Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Вьетнам Социалистік Республикасының Үкіметі арасындағы Туризм саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 29 қазандағы № 1229 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Вьетнам Социалистік Республикасының Үкіметі арасындағы Туризм саласындағы ынтымақтастық туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.
      2. Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрі Талғат Амангелдіұлы Ермегияевке қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Вьетнам Социалистік Республикасының Үкіметі арасындағы Туризм саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қоюға өкілеттік берілсін.
      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
           Премьер-Министрі                      К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің     
2011 жылғы 29 қазандағы
№ 1229 қаулысымен  
мақұлданған     

жоба  

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Вьетнам Социалистік
Республикасының Үкіметі арасындағы туризм саласындағы
ынтымақтастық туралы
КЕЛІСІМ

      Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Вьетнам Социалистік Республикасының Үкіметі (бұдан әрі «Тараптар» деп аталатындар),
      екі мемлекет арасында туризм саласындағы ынтымақтастықты теңдік және өзара пайда негізінде дамытуды қалай отырып,
      туризм экономиканың маңызды құрамдас бөліктерінің бірі болып табылатынын сезіне отырып,
      екі мемлекет арасында туризмді дамыту мәселелері бойынша достық қатынастар мен өзара түсіністікті нығайтуға ұмтыла отырып,
      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      Тараптар туризм саласындағы ұзақ мерзімді және өзара тиімді ынтымақтастық үшін қолайлы жағдай жасайды.

2-бап

      Тараптар ақпараттық материалдармен, туристік анықтамалықтармен, фильмдермен және Тараптардың туристік статистикалық деректерімен алмасады.

3-бап

      Тараптар өз мемлекеттерінің аумағында өткізілетін халықаралық туристік жәрмеңкелер мен көрмелерге өзара қатысуды көтермелейді.

4-бап

      Тараптар екі мемлекеттің туристік саласына инвестициялар тартуға жәрдемдеседі.

5-бап

      Тараптар өз мемлекеттерінің мүдделі ұйымдары арасында бірлескен туристік жобаларды жүзеге асыруды, турлар мен әуе рейстерін ұйымдастыруды көтермелейді, сондай-ақ туризм саласындағы уәкілетті органдар мен ұйымдар арасында ынтымақтастықты дамытуға жәрдемдеседі.

6-бап

      Тараптардың әрқайсысы осы Келісімнің ережелерін іске асырудан туындайтын шығыстарды, егер өзге тәртіп келісілмеген болса, өз мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларында көзделген қаражат шеңберінде дербес көтереді.

7-бап

      Осы Келісімнің іске асырылуын бақылауды Тараптар өз мемлекеттерінің аумағында өткізілетін Қазақстан-вьетнам сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссияның кезекті отырыстары шеңберінде жүзеге асыратын болады.

8-бап

      Осы Келісімнің ережелерін орындау үшін жауапты уәкілетті органдар:
      Қазақстан Тарапынан – Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі;
      Вьетнам Тарапынан – Вьетнам Социалистік Республикасы Мәдениет, спорт және туризм министрлігі болып табылады.
      Егер Тараптардың біреуі осы Келісімнің ережелерін орындау үшін жауапты уәкілетті органды өзгертсе, Тараптар бір-бірін дипломатиялық арналар арқылы хабардар етеді.

9-бап

      Осы Келісім өз мемлекеттері қатысушы болып табылатын басқа халықаралық шарттардан туындайтын Тараптардың құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.

10-бап

      Осы Келісімнің ережелерін талқылауда немесе қолдануда келіспеушіліктер туындаған жағдайда, Тараптар оларды келіссөздер немесе консультациялар арқылы шешеді.

11-бап

      Осы Келісім өзгерістер Тараптардың өзара келісімі бойынша өзгертілуі мүмкін. Мұндай өзгеріс осы Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылатын жеке хаттама түрінде ресімделуі тиіс.

12-бап 

      Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады және Тараптар дипломатиялық арналар арқылы оның күшіне енуі үшін қажет мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарламаны алған күннен бастап күшіне енеді және бір Тарап екінші Тараптың оның қолданысын тоқтату ниеті туралы жазбаша хабарламасын дипломатиялық арналар арқылы алған күнінен бастап алты ай өткенге дейін қолданыста болады.
      Осы Келісімнің қолданысын тоқтату оған сәйкес жүзеге асырылып жатқан, осы Келісімнің қолданысы тоқтатылғанға дейін басталған, бірақ оның қолданысы тоқтатылған күні аяқталмаған іс-шаралардың орындалуына әсер етпейді.

      2011 жылғы «___» ______ ________ қаласында әрқайсысы қазақ, вьетнам, орыс және ағылшын тілдерінде екі түпнұсқа данада жасалды, сонымен бірге барлық мәтіндердің заңдық күші бірдей.
      Осы Келісімнің ережелерін түсіндіруде немесе қолдануда келіспеушіліктер туындаған жағдайда, Тараптар ағылшын тіліндегі мәтінге жүгінетін болады.

      Қазақстан Республикасының               Вьетнам Социалистік
          Үкіметі үшін                   Республикасының Үкіметі үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады