1994 жылғы 28 наурыздағы Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Ресей Федерациясының Үкiметi арасындағы өнеркәсіптік авариялардың, апаттардың, дүлей зілзалалардың алдын алу және олардың салдарын жою саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге авариялық-құтқару қызметтері мен құралымдарының мемлекеттік шекараны кесіп өтуінің оңайлатылған тәртібі туралы хаттамаға қол қою туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 13 қыркүйектегі № 1046 Қаулысы

      Ескерту. Қаулының тақырыбы жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 2012.09.17 № 1211 Қаулысымен.

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса берiлiп отырған 1994 жылғы 28 наурыздағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы өнеркәсіптік авариялардың, апаттардың, дүлей зілзалалардың алдын алу және олардың салдарын жою саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге авариялық-құтқару қызметтері мен құралымдарының мемлекеттік шекараны кесіп өтуінің оңайлатылған тәртібі туралы хаттаманың жобасы мақұлдансын.
      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 2012.09.17 № 1211 Қаулысымен.
      2. Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрi Владимир Карпович Божкоға қағидаттық сипаты жоқ өзгерiстер мен толықтырулар енгiзуге рұқсат бере отырып, 1994 жылғы 28 наурыздағы Қазақстан Республикасының Үкiметi атынан Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы өнеркәсіптік авариялардың, апаттардың, дүлей зілзалалардың алдын алу және олардың салдарын жою саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге авариялық-құтқару қызметтері мен құралымдарының мемлекеттік шекараны кесіп өтуінің оңайлатылған тәртібі туралы хаттамаға қол қоюға өкiлеттiк берiлсiн.
      Ескерту. 2-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 2012.09.17 № 1211 Қаулысымен.
      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                 К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы 
Yкіметінiң       
2011 жылғы 13 қыркүйектегі
№ 1046 қаулысымен  
мақұлданған     

1994 жылғы 28 наурыздағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы өнеркәсіптік авариялардың, апаттардың, дүлей зілзалалардың алдын алу және олардың салдарын жою саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге авариялық-құтқару қызметтері мен құралымдарының мемлекеттік шекараны кесіп өтуінің оңайлатылған тәртібі туралы
хаттама

      Ескерту. Тақырып жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 2012.09.17 № 1211 Қаулысымен.

      Бұдан әрi Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Ресей Федерациясының Үкiметi,
      төтенше, оның ішінде трансшекаралық сипаттағы жағдайларға уақтылы ден қоюдың маңыздылығын мойындай және төтенше жағдайларды жою жөніндегі қызметтің өзара іс-қимылының және үйлестірілуінің тиімділігін арттыру қажеттілігін негізге ала отырып,
      1994 жылғы 28 наурыздағы Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Ресей Федерациясының Үкiметi арасындағы өнеркәсiптiк авариялардың, апаттардың, дүлей зiлзалалардың алдын алу және олардың салдарын жою саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді іске асырудың пәрменді тетігін жасау мақсатында,
      төмендегілер туралы осы Хаттаманы жасасты:

1-бап 

      Осы Хаттамада қолданылатын ұғымдардың мынадай мағыналары бар:
      «авариялық-құтқару қызметі» – негізін авариялық-құтқару құралымдары құрайтын, төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі міндеттерді шешуге арналған және қызметтік міндеттері жағынан біртұтас жүйеге біріктірілген басқару органдарының, күштер мен құралдардың жиынтығы;
      «авариялық-құтқару құралымы» – негізін арнаулы техникамен, жабдықтармен, жарақтармен, аспаптармен және материалдармен жарақтандырылған құтқарушылар бөлімшелері құрайтын авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізуге арналған дербес немесе авариялық-құтқару қызметінің құрамына енетін құрылым және кинологиялық бірліктер;
      «төтенше жағдай» – адамдардың қаза табуына әкелiп соққан немесе әкелiп соғуы мүмкiн, олардың денсаулығына, қоршаған ортаға нұқсан келтiрген немесе келтiруi мүмкiн, халықты едәуiр дәрежеде материалдық шығындарға ұшыратып, тiршiлiк жағдайын бұзған немесе бұзуы мүмкiн авария, зiлзала немесе апат салдарынан бір Тарап мемлекетінің аумағында туындаған жағдай;
      «төтенше жағдайларды жою» – төтенше жағдайлар туындаған кезде жүргiзiлетiн және адамдардың өмiрiн сақтап, денсаулығын қорғауға, залал мен материалдық шығындар көлемiн азайтуға, сондай-ақ төтенше жағдайлар аймағын оқшаулауға бағытталған іздестіру-құтқару, авариялық-қалпына келтiру және басқа да кезек күттiрмейтiн жұмыстар;
      «жарақ» – авариялық-құтқару қызметтері мен құралымдарының материалдары, техникалық және көлiк құралдары, жарақтары мен олардың мүшелерiнiң жеке жабдықтары. 

2-бап 

      Тараптар осы Хаттаманы іске асыру үшін мынадай құзыретті органдарды тағайындайды:
      Қазақстан Тарапынан – Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі, Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі, Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі, Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі;
      Ресей Тарапынан – Ресей Федерациясының Азаматтық қорғаныс істері, төтенше жағдайлар және дүлей зілзалалар салдарын жою министрлігі, Ресей Федерациясының Федералдық қауіпсіздік қызметі.
      Тараптар мемлекеттерінің құзыретті органдарының атаулары өзгерген немесе басқа құзыретті органдар белгіленген жағдайда Тараптар ол туралы жазбаша нысанда дипломатиялық арналар арқылы бір-бірін дереу хабардар етеді. 

3-бап

      Төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою мақсатында Тараптар мемлекеттерінің шекара маңы аумақтарында Тараптар мемлекеттерінің құзыретті органдары Тараптар мемлекеттерінің авариялық-құтқару қызметтері мен құралымдарының Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамасында белгіленген шекаралық бақылау тәртібін сақтай отырып, өткізу пункттерінде және қолданыстан тыс өткізу пункттерінен мемлекеттік шекараны кесіп өтуін қамтамасыз етеді. 

4-бап

      1. Авариялық-құтқару қызметтері мен құралымдарының мүшелері үшін шекаралық бақылау Тараптар мемлекеттерінің заңнамаларына және олардың мемлекеті мүше болып табылатын халықаралық шарттарға сәйкес өткізу пункттерінде және қолданыстан тыс өткізу пункттерінен жүзеге асырылады.
      2. Тараптар мемлекеттерінің құзыретті органдары төтенше жағдайдың туындағаны туралы хабар алған кезде Тараптар мемлекеттерінің шекара қызметтерін авариялық-құтқару қызметтері мен құралымдарының мемлекеттік шекараны өткізу пункттерінен және қолданыстан тыс өткізу пункттерінен кесіп өту қажеттілігі туралы хабарлайды.
      3. Төтенше жағдайларды жою мақсатында авариялық-құтқару қызметтері мен құралымдарының мүшелері көмек сұратушы Тарап мемлекетінің мемлекеттік шекарасын өткізу пункттері және қолданыстан тыс өткізу пункттері арқылы бірінші кезекте кесіп өтеді. Мемлекеттік шекараны оңайлатып кесіп өту үшін көмек алушы Тарап мемлекетінің шекара қызметіне авариялық-құтқару қызметтері мен құралымдары мүшелерінің тізімі, сондай-ақ жарақтар тізбесі ұсынылады.
      4. Туындаған төтенше жағдай туралы ақпарат алғаннан кейін Тараптар мемлекеттерінің шекара органдары мен әуе қорғаныс күштері авариялық-құтқару қызметтері мен құралымдардың мемлекеттік шекараны өткізу пункттері және қолданыстан тыс өткізу пункттері арқылы, сондай-ақ әуе шептерін бірінші кезекте кесіп өтуін қамтамасыз ету үшін шұғыл шаралар қабылдайды.
      5. Авариялық-құтқару қызметтері мен құралымдарын өткізу, олардың жарақтарын тасымалдау автомобиль, темір жол, су немесе әуе көлігімен жүзеге асырылады. Көрсетілген көлік түрлерін көмек көрсету үшін пайдалану тәртібін Тараптардың мемлекеттік органдарымен келісім бойынша құзыретті органдар айқындайды.
      6. Төтенше жағдайларды жою үшін әуе кемелеріне мемлекеттік шекараны кесіп өтуге Тараптар мемлекеттерінің құзыретті органдары рұқсат етеді. 

5-бап 

      Осы Хаттамаға Тараптар өзара келісім бойынша жекелеген хаттамалармен ресімделетін өзгерістер мен толықтырулар енгізуі мүмкін. 

6-бап 

      1. Осы Хаттама оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама дипломатиялық арналар арқылы алынған күнінен бастап күшіне енеді және белгіленбеген мерзім ішінде қолданылады.
      Тараптардың кез келгені екінші Тарапқа осы Хаттаманың қолданысын тоқтатудың болжамды күніне дейін кемінде алты ай бұрын дипломатиялық арналар арқылы өзінің оның қолданысын тоқтату ниеті туралы жазбаша хабарлама жіберу жолымен оның қолданысын тоқтата алады.
      2. Егер Тараптар өзгеше уағдаласпаса, осы Хаттаманың қолданысын тоқтату оған сәйкес басталған, бірақ оның қолданысы тоқтатылғанға дейін аяқталған жүзеге асырылатын қызметті қозғамайды.

      2011 жылғы «__» _____ Астрахань қаласында әрқайсысы қазақ және орыс тілдерінде екі данада жасалды, әрі екі мәтіннің бірдей күші бар. Осы Хаттаманың ережелерін түсіндіруде келіспеушіліктер туындаған жағдайда Тараптар орыс тіліндегі мәтінге жүгінетін болады.

      Қазақстан Республикасының                  Ресей Федерациясының
            Үкіметі үшін                              Үкіметі үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады