Жеңіл дистилляттарды және өнімдерді, керосинді және газойлдарды әкетуге уақытша тыйым салуды енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 30 маусымдағы № 740 Қаулысы

      2008 жылғы 25 қаңтардағы Үшінші елдерге қатысты тарифтік емес реттеудің бірыңғай шаралары туралы келісімнің 9-бабына және 2009 жылғы 9 маусымдағы Үшінші елдерге қатысты бірыңғай кедендік аумақта тауарлардың сыртқы саудасын қозғайтын шараларды енгізу және қолдану тәртібі туралы келісімнің 8-бабына сәйкес мұнай өнімдерінің ішкі нарығында мүлдем жетіспеушілікті және бағаның өсуін болдырмау мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Арнайы бензиндерден (КО СЭҚ ТН коды 2710 11 210 0 - 2710 11 250 0) және тұрмыстық пеш отынынан басқа жеңіл дистилляттарды және өнімдерді (КО СЭҚ ТН коды 2710 11), керосинді (КО СЭҚ ТН коды 2710 19 210 0 - 2710 19 250 0) және газойлдарды (КО СЭҚ ТН коды 2710 19 410 0 - 2710 19 490 0) әкетуге алты ай мерзімге тыйым салу енгізілсін.
      2. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Кедендік бақылау комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен осы қаулының 1-тармағының орындалуы бойынша бақылауды қамтамасыз етсін.
      3. «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы (келісім бойынша) заңнамада белгіленген тәртіппен осы қаулының 1-тармағын іске асыру жөнінде шаралар қабылдасын.
      4. Қазақстан Республикасы Экономикалық даму және сауда министрлігі белгіленген тәртіппен:
      1) осы қаулының 1-тармағында көрсетілген тыйым салудың енгізілгендігі туралы Кеден одағына қатысушы мемлекеттерді, сондай-ақ Кеден одағы комиссиясының Хатшылығын хабардар етсін;
      2) Кеден одағы комиссиясының қарауына осы қаулының 1-тармағында  көрсетілген шараларды Кеден одағына қатысушы басқа мемлекеттердің қолдануы туралы ұсыныстар енгізсін.
      5. Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі осы қаулы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он төрт күн ішінде Қазақстан Республикасының Үкіметі қабылдайтын сыртқы сауда қызметін реттеу жөніндегі шаралар туралы Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың Интеграциялық комитетінің Хатшылығын хабардар етсін.
      6. Осы қаулы 2011 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                     К. Мәсімов

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады