Халыққа қызмет көрсету орталықтарының ақпараттық жүйесінің мемлекеттік ақпараттық жүйелермен ақпарат алмасу қағидаларын бекіту туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 14 қарашадағы № 1336 Қаулысы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 11 қыркүйектегі № 773 қаулысымен

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 11.09.2015 № 773 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      «Ақпараттандыру туралы» Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 11 қаңтардағы Заңының 5-бабының 12-1) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Халыққа қызмет көрсету орталықтарының ақпараттық жүйесінің мемлекеттік ақпараттық жүйелермен ақпарат алмасу  қағидалары бекітілсін.
      2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                    К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің    
2011 жылғы 14 қарашадағы
№ 1336 қаулысымен
бекітілген 

Халыққа қызмет көрсету орталықтары ақпараттық жүйесінің мемлекеттік ақпараттық жүйелермен ақпарат алмасу қағидалары

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Халыққа қызмет көрсету орталықтары ақпараттық жүйесінің мемлекеттік ақпараттық жүйелермен ақпарат алмасу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) «Ақпараттандыру туралы» Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 11 қаңтардағы Заңының 5-бабының 12-1) тармақшасына сәйкес әзірленді және Халыққа қызмет көрсету орталықтары (бұдан әрі – ХҚО) ақпараттық жүйесінің ХҚО арқылы мемлекеттік қызметтерді көрсетуге тартылған мемлекеттік органдардың және/немесе ХҚО арқылы мемлекеттік қызметтер көрсетуге құжаттарды қабылдайтын кезде пайдаланылатын деректерді иеленуші мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерімен ақпарат алмасу тәртібін айқындайды.
      2. Осы Қағидалардың ережелеріне сәйкес Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпияларын құрайтын мәліметтер ақпараттық алмасуға жатпайды.
      3. Ақпараттық алмасу үрдісінде пайдаланылатын мәліметтердің қағаз тасығыштағы құжаттардың мәліметтерімен мәні бірдей болады.
      4. Ақпараттық алмасу ХҚО арқылы мемлекеттік қызметтерді көрсету кезінде қағаз құжат айналымын болдырмауды (азайтуды) және мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғаларға заңдық мәні бар фактілерді растайтын құжаттардың аз санын ұсынатын азаматтардың құқықтарын іске асыруды қамтамасыз етеді.
      5. Осы Қағидаларда мынадай терминдер мен анықтамалар қолданылады:
      1) ақпараттық өзара іс-қимыл – «электрондық үкімет» ақпараттық жүйелерінің арасында ақпараттық алмасуды және деректер беруді ұйымдастыру үшін желіаралық байланыстыру үрдісі;
      2) Қазақстан Республикасының халыққа қызмет көрсету орталықтарының ақпараттық жүйесі (деректерді тұтынушы) – халыққа (жеке және заңды тұлғаларға), сондай-ақ тиісті министрліктер мен ведомстволардың Қазақстан Республикасының халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы қызмет ұсыну үрдісін автоматтандыруға арналған ақпараттық жүйе;
      3) мемлекеттік ақпараттық жүйе (деректерді жеткізуші) – бюджет қаражаты есебінен құрылатын және (немесе) сатып алынатын, сондай-ақ мемлекеттік органдардың Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген өзге де тәсілдер арқылы алған ақпаратты сақтау, өңдеу, іздеу, тарату, беру және ұсынуға арналған аппараттық-бағдарламалық кешен;
      4) хабарлама – ақпаратты ХҚО ақпараттық жүйесінен мемлекеттік ақпараттық жүйеге және одан кері ұсыну нысаны;
      5) электрондық цифрлық қолтаңба – электрондық цифрлық қолтаңба құралдарымен құрылған және электрондық құжаттың дұрыстығын, оның тиістілігі мен мазмұнының өзгермейтіндігін растайтын электрондық цифрлық таңбалардың жиынтығы;
      6) ҚР ҰКО (Қазақстан Республикасының Ұлттық куәландырушы орталығы) – электрондық цифрлық қолтаңбаның ашық кілтінің электрондық цифрлық қолтаңбаның жабық кілтіне сәйкестігін куәландыратын, сондай-ақ тіркеу куәлігінің дұрыстығын растайтын («электрондық үкіметке» қатысушыларға, мемлекеттік және мемлекеттік емес ақпараттық жүйелерге қызмет көрсететін) заңды тұлға.

2. ХҚО ақпараттық жүйесінің мемлекеттік ақпараттық жүйелермен ақпарат алмасу тәртібі

      6. Өтініш беруші мемлекеттік қызметті алу мақсатында ХҚО-ға жүгінеді.
      7. Өтініш беру үдерісінде ХҚО операторы мемлекеттік ақпараттық жүйелерге сұрау салу арқылы өтінішті алдын ала толтыруды, сондай-ақ мемлекеттік қызметтердің стандарттарына сәйкес қажетті құжаттардың электрондық көшірмелерін электрондық өтінімге салуды жүзеге асырады.
      8. Мемлекеттік қызмет алуға және өтініш беруші ұсынатын құжаттарды және көрсетілген деректерді тиісінше тексеруге келісімді өтініш беруші жазбаша не электрондық цифрлық қолтаңбаны пайдалану арқылы растайды.
      9. Электрондық өтінімді қалыптастыру үдерісі аяқталғаннан кейін ХҚО операторы ХҚО ақпараттық жүйесі арқылы хабарламаны қалыптастырады, «электрондық үкімет» шлюзі арқылы сұрау салумен электрондық байланыс арнасы бойынша аталған мемлекеттік органның мемлекеттік қызметті көрсету үдерісін автоматтандыруды қамтамасыз ететін мемлекеттік ақпараттық жүйесіне хабарлама береді.
      «Сұрау салу» түріндегі хабарлама мемлекеттік ақпараттық жүйе үшін қалыптастырылады және мемлекеттік органдардың қызмет ұсынуы мен мемлекеттік ақпараттық жүйеден шығыс деректерін алу үшін қажет бастапқы деректерді беруге арналған.
      Мемлекеттік ақпараттық жүйе сұрау салуды қабылдайды және өңдейді, сұрау салуды өңдеу нәтижесімен «жауап» хабарламасын қалыптастырады және ХҚО ақпараттық жүйесіне береді.
      Хабарламаларды жөнелту және алу фактілері ақпараттық жүйелерде тіркеледі. Электрондық байланыс болмаған немесе хабарламаларды жөнелтуге кедергі келтіретін басқа да жағдайлар туындаған кезде жеткізілмеген хабарламалар кезекте жинақталады. Бұл оқиға туралы ақпарат қатенің тиісті кодымен ақпараттық жүйелерде жазылады. Авариялық жағдай жойылғаннан кейін жеткізілмеген хабарламалардың кезекпен жөнелтілуі қайта жаңартылады.
      10. Қажет болған жағдайда мемлекеттік орган аталған мемлекеттік орган иеленушісі болып табылатын мемлекеттік ақпараттық жүйеден ХҚО операторлары берген сұрау салудың мақсатын тексеруге бастамашылық жасайды.
      11. Оператор ХҚО арқылы көрсетілуге жататын мемлекеттік қызметтерді ұсыну шеңберінде:
      1) мемлекеттік қызметті көрсетуге өтінішті автоматты режимде толтыруға мүмкіндік беретін;
      2) ХҚО-ға мемлекеттік қызметті алу үшін жүгінген кезде азаматтар ұсынатын құжаттардың қағаз көшірмелерін болдырмауға мүмкіндік беретін мемлекеттік ақпараттық жүйеден алады;
      3) ХҚО операторларының мемлекеттік ақпараттық жүйеге жасайтын барлық сұрау салуларына оператордың электрондық цифрлық қолтаңбасымен қол қойылады және ақпараттық жүйеде тіркеледі, сондай-ақ «электрондық үкімет» порталындағы өтініш берушінің жеке кабинетінде көрінеді.
      12. Ақпараттық алмасу үдерісінде барлық уақытша параметрлерді тіркеу жергілікті уақыт бойынша жүргізіледі. Ақпараттық алмасудың уақытша сипаттамалары мемлекеттік қызмет көрсетудің әрбір кезеңіне бөлінген уақыттан аспауы тиіс.
      13. Мемлекеттік органның мемлекеттік қызметтерді ұсыну мерзімі мемлекеттік қызметтерді көрсету стандарттарында айқындалады.
      14. ХҚО арқылы көрсетілетін ақылы мемлекеттік қызметтерге электрондық форматтағы төлем туралы түбіртек қоса жүреді және мемлекеттік қызмет көрсету өтініміне қоса беріледі.
      15. ХҚО ақпараттық жүйесін өндірістік пайдалануға қосқанға дейін мынадай рәсімдерді орындау міндетті:
      1) тестілік стендте ақпараттық алмасудың алдын ала сынағын өткізу;
      2) ХҚО ақпараттық жүйесінің мемлекеттік ақпараттық жүйелермен ақпараттық алмасуын тәжірибелік пайдалануын өткізу;
      3) тәжірибелік пайдалану нәтижелеріне талдау жүргізу, қажет болған жағдайда – бағдарламалық қамтамасыз етудің пысықталуын қамтамасыз ету;
      4) өндірістік пайдалануда қосылатын сервиске ақпараттық сұрау салулардың қарқындылығын бағалау, жүктемелік тестілеу.
      16. Ақпараттық алмасу кезінде ақпаратты қорғау мемлекеттік органдардың бірыңғай қорғалған көліктік ортасын, ақпаратты кепілді жеткізудің бағдарламалық құралын пайдалану есебінен де, сондай-ақ ақпараттық қауіпсіздік бойынша ұйымдастырушылық іс-шараларын өткізу есебінен де қамтамасыз етілуі тиіс.
      17. Қабылдауға/беруге жататын мәліметтер электрондық цифрлық қолтаңбамен расталады. Алмасу кезінде деректердің қорғалуын ұйымдастыру үшін ҚР ҰКО берген тіркеу куәліктері пайдаланылады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады