Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл жөніндегі Еуразиялық топ туралы келісімге қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 2 шілдедегі № 755 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса берiлiп отырған Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл жөніндегі Еуразиялық топ туралы келiсiмнiң жобасы мақұлдансын.
      2. Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі Қаржы мониторингі комитетінің төрағасы Мүсірәлі Смайылұлы Өтебаевқа қағидаттық сипаты жоқ өзгерiстер мен толықтырулар енгiзуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының Үкiметi атынан Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл жөніндегі Еуразиялық топ туралы келiсiмге қол қоюға өкiлеттiк берiлсiн.
      3. Осы қаулы қол қойылған күнiнен бастап қолданысқа енгiзiледi.

      Қазақстан Республикасының
           Премьер-Министрі                      К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің      
2011 жылғы 2 шілдедегі
№ 755 қаулысымен   
мақұлданған     

Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға және
терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл жөніндегі Еуразиялық топ туралы
келісім 

      Бұдан әрі Тараптар немесе мүше мемлекеттер деп аталатын, Беларусь Республикасының Үкіметі, Қазақстан Республикасының Үкіметі, Қытай Халық Республикасының Үкіметі, Қырғыз Республикасының Үкіметі, Ресей Федерациясының Үкіметі, Тәжікстан Республикасының Үкіметі, Түрікменстан Республикасының Үкіметі және Өзбекстан Республикасының Үкіметі,
      2004 жылғы 6 қазандағы Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл жөніндегі еуразиялық топты құру туралы декларация ережелерін және 2004 жылғы 6 қазандағы Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл жөніндегі еуразиялық топтың құзыреті мәселелерін назарға ала отырып,
      өздерінің арасында тарихи қалыптасқан стратегиялық әріптестік және ынтымақтастық қатынастарды негізге ала отырып,
      қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыру жөнінде іс-қимыл төндіретін қауіпті ескере отырып,
      өңірде экономикалық қауіпсіздікті қолдауға өзінің адалдығын және қылмыстық элементтерді пайдаланудан ұлттық қаржы жүйелерін қорғауда мүдделігін растай отырып,
      қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл саласында ауқымды халықаралық ынтымақтастықтың маңыздылығын мойындай отырып,
      Ақшаны жылыстатуға қарсы күрестің қаржылық шаралар тобының (бұдан әрі – ФАТФ) ұсынымдарының негізінде және өңірдің ерекшеліктерін ескере отырып, қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимылдың тиімді жүйесін құруға мүдделігін білдіре отырып,
      төмендегілер туралы уағдаласты:

1-бап
Халықаралық ұйым құру

      Осымен Тараптар «Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл жөніндегі еуразиялық топ» өңірлік үкіметаралық ұйымын (бұдан әрі – ЕАТ) құрады.

2-бап
Мақсаттары мен міндеттері 

      ЕАТ-ның негізгі мақсаты өңірлік деңгейде тиімді өзара іс-қимыл мен ынтымақтастықты және қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және ФАТФ ұсынымдарына және ЕАТ-ның мүше мемлекеттері қатысушылары болып табылатын басқа халықаралық ұйымдардың қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл стандарттарына сәйкес қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимылдың халықаралық жүйесіне ЕАТ-қа мүше мемлекеттердің ықпалдасуын қамтамасыз ету болып табылады.
      ЕАТ-ның негізгі міндеттері мыналар болып табылады:
      қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) қарсы іс-қимыл саласындағы ФАТФ-тың 40 ұсынымын және терроризмді қаржыландыруға қарсы ФАТФ-тың 9 арнайы ұсынымын (ФАТФ 40+9 ұсынымы) мүше мемлекеттердің енгізуіне жәрдемдесу;
      қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимылға бағытталған бірлескен іс-шараларды әзірлеу және өткізу;
      қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл саласында қабылданатын заңнамалық және өзге шаралардың тиімділігін зерделеуді қоса алғанда, ФАТФ 40+9 ұсынымының негізінде мүше мемлекеттердің өзара бағалау бағдарламасын жүзеге асыру;
      мамандандырылған халықаралық ұйымдармен, құрылымдармен және мүдделі мемлекеттермен халықаралық ынтымақтастық және техникалық жәрдемдесу бағдарламаларын үйлестіру;
      қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл саласындағы типологияларды талдау және өңірдің ерекшеліктерін ескере отырып, тәжірибе алмасу. 

3-бап
Органдар 

      Осы Келісімнің мақсаттары мен міндеттерін орындау үшін ЕАТ шеберінде мыналар әрекет етеді:
      ЕАТ-ның пленарлық отырысы (бұдан әрі – Пленарлық отырыс);
      ЕАТ хатшылығы (бұдан әрі – Хатшылық). 

4-бап
ЕАТ-ның Пленарлық отырысы 

      ЕАТ-ның жоғарғы органы Пленарлық отырыс болып табылады, ол әдетте жылына екі рет, бірақ кемінде жылына бір рет өткізіледі. Пленарлық отырыс жұмысында мүше мемлекеттердің делегациясы қатысады.
      Пленарлық отырыс ЕАТ-ға мүше мемлекеттердің жалпы мүдделеріне байланысты қағидатты мәселелерді қарайды, стратегияны, бағыттарды айқындайды және ЕАТ-ның мақсаттары мен міндеттерін іске асыруға бағытталған ұсынымдық сипаттағы шешімдер қабылдайды.
      Пленарлық отырыс рәсімдер қағидаларына сәйкес осы Келісімде көзделген ұйымның жұмыс істеу мәселелері жөнінде шешімдер қабылдайды.
      Пленарлық отырыстың шешімі бойынша ЕАТ қызметінің жекелеген бағыттары бойынша Жұмыс топтары құрылуы мүмкін, олар құзыреттің белгіленген саласына сәйкес Пленарлық отырысқа есептер береді. ЕАТ-ның Жұмыс топтарын қалыптастыру тәртібін және олардың өкілеттіктерін Пленарлық отырыс айқындайды.
      Пленарлық отырыстың шешімдерін ЕАТ-ға мүше мемлекеттер консенсуспен қабылдайды. 

5-бап
Төрағалық 

      ЕАТ төрағасы (бұдан әрі – Төраға) Пленарлық отырыстың шешімімен екі жылдық кезеңге бекітіледі. Төрағаның лауазымына кандидатураларды мүше мемлекеттердің делегациялары ұсынады, бұл ретте бір, сондай-ақ бірнеше кандидатуралар ұсынуға жол беріледі.
      Төраға пленарлық отырыстардың жұмысын басқарады және сыртқы байланыстарда ЕАТ-ның мүддесін білдіреді. Төрағалық етудің әрбір кезеңінің басында Төраға Пленарлық отырыстың бекітуі үшін Іс-қимылдар жоспарын ұсынады. Осы Жоспар өзінің төрағалық ету кезеңіне ЕАТ-ның міндеттері мен жұмыс жоспарларын көрсетеді.
      Пленарлық отырыстың шешімімен Төраға болмаған кезеңде оны алмастыру және өзіне Төраға жүктеген өзге міндеттерді орындау үшін ЕАТ Төрағасының орынбасары бекітіледі. Төрағаның орынбасары мүше мемлекеттер атауларының орыс әліпбиі тәртібімен ауысу негізінде төрағалық етудің әрбір кезеңіне бекітіледі.
      ЕАТ-ға мүше мемлекеттердің өкілдері бір уақытта ЕАТ-ның Төрағасы мен Төраға орынбасары бола алмайды. 

6-бап
ЕАТ хатшылығы 

      Хатшылық Пленарлық отырыс шешімдерін және Төрағаның тапсырмаларын іске асыру мақсатында тұрақты негізде әкімшілік-техникалық функцияларды орындайды.
      Хатшылықты Пленарлық отырыстың шешімімен тағайындалатын Атқарушы хатшы басқарады.
      Хатшылықты қалыптастыру тәртібі және оның қызметкерлерінің міндеттері, функциялары, құқықтары мен міндеттері Пленарлық отырыс бекітетін Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл жөніндегі еуразиялық топ хатшылығы туралы ережемен реттеледі.
      Хатшылық ЕАТ-ға мүше мемлекеттер азаматтарының арасынан қалыптастырылады. Қызметтік міндеттерін атқару кезінде Атқарушы хатшы және Хатшылықтың персоналы қандай да бір Тараптан нұсқау сұратпауы немесе алмауы тиіс.
      Хатшылық қызметкерлерінің іс-әрекеттері ЕАТ-ға мүше мемлекеттердің заңнамасына қайшы келмеуі тиіс.
      Тараптар Атқарушы хатшының және Хатшылық персоналының міндеттерінің халықаралық сипатын құрметтеуге және қызметтік міндеттерін атқару кезінде оларға қысым көрсетуге әрекеттенбеуге міндеттенеді. Хатшылықтың орналасқан жері Мәскеу қаласы, Ресей Федерациясы болып табылады. Хатшылықтың Ресей Федерациясының аумағында болу шарттары тиісті халықаралық шарт негізінде реттеледі. 

7-бап
Мүшелiк 

      Мемлекет осы Келісімге қосылу жөніндегі мемлекетішілік рәсімдерді орындау туралы оның хабарламасын депозитарий алған күннен бастап ЕАТ мүшесі болады.
      ЕАТ-ға мүшелік:
      ФАТФ 40+9 ұсынымдарына сәйкес келетін қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл жөніндегі заңнаманы әзірлеу және қолдану бойынша белсенді қадамдар қабылдайтын;
      өзіне ЕАТ-ның өзара бағалау бағдарламаларына қатысу міндеттемесін қабылдайтын;
      осы Келісім бойынша өзіне міндеттемелер қабылдайтын Еуразия өңірінің басқа мемлекеттері үшін ашық.
      ЕАТ мүшесі болуға ниет білдірген мемлекет Хатшылық арқылы Пленарлық отырысқа тиісті өтінішпен жүгінуі тиіс, ол осы мемлекетті ЕАТ мүшелігіне қабылдау туралы шешім қабылдайды.
      Мүше мәртебесіне ие болған мемлекет Пленарлық отырыстарда шешімдер қабылдау кезінде дауыс беру құқығын алады, сондай-ақ өзіне ЕАТ-ның бюджетіне жыл сайын мүшелік жарна енгізуге міндеттеме алады.
      ЕАТ шеңберiнде қолданылатын осы Келiсiмнің және/немесе келісімдердің ережелерін бұзатын Тараптың ЕАТ органдарының жұмысына қатысуы Пленарлық отырыстың шешімімен тоқтатыла тұрылуы мүмкін. Бұл ретте Тарап өзінің мүшелігін тоқтата тұру туралы мәселенің қаралуы кезінде дауыс беру құқығынан айырылады. Егер бұл Тарап өз міндеттемелерін бұзуды жалғастырса, Пленарлық отырыстың өзі айқындайтын күннен бастап Пленарлық отырыс оны ЕАТ-дан шығару туралы шешім қабылдай алады. 

8-бап
Байқаушылар

      ЕАТ жанында байқаушы мәртебесін алуға ниет білдірген мемлекет немесе ұйым (бұдан әрі – байқаушы мәртебесі) Хатшылық арқылы Пленарлық отырысқа тиісті өтінішпен жүгінуі тиіс.
      Хатшылық осы сұрауды байқаушы мәртебесін алуға ниет білдірген мемлекеттің немесе ұйымның өтінішін зерделеу үшін мүше мемлекеттерге жібереді. Қажет болған жағдайда мүше мемлекеттер олардан құпия болып табылмайтын құжаттарды қосымша сұрауға құқығы бар. ЕАТ жанындағы байқаушы мәртебесін беру (тоқтата тұру, жою) туралы шешімді Пленарлық отырыс өтініш белгіленген тәртіппен қаралғаннан кейін Пленарлық отырыста қабылдайды.
      Байқаушы мәртебесін беру туралы өтінішті қарау кезінде Пленарлық отырысқа тиісті өтінішті берген мемлекеттің немесе ұйымның өкілдері шақырылуы мүмкін. Байқаушы мәртебесін беру шешім консенсус негізінде қабылданады. Қабылданған шешімді бір апта мерзімде Хатшылық тиісті мемлекетке немесе ұйымға жібереді.
      Байқаушы мәртебесі ЕАТ-ның Пленарлық отырысында шешімдер қабылдау кезінде дауыс беру құқығы мен құжаттарға қол қою құқығын бермейді.
      Байқаушы мәртебесін алған мемлекет немесе ұйымның:
      Жұмыс топтарының отырыстары мен Пленарлық отырысқа қатысуға;
      Хатшылық арқылы ЕАТ құзыретіне кіретін, өздерін қызықтыратын мәселелер бойынша ЕАТ-ның жұмыс тілдерінде жазбаша өтініштерді таратуға;
      қажетіне қарай ЕАТ қабылдайтын ашық құжаттар мен шешімдерді алуға құқығы бар.
      Байқаушы мәртебесін алған мемлекет немесе ұйым Хатшылықтың сұрауы бойынша ЕАТ-ның жұмысында байқаушы ретінде олардың қатысуына байланысты құпия болып табылмайтын қажетті құжаттарды береді.
      Байқаушы мәртебесін алған мемлекет немесе ұйым жыл сайын қылмыстық жолмен алынған кiрiстердi заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл саласындағы өз қызметі және ЕАТ жұмысы, оның ішіде ЕАТ-ға мүше мемлекеттермен жұмыс туралы жазбаша есептер беруге міндетті.
      Байқаушы мәртебесін алған мемлекет немесе ұйым Жұмыс топтарының отырыстарына және Пленарлық отырысқа қатысуға өзінің ниеті туралы отырыс басталғанға дейін 10 жұмыс күнінен кешіктірмей Хатшылықты хабардар етеді.
      Байқаушы мәртебесін алған мемлекет немесе ұйым осы Келісімнің 2-бабында белгіленген өзінің мақсаттары мен міндеттерін іске асыруда ЕАТ-ның немесе осы Келісімнің 7-бабында белгіленген өздерінің міндеттерін іске асыруда оған мүше мемлекеттердің мүдделеріне қарсы бағытталған іс-әрекеттерден және мәлімдеме жасаудан қалыс қалады.
      Байқаушы мәртебесін алған мемлекет немесе ұйым осы Келісімге сәйкес өзінің мақсаттары мен міндеттерін іске асыруда ЕАТ мүдделеріне қарсы іс-әрекеттер және мәлімдеме жасаған жағдайда мүше мемлекеттер кезекті Пленарлық отырысқа бақылаушы мәртебесін тоқтата тұру немесе жою туралы мәселені енгізуге құқығы бар. Егер байқаушы мәртебесін алған мемлекет немесе ұйым ЕАТ-ның қызметіне екі жыл бойы қатыспаған жағдайда, онда мүше мемлекеттер кезекті Пленарлық отырысқа бақылаушы мәртебесін тоқтата тұру немесе жою туралы мәселені енгізуге құқығы бар.
      Байқаушы мәртебесін алған мемлекет немесе ұйым Хатшылыққа байқаушы мәртебесінен бас тартуы туралы өтініш жіберуге құқығы бар, ол бойынша кезекті Пленарлық отырыста тиісті шешім қабылданады.
      Байқаушы мемлекеттердің дипломатиялық өкілдіктері, сондай-ақ халықаралық ұйымдардың өкілдіктері ЕАТ-ның жұмысына өздерінің байқаушы ретінде қатысуына байланысты мәселелер бойынша Хатшылықпен тұрақты байланысты болуға құқығы бар.
      Хатшылық мемлекетті және ұйымды тиісінше хабардар еткен кезде байқаушылар мүше мемлекеттерге кадрларды даярлауда және олардың біліктілігін арттыруда? тәжірибе және мамандар алмасуда, материалдық-техникалық қамтамасыз етуде де жәрдемдесуі, сондай-ақ ЕАТ-ның алдына қойылған міндеттерге қол жеткізу үшін қаржылық көмек көрсетуі мүмкін. 

9-бап
Қаржыландыру

      ЕАТ-ның өз бюджеті бар, ол осы Келісімге қосымша болып табылатын және оның ажырамас бөлігін құрайтын Қылмыстық жолмен алынған кiрiстердi заңдастыруға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл жөніндегі Еуразиялық топтың бюджетін қалыптастыру және атқару тәртібі туралы ережеге сәйкес қалыптастырылады және атқарылады. 

10-бап
Жұмыс тiлi

      Орыс, ағылшын және қытай тiлдерi ЕАТ-ның жұмысы тілі болып табылады. 

11-бап
Даулы мәселелерді шешу тәртібі

      Осы Келісімді түсіндіруге және қолдануға байланысты даулар туындаған жағдайда, Тараптар оны консультациялар және келіссөздер жолымен шешеді. 

12-бап
Қолданылу мерзімі және күшіне енуі

      Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады. Осы Келісім депозитарийі болып табылатын Хатшылыққа Тараптардың оның күшіне енуі қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы үшінші хабарлама берілген күнінен бастап 30 күннен кейін күшіне енеді.
      Осы Келісімге қол қойған, бірақ осы Келісім күшіне енгенге дейін мемлекетішілік рәсімдерді орындамаған Тарап үшін ол осы Келісім күшіне енуі үшін қажет мемлекетішілік рәсімдерді осы Тараптың орындағаны туралы хабарламаны депозитарий алған күннен бастап күшіне енеді.

13-бап
Өзгерістер мен толықтырулар

      Осы Келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін, олар осы Келісімнің 12-бабында айқындалатын тәртіпке сәйкес күшіне енетін жеке хаттамамен ресімделеді. 

14-бап
Шығу тәртібі

      Кез келген Тараптың алдын ала ЕАТ-тың және оның мүшелерінің алдындағы өз міндеттемелерін реттеп, осы Келісімнен шығуы туралы шығатын күніне дейін он екі айдан кешіктірмей ресми хабарламаны Хатшылыққа жібере отырып, ЕАТ-ның құрамынан шығуға құқығы бар.
      2011 жылғы «_____» ____ __________ ________ қаласында орыс, ағылшын және қытай тілдерінде бір данада жасалды, бұл ретте барлық мәтіндердің бірдей заңды күші бар. Келісімнің түпнұсқа данасы депозитарийде сақталады, ол әрбір Тарапқа оның куәландырылған көшірмесін жібереді.

      Беларусь                                        Ресей
      Республикасының                                 Федерациясының
      Үкіметі үшін                                    Үкіметі үшін

      Қазақстан                                       Тәжікстан
      Республикасының                                 Республикасының
      Үкіметі үшін                                    Үкіметі үшін

      Қытай Халық                                     Түрікменстан
      Республикасының                                 Республикасының
      Үкіметі үшін                                    Үкіметі үшін

      Қырғыз                                          Өзбекстан
      Республикасының                                 Республикасының
      Үкіметі үшін                                    Үкіметі үшін

Қылмыстық жолмен алынған кірістерді
заңдастыруға және терроризмді   
қаржыландыруға қарсы іс-қимыл   
жөніндегі Еуразиялық топ туралы 
келісімге қосымша       

Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға және
терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл жайындағы Еуразиялық
топтың бюджетін қалыптастыру және атқару тәртібі туралы ереже 1. Жалпы ережелер

      1. Осы ереженің мақсаты үшін мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
      а) ЕАТ - Қылмыстық жолмен алынған кiрiстердi заңдастыруға және терроризмдi қаржыландыруға қарсы iс-қимыл жөнiндегi еуразиялық топ (бұдан әрi – ЕАТ);
      б) бюджет – (тұрақты) ЕАТ міндеттері мен функцияларын қаржылық қамтамасыз етуге арналған ақша қаражатын қалыптастыру және пайдалану нысаны;
      в) қаржы жылы – күнтізбелік жылдың 1 қаңтарынан бастап 31 желтоқсанын қоса алғандағы кезең;
      г) үлестік жарналар – осы қаржы жылында ЕАТ қызметіне байланысты шығыстарды қаржыландыруға арналған ЕАТ-ға мүше мемлекеттер үшін белгіленген сома;
      д) ішкі аудит – шығыстардың қалыптастырылуын бақылау, жоспардағы көрсеткіштерден және нормативтерден ауытқуды анықтау, ауытқу себебін талдау, қаржы-шаруашылық қызметінің резервтерін іздестіру және ЕАТ-ның Атқарушы хатшысын (бұдан әрі – Атқарушы хатшы) қажетті ақпаратпен қамтамасыз ету;
      е) сыртқы аудит – Пленарлық отырыста тағайындалған тұлға (тұлғалар) немесе институт жүзеге асыратын ЕАТ-ның қаржы-шаруашылық қызметін тексеру;
      ж) міндеттеме – ЕАТ шарттық қатынастарға немесе басқа да қаржылық жауапкершілікке әкеп соғатын тиісті рұқсат алынған мәмілелер түрлеріне енуі;
      з) түсімдер – ЕАТ бюджетіне белгіленген (есептелген) үлестік жарналар мен өзге де түсімдер түрінде түскен қаражат, яғни нысаналы ерікті жарналар мен ақша нысанындағы сый (оның ішінде гранттар);
      и) қаржылық бақылау – бюджеттің жасалу, қаралу және оның атқарылу тәртібін, сондай-ақ бюджет қаражатының орындалуын, бөлінуін және пайдаланылуын ішкі сондай-ақ сыртқы тексеру мен бақылау;
      к) жалпы қор – ЕАТ тұрақты бюджеті бойынша түсімдер мен шығыстарды есепке алу үшін ашылған шот;
      л) резервтік қор – ЕАТ қызметіне байланысты күтпеген және төтенше шығындарды қаржыландыру мақсатында ақша қаражаты қозғалысын есепке алу үшін ашылған шот.

2. ЕАТ бюджеті

      2. ЕАТ бюджеті мүше мемлекеттердің үлестік жарналарынан, сондай-ақ өзге де түсімдерден, яғни нысаналы ерікті жарналар мен ақша нысанындағы сыйлардан (гранттардан) қалыптасады.
      3. ЕАТ бюджеті бір күнтізбелік жыл арналған мерзімде жасалады, сондай-ақ ол қаржы жылы болып табылады және Пленарлық отырыста бекітіледі.
      4. ЕАТ бюджеті олар тиесілі және ресей рублінде қалыптастырылатын қаржы жылына арналған барлық болжанатын түсімдер мен жоспарланатын шығыстарды қамтиды. Жыл сайынғы жарналар Ресей рублімен есептеледі және төленеді. ЕАТ мүше мемлекеттерінің жыл сайынғы жарнасы МБВБ бағамы бойынша АҚШ долларымен немесе _____ төлем күні төленуі мүмкін. 

3. Жарналар

      5. Мүше мемлекеттер ЕАТ бюджетіне осы Ереженің ажырамас бөлігі болып табылатын қосымшаларға сәйкес үлестік жарналарды енгізеді.
      6. Үлестiк жарналардың мөлшерi бiр немесе бiрнеше мүше мемлекеттердің ұсынысы бойынша және басқа да мүше мемлекеттердiң келісімімен пленарлық отырыстың шешiмiмен өзгертiлуі мүмкін.
      7. ЕАТ-тан мүше мемлекет шыққан немесе мүше ретінде ЕАТ-қа жаңа мемлекет енген жағдайда, Пленарлық отырыс үлестік жарналардың өзгертілген өлшемдерін бекітеді.
      8. Үлестік (есептелген) жарналардың шотына төлеуге жататын сомалар Пленарлық отырыстың келісімі бойынша Атқарушы хатшы айқындаған банкке аударылады.
      9. Есептелген жарналар Атқарушы хатшыдан тиесілі жарналар туралы немесе күнтізбелік жылдың бірінші айы ішінде хабарлама алған сәттен бастап отыз күн ішінде толық көлемде төлеуге жатады.
      10. Егер мүше мемлекет осы мерзімде тиесілі үлестік жарналарды толық көлемде енгізетіндей жағдайда болмаса, ол туралы Атқарушы хатшыны алдын ала хабардар етеді, олар кезең-кезеңімен аударылуы мүмкін.
      11. Қаржы жылының басына дейін ЕАТ бюджеті бекітілмеген жағдайда мүше мемлекеттер ЕАТ бюджеті бекітілгенге дейін алдағы бюджет жылының тұрақты бюджеті атқарылуының 1/12 мөлшеріндегі жарналарды аударады. 

4. Бюджетті қалыптастыру және атқару 

      12. Атқарушы хатшы ЕАТ-қа мүше мемлекеттердiң ұсыныстары негiзiнде келесi қаржы жылына арналған бюджет жобасын қалыптастырады, кезектi қаржы жылы басталғанға дейiнгi сегiз айдан кешiктiрмей барлық мүше мемлекеттерге бюджет жобасын бередi, оны пленарлық отырыстың бекiтуiне ұсынады.
      13. Пленарлық отырыс ЕАТ бюджетін бекіткеннен немесе қайта қарағаннан кейін Атқарушы хатшы үлестік жарнаға төлеуге тиесілігі туралы мүше мемлекеттерді хабардар етеді.
      14. Атқарушы хатшы кезеңімен үлестік жарналардың түскендігі туралы мәліметтерді мүше мемлекеттерге береді.
      15. Атқарушы хатшы осы Ереженің негізінде ЕАТ қызметін қаржыландырудың жекелеген мәселелерін реттейтін ережелер мен қағидалардың жобаларын, ал қажет болған жағдайда оларға түзетулері бар жобаларды әзірлейді. Қаржы ережелері мен қағидаларының жобалары, сондай-ақ қолданыстағы қаржылық ережелер мен қағидаларға түзетулердің жобаларын Пленарлық отырыстың бекітуіне Атқарушы хатшы енгізіледі.
      16. ЕАТ бюджетінің атқарылуы туралы жылдық есепті Атқарушы хатшы жасайды және мүше мемлекеттердің мақұлдауымен Пленарлық отырыстың бекітуіне жібереді.
      17. Атқарушы хатшы қаржы жылы аяқталғаннан кейін 12 ай ішінде тауарлар мен көрсетілетін қызметтерге сол қаржы жылы ішінде қойылған міндеттемелерді, сондай-ақ басқа да қалған қаржылық міндеттемелерді толық жабады.
      18. Қаржы жылы басталғанға дейін Пленарлық отырыс бюджетті бекітпеген жағдайда, Атқарушы хатшы міндеттемелерді қабылдауға және ағымдағы қаржы жылына арналған бюджетті бекіткенге дейін алдағы тұрақты бюджетті атқарудың 1/12 сомасы шегінде ай сайынғы негізде төлемдер жүргізуге уәкілетті.

5. Қорлар құру

      19. Бюджет бойынша түсімдермен шығыстарды есепке алу үшін Жалпы қор құрылады. Оның ақшалай қаражат көзі ағымдағы қаржы жылының шотына мүше мемлекеттер төлейтін үлестік жарналар, өзгеде түсімдер болып табылады.
      20. ЕАТ қызметіне байланысты көзделмеген және төтенше шығыстарды жабу үшін Резервтік қор құрылуы мүмкін. Резервтік қорды құруға қатысты шешім, сондай-ақ ондағы қаражат мөлшері мен оны пайдалану тәртібін Атқарушы хатшының ұсынысы бойынша Пленарлық отырыс қабылдайды.
      21. ЕАТ бюджетіне ерікті жарналарды, ЕАТ бюджетіне ақшалай нысандағы сыйды осы қаражаттың арналуы ЕАТ мақсаттары мен міндеттеріне қайшы келмейтін шартымен Пленарлық отырыстың мақұлдауымен Атқарушы хатшы қабылдауы мүмкін.
      22. Атқарушы хатшы Резервтік қор шеңберінде Пленарлық отырыстың келісімімен нысаналы қорлар мен арнайы шоттар құруы мүмкін.
      23. Жоғарыда санамаланған қорлар мен шоттарды басқару осы Қағиданың 15-тармағында айтылған қаржы ережелер мен қағидаларға сәйкес жүзеге асырылады. 

6. Бақылау және аудит 

      24. ЕАТ бас әкімші тұлғасы болып табылатын Атқарушы хатшы ЕАТ қызметінің барлық қаржы аспектілеріне жауап береді және осы Қағидаға сәйкес ЕАТ қаржы ресурстарын тиісті және тиімді басқаруға Пленарлық отырыстың алдында есеп береді.
      25. ЕАТ-та қаржылық бақылаудың қажетті тетігі – ішкі және сыртқы аудит қамтамасыз етіледі. Сыртқы аудитті ЕАТ мүше мемлекеттерінің өкілдері жүзеге асырады.  

7. Өзге қағидалар 

      26. Мүше мемлекет төлемеген жыл сайынғы үлестік жарналардың сомасы осы мемлекеттің ЕАТ алдындағы міндетті өтеуге жататын берешегі болып табылады.
      27. Ағымдағы қаржы жылының 1 қазанынан бастап ағымдағы қаржы жылына жататын үлестік жарнаны толық көлемде төлемеген мүше мемлекеттер, егер Пленарлық отырыс өзгеше шешпесе, оны толығымен өтеген күнге дейін берешек сомасына айына 0,1% мөлшерінде пайыз төлеуі тиіс.
      28. Берешек сомасы өткен бюджеттік жылға оған тиесілі жарнаның сомасынан асатын мүше мемлекетке қатысты Қылмыстық жолмен алынған кiрiстердi заңдастыруға және терроризмдi қаржыландыруға қарсы iс-қимыл жөнiндегi еуразиялық топ туралы келісімнің 7-бабында көзделген тәртіппен ЕАТ-қа оның мүшелігін тоқтата тұру туралы шешім қабылдануы мүмкін.
      29. ЕАТ алдындағы мүше мемлекеттің қаржылық міндеттемелері осы мемлекеттің ЕАТ-қа мүшелігін тоқтатуына не тоқтата тұруына қарамастан толығымен орындалуға жатады.
      30. Осы бөлікті орындауға байланысты нақты мәселелерді реттеу тәртібі осы Қағиданың 15-тармағында айтылған қаржы қағидаларымен және ережелерімен анықталады.
      31. ЕАТ қызметін тоқтатқан жағдайда, осыған байланысты қаржы және мүліктік мәселелерді, ЕАТ мүлігін сату мәселесін қоса алғанда шешу тәртібін осы Қағиданың талаптарын ескере отырып, Пленарлық отырыс анықтайды.
      32. Жылжитын және жылжымайтын мүлікті сатудан алынған ақшалай қаражат бар міндеттемелерді орындағаннан кейін мүше мемлекеттер арасында ағымдағы бюджеттік жылға анықталған жарналар мөлшеріне тең бөлінеді.
      33. ЕАТ қызметінің тоқтатылуына байланысты міндеттемелерді орындау үшін ақшалай қаражат сомасы жетіспеген жағдайда, ол ағымдағы бюджеттік жылға анықталған үлестік жарналар мөлшеріне тең үлестерде мүше мемлекеттер аударған ақшалай қаражатпен өтеледі.
      34. ЕАТ-тан мүше мемлекет шыққан немесе шығарылған жағдайда, егер осы мемлекетте міндетті жарна төлеу бойынша берешек есептелсе, қайтарылатын қаражат сомасы осы берешек сомасына қысқартылады. Берешек осы мемлекеттің қаражаты есебінен өтеледі.

ЕАТ қалыптастыру және атқару
тәртібі туралы ережеге қосымша

Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға және
терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл жөніндегі Еуразиялық
топқа мүше мемлекеттердің ЕАТ бюджетіне жыл сайынғы жарналарын есептеу
формуласы

                                  Формула:

                                  мемлекеттің_ЖІӨ
Мемлекет_жарнасының_сомасы = ------------------------- *
                               барлық_мүшелердің_ЖІӨ

*ЕАТ_жалпы_бюджеті*0,275+

      мемлекеттің_адам_басына_шаққандағы_ЖІӨ
+-----------------------------------------------*
  барлық_мүшелердің_ адам_басына_шаққандағы_ЖІӨ

*ЕАТ_жалпы_бюджеті*0,725 

Қолданылатын ұғымдар: 

      мемлекет жарнасының сомасы – ЕАТ бюджетіне мүше мемлекеттер аударатын жарна сомасы.
      Мүше мемлекеттің ЖІӨ - соңғы бес жылға мүше мемлекеттің жалпы ішкі өнімінің орташа көрсеткіші, БҰҰ статистикалық деректеріне сәйкес есептеледі.
      Мүше мемлекеттердің ЖІӨ сомасы – ЕАТ барлық мүше мемлекеттердің жалпы ішкі өнімі көрсеткішінің жалпы сомасы.
      жалпы бюджет – ЕАТ міндеттері мен функцияларын қаржылық қамтамасыз етуге арналған ақшалай қаражат.
      Мүше мемлекеттің адам басына шаққандағы ЖІӨ - соңғы бес жылға адам басына шаққандағы жалпы ішкі өнімінің орташа көрсеткіші, БҰҰ статистикалық деректеріне сәйкес есептеледі.
      Мүше мемлекеттердің адам басына шаққандағы ЖІӨ сомасы – ЕАТ барлық мүше мемлекеттердің адам басына шаққандағы жалпы ішкі өнімі көрсеткішінің жалпы сомасы.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады