Еуразиялық экономикалық қоғамдастыққа мүше мемлекеттердегі жалпы кедендік үдерістер шеңберінде ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету туралы келісімге қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 17 мамырдағы № 534 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Еуразиялық экономикалық қоғамдастыққа мүше мемлекеттердегі жалпы кедендік үдерістер шеңберінде ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.
      2. Еуразиялық экономикалық қоғамдастыққа мүше мемлекеттердегі жалпы кедендік үдерістер шеңберінде ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету туралы келісімге қол қойылсын.
      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
           Премьер-Министрі                      К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің      
2011 жылғы 17 мамырдағы
№ 534 қаулысымен  
мақұлданған    

жоба 

Еуразиялық экономикалық қоғамдастыққа мүше мемлекеттердегі
жалпы кедендік үдерістер шеңберінде ақпараттық қауіпсіздікті
қамтамасыз ету туралы
КЕЛІСІМ

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Еуразиялық экономикалық қоғамдастыққа мүше мемлекеттердің үкіметтері,
      2001 жылғы 19 желтоқсандағы Еуразиялық экономикалық қоғамдастыққа мүше мемлекеттердің кеден органдары арасында тауарлар мен көлік құралдарын өткізу туралы ақпарат алмасуды ұйымдастыру туралы хаттаманы, 2009 жылғы 9 маусымдағы Еуразиялық экономикалық қоғамдастыққа мүше мемлекеттер кеден қызметтерінің қызметінде ақпараттық технологияларды қолдануға бірыңғай тәсілдер туралы келісімді және 2009 жылғы 9 маусымдағы Еуразиялық экономикалық қоғамдастыққа мүше мемлекеттер кеден қызметтерінің ақпараттық өзара іс-қимылының бірыңғай қағидаттары туралы келісімді басшылыққа ала отырып,
      Еуразиялық экономикалық қоғамдастыққа мүше мемлекеттерде жалпы кедендік үдерістерді бақылау кезінде автоматтандырылған жүйелердің өзара іс-қимылының ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында,
      Еуразиялық экономикалық қоғамдастыққа мүше мемлекеттердің аумақтары арқылы тауарлар мен көлік құралдарын өткізуді жеделдету мен жеңілдету үшін жағдайлар жасау мақсатында,
      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      1. Осы Келісімнің мақсаттары үшін мынадай терминдер мен анықтамалар пайдаланылады:
      электрондық хабарлама - ақпараттық-телекоммуникациялық желі пайдаланыла отырып берілген немесе алынған ақпарат;
      ақпарат - ұсынылу нысанына қарамастан, адамдар, заттар, фактілер, оқиғалар, құбылыстар және үдерістер туралы мәліметтер;
      ақпараттың құпиялығы - белгілі ақпаратқа қол жеткізуді алған тұлғаның мұндай ақпаратты оның иесінің келісімінсіз үшінші тұлғаға бермеу және осы ақпаратты санкцияланбаған қол жеткізуден қорғауды қамтамасыз ету талабын орындау үшін міндетті талап.
      2. Осы Келісімде арнайы айқындалмаған терминдер Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың шеңберінде жасалған басқа халықаралық шарттарда белгіленген мәндерде пайдаланылады.

2-бап

      Еуразиялық экономикалық қоғамдастыққа мүше мемлекеттерде жалпы кедендік үдерістерді бақылау кезінде электрондық хабарламалармен ақпараттық алмасу берілетін ақпараттың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін, Тараптар мемлекеттері уәкілетті органдарының пайдалануына мақұлданған құралдар пайдаланыла отырып жүзеге асырылады.
      Электрондық хабарламаларда Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына сәйкес оларға қол жеткізу шектелетін ақпарат қамтылмауы қажет.
      Ақпараттық алмасу үдерісінде алынған ақпарат тек қана кедендік мақсаттарда пайдаланылады.

3-бап

      Тараптар мемлекеттерінің кеден қызметтері өз мемлекетінің ұлттық заңнамасына сәйкес ақпараттық алмасу үдерісінде берілетін, өздерінің автоматтандырылған ақпараттық жүйелеріндегі ақпаратты қорғау бойынша шараларды дербес қабылдайды. Қабылданған шаралар:
      ақпараттық-есептеу ресурстарын бағдарламалық (компьютерлік) вирустармен зақымданудан қорғауды;
      ақпарат алмасу кезінде іске қосылған есептеу техникасының құралдары мен телекоммуникациялық жабдыққа санкцияланбаған қол жеткізуден қорғауды;
      электрондық хабарламалармен ақпараттық алмасу кезінде алынған ақпаратқа санкцияланбаған қол жеткізуден қорғауды;
      дербес автоматтандырылған ақпараттық жүйелерде де және ақпараттық алмасу кезінде де желіаралық өзара іс-қимыл кезінде желілік қауіпсіздікті қамтамасыз ету;
      ақпаратты өңдеу және дербес автоматтандырылған ақпараттық жүйелерде жіберу кезінде оның тұтастығын, қол жетімділігін және құпиялығын;
      шабуылдарды анықтауды және оның қорғалуын талдауды қамтамасыз етуі тиіс.

4-бап

      Электрондық хабарламалармен тікелей ақпараттық алмасу электрондық хабарламалардың кепілдік берілген жеткізілуін және көліктік деңгейде берілетін деректердің қорғалуын қамтамасыз ететін жүйелерді пайдалана отырып, Тараптар мемлекеттерінің кеден қызметтері арасында жүзеге асырылады.
      Жіберілетін ақпараттың құрамын, форматын, құрылымын, сондай-ақ оны беру регламентін Тараптар мемлекеттерінің кеден қызметтері екіжақты және көпжақты негізде келіседі.
      Осы Келісімге сәйкес ақпараттық өзара іс-қимылды қамтамасыз ету үшін қажетті есептеу техникасына, бағдарламалық құралдар мен байланыс құралдарына қойылатын талаптар Тараптар мемлекеттерінің кеден қызметтері арасындағы ақпараттық өзара іс-қимылдың техникалық шарттарында және халықаралық стандарттарда айқындалады.

5-бап

      Еуразиялық экономикалық қоғамдастыққа мүше млекеттердегі жалпы кедендік үдерістерді бақылау кезінде ақпараттық өзара іс-қимылға:
      ақпарат алмасу нәтижесінде алынатын электрондық хабарламалардың заңды маңыздылығын қамтамасыз ету бойынша;
      электрондық хабарламалармен ақпараттық алмасу кезінде электрондық цифрлық қолтаңбаны пайдалану бойынша талаптар қойылмайды.
      Тараптар Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына сәйкес берілетін электрондық хабарламаларға заңдық маңыздылық беру мақсатында және электрондық хабарламалардың электрондық цифрлық қолтаңбасын пайдалану туралы екіжақты және көпжақты негізде қосымша халықаралық шарттар жасасуы мүмкін.

6-бап

      Тараптар мемлекеттерінің кеден қызметтері ақпараттық өзара іс-қимыл кезінде пайдаланылатын ақпаратты қорғау құралдарын жарақтандыруды, баптауды, пайдалануды, басқару мен мониторингін дербес қамтамасыз етеді.

7-бап

      Осы Келісімнің ережелері Тараптар мемлекеттерінің кеден қызметтерін дербес автоматтандырылған ақпараттық жүйелерінде Еуразиялық экономикалық қоғамдастыққа мүше мемлекеттерді жалпы кедендік үдерістерді бақылау кезінде автоматтандырылған жүйелердің ақпараттық өзара іс-қимылы кезінде ақпаратты қорғаудың өзге, қосымша нысандары мен әдістерін қолданудан шектемейді.

8-бап

      Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады және Тараптардың оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы жазбаша хабарламаны депозитарий болып табылатын Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың Интеграциялық Комитеті алған күнінен бастап күшіне енеді.
      Осы Келісім күшіне енгеннен кейін Еуразиялық экономикалық қоғамдастыққа кірген басқа мемлекеттің қосылуы үшін ашық. Осы Келісімге қосылу туралы құжаттар депозитарийге сақтауға тапсырылады.
      Қосылған мемлекеттерге қатысты осы Келісім депозитарий қосылу туралы құжатты алған күннен бастап күшіне енеді.

9-бап

      Тараптардың өзара келісімі бойынша осы Келісімге жеке хаттамалармен ресімделетін және оның ажырамас бөлігі болып табылатын өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.

10-бап

      Тараптар арасындағы осы Келісімнің ережелерін түсіндіруге және (немесе) қолдануға байланысты даулар келіссөздер мен консультациялар жолымен шешіледі.
      Егер дау Тараптары дау Тараптарының бірі даудың басқа Тарапына келіссөздер мен консультациялар жүргізу туралы ресми жазбаша өтініш жіберген күннен бастап алты ай ішінде олар арқылы дауды реттемесе, онда дау тараптары арасында оны шешу тәсіліне қатысты өзге уағдаластық болмаған кезде дау Тараптарының кез келгені бұл дауды Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың Сотына қарауға бере алады.

11-бап

      Тараптардың әрқайсысы болжамды шығу күніне дейін кемінде алты ай бұрын өзінің осындай ниеті туралы депозитарийге жазбаша хабарлама жібере отырып, алдын ала осы Келісімге сәйкес қабылданған өз міндеттемелерін реттей отырып, осы Келісімнен шығуға құқылы.
      Осы Келісімге сәйкес алынған ақпаратты қорғау жөніндегі міндеттемелер оның қолданысының тоқтатылуына немесе қандай да бір Тараптың одан шығуына қарамастан күшінде қалады.

      2011 жылғы «__» ______ _______ қаласында орыс тілінде бір түпнұсқа дана жасалды.
      Түпнұсқа дана депозитарий болып табылатын, Тараптарға оның куәландырылған көшірмесін жіберетін Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың Интеграциялық Комитетінде сақталады.

      Беларусь                    Қазақстан                 Қырғыз
   Республикасының            Республикасының         Республикасының
    Үкіметі үшін                Үкіметі үшін            Үкіметі үшін

                     Ресей                      Тәжікстан
                 Федерациясының               Республикасының
                  Үкіметі үшін                 Үкіметі үшін  
 

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады