"Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы" Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 26 желтоқсандағы Кодексінің 120-бабының 3-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Мемлекеттің қорғаншылық және қамқоршылық жөніндегі функцияларын жүзеге асыру қағидалары бекітілсін.
2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнiнен бастап қолданысқа енгiзiледi.
Қазақстан Республикасының | |
Премьер-Министрі | К. Мәсімов |
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 30 наурыздағы № 382 қаулысымен бекітілген |
Мемлекеттің қорғаншылық және қамқоршылық жөніндегі функцияларын
жүзеге асыру қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
Ескерту. 1-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 26.05.2022 № 339 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.
1. Осы Мемлекеттің қорғаншылық және қамқоршылық жөніндегі функцияларын жүзеге асыру қағидалары "Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы" Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 26 желтоқсандағы Кодексіне сәйкес әзірленген және жергілікті атқарушы органдар арқылы кәмелетке толмағандарға және кәмелетке толғандарға қатысты мемлекеттің қорғаншылық және қамқоршылық жөніндегі функцияларын жүзеге асыру тәртібін айқындайды.
2. Мемлекеттің қорғаншылық және қамқоршылық жөніндегі функциялары – бұл мақсаты өз құқықтары мен мүдделерін қорғаудың ерекше нысандарына мұқтаж азаматтардың мүліктік және жеке мүліктік емес құқықтарын қорғау болып табылатын мемлекеттік саясат бағыттарының бірі.
3. Мемлекеттің қорғаншылық және қамқоршылық жөніндегі функциялары кәмелетке толмағандардың, оның ішінде асырап алуға, баланы қабылдайтын отбасыларға беруге, өздеріне қорғаншылықты немесе қамқоршылықты, патронатты белгілеуге мұқтаж жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың және қорғаншылықтағы немесе қамқоршылықтағы, патронаттағы, сондай-ақ жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған ұйымдарда тәрбиеленіп жатқан жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың құқықтары мен мүдделерін қорғау мақсатында жүзеге асырылады.
Ескерту. 3-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 24.10.2016 № 615 (01.01.2017 бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.4. Қорғаншылық немесе қамқоршылық әрекетке қабілетсіз немесе әрекет қабілеті шектеулі кәмелетке толған адамдардың мүліктік және жеке мүліктік емес құқықтары мен мүдделерін қорғау үшін де белгіленеді.
2-тарау. Мемлекеттің қорғаншылық және қамқоршылық жөніндегі функцияларын жүзеге асыру тәртібі
Ескерту. 2-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 26.05.2022 № 339 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.
5. Мемлекеттік органдар мен ұйымдардың кәмелетке толмағандарға қатысты қорғаншылық және қамқоршылық жөніндегі қызметін үйлестіруді және өзара іс-қимылын ұйымдастыруды Қазақстан Республикасының балалардың құқықтарын қорғау саласындағы уәкілетті органы, кәмелетке толғандарға қатысты – халықты әлеуметтік қорғаудың уәкілетті органдары жүзеге асырады.
Ескерту. 5-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 25.04.2015 № 312 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.6. Аудандардың, облыстық, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары мемлекеттiң кәмелетке толмағандарға қатысты қорғаншылық және қамқоршылық жөніндегі функцияларын білім беру мен денсаулық сақтаудың уәкілетті органдары, кәмелетке толғандарға қатысты – халықты әлеуметтiк қорғаудың уәкілетті органдары (бұдан әрі – орган) жүзеге асырады.
7. Орган заңнамада белгіленген тәртіппен балалардың, әрекетке қабілетсіз немесе әрекет қабілеті шектелген кәмелетке толған адамдардың құқықтары мен мүдделерін қорғауды:
1) баланың тұрғылықты жерін, ата-ананың баламен араласу және басқа адамдарда жүрген баланы айырып алу тәртібін, бала ата-анасының біреуімен республикадан тыс жерге тұрақты тұру үшін кеткен кезде баланың тұрғылықты жерін айқындауға, ата-ана құқықтарынан айыруға (оларды шектеуге) және оларды қалпына келтіруге, бала асырап алуға және оның күшін жоюға немесе бала асырап алуды жарамсыз деп тануға, кәмелетке толмағандарды арнаулы білім беру ұйымдарына немесе ерекше режимде ұстайтын білім беру ұйымдарына жіберуге байланысты, кәмелетке толмағандарға қатысты қорғаншылық пен қамқоршылықтан (патронаттан) туындайтын даулар бойынша, кәмелетке толмағанның әкесін анықтау және одан алименттер өндіріп алу туралы, он төрттен он сегіз жасқа дейінгі кәмелетке толмағанның өз табыстарына өз бетінше иелік ету құқықтарын шектеу немесе олардан айыру туралы арыздар бойынша, кәмелетке толмағанды әрекетке толық қабілетті деп жариялау (эмансипация), әке болуды анықтау және баланы күтіп-бағуға пайыздық қатынаста немесе нақты ақшалай сомада алименттер өндіріп алу, алименттердің мөлшерін азайту, кәмелетке толмағандардың еңбек, тұрғын үй құқықтарын қорғау, кәмелетке толмағандар және кәмелетке толғандар бірлесіп, оның ішінде әрекетке қабілетсіз немесе әрекет қабілеті шектелген кәмелетке толғандардың қатысуымен келтірілген зиянды өтеу туралы істерді қарау кезінде сотқа қатысу;
2) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда кәмелетке толмағандардың тегін, атын қою немесе өзгерту мәселелерін шешу;
3) Қазақстан Республикасы Азаматтық іс жүргізу кодексінің 27-бабында көзделген істер бойынша, оның ішінде бала асырап алуды жарамсыз деп тану туралы талап қоюларға бастама жасау;
4) егер балаға кері әсер етпесе, ата-ана құқықтарынан айырылған немесе құқықтары шектелген ата-аналарға баламен кездесуге рұқсат беру;
5) баланың өміріне немесе денсаулығына тікелей қатер төнген жағдайда ауданның, облыстық, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органының актісі негізінде сот шешімі қабылданғанға дейін баланы ата-анасынан немесе ол қамқоршылығында жүрген өзге адамдардан дереу айырып алуды жүзеге асыру;
6) егер қорғаншылардың немесе қамқоршылардың, патронат тәрбиешілердің қамқорлыққа алынушының заңды мүдделерін білдіру бойынша әрекеттері Қазақстан Республикасының заңнамасына немесе қамқорлыққа алынушылардың мүдделеріне қайшы келетін болса не егер қорғаншылар немесе қамқоршылар қамқорлыққа алынушылардың заңды мүдделерін қорғауды жүзеге асырмаса, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған және қорғаншылықтағы немесе қамқоршылықтағы, патронаттық тәрбиедегі, баланы қабылдайтын отбасылардағы, сондай-ақ жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған ұйымдардағы балалардың, әрекетке қабілетсіз немесе әрекет қабілеті шектелген кәмелетке толған адамдардың заңды мүдделерін кез келген тұлғалармен қарым-қатынаста (оның ішінде соттарда) білдіру;
7) жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды, арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерге мұқтаж балаларды анықтау жөніндегі жұмысты ұйымдастыру;
8) балаларды тәрбиелеу мен оқытуға қатысты мәселелер бойынша ата-аналар арасында келіспеушіліктерді шешу;
9) әрекетке қабілетсіз немесе әрекет қабілеті шектелген кәмелетке толған адамдардың өз бетінше жасауға құқығы жоқ мәмілелерді жасауға, олардың өз құқықтарын жүзеге асыруына және міндеттерін орындауына, сондай-ақ оларды үшінші тұлғалар тарапынан теріс пайдаланушылықтан қорғауға жәрдем көрсетуге келісім беру;
10) бастапқы, өңірлік, орталықтандырылған есепте тұрған жетім балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар туралы ақпаратты соттың жазбаша сұрау салуы негізінде ұсыну;
11) кәмелетке толмағандардың мүлкіне иелік ету үшін анықтамалар беру;
12) жетім балаға (жетім балаларға) және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаға (балаларға) қамқоршылық немесе қорғаншылық белгілеу;
13) баланы (балаларды) патронаттық тәрбиеге беру және патронаттық тәрбиеге берілген баланы (балаларды) асырап-бағуға ақшалай қаражат төлемін тағайындау;
14) баланы (балаларды) қабылдайтын отбасына тәрбиелеуге беру және оларды асырап-бағуға ақшалай қаражат төлемін тағайындау;
15) жетім баланы және (немесе) ата-анасының қамқорлығынсыз қалған баланы асырап алуға байланысты біржолғы ақшалай төлемді тағайындау;
16) он жасқа толған баланың пікірін ескеру туралы қорғаншы және қамқоршы органның шешімін беру;
17) бала асырап алудың негізділігі және баланың мүдделеріне сәйкестігі туралы комиссия қорытындысының негізінде сотқа баланы асырап алуға беру туралы рұқсатты ұсыну;
18) кәмелетке толмағандардың, оның ішінде әрекетке қабілетсіз немесе әрекет қабілеті шектелген кәмелетке толған адамдардың мүліктік және мүліктік емес жеке құқықтары мен мүдделерін қорғау үшін Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де әрекеттерді жүзеге асыру арқылы қамтамасыз етеді.
Ескерту. 7-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 26.05.2022 № 339 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 01.07.2023 № 534 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулыларымен.8. Орган ата-ана қамқорлығынан айырылудың нақты жағдаяттарын негізге ала отырып, жетім балаларды, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды есепке алу бойынша қызметті ұйымдастырады, олардың мүдделеріне сүйене отырып балаларды орналастыру нысандарын таңдауды және күтіп-бағу, тәрбиелеу және білім алу жағдайларына кейіннен бақылау жасауды қамтамасыз етеді.
8-1. Орган жетім балалардың, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балалардың және балаларды өз отбасына тәрбиелеуге қабылдауға тілек білдірген адамдардың республикалық деректер банкін қалыптастырады.
Ескерту. 2-тарау 8-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Үкіметінің 24.10.2016 № 615 (01.01.2017 бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.9. Жетім балалардың, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың құқықтары мен мүдделерін қорғауды орган Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен оларды отбасына тәрбиелеуге (асырап алу, қорғаншылық немесе қамқоршылық, патронат, баланы қабылдайтын отбасы) беру арқылы, ал мұндай мүмкіндік болмаған кезде – жетім балаларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған барлық үлгідегі ұйымдарға беру арқылы жүзеге асырады. Әрекетке қабілетсіз немесе әрекет қабілеті шектелген кәмелетке толған адамдарға қатысты мүдделер мен құқықтарды қорғауды орган Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен оларды отбасына (қорғаншылық немесе қамқоршылық) беру арқылы, ал мұндай мүмкіндік болмаған кезде – әрекетке қабілетсіз немесе әрекет қабілеті шектелген кәмелетке толған адамдарға арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін халықты әлеуметтік қорғау жүйесінің ұйымдарына беру арқылы жүзеге асырады.
Осы мақсаттарда орган:
1) жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды қорғаншылыққа (қамқоршылыққа), асырап алуға, патронатқа, баланы қабылдайтын отбасына не аталған санаттағы балаларға арналған ұйымға орналастыру туралы мәселе шешілгенге дейін оларды уақытша орналастыруды қамтамасыз етеді;
2) жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды қорғаншылыққа (қамқоршылыққа), патронатқа, баланы қабылдайтын отбасыға, бала қонақтайтын отбасына алуға, асырап алуға тілек білдірген азаматтардың есебін жүргізеді, іріктейді және оларды қажетті әдістемелік, психологиялық және заңдық көмек көрсету арқылы дайындайды;
3) жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың, сондай-ақ оларды тәрбиелеуге үміткер адамдардың тұрмыс жағдайларын тексеріп-қарауды жүргізеді;
4) жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, сондай-ақ әрекетке қабілетсіз немесе әрекетке қабілеті шектелген кәмелетке толған адамдар мүлкінің тізімдемесін жасайды;
5) мемлекеттік органдарға және (немесе) өзге ұйымдарға жетім балаларға және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, сондай-ақ әрекетке қабілетсіз немесе әрекет қабілеті шектелген кәмелетке толған адамдарға тиесілі мүлікке қатысты мәмілелер жасауға тыйым салу туралы хаттар жібереді;
6) қорғаншылықта немесе қамқоршылықта жүрген, баланы қабылдайтын отбасына берілген не жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған ұйымдарда тәрбиеленіп жатқан жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың мүлкін басқаруды, сондай-ақ осы мүліктің сақталуын бақылауды жүзеге асырады;
7) қорғаншыға немесе қамқоршыға қамқорлыққа алынушының мүлкін иеліктен шығару, оның ішінде айырбастау немесе сыйға тарту жөніндегі мәмілелерді жасасуға немесе оның атынан кепілгерлік, тұрғын үйді жалға (жалдауға), өтеусіз пайдалануға беру немесе кепілге салу шартын, қамқорлыққа алынушының заң бойынша және өсиет бойынша мұрагерлікпен тиесілі құқықтарынан бас тартуына, оның мүлкін бөлуге немесе одан үлесті бөліп алуға әкеп соғатын мәмілелерді жасасуға, сондай-ақ қамқорлыққа алынушы мүлкінің азаюына әкеп соғатын кез келген мәмілелерді жасасуға рұқсат береді;
8) осы Қағидалардың 9-тармағының 7) тармақшасында көрсетілген жасалған мәмілелер нәтижесінде қорғаншы алған қаражаттың қалай жұмсалатынын айқындайды;
9) қорғаншыларды немесе қамқоршыларды тағайындайды және оларға белгіленген үлгідегі анықтама береді;
10) қорғаншылықта және қамқоршылықта, патронатта жүрген және баланы қабылдайтын отбасына берілген жетім балаларды және ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларды асырап-бағуға жәрдемақы тағайындайды және төлейді;
11) қорғаншылардың және қамқоршылардың, патронат тәрбиешілердің, баланы қабылдайтын ата-аналардың қызметін, сондай-ақ жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар тәрбиеленетін ұйымдарды бақылауды жүзеге асырады;
12) қорғаншылардың және қамқоршылардың, патронат тәрбиешілердің, баланы қабылдайтын ата-аналардың әрекеттеріне шағымдарды қарайды;
13) қорғаншыға немесе қамқоршыға, оның жұбайына немесе туыстарына, баланы қабылдайтын ата-анаға олар қорғаншы немесе қамқоршы, баланы қабылдайтын ата-ана болып тағайындалғанға дейін туындаған қамқорлыққа алынушылардың борыштарын төлеуге рұқсат береді;
14) қамқорлыққа алынушының тәрбиеленуіне және құқықтары мен мүдделерінің қорғалуына жағымсыз әсер етпеуі шартымен қамқоршының он алты жасқа толған қамқорлыққа алынушымен бөлек тұруына рұқсат береді;
15) қорғаншылардың, патронат тәрбиешілердің және баланы қабылдайтын ата-ананың алты айда бір реттен сиретпей қамқорлыққа алынушының денсаулық жағдайы туралы және оны тәрбиелеу, сондай-ақ оның мүлкін басқару жөніндегі жұмыс туралы есептерді осы Қағидаларға қосымшаға сәйкес нысан бойынша ұсынуының есебін жүргізеді;
16) қорғаншылар немесе қамқоршылар, баланы қабылдайтын ата-аналар өз міндеттерін тиісті түрде орындамаған жағдайларда, оның ішінде олар қорғаншылықты немесе қамқоршылықты жеке пайдасына пайдаланған не қамқорлыққа алынушыны қадағалаусыз және қажетті көмексіз қалдырған кезде оларды өз міндеттерін орындаудан шеттетеді және қажетті шаралар қабылдайды;
17) сотқа асырап алудың бала мүддесіне сәйкестігі туралы қорытындыны ұсынады;
18) жылына бір реттен сиретпей асырап алынған баланың өмір сүру, білім алу, тәрбиелену жағдайлары және денсаулық жағдайы туралы есептерді талап етеді;
19) он жасқа толған баланың өзін отбасына орналастыруға, өзінің мүлкіне қатысты мәміле жасауға келісімін анықтайды және оған түсінікті түрде аталған рәсімдердің мәнін түсіндіреді.
Ескерту. 9-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 26.05.2022 № 339 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.Мемлекеттің қорғаншылық және қамқоршылық жөніндегі функцияларын жүзеге асыру қағидаларына қосымша |
|
Нысан |
Қамқоршының (патронат тәрбиешінің, баланы қабылдайтын ата-ананың) есебі
Ескерту. Қосымша жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 26.05.2022 № 339 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.
_______________________________________________________________
қамқоршының (патронат тәрбиешінің, баланы қабылдайтын ата-ананың) Т.А.Ә. (бар болса), тұрғылықты мекенжайы
1. Қамқорлыққа алынушы туралы мәліметтер _______________________
(қай уақыттан бастап отбасыда жүр, онда жүру себептері)
2. Тұрғын үй-тұрмыстық жағдайлары, тұрғын үйдің сипаты
_______________________________________________________________
(тұрғын үй кімге тиесілі)
3. Отбасындағы өзара қарым-қатынас ______________________________
4. Қамқорлыққа алынушының бөлмесінің, бұрышының болуы__________
5. Қамқорлыққа алынушының жеке жылжымалы және жылжымайтын мүлкінің болуы
_______________________________________________________________
(оның жай-күйі, жылжымайтын мүліктің қамқоршысы кім болып табылады, егер бар болса, қамқорлыққа алынушының тұрғын үйінде кім тұрады)
6. Қамқорлыққа алынушының ерекшеліктері:
1) білімі: жетістіктері, проблемалары _________________________________
(бала қандай қосымша білім беру мекемелеріне баратынын көрсету);
2) денсаулық жағдайы: физикалық дамуы, проблемалар, қабылданған шаралар, жыл сайынғы медициналық қаралудан өтуі.
7. Қамқорлыққа алынушының табысы туралы мәліметтер
Табыс түрі | Сомасы, ай сайын | |||||||||||
---|---|---|---|---|---|---|---|---|---|---|---|---|
1 | 2 | 3 | 4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 | 11 | 12 | |
Алименттер | ||||||||||||
Қамқорлыққа алынушыны асырап-бағуға берілетін жәрдемақы | ||||||||||||
Ай сайынғы сақтандыру төлемдері | ||||||||||||
Мұраға қалған немесе сыйға берілген ақша қаражаты | ||||||||||||
Тұрғын үй алаңын жалға беруден түсетін табыстар |
8. Қамқорлыққа алынушының шығыстары туралы мәліметтер
Табыс түрі | Сомасы | Күні |
Есептік кезеңде азық-түлік сатып алу | ||
Киім-кешек, аяқ киім сатып алу | ||
Гигиена құралдарын, бірінші кезекте қажетті заттарды сатып алу | ||
Дәрі-дәрмектер, күтіну құралдарын сатып алу | ||
Тұрмыстық көрсетілетін қызметтерге ақы төлеу (киім-кешекті, аяқ киімді жөндеу) | ||
Ұзақ уақыт пайдаланатын тауарлар сатып алу (нақты не екенін көрсету) | ||
Ай сайынғы салымдар (білім алуға, ұзақ уақыт пайдаланатын тауарларға) |