Жаңарту және броньнан шығару тәртібімен мемлекеттік материалдық резервтен материалдық құндылықтарды шығару қағидаларын бекіту туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 17 қазандағы № 1108 қаулысы.

      "Азаматтық қорғау туралы" 2014 жылғы 11 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Заңы 11-бабының 34) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Жаңарту және броньнан шығару тәртібімен мемлекеттік материалдық резервтен материалдық құндылықтарды шығару қағидалары бекітілсін.

      2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.


Қазақстан Республикасының


Премьер-Министрі

К.Мәсімов



  Қазақстан Республикасы
  Үкіметінің
  2014 жылғы 17 қазандағы
  № 1108 қаулысымен
  бекітілген

Жаңарту және броньнан шығару тәртібімен мемлекеттік материалдық резервтен материалдық құндылықтарды шығару қағидалары

      Ескерту. Қағида жаңа редакцияда – ҚР Үкіметінің 09.08.2018 № 486 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Жаңарту және броньнан шығару тәртібімен мемлекеттік материалдық резервтен материалдық құндылықтарды шығару қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Азаматтық қорғау туралы" 2014 жылғы 11 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Заңының 94-бабының 9-тармағына сәйкес әзірленді және төтенше жағдайлар мен олардың салдарының алдын алу және оларды жою жөнінде шаралар қабылдау, нарыққа реттеушілік әсер ету, босқындарға көмек көрсету, гуманитарлық көмек көрсету, басқа мемлекеттік органдардың балансына беру үшін шығару жағдайларын, сондай-ақ "Мемлекеттiк сатып алу туралы" 2015 жылғы 4 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Заңының 13-бабының 5-тармағында айқындалған жағдайларда шығаруды қоспағанда, жаңарту және броньнан шығару тәртібімен мемлекеттік материалдық резервтен материалдық құндылықтарды шығару тәртібін айқындайды.

      2. Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:

      1) ағымдағы баға – сату объектісінің аукцион барысында қалыптасатын бағасы;

      2) алғашқы баға – осы Қағидалардың 13-тармағына сәйкес айқындалатын сату объектісінің бағасы;

      3) аукцион – электрондық форматта тізілімнің веб-порталын пайдалана отырып өткізілетін, қатысушылар өздерiнiң ұсыныстарын жария түрде мәлiмдейтiн сауда-саттық нысаны;

      4) аукцион залы – аукционды өткізу үшін қажетті ақпаратты енгізу, сақтау және өңдеу мүмкіндігін қамтамасыз ететін тізілім веб-порталының бөлімі;

      5) аукцион нөмірі – ЭЦҚ болған кезде қатысушыға аукционға қатысу үшін берілетін нөмір;

      6) бағаны көтеру аукционы – бастапқы бағасы алдын ала жарияланған қадаммен арттырылатын аукцион әдiсi;

      7) бағаны төмендету аукционы – бастапқы бағасы алдын ала жарияланған қадаммен төмендетiлетiн аукцион әдiсi;

      8) бастапқы баға – сату объектісі бойынша аукцион басталатын баға;

      9) ең төменгі баға – сату объектісін одан төмен бағаға сатуға болмайтын баға;

      10) жеңiмпаз – сату объектісі үшiн неғұрлым жоғары баға ұсынған аукционға қатысушы;

      11) кепілдік жарна – аукционға қатысу үшін сату объектісінің бастапқы бағасының 15%-ы мөлшерінде жеке немесе мемлекеттік емес заңды тұлға енгізетін, бірақ 30000 еселенген айлық есептік көрсеткіштен аспайтын ақша сомасы;

      12) қатысушы – аукционға қатысу үшiн белгiленген тәртiппен тiркелген жеке немесе заңды тұлға;

      13) материалдық құндылықтарды мемлекеттiк материалдық резервке салу (бұдан әрі – салу) – материалдық құндылықтарды мемлекеттiк материалдық резервте сақтау үшiн қабылдап алу;

      14) мемлекеттік материалдық резерв жүйесінің ведомстволық бағынысты ұйымы (бұдан әрі – ведомстволық бағынысты ұйым) – мемлекеттік материалдық резервтің материалдық құндылықтарын сақтауды жүзеге асыратын заңды тұлға;

      15) мемлекеттік материалдық резервтің материалдық құндылықтарымен операция жүргізу жоспары (бұдан әрі – Операция жүргізу жоспары) – мемлекеттік материалдық резервтен материалдық құндылықтарды жеткізуді, сақтауды және шығаруды регламенттейтін құжат;

      16) мемлекеттiк материалдық резервтiң материалдық құндылықтарын сақтау пункттерi (бұдан әрі – сақтау пункттері) – мемлекеттiк материалдық резервтiң материалдық құндылықтарын сақтауды және сақтауға байланысты қызметтер көрсетудi шарт негiзiнде жүзеге асыратын заңды тұлғалар;

      17) мемлекеттік мүлікті есепке алу саласындағы бірыңғай оператор (бұдан әрі – Бірыңғай оператор) – Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімімен айқындалған, өзіне мемлекеттік мүлікті ұйымдастыру мен есепке алу саласында бірыңғай техникалық саясатты іске асыру бойынша міндеттер жүктелген заңды тұлға;

      18) сату бағасы – аукцион нәтижесінде белгіленген сату объектісінің түпкілікті бағасы;

      19) сатушы – мемлекеттік материалдық резерв саласындағы уәкілетті органның құрылымдық бөлімшесі;

      20) сатып алушы – сатып алу-сату шартын жасасқан аукцион жеңiмпазы;

      21) сатып алу-сату шартының идентификаторы – тізілімнің веб-порталы беретін сатып алу-сату шартының бiрегей нөмiрі;

      22) сату объектісі – аукционға өткізуге қойылатын мемлекеттік материалдық резервтің материалдық құндылықтарының бірлігі немесе олардың тобы;

      23) тізілімнің веб-порталы – www.gosreestr.kz мекенжайы бойынша интернет желісінде орналастырылған, мемлекеттік мүлік тізілімінің (бұдан әрі – тізілім) сату объектілері туралы электрондық дерекқорға бірыңғай қол жеткізу нүктесін ұсынатын интернет-ресурс;

      24) электрондық құжат – ақпарат электрондық-цифрлық нысанда берілген және электрондық цифрлық қолтаңба арқылы куәландырылған құжат;

      25) электрондық цифрлық қолтаңба (бұдан әрі – ЭЦҚ) – электрондық цифрлық қолтаңба құралдарымен жасалған және электрондық құжаттың дұрыстығын, оның тиесілігін және мазмұнының өзгермейтіндігін растайтын электрондық цифрлық нышандар терімі.

      3. Жаңарту және броньнан шығару тәртібімен мемлекеттік материалдық резервтен материалдық құндылықтарды шығару тізілімнің веб-порталында аукцион нысанындағы сауда-саттық жолымен Операция жүргізу жоспарына сәйкес жүзеге асырылады.

2-тарау. Аукционды өткізуге дайындық

      4. Аукциондарды ұйымдастыру үшін сатушы комиссия құрады, оның құрамына төраға, төрағаның орынбасары және комиссия мүшелері кіреді. Комиссия мүшелерінің саны кемінде бес адамды құрайды.

      5. Комиссия төрағасы ретінде сатушы басшысының орынбасарынан төмен емес лауазымды тұлға айқындалады. Төраға болмаған уақытта оның функцияларын оның орынбасары атқарады.

      6. Комиссияның ұйымдастыру қызметін комиссияның хатшысы қамтамасыз етеді, ол сатушының лауазымды тұлғаларының қатарынан айқындалады. Комиссияның хатшысы комиссияның мүшесі болып табылмайды және комиссия шешімдер қабылдаған кезде дауыс бермейді.

      7. Комиссияның отырыстары комиссия мүшелерінің жалпы санының кемінде үштен екісі қатысқан жағдайда өткізіледі және комиссияның қатысқан мүшелері, оның төрағасы, оның орынбасары және комиссияның хатшысы қол қоятын хаттамамен ресімделеді. Комиссия мүшесі болмаған жағдайда, комиссия отырысының хаттамасында оның болмау себебі көрсетіледі.

      8. Комиссия шешімдері қатысып отырған комиссия мүшелерінің жалпы санынан қарапайым көпшілік дауыспен қабылданады. Дауыстар тең болған кезде төрағаның дауысы шешуші болып табылады.

      9. Комиссия мынадай функцияларды жүзеге асырады:

      1) өз жұмысының регламентiн әзiрлейдi, оны сатушының басшысы бекітеді;

      2) сату объектілерін айқындайды;

      3) сату объектісін аукционнан алып тастау туралы шешім қабылдайды.

      10. Сатушының функциялары:

      1) броньнан шығару тәртібімен шығарылатын жұмылдыру резервінің материалдық құндылықтарына бағалау жүргізуді қамтамасыз ету;

      2) аукциондарды дайындауды және өткізуді жүзеге асыру;

      3) аукциондарды ұйымдастыру және өткізу барысын бақылауды жүзеге асыру;

      4) аукцион жеңімпазымен сатып алу-сату шарттарын жасасу және оның орындалуын бақылау;

      5) аукциондарды ұйымдастыруға және өткізуге қажет басқа да іс-шараларды жүргізу болып табылады.

      11. Бірыңғай оператор тізілім веб-порталының жұмыс істеуін қамтамасыз етеді, сондай-ақ аукционға қатысушылардың кепілдік жарналарын қабылдайды.

      Бірыңғай оператор:

      1) кепілдік жарнаны аударуға өтінімді тізілімнің веб-порталында ЭЦҚ пайдалана отырып сатушы қол қойған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде аукционда жеңген қатысушының кепілдік жарнасын республикалық бюджетке аударады;

      2) кепілдік жарналарды қайтаруға өтініштерді тізілімнің веб-порталында ЭЦҚ пайдалана отырып қатысушылар қол қойған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде аукциондардың басқа қатысушыларына кепілдік жарнаны қайтарады.

      12. Аукционды өткiзуге дайындық мынадай тәртiппен жүзеге асырылады:

      1) сату объектісі айқындалады;

      2) осы Қағидалардың 18-тармағына сәйкес сату объектісі бойынша қажеттi материалдарды жинау жүргiзiледi;

      3) сату объектісінің алғашқы бағасы айқындалады;

      4) аукциондарды өткізу мерзiмі белгiленедi;

      5) аукционды өткiзу туралы хабарлама жарияланады;

      6) кепiлдiк жарналар қабылданады;

      7) қатысушыларды тiркеу жүргiзiледi.

      13. Сату объектісінің алғашқы бағасы сату объектісінің баланстық құны немесе ол жүргізілген жағдайда бағалау негізінде айқындалады.

      14. Броньнан шығару тәртібімен шығарылатын жұмылдыру резервінің материалдық құндылықтары Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен бағалауға жатады.

      15. Сату объектісі Операция жүргізу жоспары қабылданған немесе объект Операция жүргізу жоспарына енгізілген сәттен бастап күнтізбелік отыз күннен кешіктірілмей бірінші аукционға шығарылады.

      Аукцион өтпеген деп танылған жағдайда, әрбір келесі аукцион сату объектісі сатылғанға немесе оны аукционнан алып тастағанға дейін әрбір күнтізбелік жиырма күн сайын жүзеге асырылады.

      16. Сатушы аукцион өткiзiлетiндiгi туралы хабарламаны ол өткiзiлгенге дейiн кемiнде күнтізбелік он бес күн бұрын тізілімнің веб-порталында қазақ және орыс тілдерінде жариялайды.

      17. Аукцион өткізу туралы хабарламада мынадай мәліметтер қамтылады:

      1) аукционның өткiзiлетiн күнi және уақыты;

      2) аукционның әдiсi;

      3) сату объектісінің атауы, көлемі, алғашқы бағасы қамтылған сату объектісі туралы мәліметтер;

      4) сату объектісінің бастапқы және ең төменгі (бағаны төмендету аукционы өткiзiлген кезде) бағалары;

      5) кепілдік жарнаның мөлшері мен оны аудару үшін банк деректемелері;

      6) өтiнiмдердi қабылдау мерзімі;

      7) аукционды өткiзу тәртібі, оның ішінде аукционға қатысуды ресімдеу, аукцион жеңімпазын анықтау шарттары туралы;

      8) сатушының телефоны мен орналасқан жерi;

      9) сату объектісі туралы қосымша ақпарат, оның ішінде сату объектісін шығару мерзімі және орналасқан жері, қосылған құн салығының есебі.

      18. Аукцион өткізу туралы хабарлама жарияланғанға дейiн сатушы тізілімнің веб-порталына әрбір объект бойынша мынадай құжаттардың:

      1) материалдық құндылықтардың құнын бағалау туралы есептің (бар болса);

      2) материалдық құндылықтардың жай-күйін көрсетуді қамтамасыз ететін материалдық құндылықтар кемінде 3 дана фотосуретінің;

      3) сәйкестікті растау саласындағы құжаттың (бар болса);

      4) сатып алу-сату шарты жобасының электрондық көшiрмелерінің енгізілуін қамтамасыз етеді.

      Хабарлама жарияланғаннан кейiн сатушы тізілімнің веб-порталы арқылы барлық қалаушылардың сату объектісі туралы ақпаратқа еркін қол жеткізуін қамтамасыз етеді.

      19. Аукционға қатысу үшін кепілдік жарна бірыңғай оператордың деректемелеріне енгізіледі.

      Кепілдік жарнаны қатысушы не қатысушының атынан кез келген жеке немесе заңды тұлға енгізеді.

      Кепілдік жарнаны енгізу кезінде төлем мақсатына қатысушының жеке сәйкестендіру нөмірі (бұдан әрі – ЖСН) немесе бизнес сәйкестендіру нөмірі (бұдан әрі – БСН) көрсетіледі.

      20. Қатысушыларға кепiлдiк жарнаның кез келген санын енгiзуге жол беріледі.

      21. Аукционда жеңген және сатып алу-сату шартын жасасқан қатысушының кепiлдiк жарнасы сатып алу-сату шарты бойынша тиесілі төлемдер есебіне жатқызылады.

      Егер кепілдік жарнаның сомасы сату бағасынан артық болса, онда бірыңғай оператор тізілімнің веб-порталында сатушы мен сатып алушы сатып алу-сату шартын жасасқан күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірмейтін мерзімде жеңімпазға айырмасын қайтарады.

      22. Кепiлдiк жарна:

      1) жеңiмпазға – сауда-саттықтардың нәтижелерi туралы хаттамаға не сатып алу-сату шартына қол қоймаған жағдайда;

      2) сатып алушыға – сатып алу-сату шарты бойынша мiндеттемелерiн орындамаған немесе тиiсiнше орындамаған жағдайда қайтарылмайды.

      Қалған барлық жағдайларда кепілдік жарналар аукционға қатысушы жеке немесе заңды тұлға тізілімнің веб-порталында ЭЦҚ пайдалана отырып қол қойған жарнаны қайтару туралы өтініште көрсетілген деректемелерге қайтарылады.

      23. Аукционға қатысушыларды тіркеу хабарлама жарияланған күннен бастап жүргізіледі және аукцион басталғанға дейін бес минут бұрын аяқталады, олар өткен соң қатысушылар берген өтінімдерін кері қайтара алмайды.

      24. Аукционға қатысу үшін мыналарды:

      1) жеке тұлғалар үшін: ЖСН, тегін, атын, әкесінің атын (бар болса);

      2) заңды тұлғалар үшін: БСН, толық атауын, бірінші басшының тегін, атын, әкесінің атын (бар болса);

      3) кепілдік жарнаны қайтару үшін екінші деңгейдегі банктегі есеп айырысу шотының деректемелерін;

      4) байланыс деректерін (пошта мекенжайы, телефоны, факс, е-mail) көрсете отырып, тізілімнің веб-порталында алдын ала тіркелу қажет.

      Жоғарыда көрсетілген деректер өзгерген кезде қатысушы аукционға қатысуға өтінімді тіркегенге дейін тізілімнің веб-порталына енгізілген деректерді өзгертеді.

      25. Аукционға қатысушы ретінде тіркелу үшін осы Қағидаларға қосымшаға сәйкес нысан бойынша қатысушының ЭЦҚ қойылған аукционға қатысуға өтінімді (бұдан әрі – өтінім) тізілімнің веб-порталында тіркеу қажет.

      26. Сатушыға Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде көзделген жағдайларды қоспағанда, аукционды дайындау және оны өткізудің бүкіл кезеңінің ішінде аукционға қатысушыларға қатысы бар ақпаратты жариялауға жол берілмейді.

      27. Өтінім тіркелгеннен кейін тізілімнің веб-порталы үш минут ішінде өтінім берілген сату объектісі бойынша кепілдік жарнаның түсуі туралы мәліметтердің тізілімнің дерекқорында болуы тұрғысынан автоматты түрде тексеру жүргізеді.

      Қатысушының осы Қағидалардың 24 және 25-тармақтарында көрсетілген талаптарды сақтамауы, сондай-ақ бірыңғай оператордың есеп айырысу шотына аукционды өткізу туралы хабарламада көрсетілген кепілдік жарнаның аукцион басталғанға дейін бес минут бұрын түспеуі тізілім веб-порталының өтінімді қабылдаудан бас тартуы үшін негіз болып табылады.

      Тізілімнің дерекқорында бірыңғай оператордың есеп айырысу шотына кепілдік жарнаның түскені туралы мәліметтер болған жағдайда, тізілімнің веб-порталы өтінімді қабылдау және сату объектісі бойынша аукцион нәтижелері айқындалғанға дейін кепілдік жарна сомасын жауып тастауды жүзеге асырады, сондай-ақ қатысушыларды аукционға жіберуді жүзеге асырады. Тізілімнің дерекқорында бірыңғай оператордың есеп айырысу шотына кепілдік жарнаның түскені туралы мәлімет болмаған жағдайда, тізілімнің веб-порталы қатысушының өтінімін кері қайтарады.

      Тізілімнің веб-порталы автоматты тексеру нәтижелері бойынша тізілімнің веб-порталында көрсетілген қатысушының электрондық мекенжайына өтінімді қабылдау не өтінімді қабылдаудан бас тарту себептері туралы электрондық хабарлама жібереді.

      28. Аукцион өткізілгенге дейін қатысушы материалдық құндылықтардың сапалық жай-күйі мен техникалық регламент талаптарына және стандарттау жөніндегі нормативтік құжаттарға сәйкестігі бойынша сараптама жүргізе алады. Мұндай сараптаманы жүргізуге байланысты шығыстар қатысушыға жүктеледі.

      Сараптамаға арналған материалдық құндылықтардың көлемін сәйкестікті растау жөніндегі аккредиттелген заңды тұлға айқындайды.

      Сараптама жүргізу үшін қатысушы:

      1) сатушыға сынама алу үшін сараптама жүргізуге қажетті материалдық құндылықтардың атауы және орналасқан жері қамтылған хатты;

      2) материалдық құндылықтардың техникалық регламенттерде немесе стандарттарда белгіленген талаптарға сәйкестігін растау бойынша рәсімдерді жүргізу үшін материалдық құндылықтардың қажетті мөлшерін ұсыну туралы сәйкестікті растау жөніндегі аккредиттелген заңды тұлғаның хатын;

      3) сараптамаға арналған материалдық құндылықтардың көлемі үшін ақы төленгені туралы төлем тапсырмасының түпнұсқасын немесе нотариалды түрде расталған көшiрмесiн ұсынады.

      Сараптамаға арналған материалдық құндылықтардың көлемі үшін ақы сату объектісінің алғашқы бағасына қарай есептеледі және республикалық бюджетке енгізіледі.

      Сараптамаға арналған материалдық құндылықтардың көлемі үшін төлем алынғаннан кейін сатушы мемлекеттік материалдық резервтен материалдық құндылықтарды шығаруға наряд жазып береді.

      Наряд негізінде қатысушы сараптама жүргізу үшін материалдық құндылықтарды алады.

      Материалдық құндылықтардың сапалық жай-күйі мен техникалық регламент талаптарына және стандарттау жөніндегі нормативтік құжаттарға сәйкестігі бойынша сараптама "Техникалық реттеу туралы" 2004 жылғы 9 қарашадағы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жүзеге асырылады.

      29. Тізілімнің веб-порталы аукционды өткізу басталғанға дейін кемінде бес минут бұрын электрондық өтінімді кері қайтарған қатысушының аукцион нөмірін жояды.

      30. Сату объектісін аукционнан алып тастау үшін:

      1) сату объектісін немесе оның бөлігін "Азаматтық қорғау туралы" 2014 жылғы 11 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Заңының 90-бабында көзделген мақсаттарда пайдалану;

      2) "Мемлекеттік сатып алу туралы" 2015 жылғы 4 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Заңының 13-бабы 5-тармағына сәйкес сату объектісіне немесе оның бөлігіне мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасасу;

      3) осы Қағидалардың 28-тармағына сәйкес сату объектісінің немесе оның бөлігінің сапалық жай-күйі мен техникалық регламент талаптарына және стандарттау жөніндегі нормативтік құжаттарға сәйкестігі бойынша сараптама жүргізу;

      4) сату объектісіне немесе оның бөлігіне қатысты Операция жүргізу жоспарының өзгеруі;

      5) сату объектісінің немесе оның бөлігінің тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі туралы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген қауіпсіздік талаптарына сәйкес келмеуі;

      6) сату объектісінің немесе оның бөлігінің жетіспеушілігін анықтау;

      7) сату объектісінің немесе оның бөлігінің жойылуы немесе бұзылуы негіз болып табылады.

      Сату объектісін аукционнан алып тастау аукцион басталарға дейін кемінде бір жұмыс күні бұрын тізілімнің веб-порталында жүзеге асырылады.

3-тарау. Аукцион өткiзу

      31. Аукцион сауда-саттықтың екі әдісімен өткізіледі: бағаны көтеру немесе бағаны төмендету.

      Бағаны көтеру аукционын өткiзу кезiнде сату объектісінің бастапқы бағасы сату объектісінің алғашқы бағасына тең болады.

      Бағаны төмендету аукционын өткiзген жағдайда бастапқы баға алғашқы бағаны 3-ке тең жоғарылатушы коэффициентке көбейту жолымен айқындалады.

      32. Сату объектісі бірінші сауда-саттыққа аукционға бағаны көтеру әдісі қолданыла отырып шығарылады.

      Сату объектісі екінші сауда-саттыққа аукционға бағаны төмендету әдiсi қолданыла отырып, алғашқы бағаның елу пайызы мөлшеріндегі ең төмен баға белгіленіп шығарылады.

      Сату объектісі үшінші және кейінгі сауда-саттыққа аукционға бағаны төмендету әдiсi қолданыла отырып, ең төмен баға белгіленбей шығарылады.

      33. Аукционға жіберілген қатысушыға тізілімнің веб-порталы беретін аукцион нөмірі бойынша аукцион залына кіруге рұқсат беріледі.

      Аукционға қатысушылар аукцион басталғанға дейін бір сағат ішінде ЭЦҚ мен аукцион нөмірін пайдалана отырып, аукцион залына кіреді. Аукцион сату объектісінің бастапқы құнын аукцион залында автоматты түрде орналастыру жолымен аукционды өткізу туралы хабарламада көрсетілген Астана қаласының уақыты бойынша басталады.

      34. Аукцион залында аукцион Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген мереке және демалыс күндерін қоспағанда, сейсенбіден жұма аралығында өтеді. Аукцион Астана қаласының уақыты бойынша сағат 10:00-ден бастап сағат 17:00-ге дейінгі кезеңде өткізіледі, бұл ретте аукцион Астана қаласының уақыты бойынша сағат 15:00-ден кешіктірілмей басталады.

      35. Егер бағаны көтеру аукционы аяқталатын сәтте сағат 17:00-де аукцион жеңімпазы айқындалмаса, онда сату объектісін сатып алуға өзінің ниетін растаған соңғы қатысушы жеңімпаз деп танылады және осы сату объектісі бойынша аукцион өткізілген болып танылады.

      Егер бағаны төмендету аукционы аяқталатын сәтте сағат 17:00-де аукцион жеңімпазы айқындалмаса, онда осы сату объектісі бойынша аукцион өткізілмеген болып танылады.

      36. Егер аукцион басталған сәтте сату объектісі бойынша аукцион залында қатысушы болмаса, осы сату объектісі бойынша аукцион өткізілмеген болып танылады.

      37. Бағаны өзгерту қадамы былайша белгіленеді:

      1) сату объектісінің бастапқы немесе ағымдағы бағасы айлық есептік көрсеткіш мөлшерінің 20000 еселенгенге дейінгі мөлшерінде болған кезінде өзгерту қадамы бағаны көтеру аукционында 10 пайыз мөлшерінде және бағаны төмендету аукционында 5 пайыз мөлшерінде белгiленедi;

      2) сату объектісінің бастапқы немесе ағымдағы бағасы айлық есептік көрсеткіш мөлшерінің 20000 еселенгеннен бастап 50000 еселенгенге дейінгі мөлшерінде болған кезінде өзгерту қадамы бағаны көтеру аукционында 7 пайыз мөлшерінде және бағаны төмендету аукционында 5 пайыз мөлшерінде белгiленедi;

      3) сату объектісінің бастапқы немесе ағымдағы бағасы айлық есептік көрсеткіш мөлшерінің 50000 еселенгеннен бастап 100000 еселенгенге дейінгі мөлшерінде болған кезде өзгерту қадамы 5 пайыз мөлшерінде белгiленедi;

      4) сату объектісінің бастапқы немесе ағымдағы бағасы айлық есептік көрсеткіш мөлшерінің 100000 еселенгеннен бастап 250000 еселенгенге дейінгі мөлшерінде болған кезде өзгерту қадамы бағаны көтеру аукционында 2,5 пайыз мөлшерінде және бағаны төмендету аукционында 5 пайыз мөлшерінде белгіленеді;

      5) сату объектісінің бастапқы немесе ағымдағы бағасы айлық есептік көрсеткіш мөлшерінің 250000 еселенгеннен бастап 500000 еселенгенге дейінгі мөлшерінде болған кезде өзгерту қадамы бағаны көтеру аукционында 1 пайыз мөлшерінде және бағаны төмендету аукционында 5 пайыз мөлшерінде белгіленеді;

      6) сату объектісінің бастапқы немесе ағымдағы бағасы айлық есептік көрсеткіш мөлшерінің 500000 еселенген мөлшерінде және одан жоғары болған кезде өзгерту қадамы бағаны көтеру аукционында 0,5 пайыз мөлшерінде және бағаны төмендету аукционында 5 пайыз мөлшерінде белгіленеді.

      38. Аукцион төменде көрсетілген екі әдістің біреуі бойынша жүргізіледі.

      39. Бағаны көтеру аукционы:

      1) егер аукцион залында аукцион басталған сәттен бастап жиырма минут ішінде қатысушылардың бірде-бірі осы Қағидалардың 37-тармағына сәйкес белгіленген қадамға бастапқы бағаны арттыру жолымен сату объектісін сатып алу ниетін растамайтын болса, онда осы сату объектісі бойынша аукцион өткізілмеген болып танылады;

      2) егер аукцион залында аукцион басталған сәттен бастап жиырма минут ішінде қатысушылардың бірі осы Қағидалардың 37-тармағына сәйкес белгіленген қадамға бастапқы бағаны арттыру жолымен сату объектісін сатып алу ниетін растайтын болса, онда бастапқы баға белгіленген қадамға артады;

      3) егер бастапқы немесе ағымдағы баға артқаннан кейін жиырма минут ішінде қатысушылардың бірде-бірі ағымдағы құнды арттыру жолымен сату объектісін сатып алу ниетін растамайтын болса, онда сату объектісін сатып алу ниетін соңғы растаған қатысушы жеңімпаз болып танылады, ал осы сату объектісі бойынша аукцион өткізілген болып танылады.

      Сату объектісі бойынша бағаны көтеру аукционы қатысушылардың бірі ұсынған ең жоғары бағаға дейін жүргізіледі.

      40. Бағаны төмендету аукционы:

      1) егер аукцион басталған кезден бастап екі минут ішінде қатысушылардың бірде-бірі аукционда сату объектісін сатып алу ниетін растамайтын болса, онда сату объектісінің бастапқы бағасы осы Қағидалардың 37-тармағына сәйкес белгіленген қадамға азаяды;

      2) егер баға азайғаннан кейін екі минут ішінде қатысушылардың бірде-біреуі сату объектісін сатып алу ниетін растамайтын болса, онда сату объектісінің соңғы жарияланған бағасы белгіленген қадаммен азаяды.

      Жарияланған баға бойынша сату объектісін сатып алу ниетін бірінші болып растаған қатысушы бағаны төмендету аукционының жеңімпазы болып танылады және осы сату объектісі бойынша аукцион өткізілген болып танылады;

      3) егер сату объектісінің бағасы белгіленген ең төменгі мөлшерге жетсе және қатысушылардың бірде-бірі сату объектісін сатып алу ниетін растамаса, онда аукцион өткізілмеген болып танылады.

      41. Осы Қағидалардың 35-тармағының екінші бөлігінде, 36-тармағында, 39-тармағының 1) тармақшасында және 40-тармағының 3) тармақшасында көрсетілген жағдайларда сатушы тізілімнің веб-порталында қалыптастыратын аукционның өткізілмегені туралы актіге қол қояды.

      42. Әрбір сатылған сату объектісі бойынша аукцион нәтижелері сауда-саттық нәтижелері туралы хаттамамен ресімделеді, оған сатушы және жеңімпаз ЭЦҚ пайдалана отырып, аукцион өткiзiлген күнi тізілімнің веб-порталында қол қояды.

      43. Сауда-саттық нәтижелері туралы хаттама аукцион нәтижелерін және жеңімпаз бен сатушының сату бағасы бойынша сатып алу-сату шартына қол қою міндеттемесін белгілейтін құжат болып табылады.

      44. Аукцион барысында аукционға қатысуға кедергі болатын техникалық ақаулықтар туындаған кезде қатысушыға:

      1) тізілім веб-порталымен орнықты байланыс жоғалған кезден бастап 30 секунд ішінде аукционға қатысушының мониторында бірыңғай оператордың байланыс деректері бар электрондық хабарламаны шығару жолымен хабарлайды;

      2) бұл туралы бірыңғай оператордың байланыс деректері бойынша телефон немесе электрондық хабарлама арқылы дереу хабарлайды.

      45. Бірыңғай оператор техникалық ақаулықтар фактісін тіркейді және олар тізілім веб-порталы жағында болған кезде ақпаратты тізілім веб-порталында орналастыру жолымен аукционға қатысушылардың барлығын хабардар етеді.

      46. Қатысушының компьютерлік және/немесе телекоммуникация жабдығының техникалық ақаулықтары болғанда аукцион жалғаса береді.

      47. Аукционды жүргізуге немесе аукционды жүргізу рәсіміне кедергі болатын осы Қағидалардың 44-тармағында көрсетілген тізілім веб-порталының техникалық ақаулықтар фактісі болған жағдайда, бірыңғай оператор бұл туралы сатушыға жазбаша түрде хабарлайды және аукционды техникалық ақаулықты жойған күннен кейін келесі жұмыс күніне ауыстырады және осы аукционның жалғастырылатын күні мен уақыты туралы ақпаратты тізілімнің веб-порталында орналастыру және тізілімнің веб-порталында көрсетілген қатысушының электрондық мекенжайына электрондық хабарлама жіберу арқылы аукционға қатысқан қатысушыларды алдын ала міндетті түрде хабардар етеді.

4-тарау. Сатып алу-сату шарты

      48. Сатып алу-сату шарты тізілімнің веб-порталында электрондық форматта жасалады және сатушы мен сатып алушы ЭЦҚ пайдалана отырып, сауда-саттық нәтижелері туралы хаттамаға қол қойған күннен бастап күнтізбелік он күннен аспайтын мерзімде қол қояды. Шартта оны жасасудың негiзi ретiнде сауда-саттық нәтижелерi туралы хаттамаға сiлтеме көрсетіледі.

      Сатушы сатып алушыға сауда-саттық нәтижелері туралы хаттамаға қол қойған күннен бастап күнтізбелік бес күннен аспайтын мерзімде қол қоюға сатып алу-сату шартының жобасын ұсынады.

      49. Жеңімпаз сауда-саттық нәтижелері туралы хаттамаға не сатып алу-сату шартына белгіленген мерзімде қол қоймаған жағдайда, сатушы ЭЦҚ пайдалана отырып, тізілімнің веб-порталында қалыптастырылатын сауда-саттық нәтижелерінің күшін жою туралы актіге қол қояды және бұл сату объектісі күшін жойған аукцион шарттарымен аукционға қайтадан шығарылады.

      50. Аукционда жеңген тұлға сауда-саттық нәтижелерi туралы хаттамаға немесе сатып алу-сату шартына қол қоймаған кезде өзі енгізген кепілдік жарнасын жоғалтады және сатушыға оның іс жүзінде шеккен залалын өтейді.

      51. Кепілдік жарна алына отырып, сатып алу-сату шарты бойынша сату бағасын сатып алушы сатып алу-сату шартына қол қойылған күннен бастап он жұмыс күнінен кешiктiрмей бірыңғай оператордың есеп айырысу шотына енгізеді, бұл ретте төлем мақсатында сатып алушы сатып алу-сату шартының идентификаторын көрсетеді.

      52. Төлемнiң мерзiмi өткен жағдайда сатушының шартты бiржақты тәртiппен бұзуына және сатып алушыдан iс жүзiндегi зиянды және тұрақсыздық айыбын өтеуді талап етуіне жол беріледі.

      Бұл жағдайда сату объектісі күшін жойған аукцион шарттарымен қайта өтетін аукционға қайтадан шығарылады.

      53. Материалдық құндылықтарды беру сатып алу-сату шарты бойынша сату бағасы толық төленген жағдайда жүргізіледі.

      54. Ведомстволық бағынысты ұйымнан немесе сақтау пунктінен материалдық құндылықтарды беру уәкілетті орган бекіткен тәртіппен жазылатын наряд негізінде жүзеге асырылады.

      55. Материалдық құндылықтарды беру қабылдау-беру актiсi бойынша ресімделеді.

      Қабылдау-беру актісіне сатушы және ведомстволық бағынысты ұйымның немесе сақтау пунктінің басшысы, бас бухгалтері, материалдық жауапты адамы қол қояды.

      Қабылдау-беру актісін ведомстволық бағынысты ұйым немесе сақтау пункті мемлекеттік материалдық резервтен материалдық құндылықтарды шығарған күннен бастап он жұмыс күнінен кешіктірмей сатушыға жібереді.

      Қабылдау-беру актісіне қол қою туралы мәліметтерді сатушы қабылдау-беру актісінің түпнұсқасын сатушы алған сәттен бастап үш жұмыс күні ішінде тізілімнің веб-порталына енгізеді.

      56. Қабылдау-беру актісіне қол қойғаны туралы мәліметтерді сатушы тізілімнің веб-порталында енгізген күннен бастап үш жұмыс күні ішінде бірыңғай оператор сату бағасын республикалық бюджеттің кірісіне аударады.

      57. Сатып алушы қабылдау-беру актісіне қол қоймаған жағдайда сатушы тізілімнің веб-порталында қалыптастырылатын сауда-саттық нәтижелерінің күшін жою туралы актіге қол қояды және осы сату объектісі аукционға қайта шығарылады.

      58. Сатушы мен сатып алушы көрсетілген шарт бойынша қабылдаған міндеттемелерін толық және тиісінше орындаған жағдайда сатып алу-сату шарты орындалды деп саналады.


  Жаңарту және броньнан шығару
тәртібімен мемлекеттік материалдық
резервтен материалдық
құндылықтарды шығару
қағидаларына
қосымша

Жаңарту және броньнан шығару тәртібімен мемлекеттік материалдық резервтен материалдық құндылықтарды шығару бойынша аукционға қатысуға ӨТІНІМ

      1. Жаңарту және броньнан шығару тәртібімен мемлекеттік материалдық резервтен материалдық құндылықтарды шығару бойынша аукцион өткізу туралы жарияланған хабарламаны қарап және Жаңарту және броньнан шығару тәртібімен мемлекеттік материалдық резервтен материалдық құндылықтарды шығару қағидаларымен (бұдан әрі – Қағидалар) танысып,

      ___________________________________________________________________

      (жеке тұлғаның Т.А.Ә. немесе заңды тұлғаның атауы және заңды тұлға басшысының немесе сенімхат негізінде әрекет ететін өкілінің Т.А.Ә.)


      20 __ жылғы "____"___________ www.gosreestr.kz мемлекеттік мүлік тізілімінің веб-порталында болатын аукционға қатысуды қалайды.

      2. Мен (біз) аукционға қатысу үшін сату объектісі бойынша аукцион нәтижелері айқындалғанға дейін тізілімнің веб-порталы жауып тастайтын кепілдік жарнаны енгіздім (енгіздік):


р/с

Сату объектісінің атауы

Сату объектісі үшін кепілдік жарнаның сомасы, теңге








Жиыны


      3. Қатысушыға қойылатын талаптарға менің (біздің) сәйкес келмегенім (келмегеніміз) анықталған жағдайда, мен (біз) аукционға қатысу құқығынан айырылатыныммен (айырылатынымызбен), мен (біз) қол қойған сауда-саттық нәтижелері туралы хаттама және сатып алу-сату шарты жарамсыз деп танылатынымен келісемін (келісеміз).

      4. Мен (біз) аукцион жеңімпаз(дар)ы болып танылған жағдайда, өзімізге сауда-саттық нәтижелері туралы хаттамаға ол өткізілген күні қол қоюға және ол өткізілген күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде сатып алу-сату шартына қол қоюға міндеттеме аламын(з).

      5. Мынадай:

      1) сауда-саттық нәтижелері туралы хаттамаға оны өткізу күнінде қол қоймаған;

      2) сатып алу-сату шартына белгіленген мерзімдерде қол қоймаған;

      3) сатып алу-сату шарты бойынша міндеттемелерді мен (біз) орындамаған және/немесе тиісінше орындамаған жағдайларда, мен (біз) енгізген кепілдік жарна сомасының қайтарылмайтынына және мемлекеттік мүлікті есепке алу саласындағы бірыңғай оператор оны республикалық бюджет кірісіне жіберетініне келісемін (келісеміз).

      6. Сауда-саттық нәтижелері туралы хаттамамен бірге осы өтінімнің сатып алу-сату шарты жасалғанға дейін қолданылатын шарт күші бар.

      7. Өзім(із) туралы мынадай мәліметтерді ұсынамын:

      Заңды тұлға үшін:

      Атауы _________________________________________________________

      БСН ___________________________________________________________

      Басшының Т.А.Ә. _______________________________________________

      Мекенжайы: ____________________________________________________

      Телефон (факс) нөмірі: ___________________________________________

      Кепілдік жарнаны қайтару үшін банк деректемелері:

      ЖСК __________________________________________________________

      БСК ___________________________________________________________

      Банктің атауы ___________________________________________________

      Кбе ____________________________________________________________

      Кепілдік жарнаны төлеген тұлғаның ЖСК/БСК ______________________

      Жеке тұлға үшін:

      Т.А.Ә. _________________________________________________________

      ЖСН __________________________________________________________

      Паспорт деректері _______________________________________________

      Мекенжайы: ____________________________________________________

      Телефон (факс) нөмірі: ___________________________________________

      Кепілдік жарнаны қайтару үшін банк деректемелері:

      ЖСК __________________________________________________________

      БСК ___________________________________________________________

      Банктің атауы ___________________________________________________

      Кбе ____________________________________________________________

      Кепілдік жарнаны төлеген тұлғаның ЖСК/БСК ______________________

      Өтінім берушінің ЭЦҚ деректері;

      Өтінім берушінің ЭЦҚ пайдалана отырып қол қойған күні және уақыты.

      Мемлекеттік мүлік тізілімінің веб-порталында 20__ж. "__" ________ _______ сағат ____ минутта қабылданды.

      Қатысушының аукциондық нөмірі _____________________


Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады