"Балаларды халықаралық ұрлаудың азаматтық-құқықтық аспектілері туралы конвенцияны ратификациялау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 5 қыркүйектегі № 1143 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. «Балаларды халықаралық ұрлаудың азаматтық-құқықтық аспектілері туралы конвенцияны ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілсін.
      2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                               К. Мәсімов

жоба

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ЗАҢЫ Балаларды халықаралық ұрлаудың азаматтық-құқықтық
аспектілері туралы конвенцияны ратификациялау туралы

      1980 жылғы 25 қазанда Гаагада жасалған Балаларды халықаралық ұрлаудың азаматтық-құқықтық аспектілері туралы конвенция мынадай: «Қазақстан Республикасы Конвенцияның 42-бабына сәйкес Конвенцияның 26-бабының екінші абзацында көзделген өзінің заң көмегі және консультация беру жүйесі өтей алатыннан басқа, адвокаттардың немесе кеңесшілердің қызметін не сот шығындарын төлеу шығыстарын өтеу міндеттемесіне өзін байланысты деп есептемейді» деген ескертпемен ратификациялансын.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті

Балаларды халықаралық ұрлаудың азаматтық-құқықтық
аспектілері туралы конвенция
(1980 жылғы 25 қазанда жасалды)

      Осы Конвенцияға қатысушы мемлекеттер,
      балалардың мүдделері – бұл оларға деген қамқорлық ісіндегі ең маңыздысы екеніне кәміл сене отырып,
      балаларға халықаралық ауқымда оларды заңсыз орын ауыстырудың немесе күштеп ұстап алудың зиянды салдарынан қорғауды ұсынуға және олар тұрақты тұратын мемлекетке олардың дереу қайтарылуын қамтамасыз ету үшін рәсімдер жасауға, сондай-ақ қол жеткізу құқықтарын қорғауды қамтамасыз етуге ниет білдіре отырып,
      бұл мақсатта осы Конвенцияны жасауға шешім етті және төмендегілер туралы келісті:

I тарау
Конвенцияның қолданылу аясы 1-бап

      Осы Конвенцияның мақсаттары:
      а) Уағдаласушы мемлекеттердің кез келгеніне заңсыз орны ауыстырылған не Уағдаласушы мемлекеттердің кез келгенінде ұсталатын балалардың дереу қайтарылуын қамтамасыз ету; және
      b) Уағдаласушы мемлекеттің бірінің заңнамасында көзделген қорғаншылыққа және қол жеткізу құқықтарының басқа Уағдаласушы мемлекеттерде тиімді сақталуын қамтамасыз ету болып табылады.

2-бап

      Уағдаласушы мемлекеттер олардың аумақтарында Конвенцияның мақсаттарына қол жеткізуді қамтамасыз ету үшін барлық тиісті шараларды қабылдайды. Бұл үшін олар өздерінің қарамағында бар ең жедел рәсімдерді пайдаланады.

3-бап

      Баланың орнын ауыстыру немесе күштеп ұстап алу, егер:
      а) бұл ретте баланың орнын ауыстырғанға немесе күштеп ұстап алғанға дейін ол тұрақты тұрған мемлекеттің заңнамасына сәйкес қандай да бір тұлғаға, ұжымдық немесе жеке мекемеге немесе өзге органға тиесілі балаға қамқоршылық құқықтар бұзылса;
      b) орнын ауыстырған немесе күштеп ұстап алған сәтте бұл құқықтар ұжымдасып немесе жеке тиімді жүзеге асырылса немесе егер орнын ауыстыру және күштеп ұстап алу болмағанда жүзеге асырылған болса, заңсыз деп қаралады.
      а) тармағында айтылған қамқоршылық құқықтары, атап айтқанда, қандай да бір құқықтық актіге сәйкес не сот және әкімшілік билік органдарының шешіміне байланысты не осы мемлекеттің заңнамасы бойынша заңдық салдарларға әкеп соғатын келісімнің салдарынан туындауы мүмкін.

4-бап

      Конвенция қандай да бір Уағдаласушы мемлекетте тұрақты тұрған кез келген балаға қамқоршылық немесе қол жеткізу құқықтарын бұзу актісін жасаудың алдында тікелей қолданылады. Бала 16 жасқа толғанда Конвенцияның қолданылуы тоқтатылады.

5-бап

      Осы Конвенцияның мақсаттары үшін:
      a) «қамқоршылық құқықтары» балаға қатысты қандай да бір адамның қамқорлығына жататын құқықтарды және атап айтқанда баланың тұрғылықты жерін айқындау құқығын қамтиды;
      b) «қол жеткізу құқықтары» баланы тұрақты тұратын жерінен өзге жерге шектеулі уақытқа алу құқығын қамтиды.

II тарау Орталық органдар 6-бап

      Уағдаласушы мемлекет Орталық органдарды осы Конвенциямен мұндай органдарға жүктелетін функцияларды орындау үшін құрады.
      Федеративтік мемлекеттер, біреуден артық құқықтық жүйесі бар мемлекеттер немесе құрамына автономдық құрылымдар кіретін мемлекеттер біреуден артық органдар құруға және олардың өкілеттіктерінің аумақтық шектерін белгілеуге құқылы. Біреуден артық Орталық органдар құрылған жерлерде мемлекет осы мемлекеттегі басқа Орталық органдар бойынша тарату үшін барлық арыздар мен хабарламалар жіберілуі тиіс Орталық органдарды тағайындайды.

7-бап

      Орталық органдар балаларды дереу қайтаруды қамтамасыз ету және Конвенцияның басқа мақсаттарына қол жеткізу үшін бір-бірімен ынтымақтасады және өз мемлекеттерінің құзыретті билік органдары арасындағы ынтымақтастыққа жәрдемдеседі.
      Атап айтқанда, тікелей немесе қандай да бір делдал арқылы олар:
      а) заңсыз орны ауыстырылған немесе күштеп ұстап алынған бала туралы барлық нақтылықтарды ашу;
      b) уақытша шаралардың қабылдануымен балаға одан әрі зиян келтіруді немесе мүдделі адамдарға залалды болдырмау;
      с) баланың ерікті түрде қайтарылуын немесе проблемаларды тату шешуге қол жеткізуді қамтамасыз ету;
      d) қай жерде дұрыс деп саналса, сонда баланың әлеуметтік жағдайы туралы ақпаратпен алмасу;
      е) жалпы сипаттағы ақпаратты ұсыну, мысалы олардың мемлекеттерінің заңнамасы және Конвенция реттейтін салалар туралы;
      f) баланы қайтаруға қол жеткізу мақсатында сот немесе әкімшілік рәсімдерге бастама көтеру немесе мұндай рәсімдерге ықпал ету және қажет болған жағдайда, қол жеткізу құқықтарының тиімді жүзеге асырылуын ұйымдастыру;
      g) егер мән-жайлар қажет етсе, адвокаттар мен заң кеңесшілерінің қатысуын қоса алғанда, заң көмегі мен консультациялар ұсыну немесе ұсынуды ұйымдастыру;
      h) баланың қауіпсіз қайтарылуын қамтамасыз ету үшін қажет болған ұйымдастырушылық көмекті көрсету;
      i) осы Конвенцияның қолданылу барысы туралы ақпарат алмасу және мүмкіндігіне қарай қолданудың кедергілерін жою үшін барлық қолайлы шараларды қабылдайды.

III тарау
Балаларды қайтару 8-бап

      Бала ұрланды немесе қамқоршылық құқықтары бұзылып күштеп ұстап алынды деп растайтын кез келген адам, мекеме немесе өзге орган баланы қайтаруда көмек көрсету туралы арызбен бала тұрақты тұратын мемлекеттің Орталық органына немесе кез келген басқа Уағдаласушы мемлекеттің Орталық органына өтініш білдіре алады.
      Арызда:
      а) арыз берушінің жеке басы туралы, баланың жеке басы туралы және баланың орнын ауыстыруда немесе күштеп ұстап алуда күдіктелетін адамның жеке басы туралы ақпарат;
      b) егер мүмкін болса, баланың туған күні;
      с) баланы қайтару туралы арыз берушінің талабы сүйенетін негіздемелер;
      d) бала туралы және болжам бойынша баланың болуы мүмкін тұлғаның жеке басы туралы қолда бар барлық ақпарат қамтылуы тиіс.
      Арыз:
      е) іске қатысты кез келген шешімнің немесе келісімнің дәл көшірмесімен;
      f) бала тұрақты тұратын мемлекеттің Орталық органдары немесе басқа құзыретті органы немесе осы мемлекеттің іске қатысты заңнамасы туралы қандай да бір хабардар адам берген куәлікпен;
      g) іске қатысты кез келген басқа құжатпен толықтырылуы мүмкін.

9-бап

      Егер 8-бапта көзделген арызды алған Орталық органдарының бала басқа Уағдаласушы мемлекетте деп ұйғаруға негіздері болса, ол арызды кешіктірмей осы Уағдаласушы мемлекеттің Орталық органдарына тікелей береді және сұрау салушы Орталық органдарына немесе арыз берушіге хабарлайды.

10-бап

      Бала орналасқан мемлекеттің Орталық органдары баланың ерікті түрде қайтарылуы үшін барлық қолайлы шараларды қабылдайды.

11-бап

      Уағдаласушы мемлекеттердің сот және әкімшілік билік органдары балаларды қайтару үшін барлық рәсімдерді кешіктірмей жүргізеді.
      Егер тиісті сот немесе әкімшілік билік органдары рәсімдер басталғаннан бастап алты ай ішінде ешқандай шешімге қол жеткізбесе, арыз беруші немесе сұрау салынатын мемлекеттің Орталық органдары өзінің жеке бастамасы бойынша не сұрау салушы мемлекеттің Орталық органдарының өтініші бойынша оларға кешіктірудің себептеріне байланысты түсіндірмелер ұсыну туралы өтініш білдіруге құқылы. Егер жауапты сұрау салынатын мемлекеттің Орталық органдары алса, онда бұл органдары жауапты сұрау салушы мемлекеттің Орталық органдарына не арыз берушіге береді.

12-бап

      Егер бала 3-бапта көзделгендей орны ауыстырылса немесе күштеп ұстап алынса және бала орналасқан Уағдаласушы мемлекеттің сот немесе әкімшілік инстанцияларында рәсімдер басталғанда заңсыз орны ауыстырылған немесе күштеп ұстап алынған күннен бастап бір жылдан аз уақыт өтсе, тиісті инстанциялар баланы дереу қайтару туралы өкім береді.
      Сот және әкімшілік инстанциялары, тіпті алдыңғы абзацта айтылған бір жылдық мерзім өткеннен кейін рәсімдер басталған жағдайларда да, егер бала өзінің жаңа ортасына толығымен сіңісіп кеткені туралы айғақтар жоқ болғанда ғана, баланы қайтару туралы өкім береді.
      Егер сұрау салынатын мемлекеттегі сот немесе әкімшілік инстанцияларының бала басқа мемлекетке әкетілді деп ұйғаруға негіздері болса, олар рәсімдерді тоқтатуы немесе баланы қайтару туралы арызды қабылдаудан бас тартуы мүмкін.

13-бап

      Алдыңғы баптың ережелеріне қарамастан, сұрау салынатын мемлекеттің сот немесе әкімшілік инстанциялары егер адам, мекеме немесе өзге де орган:
      а) балаға қамқорлық жасауды жүзеге асырған адам, мекеме немесе өзге де орган орнын ауыстыру немесе күштеп ұстап алу сәтінде іс жүзінде қамқоршылық құқықтарын жүзеге асырмағанын немесе орнын ауыстыруға немесе басып алуға келісім бергендерін не кейіннен орнын ауыстыруды немесе басып алуды үнсіз мойындағандарын;
      b) баланы қайтару оның денесінің зақымдану немесе психологиялық жағынан зардап шегу қаупіне айтарлықтай тәуекел бар екенін немесе өзге жолмен балаға төзімсіз жағдай жасайтынын дәлелдесе, баланы қайтару туралы өкім беруге міндетті емес.
      Сот немесе әкімшілік инстанциялары, егер олар баланың қайтып баруға қарсы екенін білсе және оның пікірін есепке алмауға болмайтын жасқа және кәмелет деңгейіне жетсе, баланы қайтару туралы өкімнен бас тарта алады.
      Осы бапта айтылған мән-жайларды қарастыра отырып, сот және әкімшілік инстанциялары бала тұрақты тұратын елдің Орталық органы ұсынған баланың әлеуметтік тегі туралы ақпаратты назарға алады.

14-бап

      3-бапта көрсетілген заңсыз орын ауыстыру немесе күштеп ұстап алу шынымен орын алмағанын анықтай отырып, сұрау салынатын мемлекеттің сот немесе әкімшілік инстанциялары бала тұрақты тұратын мемлекетте формальды мойындалған және мойындалмаған құқық пен сот және әкімшілік шешімдерді осы құқықты дәлелдеудің немесе шетелдік инстанциялардың шешімдерін мойындаудың арнайы рәсімдеріне жүгінбей-ақ, тікелей ескеруі мүмкін.

15-бап

      Уағдаласушы мемлекеттің сот немесе әкімшілік инстанциялары баланы қайтару туралы өкім беруден бұрын арыз берушіден, егер бұл мемлекетте мұндай шешімді немесе ұйғарымды алу мүмкін болса, бала тұрақты тұратын мемлекеттің билік органдарынан Конвенцияның 3-бабында көрсетілген заңсыз акт ретінде орнын ауыстыру немесе күштеп ұстап алу ұйғарымын қамтитын қандай да бір шешім немесе өзге құжат алуды өтінуі мүмкін. Уағдаласушы мемлекеттердің Орталық органдары арыз берушінің мұндай құжатты алуына жәрдемдеседі.

16-бап

      3-бапта көрсетілген баланы заңсыз орын ауыстыру немесе күштеп ұстап алу туралы хабар алғаннан кейін аумағына орны ауыстырылған немесе аумағында бала ұсталып отырған Уағдаласушы мемлекеттің сот немесе әкімшілік инстанциялары осы Конвенцияға сәйкес бала қайтарылмауы тиіс екені анықталмайынша немесе хабар алғаннан кейін тиісті уақыт кезеңінде арыз берілмейінше қамқоршылық туралы қойылған мәселені шешпейді.

17-бап

      Қамқоршылық туралы шешім шығару фактісінің өзі немесе бұл шешімді сұрау салынатын мемлекетте мойындаудың қажеттілігі осы Конвенцияға сәйкес баланы қайтарудан бас тарту үшін негіз болып табылмайды, бірақ сұрау салынатын мемлекеттің сот немесе әкімшілік инстанциялары осы шешімнің дәлелдемесін Конвенцияны қолдану процесінде назарға алуы мүмкін.

18-бап

      Осы тараудың ережелері сот немесе әкімшілік инстанцияларының баланы кез келген уақытта қайтару туралы өкім беру өкілеттіктерін шектемейді.

19-бап

Осы Конвенцияға сәйкес баланы қайтару туралы қабылданған ешқандай шешім қамқоршылық туралы мәселені шешу кезінде істің мәні бойынша ұйғарым ретінде қабылданбауы тиіс.

20-бап

      12-бапта көрсетілген баланы қайтарудан, егер оған адамның құқықтары мен негізгі бостандықтары туралы сұрау салынатын мемлекеттің негізгі қағидаттары бойынша рұқсат етілмесе, бас тартылуы мүмкін.

IV тарау
Қол жеткізу құқықтары 21-бап

      Қол жеткізу құқықтарының тиімді жүзеге асырылуын ұйымдастыруды немесе қамтамасыз етуді сұраған өтініш баланы қайтаруды сұраған өтініш сияқты тәртіпте Уағдаласушы мемлекеттердің Орталық органдарына берілуі мүмкін.
      Орталық органдар 7-бапта баяндалған ынтымақтастық туралы ережелердің арқасында қол жеткізу құқықтарының бейбіт жүзеге асырылуына және осы құқықтарды жүзеге асырудың кез келген шарттарын орындауға жәрдемдесуге міндетті. Орталық органдар мұндай құқықтардың жүзеге асырылуының барлық кедергілерін жою үшін мүмкіндігінше әрекеттер қабылдайды.
      Осы құқықтарды жүзеге асыруды немесе қорғауды ұйымдастыру және оларды сақтау жағдайларын қамтамасыз ету мақсатында Орталық органдар тікелей не делдалдар арқылы рәсімдер қозғауға немесе қозғау үшін жәрдемдесуге бастама көтеруі мүмкін.

V тарау
Жалпы ережелер 22-бап

      Осы Конвенцияда көзделген сот немесе әкімшілік рәсімдерге шығыстар төлеуді қамтамасыз етуде ешқандай сақтандыру, бағалы қағаздар немесе депозиттер қажет етілмейді.

23-бап

      Осы Конвенцияның ережелерін орындау үшін ешқандай заңдастыру немесе оған ұқсас қағаз жүзіндегі рәсімдер қажет етілмейді.

24-бап

      Кез келген арыз, хабарлама немесе өзге құжат сұрау салынатын мемлекеттің Орталық органдарына түпнұсқа тілінде жіберіледі және сұрау салынатын мемлекеттің ресми тіліне немесе ресми тілдерінің біріне, ал егер бұл мүмкін болмаса, ағылшын немесе француз тіліндегі аудармамен қоса жүреді.
      Алайда Уағдаласушы мемлекет 42-бапқа сәйкес ескерту жасай отырып, Орталық органға жіберілетін арыздарда, хабарламаларда немесе өзге де құжаттарда не ағылшын, не француз тілдерін пайдалануға қарсы болуы мүмкін, бірақ екеуінен қатар бас тартпауы тиіс.

25-бап

      Уағдаласушы мемлекеттердің азаматтары және осы мемлекеттерде тұрақты тұратын тұлғалар осы Конвенцияның орындалуына байланысты мәселелерде кез келген басқа Уағдаласушы мемлекетте, егер олардың өздері осы мемлекеттердің азаматтары болған немесе оның аумағында тұрақты тұрған жағдайда көрсетілетіндей, заңгерлік көмек және кеңес алуға құқылы.

26-бап

      Әрбір Орталық органдар осы Конвенцияның қолданылуына байланысты шығыстарын өздері көтереді.
      Уағдаласушы мемлекеттердің Орталық органдары мен басқа да бұқаралық қызметтері осы Конвенцияда көзделген арыздарға байланысты ешқандай алымдар төлеуді талап етпейді. Атап айтқанда, олар рәсімдерге арналған немесе адвокаттардың немесе кеңесшілердің қатысуынан туындаған шығыстардың орнын толтыруда арыз берушінің тарапынан ешқандай төлемдер талап ете алмайды. Алайда олар баланы қайтаруға арналған шығыстардың орнын толтыруды талап етуі мүмкін.
      Дегенмен, Уағдаласушы мемлекет 42-бапқа сәйкес ескерту жасай отырып, алдыңғы бапта көзделген шығыстарды көтеруге, адвокаттардың немесе кеңесшілердің қызметтеріне ақы төлеуге немесе оның заңгерлік көмек және консультациялар жүйесі орнын толтыруы мүмкін шығыстардан басқа, ол сот шығындарын төлеуге өзін міндетті деп есептемейтінін мәлімдеуі мүмкін.
      Баланы қайтару туралы өкім немесе осы Конвенция бойынша қол жеткізу құқықтарын атқаруға байланысты өкім бере отырып, сот немесе әкімшілік инстанциялары баланың орнын ауыстыруда немесе басып алуда кінәлі адамға немесе қол жеткізу құқықтарын жүзеге асыруға кедергі келтірген адамға арыз берушінің атынан қажетті шығыстарды, оның ішінде жол жүру ақысын немесе баланың орналасқан жерін табуға, сондай-ақ арыз берушінің атынан заңгерлердің әрекеттеріне жұмсалған шығыстарды және баланы қайтаруға жұмсалған шығыстарды жүктей алады.

27-бап

      Егер осы Конвенцияның талаптары орындалмағаны немесе арыз өзге түрде жеткіліксіз негізделгені айқын болса, Орталық орган арызды қабылдауға міндетті емес. Бұл жағдайда Орталық орган арыз берушіге немесе ол арқылы арыз берілген Орталық орган өзінің дәлелдері туралы дереу хабарлайды.

28-бап

      Орталық органдарға арыздың арыз берушінің атынан әрекет ететін не өкіл тағайындайтын жазбаша сенімхатпен қоса жүруін өтінуі мүмкін.

29-бап

      Осы Конвенция 3 немесе 21-бапта көрсетілген қамқоршылық немесе қол жеткізу құқықтарының бұзылғаны туралы мақұлдаған ешқандай адамның, мекеменің немесе органның осы Конвенцияда не көзделгеніне қарамастан, кез келген Уағдаласушы мемлекеттің сот немесе әкімшілік инстанцияларына тікелей өтініш білдіруіне кедергі жасамайды.

30-бап

      Осы Конвенцияның шарттарына сәйкес Уағдаласушы мемлекеттің Орталық органдарына немесе тікелей сот немесе әкімшілік инстанцияларына жіберілген кез келген арызды, оған қоса тіркелген немесе Орталық органдар берген құжаттармен немесе өзге ақпаратпен бірге Уағдаласушы мемлекеттердің сот немесе әкімшілік инстанциялары арызға қоса қабылдайды.

31-бап

      Балаларға қамқоршылық мәселелерінде түрлі аумақтық бірліктерде екі немесе одан артық құқық жүйесі қолданылатын мемлекетке қатысты:
      а) тұрақты тұру осы мемлекеттің аумақтық бірліктерінің бірінде тұрақты тұру ретінде түсініледі;
      b) тұратын мемлекеттің заңнамасы бала тұрақты тұратын аумақтық бірліктің заңнамасы ретінде түсініледі.

32-бап

      Балаларға қамқоршылық мәселелерінде тұлғалардың түрлі санаттарына қолданылатын екі немесе одан артық құқық жүйесі әрекет ететін мемлекетке қатысты бұл мемлекеттің құқығы осы мемлекеттің құқығымен белгіленген құқық жүйесі ретінде түсініледі.

33-бап

      Құқық жүйесі бірыңғай мемлекет осыны істеуге міндетті болмаған жағдайларда, балаларға қамқоршылыққа қатысты түрлі аумақтық бірліктерінде өздерінің өзіндік құқықтық нормалары бар мемлекет осы Конвенцияны қолдануға міндетті емес.

34-бап

      Осы Конвенция өзі реттейтін мәселелерге қатысты, оның 1961 жылғы 5 қазандағы Конвенциядан, екі Конвенцияға да қатысушылар үшін билік органдарының өкілеттігіне және жасы кіші адамдарды қорғауға қолданылатын құқыққа қатысты күші басым. Басқа жағдайларда осы Конвенция заңсыз орны ауыстырылған немесе күштеп ұсталып отырған баланы қайтару немесе қол жеткізу құқықтарын ұйымдастыру мақсаттарында шығу мемлекеті мен сұрау салынатын мемлекеттің арасында не сұрау салынатын мемлекеттің басқа құқығынан жоғары қолданылатын ешқандай халықаралық шарттың қолданылуын шектемейді.

35-бап

      Осы Конвенция Уағдаласушы мемлекеттердің арасында осы мемлекеттер үшін күшіне енгеннен кейін ғана орын алған заңсыз орын ауыстыру немесе күштеп ұстап алу актілеріне қатысты қолданыла бастайды.
      Егер 39 немесе 40-бап бойынша мәлімдеме жасалса, алдыңғы тармақта көрсетілген Уағдаласушы мемлекет осы Конвенция қолданылатын аумақтық бірлікке немесе бірліктерге қатысты деп түсіндіріледі.

36-бап

      Осы Конвенцияда баланы қайтаруға қойылатын шектеулерді тарылту мақсатында екі немесе одан көп Уағдаласушы мемлекеттерге мұндай шектеуді қоятын осы Конвенцияның кез келген ережесін орындаудан жалтаруға мүмкіндік беретін келісім жасауға ештеңе кедергі келтірмейді.

VI тарау
Қорытынды ережелер 37-бап

      Конвенция Халықаралық жеке құқық жөніндегі Гаага конференциясының бұрыңғы мүше мемлекеттерінің қол қоюы үшін оның Он төртінші сессиясы кезеңінде ашық болады.
      Ол ратификацияланатын, қабылданатын немесе мақұлданатын болады және ратификациялау, қабылдау немесе мақұлдау туралы құжаттар Нидерланд Корольдігінің Сыртқы істер министрлігіне сақтауға беріледі.

38-бап

      Кез келген басқа мемлекет Конвенцияға қосыла алады.
      Қосылу туралы құжат Нидерланд Корольдігінің Сыртқы істер министрлігіне сақтауға беріледі.
      Қосылған мемлекет үшін Конвенция қосылу туралы құжат сақтауға берілгеннен кейін үшінші күнтізбелік айдың бірінші күнінде күшіне енеді.
      Қосылу тек қосылған мемлекет пен осы қосылуды өзінің мойындағаны туралы мәлімдеген мемлекеттердің арасындағы қатынастарда ғана күшін сақтайды. Осындай мәлімдеме мұндай қосылудан кейін Конвенцияны ратификациялаушы, мақұлдаушы немесе қабылдаушы кез келген қатысушы мемлекеттің тарапынан да қажет болады.
      Мұндай мәлімдеме Нидерланд Корольдігінің Сыртқы істер министрлігіне сақтауға берілуі тиіс; бұл министрлік Конвенцияның расталған көшірмесін әрбір Уағдаласушы мемлекетке дипломатиялық арналар арқылы береді.
      Конвенция қосылған мемлекет пен өзінің қосылуын мойындағаны туралы мәлімдеген мемлекеттің арасында мойындау туралы мәлімдемені сақтауға бергеннен кейін үшінші күнтізбелік айдың бірінші күнінде күшіне енеді.

39-бап

      Кез келген мемлекет қол қою, ратификациялау, қабылдау, мақұлдау немесе қосылу сәтінде Конвенцияның күші халықаралық қатынастарына ол жауапты бүкіл аумақтарға не бір немесе одан көп осындай аумақтарға қолданылатыны туралы мәлімдеуге құқылы. Осындай мәлімдеме осы мемлекет үшін Конвенция күшіне енген сәтте күшінде болады.
      Конвенцияның қолданылуын кейіннен кеңейту туралы кез келген мәлімдеме сияқты осындай мәлімдеме туралы Нидерланд Корольдігінің Сыртқы істер министрлігіне хабарлануы тиіс.

40-бап

      Егер Уағдаласушы мемлекеттің құрамына осы Конвенция реттейтін мәселелерге қатысты түрлі құқық жүйелерінің нормалары қолданылатын екі немесе одан көп аумақтық бірлік кіретін болса, ол қол қою, ратификациялау, қабылдау, мақұлдау немесе қосылу сәтінде Конвенция осы аумақтық бірліктердің барлығында немесе тек олардың біреуінде немесе бірнешеуінде қолданылатын болады деп мәлімдеуі мүмкін және кез келген уақытта басқа мәлімдеме ұсынып, өзінің мәлімдемесін өзгерте алады.
      Кез келген осындай мәлімдеме туралы Нидерланд Корольдігінің Сыртқы істер министрлігіне хабарлануы тиіс және онда Конвенция қолданылатын аумақтар дәл көрсетілуі тиіс.

41-бап

      Егер қандай да бір Уағдаласушы мемлекеттің басқару жүйесінде атқарушы, сот және заң шығарушы билік органдары осы мемлекеттің ішінде орталық және басқа органдардың арасында бөлінген болса, оған қол қою немесе ратификациялау, қабылдау немесе мақұлдау немесе Конвенцияға қосылу немесе 40-бапта көрсетілген оның мәлімдемесі осы мемлекеттің ішінде биліктерді бөлу үшін ешқандай салдарға әкеп соқпайды.

42-бап

      Кез келген мемлекет ратификациялау, қабылдау, мақұлдау немесе қосылу сәтінен кешіктірмей не 39 немесе 40-баптарда көрсетілген мәлімдеу кезінде 24-бапта және 26-баптың үшінші абзацында көзделген бір немесе екі ескерту жасауға құқылы. Басқа ешқандай ескертулерге рұқсат етілмейді.
      Кез келген мемлекет кез келген уақытта өзінің ескертуін кері қайтарып алуы мүмкін. Кері қайтарып алу туралы Нидерланд Корольдігінің Сыртқы істер министрлігіне хабарлануы тиіс.
      Ескерту алдыңғы абзацта көрсетілген хабарламадан кейін үшінші күнтізбелік айдың бірінші күнінде күшін тоқтатады.

43-бап

      Конвенция 37 және 38-баптарда көрсетілген ратификациялау, қабылдау, мақұлдау немесе қосылу туралы үшінші құжат сақтауға берілгеннен кейінгі үшінші күнтізбелік айдың бірінші күнінде күшіне енеді.
      Осыдан кейін Конвенция:
      1) Конвенцияны ратификациялаушы, қабылдаушы, мақұлдаушы немесе оған қосылушы әрбір мемлекет үшін ратификациялау, қабылдау, мақұлдау немесе қосылу туралы құжатты сақтауға бергеннен кейін үшінші күнтізбелік айдың бірінші күнінде;
      2) 39 немесе 40-баптарға сәйкес Конвенцияның күші қолданылатын кез келген аумақ немесе аумақтық бірлік үшін осы баптарда көрсетілген хабарламалардан кейін үшінші күнтізбелік айдың бірінші күнінде күшіне енеді.

44-бап

      Конвенция 43-баптың бірінші абзацына сәйкес күшіне енген күннен кейін, соның ішінде Конвенцияны кейінірек ратификациялаған, қабылдаған, мақұлдаған немесе оған қосылған мемлекеттер үшін бес жыл бойы күшінде қалады.
      Егер ешқандай денонсациялар болмаса, Конвенцияның қолданылуы әрбір бес жылда өздігінен қайта жаңартылады.
      Кез келген денонсация туралы кезекті бесжылдық кезең өткенге дейін кем дегенде алты ай бұрын Нидерланд Корольдігінің Сыртқы істер министрлігіне хабарлануы тиіс. Денонсация Конвенцияның күші қолданылатын жекелеген аумақтармен немесе аумақтық бірліктермен шектелуі мүмкін.
      Денонсацияның бұл туралы хабарлаған мемлекетке қатысты ғана күші болады. Конвенция басқа Уағдаласушы мемлекеттер үшін күшінде қалады.

45-бап

      Нидерланд Корольдігінің Сыртқы істер министрлігі Конференцияға қатысушы мемлекеттерге және 38-бапқа сәйкес қосылған мемлекеттерге:
      1) 37-бап бойынша қол қою мен ратификациялау, қабылдау және мақұлдау;
      2) 38-бапта көзделген қосылу;
      3) 43-бапқа сәйкес Конвенцияның күшіне енетін күні;
      4) 39-бапта көрсетілгендей Конвенция күшінің қолданылуы;
      5) 38 және 40-баптарда көзделген мәлімдемелер;
      6) 24-бапта және 26-баптың үшінші абзацында көзделген ескертулер, сондай-ақ 42-бапта көрсетілген кері қайтарып алу;
      7) 44-бапта көзделген денонсациялар туралы хабарлайды.
      Осыған куәлік ретінде тиісті түрде өкілдік берілген төменде қолдарын қойғандар осы Конвенцияға қол қойды.
      Гаагада, 1980 жылғы қазанның 25-ші күні ағылшын және француз тілдерінде бір данада жасалды, бұл ретте екі мәтін бірдей тең түпнұсқалы болып табылады, ол Нидерланд Корольдігі Үкіметінің мұрағаттарында сақтауға берілетін болады, оның расталған бір көшірмесі дипломатиялық арналар арқылы Халықаралық жеке құқық жөніндегі Гаага конференциясына мүше мемлекеттердің әрқайсысына оның Он төртінші сессиясы уақытында жіберілетін болады.
      1980 жылғы 25 қазанда Гаагада жасалған Балаларды халықаралық ұрлаудың азаматтық-құқықтық аспектілері туралы конвенцияның куәландырылған көшірмесі екендігін растаймын.

      Қазақстан Республикасы
      Ішкі істер министрлігінің
      Штаб-департаменті
      бастығының міндетін атқарушы                      Д. Халықов

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады