Ұлттық алдын алу тетігінің қатысушыларынан құралатын топтардың алдын ала бару қағидаларын бекіту туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 26 наурыздағы № 266 қаулысы.

      Ескерту. Қаулының тақырыбы жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 16.02.2023 № 135 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Ұлттық алдын алу тетігінің қатысушыларынан құралатын топтардың алдын ала бару қағидалары бекітілсін.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 16.02.2023 № 135 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасының


Премьер-Министрі

С. Ахметов


  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2014 жылғы 26 наурыздағы
№ 266 қаулысымен
бекітілген

Ұлттық алдын алу тетігінің қатысушыларынан құралатын топтардың алдын ала бару қағидалары

      Ескерту. Қағидалар жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 16.02.2023 № 135 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Ұлттық алдын алу тетігінің қатысушыларынан құралатын топтардың алдын ала бару қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасы Қылмыстық атқару кодексінің 46-бабына, "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасы Кодексінің 191-бабына, "Адамдарды қоғамнан уақытша оқшаулауды қамтамасыз ететін арнаулы мекемелерде, арнаулы үй-жайларда ұстау тәртібі мен шарттары туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 46-17-бабына, "Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 47-8-бабына, "Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың профилактикасы мен балалардың қадағалаусыз және панасыз қалуының алдын алу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 33-бабына, "Арнаулы әлеуметтік қызметтер туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 11-8-бабына сәйкес әзірленді.

      2. Қағидалар ұлттық алдын алу тетігінің қатысушыларынан, Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген мекемелер мен ұйымдардан құралатын топтардың алдын ала бару тәртібін айқындайды.

      3. Ұлттық алдын алу тетігі қатысушыларының алдын ала баруы былай бөлінеді:

      1) төрт жылда бір реттен сиретпей тұрақты негізде жүргізілетін кезеңдік алдын алу бару;

      2) алдыңғы кезеңдік алдын алу бару нәтижелері бойынша ұсынымдардың іске асырылуын мониторингтеу, сондай-ақ ұлттық алдын алу тетігіне қатысушылар әңгімелескен адамдарды, алдын ала баратын мекемелер мен ұйымдардың әкімшіліктері тарапынан қудалауды алдын алу мақсатында кезеңдік алдын ала бару арасындағы кезеңде жүргізілетін аралық алдын ала бару;

      3) азаптаудың және басқа да қатыгез, адамгершiлiкке жатпайтын немесе ар-намысты қорлайтын iс-әрекеттер мен жазалау түрлерінің қолданылғаны туралы түскен хабарламалардың негізінде жүргізілетін арнайы алдын ала бару.

      4. Алдын ала бару Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл (бұдан әрі – Уәкіл) бекітетін алдын ала бару жөніндегі әдістемелік ұсынымдар ескеріле отырып жүзеге асырылады.

2-тарау. Топтардың алдын ала бару тәртібі

1-параграф. Кезеңдік және аралық алдын ала бару

      5. Кезеңдік және аралық алдын ала баруды Уәкіл жанындағы Үйлестіру кеңесі (бұдан әрі – Үйлестіру кеңесі) ұлттық алдын алу тетігінің қатысушылардан құратын топтар жүзеге асырады.

      6. Кезеңдік және аралық алдын ала баруды топтар Үйлестіру кеңесі бекітетін жоспарға сәйкес жүргізеді.

      Алдын ала бару жоспарлары баратын мекемелер мен ұйымдардың тізбесі, алдын ала бару мерзімі, саны туралы, сондай-ақ кезеңдік және аралық баруды жүргізуге уәкілетті топтардың құрамы туралы мәліметтерді қамтиды.

      7. Бару ерекшеліктеріне қарай кезеңдік және аралық алдын ала бару:

      1) нақты бір мекемеге немесе ұйымға қатысты біржолғы;

      2) белгілі бір тақырып бойынша екі немесе одан көп өңірлерде орналасқан екі немесе одан көп біртектес мекемелер мен ұйымдарға қатысты тақырыптық (бұдан әрі – тақырыптық алдын ала бару) болып бөлінеді.

      8. Кезеңдік және аралық алдын ала бару жөніндегі топтардың құрамына Үйлестіру кеңесінің шешімі бойынша ұлттық алдын алу тетігінің үштен аспайтын қатысушысы кіреді.

      9. Тақырыптық алдын ала бару жөніндегі топтар құрамына:

      1) алдын ала бару тақырыбы бойынша арнайы білімі мен тәжірибесі бар ұлттық алдын алу тетігіне қатысушылар;

      2) тиісті өңірдегі ұйымға немесе мекемеге бару шеңберінде ұлттық алдын алу тетігіне осы өңірден қатысушы кіреді.

      Осы тармақтың талаптарына сай келетін ұлттық алдын алу тетігіне қатысушылардың қажетті саны болмаған жағдайда Үйлестіру кеңесінің шешімі бойынша ұлттық алдын алу тетігіне өзге қатысушыларды алдын ала бару тобының құрамына қосуға болады.

2-параграф. Арнайы алдын ала бару

      10. Арнайы алдын ала баруды топтар азаптаулардың және басқа да қатыгез, адамгершiлiкке жатпайтын немесе ар-намысты қорлайтын iс-әрекеттер мен жазалау түрлерінің қолданылуы туралы түскен хабарлардың негізінде ескертпей жүргізеді.

      Алдын ала баратын мекемелер мен ұйымдарға арнайы алдын ала баруды жүргізу үшін топтарды жіберу туралы шешімді Уәкіл қабылдайды.

      11. Арнайы алдын ала бару жөніндегі топтың құрамына Уәкілдің шешімі бойынша ұлттық алдын алу тетігіне екеуден аспайтын қатысушы қосылады.

      12. Ұлттық алдын алу тетігіне қатысушылар азаптаулардың және басқа да қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе ар-намысты қорлайтын іс-әрекеттер мен жазалау түрлерінің қолданылуы туралы қабылданатын хабарлар мен шағымдарды Уәкіл айқындайтын тәртіппен тіркейді.

      13. Қабылданған және жіберілген хабарлар мен шағымдар туралы ақпарат алдын ала бару нәтижесі жөніндегі есепке енгізіледі.

3-параграф. Алдын ала баруды ұйымдастыру

      14. Алдын ала баруды тиісті облыс, республикалық маңызы бар қала, елорда бойынша Уәкілдің ұлттық алдын алу тетігіне қатысушы болып табылмайтын өкілі (бұдан әрі – Уәкілдің өкілі) сүйемелдейді және үйлестіреді.

      15. Қажет болған жағдайда Уәкілдің шешімімен ақысыз негізде алдын ала баратын мекеменің немесе ұйымның ерекшеліктерін ескере отырып, тиімді алдын алу бару үшін қажетті кәсіби дағдылары бар сарапшылар тартылады.

      Сарапшының сараптамалық қорытындысы алдын ала бару нәтижелері жөніндегі есепке қосылады.

      16. Уәкіл беретін ұлттық алдын алу тетігінің қатысушысының куәлігі ұлттық алдын алу тетігіне қатысушының алдын ала баруға өкілеттігін растайтын құжат болып табылады.

      17. Топтар алдын ала баруды жүргізген кезде ұлттық алдын алу тетігіне қатысушы, Уәкілдің өкілі:

      1) алдын ала баратын мекемелер мен ұйымдарды кедергісіз таңдап, баруға;

      2) алдын ала баратын мекемелер мен ұйымдарда ұсталатын адамдармен және (немесе) олардың заңды өкілдерімен куәгерлерсіз әңгімелесуге;

      3) азаптаулардың және басқа да қатыгез, адамгершiлiкке жатпайтын немесе ар-намысты қорлайтын iс-әрекеттер мен жазалау түрлерінің қолданылуы туралы хабарлар мен шағымдарды қабылдауға;

      4) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге да құқықтарды иеленуге құқылы.

      18. Ұлттық алдын алу тетiгiне қатысушы, Уәкілдің өкілі алдын ала баруды өткiзген кезде алдын ала баратын мекемелерде және ұйымдарда ұсталатын адамдарға және (немесе) олардың заңды өкiлдерiне олардың құқықтары туралы түсiндiредi.

      19. Ұлттық алдын алу тетігіне қатысушы заңды қызметін жүзеге асырған кезде тәуелсіз болып табылады. Мүдделер қақтығысы, сондай-ақ алдын ала бару жөніндегі топқа кіретін ұлттық алдын алу тетігіне қатысушының бейтараптығы күмән тудыратын мән-жайлар болған кезде ол алдын ала баруға қатысудан бас тартуға тиіс.

      20. Ұлттық алдын алу тетігіне қатысушылар, Уәкілдің өкілі мекемелер мен ұйымдарда ұсталатын адамдарға, сондай-ақ көрсетілген мекемелер мен ұйымдардың персоналына құрметпен қарауға тиіс.

      Ұлттық алдын алу тетiгiне қатысушылар, Уәкілдің өкілі алдын ала бару барысында адамдардың жеке өмірі туралы өздеріне мәлім болған мәліметтерді осы адамдарың келісуінсіз жария етуге құқылы емес.

      21. Ұлттық алдын алу тетігіне қатысушылардың, Уәкіл өкілінің алдын ала баратын мекемелер мен ұйымдардың қызметіне араласуына жол берілмейді.

      Ұлттық алдын алу тетігіне қатысушылар, Уәкілдің өкілі заңсыз әрекеттер жасаған жағдайда алдын ала баратын мекемелер мен ұйымдар әкімшілігінің басшысы Уәкілді жазбаша хабардар етеді.

      22. Ұлттық алдын алу тетігіне қатысушылардың, Уәкіл өкілінің қауіпсіздігін, оның ішінде аумақта еріп жүруді қамтамасыз ету алдын ала баратын мекемелер мен ұйымдардың әкімшілігіне жүктеледі. Қауіпсіздікке нақты қауіп төнген және әңгімелесудің құпиялылығын шектеу қажеттігі туралы ұлттық алдын алу тетігіне қатысушыны мекеме мен ұйымның әкімшілігі хабардар етеді.

      23. Ұлттық алдын алу тетігіне қатысушының, Уәкіл өкілінің алдын ала баратын мекемелер мен ұйымдарда ұсталатын адамдармен әңгімелесудің құпиялылығын шектеуден бас тартуы жазбаша ресімделеді.

      24. Алдын ала баратын мекемелер мен ұйымдарға ұлттық алдын алу тетігіне қатысушылар топтарының алдын ала бару мерзімі жолда жүру уақытын есептемегенде екі жұмыс күнінен аспауға тиіс.

      Тақырыптық алдын ала бару кезінде алдын ала бару мерзімі жолда болған уақытты есептемегенде бес жұмыс күнінен аспауға тиіс.

      25. Алдын ала бару мерзімін ерекше жағдайларда Уәкілдің келісімімен бес жұмыс күнінен аспайтын мерзімге ұзартуға жол беріледі.

      26. Алдын ала барған кезде алдын ала баратын мекемелер мен ұйымдарда ұсталатын адамдарды азаптау және өзге де қатыгез, адамгершілікке жатпайтын және ар-намысты қорлайтын әрекеттер түрлерінің белгілері анықталған жағдайда ұлттық алдын алу тетігінің тобына қатысушылар Уәкілдің өкілімен бірлесіп бұл туралы прокуратура органдарына және Уәкілге хабарлайды.

3-тарау. Топтардың алдын ала бару нәтижелері жөніндегі есебі

      27. Әрбір алдын ала бару нәтижелері бойынша топ атынан Үйлестіру кеңесі бекіткен нысан бойынша бару туралы жазбаша есеп жасалады және Үйлестіру кеңесіне беріледі, оған алдын ала баруды жүзеге асырған топтың барлық мүшелері қол қояды.

      Ерекше пікірі бар топ мүшесі оны жазбаша ресімдейді және есепке қоса береді.

      28. Ұлттық алдын алу тетігіне қатысушылардан құралатын топтың алдын ала баратын мекемелер мен ұйымдарға алдын ала бару туралы есептері Үйлестіру кеңесіне:

      1) кезеңдік алдын ала бару үшін он күндік мерзімде;

      2) аралық алдын ала бару үшін бес күндік мерзімде;

      3) арнайы алдын ала бару үшін екі күндік мерзімде ұсынылады.

      29. Топтардың алдын ала баратын мекемелер мен ұйымдар алдын ала бару туралы есептері құпия болып табылады.


Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады