"Лотереялар және лотерея қызметі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 30 қыркүйектегі № 1015 қаулысы

      Ескерту. Заңның жобасы ҚР Парламентінің Мәжілісінен кері қайтарып алынды - ҚР Үкіметінің 28.04.2014 N 408 қаулысымен.

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      «Лотереялар және лотерея қызметі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілсін.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                      С. Ахметов

Жоба

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ЗАҢЫ Лотереялар және лотерея қызметі туралы

      Осы Заң Қазақстан Республикасының аумағында лотерея қызметі саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейді, оны ұйымдастыру мен өткізудің тәртібі мен шарттарын айқындайды, лотерея қызметін мемлекеттік реттеудің ұйымдық негіздерін белгілейді.

      1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар
      Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
      1) аппараттық-бағдарламалық кешен - шығарылған және сатылған лотерея билеттерінің есебін жүзеге асыру, лотереяға қатысу үшін төлем қабылдау, сондай-ақ ұтыстарға төлемді жүзеге асыратын ақпараттық процестерді қамтамасыз ететін бағдарламалық және техникалық құралдардың жиынтығы;
      2) бинго-лотерея - ұтыс ойыны лотереяға қатысушылардың қатысуымен үй-жайларда өткізілетін тираждық лотереяның бір түрі;
      3) жүлде қоры - лотерея билеттерін өткізу есебінен қалыптастырылатын және ұтыс ойынын өткізу арқылы лотереяға қатысушылардың арасында бөлінетін ақша немесе өзге де мүлік жиынтығы;
      4) лотерея қызметі - лотереяны ұйымдастыру мен өткізуден табыс түсіруге байланысты кәсіпкерлік қызмет;
      5) лотерея — лотерея билеттерінің меншік иелері арасында лотереялар жүлде қорының ұтыс ойынын оның ұйымдастырушысы өткізетін ойын, бұл ретте ұтыстық лотерея билеттерін айқындау лотерея қызметі субъектілерінің еркі мен іс-әрекеттеріне байланысты болмайды және тек қана кездейсоқ іс болып табылады. Коммерциялық ұйымдардың тауарларды (қызметтерді) сатуды ынталандыруға бағытталған жүлделердің ұтысы лотерея болып табылмайды;
      6) лотерея билеті - лотереялардағы ұтыстың оған түсу немесе түспеу фактісінің абсолюттік дәрежедегі растығын анықтау үшін қажетті және лотереяны өткізу шарттарының талаптарына сәйкес келетін қолдан жасаудан қорғау дәрежелері бар қағаз құжат немесе (осы лотерея билетін пайдаланған жағдайда) кодталған сандық бейнедегі ақпарат тасығыш;
      7) лотерея жабдығы (лототрон) - мемлекеттік және орыс тілдеріндегі аудармасы бар құжаттамасы дайындаушы зауыттың көрсетілген сипаттамаларын растайтын, тираждық лотереяда ұтыс ойынын өткізуге арналған жабдық;
      8) лотерея билеттерін сатуға арналған жабдық (вендинг жабдығы) - мемлекеттік және орыс тілдеріндегі аудармасы бар құжаттамасы дайындаушы зауыттың көрсетілген сипаттамаларын растайтын, «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» 2008 жылғы 10 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Кодексінің (Салық кодексі) 90-тарауына сәйкес фискалдық режимде лотерея билетін лотереяға қатысушыға өткізетін жабдық;
      9) лотереяны ұйымдастырушы - Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құрылған және Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты жұмыс істейтін, кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын және Қазақстан Республикасында лотереяны ұйымдастыру мен өткізу жөніндегі қызметті жүзеге асыруға лицензиясы бар коммерциялық мемлекеттік емес заңды тұлға, сондай-ақ осы Заңда көзделген жағдайларды қоспағанда, ұлттық лотерея операторы;
      10) лотереяда ұтыстарды төлеуге арналған жабдық - мемлекеттік және орыс тілдеріндегі аудармасы бар құжаттамасы дайындаушы зауыттың көрсетілген сипаттамаларын растайтын, төлем көзінен жеке табыс салығын ұстап қалуды есепке ала отырып, лотерея бойынша ұтыстарды төлеуді жүргізетін жабдық;
      11) лотереяға қатысушы - лотерея жүлде қорының ұтысына қатысуға құқылы, қолма қол немесе қолма қол жасалмайтын төлеммен сатып алынған лотерея билетінің иесі, жеке тұлға;
      12) лотереяның агенті - лотереяны ұйымдастырушымен жасасқан шарттың негізінде лотерея билеттерін таратуды (өткізуді) жүзеге асыратын лотереяны ұйымдастырушының қызметкері, жеке кәсіпкер және (немесе) заңды тұлға;
      13) бір сәттік лотерея - ұтыс лотерея билетін сатып алғаннан кейін оны дереу тексеру арқылы (қорғаныс қабатын өшіру) айқындалатын  лотерея;
      14) тираждық лотерея - ұтыс трансляциясы теледидардың тікелей эфирінде немесе телекоммуникациялық желілер арқылы (лотерея ұйымдастырушының қарауы бойынша) жүзеге асырылатын, өткізу процесі билетті сатылымға шығарғаннан бастап жалпы ойынды өткізіп, ұтыстарды бергенге дейінгі циклдерге бөлінетін лотерея;
      15) уәкілетті орган - Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын, лотерея қызметі саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруды және бақылауды жүзеге асыратын мемлекеттік орган;
      16) ұтыс - лотерея билетіне лотереяның барлық жүлде қорының (немесе бір бөлігінің) түсу фактісі;
      17) ұтыс ойыны - өткізу барысында ұтыс билеттері айқындалатын лотерея рәсімі (бір сәттік лотереядан басқа);
      18) ұлттық лотерея операторы - мемлекеттің жүз пайыздық қатысуы бар және уәкілетті органның қарамағындағы, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құрылған заңды тұлға;
      19) ұлттық лотерея - ұлттық лотерея операторы ұйымдастыратын және (немесе) өткізетін лотерея.

      2-бап. Қазақстан Республикасының лотереялар және лотерея
             қызметі туралы заңнамасы
      1. Қазақстан Республикасының лотереялар және лотерея қызметі туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді және осы Заңнан және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.
      2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңда қамтылғаннан өзгеше қағидалар белгіленсе, онда халықаралық шарттың қағидалары қолданылады.

      3-бап. Лотерея қызметі саласындағы негізгі қағидаттар
      Лотерея қызметі саласындағы негізгі қағидаттар:
      1) лотереяға қатысушылардың құқықтары мен заңды мүдделерінің қорғалуын қамтамасыз ету;
      2) лотереяны ұйымдастырушылардың өз қызметін жүзеге асырудың заңдылығын қамтамасыз етуі болып табылады.

      4-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінің құзыреті
      Қазақстан Республикасының Үкіметі:
      1) лотерея қызметі саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын іске асырады, сондай-ақ өзіне Қазақстан Республикасының Конституциясында, заңдарында және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде жүктелген өзге де функцияларды орындайды;
      2) лотереяны ұйымдастырушының біліктілік талаптарына сәйкестігін растайтын құжаттардың тізбесі мен нысандарын бекітеді;
      3) Лотереяны өткізу шарттарын келісу қағидасын бекітеді;
      4) ұлттық лотерея операторын айқындайды.

      5-бап. Уәкілетті органның құзыреті
      1. Уәкілетті орган:
      1) лотерея қызметі саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруды жүзеге асырады;
      2) Қазақстан Республикасының лотереялар және лотерея қызметі туралы заңнамасының сақталуын бақылауды жүзеге асырады;
      3) Қазақстан Республикасының лотереялар және лотерея қызметі туралы заңнамасын жетілдіру жөніндегі ұсыныстарды әзірлейді;
      4) Қазақстан Республикасында лотереяны ұйымдастыру мен өткізу жөніндегі қызмет түрін лицензиялауды жүзеге асырады;
      5) «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік бақылау және қадағалау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес міндетті ведомстволық есептіліктің, тексеру парақтарының нысандарын, тәуекел дәрежесін бағалау критерийлерін, тексерулер жүргізудің жоспарларын әзірлейді және бекітеді;
      6) лотереяны ұйымдастырушының біліктілік талаптарына сәйкестігін растайтын құжаттардың тізбесі мен нысандарын әзірлейді;
      7) Лотереяны ұйымдастыру және өткізу тәртібі мен шарттары туралы үлгілік нұсқаулықты әзірлейді және бекітеді.

      6-бап. Лотереяны ұйымдастыру және өткізу жөніндегі
             қызметті лицензиялау
      1. Лотереяны ұйымдастыру және өткізу жөніндегі қызметті лицензиялау осы Заңға және Қазақстан Республикасының лицензиялау туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
      2. Лотереяны ұйымдастыру және өткізу жөніндегі қызметті лицензиясыз жүзеге асыратын ұлттық лотерея операторын қоспағанда, лотереяны ұйымдастыру және өткізу жөніндегі қызмет он жыл мерзімге берілетін лицензиялардың негізінде жүзеге асырылады.

      7-бап. Лотереяларды жіктеу
      Жүлде қорын қалыптастыру және ұтысқа салу тәсіліне қарай лотереялардың түрлері:
      1) бір сәттік лотерея;
      2) тираждық лотерея;
      3) бинго-лотерея.
      Осы Заңда көзделмеген, оның ішінде арнайы жабдықтар, терминалдар, компьютерлер арқылы ұйымдастырылатын және өткізілетін лотереялардың өзге түрлерінің қызметіне Қазақстан Республикасының аумағында тыйым салынады.

      8-бап. Лотереяны ұйымдастыру және өткізу жөніндегі
             қызметке арналған жалпы талаптар
      1. Лотерея билеттерін сатуға, лотереялардағы ұтыстарды төлеуге арналған жабдықтар пайдаланылған жағдайда, мұндай жабдық лотерея ұйымдастырушының меншік құқығына тиесілі болуға тиіс.
      2. Лотереяны ұйымдастыру және өткізу үшін пайдаланылатын аппараттық-бағдарламалық кешен Қазақстан Республикасының аумағында орналастырылуға тиіс.

      9-бап. Лицензия алу үшін өтінім берушілерге қойылатын
             біліктілік талаптары

      Қазақстан Республикасында лотереяны ұйымдастыру және өткізуге лицензия алу үшін өтінім берушілерде мыналар:
      1) лотереяны ұйымдастыру және өткізу тәртібі мен шарттары туралы нұсқаулық;
      2) лотерея билеттерін және лотереяның жүлде қорын сақтау үшін меншік құқығында тиесілі және ауыртпалық салынбаған жылжымайтын мүлік;
      3) аппараттық-бағдарламалық кешен;
      4) қолдан жасаудан қорғау дәрежелерін ашумен, ақпараты мемлекеттік және орыс тілдерінде қамтылған лотерея билеттерінің үлгілері;
      5) ұтыс ойындарының (бір сәттік лотереялар мен бинго-лотереяларынан басқа) болжанған эфирлік уақыты мен өткізу күні көрсетілген ұтыс процесін теледидарда трансляциялау тікелей эфирде және трансляциялаудың қосымша әдісін (мұндай әдісті пайдаланған жағдайда) сипаттау туралы шарт;
      6) лотерея билеттерін, ақшалай қаражатты және лотереяның жүлде қорын күзетуді және тасымалдауды жүзеге асыратын кәсіпкерлік субъектілерімен шарт;
      7) лотереяның жүлде қорының ақша қаражатын сақтау үшін Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан екінші деңгейлі банктермен жасалатын шарт;
      8) лотерея билеттерін басып шығаруға (дайындауға) арналған жеке жабдығы болған жағдайда, лотерея билеттерін не растайтын құжаттарды басып шығаруды (дайындауды) жүзеге асырушы кәсіпкерлік субъектілерімен жасалатын шарт;
      9) Қазақстан Республикасының барлық аумағында таралатын мерзімдік баспа басылымымен шарт болуы тиіс.

      10-бап. Лотереяны ұйымдастыру және өткізу тәртібі мен
              шарттары туралы нұсқаулық
      Лотереяны ұйымдастыру және өткізу тәртібі мен шарттары туралы нұсқаулық уәкілетті орган бекіткен ұйымдастыру тәртібі мен шарттары туралы үлгілік нұсқаулыққа сәйкес әзірленеді және мынадай мәліметтерді қамтуы тиіс:
      1) лотереяның атауы;
      2) лотереяның түрі және оны өткізу тәсілдері;
      3) лотереяны өткізу мерзімдері;
      4) лотереяны өткізу технологиясының сипаттамасы;
      5) лотереяға қатысушылардың құқықтары мен міндеттері;
      6) лотереяға қатысушыларды лотереяға қатысу қағидалары және ұтыс ойынының нәтижелері туралы хабардар ету тәртібі;
      7) ұтыстарды алудың тәртібі мен мерзімдері, сондай-ақ ұтқан лотерея билеттерінің сараптамасын өткізу мерзімдері;
      8) лотерея билеттерінің бағасы;
      9) жүлде қорын қалыптастыру тәртібі, оның мөлшері және ұтыс мөлшеріне сәйкес (лотереядан түскен түсімнің пайыздық) жүлде қорын бөлудің жоспарлы құрылымы;
      10) бас жүлдені қалыптастыру тәртібі;
      11) лотереяның жүлде қорының ұтыс ойынын өткізу тәртібі;
      12) лотерея билеттерін есепке алу, сақтау және сату тәртібі;
      13) лотерея билеттерін, оның ішінде сатылмаған лотерея билеттерін қайтару (алу), жою тәртібі қамтылуы тиіс.

      11-бап. Лотереяның жүлде қорын қалыптастыру және бөлу
      1. Лотереяның жүлде қоры лотереяны өткізу шарттарына сәйкес қалыптастырылады.
      2. Лотереяның жүлде қорының мөлшері барлық сатылған лотерея билеттерінің құнына қатынасы бойынша кемінде 50 пайызды құрауы тиіс.
      3. Жүлде қоры лотереяның шарттарына сәйкес лотереяға қатысушылар арасында бөлінетін ақшалай қаражаттың немесе өзге де мүліктің жиынтығын білдіреді және тираждық лотереяның ұтыс ойыны басталғанға дейін қалыптастырылады.
      Бір сәттік лотереяның жүлде қоры лотерея билеттері сатылғанға дейін толық көлемде қалыптастырылуы тиіс.
      4. Лотереяның жүлде қорын лотереяны ұйымдастырушы лотереяға қатысушылардың ұтысын төлеуден, беруден немесе ұсынудан басқа, басқа да мақсаттарға пайдалана алмайды.
      5. Лотереяның жүлде қоры лотереяны ұйымдастырушының меншігі болып табылмайды және оның міндеттемелері бойынша өндіріп алынбайды.
      6. Тираждың лотереяның жүлде қорының қаражаттары, тираждық лотереядан басқа, оған жататын лотереяның жүлде қорын қалыптастыру жинақтау ұстанымын өткізу шарттарында пайдаланатын бірнеше тираж (супер жүлде) ішінде тираждық шеңберінде толығымен ойналуы тиіс.
      7. Лотереяның талап етілмеген жүлде қоры келесі лотереялардың ұтыс ойындарына жүлде қорын қалыптастыру үшін пайдаланылады.

      12-бап. Лотерея билеттеріне қойылатын талаптар
      1. Лотерея билеттерінде мынадай міндетті реквизиттер:
      1) лотереяның атауы;
      2) лотереяны ұйымдастырушының атауы, заңды мекенжайы, байланыс телефондары және Интернет-ресурсы;
      3) егер лотерея тираждық болып табылса, тираждың нөмірі немесе атауы;
      4) лотерея билетінің нөмірі;
      5) лотереяны өткізуге лицензияның берілген нөмірі мен күні;
      6) лотерея билетінің құны;
      7) бір сәттік лотереяны қоспағанда, жүлде қорының ұтыс ойынын өткізу күні мен орны қамтылуы тиіс.
      2. Лотерея билеттеріндегі жазбалар мемлекеттік және орыс тілдерінде орындалуы тиіс.
      3. Лотерея билеттерін шығару, мөр қою (дайындау), жою Қазақстан Республикасы Үкіметінің белгіленген тәртібімен жүзеге асырылады.

      13-бап. Лотереяға қатысушылар құқықтарының кепілдігі
      1. Лотерея билетін сатып алу азаматтық-құқықтық міндеттердің туындауына негіз болады, оған сәйкес лотереяға қатысушы лотереяны ұйымдастырушыдан мыналарды:
      1) лотереяны өткізу шарттарын сақтауды;
      2) лотерея шарттарына сәйкес лотерея туралы ақпарат алуды;
      3) лотерея билетіне түскен ұтысты төлеу, беру немесе ұсынуды талап етуге құқылы.
      2. Лотереяға қатысушы лотереяны өткізу шарттары бұзылған жағдайда сот тәртібімен шағым жасауға құқылы.
      3. Лотереяны ұйымдастырушының Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларды қоспағанда, ұтқан лотереяға қатысушы туралы мәліметті, егер оның жазбаша келісімі алынбаса, жария етуге құқығы жоқ.
      4. Лотереяны ұйымдастыруға және өткізуге лицензияның қолданысы тоқтатыла тұрған немесе одан айрылған жағдайда, лотереяны ұйымдастырушы үш ай ішінде ұтыс ойыны өткізілген лотереялар бойынша ұтыстарды төлеуді, беруді немесе ұсынуды жүргізуге, сондай-ақ ұтыс ойыны өткізілмеген лотереялар бойынша сатылған лотерея билеттері үшін ақшаны қайтаруға міндетті.

      14-бап. Тираждық лотереяның жүлде қорының ұтысын өткізуге
              қойылатын талаптар
      1. Тираждық лотереяның жүлде қорының ұтыс ойынын өткізу лотереяны өткізу шарттарына сәйкес жүзеге асырылады.
      2. Тираждық лотереяның жүлде қорының ұтыс ойынын өткізу кезінде лотереяны ұйымдастырушы құрамында кемінде үш адам болатын тираждық комиссия құрады. Тираждық комиссияның құрамына лотереяны ұйымдастырушының төрттен бір санындағы, коммерциялық емес ұйымдар өкілдерінің, мәдениет және спорт саласындағы қайраткерлердің төрттен үшін енгізіледі.
      3. Тираждық комиссияның міндеттері:
      1) тиражға қатысатын лотерея билеттерін айқындау;
      2) лотереяның ұтыс ойыны үшін қолданылатын лотерея жабдығын тексеру және ұтыс комбинацияларының кездейсоқ түрде ғана түсу фактісін растау.
      Тиражды өткізу нәтижелерін растау тираждық комиссия мүшелерінің тиісті акті мен тиражды өткізу нәтижелерінің ресми кестесіне қол қоюы жолымен тіркеледі.
      4. Лотереяны ұйымдастырушы бинго-лотереяны қоспағанда, ұтыстарды анықтау рәсімін жариялай отырып тираждық лотереяның ойналуын тікелей эфирде және теледидарда трансляциялауды және өзге тәсілмен ұйымдастырылған трансляциялауды (мұндай тәсіл болғанда) қамтамасыз етеді.
      5. Бинго-лотереяны қоспағанда, әрбір тираждың және тираждық лотереяның лотерея билеттері бойынша ұтыстарының нәтижелерін лотереяны ұйымдастырушы көрсетілген ұтыс өткізілген сәттен бастап үш жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасының бүкіл аумағына таратылатын мерзімді баспа басылымдарында және он екі сағат ішінде лотереяны ұйымдастырушының ресми Интернет-ресурсында жариялауы тиіс. Ақпаратта сатылған билеттердің саны міндетті түрде көрсетіледі.
      6. Тираждық лотереяны өткізу тоқтаған жағдайда оның жүлде қоры супер жүлдені қоса алғанда, толық ойнатылуға тиіс.

      15-бап. Бір сәттік лотереяны өткізуге қойылатын талаптар
      1. Бір сәттік лотереяның жүлде қорының ұтыс ойыны басталғанға дейін лотереяны ұйымдастырушы Қазақстан Республикасының бүкіл аумағына таратылатын мерзімді баспа басылымдарында және лотереяны ұйымдастырушының ресми сайтында лотерея билеттерінің жалпы саны және бір сәттік лотереяның жүлде қорының мөлшері туралы мәліметтерді жариялауы тиіс.
      2. Лотереяны ұйымдастырушы бір сәттік лотереяны сату аяқталған күнінен бастап бес жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасының бүкіл аумағына таратылатын мерзімді баспа басылымдарында және лотереяны ұйымдастырушының ресми сайтында сатылған лотерея билеттерінің және ұтыстардың саны туралы ақпаратты қамтитын бір сәттік лотереяның ұтыс ойынының нәтижелерін жариялауы тиіс.

      16-бап. Ұлттық лотерея операторы
      1. Ұлттық лотерея операторы Қазақстан Республикасының аумағында лотереяны ұйымдастыру және өткізу жөніндегі қызметті жүзеге асырады, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағында тыйым салынбаған өзге де кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға құқылы.
      2. Ұлттық лотерея операторы ұлттық лотереяны дербес ұйымдастыруға және (немесе) өткізуге не болмаса ұйымдастыру үшін лотереяны ұйымдастырушыларды, сондай-ақ өзге де заңды тұлғаларды тартуға құқылы.
      3. Лотереяны ұйымдастыру және өткізу жөніндегі осы Заңның талаптары ұлттық операторға, оның қызметін лицензиялауды қоспағанда тарайды.
      4. Ұлттық лотерея операторын Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.

      17-бап. Ұлттық лотерея
      1. Ұлттық лотерея дене шынықтыру және спортты дамыту мақсатында ұйымдастырылады және өткізіледі.
      2. Ұлттық лотереяны ұйымдастыру және өткізудің айрықша құқығына осы Заңның 16-бабының 2-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда Ұлттық лотерея операторы ие.
      Ұлттық лотерея операторын қоспағанда, лотереяны ұйымдастырушыларға, соның ішінде заңды тұлғаның атауында «ұлттық лотерея», «Қазақстандық лотерея», «мемлекеттік лотерея», «Қазақстан Республикасының лотереясы» деген сөз тіркестерін кез келген септікте және мәтінде пайдалануға тыйым салынады.
      2. Осы Заңның лотереяны ұйымдастыру және өткізу бойынша талаптары ұлттық лотерея операторының ұлттық лотереяны ұйымдастыруына және өткізуіне қолданылады.

      18-бап. Қазақстан Республикасының лотерея қызметі туралы
              заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылық
      Қазақстан Республикасының лотерея қызметі туралы заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылыққа әкеп соқтырады.

      19-бап. Лотерея қызметі саласындағы мемлекеттік бақылау
      1. Лотерея қызметі саласындағы мемлекеттік бақылау тексеру нысанында жүзеге асырылады.
      2. Тексеру «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік бақылау және қадағалау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жүзеге асырылады.

      20-бап. Өтпелі және қорытынды ережелер
      Лотереяны ұйымдастыру және өткізу жөніндегі қызметті жүзеге асыратын тұлғалар осы Заң қолданысқа енгізілген күнінен бастап алты ай ішінде лицензияларды қайта ресімдеуге, сондай-ақ өзінің қызметін осы Заңның талаптарына сәйкестендіруге міндетті.

      21-бап.Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі
      Осы Заң алғаш ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады