Облыстық бюджеттердің, Астана және Алматы қалалары бюджеттерінің 2015 жылға арналған республикалық бюджеттен денсаулық сақтауға берілетін ағымдағы нысаналы трансферттерді пайдалану қағидаларын бекіту туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 11 наурыздағы № 123 қаулысы

      РҚАО-ның ескертпесі!
      Осы қаулы 2015 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.

      «2015 – 2017 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» 2014 жылғы 28 қарашадағы Қазақстан Республикасы Заңының 15-бабын және «2015 – 2017 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Қазақстан Республикасының Заңын іске асыру туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 11 желтоқсандағы № 1300 қаулысын іске асыру мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Облыстық бюджеттердің, Астана және Алматы қалалары бюджеттерінің 2015 жылға арналған республикалық бюджеттен денсаулық сақтауға берілетін ағымдағы нысаналы трансферттерді пайдалану қағидалары бекітілсін.
      2. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі заңнамада белгіленген тәртіппен ағымдағы нысаналы трансферттердің бекітілген сомаларын облыстық бюджеттерге, Астана және Алматы қалаларының бюджеттеріне аударуды қамтамасыз етсін.
      3. Облыстардың, Астана және Алматы қалаларының әкімдері:
      1) ағымдағы нысаналы трансферттердің бөлінген сомаларын уақтылы және мақсатты пайдалануды;
      2) есепті айдан кейінгі айдың 15-күніне дейін Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігіне ағымдағы нысаналы трансферттердің бөлінген сомаларының пайдаланылуы туралы есептер беруді қамтамасыз етсін.
      4. Осы қаулы 2015 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                           К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің     
2015 жылғы 11 наурыздағы
№ 123 қаулысымен 
бекітілген    

Облыстық бюджеттердің, Астана және Алматы қалалары
бюджеттерінің 2015 жылға арналған республикалық бюджеттен
денсаулық сақтауға берілетін ағымдағы нысаналы трансферттерді
пайдалану қағидалары

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Облыстық бюджеттердің, Астана және Алматы қалалары бюджеттерінің 2015 жылға арналған республикалық бюджеттен денсаулық сақтауға берілетін ағымдағы нысаналы трансферттерді пайдалану қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) «2015 – 2017 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 15-бабына және «2015 – 2017 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Қазақстан Республикасының Заңын іске асыру туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 11 желтоқсандағы № 1300 қаулысына сәйкес әзірленді.
      2. Осы Қағидаларда пайдаланылатын негізгі ұғымдар:
      1) жан басына шаққандағы кешенді нормативтің ынталандырушы компоненті (бұдан әрі – ЖНЫК) – «Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде іс-шаралар кешенін көрсетуге қатысатын денсаулық сақтау ұйымдарының қызметкерлерін көтермелеу қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 29 мамырдағы № 429 бұйрығымен бекітілген Денсаулық сақтау ұйымдарының қызметкерлерді көтермелеу қағидаларында (бұдан әрі – Денсаулық сақтау ұйымдарының қызметкерлерін көтермелеу қағидалары) айқындалған тәртіппен түпкілікті нәтиженің қол жеткізілген индикаторларының негізінде медициналық санитариялық алғашқы көмек (бұдан әрі – МСАК) көрсететін денсаулық сақтау субъектісінің қызметкерлерін ынталандыруға бағытталған құрамдас бөлігі;
      2) денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) – азаматтардың денсаулығын сақтау, медициналық және фармацевтикалық ғылым, медициналық және фармацевтикалық білім беру, дәрілік заттардың, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканың айналысы, медициналық қызметтер көрсету сапасын бақылау саласындағы басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік орган;
      Ескерту. 2-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 25.12.2015 № 1064 қаулысымен.
      3. Осы Қағидалар облыстық бюджеттердің, Астана және Алматы қалалары бюджеттерінің республикалық бюджеттен денсаулық сақтауға берілетін ағымдағы нысаналы трансферттерді мынадай республикалық бюджеттік бағдарламалар бойынша пайдалану тәртібін айқындайды:
      1) 004 «Облыстық бюджеттерге, Астана және Алматы қалаларының бюджеттеріне жергілікті атқарушы органдардың мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында білім алушылардың стипендияларының мөлшерін ұлғайтуға берілетін ағымдағы нысаналы трансферттер»;
      2) 010 «Облыстық бюджеттерге, Астана және Алматы қалаларының бюджеттеріне тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін қамтамасыз етуге және кеңейтуге берілетін нысаналы ағымдағы трансферттер»;
      3) алып тасталды - ҚР Үкіметінің 05.06.2015 № 409 (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.
      Ескерту. 3-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 05.06.2015 № 409 (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

2. Жергілікті атқарушы органдардың мемлекеттік білім беру
тапсырысы негізінде техникалық және кәсіптік, орта білімнен
кейінгі білім беру ұйымдарында білім алушылардың стипендия
мөлшерін ұлғайтуға республикалық бюджеттен берілетін ағымдағы
нысаналы трансферттерді пайдалану

      4. Облыстық бюджеттерге, Астана және Алматы қалаларының бюджеттеріне берілетін ағымдағы нысаналы трансферттер «Білім беру ұйымдарында білім алушыларға мемлекеттік стипендияларды тағайындау, төлеу қағидаларын және мөлшерін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 7 ақпандағы № 116 қаулысына сәйкес жергілікті атқарушы органдардың мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде медициналық колледждерде білім алушылардың стипендияларының мөлшерін 10 %-ға ұлғайту үшін пайдаланылады.

3. Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін
қамтамасыз етуге және кеңейтуге берілетін ағымдағы нысаналы
трансферттерді пайдалану тәртібі

      5. Облыстық бюджеттерге, Астана және Алматы қалаларының бюджеттеріне тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін (бұдан әрі – ТМККК) қамтамасыз етуге және кеңейтуге берілетін ағымдағы нысаналы трансферттер:
      1) скринингтік зерттеулер жүргізуге:
      әйелдер арасында жатыр мойны обырын анықтауға;
      ересек тұрғындар арасында колоректалдық обырды екі кезеңдік әдіспен анықтауға;
      Ақтөбе, Атырау, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарының, Астана және Алматы қалаларының ер адамдары арасында қуықасты безі обырын анықтауға;
      Ақтөбе, Атырау, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарының, Астана және Алматы қалаларының тұрғындары арасында өңеш обырын, асқазан және бауыр обырын анықтауға;
      сүт безі обыры бойынша скринингтің екінші кезеңін жүргізуге;
      2) ТМККК шеңберінде онкологиялық науқастарға медициналық көмек көрсетуге, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 30 қазандағы № 1729 қаулысымен бекітілген ТМККК көрсету бойынша дәрілік заттарды, профилактикалық (иммунобиологиялық, диагностикалық, дезинфекциялық) препараттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканы, фармацевтикалық қызметтерді ұйымдастыру және өткізу ережесіне сәйкес қаржы лизингі шарттарында сатып алынған медициналық техника үшін лизинг төлемдерін өтеу шығыстарына;
      3) ТМККК шеңберінде аудандық маңызы бар және ауылдың денсаулық сақтау субъектілерінің медициналық көмек (шығындарын өтеу республикалық бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылатын жоғары мамандандырылған медициналық көмекті және гемодиализ қызметтерін қоспағанда) және тіркелген тұрғындарға амбулаториялық-емханалық көмек көрсетуіне, оның ішінде ЖНЫК төлеу шығыстарына және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 30 қазандағы № 1729 қаулысына сәйкес қаржы лизингі шарттарында сатып алынған медициналық техниканы пайдалана отырып көрсетілген медициналық қызмет үшін лизинг төлемдерін өтеу шығыстарына;
      4) амбулаториялық-емханалық ұйымдарда онкологиялық, маммологиялық кабинеттерді, сондай-ақ онкологиялық диспансерлерде (бөлімшелерде) амбулаториялық химиотерапия кабинеттерін, консультациялық-диагностикалық емханаларда (орталықтарда), көп бейінді ауруханалардың бөлімшелерінде проктологиялық кабинет ашуға және олардың жұмыс істеуіне;
      5) онкологиялық диспансерлерде әлеуметтік қызметкерлер мен психологтар ұстауға;
      6) диабетке қарсы препараттарды, туберкулезге қарсы препараттарды, гематологиялық науқастарға арналған химиялық препараттарды, гемофилиямен ауыратын науқастарға қан ұйыту факторларын, жіті миокард инфаркты бар науқастар үшін тромболитикалық препараттарды, «В» және «С» вирустық гепатиттерімен ауыратын балаларды және ересектерді емдеуге арналған дәрілік заттарды, АИТВ инфекциясын жұқтырған адамдарды емдеуге және байланыста болғаннан кейінгі адамдардың профилактикасына арналған ретровирусқа қарсы препараттарды, миастениямен ауыратын науқастарды емдеуге арналған препараттарды, реналдық анемиясы бар бүйрек функциясының созылмалы жетіспеушілігімен ауыратын науқастарды емдеуге арналған препараттарды, муковисцидозбен, мукополисахаридозбен, Гоше ауруымен ауыратын балаларды емдеуге арналған препараттарды, бытыраңқы берішпен ауыратын науқастарға арналған препараттарды, амбулаториялық деңгейде онкологиялық науқастарға арналған дәрілік заттарды (таргеттік препараттар), белгілі бір аурулары: жүректің ишемиялық ауруы, артериялық гипертензия, жүрек функциясының созылмалы жетіспеушілігі, аритмия, пневмония, өкпенің созылмалы обструктивтік ауруы, асқазан мен ұлтабардың ойық жарасы бар тұрғындарды амбулаториялық деңгейде тегін қамтамасыз ету үшін дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдарды сатып алуға пайдаланылады.
      Ескерту. 5-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 05.06.2015 № 409 (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.
      6. Осы Қағидалардың 5-тармағының 4) тармақшасында көрсетілген амбулаториялық-емханалық ұйымдарда онкологиялық, маммологиялық кабинеттер, консультациялық-диагностикалық емханаларда (орталықтарда), көпбейінді ауруханалардың бөлімшелерінде проктологиялық кабинет ашуға және олардың жұмыс істеуіне арналған шығыстарды қоспағанда, облыстардың, Астана және Алматы қалаларының денсаулық сақтауды мемлекеттік басқарудың жергілікті органдары «Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін көрсету жөніндегі қызметтер берушіні таңдау және оның шығындарын өтеу қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің міндетін атқарушының 2015 жылғы 30 шілдедегі № 638 бұйрығымен бекітілген ТМККК көрсету жөніндегі медициналық қызметтер берушіні таңдау және оның шығындарын өтеу қағидаларына сәйкес ТМККК көрсету жөніндегі медициналық қызметтер берушіні таңдау рәсімін жүзеге асырады.
      Ескерту. 6-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 25.12.2015 № 1064 қаулысымен.
      7. ЖНЫК төлеуге берілетін ағымдағы нысаналы трансферттер түрінде республикалық бюджет қаражатының есебінен ТМККК шеңберінде медициналық қызмет көрсететін денсаулық сақтау субъектісінің қызметкерлерін көтермелеу тәртібі Денсаулық сақтау ұйымдарының қызметкерлерін көтермелеу қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.
      Ескерту. 7-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 25.12.2015 № 1064 қаулысымен.
      8. Тарифтерді қалыптастыру және ЖНЫК-ты айқындау «Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде көрсетілетін медициналық қызметтерге арналған тарифтер жасау мен шығындарды жоспарлау әдістемесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2009 жылғы 26 қарашадағы № 801 бұйрығымен бекітілген ТМККК шеңберінде көрсетілетін медициналық қызметтерге арналған тарифтерді жасау мен шығындарды жоспарлау әдістемесіне сәйкес жүзеге асырылады.
      9. Онкологиялық науқастарға көрсетілген медициналық қызметтерге және аудандық маңызы бар және ауылдың денсаулық сақтау субъектілерінің бекітілген халыққа ТМККК шеңберінде медициналық көмек пен амбулаториялық-емханалық көмек көрсеткені үшін ақы төлеу «Денсаулық сақтау ұйымдарына шығындарды бюджет қаражатының есебінен өтеу қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің міндетін атқарушының 2015 жылғы 28 шілдедегі № 627 бұйрығымен бекітілген Денсаулық сақтау ұйымдарына шығындарды бюджет қаражаты есебінен өтеу қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.
      Қосалқы мердігерлік шарттар бойынша ақы төлеуді қоса алғанда, ТМККК шеңберінде көрсетілген консультациялық-диагностикалық қызметтерге ақы төлеу уәкілетті орган бекіткен тарификаторға сәйкес жүзеге асырылады.
      Ескерту. 9-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 25.12.2015 № 1064 қаулысымен.
      10. Уәкілетті орган ТМККК қамтамасыз ету және кеңейту жөніндегі іс-шараларды іске асыру шеңберінде ағымдағы нысаналы трансферттерді тиімді пайдалануды үйлестіруді және мониторингтеуді жүзеге асырады.
      11. Дәрілік заттарды сатып алу Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 30 қазандағы № 1729 қаулысына сәйкес жүзеге асырылады.
      Облыстардың, Астана және Алматы қалаларының денсаулық сақтауды мемлекеттік басқарудың жергілікті органдары жүзеге асыратын жүректің ишемиялық ауруы, артериялық гипертензия, жүрек функциясының созылмалы жетіспеушілігі, аритмия, пневмония, өкпенің созылмалы обструктивтік ауруы, асқазан мен ұлтабардың ойық жарасы ауруларымен ауыратын тұрғындарды, АИТВ инфекциясын жұқтырған адамдарды емдеуге және байланыста болғаннан кейінгі адамдардың профилактикасына арналған ретровирусқа қарсы препараттарды амбулаториялық деңгейде тегін қамтамасыз ету үшін дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдарды сатып алу жағдайларын қоспағанда, осы Қағидалардың 5-тармағының 6) тармақшасында көрсетілген дәрiлiк заттарды сатып алуды Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын бірыңғай дистрибьютор жүзеге асырады.
      Ескерту. 11-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 08.07.2015 № 515 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.
      12. Облыстардың, Астана және Алматы қалаларының әкімдері ТМККК-ны қамтамасыз ету және кеңейту жөніндегі іс-шараларды іске асыру шеңберінде:
      1) осы Қағидаларға 5-тармақта көрсетілген іс-шаралар өткізуді;
      2) «Бекітілген халық тіркелімі» порталында (бұдан әрі – «БХТ» порталы) өңір халқы бойынша, оның ішінде бюджетті қалыптастыру үшін деректердің дұрыстығы мен дәйектілігін және оларды Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушының 2011 жылғы 5 қаңтардағы № 7 бұйрығымен айқындалған тәртіппен өзектендіруді;
      3) «Амбулаториялық-емханалық көмек»; «Ауылдық денсаулық сақтау»; «Стационарлық науқастардың электрондық тіркелімі»; «Жан басына шаққандағы нормативтің қосымша компоненті»; «Онкологиялық науқастардың электрондық тіркелімі» ақпараттық жүйелеріне денсаулық сақтау субъектілері енгізген өңір халқына көрсетілген қызметтер бойынша деректердің дұрыстығы мен дәйектілігін;
      4) МСАК көрсететін денсаулық сақтау субъектілері қызметінің түпкілікті нәтижелеріне қол жеткізгені үшін Денсаулық сақтау ұйымдарына шығындарды өтеу қағидаларына сәйкес ЖНЫК төлеуді;
      5) Денсаулық сақтау ұйымдарына шығындарды өтеу қағидаларына сәйкес қаржы лизингі шарттарында сатып алынған медициналық техниканы пайдалана отырып көрсетілген медициналық қызметтер үшін лизинг төлемдерін төлеуді;
      6) уәкілетті органмен ТМККК-ні қамтамасыз етуге және кеңейтуге ағымдағы нысаналы трансферттер бойынша тікелей және түпкілікті нәтижелердің көрсеткіштерін келісуді;
      7) уәкілетті органмен келісу бойынша айқындалған ТМККК-ні қамтамасыз етуге және кеңейтуге нысаналы ағымдағы трансферттер бойынша тікелей және түпкілікті нәтижелерге қол жеткізуді;
      8) амбулаториялық деңгейде дәрілік заттармен және медициналық мақсаттағы бұйымдарды қамтамасыз етілетін науқастардың электрондық тіркелімдерін қалыптастыруды;
      9) республикалық бюджеттен берілетін ағымдағы нысаналы трансферттердің есебінен сатып алынатын дәрілік заттардың және медициналық мақсаттағы бұйымдардың пайдаланылуына мониторинг жүргізуді;
      10) жүректің ишемиялық ауруы, артериялық гипертензия, жүрек функциясының созылмалы жетіспеушілігі, аритмия, пневмония, өкпенің созылмалы обструктивтік ауруы, асқазанның және ұлтабардың ойық жарасы аурулары бойынша халықтың жекелеген санаттарына дәрілік заттарды және медициналық мақсаттағы бұйымдарды сатып алуға жергілікті бюджеттен республикалық бюджеттен ағымдағы нысаналы трансферттерден бөлінетін қаражатқа тең мөлшерде қаражат бөлуді қамтамасыз етеді.
      Ескерту. 12-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 25.12.2015 № 1064 қаулысымен.

4. Жергілікті деңгейде медициналық денсаулық сақтау ұйымдарын
материалдық-техникалық жарақтандыруға республикалық бюджеттен
берілетін ағымдағы нысаналы трансферттерді пайдалану тәртібі

      Ескерту. 4-тарау алып тасталды - ҚР Үкіметінің 05.06.2015 № 409 (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

5. Нысаналы ағымдағы трансферттер бойынша қаражатты пайдалану, есептілік

      16. Уәкілетті орган облыстық бюджеттерге, Астана және Алматы қалаларының бюджеттеріне төлемдер бойынша тиісті бюджеттік бағдарламаны қаржыландырудың жеке жоспарының негізінде нысаналы ағымдағы трансферттер аударуды жүргізеді.
      17. Ағымдағы нысаналы трансферттерді пайдалану кезінде үнемдеу пайда болған жағдайда облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органдары уәкілетті органмен келісу бойынша үнемдеу сомасын бюджеттік бағдарламалар нәтижелерінің көрсеткіштерін жақсартуға пайдаланады.
      18. Қандай да бір облыс, Астана және Алматы қалалары бөлінген қаражатты толық игермеген жағдайда, уәкілетті орган заңнамада белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасының Үкіметіне нысаналы трансферттердің сомаларын облыстардың және Астана мен Алматы қалаларының арасында қайта бөлу туралы ұсыныс енгізеді.
      19. Уәкілетті орган Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасында белгіленген тәртіппен және мерзімде Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігіне есептілік береді.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады