"Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы" Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 2 қарашадағы № 1272 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілсін.

      Қазақстан Республикасының
         Премьер-Министрі                        К. Мәсімов

жоба  

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ
КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ ЗАҢЫ «Қазақстан Республикасының сот жүйесi мен судьяларының
мәртебесi туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық
заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы 

      1-бап. «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» 2000 жылғы 25 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Конституциялық Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2000 ж., № 23, 410-құжат; 2006 ж., № 23, 136-құжат; 2008 ж., № 20, 77-құжат; 2010 ж., № 24, 147-құжат) мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:
      1) 6-бап мынадай редакцияда жазылсын:
      «6-бап. Аудандық және оларға теңестiрiлген соттарды құру
      1. Аудандық және оларға теңестiрiлген соттарды (бұдан әрi – аудандық соттар) Жоғарғы Сот Төрағасының Жоғары Сот Кеңесімен келісілген ұсынысы бойынша Қазақстан Республикасының Президентi құрады, қайта ұйымдастырады, қайта атайды және таратады.
      Қазақстан Республикасының Президенті бірнеше әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiктерде бiр аудандық сот немесе бiр әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiкте бiрнеше аудандық сот құруы мүмкін.
      2. Аудандық соттар үшiн судьялардың жалпы санын Жоғарғы Сот Төрағасының Жоғары Сот Кеңесімен келісілген ұсынысы бойынша Қазақстан Республикасының Президентi бекiтедi.
      3. Әрбiр аудандық сот үшiн судьялардың санын Жоғарғы Соттың, жергілікті және басқа да соттардың қызметін ұйымдық және материалдық-техникалық қамтамасыз ету жөніндегі уәкілетті органның (бұдан әрі – уәкілетті орган) Жоғары Сот Кеңесімен келісілген ұсынысы негiзiнде Жоғарғы Сот Төрағасы белгiлейдi.»;
      2) 9-баптың 1-тармағында:
      1) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
      «1) сотта сот ісін жүргізуді ұйымдастыру мәселелерін шешеді;»;
      3) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
      «3) азаматтарды жеке қабылдауды жүргiзедi;»;
      3) 10-бап мынадай редакцияда жазылсын:
      «10-бап. Облыстық және оларға теңестiрiлген соттарды құру
      1. Облыстық және оларға теңестiрiлген соттарды (бұдан әрi – облыстық соттар) Жоғарғы Сот Төрағасының Жоғары Сот Кеңесімен келісілген ұсынысы бойынша Қазақстан Республикасының Президентi құрады, қайта ұйымдастырады, қайта атайды және таратады.
      2. Облыстық соттар судьяларының жалпы санын Жоғарғы Сот Төрағасының Жоғары Сот Кеңесімен келісілген ұсынысы бойынша Қазақстан Республикасының Президентi бекiтедi.
      Әр облыстық сот үшiн судьялардың санын уәкiлеттi органның Жоғары Сот Кеңесімен келісілген ұсынымы негізінде Жоғарғы Соттың Төрағасы белгiлейдi.»;
      4) 11-баптың 3-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
      «3. Облыстық соттың органдары:
      1) жалпы отырыс;
      2) азаматтық және әкімшілік істер жөніндегі апелляциялық сот алқасы;
      3) қылмыстық істер жөніндегі апелляциялық сот алқасы;
      4) кассациялық сот алқасы.
      Апелляциялық сот алқасын осы Конституциялық заңда белгіленген тәртіппен қызметке тағайындалатын төраға басқарады.
      Кассациялық сот алқасын осы Конституциялық заңда белгіленген тәртіппен қызметке тағайындалатын облыстық сот төрағасы басқарады.»;
      5) 14, 15-баптар мынадай редакцияда жазылсын:
      «14-бап. Облыстық соттың төрағасы
      1. Облыстық соттың төрағасы судья болып табылады және судьяның міндеттерін атқарумен қатар:
      1) сотта сот ісін жүргізуді ұйымдастыру мәселелерін шешеді;
      2) кассациялық сот алқасының отырыстарында төрағалық етеді;
      3) облыстық соттың жалпы отырыстарын шақырады және оларға төрағалық етеді;
      4) сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жасау және судья әдебі нормаларын сақтау жөніндегі жұмысты қамтамасыз етеді;
      5) соттың жалпы отырысының қорытындысы негізінде Жоғары Сот Кеңесіне судья қызметіне кандидаттың тағылымдамасының нәтижелері туралы қорытынды жібереді;
      6) облыстық соттың жұмыс жоспарын бекітеді;
      7) сот практикасын зерделеуді ұйымдастырады;
      8) өкімдер шығарады;
      9) облыстық соттың, Астана және Алматы қалалары соттарының кеңсесіне жалпы басшылықты жүзеге асырады;
      10) азаматтарды жеке қабылдауды жүргізеді;
      11) заңда көзделген басқа да өкілеттіктерді жүзеге асырады.
      2. Облыстық сот төрағасының өкілеттіктері мерзімінен бұрын тоқтатылған немесе өкілеттік мерзімі аяқталған жағдайда төрағаның міндетін уақытша атқаруды Жоғарғы Сот Төрағасы облыстық соттың сот алқалары төрағаларының біреуіне жүктейді. Бұл ретте кассациялық алқа отырыстарында төрағалық ету облыстық соттың кассациялық алқасының судьясына жүктеледі.
      Сот алқаларының төрағалары болмаған жағдайда төрағаның міндетін уақытша орындау облыстық соттың кассациялық алқасының судьясына жүктеледі.
      3. Облыстық соттың төрағасы уақытша орнында болмаған жағдайда міндеттерін атқаруды жүктеуді облыстық соттың сот алқалары төрағаларының біреуі жүзеге асырады. Сот алқаларының төрағалары болмаған жағдайда төрағаның міндетін уақытша орындау облыстық соттың кассациялық алқасының судьясына жүктеледі.
      15-бап. Облыстық соттың сот алқасының төрағасы
      1. Облыстық соттың сот алқасының төрағасы судья болып табылады және судья мiндеттерiн атқарумен қатар:
      1) сот алқасында сот ісін жүргізуді ұйымдастыру мәселелерін шешеді;
      2) сот алқасының отырыстарында төрағалық етедi;
      3) сот практикасын зерделеу және жинақтау жөнiндегi жұмысты ұйымдастырады;
      4) соттың жалпы отырысына сот алқасының қызметi туралы ақпаратты ұсынады;
      5) заңда көзделген басқа да өкiлеттiктердi жүзеге асырады.
      2. Апелляциялық сот алқасының төрағасы облыстық сот төрағасына апелляциялық сот алқаларында мамандандырылған құрамдарды қалыптастыру жөнінде ұсыныстар енгізеді.
      3. Апелляциялық сот алқасының төрағасы уақытша орнында болмаған жағдайда сот төрағасы оның мiндетiн атқаруды алқа судьяларының бiрiне жүктейдi.
      Облыстық соттың сот алқасы төрағасының өкілеттіктері мерзімінен бұрын тоқтатылған немесе өкілеттік мерзімі аяқталған жағдайда төрағаның міндетін уақытша атқару облыстық соттың тиісті сот алқасының судьясына жүктеледі.»;
      6) 16-баптың 1-тармағында:
      бірінші абзац мынадай редакцияда жазылсын:
      «1. Облыстық сот қажетiне қарай жалпы отырыстар өткiзедi, оларда:»;
      9-1) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
      «9-1) сот төрелiгiн iске асыру сапасы төмен немесе сот iстерiн қарау кезiнде заңдылықты ұдайы бұзуға жол берген судьяға қатысты материалдарды Сот жюриiне беру туралы мәселенi талқылайды және талқылау қорытындылары бойынша тиiстi шешiм шығарады;»;
      7) 17-бапта:
      2-тармақта:
      3) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
      «3) сот практикасы мәселелерін түсіндіретін нормативтік қаулылар қабылдайды;»;
      мынадай мазмұндағы 3-1) тармақшамен толықтырылсын:
      «3-1) жергілікті және басқа да соттардың төрағалары және сот алқалары төрағалары, Жоғарғы Сот судьялары және сот алқалары төрағалары лауазымдарына кадр резервін (бұдан әрі – кадр резерві) қалыптастырады;»;
      мынадай мазмұндағы 3-тармақпен толықтырылсын:
      «3. Кадр резервімен жұмысты құру және ұйымдастыру тәртібін Жоғарғы Соттың Төрағасы бекітеді.»;
      8) 20-бапта:
      1-тармақта:
      4) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
      «4) Жоғарғы Соттың жалпы отырысының қарауына сот практикасы мәселелерін түсіндіретін Жоғарғы Соттың нормативтiк қаулыларын қабылдау үшiн материалдарды және заңда көзделген негiздемелер бойынша қадағалау тәртiбiмен сот актiлерiн қайта қарау туралы ұсынымдарды енгiзедi;»;
      мынадай мазмұндағы 8-1) тармақшамен толықтырылсын;
      «8-1) Жоғары Сот Кеңесімен келісім бойынша әрбір жергілікті және басқа да сот судьяларының санын бекітеді;»;
      2-тармақта:
      3) және 3-1) тармақшалар мынадай редакцияда жазылсын:
      «3) жергілікті және басқа соттардың жалпы отырыстарының шешімі негізінде аудандық соттардың төрағалары қызметінің бос орындарына кандидатураларды балама негізде Жоғары Сот Кеңесіне ұсынады;
      3-1) Жоғарғы Соттың жалпы отырысының шешімі негізінде облыстық соттардың төрағалары мен сот алқаларының төрағалары, Жоғарғы Соттың сот алқаларының төрағалары мен судьялары қызметіне кандидатураларды балама негізде Жоғары Сот Кеңесіне ұсынады;»;
      3-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      «3. Жоғарғы Соттың Төрағасы уақытша орнында болмаған кезде оның мiндетi Жоғарғы Сот Төрағасының өкімімен сот алқалары төрағаларының біріне жүктеледi.
      Сот алқаларының төрағалары болмаған жағдайда төрағаның міндетін уақытша орындау Жоғарғы Соттың судьясына жүктеледі.»;
      9) 21-баптың 1-тармағында:
      1-1) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
      «1-1) сот алқасында сот ісін жүргізуді ұйымдастыру мәселелерін шешеді;»;
      мынадай мазмұндағы 4-1) тармақшамен толықтырылсын:
      «4-1) азаматтарды жеке қабылдауды жүргізеді;»;
      2-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      «2. Сот алқасының төрағасы уақытша орнында болмаған жағдайда оның мiндетiн атқару Жоғарғы Сот Төрағасының өкiмi бойынша алқа судьяларының бiрiне жүктеледi.
      Жоғарғы Соттың сот алқасы төрағасының өкілеттіктері мерзімінен бұрын тоқтатылған немесе өкілеттік мерзімі аяқталған жағдайда оның міндетін уақытша атқару Жоғарғы Соттың тиісті сот алқасының судьясына жүктеледі.»;
      10) 22-баптың 1-тармағында:
      3) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
      «3) сот практикасы мәселелерiн түсiндiретін нормативтiк қаулылар қабылдайды және заңнаманы жетiлдiру жөнінде ұсыныстар енгiзедi;»;
      7-1) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
      «7-1) сот төрелiгiн iске асыру сапасы төмен немесе сот iстерiн қарау кезiнде заңдылықты ұдайы бұзуға жол берген судьяға қатысты материалдарды Сот жюриiне беру туралы мәселенi талқылайды және талқылау қорытындылары бойынша тиiстi шешiм шығарады;»;
      11) 23-баптың 1-тармағының екінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
      «Судья Қазақстан Республикасының Конституциясында және осы Конституциялық заңда белгiленген тәртiппен сот төрелiгiн жүзеге асыру жөнiндегi өкiлеттiктер берiлген, өз мiндеттерiн тұрақты негiзде орындайтын және сот билiгiн жүргiзушi болатын мемлекеттің лауазымды тұлғасы болып табылады.»;
      12) 24-баптың 2-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
      «2. Судьяның өкiлеттiгi тек қана осы Конституциялық заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында көзделген негіздер мен тәртіп бойынша тоқтатылуы немесе тоқтатыла тұруы мүмкін.»;
      13) 29-бапта:
      1-тармақта:
      төртінші абзац мынадай редакцияда жазылсын:
      «біліктілік емтиханын тапсырған. Мамандандырылған магистратураны оқып бітірген адамдар оқуы аяқталғаннан кейін бес жыл ішінде емтихан тапсырудан босатылады;»;
      алтыншы абзац мынадай редакцияда жазылсын:
      «сотта тағылымдамадан ойдағыдай өткен және соттың жалпы отырысының оң пiкiрiн алған Қазақстан Республикасының азаматы тағайындалуы мүмкiн. Мамандандырылған магистратураны оқып бiтiрген адамдарға оқуы аяқталғаннан кейін бес жыл ішінде тағылымдамадан өту талап етiлмейдi.»;
      2-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      «2. Осы баптың 1-тармағының талаптарына сай келетін, заң мамандығы бойынша кемінде он бес жыл жұмыс стажы бар немесе кемінде бес жыл судьялық жұмыс стажы бар және тиісті облыстық соттың жалпы отырысының қорытындысын алған азамат облыстық соттың судьясы бола алады.
      Тиісті облыстық соттың жалпы отырысының теріс қорытындысына Жоғарғы Соттың жалпы отырысына шағым берілуі мүмкін.
      Тиісті облыстық соттың және Жоғарғы Соттың жалпы отырыстарының қорытындысын кандидат Жоғары Сот Кеңесіне ұсынады.»;
      4-тармақ мынадай редакциядағы екінші бөлікпен толықтырылсын:
      «Біліктілік емтиханын тапсырған және заң мамандығы бойынша кемінде жиырма жыл жұмыс стажы бар адамдар ерекше жағдайда Жоғары Сот Кеңесінің шешімімен тағылымдамадан өтуден босатылуы мүмкін.»;
      14) 30-бапта:
      тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:
      «30-бап. Судья, сот төрағасы, сот алқасы төрағасы қызметіне кандидаттарды iрiктеу»;
      3-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      «3. Аудандық сот төрағасы қызметінің бос орнына кандидатураны тиісті облыстық соттың жалпы отырысының шешімі негізінде Жоғарғы Сот Төрағасы енгізген ұсыну бойынша Жоғары Сот Кеңесі балама негізде қарайды.
      Облыстық соттардың төрағалары мен сот алқаларының төрағалары, Жоғарғы Соттың сот алқаларының төрағалары мен судьялары қызметінің бос орындарына кандидатураларды Жоғарғы Соттың жалпы отырысының шешімі негізінде Жоғарғы Сот Төрағасы енгізген ұсыну бойынша Жоғары Сот Кеңесі балама негізде қарайды.
      Жоғарғы Соттың сот алқасының төрағасы қызметіне кандидат Жоғарғы Сот судьяларының арасынан ұсынылады.
      Жоғары Сот Кеңесі жергілікті және басқа соттардың төрағалары, сот алқаларының төрағалары, Жоғарғы Соттың сот алқаларының төрағалары қызметінің бос орындарына кандидаттарды қызметке тағайындау үшін Қазақстан Республикасының Президентіне ұсынады.
      Жоғарғы Соттың Төрағасы қызметіне кандидатураны Жоғары Сот Кеңесі қарайды.
      Жоғары Сот Кеңесі Жоғарғы Соттың Төрағасы, судьясы қызметінің бос орындарына кандидаттарды Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенатына ұсынуы үшін Қазақстан Республикасының Президентіне ұсынады.»;
      15) 31-бапта:
      5-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      «5. Аудандық соттардың төрағаларын Жоғары Сот Кеңесiнiң кепiлдемесi бойынша Қазақстан Республикасының Президентi үш жыл мерзiмге тағайындайды.»;
      мынадай мазмұндағы 5-1-тармақпен толықтырылсын:
      «5-1. Облыстық соттардың төрағаларын Жоғары Сот Кеңесiнiң кепiлдемесi бойынша Қазақстан Республикасының Президентi бес жыл мерзiмге тағайындайды.»;
      7, 8-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
      «7. Жергілікті және басқа соттардың төрағалары мен сот алқаларының төрағалары, Жоғарғы Соттың Төрағасы мен сот алқаларының төрағалары өкiлеттiк мерзiмдерi аяқталғаннан кейiн, егер олар бұрынғы қызметтерiне немесе басқа соттағы осындай қызметке тиiсiнше қайтадан сайланбаған немесе тағайындалмаған болса, тиiстi соттың судьясы өкiлеттiгiн жүзеге асыруды жалғастырады.
      Тиiстi сотта судьялардың бос орны болмаған жағдайда осындай лауазымға сайланбаған немесе тағайындалмаған жергілікті және басқа соттардың төрағалары мен сот алқаларының төрағалары, Жоғарғы Соттың төрағасы және сот алқаларының төрағалары олардың келiсiмiмен тең дәрежелi немесе төмен тұрған соттың судьясы лауазымына конкурссыз тағайындауға ұсынылады.
      8. Сот қайта ұйымдастырылған немесе таратылған, тиісті сот судьяларының саны өзгерген кезде осы соттың судьялары олардың келiсiмiмен тең дәрежелi немесе төмен тұрған соттың судьясы лауазымына тағайындауға конкурссыз ұсынылуы мүмкiн.»;
      16) 33-баптың 1-тармағында:
      3-1) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
      «3-1) осы Конституциялық заңның 34-бабының 2-тармағында көзделген негiздер бойынша судья өкiлеттiктерiн тоқтату қажеттiгi туралы Сот жюриінің шешiмi болса;»;
      3-2) тармақша алып тасталсын;
      мынадай мазмұндағы 2-1-тармақпен толықтырылсын:
      «2-1. Судьяның өкілеттігі тоқтатыла тұрған кезде оның тиісті соттың төрағасы немесе сот алқасының төрағасы қызметіндегі өкілеттігі де тоқтатыла тұрады.»;
      17) 34 және 34-1-баптар мынадай редакцияда жазылсын:
      «34-бап. Төрағаны, сот алқасы төрағасын және судьяны қызметтен босату және оның өкiлеттiгiн тоқтату
      1. Төрағаның, сот алқасы төрағасының және судьяның өкiлеттiгi мынадай негiздерде:
      1) судья орнынан түскенде;
      1-1) судья өз тілегі бойынша қызметінен босағанда;
      2) медициналық қорытындыға сәйкес кәсiптiк мiндеттерiн одан әрi атқаруға кедергi болатын денсаулық жағдайы бойынша;
      3) судьяны iс-әрекетке қабiлетсiз немесе iс-әрекетке қабiлетi шектеулi деп тану не оған медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану туралы сот шешiмi заңды күшiне енгенде;
      4) осы судьяға қатысты айыптау үкімі заңды күшiне енгенде;
      5) Қазақстан Республикасының азаматтығы тоқтатылғанда;
      6) судья қайтыс болған немесе соттың оны қайтыс болды деп жариялау туралы шешiмi заңды күшiне енген жағдайда;
      7) судья басқа лауазымға тағайындалған, сайланған және ол басқа жұмысқа ауысқан жағдайда;
      8) соттың таратылуына немесе соттың қайта ұйымдастырылуына, тиісті сот судьялары санының өзгеруіне, өкiлеттiк мерзiмiнiң өтуiне байланысты, егер соттың төрағасы, сот алқасының төрағасы немесе судья басқа соттағы бос қызмет орнына орналасуға келiсiмiн бермесе;
      8-1) аудандық соттар, облыстық соттар, Жоғарғы Сот судьяларының жалпы саны қысқартылғанда;
      9) зейнеткерлік жасқа немесе судья қызметінде болудың шекті жасына толғанда тоқтатылады.
      2. Судьяның өкiлеттiгi судьяның кәсіптік жарамсыздығына байланысты, тәртiптiк терiс қылықтар жасағаны үшін атқарып отырған қызметіне сәйкессіздігі туралы немесе осы Конституциялық заңның 28-бабында көрсетiлген талаптарды орындамағаны үшiн қызметiнен босату қажеттiлігi туралы Сот жюриінің шешіміне немесе қорытындысына байланысты тоқтатылуы мүмкiн.
      3. Сот төрағасының не алқа не сот алқасы төрағасының өкiлеттiктерi оның өз тілегі бойынша не олар осы Конституциялық заңның 9, 14, 15, 20, 21 және 28-баптарында көрсетiлген талаптарды орындамаған жағдайда мерзiмiнен бұрын тоқтатылуы мүмкiн.
      4. Судьяны қызметтен босату туралы шешiм:
      1) Жоғарғы Соттың Төрағасына, судьяларына қатысты Қазақстан Республикасы Президентінің ұсынуы бойынша - Қазақстан Республикасы Парламентi Сенатының қаулысымен;
      2) Жоғарғы Соттың сот алқаларының төрағаларына, жергілікті және басқа соттардың төрағаларына, сот алқаларының төрағалары мен судьяларына қатысты — Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен қабылданады.
      5. Судьяны қызметiнен босату сонымен бiр мезгiлде тиiстi соттың төрағасы немесе сот алқасының төрағасы өкiлеттiктерiнiң тоқтатылуына әкеп соғады.
      Осы Конституциялық заңның 31-бабының 7-тармағымен көзделген жағдайларды қоспағанда, тиiстi соттың төрағасын немесе сот алқасының төрағасын олардың өз тілегі бойынша не өкілеттік мерзiмiнiң өтуiне байланысты қызметтен босату оларды осы соттың судьясы қызметiнен босатуға әкеп соқпайды.
      6. Аудандық соттар, облыстық соттар, Жоғарғы Сот судьяларының жалпы санын қысқартуға байланысты өкілеттіктері тоқтатылған жағдайда судьяға шығу жәрдемақысы төрт орташа айлық жалақы мөлшерінде төленеді.
      7. Осы баптың 1-тармағының 5) тармақшасымен және 2-тармағымен көзделген судьялардың өкілеттіліктерін тоқтату негіздері теріс себептер болып танылады.
      8. Осы баптың 1-тармағының 10) тармақшасымен көзделген негіздер бойынша судьяны қызметінен босатуға аудандық соттар, облыстық соттар, Жоғарғы Сот судьяларының жалпы санын қысқартуды қолда бар бос орын бірліктері есебінен жүргізу мүмкін болмағанда не егер судья төмен тұрған сотта бос орынға орналасуға келісімін бермегенде ғана жол беріледі.
      34-1-бап. Судья қызметінде болудың шекті жасы
      Судья қызметінде болуға шекті жасқа: әйелдер үшін – 63 жасқа, ерлер үшін – 68 жасқа толғанға дейін жол беріледі.
      Судьялар Қазақстан Республикасының заңында белгіленген зейнеткерлік жасқа толған кезде оның шекті жасқа жеткеніне дейін судья қызметінде одан әрі болуына Жоғары Сот Кеңесінің келісімімен Жоғарғы Соттың Төрағасы рұқсат етеді.»;
      18) 35-бап мынадай мазмұндағы 5-тармақпен толықтырылсын:
      «5. Орнынан түсуді тоқтату судьяны орнынан түсуіне байланысты қызметтен босатудың сол тәртібімен жүзеге асырылады.»
      19) 38-бап алып тасталсын;
      20) 38-1-бап мынадай редакцияда жазылсын:
      «38-1-бап. Сот жюриі
      1. Жұмыс iстеп жүрген судьяның кәсiби жарамдылығын анықтау, судьяның орнынан түсу және оны тоқтату құқығын растау, сондай-ақ судьяға қатысты тәртіптік іс жүргізуді, тәртіптік істерді қозғау туралы мәселені қарау үшін он бір судьядан тұратын Сот жюриi құрылады.
      2. Облыстық соттың немесе Жоғарғы Соттың жалпы отырысының шешiмi немесе облыстық сот төрағасының немесе Жоғарғы Сот Төрағасының ұсынысы Сот жюриiнде судьяларға қатысты материалдарды қарау үшiн негiз болып табылады.
      Сот жюриiнің жұмысын құру және ұйымдастыру тәртібі, сондай-ақ Сот жюриінде материалдарды, тәртіптік істерді қарау тәртiбi Қазақстан Республикасының Президентi бекiтетін Ережемен белгіленеді.»;
      21) 41 және 43-баптар алып тасталсын;
      22) 44-бап мынадай редакцияда жазылсын:
      «44-бап. Сот жюриінің шешiмдері
      1. Сот жюриі тәртiптiк iс бойынша, сондай-ақ кәсіби біліктілігіне күмән келтірілген судьяларға қатысты материалдарды қарау кезінде:
      1) осы Конституциялық заңның 40-бабының 1-тармағында көзделген тәртiптiк жаза қолдану туралы;
      2) тәртiптiк iс жүргiзудi қысқарту туралы;
      3) судьяның атқарып отырған қызметіне сәйкестігі туралы;
      4) судьяның кәсіби биліктілігін арттыру бойынша қажетті шаралар қабылдау (судьяны оқуға жіберу, судьяға тәлімгерлік белгілеу, жоғары тұрған сотта тағылымдама ұйымдастыру және басқа) туралы;
      5) кәсіби жарамсыздығына байланысты судьяның атқарып отырған қызметіне сәйкессіздігі туралы шешiмдердiң бiрiн шығарады.
      2. Сот жюриінің шешімі Жоғарғы Сот Төрағасының төрағаны, сот алқасының төрағасын, судьяны қызметтен босату туралы тиісті ұсынымды Жоғары Сот Кеңесіне енгізу үшін негіз болып табылады.
      3. Жоғары Сот Кеңесінің төрағаны, сот алқасының төрағасын, судьяны қызметінен босатуға кепілдеме беруінен бас тартуы Сот жюриі шығарған шешімнің күшін жоюға және оны қайта қарауға негіз болып табылады.»;
      23) 45-баптың 2-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
      «2. Судья мiнсiз тәртiбiмен өз мiндеттерiн адал атқарған жағдайда, тәртiптiк жаза қолданылған күннен бастап алты ай өткеннен кейiн Сот жюриі оны мерзiмiнен бұрын алуы мүмкiн.»;
      24) 46-бап алып тасталсын;
      25) 49-бап мынадай редакцияда жазылсын:
      «49-бап. Судьялардың жыл сайынғы демалыстары
      1. Судьяларға сауығуы үшiн лауазымдық екi айлықақы мөлшерiнде жәрдемақы төлене отырып, күнтiзбелiк отыз күнге жыл сайынғы демалыс берiледi.
      2. Судьяға оның заң кәсібі бойынша жұмыс стажы ескеріліп:
      5 жылдан 10 жылға дейін – күнтізбелік 5 күн;
      10 жылдан 15 жылға дейін – күнтізбелік 10 күн;
      15 жылдан астам – күнтізбелік 15 күн жыл сайынғы қосымша ақысы төленетін демалыс беріледі.»;
      26) 55-1-бап мынадай редакцияда жазылсын:
      «55-1-бап. Судьяны материалдық және әлеуметтiк қамсыздандыру жөнiндегi кепiлдiктерден айыру
      Судья өзiнiң қылмыс жасауына немесе сот билiгiнiң беделiне нұқсан келтiретiн терiс қылық жасауына, сот әдебi талаптарын сақтамауына және осы Конституциялық заңның 28-бабында көрсетiлген өзге де талаптарды орындамауына байланысты Сот жюриінің шешiмi бойынша оның өкiлеттiктерi тоқтатылған кезде, сондай-ақ кәсiби жарамсыздығы туралы шешімі бойынша:
      1) орнынан түсу құқығынан және жеке басына тиiспеушiлiк кепiлдiгiнен;
      2) осы Конституциялық заңның 51, 53, 54 және 55-баптарында көзделген барлық материалдық және әлеуметтiк кепiлдiктерден айырылады.».
      2-бап. Осы Конституциялық заң алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
           Президенті

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады