Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Эквадор Республикасының Үкіметі арасындағы дипломаттық, қызметтік паспорттардың және Қазақстан Республикасы мен Эквадор Республикасының азаматтары паспорттарының иелері үшін визалық талаптарды жою туралы келісімге қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 11 қазандағы № 1089 қаулысы

      РҚАО-ның ескертпесі!
      Осы қаулы 2013 жылғы 24 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Эквадор Республикасының Үкіметі арасындағы дипломаттық, қызметтік паспорттардың және Қазақстан Республикасы мен Эквадор Республикасының азаматтары паспорттарының иелері үшін визалық талаптарды жою туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.
      2. Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ерлан Әбілфайызұлы Ыдырысовқа қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, ол Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Эквадор Республикасының Үкіметі арасындағы дипломаттық, қызметтік паспорттардың және Қазақстан Республикасы мен Эквадор Республикасының азаматтары паспорттарының иелері үшін визалық талаптарды жою туралы келісімге қол қойсын.
      3. Осы қаулы 2013 жылғы 24 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                     С. Ахметов

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің     
2013 жылғы 11 қазандағы
№ 1089 қаулысымен  
мақұлданған     

Жоба

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Эквадор Республикасының
Үкіметі арасындағы дипломаттық, қызметтік паспорттардың және
Қазақстан Республикасы мен Эквадор Республикасының азаматтары
паспорттарының иелері үшін визалық талаптарды жою туралы
келісім

(2016 жылғы 31 тамызда күшіне енді - Қазақстан Республикасының
халықаралық шарттары бюллетені, 2016 ж., № 5, 90-құжат)

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Эквадор Республикасының Үкіметі
      екі мемлекет арасындағы достық қарым-қатынастарды дамытуға және тереңдетуге жәрдемдесу, сондай-ақ экономикалық, сауда, мәдени, ғылыми және басқа да қатынастарды нығайту ниетін басшылыққа ала отырып,
      екі мемлекет азаматтарының сапарлары үшін құқықтық базаны орнату мақсатында,
      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      Шекараны кесіп өтуге құқық беретін (бұдан әрі - «паспорттар» деп аталатын) жарамды дипломаттық, қызметтік паспорттардың және Қазақстан Республикасы мен Эквадор Республикасының азаматтары паспорттарының иелері болып табылатын бір Тарап мемлекетінің азаматтары алғашқы келген күнінен бастап бір жүз сексен (180) күннің әрбір кезеңі ішінде отыз (30) күнге дейін екінші Тарап мемлекетінің аумағына визасыз келе алады, кете алады, транзитпен өте алады және онда бола алады.
      Екінші Тарап мемлекетінің аумағына келуге немесе отыз (30) күннен асатын мерзімге тұруға не оның аумағында еңбек немесе коммерциялық қызметті жүзеге асыруға ниет білдірген бір Тарап мемлекетінің азаматтары келу мемлекетінің дипломатиялық өкілдігінде немесе консулдық мекемесінде оның ұлттық заңнамасына сәйкес тиісті виза алуға тиіс.

2-бап

      Тараптар мүмкіндігінше қысқа мерзімде өз мемлекеттерінің аумақтарына шетел азаматтарының келу, болу және кету режимінің өзгерістері туралы дипломатиялық арналар арқылы бір-бірін хабардар етеді.

3-бап

      Бір Тарап мемлекетінің азаматтары, екінші Тарап мемлекетінің аумағында дипломатиялық өкілдіктің немесе консулдық мекеменің қызметкерлері ретінде қызметтік сапармен жүрген жарамды дипломаттық және қызметтік паспорттардың иелері, сондай-ақ жарамды дипломаттық және қызметтік паспорттары бар олардың отбасы мүшелері оларды аккредиттеу кезеңі ішінде Тараптар мемлекетінің аумағына визаны ресімдеусіз келе алады, бола алады және одан кете алады.

4-бап

      1961 жылғы 18 сәуірдегі Дипломатиялық қатынастар туралы Вена конвенциясында және 1963 жылғы 24 сәуірдегі Консулдық қатынастар туралы Вена конвенциясында көзделген артықшылықтар мен иммунитеттерге нұқсан келтірместен, осы Келісімге сәйкес визалық талаптардан босатылған бір Тарап мемлекетінің азаматтары екінші Тарап мемлекетінің аумағында болу кезінде осы Тарап мемлекетінің заңнамасын, оның ішінде шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдар үшін белгіленген тіркеу, болу және онда жүріп-тұру қағидаларын сақтауға міндетті.

5-бап

      Тараптардың әрқайсысы ұлттық қауіпсіздікті және қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында қабылдаушы мемлекеттің аумағында болуы қолайсыз деп танылған Тараптар мемлекеті азаматтарының келуінен бас тарту, болу мерзімін қысқарту немесе тоқтату құқығын өздерінде сақтайды.

6-бап

      Бір Тарап мемлекетінің азаматтары екінші Тарап мемлекетінің аумағында болу кезінде жарамды паспорттарының мерзімі өткен, жоғалған, ұрланған немесе бүлінген жағдайда, өздері азаматтары болып табылатын мемлекеттің дипломатиялық өкілдігі немесе консулдық мекемесі берген жеке басын куәландыратын және өзінің азаматтығы бар мемлекетіне қайтуға құқық беретін жаңа жарамды паспорттардың немесе уақытша құжаттардың негізінде осы мемлекет аумағынан кете алады. Сондай-ақ болу мемлекетінің құзыретті органдарынан тиісті рұқсат алады.
      Осы Келісімнің 1-бабында көрсетілген мерзім ішінде күтпеген жағдайлардың (дүлей зілзала, ауру және т.б.) салдарынан екінші Тарап мемлекетінің аумағынан кетуге мүмкіндігі жоқ бір Тарап мемлекетінің азаматтары оған құжаттамалық немесе өзге де анық растаулары бар болғанда осы Тарап мемлекетінің заңнамасына сәйкес оның аумағынан кету үшін қажетті кезеңге оның аумағында болуға арналған рұқсатты алуға тиіс.

7-бап

      Тараптардың әрқайсысы мемлекеттік қауіпсіздікті, қоғамдық тәртіпті немесе халық денсаулығын сақтауды негізге ала отырып, осы Келісімнің қолданысын толық немесе ішінара тоқтата алады. Мұндай шешім оның күшіне енгенге дейін кемінде жетпіс екі (72) сағаттан кешіктірмей дипломатиялық арналар арқылы екінші Тарапқа жазбаша түрде хабардар етіледі.
      Осы баптың бірінші абзацында көрсетілген себептер бойынша осы Келісімнің қолданысын тоқтату туралы шешім қабылдаған Тарап екінші Тарапты дипломатиялық арналар арқылы осындай себептердің жойылғандығы туралы қысқа мерзім ішінде хабардар етеді.

8-бап

      Тараптар мемлекеттерінің құзыретті органдары осы Келісімге кол қойылған күннен бастап отыз (30) күннен кешіктірмей осы Келісімнің 6-бабында көрсетілген шекараны кесіп өтуге құқық беретін паспорттардың және уақытша құжаттардың үлгілерімен дипломатиялық арналар арқылы алмасады.
      Тараптар мемлекеттерінің құзыретті органдары шекараны кесіп өтуге құқық беретін паспорттарға және уақытша құжаттарға қатысты кез келген өзгерістер туралы, аталған өзгерістер қолданысқа енгізілгенге дейін кемінде отыз (30) күннен кешіктірмей бір-бірін жазбаша хабардар етеді және өзгертілген жол жүру құжаттарының үлгілерін бір мезгілде дипломатиялық арналар арқылы бір-біріне жібереді.

9-бап

      Осы Келісім Тараптар мемлекеттері мүшесі болып табылатын басқа да халықаралық шарттардан туындайтын Тараптардың әрқайсысының құқықтары мен міндеттерін қозғамайды.

10-бап

      Осы Келісімді түсіндіруге және қолдануға қатысты туындайтын келіспеушіліктер Тараптар арасындағы консультациялар және келіссөздер арқылы шешіледі.

11-бап

      Осы Келісімге Тараптардың өзара келісімі бойынша оның ажырамас бөлігі болып табылатын және осы Келісімнің 12-бабында белгіленген тәртіппен күшіне енетін жеке хаттамалармен ресімделетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.

12-бап

      Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады және оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама дипломатиялық арналар арқылы алынған күннен бастап күшіне енеді.
      Осы Келісім Тараптардың бірі екінші Тараптың оның қолданысын тоқтату ниеті туралы жазбаша хабарламасын дипломатиялық арналар арқылы алған күнінен бастап тоқсан (90) күн өткен соң өзінің қолданысын тоқтатады.

      2013 жылғы ________ _________ қаласында әрқайсысы қазақ, испан, орыс және ағылшын тілдерінде екі дана жасалды әрі барлық мәтіндердің күші бірдей.
      Осы Келісімді түсіндіру кезінде келіспеушіліктер туындаған жағдайда, Тараптар ағылшын тіліндегі мәтінге жүгінетін болады.

      Қазақстан Республикасының               Эквадор Республикасының
           Үкіметі үшін                             Үкіметі үшін

      РҚАО-ның ескертпесі!
      Бұдан әрі Келісімнің ағылшын тіліндегі мәтіні берілген.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады