Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Швейцарияның Федералдық Кеңесі арасындағы Дипломаттық паспорттардың иелерін визалық талаптардан босату туралы келісімді бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 7 маусымдағы № 528 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. 2010 жылғы 4 наурызда Берн қаласында жасалған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Швейцарияның Федералдық Кеңесі арасындағы Дипломаттық паспорттардың иелерін визалық талаптардан босату туралы келісім бекітілсін.
      2.Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                               К. Мәсімов

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Швейцарияның Федералдық
Кеңесі арасындағы Дипломаттық паспорттардың иелерін
визалық талаптардан босату туралы
келісім

(2015 жылғы 17 қаңтарда күшіне енді - Қазақстан Республикасының
халықаралық шарттары бюллетені, 2015 ж., № 1, 7-құжат)

      Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Швейцарияның Федералдық Кеңесі (бұдан әрі «Тараптар» деп аталатын),
      екі мемлекеттің достық қарым-қатынастарды нығайтуға деген ұмтылысын назарға ала отырып, және
      Ұлттық дипломаттық паспорттардың иелері Тараптар мемлекеттері азаматтарының өзара сапарларына ықпал етуге ниет білдіре отырып,
      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      1. Әрбір Тарап мемлекетінің азаматтары, жарамды ұлттық дипломаттық паспорттардың иелері екінші Тарап мемлекетінің аумағына келу, кету, транзитпен өту немесе болу үшін алғаш келген күнімен бастап есептегенде 180 (бір жүз сексен) күн ішінде 90 (тоқсан) күннен аспайтын кезеңге визалық талаптардан босатылады.
      2. Шенген Келісімінің шекарадан өтуге және визаға қатысты ережелері қолданылатын бір немесе одан да көп мемлекеттер аумағынан транзит арқылы Швейцария аумағына келген жағдайда 90 (тоқсан) күндік мерзімнің саналуы қатысушы мемлекеттер белгілеген еркін қозғалыс аймағын айқындайтын сыртқы шекараны кесіп өткен күннен басталады.

2-бап

      Әрбір Тарап мемлекетінің азаматтары, дипломатиялық өкілдіктің, консулдық мекеменің немесе Штаб-пәтермен Келісім жасалған халықаралық ұйым жанындағы тұрақты өкілдіктің қызметкерлері болып табылатын жарамды ұлттық дипломаттық паспорттардың иелері, сондай-ақ олармен бірге тұратын жарамды ұлттық дипломаттық паспорттары бар отбасы мүшелері екінші Тарап мемлекетінің аумағына өздері тағайындалған кезеңге визасыз келуге, болуға және одан кетуге құқылы. Жіберетін Тарап қабылдайтын мемлекетке жоғарыда көрсетілген тұлғалардың болуы мен қызметіне қатысты алдын ала дипломатиялық арналар арқылы жазбаша хабарлама жіберуі тиіс.

3-бап

      1. Осы Келісімнің 1 және 2-баптарында көрсетілген бір Тарап мемлекетінің азаматтарын осы Келісім екінші Тарап мемлекетінің ұлттық заңнамасын сақтау міндеттерінен босатпайды.
      2. Осы Келісімнің 1-бабының әрекеті екінші Тарап мемлекетінің аумағына ақысы төленетін еңбек қызметін жүзеге асыру үшін келетін Тараптардың әрқайсысының мемлекеті азаматтарына қолданылмайды.

4-бап

      Тараптардың әрқайсысы өз мемлекетінің аумағында болуын қаламаған жағдайда осы Келісімнің 1 және 2-баптарында көрсетілген екінші Тарап мемлекеті азаматының келуінен бас тарту не болу мерзімін қысқарту құқығын сақтайды.

5-бап

      1. Осы Келісімді орындау мақсатында Тараптар өздерінің жарамды дипломаттық паспорттарының үлгілерімен, мұндай құжаттардың толық сипаттамасын қоса алғанда, осы Келісімге қол қойылған күнінен бастап 30 (отыз) күннен кешіктірмей дипломатиялық арналар арқылы алмасады.
      2. Тараптардың әрқайсысы сондай-ақ екінші Тарапқа жаңа немесе өзгертілген дипломаттық паспорттардың үлгілерін, мұндай құжаттардың толық сипаттамасын коса алғанда, олар қолданысқа енгізілгенге дейін 30 (отыз) күннен кешіктірмей дипломатиялық арналар арқылы жіберуге тиіс.

6-бап

      1. Тараптардың әрқайсысы ұлттық қауіпсіздікті, қоғамдық тәртіпті және қоғамдық денсаулықты қамтамасыз ету мақсатында осы Келісімнің қолданылуын уақытша тоқтата тұру, толық немесе ішінара тоқтату құқығын өзінде сақтайды. Осы Келісімнің қолданылуын тоқтата тұру немесе тоқтата тұруды алып тастау туралы шешім ол күшіне енгенге дейін 72 (жетпіс екі) сағаттан кешіктірмей дипломатиялық арналар арқылы жазбаша нысанда екінші Тарапқа жеткізілуі тиіс.
      2. Бұл ретте осы Келісімнің қолданылуын тоқтата тұру екінші Тарап мемлекетінің аумағына бұған дейін келген, осы Келісімнің 1 және 2-баптарында көрсетілген азаматтардың құқықтық жағдайына әсер етпейді.

7-бап

      Осы Келісімге Тараптардың өзара келісімі бойынша кез келген уақытта жазбаша нысанда өзгерістер енгізілуі мүмкін. Тараптар келіскен кез келген өзгеріс осы Келісімнің 10-бабында көзделген тәртіппен күшіне енеді.

8-бап

      Осы Келісімнің ережелерін түсіндіруге және қолдануға қатысты даулар мен келіспеушіліктер Тараптар арасында консультациялар арқылы шешіледі.

9-бап

      Осы Келісімнің ережелері Тараптардың 1961 жылғы 18 сәуірдегі Дипломатиялық қатынастар туралы Вена Конвенциясында, 1963 жылғы 24 сәуірдегі Консулдық қатынастар туралы Вена конвенциясында немесе Тараптардың мемлекеттері қатысушылары болып табылатын өзге де халықаралық шарттарда көзделген құқықтары мен міндеттерін қозғамайды.

10-бап

      1. Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады.
      2. Тараптардың әрқайсысы кез келген уақытта осы Келісімнің қолданылуын тоқтату ниеті туралы дипломатиялық арналар арқылы екінші Тарапқа жазбаша нысанда хабарлауға құқылы. Мұндай жағдайда осы Келісім Тараптардың бірінің жазбаша хабарламасын екінші Тарап алған күннен бастап 90 (тоқсан) күн өткенге дейін күшінде қалады.
      3. Осы Келісім оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетшілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарламаны дипломатиялық арналар арқылы алған күннен бастап 30 (отыз) күн өткен сон күшіне енеді.

      2010 жылғы 4 наурызда Берн қаласында әрқайсысы қазақ, неміс, орыс және ағылшын тілдерінде екі түпнұсқа данада жасалды, әрі барлық мәтіндердің күші бірдей.
      Осы Келісімнің ережелерін түсіндіру кезінде келіспеушіліктер туындаған жағдайда Тараптар ағылшын тіліндегі мәтінге жүгінетін болады.

      Қазақстан Республикасының            Швейцарияның Федералдық
           Үкіметі үшін                        Кеңесі үшін

      2010 жылғы 4 наурызда Берн қаласында қол қойылған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Швейцарияның Федералдық Кеңесі арасындағы Дипломатиялық паспорттардың иелерін визалық талаптардан босату туралы келісімнің бұл көшірмесінің дәлдігін куәландырамын.

      Қазақстан Республикасы
      Сыртқы істер министрлігінің
      Халықаралық-құқық департаменті
      Директорының орынбасары                        А.Исетов

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады