Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Түрікменстан Үкіметі арасындағы Қазақстан-Түрікменстан мемлекеттік шекарасы арқылы халықаралық темір жол өткізу пункті туралы келісімге қол қою туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 27 маусымдағы № 714 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Түрікменстан Үкіметі арасындағы Қазақстан-Түрікменстан мемлекеттік шекарасы арқылы халықаралық темір жол өткізу пункті туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.
       2. Қазақстан Республикасының Көлік және коммуникация министрі Асқар Қуанышұлы Жұмағалиевқа қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Түрікменстан Үкіметі арасындағы Қазақстан-Түрікменстан мемлекеттік шекарасы арқылы халықаралық темір жол өткізу пункті туралы келісімге қол қоюға өкілеттік берілсін.
      Ескерту. 2-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 2012.05.28 № 694 Қаулысымен.
      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
          Премьер-Министрі                       К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің     
     2011 жылғы 27 маусымдағы
№ 714 қаулысымен 
мақұлданған      

Жоба 

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Түрікменстан Үкіметі
арасындағы Қазақстан-Түрікменстан мемлекеттік шекарасы арқылы
халықаралық темір жол өткізу пункті туралы
келісім

(2012 жылғы 30 мамырда күшіне енді -
Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары бюллетені,
2013 ж., N 1, 2-құжат)

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Түрікменстан Үкіметі,
      1993 жылғы 19 мамырдағы Қазақстан Республикасы мен Түрікменстан арасындағы достық қатынастар және ынтымақтастық туралы келісімге сәйкес,
      Қазақстан Республикасы мен Түрікменстан арасындағы қатынасты дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасау мақсатында,
      Қазақстан-Түрікменстан мемлекеттік шекарасы арқылы жеке тұлғаларды, көлік құралдарын, жүктерді және тауарларды өткізу тәртібін жетілдіру қажеттігін басшылыққа ала отырып,
      заңсыз көші-қонды, контрабанданы анықтау және олардың жолын кесу, сондай-ақ індеттер мен эпизоотиялардың таралуының алдын алу жөнінде бірлескен және уақтылы шаралар қабылдау қажеттігін мойындай отырып,
      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      Жеке тұлғалар мен көлік құралдарының Қазақстан-Түрікменстан мемлекеттік шекарасын кесіп өтуі үшін, сондай-ақ жүктер мен тауарларды өткізу мақсатында Тараптар Маңғыстау облысы Қарақиян ауданы Болашақ станциясында (Қазақстан Республикасы) – (Түрікменстан) мемлекеттік шекара арқылы халықаралық темір жол өткізу пунктін (бұдан әрі – өткізу пункті) құрады.

2-бап

      Жеке тұлғаларды, көлік құралдарын, жүктер мен тауарларды шекаралық, кедендік бақылау және қажет болған жағдайда бақылаудың басқа да түрлері (бұдан әрі – бақылау деп аталады) Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына және олар қатысушылары болып табылатын халықаралық шарттарға сәйкес өткізу пунктінде жүзеге асырылады.
      Қажет болған жағдайда, Тараптар бірлескен бақылау үшін жағдайлар жасайды. Бірлескен бақылауды ұйымдастыру мен жүзеге асырудың тәртiбi Тараптар мемлекеттерiнiң шекара, кеден және басқа да мүдделі органдарының арасындағы жеке уағдаластықтармен айқындалатын болады.

3-бап

      Өткізу пунктін жайластыру және Тараптардың әрқайсысы мемлекеттерінің бақылау органдарының қызметі үшін қажетті инфрақұрылым жасау аяқталғаннан кейін оны ашу жүзеге асырылады.
      Тараптар белгіленген өткізу пунктінің ашылғаны немесе жабылғаны туралы бiрiн-бiрі дипломатиялық арналар арқылы хабардар етеді.
      Мыналар Тараптардың осы Келісімді орындау үшін жауапты құзыретті органдары болып табылады:
      Қазақстан Республикасынан – Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрлігі;
      Түрікменстаннан – Түрікменстанның Темір жол министрлігі.

4-бап

      Егер Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына сәйкес Тараптардың құзыретті органдарының келісімі бойынша өзгеше тәртіп белгіленбесе, өткізу пунктінің жұмысы тәулік бойы жүзеге асырылады.
      Осы Келісім Тараптардың мемлекеттері қатысушылар болып табылатын басқа халықаралық шарттар бойынша олардың құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.

5-бап

      Өткізу пункті арқылы қозғалысты шектеу немесе тоқтату Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына сәйкес олардың ұлттық қауіпсіздігінің мүддесінде, санитарлық-карантиндiк себептер бойынша, дүлей апаттар салдарынан, індеттер мен эпизоотиялар кезінде жүзеге асырылуы мүмкін.
      Осындай шектеулерді енгізетін Тарап шектеулердің себептерін және қолданылу мерзімдерін көрсете отырып, оларды енгізудің жоспарланған уақытына дейін 24 сағаттан кешіктірмей дипломатиялық арналар арқылы екінші Тарапты хабардар етеді.
      Өткізу пункттері объектілерін немесе коммуникациялық құрылыстарды жоспарлы жөндеуге байланысты Қазақстан-Түрікменстан мемлекеттік шекарасы арқылы қозғалысты шектеу немесе тоқтату туралы Тараптар бiр-бiрiне осындай жұмыстар басталғанға дейін олардың аяқталатын күні туралы хабардар ете отырып, үш айдан кешіктірмей хабарлауға тиіс.

6-бап

      Өткізу пунктінің тиісті қызметін қамтамасыз ету үшін Тараптардың әрқайсысы өз мемлекетінің аумағында қажетті инфрақұрылымды құрады.

7-бап

      Осы Келісімді іске асыру мақсатында Тараптар қажет болған жағдайда екі жақты консультациялар өткізеді.
      Осы Келісімнің ережелерін түсіндіру мен қолдануға қатысты даулар мен келіспеушіліктерді Тараптар келіссөздер жолымен шешеді.

8-бап

      Тараптардың өзара келісімі бойынша осы Келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін, олар осы Келісімнің ажырамас бөліктері болып табылатын жеке хаттамалармен ресімделеді.
      Осы Келісімнің ережелерімен немесе екі мемлекет қатысушылары болып табылатын халықаралық шарттармен реттелмеген барлық жағдайларда Тараптардың әрқайсысының ішкі ұлттық заңнамасы қолданылады.

9-бап

      Осы Келісім қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді.
      Осы Келісім бес жыл мерзімге жасалады және егер Тараптардың бiрде-бiрi ағымдағы бес жыл кезең өткенге дейін кемінде алты ай бұрын өзінің оның қолданысын ұзартпау ниеті туралы екінші Тарапқа дипломатиялық арналар арқылы жазбаша хабарлама жібермесе, кейінгі бес жыл кезеңдерге автоматты түрде ұзартылатын болады.

      20__ жылғы «__» _________ __________ қаласында әрқайсысы қазақ, түрікмен және орыс тілдерінде екі данада жасалды әрі барлық мәтіндердің күші бірдей.
      Осы Келісімнің ережелерін түсіндіруде келіспеушіліктер туындаған жағдайда Тараптар орыс тіліндегі мәтінге жүгінетін болады.

      Қазақстан Республикасының                         Түрікменстан
            Үкіметі үшін                                Үкіметі үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады