Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Жануарлардың саулығы жөніндегі дүниежүзілік ұйым арасындағы ынтымақтастық бағдарламасы туралы келісімге қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 9 шілдедегі № 921 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкiметi ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Жануарлардың саулығы жөніндегі дүниежүзілік ұйым арасындағы ынтымастық бағдарламасы туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.
      2. Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Сарыбайұлы Мамытбековке қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Жануарлардың саулығы жөніндегі дүниежүзілік ұйым арасындағы ынтымақтастық бағдарламасы туралы келісімге қол қоюға өкілеттік берілсін.
      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                           К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің     
2012 жылғы 9 шілдедегі
№ 921 қаулысымен  
мақұлданған    

Жоба

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Жануарлардың саулығы жөніндегі дүниежүзілік ұйым арасындағы ынтымақтастық бағдарламасы туралы келісім

(2012 жылғы 11 шілдеде күшіне енді - СІМ-нің ресми сайты)

      Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Жануарлардың саулығы жөніндегі дүниежүзілік ұйымы (бұдан әрі – Тараптар)
      ветеринария саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуге және тереңдетуге ерік білдіре отырып;
      Қазақстан Республикасының ұлттық ветеринариялық қызметін Жануарлардың саулығы жөніндегі дүниежүзілік ұйымның (бұдан әрі – МЭБ) халықаралық стандарттарына сәйкес нығайту мақсатымен;
      мал шаруашылығын дамыту жануарлардың саулығын жақсартуға, жануарлардың ауруларының, соның ішінде зооноздардың алдын алуға және күресуге, сондай-ақ ветеринариялық қызметті және Қазақстан Республикасында аурулар туралы ақпараттық жүйені күшейтуге байланысты екенін назарға ала отырып;
      жануарларды, жануарлардан алынатын өнімдерді сатуды дамыту заңнамалық және нормативтік базаны МЭБ ұсыныстарына сәйкес үйлестіруді талап ететінін ескере отырып;
      Дүниежүзілік банкі тарапынан және басқа да ықпалды донорлардың тарапынан мал шаруашылығын дамытудың инвестициялық бағдарламасын, сондай-ақ Қазақстан Республикасындағы Біріккен Ұлттар Ұйымының Азық-түліктік және ауыл шаруашылығы ұйымының (ФАО) техникалық ынтымақтастық бағдарламасын қолдауды есепке ала отырып,
      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      МЭБ Қазақстан Республикасына жануарлардың саулығы мен амандығын және тамақ өнімдерінің қауіпсіздігін қорғау мақсатында, қазақстандық ветеринариялық қызметін сапа, қадағалау және жануарлармен сауда жүргізу жөнінде МЭБ-ның стандарттарына сәйкес келтіру мақсатында техникалық көмек көрсетуге міндеттенеді.

2-бап

      МЭБ мақсаттарға, бөлуге, міндеттерге, өкілеттіліктерге және қаражаттарға сәйкес осы Келісімді іске асыратын байланысу тұлғасын тағайындайды.
      Қазақстан Республикасы Үкіметінің уәкілетті органдарын қолдау мақсатында осы байланысу тұлғасы осы Келісімнің 3-бабында тізбеленген қызметтер түрлері бойынша МЭБ сарапшылары тарапынан техникалық көмек алады.

3-бап

      Осы Келісімді жүзеге асыруға қатысты жағдайлар Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы уәкілетті органы мен МЭБ арасында жасасқан арнайы келісімдерде мынадай бағыттар бойынша жазылады:
      Қазақстан Республикасының ветеринариялық заңнамасы;
      жануарлардың саулығы, аурулардың алдын алу және бақылау, жануарлардың саулығы туралы ақпараттандырудың Әлемдік жүйесінің хабарлау жүйесін пайдалану;
      жекеменшік ветеринариясын бақылау және МЭБ-ның екі жақты бағдарламасын пайдалану мүмкіндігімен мемлекеттік ветеринариялық органдарды құруды қолдау;
      ветеринариялық білім беру, оның ішінде МЭБ-ның базалық негізгі оқу жоспарын пайдалану және МЭБ-ның екі жақты үзбестен білім беру бағдарламасын пайдалану мүмкіндігі;
      зертханаларды дамыту, атап айтқанда МЭБ зертханасының екі жақты бағдарламасы арқылы.
      МЭБ тарапынан әдістемелік қамтамасыз етуді МЭБ жобасының қызметкері МЭБ сарапшысының қолдауымен, қажет болған жағдайда, осы Келісімге қол қойылған күнінен бастап үш ай мерзім ішінде ұсынады.

4-бап

      Ынтымақтастық бағдарламасы бойынша барлық келіссөздер ағылшын тілінде жүзеге асырылады.

5-бап

      МЭБ осы Келісімді іске асыруға және бағдарламаны іске асырудың прогресс мониторингісіне жауапты сарапшыны тағайындайды. Сарапшы атап айтқанда:
      осы Келісімнің аясында, Қазақстан Республикасы қойған сұрақтарға жауап береді;
      тиісті мәселелер бойынша құжаттамаларды немесе ақпараттарды ұсынады және;
      Қазақстан Республикасы әзірлеген құқықтық нормативтік актілер жобалардың мәтіндері бойынша консультация береді.
      Сонымен бірге, сарапшы негізінен арнайы келісімдерді дайындау және қайта қарау кезінде техникалық шешімдерді және әдіснама элементтерді ұсына алады.
      Қазақстан Республикасының Үкіметі осы Келісімді іске асыру мақсатында МЭБ-мен, МЭБ-ның сарапшыларымен ынтымақтастығына жауапты байланысу тұлғасын тағайындайды (ветеринария саласындағы уәкілетті органның өкілі).

6-бап

      Қазақстан Республикасының Үкіметі және Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы уәкілетті органы ветеринария саласындағы нормативтік құқықтық актілер жобаларын әзірлеуге және оларды Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бекітуге байланысты барлық жауапкершілікті өз мойнына алады.

7-бап

      Тараптар ұйымдастыру өзгерістері туралы, соның ішінде жауапты тұлғалардың ауысқандығы және Осы Келісім аясында жүзеге асырылатын жұмысқа әсер ететін өзгерістер туралы бір-бірін ақпараттандырады.

8-бап

      МЭБ Келісімді іске асыру аясында тиісті миссияларды қабылдайды.
      Бұл миссиялар Қазақстан Республикасы Үкіметімен бірге жоспарланады және ұйымдастырылады.
      Қазақстан Республикасының Үкіметі өз өкілінің не байланысу тұлғасының барлық шығындарын Тараптардың келісімдеріне сәйкес Қазақстан Республикасы заңнамасының аясында қаржыландырады.
      МЭБ ветеринариялық зертханалар бойынша арнайы келісімдерді және ветеринария саласындағы заңнамалар бойынша миссияларды, сондай-ақ Қазақстан Республикасы ветеринария саласындағы уәкілетті орган үшін тұжырымдаманы әзірлеу бойынша бірінші миссияны іске асыруға қаражат бөледі. Ветеринариялық білім бойынша оқыту Дүниежүзілік банкімен бірігіп қамтамасыз етіледі.

9-бап

      Тараптардың өзара келісуі бойынша осы Келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін, олар жеке хаттамалармен ресімделеді және осы Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылады.

10-бап

      Осы Келісімнің ережелерін түсіндіру және қолдану жөнінде даулар туындаған жағдайда, Тараптар оларды екі жақты келіссөздер мен консультациялар жолымен шешеді.

11-бап

      Осы Келісім қол қойылғаннан күнінен бастап күшіне енеді.
      Осы Келісім екі жылға жасалады және егер Тараптардың бірде біреуі кезекті мерзімнің аяқталуынан алты ай бұрын басқа Тарапқа оның қолданысын тоқтату ниеті туралы дипломатиялық арналар арқылы жазбаша хабарламаса, Келісім келесі екіжылдық мерзімге автоматты түрде ұзартылады.
      Осы Келісім қолданысын тоқтатқан жағдайда осы Келісім басқа Тараптан оның қолданысын тоқтату ниеті туралы хабарламаны дипломатиялық арналар арқылы алған күнінен бастап алты ай бойы өз күшіне қалады.

      2012 жылы «____» __________ Астана қаласында әрқайсысы қазақ, ағылшын және орыс тілдерінде екі түпнұсқа данада жасалды, әрі барлық даналардың бірдей заңдылық күші бар.
      Осы Келісімді түсіндіруге қатысты келіспеушіліктер болған жағдайда Тараптар ағылшын тіліндегі мәтінге жүгінеді.

      Қазақстан Республикасының               Жануарлардың саулығы
            Үкіметі үшін                  жөніндегі дүниежүзілік ұйым
                                                      үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады