Ресми статистика саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 28 мамырдағы № 525 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Ресми статистика саласындағы ынтымақтастық туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.
      2. Ресми статистика саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылсын.
      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                     С. Ахметов

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің      
2013 жылғы 28 мамырдағы
№ 525 қаулысымен   
мақұлданған     

Жоба

Ресми статистика саласындағы ынтымақтастық туралы
КЕЛІСІМ

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің үкіметтері
      ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің әлеуметтік-экономикалық дамуы, ынтымақтастығын үйлестіру және дәйекті түрде тереңдету, ТМД шеңберінде статистикалық ақпаратпен мемлекетаралық алмасуды кеңейту, ортақ ақпараттық-статистикалық кеңістікті дамыту үшін қолайлы жағдайларды жасау мақсатында,
      ресми статистика саласында әдіснамалық және практикалық ынтымақтастықты дамытуға тілек білдіре отырып,
      осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің статистикалық қызметтері жұмысының тиімділігін және ақпараттық статистикалық қамтамасыз ету сапасын арттыру мұндай ынтымақтастықтың нәтижесі екенін тани отырып,
      БҰҰ Статистикалық комиссиясы қабылдаған Ресми статистиканың негізгі қағидаттарына сүйене отырып, осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің аумақтарында статистика саласындағы ең жаңа ғылыми әзірлемелер мен әлемдік стандарттарға жауап беретін мемлекеттік статистиканы дамыту жөніндегі келісілген және үйлестірілген шараларды қабылдаудың маңыздылығын ұғына отырып,
      ресми статистика саласында мемлекетаралық бағдарламалар мен бірлескен жобаларды әзірлеуде және жүзеге асыруда қолдау көрсетуді жүзеге асыруға ниет білдіре отырып,
      осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің халықаралық міндеттемелері мен заңнамасын басшылыққа ала отырып,
      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің ресми статистика саласындағы ынтымақтастығының келісілген қағидаттары мен қағидаларын әзірлеу және осы Келісімге қатысушы мемлекеттер статистикалық қызметтерінің осы саладағы өзара іс-қимылын үйлестіруді осы Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылатын Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің статистикалық қызметтері басшыларының кеңесі туралы ережеге (1-қосымша) сәйкес өз қызметін жүзеге асыратын Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің статистикалық қызметтері басшыларының кеңесіне (бұдан әрі – Кеңес) жүктеу.

2-бап

      ТМД шеңберінде статистика саласындағы ең жаңа ғылыми әзірлемелер мен әлемдік стандарттарға жауап беретін ресми статистиканы одан әрі дамыту, статистикалық ақпаратпен мемлекетаралық алмасуды кеңейту, ортақ ақпараттық-статистикалық кеңістікті дамыту мақсатында ынтымақтастықтың келісілген қағидаттары мен қағидаларына негізделген ақпараттық алмасуды ұйымдастыру, ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің әлеуметтік-экономикалық жағдайы туралы статистикалық, талдамалық материалдарды әзірлеуді осы Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылатын Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Мемлекетаралық статистикалық комитеті туралы ережеге (2-қосымша) сәйкес өз қызметін жүзеге асыратын Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Мемлекетаралық статистикалық комитетіне (бұдан әрі – ТМД Статкомитеті) жүктеу.

3-бап

      Осы Келісім Тараптардың әрқайсысының өз мемлекеті қатысушы болып табылатын басқа халықаралық шарттардан ол үшін туындайтын құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.

4-бап

      Осы Келісім оған қол қойған Тараптардың оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы соңғы хабарламаны депозитарийдің алған күнінен бастап 30 күн өткен соң күшіне енеді.

5-бап

      Осы Келісімге Тараптардың өзара келісімі бойынша оның ажырамас бөлігі болып табылатын, тиісті хаттамамен ресімделетін және осы Келісімнің күшіне енуі үшін көзделген тәртіппен күшіне енетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.

6-бап

      Осы Келісім күшіне енгеннен кейін қосылу туралы құжатты депозитарийге беру арқылы осы Келісімнің мақсаттары мен қағидаттарын бөлісетін кез келген мемлекеттің қосылуы үшін ашық болып табылады.
      ТМД-ға қатысушы мемлекет үшін осы Келісім қосылу туралы құжатты депозитарийдің алған күнінен бастап 30 күн өткен соң күшіне енеді.
      ТМД-ға қатысушы болып табылмайтын мемлекет үшін осы Келісім оған қол қойған немесе оған қосылған мемлекеттердің мұндай қосылуға келісетіні туралы соңғы хабарламаны депозитарийдің алған күнінен бастап 30 күн өткен соң күшіне енеді.

7-бап

      Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады.
      Тараптардың әрқайсысы депозитарийге шыққанға дейін кемінде алты ай бұрын өзінің мұндай ниеті туралы жазбаша хабарлама жібере отырып және осы Келiсiмнiң қолданысы кезiнде туындаған мiндеттемелерiн реттеп, осы Келісімнен шығуға құқылы.

      Минск қаласында 2013 жылғы 31 мамырда орыс тілінде бір түпнұсқа данада жасалды. Түпнұсқа дана Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Атқарушы комитетінде сақталады, ол осы Келісімге қол қойған әрбір мемлекетке оның куәландырылған көшірмесін жібереді.

Әзербайжан Республикасының
Үкіметі үшін

Ресей Федерациясының
Үкіметі үшін

Армения Республикасының
Үкіметі үшін

Тәжікстан Республикасының
Үкіметі үшін

Беларусь Республикасының
Үкіметі үшін

Түрікменстан Үкіметі үшін

Қазақстан Республикасының
Үкіметі үшін

Өзбекстан Республикасының
Үкіметі үшін

Қырғыз Республикасының
Үкіметі үшін

Украина
Үкіметі үшін

Молдова Республикасының
Үкіметі үшін


20__ жылғы ______________ 
Ресми статистика саласындағы
ынтымақтастық туралы келісімге
1-қосымша          

Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің
статистикалық қызметтері басшыларының кеңесі туралы
ЕРЕЖЕ

I. Жалпы ережелер

      1.1. Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің статистикалық қызметтері басшыларының кеңесі (бұдан әрі – Кеңес), _____ жылы _______________ Ресми статистика саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге (бұдан әрі – Келісім) сәйкес ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің ресми статистика саласындағы ынтымақтастығының келісілген қағидаттары мен қағидаларының әзірлеуді, ТМД Мемлекеттері басшыларының кеңесі, Үкіметтер басшыларының кеңесі және Экономикалық кеңес қабылдаған шешімдерді орындау мәселелері жөніндегі Келісімге қатысушы мемлекеттердің статистикалық қызметтерінің жұмысын үйлестіруді жүзеге асырады деп танылған ТМД салалық ынтымақтастық органы болып табылады.
      1.2. Кеңес өз қызметінде Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Жарғысын, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының шеңберінде жасалған халықаралық шарттарды, ТМД Мемлекеттері басшыларының кеңесі, Үкімет басшыларының кеңесі, Экономикалық кеңесінің шешімдерін, БҰҰ Статистикалық комиссиясы қабылдаған Ресми статистиканың негізгі қағидаттарын және осы Ережені басшылыққа алады.
      1.3. Кеңес Келісімге қатысушы мемлекеттерде ресми статистиканы дамыту жөніндегі жалпы ұсынымдарды әзірлейді, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы Мемлекетаралық статистикалық комитеті (бұдан әрі – ТМД Статкомитеті) қызметінің негізгі бағыттарын белгілейді.

II. Кеңестің функциялары

      Кеңестің негізгі функциялары:
      ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің ресми статистика саласындағы ынтымақтастығының келісілген қағидаттары мен қағидаларын әзірлеу;
      ТМД Мемлекеттері басшыларының кеңесі, Үкімет басшыларының кеңесі, Экономикалық кеңесі ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің ресми статистикалық ақпаратын қалыптастыру мәселелері жөнінде қабылдаған шешімдердің орындалуын ұйымдастыру және үйлестіру;
      ресми статистика саласындағы мемлекетаралық бағдарламаларды және жобаларды қалыптастыру және іске асыру бойынша ТМД Статкомитетіне ұсыныстар, ұсынымдар және тапсырмаларды дайындау;
      өз құзыреті шеңберінде ТМД салалық ынтымақтастық органдарымен, ТМД Атқарушы комитетімен, Келісімге қатысушы мемлекеттердің мемлекеттік билік және басқару органдарымен өзара іс-қимыл жасау;
      ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің статистикалық қызметтері және ТМД Статкомитетінің ұсыныстары негізінде Кеңес және ТМД Статкомитеті жұмысының ағымдағы және перспективалы жоспарларын бекіту;
      ТМД Үкімет басшылары кеңесі белгілейтін тәртіпте кейіннен бекіту үшін ТМД Статкомитетін ұстауға арналған бюджеттік шығыстардың сметасы және ТМД Статкомитетінің бюджеттен тыс табыстары мен шығыстарының сметасы бойынша ұсыныстарын қарау;
      ТМД Статкомитеті қызметінің негізгі бағыттары бойынша ТМД-ға қатысушы мемлекеттер статистикалық қызметтерінің ұсыныстарын қарау;
      ТМД-ға қатысушы мемлекеттер статистикалық қызметтерінің өзара іс-қимылын кеңейту бойынша ұсынымдарды әзірлеу;
      статистикалық ақпарат алмасу жүйесін жетілдіру;
      Кеңес және ТМД Статкомитеті туралы ережелерге белгіленген тәртіппен өзгерістер мен толықтыруларды енгізу бойынша ұсыныстарды қарау және қабылдау.

III. Кеңестің құқықтары

      Кеңестің өз функцияларын орындау үшін мыналар бойынша шешім қабылдауға және ұсынымдар беруге құқығы бар:
      ТМД Статкомитетінің қызметі туралы бағдарламалар, жұмыс жоспарлары және есептері;
      статистика жөніндегі әдіснама және бірлескен жұмыстар мәселелері бойынша ТМД-ға қатысушы мемлекеттер сарапшыларының жұмыс мәжілістерін ұйымдастыру;
      Кеңес және ТМД Статкомитетінің қызметіне қатысты, белгіленген тәртіпте, ТМД Мемлекеттері басшыларының кеңесі, Үкімет басшыларының кеңесі, Экономикалық кеңесіне құжаттардың жобаларын қарауға енгізу;
      ТМД Статкомитеті Төрағасының лауазымына орналасуға кейіннен кандидатураны бекіте отырып, ТМД Үкіметтері басшылары кеңесінің ТМД Статкомитеті Төрағасын сайлауы;
      Кеңес белгілеген тәртіппен ТМД Статкомитеті Төрағасы орынбасарларының лауазымдарына орналасуға кандидатуралар;
      ТМД Статкомитетінің басшы қызметкерлерінің лауазымдарына орналасу тәртібі;
      ТМД Статкомитеті қызметкерлерінің бос лауазымдарына орналасуға конкурс туралы ережені бекіту;
      Кеңес жұмысының регламентін бекіту;
      ТМД Статкомитеті жұмысының регламентін бекіту;
      ТМД Статкомитеті жанындағы Әдіснамалық кеңес туралы ережені бекіту;
      өз құзыретіне кіретін басқа мәселелер бойынша.

IV. Кеңестің жұмысын ұйымдастыру

      4.1. Кеңестің құрамына Келісімге қол қойған ТМД қатысушы мемлекеттердің статистикалық қызметтерінің басшылары және ТМД Статкомитетінің Төрағасы кіреді.
      Кеңестің отырысына оның мүшелерінің орнын басатын тұлғаларды жіберу кезінде олардың құзыреттері Кеңес жұмысының регламентіне сәйкес бекітілген болуы тиіс.
      ТМД қатысушылары болып табылмайтын, бірақ Келісімге қол қойған мемлекет өкілдері байқаушылар ретінде Кеңес жұмысына қатысады.
      Кеңестің басқа мүшелерімен келісілген Кеңес мүшесінің ұсынысы бойынша Кеңестің отырыстарына халықаралық ұйымдардың, сондай-ақ, Келісімнің қатысушылары болып табылмайтын ұлттық статистикалық қызметтерінің өкілдері қатыса алады.
      4.2. Кеңеске төрағалық етуді, әдетте, Достастыққа қатысушы мемлекеттер атауларының орыс әліпбиіндегі тәртібімен Келісімге қол қойған ТМД-ның әр қатысушы мемлекеттің атынан оның өкілі кезек-кезек бір жыл бойы жүзеге асырады. Кеңестің алдындағы және кейінгі төрағалары оның тең төрағалары болып табылады. Кеңес төрағасы уақытша болмаған жағдайда, оның міндеттері тең төрағаларының біреуіне жүктеледі.
      4.3. Кеңес отырыстары қажеттілігіне қарай, бірақ кемінде жылына бір рет өткізіледі. Кеңес отырыстарын шақыру, оларды өткізу, кворум, оның шешімдерін қабылдау рәсімі, сондай-ақ оның қызметін ұйымдастырудың басқа да мәселелері Кеңес жұмысының регламентінде белгіленеді.
      4.4. Кеңестің Төрағасы:
      Кеңестің жұмысын басқарады;
      Кеңес отырыстарын өткізеді және ол қабылдаған құжаттарға қол қояды;
      Кеңес мүшелерінен Кеңестің шешімдерінің орындалуы бойынша ақпаратты сұратады.
      4.5. Кеңес қызметінің ұйымдық-техникалық және ақпараттық қамтамасыз ету бойынша хатшылығының функциялары ТМД Статкомитетіне жүктеледі.
      4.6. Кеңес өзінің қызметінде ТМД Үкіметтері басшыларының кеңесіне есеп береді. Кеңестің жұмысы туралы есептер белгіленген тәртіппен ТМД Үкіметтері басшылары кеңесінің отырыстарында қаралады.

V. Қаржыландыру

      Кеңес отырыстарының өткізілуін қаржыландыруға байланысты шығыстар қабылдаушы Келісімге қатысушы мемлекеттің мемлекеттік биліктің тиісті органдарының есебінен жүргізіледі. Кеңестің мүшелері мен отырысқа қатысушылардың іссапарларына жұмсалатын шығыстарды мемлекеттік биліктің жіберетін органдары және Келісімге қатысушы мемлекеттердің ұйымдары жүзеге асырады.

VI. Қорытынды ережелер

      6.1. Кеңестің жұмыс тілі орыс тілі болып табылады.
      6.2. Кеңес өзінің қызметі туралы ақпаратты ТМД Атқарушы комитетіне жыл сайын ұсынады.

20__ жылғы _______________ 
Ресми статистика саласындағы
ынтымақтастық туралы келісімге
2-қосымша          

Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Мемлекетаралық статистикалық
комитеті туралы
ЕРЕЖЕ

I. Жалпы ережелер

      1.1. Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Мемлекетаралық статистикалық комитеті (бұдан әрі – ТМД Статкомитеті) _____ жылғы _________ Ресми статистика саласындағы ынтымақтастық туралы келісім (бұдан әрі – Келісім) қатысушы мемлекеттерінің заң шығару және атқарушы биліктің жоғары органдарына, бұқаралық ақпарат құралдары және қоғамдастыққа, Достастықтың жоғарғы және басқа органдарына статистикалық ақпаратты, талдамалық, ақпараттық мәліметтерді дайындауға, әдіснамалық мәліметтерді әзірлеуге қатысты бөлігінде ұлттық статистикалық қызметтер әрекетінің үйлестіруін жүзеге асыратын мемлекетаралық орган болып табылады және ақпараттық алмасуды дамытуға, Келісімге қатысушы мемлекеттердің әлеуметтік-экономикалық дамуының талдауын күшейтуге және ресми статистика саласындағы жалпы ұсынымдарды жасауға ықпал етеді.
      1.2. Өз қызметінде ТМД Статкомитеті Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Жарғысын, ТМД Мемлекет басшыларының кеңесі, Үкімет басшыларының кеңесі, Экономикалық кеңесінің, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттер статистикалық қызметтерінің басшылары кеңесінің шешімдерін, 1996 жылы 26 ақпандағы Ресей Федерациясының аумағында Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы Мемлекетаралық статистикалық комитетінің орналасу жағдайлары бойынша Ресей Федерациясының Үкіметі және Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы Мемлекетаралық статистикалық комитеті арасындағы келісімді, сондай-ақ осы Ережені басшылыққа алады.
      1.3. ТМД Статкомитеті Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттер статистикалық қызметтерінің басшылары кеңесімен өзара іс-қимыл жасай отырып, Келісімге қатысушы мемлекеттердің ресми статистика саласындағы ынтымақтастығының келісілген қағидаттары мен қағидаларын жасауда қатысады, ТМД Мемлекет басшыларының кеңесі, Үкімет басшыларының кеңесі, Экономикалық кеңесі қабылдаған шешімдерді практикалық жүзеге асыруға ықпал етеді.
      1.4. ТМД Статистикалық комитеті ТМД үкіметтері басшылары кеңесіне, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің Статистикалық қызметі басшыларының кеңесіне (бұдан әрі - Кеңес) есеп береді және өз қызметін ТМД Атқарушы комитетімен, ұлттық статистика қызметтерімен тығыз өзара іс-қимылда іске асырады.
      1.5. ТМД Статистикалық комитеті Ресей Федерациясы аумағында заңды тұлға құқықтарын пайдаланады, оқшауланған мүлікке ие, дербес теңгерімде болады, банктердің қызмет көрсететін мекемелерінде есеп айыру және басқа шоттары, сондай-ақ белгіленген үлгідегі өз атауы көрсетілген мөрі бар, ресми бланкілерде Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы және ТМД Статистикалық комитеті эмблемасын қолданады, соттарда талап қоюшы және жауапкер ретінде танылады, Ресей Федерациясы заңнамасына сәйкес мүліктік жауапкершілікке ие.
      ТМД Статистикалық комитеті халықаралық құқықтың дербес субъектісі болып табылмайды және өз атынан халықаралық шарттарды жасасуға уәкілетті емес.
      1.6. ТМД Статистикалық комитеті БҰҰ Статистикалық қызметін үйлестіру бойынша Комитетінің ресми мүшесі ретінде, БҰҰ Статистикалық комиссиясының, БҰҰ Еуропалық экономикалық комиссиясының Еуропалық статистиктер конференциясының, Еуропалық статистиктер конференциясы Бюросының, БҰҰ Азия және Тынық мұхиты үшін экономикалық және әлеуметтік комиссиясы Статистика жөніндегі комитетінің тұрақты бақылаушысы ретінде халықаралық статистикалық қызметке қатысады, сонымен қатар БҰҰ жүйесіндегі статистикалық қызметтермен және оның арнайы мекемелерімен, Еуропалық одақпен, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымымен, Халықаралық валюта қорымен, Халықаралық қайта құру және даму банкімен, басқа да халықаралық ұйымдармен ынтымақтастық жасайды.

II. ТМД Статкомитетінің міндеттері

      ТМД Статкомитетінің негізгі функциялары:
      Келісімге қатысушы мемлекеттердің ресми статистика саласындағы ынтымақтастығының келісілген қағидаттары мен қағидаларын тәжірибелік іске асырылуын қамтамасыз ету;
      іске асырылып жатқан әлеуметтік-экономикалық қайта құруларға және халықаралық тәжірибеде жалпылай қабылданған есеп және статистика жүйесіне сәйкес Келісімге қатысушы мемлекеттердегі мемлекеттік статистиканы реформалауға жәрдемдесу;
      Келісімге қатысушы мемлекеттердің ресми статистика саласындағы мемлекетаралық бағдарламалар мен бірлескен жобаларын тәжірибелік іске асыру;
      Келісімге қатысушы мемлекеттердің статистикалық қызметтерінің өзара іс-қимылын кеңейтуде ықпал ету, ТМД шеңберінде статистикалық ақпараттың көпжақты алмасуын және ортақ ақпараттық-статистикалық кеңістікті дамыту;
      ТМД-дағы экономикалық даму үрдістерін және интеграциялық үрдістерді талдау;
      тиісті халықаралық ережелер мен стандарттарға негізделген моделді статистикалық әдіснаманы әзірлеу;
      Келісімге қатысушы мемлекеттердегі ресми статистиканы ұйымдастыру бойынша ұсынылатын әдіснамалық әзірлемелерді енгізуге көмек көрсету;
      Келісімге қатысушы мемлекеттердің статистикалық қызметтерімен кадрларды оқытуды ұйымдастыру, мемлекеттік статистиканы реформалаумен байланысты семинарларды және тағы басқа іс-шараларды өткізу бойынша өзара іс-қимыл жасау;
      статистикалық ақпаратпен мемлекетаралық алмасу және ТМД Статкомитетінің жыл сайынғы бағдарламаларына сәйкес оны жариялау;
      мемлекетаралық байланыстарды және Келісімге қатысушы мемлекеттердің әлеуметтік-экономикалық жағдайын сипаттайтын Келісімге қатысушы мемлекеттердің ортақ статистикалық базасын құру, жұмыс істеуін қамтамасыз ету және жүйелі көкейкестілендіру;
      Келісімге қатысушы мемлекеттердің әлеуметтік-экономикалық дамуын, олардың әлемдік экономикаға интеграциясы барысындағы өзара іс-қимылын және ынтымақтастығын сипаттайтын статистикалық көрсеткіштері зерделеу;
      ТМД Экономикалық кеңесімен, ТМД Атқарушы комитетімен, ТМД қатысушы мемлекеттерінің Парламентаралық ассамблеясы кеңесінің хатшылығымен және Достастықтың басқа да органдарымен ақпараттық өзара іс-қимыл жасау;
      халықаралық статистикалық ынтымақтастықты іске асыру, халықаралық статистикалық ұйымдардың жұмысына қатысу;
      халықаралық статистикалық жобаларға қатысу;
      ТМД шеңберінде үйлесімділігін қамтамасыз ететін озық ақпараттық технологияларды мемлекеттік статистикаға енгізуге ықпал ету;
      Кеңес отырыстарында талқылау және бекіту үшін Кеңес және ТМД Статкомитеті жұмыстарының ағымдағы және перспективті жоспарлар жобаларын дайындау;
      Келісімге қатысушы мемлекеттердің экономикалық ынтымақтастығының серпіні мен үдерістері, жалпы экономикалық жағдайы бойынша қағазда және электронды тасымалдауышта бюллетендер, баяндамалар, жинақтар түрінде талдамалық және ақпараттық-болжамды материалдарды даярлау және тарату, сондай-ақ ақпараттық-статистикалық материалдарды ТМД Статкомитетінің ресми сайтында орналастыру болып табылады.

III. ТМД Статкомитетінің құқықтары

      ТМД Статкомитеті өзіне жүктелген функцияларды орындау үшін:
      деректердің статистикалық ортақ қорын құру үшін, мемлекетаралық алмасу тәртібінде Келісімнің қатысушы мемлекеттерінің сәйкес органдарынан ақысыз негізде, мемлекеттердің заңнамасына қайшы келмейтін тәртіпте және жағдайларда, статистикалық ақпаратты және ресми статистика саласындағы қызметті реттейтін нормативтік құқықтық актілерді алуға;
      қажеттілік туындаған жағдайда ТМД Статкомитетінің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша ТМД қатысушы мемлекеттері сарапшыларының жиналысын ұйымдастыруға;
      Мемлекет басшыларының кеңесі, Үкімет басшыларының кеңесі және ТМД Экономикалық кеңесінің шешімін талап ететін мәселелер бойынша белгіленген тәртіппен ұсыныстар енгізуге;
      Келісімнің қатысушы мемлекеттерінде ортақ статистикалық жұмыстарды жүргізуді Кеңеспен, Келісімнің қатысушы мемлекеттерінің статистикалық қызметтерімен келісуге;
      өз құзыретіне кіретін өзге де мәселелер бойынша шешімдер қабылдауға құқылы.

IV. ТМД Статкомитетінің құрамы

      4.1. ТМД Статкомитетіне ТМД қатысушы мемлекеттерінің азаматтарынан үш жылдық мерзімге тағайындалатын Төраға және оның орынбасарлары басшылық етеді.
      4.1.1. ТМД Статкомитетінің Төрағасын Кеңес тағайындайды және ТМД Үкіметі басшыларының кеңесі бекітеді. ТМД Статкомитетінің Төрағасы Кеңестің мүшесі болып табылады.
      4.1.2. ТМД Статкомитеті Төрағасының орынбасарларын лауазымдарға тағайындау ТМД Статкомитеті Төрағасының бұйрығымен Кеңес отырысында кандидатуралар мақұлданғаннан кейін жүргізіледі.
      4.2. ТМД Статкомитетінің Төрағасы:
      ТМД Статкомитетінің жұмысын ұйымдастырады, бұйрық шығарады және өз құзыретіне кіретін мәселелер бойынша нұсқаулар береді;
      Төраға орынбасарларының арасында міндеттерді бөледі;
      халықаралық ұйымдарда ТМД Статкомитетінің мүддесін білдіреді;
      Мемлекет басшыларының кеңесі және ТМД Үкіметі басшыларының кеңесі белгілеген саны мен еңбекақы төлеу қоры шеңберінде ТМД Статкомитетінің құрылымын және штат кестесін бекітеді;
      орналасқан мемлекеттің заңнамасына қайшы келмейтін лауазымға қабылдау және қызмет атқару, аттестациядан өткізу және жұмыстан шығу тәртібін бекітеді;
      құрылымдық бөлімшелер туралы ережелерді бекітеді;
      ішкі тәртіп ережелерін бекітеді;
      ТМД Статкомитетінің қызметкерлерін лауазымға тағайындайды және босатады;
      ТМД Статкомитетінің атынан шаруашылық және өз құзыретіне кіретін мәселелер бойынша өзге де шарттарды әзірлейді.
      4.3. ТМД Статкомитетінің орынбасарлары өз қызметін міндеттердің үлестірілуіне сәйкес жүзеге асырады.
      4.4. ТМД Статкомитетінің қызметкерлері халықаралық қызметкерлерге теңестіріледі, штаттық лауазымдарға ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің азаматтарынан ТМД Статкомитеті орналасқан мемлекеттің еңбек туралы заңнамасына сәйкес еңбек шарттарын ресімдеу арқылы жалдау тәртібінде тағайындалады. Олардың мәртебесі, құқықтары және міндеттері Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы органдарының лауазымды тұлғалары мен қызметкерлерінің құқықтық мәртебесі туралы 2003 жылғы 25 сәуірдегі келісіммен анықталады.
      4.5. ТМД Статкомитетінің қызметкерлері ресми функцияларды орындау кезінде өз мемлекеттерінің мүдделерін білдіре алмайды, ТМД-ға қатысушы-мемлекеттердің билік органдарынан немесе ресми тұлғаларынан, сондай-ақ Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының қатысушылары болып табылмайтын мемлекеттердің билігінен нұсқау сұрай алмайды немесе бере алмайды.
      4.6. ТМД Статкомитеті қызметкерлерінің еңбегіне ақы төлеу, әлеуметтік және медициналық қамтамасыз ету жағдайлары ТМД Үкіметі басшыларының кеңесі шешімдерімен анықталады.
      4.7. ТМД Статкомитетінің қызметкерлерін зейнетақылық қамтамасыз ету, сондай-ақ ТМД Статкомитетіндегі жұмыс уақыты олардың еңбек өтілі есебіне жазылуы өздері азаматы болып табылатын мемлекеттің заңнамасымен белгіленген тәртіпте және жағдайларда жүзеге асырылады.

V. Жұмысты ұйымдастыру

      5.1. ТМД Статкомитеті өзінің жұмысын Жұмыс регламентінде және осы Ережеде белгіленген тәртіппен ұйымдастырады.
      5.2. ТМД Статкомитетінің ағымдағы қызметі оның статистикалық жұмыстардың жылдық бағдарламаларына сәйкес жүзеге асырылады.
      5.3. ТМД Статкомитеті Кеңес хатшылығының ұйымдық-техникалық және ақпараттық қамтамасыз ету бойынша функцияларын жүзеге асырады.
      5.4. ТМД Статкомитеті Ресей Федерациясының заңнамасына және Мемлекет басшыларының кеңесі, Үкімет басшыларының кеңесі және ТМД Экономикалық кеңесі шешімдеріне сәйкес ішкі жұмыс тәртібін орнатады және қаржы-шаруашылық қызметін жүзеге асырады.
      5.5. ТМД Статкомитеті қызметін қаржылай қамтамасыз ету ТМД Үкіметі басшыларының кеңесімен бекітілген ТМД органдарының бірыңғай бюджетінен ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің іскерлік жарналары есебінен жүзеге асырылады.
      5.6. ТМД Статкомитетін ұстауға жұмсалатын шығындардың бюджеттік сметасын ТМД органдарының бірыңғай бюджетінде ТМД Статкомитетіне көзделген қаржы шеңберінде ТМД Статкомитетінің Төрағасы тиісті қаржы жылына бекітеді.
      5.7. ТМД Статкомитеті қызметін қосымша қаржыландыру көзі бюджеттен тыс көзінен түсетін бюджеттен тыс қаражат болуы мүмкін, оларды қалыптастыру және қолдану тәртібі ТМД Үкіметі басшыларының шешімімен анықталады.
      5.8. ТМД Статкомитетінің қызметін қаржы шаруашылық тексеру екі жылда бір реттен кем емес ТМД Үкіметі басшыларының кеңесін Төрағасының өкімі бойынша Келісімге қатысушы мемлекеттер өкілдері өткізеді. Тексеру нәтижелері ТМД Үкіметі басшылары кеңесінде қарастыруға ұсынылады.
      5.9. ТМД Статкомитеті қызметтік үй-жайлармен және мүлікпен Ресей Федерациясымен келісім бойынша анықталатын тәртіппен және жағдайларда қамтамасыз етіледі.
      5.10. Әдістемелік мәселелерді қарау үшін ТМД Статкомитеті жанындағы Әдістемелік кеңес жұмыс істейді, ол туралы ережені Кеңес бекітеді.

VI. Қорытынды ережелер

      6.1. ТМД Статкомитетінің жұмыс тілі орыс тілі болып табылады.
      6.2. ТМД Статкомитеті Ресей Федерациясының Мәскеу қаласында орналасады. ТМД Статкомитетінің Ресей Федерациясында орналасу шарттары Ресей Федерациясы Үкіметі және ТМД Статкомитеті арасындағы Келісімге сәйкес анықталады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады