Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Әзербайжан Республикасының Үкіметі арасындағы авторлық және сабақтас құқықтар саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қою туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 5 тамыздағы № 899 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Әзербайжан Республикасының Үкіметі арасындағы авторлық және сабақтас құқықтар саласындағы ынтымақтастық туралы келісім жобасы мақұлдансын.
      2. Қазақстан Республикасының Әзербайжан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Бейбіт Өксікбайұлы Исабаевқа Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Әзербайжан Республикасының Үкіметі арасындағы авторлық және сабақтас құқықтар саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан қол қоюға өкілеттік берілсін.
      Ескерту. 2-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 07.10.2016 № 571 қаулысымен.
      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                           К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы 
Үкіметінің       
2014 жылғы 5 тамыздағы 
      № 899 қаулысымен   
мақұлданған     

      Жоба

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Әзербайжан Республикасының Үкіметі арасындағы Авторлық және сабақтас құқықтар саласындағы ынтымақтастық туралы
КЕЛІСІМ 

      Бұдан әрі «Тараптар» деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Әзербайжан Республикасының Үкіметі
      екі мемлекет арасындағы тарихи, мәдени байланыстарды дамыту қажеттігін ескере отырып,
      авторлық құқық пен сабақтас құқықтардың ұлттық және мәдени әлеуетті қалыптастырудағы, онымен алмасудағы, сондай-ақ екі жақты сауда-экономикалық және ғылыми техникалық қатынастарды дамытудағы маңыздылығын назарға ала отырып,
      авторлық құқық пен сабақтас құқықтарды қорғау үшін өзара тиімді жағдай жасаудың маңыздылығын ұғына отырып,
      Тараптар мемлекеттері қатысушысы болып табылатын 1886 жылғы 9 қыркүйектегі Әдеби және көркем туындыларды қорғау туралы Берн конвенциясының және 1993 жылғы 24 қыркүйектегі Авторлық құқық және сабақтас құқықтар саласындағы ынтымақтастық туралы келісімнің ережелерін назарға ала отырып,
      төмендегілер туралы келісті:

1-бап 

      Тараптардың әрқайсысы екінші Тараптың жеке және заңды тұлғаларына және олардың мирасқорларына, алғашқы жарияланған жеріне қарамастан тиесілі авторлық құқық пен сабақтас құқықтар объектілеріне екінші Тараптың авторлық құқық пен сабақтас құқықтарын мойындайды.
      Тараптар мүліктік және жеке мүліктік емес құқықтардың қорғалуын өз мемлекеттерінің ұлттық заңнамасына сәйкес қамтамасыз етеді.

2-бап

      Тараптар ғылым, әдебиет және өнер туындыларына құқықты қорғау және пайдалану саласындағы ынтымақтастықты осы Келiсiмге және өздері қатысушылары болып табылатын өзге де халықаралық шарттарға сәйкес өзара тиiмдiлiк және теңдік негізінде жүзеге асырады. 

3-бап 

      Тараптардың әрқайсысы екінші Тараптың авторларына, орындаушыларына, фонограмма шығарушыларына, эфирлік және кәбілдік хабар тарату ұйымдарына авторлық құқық пен сабақтас құқықтар объектілеріне құқықты қорғауды Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамасына сәйкес қамтамасыз етеді. 

4-бап 

      Тараптардың ынтымақтастығы:
      авторлық құқық пен сабақтас құқықтар объектілеріне құқықты қорғауға және пайдалануға байланысты мәселелерді реттеуге;
      ақпаратпен, нормативтік және өзге де құжаттармен, сондай-ақ авторлық құқық пен сабақтас құқықтарды қорғау саласында тәжірибе алмасуға бағытталған. 

5-бап 

      Тараптардың әрқайсысы авторлық құқық және (немесе) сабақтас құқықтар объектілерін пайдалану кезінде екінші Тарап мемлекеті авторларының және өзге де құқық иеленушілерінің авторлық құқығы мен сабақтас құқықтары бұзылуының жолын кесу жөнінде шаралар қабылдайды.
      Әрбір Тарап өз мемлекетінің аумағында бұзушылықтарды анықтаған жағдайда, өз мемлекетінің ұлттық заңнамасының және Тараптар мемлекеттері қатысушылары болып табылатын халықаралық шарттардың талаптарына сәйкес тиісті шаралар қабылдайды.  

6-бап 

      Осы Келісім осы Келісім күшіне енген күнге дейін қорғау мерзімі аяқталмаған авторлық құқық пен сабақтас құқықтар объектілеріне қолданылады. 

7-бап 

      Осы Келісім шеңберіндегі Тараптардың құзыретті органдары:
      Қазақстан Республикасы Үкіметінің атынан – Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі;
      Әзербайжан Республикасы Үкіметінің атынан – Әзербайжан Республикасы Авторлық құқық жөніндегі агенттігі болып табылады.
      Тараптар құзыретті органдарының атаулары немесе функциялары өзгерген жағдайда, бұл туралы дипломатиялық арналар арқылы біріне-бірі дереу хабарлайды.
      Ескерту. 7-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 07.10.2016 № 571 қаулысымен.

8-бап 

      Осы Келісімді қолдану және түсіндіру кезінде Тараптар арасында туындайтын даулы мәселелер Тараптар арасында консультациялар және келіссөздер немесе Тараптар келіскен басқа рәсім арқылы шешіледі. 

9-бап 

      Осы Келісім шеңберінде ынтымақтастықты жүзеге асыру үшін жұмыс тілі орыс тілі болып табылады. 

10-бап 

      Осы Келісім Тараптардың әрқайсысының олар қатысушылары болып табылатын басқа халықаралық шарттардан туындайтын құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды. 

11-бап 

      Тараптардың өзара келісімі бойынша осы Келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін. Мұндай өзгерістер мен толықтырулар осы Келісімнің ажырамас бөлігі бола отырып, хаттамалар түрінде ресімделеді және осы Келісімнің 12-бабында көзделген тәртіппен күшіне енеді. 

12-бап 

      Осы Келісім Тараптардың оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарламаны дипломатиялық арналар арқылы алған күнінен бастап күшіне енеді және бес жыл бойы қолданылады.
      Егер Тараптардың ешқайсысы екінші Тарапқа осы Келісімнің қолдану мерзімінің аяқталуынан алты ай бұрын оның қолданысын тоқтату туралы өзінің ниетін жазбаша түрде дипломатиялық арналар арқылы хабарламаса, Келісімнің қолданысы келесі бес жылдық кезеңге автоматты түрде ұзартылады.

      20____жылғы «____»______ ______ қаласында қазақ, әзербайжан және орыс тілдерінде екі түпнұсқа данада әзірленді, бұл ретте барлық мәтіндердің күші бірдей.
      Осы Келісімінің ережелерін түсіндіру мақсаттары үшін Тараптар орыс тіліндегі мәтінді пайдаланады.

      Қазақстан Республикасының            Әзербайжан Республикасының
           Үкіметі үшін                          Үкіметі үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады