Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Біріккен Араб Әмірліктерінің Үкіметі арасындағы Инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы келісімге қол қою туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 29 қазандағы N 1716 Қаулысы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Үкiметiнің 2017 жылғы 2 қазандағы № 614 қаулысымен

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Үкiметiнің 02.10.2017 № 614 қаулысымен.

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Біріккен Араб Әмірліктерінің Үкіметі арасындағы Инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.

      2. Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрі Темірхан Мыңайдарұлы Досмұхамбетовке қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Біріккен Араб Әмірліктерінің Үкіметі арасындағы Инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы келісімге қол қоюға өкілеттік берілсін.

      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасының


Премьер-Министрі

К. Мәсімов


  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2009 жылғы 29 қазандағы
N 1716 қаулысымен
мақұлданған

      жоба

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Біріккен Араб
Әмірліктерінің Үкіметі арасындағы Инвестицияларды көтермелеу
және өзара қорғау туралы келісім

      Бұдан әрі "Уағдаласушы Тараптар" деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Біріккен Араб Әмірліктерінің Үкіметі,

      олардың арасында үлкен экономикалық ынтымақтастық үшін және, атап айтқанда, екінші Уағдаласушы Тарап аумағындағы бір Уағдаласушы Тарап инвесторының инвестициялары үшін қолайлы жағдай жасауға ниет білдіре отырып,

      Уағдаласушы Тараптар мемлекеттерінің экономикалық әл-ауқаты мақсатында ұлттық заңнамаларына сәйкес инвесторлардың инвестицияларын қорғау және инвестициялар ағынын әрі жеке іскерлік бастаманы ынталандыру қажеттілігін мойындай отырып,

      төмендегілер туралы келісті:

1-бап Анықтамалар

      1. "Инвестициялар" термині бір Уағдаласушы Тараптың инвесторлары екінші Уағдаласушы Тараптың аумағында соңғысының ұлттық заңнамасына сәйкес кәсіпкерлік мақсаттарда салатын активтердің кез келген түрін білдіреді және, атап айтқанда, бірақ айрықша емес мыналарды:

      1) жылжымалы және жылжымайтын мүлік пен жалға алу, мүлікті ұстап қалу құқығы және кепілге салу сияқты өзге мүліктік құқықтарды;

      2) үлестерді, акцияларды, борыштық міндеттемелерді және туынды қаржы құралдарының басқа да нысандарын;

      3) авторлық құқықтарды, сауда таңбаларын, патенттерді, өнеркәсіптік үлгілер мен техникалық процестерді, ноу-хауды және коммерциялық құпияларды, фирмалық атауларды және гудвиллді қоса алғанда, зияткерлік меншік құқықтарын;

      4) заңға сәйкес немесе шартқа сай ұсынылатын іскерлік концессияларды қамтиды. Осы Келісім табиғи ресурстарды іздестіруге, игеруге, алуға немесе пайдалануға қатысты мәселелерді реттемейді.

      Активтер инвестицияланатын нысанның кез келген өзгерісі олардың инвестициялар ретіндегі сипатын қозғамауға тиіс.

      2. "Инвестор" термині бір Уағдаласушы Тарап мемлекетінің азаматы болып табылатын және екінші Уағдаласушы Тарап аумағында соңғысының ұлттық заңнамасына және осы Келісімнің ережелеріне сәйкес инвестицияларды жүзеге асыратын жеке тұлғаны, сондай-ақ:

      1) Қазақстан Республикасына қатысты:

      Қазақстан Республикасының ұлттық заңнамасына сәйкес құрылған және тіркелген, инвестициялық қызметті жүзеге асыратын заңды тұлғаны;

      2) Біріккен Араб Әмірліктеріне қатысты:

      үкіметті;

      Біріккен Араб Әмірліктерінің заңнамасына сәйкес құрылған және инвестициялық қызметті жүзеге асыратын заңды тұлғаны немесе ұйымның басқа нысанын, сондай-ақ олардың жергілікті өкілеттіктерін және институттар, даму қорлары, әкімшілік, мекемелер, кәсіпорындар, кооперативтер, серіктестіктер, корпорациялар, компаниялар, фирмалар, ұйымдар мен бизнес қауымдастықтар сияқты саяси бөлімшелерді және олардың жауапкершілігі шектеулі ме немесе керісінше ме оған қарамастан өзге де ұқсас ұйымдарды білдіреді.

      3. "Табыстар" термині пайданы, проценттерді, дивидендтерді, роялтиді, лицензиялық және басқа да сыйақыларды қоса алғанда, инвестицияларды жүзеге асыру нәтижесінде алынған қаражатты білдіреді.

      4. "Аумақ" термині:

      1) Қазақстан Республикасына қатысты:

      ұлттық заңнама мен халықаралық құқық нормаларына сәйкес Қазақстан Республикасы егемендігін жүзеге асыратын және өзінің заңды құзырын тарататын құрлықты, суды, жер қойнауын және әуе кеңістігін қоса алғанда, құрлықтық, теңіз және әуе шекаралары шегінде Қазақстан Республикасының аумағын;

      2) Біріккен Араб Әмірліктеріне қатысты:

      айрықша экономикалық аймақты, сондай-ақ құрлықты және өзінің заңды құзырындағы аралдарды қоса алғанда, Біріккен Араб Әмірліктері пайдалы қазбаларды өндіруге және пайдалануға байланысты жүзеге асырылатын кез келген қызметке қатысты егемендігін жүзеге асыратын Біріккен Араб Әмірліктерінің аумағын және оның аумақтық теңізін, су асты аймағын білдіреді.

      5. "Туынды қаржы құралдары" термині опциондарды, фьючерстерді, форвардтарды, своптарды және жоғарыда санамаланған туынды қаржы құралдарының белгілері бар, оның ішінде соңғыларының комбинациясын білдіретін басқа да туынды қаржы құралдарын білдіреді.

      6. "Еркін айырбасталатын валюта" термині халықаралық мәмілелер бойынша төлемдерді жүзеге асыру үшін кеңінен қолданылатын және халықаралық валюта нарықтарында еркін өткізілетін валютаны білдіреді.

      7. "Гудвилл" термині компанияның, фирманың материалдық өлшемге жатпайтын капиталы мен активтерін білдіреді, мысалы, бедел, ықпал ету, техникалық құзырет, байланыстар, маркетингтік қадамдар және өзгелері.

2-бап Инвестицияларды көтермелеу

      1. Әрбір Уағдаласушы Тарап өз аумағында екінші Уағдаласушы Тарап инвесторларының инвестицияларын көтермелейді және олар үшін қолайлы жағдай жасайды әрі өз мемлекетінің ұлттық заңнамасына сәйкес осындай инвестицияларды мойындайды.

      2. Уағдаласушы Тараптар қабылдаушы Уағдаласушы Тарап мемлекетінің ұлттық заңнамасына сәйкес әртүрлі экономикалық секторлардағы инвестициялық жобаларды құру, дамыту және іске асыру үшін Уағдаласушы Тараптар инвесторларының арасында тиісті бірлескен заңды тұлғаларды құруға және қалыптастыруға ықпал етеді.

      3. Әрбір Уағдаласушы Тарап ұлттық заңнама шеңберінде екінші Уағдаласушы Тарап инвесторларына инвестицияларды көтермелеудің тиісті мүмкіндіктерін, ынталандыруларын және басқа нысандарын ұсыну бойынша қажетті шараларды алдын ала қабылдайды.

3-бап Инвестицияларды қорғау

      1. Кез келген Уағдаласушы Тарап инвесторларының инвестицияларына және инвестицияларынан түсетін табыстарына екінші Уағдаласушы Тараптың аумағында қабылдаушы Уағдаласушы Тараптың ұлттық заңнамасына, осы Келісімге, сондай-ақ қолданылатын халықаралық құқық нормаларына сәйкес толық және тұрақты қорғау мен қауіпсіздік ұсынылады. Уағдаласушы Тараптардың ешқайсысы еркін, негізсіз немесе кемсітушілік шаралармен екінші Уағдаласушы Тарап инвестицияларын басқаруды, қорғауды, қолдауды, пайдалануды, иеленуді немесе басқаша иелік етуді нашарлатпайды.

      2. Әрбір Уағдаласушы Тарап екінші Уағдаласушы Тараптың инвесторларына өз аумағында жүзеге асырылған инвестицияларға қатысты ұлттық заңнамаға қол жеткізуді ұсыну үшін күш салады.

      3. Әрбір Уағдаласушы Тарап өз аумағында екінші Уағдаласушы Тараптың инвесторлары жүзеге асыратын инвестициялар үшін қолайлы ортаны қолдайды. Уағдаласушы Тараптардың әрқайсысы өз мемлекетінің ұлттық заңнамасына сәйкес екінші Уағдаласушы Тараптың инвесторларына сот немесе өзге де органдарға жүгіну құқығын қамтамасыз етеді.

4-бап Ұлттық режим

      1. Әрбір Уағдаласушы Тарап екінші Уағдаласушы Тараптың инвесторлары мен олардың инвестицияларына және инвестициялардан түсетін табыстарына қолайлылығы инвестицияларды басқаруға, қолдауға, пайдалануға, иеленуге және басқаша иелік етуге қатысты өз инвесторларына және олардың инвестицияларына ұсынатын режимнен кем емес режим ұсынады.

      2. Әрбір Уағдаласушы Тарап өз мемлекетінің ұлттық заңнамасына сәйкес экономика секторларын және (немесе) инвестициялық қызмет шектелетін және (немесе) жойылатын қоғамдық қауіпсіздік саласын айқындау құқығын өзіне қалдырады.

      3. Егер инвестор қабылдаушы Уағдаласушы Тараптың ұлттық заңнамасына қайшы келетін инвестицияларды жүзеге асырған болса, осы бап инвестицияларды жүзеге асыруға немесе сатып алуға қатысты қолданылмайтын болады.

5-бап Барынша қолайлылық режимі

      1. Әрбір Уағдаласушы Тарап екінші Уағдаласушы Тараптың инвесторларына және олардың инвестициялары мен инвестициялардан түсетін табыстарына қолайлылығы инвестицияларды басқаруға, қорғауға, қолдауға, пайдалануға, иелік етуге немесе басқаша иелік етуге қатысты өзі кез келген үшінші мемлекеттің инвесторларына және олардың инвестицияларына ұсынатын режимнен кем емес режим ұсынады. Барынша қолайлылық режимі азаматтық және қылмыстық іс жүргізу және сот мәселелеріне қолданылмайды.

      2. Әрбір Уағдаласушы Тарап өз мемлекетінің ұлттық заңнамасына сәйкес экономика секторларын және (немесе) инвестициялық қызмет шектелетін және (немесе) жойылатын қоғамдық қауіпсіздік саласын айқындау құқығын өзіне қалдырады.

      3. Осы Келісімнің ережелері Уағдаласушы Тарапты екінші Уағдаласушы Тараптың инвесторларына және олардың инвестициялары мен инвестициялардан түсетін табыстарына мыналардың:

      1) еркін сауда аймағындағы, кеден одағындағы, валюталық одақтағы, жалпы нарықтағы немесе өңірлік немесе қосалқы өңірлік келісімдердің өзге нысанына немесе кез келген Уағдаласушы Тараптың мемлекеті қатысушысы болып табылатын және осындай одақтарға немесе ұқсас ұйымдарға әкелетін халықаралық келісімдерге мүшеліктің;

      2) салық салу мәселелеріне қатысты Уағдаласушы Тарап мемлекетінің кез келген халықаралық келісімінің немесе ұлттық заңнамасының нәтижесі болып табылатын кез келген режимнің, преференцияның немесе артықшылықтың қолда бар немесе болашақ пайдасын беруге міндеттейтін ретінде түсіндірілмеуі тиіс.

6-бап Орындауға қойылатын талаптар

      Уағдаласушы Тараптардың ешқайсысы екінші Уағдаласушы Тарап инвесторларының өз аумағында инвестицияларды құруға, басқаруға, қорғауға, қолдауға, пайдалануға, иелік етуге немесе басқаша иелік етуіне байланысты шектеулер сала алмайды немесе мынадай кез келген талапты немесе міндеттемені қолданысқа келтіре алмайды:

      1) тауарлардың немесе қызметтердің белгіленген деңгейін немесе квотасын экспорттау;

      2) сыртқы валюталық операциялардан түскен табыстардың көлемі мен бағасына сәйкес осындай инвестицияларды жүзеге асыру салдарынан өндірілетін немесе кез келген түрде ұсынылатын тауарларды немесе қызметтерді өз аумағында сатуды шектеу;

      3) тек қабылдаушы Уағдаласушы Тараптың аумағынан осындай инвестицияларды жүзеге асыру салдарынан өндірілетін тауарлармен немесе ерекше немесе әлемдік нарықтарда ұсынылатын қызметтермен қамтамасыз ету.

7-бап Залалдар мен шығындар үшін өтемақы

      1. Соғыс немесе басқа қарулы қақтығыстар, бүлік, көтеріліс, бүліншілік немесе өзге де осындай оқиғалар салдарынан екінші Уағдаласушы Тараптың аумағында инвестициялары шығынға ұшыраған Уағдаласушы Тараптардың бірінің инвесторларына алғашқы Уағдаласушы Тарап реституцияға, өтемақыға немесе басқа өтеуге қатысты өз инвесторларына немесе кез келген үшінші мемлекет инвесторларына ұсынылатын режимнен қолайлылығы кем емес режим ұсынады.

      2. Мыналардың:

      1) екінші Уағдаласушы Тарап мемлекетінің күштерінің немесе биліктерінің оның инвестицияларын немесе олардың бір бөлігін реквизициялауы, немесе

      2) жағдайдың қажеттілігімен талап етілмегенде екінші Уағдаласушы Тарап мемлекеті күштерінің немесе биліктерінің инвестицияларды немесе олардың бір бөлігін бұзуы салдарынан кез келген Уағдаласушы Тараптардың 1-тармақта аталған жағдайлардың кез келгенінде залал шегетін инвесторына,

      кез келген жағдайда соңғы Уағдаласушы Тарап оның ұлттық заңнамасына сәйкес баламалы, жылдам немесе тиімді болуға тиіс реституция, өтеу немесе өтемақы ұсынуы тиіс.

8-бап Мемлекет иелігіне алу және экспроприация

      1. Бір Уағдаласушы Тарап инвесторларының екінші Уағдаласушы Тарап аумағындағы инвестициялары мына:

      1) қоғамдық мақсаттарда;

      2) кемсітпеушілік тәсілмен;

      3) тиісті заңды рәсімге сәйкес;

      4) осы баптың 2 және 3-тармақтарына сәйкес барабар, жылдам және тиімді өтемақы төлей отырып қабылданатын шараларды қоспағанда, мемлекет иелегіне алынуы, экспроприациялануы, реквизициялануы немесе нәтижесі мемлекет иелегіне алуға, экспроприацияға немесе реквизицияға (бұдан әрі - экспроприация) тепе-тең кез келген басқа да шараларға ұшырауы мүмкін емес.

      2. Инвестордың экспроприация халықаралық құқық принциптеріне сәйкес жүзеге асырылғанына көз жеткізу үшін әкімшілік немесе сот органдарына жүгінуге құқығы бар.

      3. Экспроприация нәтижесінде төленетін өтемақы экспроприацияланған инвестициялар құнының сомасына тең болуға тиіс және экспроприациялаудың алдында немесе алда болатын экспроприация туралы көпшілікке белгілі болғанға дейінгі сәтте қайсысының бұрын болғанына қарай нарықтық негізде айқындалуға тиіс. Нарықтық күн бастапқы капиталдың құнын, қалпына келтіру құнын, ағымдағы табыстарды, гудвилді және басқа да қолданыстағы факторларды ескере отырып, халықаралық бағалау принциптеріне сәйкес айқындалуға тиіс.

      4. Өтемақы еркін айырбасталатын валютамен және қандай да бір кідіріссіз төленуі тиіс. Ол меншікті экспроприациялау күнінен бастап нақты төлем күніне дейін төлем валютасы үшін нарықтық негізде белгіленген коммерциялық ставка бойынша процентті қамтуға тиіс.

      5. Осы баптың 1-тармағының ережелері инвестициялардан түсетін ағымдағы табыстарға, сондай-ақ жойылған жағдайда жоюдан түсетін түсімге қолданылады.

9-бап Капитал мен табыстарды аудару

      1. Инвесторлар барлық салықтық міндеттемелерді орындағанынан кейін аумағына екінші Уағдаласушы Тарап инвесторларының инвестициялары салынған әрбір Уағдаласушы Тарап өз мемлекетінің ұлттық заңнамасына сәйкес бұл инвесторларға мыналарды:

      1) салымды қолдау немесе ұлғайту үшін бастапқы капиталды және қосымша соманы;

      2) табыстарды;

      3) несиені төлеуді қоса алғанда, келісім-шартқа сәйкес жүзеге

      асырылатын төлемдерді;

      4) акцияларды қоса алғанда, инвестицияларды толық немесе ішінара сатудан немесе жоюдан алынған түсімді;

      5) инвестицияларға байланысты шетелде жалға алынған және жұмыс істейтін персоналдың еңбекақысы мен басқа да сыйақыларын;

      6) 7 және 8-баптарға сәйкес төленетін өтемақыны қамтитын инвестицияларға жататын төлемдерді еркін аударуды ұсынуға тиіс.

      2. Осы баптың 1-тармағында айтылған төлемдерді аудару еркін айырбасталатын валютада кідіріссіз және шектеулерсіз жүзеге асырылады. Талап етілген аударымдар негізсіз кешіктірілген жағдайда инвесторға осы валюта үшін нарықтық негізде белгіленген коммерциялық ставка бойынша процент төленеді.

      3. Аударымдар аумағында инвестициялар жүзеге асырылған сол Уағдаласушы Тарап мемлекетінің аударым күні қолданыстағы нарықтық валюта бағамына сәйкес жүзеге асырылады.

10-бап Аударымдарды шектеу

      Кез келген Уағдаласушы Тарап 9-баптың ережелеріне нұқсан келтірмей, мыналарға:

      1) кредиторлардың банкроттығына, төлем қабілетсіздігіне немесе құқықтарын қорғауға;

      2) бағалы қағаздарды, туынды қаржы құралдарын шығаруға, олардың саудасына немесе олармен жасалатын операцияларға;

      3) сот немесе әкімшілік процестерде бұйрықтардың немесе сот шешімдерінің орындалуын қамтамасыз етуге;

      4) мынадай: төлем теңгеріміне байланысты елеулі қиындықтар және сыртқы қаржылық қиындықтар немесе қабылдаушы Уағдаласушы Тарап үшін қауіптер сияқты айрықша мән-жайлар кезінде қабылдануы мүмкін қажетті уақыт кезеңіне арналған қорғау шараларын қабылдауға жататын ұлттық заңнаманы әділ, кемсітушіліксіз және адал қолдану жолымен екінші Уағдаласушы Тарапқа хабарлағаннан кейін аударымды шектей алады.

11-бап Суброгация

      1. Егер Уағдаласушы Тарап немесе оның уәкілетті органы екінші Уағдаласушы Тараптың аумағындағы инвестордың инвестицияларына қатысты берілген кепілдікке (сақтандыру шартына) сәйкес төлемдерді жүзеге асыратын болса, бұл екінші Уағдаласушы Тарап мыналарды:

      1) осындай инвестордың кез келген құқықтарының немесе талаптарының заңнамаға немесе сақтандыру шартына сәйкес бірінші Уағдаласушы Тарапқа немесе уәкілетті органға көшуін;

      2) бірінші Уағдаласушы Тарап немесе оның уәкілетті органы суброгация негізінде олардың алдыңғысы сияқты шамада құқықтар мен талаптарды жүзеге асыруға уәкілетті болатынын тануға тиіс;

      және суброгация негізінде инвестицияларға байланысты міндеттемелерді қабылдауға тиіс.

      2. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген құқықтар немесе талаптар инвестордың бастапқы құқығынан немесе талаптарынан аспауға тиіс.

12-бап Әкімшілік персоналы

      Инвестордың әкімшілік персоналды қабылдаушы Уағдаласушы Тараптың ұлттық заңнамасында рұқсат етілетін шектерде азаматтығына қарамастан жалдауға құқығы бар.

13-бап Инвестор мен Уағдаласушы Тарап арасындағы инвестициялық дауларды реттеу

      1. Бір Уағдаласушы Тарап пен екінші Уағдаласушы Тарап инвесторы арасындағы инвестицияларға қатысты кез келген дау мүмкіндігінше келіссөздер, консультациялар, делдалдық немесе дауларды реттеудің басқа да тетіктерін қолдану жолымен достық пейілде реттелуге тиіс.

      2. Егер дау ол жазбаша нысанда туындаған күнінен бастап алты (6) ай ішінде шешілмесе, онда ол даудың Уағдаласушы Тараптарының қалауы бойынша мыналардың қарауына беріледі:

      1) аумағында инвестициялар жүзеге асырылған Уағдаласушы Тарап мемлекетінің құзыретті соттарына, немесе

      2) егер 1965 жылғы 18 наурызда Вашингтон қаласында қол қою үшін ашылған Мемлекеттер және басқа мемлекеттердің жеке немесе заңды тұлғалары арасындағы инвестициялық дауларды реттеу туралы конвенцияға сәйкес құрылған Инвестициялық дауларды реттеу жөніндегі халықаралық орталық (бұдан әрі - Орталық) қол жетімді болса, Орталықтың төрелігіне немесе

      3) егер Уағдаласушы Тараптың біреуі ғана осы тармақтың b) тармақшасында көрсетілген Конвенцияға қатысушы болып табылса, БҰҰ Халықаралық Орталығының қосымша қызметтеріне сәйкес төрелікке; немесе

      4) дауласушы Уағдаласушы Тараптар өзгеше келіспесе, Біріккен Ұлттар Ұйымының Халықаралық сауда құқығы жөніндегі комиссиясының (ЮНСИТРАЛ) төрелік ережелеріне сәйкес құрылатын кез келген "аd hос" төрелік сотына.

      3. Егер ұлттық соттың қарау мәні бойынша шешім шығарғанға дейін инвестор ұлттық сот рәсімдері арқылы істі одан әрі жалғастырмайтынын жарияласа және істі кері қайтарып алса, дауды ұлттық соттың қарауына жіберген инвестор осы баптың 2-тармағының b) немесе с) тармақшасында айтылған төрелік трибуналдардың біріне де жүгіне алады.

      4. Әрбір Уағдаласушы Тарап осымен осы бапқа сәйкес өздері мен екінші Уағдаласушы Тараптың инвесторы арасындағы дауды төрелікке ұсынуға сөзсіз келісімін береді.

      5. Даудың қатысушысы болып табылатын Уағдаласушы Тараптардың ешқайсысы төрелік рәсімдердің немесе төрелік шешімді орындаудың кез келген сатысында қарсылық білдіре алмайды немесе дауласушы Уағдаласушы Тарап болып табылатын инвестор сақтандыруға орай шығындардың бір бөлігін немесе барлығын жабатын өтем алған фактісін көрсете алмайды.

      6. Төреліктің шешімі аумағында Уағдаласушы Тарап мемлекетінің құзыретті органы шешімді жүзеге асыратын Уағдаласушы Тарап мемлекетінің ұлттық заңнамасына сәйкес орындалады.

14-бап Уағдаласушы Тараптар арасындағы дауларды шешу

      1. Осы Келісімді түсіндіру мен қолдануға қатысты Уағдаласушы Тараптар арасындағы даулар мүмкіндігінше келіссөздер және консультациялар жолымен шешіледі.

      2. Егер мұндай келіссөздерді кез келген Уағдаласушы Тарап жазбаша нысанда сұратқан күннен бастап алты (6) ай ішінде дауды осындай түрде шешуге болмаса, ол кез келген Уағдаласушы Тараптың өтініші бойынша "аd hос" төрелік сотының қарауына ұсынылуға тиіс.

      3. Мұндай төрелік сот әрбір жеке іс үшін мынадай түрде құрылуға тиіс. Төрелік туралы өтінішті алғаннан кейін екі (2) ай ішінде әрбір Уағдаласушы Тарап Соттың бір мүшесін тағайындайды. Содан соң осы екі мүше үшінші мемлекеттің азаматын Төраға етіп сайлауы тиіс, ол Уағдаласушы Тараптар мақұлдағаннан кейін басқа екі мүшені тағайындаған күннен бастап 4 (төрт) ай ішінде тағайындалуы тиіс.

      4. Егер қажетті тағайындаулар осы баптың 3-тармағында айқындалған кезең ішінде жасалмаса, кез келген басқа уағдаластық болмаған кезде кез келген Уағдаласушы Тарап БҰҰ-ның Халықаралық сот Төрағасын қажетті тағайындау жасауға шақырады. Егер Төраға кез келген Уағдаласушы Тарап мемлекетінің азаматы болып табылса немесе өзге де көрсетілген функцияны орындауға кедергі болса, онда кез келген Уағдаласушы Тарап мемлекетінің азаматы болып табылмайтын немесе, егер өзге мән-жай көрсетілген функцияны орындауға кедергі келтірмесе, БҰҰ-ның Халықаралық сотының үлкендігі бойынша келесі мүшесі қажетті тағайындау жасауға шақырылуға тиіс.

      5. Төрелік сот шешімді көпшілік дауыспен қабылдайды. Сот шешімі Уағдаласушы Тараптардың екеуі үшін түпкілікті және міндетті болып табылады. Әрбір Уағдаласушы Тарап өзі тағайындаған мүшесі мен төрелік процестегі өзінің өкілдігінің шығыстарын өтейді. Уағдаласушы Тараптардың екеуі де Төрағаның шығыстарын, сондай-ақ басқа шығыстарды тең үлестерде мойнына алады. Сот шығыстарды бөлуге қатысты басқа шешім қабылдауы мүмкін. Барлық қалған қатынастарда төрелік сот өз рәсімдерінің жеке ережелерін айқындайды.

      6. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген дауға қатысты даулы мәселелер осы Келісімнің ережелеріне және халықаралық құқықтың жалпыға бірдей танылған принциптеріне сәйкес шешілуге тиіс.

      7. Егер әрбір нақты жағдайда өзгеше тәртіп келісілмеген болса, Уағдаласушы Тараптар осы Келісімді орындау барысында туындайтын шығыстарды өз мемлекеттерінің заңнамасында көзделген қаражат шегінде дербес көтереді.

15-бап Басқа ережелерді қолдану

      Егер кез келген Уағдаласушы Тараптың мемлекеті заңнамасының немесе бір мезгілде Уағдаласушы Тараптар қатысушылары болып табылатын халықаралық шарттардың ережелерінде екінші Уағдаласушы Тараптың инвесторлары жүзеге асырған инвестицияларға осы Келісімде ұсынылғаннан гөрі неғұрлым қолайлы режимге құқық беретін жалпы немесе ерекше ережелер бар болса, онда соңғы Уағдаласушы Тарап инвесторларына неғұрлым қолайлы режим ұсынылады.

16-бап Инвестицияларға қатысты қолдану

      Осы Келісім күшіне енгенге дейін де және одан кейін де осы Келісім екінші Уағдаласушы Тарап аумағында Уағдаласушы Тараптың инвесторлары жүзеге асырған барлық инвестицияларға қолданылады, бірақ осы Келісім күшіне енгенге дейін туындаған және (немесе) реттелген инвестицияларға қатысты кез келген дауға немесе талапқа қолданылмауға тиіс.

17-бап Өзгерістер

      1. Осы Келісімге Уағдаласушы Тараптардың өзара келісімі бойынша осы Келісімнің ажырамас бөліктері болып табылатын жеке хаттамалармен ресімделетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.

      2. Уағдаласушы Тараптардың осы Келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы ұсыныстары дипломатиялық арналар арқылы жазбаша нысанда ұсынылуға және тиісті негіздемелерді қамтуға тиіс.

18-бап Күшіне енуі

      Осы Келісім дипломатиялық арналар арқылы Уағдаласушы Тараптардың оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы жазбаша хабарламалардың соңғысы алынған күнінен бастап 15 (он бесінші) күні күшіне енеді.

19-бап Қолданылу мерзімі және қолданылуын тоқтату

      1. Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады және Уағдаласушы Тараптың бірі дипломатиялық арналар арқылы екінші Уағдаласушы Тараптың оның қолданалуын тоқтату ниеті туралы жазбаша хабарламасын алған күнінен бастап 12 (он екі) ай өткенге дейін күшінде қалады.

      2. Осы Келісімнің қолданалуы тоқтатылған күнге дейін жүзеге асырылған инвестицияларға қатысты 1-16-баптардың ережелері осы Келісімнің қолданалуы тоқтатылған күнінен бастап кейінгі 10 (он) жыл кезеңге күшінде қалады.

      2009 жылғы "___" _____________ __________ қаласында әрқайсысы қазақ, араб, ағылшын және орыс тілдерінде екі данада жасалды, әрі барлық мәтіндер бірдей дәлме-дәл болып табылады. Осы Келісімнің ережелері әр түрлі түсіндірілген жағдайда Уағдаласушы Тараптар ағылшын тіліндегі мәтінге жүгінетін болады.

Қазақстан Республикасының

Біріккен Араб Әмірліктерінің

Үкіметі үшін

Үкіметі үшін


Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады