулар

      Осы Келісімді түсіндіру немесе қолдану кезінде даулар мен келіспеушіліктер туындаған жағдайда Тараптар оларды консультация мен келіссөздер жолдармен шешілетін болады.

8-бап
Осы Келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу

      Осы Келісім Тараптардың өзара келісімі бойынша өзгертілуі және толықтырылуы мүмкін. Барлық өзгерістер мен толықтырулар бұдан әрі осы Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылатын екі жақты қол қойылған хаттамалармен ресімделеді.

9-бап
Қолданылу кезеңі

      Осы Келісім қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді және 1 (бір) жыл мерзімге жасалады. Кейіннен Тараптардың бірі тиісті кезең аяқталғанға дейін кемінде 2 (екі) ай бұрын екінші Тарапқа өзінің Келісімнің қолданылуын ұзартпау ниеті туралы дипломатиялық арналар арқылы жазбаша хабарламаса, осы Келісімнің қолданылуы келесі жылдық кезеңдерге өздігінен ұзартылады.
      Әрбір тарап осы Келісімді бұзу туралы екінші Тарапқа жазбаша хабарлай отырып, оны бұзуы мүмкін. Бұл жағдайда осы Келісім Тараптардың бірі мұндай хабарламаны алған күнінен бастап алты ай өткен соң күшін жояды.
      Осы Келісімнің қолданылуын тоқтату Тараптарды оны қолдану кезеңінде қабылданған міндеттемелерді орындаудан босатпайды
      _____ жылғы "____" __________ __________ қаласында әрқайсысы қазақ, француз және орыс тілдерінде үш данада жасалды әрі барлық мәтіндердің күші бірдей.

      Қазақстан Республикасының          Француз Республикасының
      Үкіметі үшін                       Үкіметі үшін

      Қазақстан                          Француз Республикасының
      Республикасының Индустрия          Экономика, өнеркәсіп және
      және сауда министрі                халықты жұмыспен қамту
                                         министрі

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады