"Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жұмыспен қамту және халықты әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 11 мамырдағы № 492 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жұмыспен қамту және халықты әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілсін.

      Қазақстан Республикасының
          Премьер-Министрі                       К. Мәсімов

Жоба   

Қазақстан Республикасының Заңы Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жұмыспен
қамту және халықты әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша
өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

      1-бап. Қазақстан Республикасының мына заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:
      1. «Тұрғын үй қатынастары туралы» 1997 жылғы 16 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1997 ж., № 8, 84-құжат; 1999 ж., № 13, 431-құжат; № 23, 921-құжат; 2001 ж., № 15-16, 228-құжат; 2002 ж., № 6, 71-құжат; 2003 ж., № 11, 67-құжат; 2004 ж., № 14, 82-құжат; № 17, 101-құжат; № 23, 142-құжат; 2006 ж., № 16, 103-құжат; 2007 ж., № 9, 67-құжат; № 10, 69-құжат; № 15, 106, 108-құжаттар; № 18, 143-құжат; 2009 ж., № 11-12, 54-құжат; № 18, 84-құжат; № 24, 122-құжат; 2010 ж., № 5, 23-құжат; № 10, 52-құжат; 2011 ж., № 1, 2, 3-құжаттар; 2011 жылғы 11 наурызда «Егемен Қазақстан» және 2011 жылғы 12 наурызда «Казахстанская правда» газеттерінде жарияланған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік мүлік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2011 жылғы 1 наурыздағы Қазақстан Республикасының Заңы; 2011 жылғы 6 сәуірде «Егемен Қазақстан» және 2011 жылғы 5 сәуірде «Казахстанская правда» газеттерінде жарияланған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне азаматтық заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2011 жылғы 25 наурыздағы Қазақстан Республикасының Заңы):
      1) 2-бапта:
      20), 21) және 22) тармақшалар мынадай редакцияда жазылсын:
      «20) қызметтік тұрғын үй – мемлекеттік мекеменің тұрғын үй қорынан берілетін және азаматтардың еңбек қатынастарының сипатына байланысты өз міндеттерін орындауы кезеңінде, сондай-ақ Қазақстан Республикасының халықты жұмыспен қамту заңнамасына сәйкес жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қатысатын Қазақстан Республикасының азаматтарына оларды қоныстандыруға арналған айрықша құқықтық режимдегі тұрғын үй;
      21) қызметтік тұрғын үйге теңестірілген тұрғын үй – коммуналдық тұрғын үй қорынан мемлекеттік қызметшілерге, бюджеттік ұйымдардың қызметкерлеріне, әскери қызметшілерге және мемлекеттік сайланбалы қызмет атқаратын адамдарға немесе мемлекеттік кәсіпорынның тұрғын үй қорынан аталған мемлекеттік кәсіпорынның қызметкерлеріне берілетін тұрғын үй;
      22) мемлекеттік тұрғын үй қоры – мемлекетке меншік құқығымен тиесілі және коммуналдық тұрғын үй қорына, мемлекеттік кәсіпорынның тұрғын үй қорына, сондай-ақ мемлекеттік мекеменің тұрғын үй қорына кіретін тұрғын үйлер;»;
      мынадай мазмұндағы 22-1), 22-2) және 22-3) тармақшалармен толықтырылсын:
      «22-1) коммуналдық тұрғын үй қоры – тұрғын үйлерді пайдалануға беру жөніндегі арнайы мемлекеттік мекемеге бекітілген, жергілікті атқарушы органдардың қарауындағы тұрғын үйлер;
      22-2) мемлекеттік кәсіпорынның тұрғын үй қоры – мемлекеттік кәсіпорынның қарауындағы тұрғын үйлер;
      22-3) мемлекеттік мекеменің тұрғын үй қоры – тұрғын үйлерді пайдалануға беру жөніндегі арнайы мемлекеттік мекемені қоспағанда, мемлекеттік мекемелердің қарауындағы тұрғын үйлер;»;
      50) тармақшадағы «бөліктері.» деген сөз «бөліктері;» деген сөзбен ауыстырылсын;
      мынадай мазмұндағы 51) және 52) тармақшалармен толықтырылсын:
      «51) тұрғын үйдің қалдық құны (бұдан әрі – қалдық құны) – тұрғын үйдің табиғи тозуын шегергендегі тұрғын үйдің бастапқы құны;
      52) тұрғын үйдің табиғи тозуы – табиғат, климат және өзге факторлар әсерінің нәтижесінде бастапқы техникалық-пайдаланушылық қасиеттерін (төзімділігін, орнықтылығын, беріктігін және басқа) жоғалту.»;
      2) 3-баптың 3-тармағы «мемлекеттiк кәсiпорындардың» деген сөздерден кейін «, сондай-ақ мемлекеттік мекемелердің» деген сөздермен толықтырылсын;
      3) 10-1-бапта:
      6) тармақшадағы «айқындайды.» деген сөз «айқындайды;» деген сөзбен ауыстырылсын;
      мынадай мазмұндағы 7) және 8) тармақшалармен толықтырылсын:
      «7) мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілетін тұрғын үйлерді жекешелендіру тәртібін айқындайды;
      8) мемлекеттік тұрғын үй қорындағы тұрғын үйге немесе жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үйге мұқтаж азаматтарды есепке қою тәртібін айқындайды.»;
      4) 10-2-бапта:
      10) тармақшадағы «бекітеді.» деген сөз «бекітеді;» деген сөзбен ауыстырылсын;
      мынадай мазмұндағы 11), 12) және 13) тармақшалармен толықтырылсын:
      «11) мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілетін тұрғын үйлерді немесе жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үйлерді барабар бөлу әдістемесін әзірлейді және бекітеді;
      12) мемлекеттік тұрғын үй қорындағы тұрғын үйді пайдаланғаны үшін төлемақы мөлшерін есептеу әдістемесін әзірлейді және бекітеді;
      13) тұрғын үй көмегін алуға, сондай-ақ мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйді немесе жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үйді алуға үміткер отбасының (азаматтың) жиынтық табысын есептеу тәртібін айқындайды.»;
      5) 10-3-баптың 2-тармағында:
      4) тармақшадағы «қабылдайды.» деген сөз «қабылдайды;» деген сөзбен ауыстырылсын;
      мынадай мазмұндағы 5) тармақшамен толықтырылсын:
      «5) коммуналдық тұрғын үй қорынан берілетін тұрғын үйлерді осы Заңда көзделген шарттарда және Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен азаматтардың меншігіне беруді жүзеге асырады.»;
      6) 10-4-бап мынадай редакцияда жазылсын:
      «10-4-бап. Аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың
                 жергілікті мемлекеттік басқару органдарының құзыреті
      1. Аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті өкілді органдары:
      1) тұрғын үй-коммуналдық саланы дамытудың бағдарламаларын бекітеді;
      2) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз ету жөніндегі өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
      2. Аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдары:
      1) тұрғын үй-коммуналдық саланы дамыту бағдарламаларын әзірлейді және тиісті жергілікті өкілді органдардың бекітуіне ұсынады, олардың іске асырылуын қамтамасыз етеді;
      2) тұрғын үй қорын сақтау және тиісінше пайдалану жөнінде іс-шаралар ұйымдастыруды қамтамасыз етеді;
      3) тұрғын үй қоры саласындағы мемлекеттік бақылауды жүзеге асырады;
      4) тұрғын үй инспекциясының кондоминиум объектісін басқару органдарының тұрғын үй қорын сақтау және тиісінше пайдалану жөніндегі қызметін бақылау жөніндегі жұмысын ұйымдастырады;
      5) жергілікті бюджеттердің қаражаты есебінен тұрғын үй көмегін көрсету жөнінде шаралар қабылдайды;
      6) осы Заңның 32-бабының 2-2-тармағында көзделген жағдайда, бюджет қаражаты есебінен кондоминиум объектісіне техникалық паспорттар дайындау жөніндегі шығыстарды өтеуді қамтамасыз етеді;
      7) коммуналдық тұрғын үй қорынан берілетін тұрғын үйлерді осы Заңда көзделген шарттарда және Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен азаматтардың меншігіне беруді жүзеге асырады;
      8) жергілікті мемлекеттік басқару мүддесіне орай Қазақстан Республикасының заңнамасымен жергілікті атқарушы органдарға жүктелетін өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.»;
      7) 13-бап мынадай редакцияда жазылсын:
      «13-бап. Жалдаушының мемлекеттiк тұрғын үй
               қорындағы тұратын тұрғын үйiне меншiк
               құқығын жекешелендiру тәртiбiмен алуы
      1. Осы Заңда көзделген жағдайларда мемлекеттiк тұрғын үй қорындағы тұрғын үйдi жалдаушы осы Заңда көзделген шарттарда және Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртiппен кәмелетке толған отбасы мүшелерiнiң келiсiмiмен және кәмелетке толмағандардың құқықтарын ескере отырып, тұрғын үйдi қалдық құны бойынша жекешелендiруге құқылы.
      Жалдаушының отбасы мүшелерiнiң ауқымы осы Заңның 21-бабына сәйкес айқындалады.
      2. Егер олардың арасындағы шартта өзгеше көзделмеген болса, жекешелендiрiлген тұрғын үй жалдаушының және отбасының онымен үнемі бiрге тұратын барлық мүшелерiнiң, соның iшiнде уақытша тұрмайтындарының бiрлескен ортақ меншiгiне көшедi.
      3. Ортақ бiрлескен меншiктегi тұрғын үйдiң алып қойылуына барлық меншiк иелерiнiң келiсiмiмен ғана жол берiледi. Егер мәмiле тұрғын үйдiң меншiк иесi болып табылатын кәмелетке толмағандалардың мүдделерiне қатысты болса, қорғаншы және қамқоршы органның келiсiмi талап етiледi.
      4. Мемлекеттiк тұрғын үй қорынан берілген қызметтiк тұрғын үйлерге теңестiрiлген тұрғын үйлер осы Заңның 101-бабының 3 және 4-тармақтарында көзделген негiздер бойынша жекешелендiрiлуi мүмкiн.
      5. Бiрнеше жалдаушы тұратын тұрғын үйдi барлық жалдаушылардың және олардың кәмелетке толған отбасы мүшелерiнiң келiсiмiмен ғана жекешелендiруге болады. Бұл жағдайда тұрғын үй барлық жалдаушылардың ортақ үлестiк меншiгiне көшедi.
      6. Мына:
      1) олардың бірі сатып алуды жүзеге асыруға келіспеген жағдайда, жекелеген жалдау шарттарына сәйкес бірнеше жалдаушыға жалға берілетін;
      2) уақытша құрылыстардағы;
      3) белгіленген санитарлық және техникалық талаптарға жауап бермейтін;
      4) одан әрі тұруға жарамсыз болуына байланысты тұрғын емес үй-жайларға қайта жабдықталуға тиіс;
      5) әскери қалашықтардың, шекара заставаларының және өзге де жабық объектiлердің аумағында орналасқан:
      6) ерекше қорғалатын табиғат аумақтарында орналасқан;
      7) бұзылуға тиіс;
      8) жалғыз тұрғын үйі Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен авариялық жағдайда деп танылған азаматтардың пайдалануына коммуналдық тұрғын үй қорынан берілген тұрғын үйлерді жекешелендіруге болмайды.
      Еңбек шарты бойынша жұмыс істейтін адамдарға, оқу кезеңінде студенттерге (курсанттарға, аспиранттарға) және оқушыларға берілген жатын орындық үлгідегі, сондай-ақ бөлмелік үлгідегі тұрғын үйлер де жекешелендірілмеуге тиіс.
      7. Мемлекеттік тұрғын үй қорынан өздері тұратын тұрғын үйлерін меншігіне тегін алуға:
      1) Ұлы Отан соғысының мүгедектері мен қатысушылары. Ұлы Отан соғысының мүгедегі немесе қатысушысы қайтыс болған жағдайда, оған берілген тұрғын үйді тегін алу құқығы оның отбасы мүшелеріне өтеді;
      2) 1 және 2-топтағы мүгедектер;
      3) Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың, басқа да радиациялық апаттар мен азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектiлерде болған авариялардың салдарын жоюға қатысқан, сондай-ақ ядролық сынақтар мен оқуларға тікелей қатысқан адамдар;
      4) Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтар;
      5) бұрынғы Кеңестік Социалистік Республикалар Одағын қорғау кезінде, әскери қызметтің өзге де міндеттерін орындау кезінде және басқа кезеңдерде жаралану, контузия алу, мертiгу немесе майданда болуға байланысты, сондай-ақ Ауғанстанда немесе соғыс қимылдары жүргiзiлген басқа да мемлекеттерде әскери қызметін өткеру кезiнде ауру салдарынан мүгедек болған әскери қызметшілер;
      6) Арал маңындағы экологиялық қасірет салдарынан зардап шеккен азаматтар;
      7) күнтiзбемен есептегенде жиырма және одан да көп жыл қызмет атқарған әскери қызметшiлер құқылы.
      8. Азаматтар Қазақстан Республикасының аумағында мемлекеттік тұрғын үй қорынан бір тұрғын үйді ғана жекешелендіруге құқылы.»;
      8) 67-бап мынадай редакцияда жазылсын:
      «67-бап. Мемлекеттiк тұрғын үй қорынан тұрғын үй беру шарттары
      1. Коммуналдық тұрғын үй қорынан тұрғын үй немесе жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үй тұрғын үйге мұқтаж, осы елді мекенде тұрақты тұратын (тұру мерзіміне қарамастан) және:
      1) Ұлы Отан соғысының мүгедектері мен қатысушыларына;
      2) халықтың әлеуметтік жағынан қорғалатын табысы аз топтарына;
      3) мемлекеттiк қызметшiлерге, бюджеттiк ұйымдардың қызметкерлерiне, әскери қызметшiлерге және сайланбалы мемлекеттiк қызмет атқаратын адамдарға;
      4) жалғыз тұрғын үйі Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен авариялық жағдайда деп танылған азаматтарға жататын Қазақстан Республикасы азаматтарының пайдалануына беріледі.
      Мемлекеттiк қызметшiлерге, бюджеттiк ұйымдардың қызметкерлерiне, әскери қызметшiлерге және сайланбалы мемлекеттiк қызмет атқаратын адамдарға берiлетiн тұрғын үйлер, жергiлiктi атқарушы орган жалдаған тұрғын үйлердi қоспағанда, қызметтiк тұрғын үйге теңестiрiледi.
      2. Мемлекеттік кәсіпорындардың тұрғын үй қорынан тұрғын үйлер осы кәсіпорынның тұрғын үйге мұқтаж қызметкерлерінің пайдалануына беріледі. Оларға берілетін тұрғын үйлер қызметтiк тұрғын үйлерге теңестiрiледi.
      3. Мемлекеттік мекемелердің тұрғын үй қорынан тұрғын үйлер осы елді мекенде осы мекеменің тұрғын үйге мұқтаж қызметкерлерінің пайдалануына беріледі.
      Жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларын іске асыру мақсатында құрылған мемлекеттік мекемелердің тұрғын үй қорынан тұрғын үйлер осы елді мекенде тұру не тұрмауына қарамастан, Қазақстан Республикасының халықты жұмыспен қамту туралы заңнамасына сәйкес жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қатысатын Қазақстан Республикасының азаматтарына да беріледі.
      Жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларын іске асыру мақсатында құрылған мемлекеттік мекемелердің тұрғын үй қорынан Қазақстан Республикасының халықты жұмыспен қамту туралы заңнамасына сәйкес жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қатысатын Қазақстан Республикасының азаматтарына тұрғын үй берудің міндетті шарты жаңа тұрғылықты жері бойынша оның отбасы мүшелерін қоса алғанда, меншік құқығында тұрғын үйінің болмауы болып табылады.
      Мемлекеттік мекемелер беретін тұрғын үйлер қызметтік болып табылады.
      4. Мемлекеттiк тұрғын үй қорынан тұрғын үй өздерiнiң жалғыз тұрғын үйi ипотекалық тұрғын үй қарызы бойынша ипотека нысанасы болған және оны Қазақстан Республикасының тұрғын үй заңнамасына сәйкес жергiлiктi атқарушы орган сатып алған Қазақстан Республикасының азаматтарына берiледi.»;
      9) 69-бап мынадай редакцияда жазылсын:
      «69-бап. Азаматтарды мемлекеттік тұрғын үй қорындағы
               тұрғын үйге мұқтаж деп тану
      Азаматтар егер:
      1) есепке қойған кезде және коммуналдық тұрғын үй қорынан немесе мемлекеттік кәсіпорынның тұрғын үй қорынан тұрғын үй беру сәтінде Қазақстан Республикасының аумағында меншiк құқығымен өздерiнiң тұрғын үйi болмаса;
      2) есепке қойған кезде және коммуналдық тұрғын үй қорынан немесе мемлекеттік кәсіпорынның тұрғын үй қорынан тұрғын үй беру сәтінде осы елдi мекенде меншiк құқығында тұрғын үйі болмаса;
      3) осы елді мекенде тұрақты пайдалануында коммуналдық тұрғын үй қорындағы тұрғын үйі болмаса;
      4) отбасы тұратын тұрғын үй нормативтiк санитарлық және техникалық талаптарға сай келмесе;
      5) оқшауланбаған, шектес тұрғын үй-жайларда екi және одан да көп отбасы тұрып жатса;
      6) отбасы құрамында кейбiр созылмалы аурулардың ауыр түрлерiмен ауыратын науқастар болып (Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен аурулардың тiзiмi бойынша), бiр үй-жайда (пәтерде) олармен бiрге тұру мүмкiн болмаса, мемлекеттік тұрғын үй қорындағы тұрғын үйге мұқтаж деп танылады.»;
      10) 71-бап мынадай редакцияда жазылсын:
      «71-бап. Мемлекеттiк тұрғын үй қорынан тұрғын үй немесе
               жеке тұрғын үй қорынан жергiлiктi атқарушы орган
               жалдаған тұрғын үй беруге болатын азаматтарды есепке алу
      1. Коммуналдық тұрғын үй қорынан тұрғын үй немесе жеке тұрғын үй қорынан жергiлiктi атқарушы орган жалдаған тұрғын үй беруге болатын азаматтарды есепке алуды тұрғылықты жерi бойынша ауданның, облыстық маңызы бар қаланың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергiлiктi атқарушы органдары жүзеге асырады.
      Осы Заңның 67-бабының 1-тармағында аталған азаматтар есепке қойылады.
      2. Мемлекеттік кәсіпорынның тұрғын үй қорынан тұрғын үй беруге болатын азаматтарды есепке алу жұмыс орны бойынша мемлекеттік кәсіпорында жүзеге асырылады.
      Осы Заңның 67-бабының 2-тармағында аталған азаматтар есепке қойылады.
      3. Мемлекеттік мекеменің тұрғын үй қорынан тұрғын үй беруге болатын азаматтарды есепке алу жұмыс орны бойынша мемлекеттік мекемеде жүзеге асырылады.
      Осы Заңның 67-бабының 3-тармағында аталған азаматтар есепке қойылады.
      4. Мемлекеттiк тұрғын үй қорындағы тұрғын үйге немесе жеке тұрғын үй қорынан жергiлiктi атқарушы орган жалдаған тұрғын үйге мұқтаж азаматтарды есепке қою тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
      5. Ауданның, облыстық маңызы бар қаланың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергiлiктi атқарушы органдары коммуналдық тұрғын үй қорындағы тұрғын үйге мұқтаж адамдардың есебінде тұрған азаматтардың кезектілік тізіміне жыл сайын түгендеу жүргізеді.»;
      11) 74-бапта:
      2-тармақта:
      бірінші бөлікте:
      бірінші абзацта:
      «Ауданның (облыстық маңызы бар қаланың,» деген сөздер «Ауданның, облыстық маңызы бар қаланың,» деген сөздермен ауыстырылсын;
      «мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй немесе жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үй берілуге мұқтаж адамдар» деген сөздер «коммуналдық тұрғын үй қорындағы тұрғын үйге немесе жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үйге мұқтаж адамдар» деген сөздермен ауыстырылсын;
      2) және 3) тармақшалар мынадай редакцияда жазылсын:
      «2) халықтың әлеуметтік осал топтары;
      3) мемлекеттiк қызметшiлер, бюджеттiк ұйымдардың қызметкерлерi, әскери қызметшiлер және сайланбалы мемлекеттiк қызмет атқаратын адамдар;»;
      екінші бөлікте:
      «мемлекеттiк» деген сөз «коммуналдық» деген сөзбен ауыстырылсын;
      «басқа да заң актiлерiнде» деген сөздер «Қазақстан Республикасының басқа да заңнамалық актілерінде» деген сөздермен ауыстырылсын;
      «дара (бөлек) тiзiмдердiң» деген сөздерден кейін «, сондай-ақ тұрғын үйге мұқтаж, мемлекеттік кәсіпорында және (немесе) мемлекеттік мекемеде есепте тұрған адамдар тізімдерінің» деген сөздермен толықтырылсын;
      «ауданның (облыстық маңызы бар қаланың),» деген сөздер «ауданның, облыстық маңызы бар қаланың,» деген сөздермен ауыстырылсын;
      үшінші бөлікте:
      «Ауданның (облыстық маңызы бар қаланың),» деген сөздер «Ауданның, облыстық маңызы бар қаланың,» деген сөздермен ауыстырылсын;
      «мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй немесе жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үй берілуге мұқтаждар» деген сөздер «коммуналдық тұрғын үй қорындағы тұрғын үйге немесе жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үйге мұқтаж адамдар» деген сөздермен ауыстырылсын;
      «бұқаралық ақпарат құралдары арқылы» деген сөздер «мерзімді баспасөз басылымдарында және интернет-ресурстарда» деген сөздермен ауыстырылсын;
      мынадай мазмұндағы 2-1 және 2-2-тармақтармен толықтырылсын:
      «2-1. Мемлекеттік кәсіпорындар мемлекеттік кәсіпорынның тұрғын үй қорындағы тұрғын үйге мұқтаж азаматтардың кезектілік тізімін жүргізеді және мемлекеттік кәсіпорында тұрғын үй алған адамдардың тізімін олардың кезегін көрсете отырып, жариялайды.
      2-2. Мемлекеттік мекемелер мемлекеттік кәсіпорынның тұрғын үй қорындағы тұрғын үйге мұқтаж азаматтардың кезектілік тізімін жүргізеді және мемлекеттік мекемеде тұрғын үй алған адамдардың тізімін олардың кезегін көрсете отырып, жариялайды.»;
      12) 77-бап мынадай редакцияда жазылсын:
      «77-бап. Мемлекеттiк тұрғын үй қорынан тұрғын үй
               немесе жеке тұрғын үй қорынан жергiлiктi
               атқарушы орган жалдаған тұрғын үй беру туралы шешiм
      1. Коммуналдық тұрғын үй қорынан тұрғын үй немесе жеке тұрғын үй қорынан жергiлiктi атқарушы орган жалдаған тұрғын үй тұрғын үй комиссиясы шешімінің негізінде өтініш берушiнiң тұрғылықты жерi бойынша жергiлiктi атқарушы органның шешiмiмен берiледi.
      2. Мемлекеттік кәсіпорынның тұрғын үй қорынан тұрғын үй мемлекеттік кәсіпорынның тұрғын үй комиссиясының тұрғын үй беру туралы шешімінің және үш данада жасалатын тұрғын үйді жалдау шартының негізінде берiледi. Дананың біреуі мемлекеттік кәсіпорынның әкімшілігінде сақталады, екіншісі жергілікті атқарушы органға беріледі, ол қатаң есептегі құжат ретінде сақталады, үшіншісі өтініш берушіге беріледі және тұрғын үйде тұру құқығын беретін жалғыз құжат болып табылады.
      3. Мемлекеттік мекеменің тұрғын үй қорынан тұрғын үй мемлекеттік мекеменің тұрғын үй комиссиясының тұрғын үй беру туралы шешімінің және үш данада жасалатын тұрғын үйді жалдау шартының негізінде берiледi. Дананың біреуі мемлекеттік мекеменің әкімшілігінде сақталады, екіншісі жергілікті атқарушы органға беріледі, ол қатаң есептегі құжат ретінде сақталады, үшіншісі өтініш берушіге беріледі және тұрғын үйде тұру құқығын беретін жалғыз құжат болып табылады.»;
      13) 79-бап алып тасталсын;
      14) 80-бапта:
      1-тармақ «мемлекеттiк кәсiпорын» деген сөздерден кейін «немесе мемлекеттік мекеменің» деген сөздермен толықтырылсын;
      2-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      «2. Мемлекеттiк тұрғын үй қорынан тұрғын үйдi немесе жеке тұрғын үй қорынан жергiлiктi атқарушы орган жалдаған тұрғын үйдi жалдаудың үлгi шартын, мемлекеттiк тұрғын үй қорынан тұрғын үйдi немесе жеке тұрғын үй қорынан жергiлiктi атқарушы орган жалдаған тұрғын үйдi беру және пайдалану тәртібін Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтедi.»;
      15) 96-баптың бірінші бөлігіндегі «100, 101, 110» деген цифрлар «101 және 110» деген цифрлармен ауыстырылсын;
      16) 97-баптың 1-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
      «1. Мемлекеттiк тұрғын үй қорындағы тұрғын үйдi пайдаланғаны үшiн төлемақы мөлшерiн, егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше белгiленбесе, мемлекеттiк тұрғын үй қорындағы тұрғын үйдi пайдаланғаны үшiн төлемақы мөлшерiн есептеу әдістемесіне сәйкес ауданның, облыстық маңызы бар қаланың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергiлiктi атқарушы органы (коммуналдық тұрғын үй қорынан), мемлекеттік мекеменің әкімшілігі (мемлекеттік мекеменің тұрғын үй қорынан) немесе мемлекеттiк кәсiпорынның әкiмшiлiгi (мемлекеттiк кәсiпорынның тұрғын үй қорынан) белгiлейдi.»;
      17) 100-бап алып тасталсын;
      18) 101-бап мынадай редакцияда жазылсын:
      «101-бап. Қызметтiк тұрғын үйлерге теңестiрiлген
                тұрғын үйлердiң құқықтық режимi
      1. Қызметтiк тұрғын үйлерге теңестiрiлген тұрғын үйлердi пайдалану жөнiндегi қатынасқа осы Заңның 93 және 95-баптарының қағидалары қолданылмайды.
      2. Қызметтiк тұрғын үйлерге теңестiрiлген тұрғын үйлердi беру және оларды пайдалану тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
      3. Мемлекеттiк қызметшiлер мен бюджеттiк ұйымдардың қызметкерлерi, мемлекеттiк сайланбалы қызмет атқаратын адамдар, егер олар мемлекеттiк қызметте, мемлекеттік кәсіпорында немесе бюджеттiк ұйымдарда (мемлекеттiк сайланбалы қызметте болу мерзiмiн қосқанда) кемiнде он жыл жұмыс iстесе, сондай-ақ еңбек қатынастары мынадай негіздер бойынша:
      1) ұйымның таратылуы, қызметкерлер санының немесе штатының қысқартылуы бойынша;
      2) одан әрi қызмет iстеуге кедергi келтiретiн сырқатына байланысты;
      3) зейнеткерлікке шығуына байланысты тоқтатылса, жұмыс iстеген мерзiмiне қарамастан, өздерi тұратын қызметтiк тұрғын үйлерге теңестiрiлген тұрғын үйлердi қалдық құны бойынша жекешелендiре алады.
      Қызметтiк тұрғын үйге теңестiрiлген тұрғын үй берілген қызметкер қайтыс болған жағдайда жекешелендіру құқығы қайтыс болған (қаза тапқан) адамның жұмыс iстеген мерзiмiне қарамастан, қайтыс болған (қаза тапқан) адамның отбасы мүшелеріне ауысады.
      4. Сол елдi мекенде қызмет атқарған кезеңде қызметтiк тұрғын үйге теңестiрiлген тұрғын үй берiлген әскери қызметшiлер он жыл әскери қызмет стажынан кейiн, ал еңбек сiңiрген жылдары, науқастануы немесе штаттың қысқаруы бойынша қызметтен босаған кезде қызмет мерзiмiне қарамастан оны (әскери қалашықтарда, шекара заставаларында және өзге де жабық объектiлерде орналасқан тұрғын үйлерден басқасын) жекешелендiруге құқылы.
      Мұндай тұрғын үйдi, оның жабық және оқшауланған әскери қалашықтарда, шекара заставаларында орналасуы себептi жекешелендiру мүмкiн болмаған жағдайларда, жекешелендiру құқығы басқа жерден тиiсiнше тұрғын үй сатып алу (салу) үшiн оның құнын төлеу арқылы өтеледi.
      Күнтiзбемен есептегенде жиырма және одан да көп жыл қызмет атқарған әскери қызметшiлердiң тұрғын үй-жайды тегiн жекешелендiруге құқығы бар.
      Қызметтiк тұрғын үйге теңестiрiлген тұрғын үй берілген әскери қызметшi қайтыс болған жағдайда жекешелендіру құқығы қайтыс болған (қаза тапқан) адамның жұмыс iстеген мерзiмiне қарамастан, қайтыс болған (қаза тапқан) адамның отбасы мүшелеріне ауысады.
      Осы тармақта көрсетiлген жеңiлдiктер бiр рет қолданылады.
      Көрсетілген жеңілдіктер кемінде жиырма жыл қызмет атқарған, арнаулы атақтар алу және нысанды киім киіп жүру құқықтары 2012 жылғы 1 қаңтардан бастап жойылған адамдарға да қатысты қолданылады.
      5. Мемлекеттік кәсіпорынның тұрғын үй қорындағы тұрғын үйді меншік иесінің немесе ол уәкілеттік берген мемлекеттік органның жазбаша келісімімен мемлекеттiк кәсіпорынның тұрғын үй қорындағы басқа тұрғын үйге айырбастауға болады.
      6. Тұрғын үй комиссиясы тұрғын үйді жекешелендіру туралы шешім шығарған кезде аталған тұрғын үй жалдаушының кейіннен жекешелендіруі үшін коммуналдық тұрғын үй қорына ауыстырылады.
      7. Осы бапта көрсетілген адамдарды шығаруға осы Заңның 14-тарауында көзделген негiздер бойынша жол берiледi.
      8. Қызметтiк тұрғын үйлерге теңестiрiлген тұрғын үйлерді жекешелендіру тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.»;
      19) 109 және 110-баптар мынадай редакцияда жазылсын:
      «109-бап. Қызметтiк тұрғын үйлер
      1. Қызметтiк тұрғын үйлер жалдау шарты бойынша өздерiнiң еңбек қатынастарының сипатына байланысты жұмыс орны бойынша тұруға тиiстi азаматтарды тұрғызуға, сондай-ақ Қазақстан Республикасының халықты жұмыспен қамту туралы заңнамасына сәйкес жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қатысатын Қазақстан Республикасының азаматтарына арналады.
      2. Мемлекеттiк мекемелердің қызметкерлері, егер олар мемлекеттiк қызметте, бюджеттiк ұйымдарда немесе мемлекеттік кәсіпорындарда (мемлекеттiк сайланбалы қызметте болу мерзiмiн қосқанда) кемiнде он жыл жұмыс iстесе, сондай-ақ еңбек қатынастары мынадай негіздер бойынша:
      1) ұйымның таратылуы, қызметкерлер санының немесе штатының қысқартылуы бойынша;
      2) одан әрi қызмет iстеуге кедергi келтiретiн сырқатына байланысты;
      3) зейнеткерлікке шығуына байланысты тоқтатылса, жұмыс iстеген мерзiмiне қарамастан, өздерi тұратын қызметтiк тұрғын үйлерді қалдық құны бойынша жекешелендiре алады.
      Қызметтiк тұрғын үй берілген қызметкер қайтыс болған жағдайда жекешелендіру құқығы қайтыс болған (қаза тапқан) адамның жұмыс iстеген мерзiмiне қарамастан, қайтыс болған (қаза тапқан) адамның отбасы мүшелеріне ауысады.
      Егер Қазақстан Республикасының халықты жұмыспен қамту туралы заңнамасына сәйкес жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қатысушы ретінде қызметтік тұрғын үй берілген Қазақстан Республикасының азаматтары қызметтік тұрғын үйде кемінде бес жыл тұрса, олар өздері тұратын қызметтiк тұрғын үйлерді қалдық құны бойынша жекешелендiре алады.
      3. Қызметтiк тұрғын үйлерді жекешелендіру тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
      4. Тұрғын үй комиссиясы қызметтік тұрғын үйді жекешелендіру туралы шешім шығарған кезде, ол кейіннен жалдаушының меншігіне берілуімен коммуналдық тұрғын үй қорына ауыстырылады.
      110-бап. Қызметтiк тұрғын үйдi беру және оны пайдалану
      1. Азаматтардың еңбек қатынастарының сипатына байланысты өз міндеттерін орындауы кезеңінде оларды қоныстандыруға арналған қызметтік тұрғын үйді беру және оны пайдалану тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
      Азаматтардың еңбек қатынастарының сипатына байланысты өз міндеттерін орындауы кезеңінде оларды қоныстандыруға арналған қызметтік тұрғын үйді пайдалануға осы Заңның 90, 93 және 95-баптарының қағидалары қолданылмайды.
      2. Қазақстан Республикасының халықты жұмыспен қамту туралы заңнамасына сәйкес жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қатысатын Қазақстан Республикасының азаматтарын қоныстандыруға арналған қызметтік тұрғын үйді беру және оны пайдалану тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
      Қазақстан Республикасының халықты жұмыспен қамту туралы заңнамасына сәйкес жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қатысатын Қазақстан Республикасының азаматтарын қоныстандыруға арналып берілетін қызметтік тұрғын үйге осы Заңның 71-74, 90, 93 және 95-баптары қолданылмайды.»;
      20) 111-баптың 1-тармағындағы «101-бабындағы 5-тармақтың 1), 2), 3) тармақшаларында, сондай-ақ екiншi бөлiгiнде» деген сөздер «109-бабының 2-тармағында» деген сөздермен ауыстырылсын;
      21) 113-бап алып тасталсын.
      2. «Неке және отбасы туралы» 1998 жылғы 17 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1998 ж., № 23, 430-құжат; 2001 ж., № 24, 338-құжат; 2004 ж., № 23, 142-құжат; 2006 ж. № 1, 5-құжат; 2007 ж., № 3, 20-құжат; № 9, 67-құжат; № 20, 152-құжат; 2011 жылғы 31 наурызда «Егемен Қазақстан» және «Казахстанская правда» газеттерінде жарияланған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне шаруа немесе фермер қожалықтары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2011 жылғы 24 наурыздағы Қазақстан Республикасының Заңы):
      111-баптың 3-тармағы мынадай мазмұндағы төртінші бөлікпен толықтырылсын:
      «Қорғаншыларға немесе қамқоршыларға жетім баланы (жетім балаларды) және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған баланы (балаларды) асырап-бағуға жәрдемақы тағайындау тәртібін және оны төлеу мөлшерін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.».
      3. «Халықты жұмыспен қамту туралы» 2001 жылғы 23 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2001 ж., № 3, 18-құжат; 2004 ж., № 2, 10-құжат; 2005 ж., № 7-8, 19-құжат; № 17-18, 76-құжат; 2006 ж., № 3, 22-құжат; № 10, 52-құжат; 2007 ж., № 2, 14, 18-құжаттар; № 3, 20-құжат; № 8, 52-құжат; № 9, 67-құжат; № 15, 106-құжат; № 20, 152-құжат; 2009 ж., № 1, 4-құжат; № 9-10, 50-құжат; № 18, 84-құжат; 2010 ж., № 5, 23-құжат; № 8, 41-құжат; 2011 ж., № 1, 2-құжат; № 2, 21-құжат):
      1) 1-бап мынадай редакцияда жазылсын:
      «1-бап. Негiзгi ұғымдар
      Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:
      1) әлеуметтiк жұмыс орны – жұмыс беруші нысаналы топтардағы азаматтарды жұмысқа орналастыру үшiн жергiлiктi атқарушы органмен шарттық негізде құратын, жұмыс берушiнiң олардың еңбегiне ақы төлеу шығындары iшiнара өтелетiн жұмыс орны;
      2) әлеуметтік келісімшарт – жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің мемлекеттік шараларына қатысатын жұмыссыздар, өз бетінше жұмыспен айналысушылар, табысы аз азаматтар қатарындағы адамдар мен халықты жұмыспен қамту орталықтары арасындағы тараптардың құқықтары мен өзара міндеттемелерін айқындайтын келісім;
      3) бос орын – жұмыс берушiдегi бос жұмыс орны (қызмет);
      4) еңбек нарығы – экономикалық белсенді халыққа сұраныс пен ұсыныстың қалыптасу саласы;
      5) еркiн таңдап алынған жұмыс – азаматтардың өздерiнiң еңбекке, жұмыс орны мен кәсiптi таңдау қабiлетiн еркiн пайдалану арқылы таңдап алған қызметi;
      6) жалақыны субсидиялау – жұмыс берушінің халықты жұмыспен қамту орталықтарының жолдауы бойынша жұмысқа орналастырған қызметкерлердің еңбегіне ақы төлеу шығындарының бір бөлігін өтеу;
      7) жастар практикасы – атқарушы органдар өңірлік еңбек нарығындағы жағдайды ескере отырып ұйымдастыратын, кәсіптік білім беру ұйымдарының түлектері алған кәсібі (мамандығы) бойынша бастапқы жұмыс тәжірибесін жинақтау үшін жүзеге асыратын еңбек қызметінің түрі;
      8) жеке жұмыспен қамту агенттiгi – Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен тiркелген, жұмысқа орналастыруда жәрдем көрсететiн кез келген жеке және заңды тұлға;
      9) жұмысқа орналастыру – халықтың еңбекпен қамтылуына ықпал етуге арналған ұйымдастырушылық, экономикалық және құқықтық iс-шаралар кешенi;
      10) жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шаралары – мемлекет осы Заңда және өзге де нормативтік құқықтық актілерде белгіленген тәртіппен жүзеге асыратын өз бетінше жұмыспен айналысушылар, жұмыссыздар және табысы аз адамдар қатарындағы Қазақстан Республикасының азаматтары мен оралмандарды мемлекеттік қолдау шаралары;
      11) жұмыспен қамтылу – азаматтардың Қазақстан Республикасының Конституциясына, заңдары мен өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiне қайшы келмейтiн жеке қажеттіліктерiн қанағаттандыруға байланысты және оларға табыс немесе кiрiс әкелетiн қызметi;
      12) жұмыспен нәтижелi қамтылу – тұрақты экономикалық өсу мен әлеуметтiк нәтиженi қамтамасыз ететiн жұмыспен қамтылу;
      13) жұмыссыздар – табыс әкелетiн еңбек қызметiмен айналыспайтын, жұмыс iздеп жүрген және еңбек етуге әзiр, еңбекке жарамды жастағы адамдар;
      14) жұмыссыздық – экономикалық тұрғыдан белсендi халықтың бiр бөлiгiнiң еңбек нарығында қажет болмай қалуына байланысты әлеуметтiк-экономикалық құбылыс;
      15) жұмыссыздықтан әлеуметтiк қорғау – осы Заңда және өзге де нормативтік құқықтық актiлерде белгiленген тәртiппен мемлекет жүзеге асыратын шаралар кешенi;
      16) қоғамдық жұмыстар – атқарушы органдар ұйымдастыратын, қызметкердiң алдын ала кәсiби даярлықтан өтуiн талап етпейтiн, әлеуметтiк пайдалы бағыттағы және азаматтарды уақытша жұмыспен қамтамасыз ету үшiн жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілеттi органдардың жолдамасы бойынша олар орындайтын еңбек қызметiнiң түрлерi;
      17) нысаналы топтар – жұмысқа орналасуда қиындық көрiп жүрген және әлеуметтiк қорғауды қажет ететiн адамдар ретiнде осы Заңмен белгiленген адамдар топтары;
      18) орталық атқарушы орган – халықты жұмыспен қамту саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асыруды үйлестiріп отыратын мемлекеттік орган;
      19) өз бетiнше жұмыспен айналысушылар – жеке тұтынуға арналған өндірісті қоса алғанда, табыс алу үшін тауарлар мен қызметтерді өндірумен (өткізумен) жеке айналысатын адамдар, сондай-ақ өндірістік кооператив мүшелері, отбасылық кәсіпорындардың (шаруашылықтардың) еңбекақы төленбейтін қызметкерлері мен жалдамалы қызметкерлердің еңбегін пайдаланушы жұмыс берушілер;
      20) табысы аз азаматтар (отбасылар) – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес атаулы әлеуметтiк көмекті және /немесе 18 жасқа дейінгі балаларға арналған жәрдемақыны алуға құқығы бар, еңбекке жарамды жастағы адамдар;
      21) уәкiлеттi орган – өңірлік деңгейде халықтың жұмыспен қамтылуына жәрдемдесуді және жұмыссыздықтан әлеуметтiк қорғауды қамтамасыз ететiн жергiлiктi атқарушы органдардың құрылымдық бөлiмшесi;
      22) ұзаққа созылған жұмыссыздық – он екі және одан да көп айға созылған жұмыссыздық;
      23) халықты жұмыспен қамту орталығы – жергілікті атқарушы орган жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларын іске асыру мақсатында ауданда, қалада (облыстық, республикалық маңызы бар), астанада құратын мемлекеттік мекеме;
      24) шетелдік жұмыс күшін тартуға арналған квота (бұдан әрі – квота) – Республиканың экономикалық тұрғыда белсенді халқының санына шаққанда пайызбен алынған шетелдік жұмыс күшінің Қазақстан Республикасының Үкіметі жыл сайын белгілейтін үлесі;
      25) экономикалық тұрғыдан белсендi халық (жұмыс күшi) – тауарлар мен қызметтерді өндіру үшін жұмыс күшін ұсынуды қамтамасыз ететін, халықтың экономикалық белсенділігін өлшеу үшін белгіленген жастағы халықтың бөлігі (экономикада жұмыспен қамтылғандар және жұмыссыздар);
      26) экономикалық тұрғыдан енжар халық – жұмыспен қамтылғандар немесе жұмыссыздар болып табылмайтын адамдар.»;
      2) 2-тарау мынадай мазмұндағы 5-1-баппен толықтырылсын:
      «5-1-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінің құзыреті
                Қазақстан Республикасының Үкіметі:
      1) халықты жұмыспен қамту саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын әзірлейді;
      2) қызметкерлер мен жұмыс берушілер өкілдерінің қатысуымен Қазақстан Республикасының стратегиялық даму жоспарының негізінде халықты жұмыспен қамту бағдарламаларын әзірлейді;
      3) жыл сайын шетелдік жұмыс күшін тартуға квота белгілейді;
      4) Қазақстан Республикасының банктеріне жұмыс берушінің кепілдік жарна енгізу тәртібін, шарттарын және оның мөлшерін айқындайды;
      5) квота белгілеудің тәртібін, жұмыс берушілерге шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсат берудің шарттары мен тәртібін айқындайды;
      6) жұмыс күшін Қазақстан Республикасынан тыс жерге шығарумен байланысты қызметке лицензия берудің шарттары мен тәртібін айқындайды;
      7) кәсіптік даярлауды, біліктілікті арттыруды және қайта даярлауды ұйымдастыру және қаржыландыру тәртібін бекітеді;
      8) қоғамдық жұмыстарды ұйымдастыру және қаржыландыру тәртібін бекітеді;
      9) әлеуметтік жұмыс орындарын ұйымдастыру және қаржыландыру тәртібін бекітеді;
      10) жастар практикасын ұйымдастыру және қаржыландыру тәртібін бекітеді;
      11) жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қатысатын адамдарды оқытуға және олардың жұмысқа орналасуына жәрдемдесуді және оларға мемлекеттік қолдау шараларын ұсынуды ұйымдастыру және қаржыландыру тәртібін бекітеді;
      12) жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қатысатын адамдарға кәсіпкерлікті дамытуға мемлекеттік қолдау көрсетуді ұйымдастыру және қаржыландыру тәртібін бекітеді;
      13) микроқаржы ұйымдарына конкурстық негізде кредит беру тәртібін бекітеді;
      14) жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қатысатын адамдардың ұтқырлығын арттыруға жәрдемдесудің және оларға мемлекеттік қолдау шараларын көрсетудің тәртібін бекітеді;
      15) Қазақстан Республикасының Конституциясында, заңдарында және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.»;
      3) 6-баптың 2-тармағында:
      9) тармақшадағы «бекітуге міндетті.» деген сөздер «бекітуге;» деген сөзбен ауыстырылсын;
      мынадай мазмұндағы 10), 11), 12), 13) тармақшалармен толықтырылсын:
      «10) халықты жұмыспен қамту орталығының үлгі жарғысын әзірлеуге және бекітуге;
      11) жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қатысатын азаматтарды өз бетінше жұмыспен айналысушылар, жұмыссыздар және табысы аз адамдар қатарына жатқызу критерийлерін айқындау тәртібін бекітуге;
      12) ағымдағы бос орындар және болжамды жұмыс орындары дерекқорына енгізу үшін қажетті мамандықтар мен бос жұмыс орындары туралы мәліметті ұсыну үшін нысандарды әзірлеуге және бекітуге;
      13) халықты жұмыспен қамту бағдарламаларын іске асыру мәселелері жөніндегі аудандық (қалалық) және өңірлік комиссиялар туралы үлгі ережелерді әзірлеуге және бекітуге міндетті.»;
      4) 7-бап мынадай мазмұндағы 5-7) тармақшамен толықтырылсын:
      «5-7) жастар практикасын ұйымдастыру;»;
      5) 12-баптың 1-тармағында:
      бірінші абзацтағы «әлеуметтiк-экономикалық дамудың индикативтiк жоспарлары» деген сөздер «Қазақстан Республикасының стратегиялық даму жоспары мен аумақтарды дамыту бағдарламалары» деген сөздермен ауыстырылсын;
      5) тармақшадағы «жұмыссыздарды» деген сөз «азаматтарды» деген сөзбен ауыстырылсын;
      10) тармақшадағы «жұмыс орындарын ашуды көздейтiн бағдарламаларын әзiрлейдi және бекiтедi.» деген сөздер «жұмыс орындарын ашуды;» деген сөздермен ауыстырылсын;
      мынадай мазмұндағы 11) тармақшамен толықтырылсын:
      «11) жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына іске асыруға бағытталған іс-шараларды көздейтiн бағдарламаларын әзiрлейдi және бекiтедi.»;
      6) мынадай мазмұндағы 12-1-баппен толықтырылсын:
      «12-1-бап. Халықты жұмыспен қамту орталықтары
      1. Халықты жұмыспен қамту орталығы жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларын іске асыру мақсатында құрылады.
      2. Халықты жұмыспен қамту орталықтары:
      1) жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қатысу үшін Қазақстан Республикасының азаматтары мен оралмандарды санаттары бойынша іріктеуді және бөлуді және олардың әлеуметтік қолдауға мұқтаждығын айқындауды;
      2) жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қатысушы болып табылатын Қазақстан Республикасының азаматтары мен оралмандарға бейімдеу қызметтерін және психологиялық қолдау көрсетуді;
      3) жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қатысушы болып табылатын Қазақстан Республикасының азаматтарымен және оралмандармен әлеуметтік келісімшарт жасауды;
      4) 20-1-бапта көзделген жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларын іске асыруды ұйымдастыруды;
      5) жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қатысушыларға Жұмыспен қамту бағдарламасында көзделген мемлекеттік қолдаудың өзге де шараларын көрсетуді жүзеге асырады.»;
      7) 14-бапта:
      4) тармақшадағы «көмек көрсету.» деген сөздер «көмек көрсету;» деген сөздермен ауыстырылсын;
      мынадай мазмұндағы 5) тармақшамен толықтырылсын:
      «5) жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларын көрсету.»;
      8) 15-баптың 2-тармағының бесінші абзацындағы «(СТН) ұсынған кезде қабылдайды.» деген сөздер «(СТН);» деген сөзбен ауыстырылып, мынадай мазмұндағы алтыншы абзацпен толықтырылсын:
      «оның кәсіби біліктілігін (болған жағдайда) растайтын құжаттарды, ал кәсібі (мамандығы) жоқ алғаш рет жұмыс іздеп жүрген адам үшін – білімі туралы құжатты ұсынған кезде қабылдайды.»;
      9) 18-1-баптың 4-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
      «4. Әлеуметтік жұмыс орындарын ұйымдастыру және қаржыландыру тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.»;
      10) мынадай мазмұндағы 18-2-баппен толықтырылсын:
      «18-2-бап. Жастар практикасы
      1. Жастар практикасынан өту үшін жұмыс орнын құруды жұмыс беруші жергілікті атқарушы органмен жасаған шарт негізінде жүзеге асырады.
      2. Шарт тараптардың міндеттерін, жұмыстардың түрлерін, көлемін, еңбекақы мөлшерін және оны төлеу шарттарын, жастар практикасын қаржыландыру мерзімін және көздерін қамтуға тиіс.
      3. Жастар практикасы уақытша жұмыс орындарын ұсыну немесе құру арқылы ұйымдастырылады және оның мынадай ерекшеліктері болады:
      1) кәсіптік білім беру ұйымдарының 29 жастан аспаған түлектері арасынан тіркелген жұмыссыздар үшін арнайы арналған;
      2) орындалатын жұмыс түлектің меңгерген кәсібіне (мамандығына) не оның біліктілік деңгейіне сәйкес келуге тиіс;
      3) жұмыс орындарының саны шектелмейді, жұмыс уақытша сипатта болады және оны ұйымдастыру үшін тұрақты жұмыс орындары мен бос жұмыс орындары пайдаланыла алмайды;
      4) жастар практикасына қатысушыларға еңбекақы төлеу мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
      4. Жастар практикасын ұйымдастыру және қаржыландыру тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.».
      11) мынадай мазмұндағы 20-1-баппен толықтырылсын:
      «20-1-бап. Жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шаралары
      1. Жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шаралары өз бетінше жұмыспен айналысушылар, жұмыссыздар және табысы аз адамдар қатарындағы Қазақстан Республикасының азаматтары мен оралмандарды мемлекеттік қолдау шараларын көздейді.
      2. Жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шаралары:
      1) оқытуды және жұмысқа орналасуға жәрдемдесуді;
      2) ауылда кәсіпкерлікті дамытуға жәрдемдесуді;
      3) еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттыруды қамтиды.
      3. Оқытуға және жұмысқа орналасуға жәрдемдесуге бағытталған шаралар:
      1) оқу және жұмысқа орналастыру мәселелері бойынша консультацияларды;
      2) стипендия төлей отырып, біліктілікті арттырудың, кәсіптік даярлаудың және қайта даярлаудың тегін курстарына жіберуді;
      3) оқитын адамдарға (оқу орнына дейін және кері жол жүруіне және жатақханада тұруына немесе тұрғын үйді жалға алумен байланысты шығындарды өтеуге) субсидия беруді;
      4) лайықты бос жұмыс орындарын іздеуді және жұмысқа (оның ішінде әлеуметтік жұмыс орындарына) орналасуға жәрдемдесуді;
      5) жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қатысушылардың жалақысын ішінара субсидиялауды;
      6) психологиялық бейімдеуді көздейді.
      4. Ауылда кәсіпкерлікті дамытуға жәрдемдесуге бағытталған шаралар:
      1) микрокредит беруді;
      2) инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды дамытуды;
      3) консультативтік қызмет көрсетуді;
      4) кәсіпкерлік негіздерін оқытуды көздейді.
      5. Еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттыруға бағытталған шаралар:
      1) көшуге субсидия беруді;
      2) жаңа тұрғылықты жерінде кәсіптік оқу курстарынан өтуді және жұмысқа орналасуына жәрдемдесуді;
      3) психологиялық бейімдеуді;
      4) жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қатысатын Қазақстан Республикасының азаматтарына қызметтік тұрғын үй беруді көздейді.».
      4. «Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек туралы» 2001 жылғы 17 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2001 ж., № 17-18, 247-құжат; 2004 ж., № 23, 142-құжат; 2007 ж., № 3, 20-құжат; № 10, 69-құжат; № 20, 152-құжат; 2009 ж., № 1, 4-құжат; № 23, 117-құжат):
      1) 1-бап мынадай редакцияда жазылсын:
      «1-бап. Негізгі ұғымдар
      Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
      1) әлеуметтік келісімшарт – мемлекет жүргізетін жұмыспен қамтуға жәрдемдесу жөніндегі іс-шараларға қатысатын жұмыссыздар, өз бетінше жұмыспен айналысушылар, табысы аз азаматтар қатарындағы адамдар мен халықты жұмыспен қамту орталықтары арасындағы тараптардың құқықтары мен өзара міндеттемелерін айқындайтын келісім;
      2) жан басына шаққандағы орташа табыс – отбасының жиынтық табысының айына отбасының әрбір мүшесіне келетін үлесі;
      3) жиынтық табыс – атаулы әлеуметтік көмек тағайындау кезінде ескерілетін табыс түрлерінің сомасы;
      4) мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек (бұдан әрі – атаулы әлеуметтік көмек) – жан басына шаққандағы орташа айлық табысы облыстарда (республикалық маңызы бар қалада, астанада) белгіленген кедейлік шегінен төмен адамдарға (отбасыларына) мемлекет ақшалай нысанда беретін төлем;
      5) орталық атқарушы орган – халықты әлеуметтік қорғау саласында мемлекеттік саясатты іске асыруды қамтамасыз ететін мемлекеттік орган;
      6) уәкiлеттi орган – жергiлiктi бюджет есебiнен қаржыландырылатын, атаулы әлеуметтiк көмек тағайындауды жүзеге асыратын республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның (облыстық, аудандық маңызы бар қаланың), қаладағы ауданның атқарушы органы;
      7) учаскелік комиссия – атаулы әлеуметтік көмек алуға өтініш берген адамдардың (отбасылардың) материалдық жағдайына тексеру жүргізу үшін тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік әкімдерінің шешімімен құрылатын арнайы комиссия;
      8) халықты жұмыспен қамту орталығы – жергілікті атқарушы орган жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларын іске асыру мақсатында ауданда, қалада (облыстық, республикалық маңызы бар), астанада құратын мемлекеттік мекеме.»;
      2) 2-баптың 2-тармағында:
      бірінші бөлігінің 1) тармақшасында:
      «тіркелмеген жұмыссыздарға» деген сөздерден кейін «және жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қатысудан жазбаша бас тартқан еңбекке жарамды азаматтарға» деген сөздермен толықтырылсын;
      екінші бөлік «біліктілігін арттыруға жіберілген күннен бастап,» деген сөздерден кейін «ал еңбекке жарамды азаматтар жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қатысқан күннен бастап,» деген сөздермен толықтырылсын;
      3) 3-баптың 1-тармағының екінші бөлігінде:
      3) тармақшадағы «мәліметтер.» деген сөз «мәліметтер;» деген сөзбен ауыстырылсын;
      мынадай мазмұндағы 4) тармақшамен толықтырылсын:
      «4) жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қатысқан жағдайда, әлеуметтік келісімшарттың көшірмесі.»;
      4) 4-бапта:
      2-тармақтың үшінші бөлігіндегі «жиырма күннен» деген сөздер «он бес жұмыс күнінен» деген сөздермен ауыстырылсын;
      3-тармақтағы «он күн» деген сөздер «жеті жұмыс күні» деген сөздермен ауыстырылсын;
      5) 6-баптың 1-тармағының екінші бөлігі «табыстардың барлық түрі» деген сөздерден кейін «, сондай-ақ жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қатысу шеңберінде мемлекеттік қолдау шаралары» деген сөздермен толықтырылсын;
      6) 7-баптың 2-тармағындағы «он бес күн мерзімде» деген сөздер «он жұмыс күні ішінде» деген сөздермен ауыстырылсын.
      2-бап. Осы Заң 2012 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін 1-баптың 4-тармағын қоспағанда, алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
            Президенті

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады