Халықаралық ғылыми-техникалық орталықтың қызметін жалғастыру туралы келісімнің жобасын дәйектеу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 19 маусымдағы № 463 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Халықаралық ғылыми-техникалық орталықтың қызметін жалғастыру туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.
      2. Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі Аслан Бәкенұлы Сәрінжіповке Халықаралық ғылыми-техникалық орталықтың қызметін жалғастыру туралы келісімнің жобасына қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан дәйектеуге өкілеттік берілсін.
      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                     К.Мәсімов

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің      
2015 жылғы 19 маусымдағы
№ 463 қаулысымен   
мақұлданған     

Жоба

Халықаралық ғылыми-техникалық орталықтың қызметін жалғастыру туралы келісім

      Осы келісімнің Тараптары
      Ядролық, радиологиялық, химиялық және биологиялық қарудың (бұдан әрі – ЖҚЖҚ) таралуынан туындайтын халықаралық қауіпке және ядролық, радиологиялық, химиялық және биологиялық материалдарды қару ретінде қолдану қаупіне алаңдаушылық білдіре отырып;
      ЖҚЖҚ-ға және оларды жеткізу құралдарына байланысты технологиялардың, материалдардың және сарапшылық білімнің таралуын болдырмау қажеттілігін растай отырып;
      барлық Мемлекеттер үшін ядролық, химиялық немесе биологиялық қаруды және оны жеткізу құралдарын әзірлеуге, сатып алуға, өндіруге, тасымалдауға, беруге немесе пайдалануға немесе оларға ие болуға ұмтылатын мемлекеттік емес субъектілерге қолдаудың қандай да бір түрлерін көрсетуден тартынуды ұйғаратын Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің 1540 қарарын назарға ала отырып;
      Мемлекеттердің бірлескен көпжақты күш-жігерлері мұндай таратуды болдырмаудың тиімді құралы болып табылатынын мойындай отырып және тарату саласында қазіргі заманғы қатерлердің негізгі элементтері ретінде ғылыми зерттеулер мен инженерлік әзірлемелердің маңызды рөлін мойындай отырып;
      1992 жылғы 27 қарашада Мәскеуде қол қойылған Халықаралық ғылыми-техникалық орталықты (бұдан әрі – «ХҒТО» немесе «Орталық») құру туралы келісімнің (бұдан әрі – «1992 жылғы Келісім») және 1993 жылғы 27 желтоқсанда Мәскеуде қол қойылған Келісімді уақытша қолдану туралы хаттаманың (бұдан әрі – Келісімді уақытша қолдану туралы хаттама) ережелерін назарға ала отырып;
      ЖҚЖҚ-ға қолданылатын технологияларға, сарапшылық білімге және олармен байланысты материалдар мен тәжірибеге ие мемлекеттерде ғалымдар мен мамандардың бейбіт мақсаттарда жүзеге асыратын ғылыми-зерттеу қызметінде ХҒТО тарапынан қолдау мен жәрдемдесу арқылы ЖҚЖҚ-ның немесе оған байланысты материалдардың таралуына әкелуі мүмкін қызметке қатысу үшін ынталандыруларды барынша азайтудың тұрақты қажеттілігін; сондай-ақ ХҒТО-ның ЖҚЖҚ таралуын болдырмау және Келісімге қатысушы мемлекеттер арасында ғылыми ынтымақтастыққа жәрдемдесу бойынша алдыңғы кезеңдегі атқарған күш-жігерін мойындай отырып;
      Орталықтың табысты қызмет етуі үшін үкіметтер, Еуропалық одақ және Атомдық энергия жөніндегі еуропалық қоғамдастық (бұдан әрі – Еуратом), үкіметтік емес ұйымдар, қорлар, академиялық және ғылыми мекемелер мен басқа да үкіметаралық және жеке ұйымдар тарапынан нық қолдаудың қажеттілігін сезіне отырып;
      ХҒТО мүшелік құрамындағы жуырдағы өзгерістерді ескере отырып, ХҒТО жұмысын жалғастыруға ұмтылыс білдіре отырып;
      халықаралық ғылыми әріптестікті қалыптастыру, әлемдік қауіпсіздікті нығайту және инновациялар арқылы экономикалық өсуге жәрдемдесу мақсатында Орталықтың жұмысына қатысатын ХҒТО, ғалымдар мен мамандарды, оның ішінде ЖҚЖҚ-ға немесе оны жеткізу құралдарына (оның ішінде қосарланған мақсаттағы білімді мен дағдылар) қолданылатын білім мен дағдыларға ие ғалымдар мен мамандарды ХҒТО қызметі арқылы қолдау мен ынталандыру мүмкіндігін қамтамасыз ететін, ХҒТО-ның құрылуы кезінен бастап өзгерген жағдайларға одан әрі бейімделуіне ұмтылыс білдіре отырып; және
      ғылыми ынтымақтастық арқылы ХҒТО мақсаттарын неғұрлым тиімді іске асыру қажеттілігіне орай, 1992 жылғы Келісімге негізделген, өзгерістер енгізілген және сонымен бір мезгілде Келісімді уақытша орындау туралы Хаттаманың қолданысы тоқтатылған осы Келісімге қол қою есебінен ХҒТО қызметін жалғастыру туралы шешім қабылдай отырып,
      төмендегілер туралы уағдаласты:

1-БАП

      (А) Бастапқыда 1922 жылғы Келісіммен үкіметаралық ұйым ретінде құрылған ХҒТО осы Келісімнің талаптарына сәйкес қызметін жалғастырады. Әрбір Тарап өз аумағында Орталықтың қызметіне жәрдемдеседі. Орталық өз мақсаттарын іске асыру үшін Тараптардың заңдары мен нормативтеріне сәйкес шарттар жасасу, жылжымалы және жылжымайтын меншікті сатып алу және жою, сондай-ақ талап қоюмен жауап қайтаратын процестік іс-әрекеттерін қозғау үшін мүмкіндіктері бар.
      (В) Осы Келісім мәтінінде пайдаланылу кезінде мынадай терминдер төмендегідей анықтамаларға ие:
      (i) «Тараптар» осы Келісім күшіне енгеннен кейін, осы Келісімге қол қойған, осы Келісімнің 17 (С) бабына сәйкес хабарламаны берген қатысушыларды, сондай-ақ осы Келісімнің 13 (В) бабына сәйкес осы Келісімге қосылған барлық және кез келген мемлекеттерді;
      (ii) «Орталықтың персоналы» Орталықта қызмет істейтін немесе келісімшарт бойынша жұмыс істейтін не Орталыққа бекітілген немесе Орталық пен бір немесе одан көп Тараптар арасындағы уағдаластық бойынша оған іссапарға жіберілген жеке тұлғаларды білдіреді;
      (iii) «отбасы мүшелері» жұбайларды; 21 жасқа дейінгі тұрмысқа шықпаған/үйленбеген асыраудағы балаларды; 23 жасқа дейінгі орта арнаулы және жоғары оқу орнында күндізгі бөлімде оқитын тұрмысқа шықпаған/үйленбеген асыраудағы балаларды; сондай-ақ дене немесе ақыл-есінің мүмкіндіктері шектеулі тұрмысқа шықпаған/ үйленбеген балаларды білдіреді;
      (iv) «қызмет» осы Келісімнің 2-бабына сәйкес Орталық аясында іске асырылатын жобаларды және басқа да жұмыстарды білдіреді;
      (v) Орталықтың «жобасы» субсидиялар және/немесе жабдық іске жаратылуы мүмкін әлемнің кез келген жерінде алдын ала белгілі бір уақыт ішінде жүргізілетін және осы Келісімнің 6-бабына сәйкес бекітуге жататын бірлескен қызметті білдіреді;
      (vi) Басқарушылар кеңесінің «консенсусы» кворум бар болған жағдайда және осы Келісімде көзделген өзге де жағдайларды қоспағанда, шешім қабылданатын кездесуге қатысатын және оған дауыс беретін Басқарушылар кеңесінің барлық Тараптарының келісімін білдіреді. Кездесулерде Тараптардың кворум және жол берілген қатысу нысандары осы Келісімнің 4-бабына сәйкес ХҒТО Жарғысында айқындалады;
      (vii) «Қабылдаушы мемлекет» осы Келісімнің 9 (А) бабына сәйкес Қабылдаушы мемлекет ретінде айқындалған Тарапты білдіреді;
      (viii) «технологиялар, материалдар және қосарланған мақсаттағы сарапшылық білім» коммерциялық қолданылуы да және әзірлеу, өндіру, қолдану немесе ЖҚЖҚ-ны немесе оларды жеткізу құралдарын жетілдірумен байланысты қолданылуы сияқты, тарату саласында қолданылуы да бар технологиялар, материалдар және сарапшылық білімдерді білдіреді;
      (ix) «білім және қосарланған мақсаттағы дағдылар» ЖҚЖҚ-ны немесе оларды жеткізу құралдарын әзірлеу, өндіру, қолдану немесе жетілдіруге байланысты технологиялар, материалдар және қосарланған мақсаттағы білімді пайдалануға қолданылатын білім мен дағдыларды білдіреді; және
      (x) «байланысты материалдар» тиісті көпжақты шарттар мен келісімдермен қамтылған немесе ЖҚЖҚ-ны немесе олардың жеткізу құралдарын жобалау, әзірлеу, өндіру немесе қолдану үшін пайдаланылатын ұлттық бақылау тізімдеріне енгізілген материалдар, жабдық және технологияларды білдіреді.

2-БАП

      (А) Орталық Тараптардың аумағында орналасқан институттар мен объектілерде жүзеге асырылатын, бейбіт мақсаттарда пайдалануға арналған қызмет түрлерін әзірлейді, бекітеді, қаржыландырады және бақылайды. Жобалар осы Келісімнің Тараптары болып табылмайтын, ЖҚЖҚ-ға қолданылатын технологияларға, сарапшылық білім және байланысты материалдарға ие мемлекеттерде бұл мемлекеттер Басқарушылар кеңесіне осындай жобаларды жүзеге асыру өтінішімен жүгінген және Басқарушылар кеңесі осындай жобаларды жүзеге асыруды бірауыздан мақұлдаған жағдайда жүзеге асырылуы мүмкін. Жоғарыда айтылғандарға қарамастан, мүше болып табылмайтын мемлекеттердің азаматтарына осы Келісімнің Тараптары болып табылатын мемлекеттердегі ХҒТО жүргізетін түрлі қызметтерге қатысуға рұқсат берілуі мүмкін.

      (B) Орталықтың алдына мынадай:
      (i) ЖҚЖҚ-ны және оларды жеткізу жүйелерін, сондай-ақ ЖҚЖҚ-ны немесе оларды жеткізу жүйесін әзірлеумен, өндірумен, қолданумен немесе жетілдірумен (оның ішінде технологиялар, материалдар және қосарланған мақсаттағы сарапшылық білім) тікелей байланысты басты элементтер болып табылатын технологияларды, материалдарды және сарапшылық білімді таратуды болдырмаудың халықаралық тетіктерін жетілдіруге жәрдемдесу;
      (ii) ЖҚЖҚ-ға және оны жеткізу құралдарына қолданылатын білім мен дағдыларға, оның ішінде қосарланған мақсаттағы білім мен дағдыларға ие ғалымдар мен инженерлерге оқыту және олардың білімі мен дағдылары бейбіт қызметте пайдаланылуы мүмкін орындарға баламалы жұмысқа орналастыру мүмкіндіктерін ұсыну;
      (iii) ЖҚЖҚ-ны немесе оны жеткізу құралдарын жобалау, әзірлеу, өндіру немесе пайдалану үшін қолданылуы мүмкін материалдарды, жабдық пен технологияларды пайдалану саласында қауіпсіздік мәдениетін және олармен жұмыс істеу саласындағы қауіпсіздік мәдениетін құруға жәрдемдесу; және
      (iv) өз қызметі шеңберінде халықаралық ғылыми әріптестікті қалыптастыруға, әлемдік қауіпсіздікті нығайтуға және инновациялар арқылы экономикалық өсуге; халықаралық технологиялық мәселелерді шешуге; қоршаған орта, энергетика, денсаулық сақтау және ядролық, химиялық және биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласында іргелі және қолданбалы ғылыми-зерттеулерді және техникалық әзірлемелерді жүзеге асыруға және коммерциялық іске асыруға; сондай-ақ ЖҚЖҚ-ға қолданылатын технологияларға, материалдарға және тәжірибеге ие ғалымдарды халықаралық ғылыми қоғамдастыққа одан әрі тартуды көтермелеуге жәрдемдесу міндеттері қойылған.

3-БАП

      Орталық өз мақсаттарына жету үшін:
      (і) осы Келiсiмнiң 2-бабына сәйкес жүргізілетін қызметті қорлар немесе басқа да қаражаттарды пайдалану арқылы дамыту және қолдау;
      (іі) Орталық қызметін бақылау және осы Келісімнің 8-бабына сәйкес қаржылық тексеруді жүргізу;
      (ііі) үкіметтермен, Еуропалық одақпен және Еуратоммен, үкіметаралық ұйымдармен, үкіметтік емес ұйымдармен, жеке ұйымдармен, қорлармен, академиялық және ғылыми мекемелермен және олармен байланысты бағдарламалармен тиісті ынтымақтастық нысандарын белгiлеу, сондай-ақ олардан қаржы қаражатын және қайырмалдық алу;
      (iv) егер Басқарушылар кеңесі Тарап болып табылмайтын мемлекет аумағында бөлімдер/ақпараттық бюролар құруды бірауыздан мақұлдаса, қажет болуына қарай Тараптар болып табылатын мүдделі мемлекеттерде немесе Тарап болып табылмайтын мемлекет аумағында осындай бөлімдер немесе ақпараттық бюролар құру; және
      (v) Басқарушылар кеңесінің консенсус арқылы қол жеткізетін ықтимал жалпы келісімі бойынша осы Келісімнің аясына кіретін басқа қызметпен айналысу өкілеттіктеріне ие.

4-БАП

      (А) Орталықтың Жарғысына сәйкес Орталықта құрамы атқарушы директор (аға атқарушы басқарушы болып табылатын), атқарушы директордың орынбасары және Орталық персоналының басқа мүшелерінен тұратын Басқарушылар кеңесімен хатшылық құрылады.
      (В) Басқарушылар кеңесі:
      (і) Орталықтың саясатын және рәсімнің өз қағидаларын анықтауға;
      (іі) хатшылықтың жалпы басшылығын және басқаруды қамтамасыз етуге;
      (ііі) Орталықтың жедел бюджетін бекітуге;
      (iv) Орталықтың бюджетін дайындау рәсімдерін бекіту, шоттарды және оларды тексеруді қоса алғанда, Орталықтың қаржылық және басқа да жұмыстарын басқаруға;
      (v) қызметті бекітуге қатысты жалпы өлшемшарттар мен басымдықтарды әзірлеуге;
      (vі) осы Келісімнің 6-бабына сәйкес жобаларды бекітуге;
      (vіі) Жарғыны және қажеттілігіне орай осы Келісімді жүзеге асыру бойынша басқа ережелерді қабылдауға; және
      (vііі) Осы Келісіммен жүктелген немесе осы Келісімді жүзеге асыру үшін қажетті басқа да міндеттерді жүзеге асыруға жауапты.
      (С) Басқарушылар кеңесінде шешімдер консенсус арқылы қабылданады.
      (D) Тараптардың әрқайсысы Басқарушылар кеңесінде бір дауысқа ие болады және Басқарушылар кеңесінде кемінде екі өкілді тағайындайды.
      (E) Тараптар Кеңеске сарапшылық ғылыми және басқа қажетті кәсіби ұсыныстарды табыстау үшін Тараптар тағайындайтын өкілдерден тұратын ғылыми-консультациялық комитет құруы мүмкін;
      (F) Осы Келісімді орындау үшін Басқарушылар кеңесі Жарғы қабылдайды. Жарғыда:
      (і) атқарушы директордың, атқарушы директор орынбасарларының және басқа да негізгі лауазымдарды атқаратын тұлғалардың функциялары мен міндеттерін қоса алғанда, хатшылық құрылымы;
      (іі) қызметке қатысты іріктеу, әзірлеу, бекіту, қаржыландыру, жүзеге асыру және бақылау процестері;
      (ііі) Орталықтың бюджетін дайындау, шоттарды жүргізу және оларды тексеру үшін рәсімдер;
      (iv) Орталықтың жобаларынан туындайтын зияткерлік меншік құқықтарына қатысты және жобаларды жүзеге асыру нәтижелерін таратуға қатысты тиісті басым қағидалар;
      (v) үкіметтердің, Еуропалық одақтың және Еуратомның, үкіметаралық және үкіметтік емес ұйымдардың Орталықтың қызметіне қатысуын реттейтін рәсімдер;
      (vі) кадрлық саясат; және
      (vіі) осы Келісімді жүзеге асыру үшін басқа да қажетті шаралар айқындалады.

5-БАП

      Басқарушылар кеңесі үкіметаралық және үкіметтік емес ұйымдарды не Тараптар болып табылмайтын мемлекеттерді дауыс беру құқығынсыз байқаушы ретінде Басқарушылар кеңесінің жұмысына қатысуға шақыруы мүмкін.

6-БАП

      Басқарушылар кеңесі бекіту үшін ұсынылатын әрбір жобалық ұсыныс мемлекеттердің немесе жұмысты жүзеге асыратын мемлекеттердің жазбаша келісімімен қоса жолданады. Жобаларды бекіту үшін сол мемлекет немесе мемлекеттердің алдын ала келісімінен басқа Басқарушылар кеңесінде Тараптардың консенсусы қажет.

7-БАП

      (A) Басқарушылар кеңесі бекіткен жобаларды Орталық немесе Тараптар, үкіметтік емес ұйымдар, қорлар, академиялық және ғылыми мекемелер, сондай-ақ үкіметаралық ұйымдар және жеке сектордағы ұйымдар қаржыландыруы немесе қолдауы мүмкін. Бекітілген жобаларды мұндай қаржыландыру немесе қолдау кез келген нақты көрсетілген шарттар осы Келісімнің ережелеріне сәйкес келетін жағдайда, оларды беретін Тараптар айқындайтын жағдайларда қамтамасыз етіледі.
      (В) Тараптардың Басқарушылар кеңесіндегі өкілдері және орталық хатшылығының персоналы жоба бойынша субсидияларға құқығы жоқ және жоба бойынша кез келген субсидиялардан қандай да бір тікелей пайда ала алмайды.

8-БАП

      (А) Орталық жұмыс орындалатын мемлекеттер шеңберінде:

      (i) Орталыққа хабарлағаннан кейін немесе жоба бойынша келісімде көзделгендей осыған қосымша Орталықтың қызмет орнында материалдарды, құралдарды пайдалануды және тиісті жеткізуді, көрсетілетін қызметтерді тексеруді жүзеге асыруға;
      (ii) кез келген есептік материалдарды немесе жоба бойынша Орталықтың қызметіне, оның жобаларына байланысты басқа құжаттарды, осындай есептік материалдар немесе құжаттар қайда болмаса да құралдардың пайдалануымен Орталықтың қаржыландыру кезеңінде және одан кейінгі кезеңдерде, жоба бойынша келісімде анықталатындай, өз талабы бойынша тексерісті немесе ревизияны өткізеді;
      Осы Келісімнің 6-бабында талап етілетін жазбаша келісім жоба жүзеге асырылатын мемлекеттің немесе мемлекеттердің, сондай-ақ алушы мекеменің осы тармақтың талаптарына сәйкес Орталыққа жоба бойынша ревизияны және бақылауды жүзеге асыру үшін қажетті рұқсатты беруге келісімді қамтиды.
      (В) әрбір Тарап толық немесе жартылай қаржыландыратын не оның аумағында іске асырылатын жобаларға байланысты Орталық арқылы келісілген осы баптың А тармағында көрсетілген құқықтарға ие;
      (С) егер жобаны жүзеге асыру шарттары сақталмайтыны белгіленсе, онда Орталық немесе қаржыландыратын үкімет немесе ұйым Басқарушылар кеңесін себептері туралы хабардар ете отырып, осы жобаның жүзеге асырылуын тоқтатуы және жоба бойынша келісімнің шарттарына сәйкес тиісті шараларды қабылдауы мүмкін.

9-БАП

      (А) Орталықтың штаб-пәтері Қазақстан Республикасында орналасады және Қазақстан Республикасы Басқарушылар кеңесіне (i) Қабылдаушы мемлекет рөлін бұдан әрі орындамайтын ниеті туралы жазбаша хабарлама бергенге дейін; (ii) осындай мемлекеттің аумағында ХҒТО қызметін санкциялау мақсатында осы Келісімнің 13 (А) бабында аталған немесе осы Келісімнің 13 (В) бабына сәйкес осы Келісімге қосылған екінші Тарап Қабылдаушы мемлекеттің мирасқоры ретінде тағайындалуына болатыны туралы өтінішімен жазбаша хабарламаны Басқарушылар кеңесіне бергенге дейін; (iii) Басқарушылар кеңесі Қабылдаушы мемлекеттің мирасқоры ретінде тағайындалуына болатыны туралы осындай Тараптың сұрау салуын қанағаттандыруды консенсус арқылы шешкенге дейін; және (iv) Қабылдаушы мемлекеттің мирасқоры ретінде тағайындалуына болатыны туралы өтініш білдіруші Тарап өзін Қабылдаушы мемлекет ретінде тағайындайтындығын растап, Басқарушылар кеңесіне жазбаша хабарлама бергенге дейін Қазақстан Республикасы Қабылдаушы мемлекет рөлін атқарады.
      (В) Материалдық қолдау көрсету тәртібімен Қабылдаушы мемлекет Үкіметінің Орталығына өз есебінен Орталыққа лайықты қызметтік үй-жайды, сондай-ақ қызмет көрсетуді, коммуналдық қызмет көрсетуді және осы үй-жайды күзетуді ұсынады. Қабылдаушы мемлекеттің Үкіметі мен ХҒТО Қабылдаушы мемлекеті Орталыққа материалдық қолдау жасау мен үй-жайды (үй-жайларды) берудің ережелері мен шарттарын айқындайтын келісім жасасуы мүмкін.
      (C) Қабылдаушы мемлекетте Орталық заңды тұлға мәртебесіне ие және осы тұрғыда шарттар жасасуға, жылжымайтын және жылжымалы меншікті сатып алуға және оған билік етуге, сондай-ақ сотта талапкер және жауапкер болуға құқығы бар.

10-БАП

      Қабылдаушы мемлекетте:
      (i)
      (а) ХҒТО алған қаражат және осы қаражаттан алынатын кез келген банктік пайыздар Қабылдаушы мемлекетте салық салуға жатпайды;
      (b) Орталық және оның кез келген бөлімшелері Қабылдаушы мемлекеттің салық заңнамасына сәйкес салық салуға жататын өз мүлкіне салық төлеушілер болып табылмайды;
      (с) Орталықтың қызметіне берілетін немесе пайдаланылатын мүлікті, материалдарды және басқа да меншікті Қабылдаушы мемлекетке әкелуге, одан әкетуге немесе оның аумағында қандай да бір тарифтерсіз, салықтарсыз, кедендік баждарсыз, импортқа салынатын салықтарсыз, қосымша құнға салынатын салықсыз (ҚҚС) және басқа да осыған ұқсас салықтарсыз немесе алымдарсыз пайдалануға болады. Мүлік, материалдар және басқа да жылжымайтын немесе жылжымалы меншік ХҒТО тарапынан заңды тұлғаларға (басқалардан өзге, Қабылдаушы мемлекеттің ғылыми ұйымдарына) берілуі немесе өзгедей жолмен табыс етілуі мүмкін және осыған ұқсас тауарлар қандай да бір тарифтерсіз, салықтарсыз, кедендік баждарсыз, импортқа салынатын салықтарсыз, қосымша құнға салынатын салықсыз (ҚҚС), мүлікке салықтарсыз және осыған ұқсас салықтарсыз немесе алымдарсыз табыс етілген немесе берілген ХҒТО-ға және адамдарға тиесілі болуы немесе ХҒТО және аталған тұлғалар пайдалануы мүмкін.
      (d) Қабылдаушы мемлекеттің азаматтары болып табылмайтын Орталықтың персоналы Қабылдаушы мемлекетте жеке тұлғалардан алынатын табыс салығын төлеуден босатылады;
      (e) Орталықтың жобаларына байланысты заңды тұлғалар алатын қаржы қаражаты Қабылдаушы мемлекеттің ғылыми ұйымдарын қоса алғанда, Қабылдаушы мемлекетте салық салуға жатпайды;
      (f) Орталықтың жобалары шеңберінде жеке тұлғалар, атап айтқанда, ғалымдар және мамандар алатын қаржы қаражаты олардың жеке тұлғаларға салынатын салықтардың жиынтық табысына қосылмайды.
      (ii)
      (а) Орталықтың, Тараптардың, үкіметтердің, үкіметаралық және үкіметтік емес ұйымдардың Орталықтың қызметін жүзеге асыруға қажетті Қабылдаушы мемлекеттің валютасынан өзге ақшалай қаражатты шектеусіз Қабылдаушы мемлекетке немесе одан аударуға құқығы бар. Әрбір адамның өзінің Қабылдаушы мемлекетке аударған жалпы сомасы шегінде ғана осындай аударымдарды жасауға құқығы бар.
      (b) Орталықты және өз қызметін қаржыландыруы үшін Орталық Қабылдаушы мемлекеттің ішкі нарығында өз атынан, сондай-ақ осы баптың ii тармағының (а) тармақшасында аталған құрылымдардың тапсырмасы бойынша шетелдік валютаны сатуға құқығы бар.
      (iii) Орталықтың қандай да бір қызметіне қатысатын және Қабылдаушы мемлекеттің азаматтары болып табылмайтын Қабылдаушы мемлекет ұйымдарының қызметкерлері Қабылдаушы мемлекетке әкелінетін, одан әкетілетін немесе оның аумағында осындай қызметкерлердің немесе олардың отбасы мүшелері жеке пайдаланатын жеке мүлкіне немесе үйге қажетті заттарына қатысты қандай да бір кедендік баждар мен алымдар төлеуден босатылады.

11-БАП

      (А) ХҒТО иммунитеттен біржақты бас тартатын нақты жағдайларды қоспағанда, Қабылдаушы мемлекетте юрисдикциясы мен орындалуына қатысты ХҒТО, оның активтері мен мүлкі иммунитетке ие.
      (В) Орталыққа осы Келісімде көрсетілген мақсаттарда ғана артықшылықтар мен иммунитеттер беріледі.
      (С) Осы баптың ережелері қандай да бір мемлекет қолданатын халықаралық келісімдерге немесе ұлттық заңнамаға сәйкес өтемақылар немесе өтемдер алуға кедергі келтірмейді.
      (D) Осы баптың (А) тармағында ешнәрсе де Қабылдаушы мемлекеттің азаматтарына немесе Қабылдаушы мемлекеттің аумағында тұрақты тұратын адамдарға сот талқылауларынан немесе талап қоюлардан босату ретінде түсіндірілмейді.

12-БАП

      (А) Қабылдаушы мемлекет Қабылдаушы мемлекеттегі Орталық персоналына және олардың отбасы мүшелеріне мынадай:
      (i) қылмыстық, азаматтық және әкімшілік юрисдикцияны қоса алғанда, олардың өздерінің ресми өкілеттіктері шеңберінде айтқан немесе жазған сөздеріне немесе қабылданған кез келген әрекеттеріне қатысты қамауға алынудан, ұсталудан және сот талқылауынан иммунитет;
      (ii) табысқа салынатын кез келген салықтардан, әлеуметтік сақтандыру немесе басқа да салықтардан, әдетте тауарлардың бағасына қосылатын немесе көрсетілген қызметтер үшін төленетінді қоспағанда, баждардан немесе басқа да алымдардан босатуды;
      (iii) әлеуметтік сақтандыруға қатысты ережелерді сақтаудан иммунитет;
      (iv) көшіп келуге шектеулерден және шетелдіктерді тіркеуден иммунитет;
      (v) лауазымға алғашқы кірісу кезінде – Қабылдаушы мемлекеттің кез келген тарифтерінен, салықтарынан, кедендік баждарынан, импортқа салынатын салықтарынан, экспортқа салынатын салықтарынан және басқа да осыған ұқсас салықтарынан және алымдарынан бос, өздерінің жиһаздары мен жеке мүлкінің әкелу құқығы сияқты артықшылықтар мен иммунитеттер беріледі.
      Осы баптың (i) тармақшасының ережелері: (a) Орталықтың персонал мүшелерімен жасалған шарттан туындайтын Орталықтың агенті ретінде міндеттемелерді өзіне тікелей немесе жанама қабылдамаған; не (b) Қабылдаушы мемлекетте жол көлік құралынан болған қайғылы оқиғадан келтірілген зиян үшін үшінші тараптың азаматтық талап қоюына қатысты қолданылмайды.
      (B) Басқарушылар кеңесінің құрамына кіретін Тараптар өкілдеріне, Қабылдаушы мемлекет үкіметінің атқарушы директорына және директорының орынбасарларына осы баптың А және В тармақтарында тізбеленген артықшылықтар мен иммунитеттерге қосымша, әдетте, Қабылдаушы Тарап қатысушы мемлекеттердің өкілдеріне және халықаралық ұйымдардың әкімшілік басшыларына халықаралық құқыққа сәйкес артықшылықтар, иммунитеттер, алып қою мен жеңілдіктер береді.
      (C) Осы Келісімде ешнәрсе де Қабылдаушы мемлекеттің үкіметінен өз азаматтарына немесе өз аумағында тұрақты тұратын адамдар үшін осы баптың A және B тармақтарында көзделген артықшылықтар мен иммунитеттердi беруін талап етпейді.
      (D) Осы Келісімде ешнәрсе де осы баптың A және В тармақтарында аталған адамдарға басқа да келісімдерге сәйкес берілетін артықшылықтар, иммунитеттер мен басқа да жеңілдіктерге қысым жасау ретінде талқыланбайды.

13-БАП

      (A) Армения Республикасы, Беларусь Республикасы, Грузия, Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республикасы және Тәжікстан Республикасы осы Келісімнің 89 (C) және 10-12 баптарында Қабылдаушы мемлекет үшін көзделген міндеттемелерді сақтауға міндетті болады.
      (B) Осы Келісім күшіне енгеннен кейін Келісімге қосылуды қалайтын кез келген мемлекет Атқарушы директор арқылы бұл туралы Басқарушылар кеңесін хабардар етеді. Басқарушылар кеңесі Атқарушы директор арқылы осындай мемлекетке осы Келісімнің куәландырылған көшірмесін ұсынады. Басқарушылар кеңесі мақұлдағаннан кейін мұндай мемлекеттің осы Келісімге қосылуға құқығы болады. Мұндай мемлекет үшін осы Келісім оның қосылғандығы туралы құжатты Депозитарийге сақтауға берген күннен кейін 30 (отызыншы) күні күшіне енеді. Осы Келісімге қосылу негізінде осы Келісімнің 89 (С) және 10-12-баптарында Қабылдаушы мемлекет үшін көзделген міндеттемелер осы Келісімге қосылатын ЖҚЖҚ қолданылатын технологияларға, сарапшылық білім мен байланысты материалдарға және тәжірибеге ие барлық мемлекеттер, өздерінің аумақтарында ХҒТО қызметін жүзеге асыруға рұқсат ету үшін (олардың қосылғаны туралы құжатта көрсетілетін) қолданылады.

14-БАП

      (А) Осы Келісім күшіне енгенінен кейін екі жылдан соң Тараптардың қайта қаралуына жатады. Осындай қарау кезінде Тараптардың қаржылық міндеттемелері мен төлемдері ескеріледі.
      (В) Осы баптың С тармағына сәйкес осы Келісімге қатысудан бас тартқан немесе осы Келісімге қатысудан бас тартатындығы туралы өз ниетін хабардар еткен Тарапты қоспағанда, осы Келісімге Тараптардың жазбаша келісімі бойынша өзгерістер енгізілуі мүмкін. Егер қатысудан бас тартатыны туралы хабарлама берген Тарап қатысудан өзінің бас тартуын Келісім күшіне енгенге дейін жойса, онда оған осы Келісімге енгізілген осы Тараптың қатысудан бас тартатыны туралы хабарлама берілген күнінен кейін күшіне енген кез келген өзгерістерге сәйкес міндеттемелер қолданылады.
      (С) Тараптардың кез келгені Депозитарийге жазбаша хабарлама берген кезден бастап алты айдан соң осы Келісімнен шыға алады.

15-БАП

      (А) Осы Келісімнің қолданылуы немесе талқылануына қатысты кез келген мәселелер немесе даулар Тараптар арасында консультациялар алуға жатады.
      (В) Егер мәселені консультациялар арқылы шешу мүмкін болмаса, барлық мүдделі Тараптар, оны дауларды реттеудің келісу рәсімі, делдалдық немесе төрелік сияқты басқа да нысанға беру туралы бірлескен шешім қабылдай алады.

16-БАП

      Осы Келісімде ешнәрсе де бастапқыда 1992 жылғы Келісімде көзделген үкіметаралық ұйым ретінде ХҒТО қызметін бұдан әрі жүзеге асыру үшін кедергі жасауға бағытталмаған, ХҒТО-ның қазіргі өңірлік бөлімшелерінің қызметін қамтиды және осы Келісімде арнайы айтылған жағдайларды қоспағанда, келісімшарттардың, гранттардың немесе өзге де заң құжаттарының немесе ХҒТО келісімдерінің жарамдылығына әсер етпейді.

17-БАП

      (A) Осы Келісім бір Тарап ретінде Еуропалық одақ пен Еуратомның, Армения Республикасының, Беларусь Республикасының, Грузияның, Қазақстан Республикасының, Қырғыз Республикасының, Норвегия Корольдігінің, Корея Республикасының, Америка Құрама Штаттарының, Тәжікстан Республикасының және Жапонияның қол қоюы үшін ашық.
      (B) Осы Келісім ратификациялауға, қабылдауға немесе мақұлдауға жатады. Ратификация, қабылдау немесе мақұлдау туралы құжаттар Депозитарийге сақтауға тапсырылады.
      (С) Төменде тізбеленген шарттардың ішінен соңғы орындалатын:
      (i) Депозитарийдің осы баптың (A) тармағында көрсетілген елдерден және Тараптың бірі ретінде әрекет ететін Еуропалық одақ пен Еуратомнан ратификациялау, қабылдау немесе мақұлдау туралы соңғы құжатты алған күн (Келісімді уақытша орындау туралы хаттаманың III бабына сәйкес Келісімді уақытша орындау туралы хаттамаға өзінің қатысудан шығатыны туралы жазбаша хабарламаны ұсынған кез келген жеке мемлекет немесе бір Тарапы ретінде әрекет ететін Еуропалық одақ және Атомдық энергия жөніндегі еуропалық қоғамдастықты қоспағанда);
      (ii) Ресей Федерациясының Келісімді уақытша орындау туралы хаттамаға қатысудан шығуы туралы шешім күшіне енген күн;
      (iii) кез келген мемлекеттің немесе мемлекеттердің және бір Тарапы ретінде әрекет ететін Еуропалық одақ пен Атомдық энергия жөніндегі еуропалық қоғамдастықтың Келісімді уақытша орындау туралы хаттаманың III бабына сәйкес Келісімді уақытша орындау туралы хаттамаға қатысудан шығуы туралы жазбаша хабарлама бергеннен кейін, Келісімді уақытша орындау туралы хаттамаға қатысудан шығуы туралы қабылдаған шешімі күшіне енген күн осы Келісімнің күшіне енген күні болып табылады.
      (С) Осы Келісім күшіне енгеннен кейін Келісімді уақытша орындау туралы хаттаманың қолданысы күшін жояды. Осы кезде Тараптар 1992 жылғы Келісімді уақытша орындауды тоқтатады.

18-БАП

      Орталықтың Хатшылығы осы Келісімнің Депозитарий болып табылады. Депозитарийге жолданатын барлық хабарламалар Атқарушы директор арқылы жіберіледі. Депозитарий, мемлекеттер мен халықаралық ұйымдар арасындағы немесе халықаралық ұйымдар арасындағы шарттар құқығы туралы Вена конвенциясының 78-бабының 1-тармағында тізбеленген Депозитарийдің функцияларын, әсіресе, оның (b), (e), (f) және (g) тармақшаларында көрсетілген функцияларды орындайды.

      Осыны куәландыру үшін тиiстi түрде уәкiлеттiк берiлген төменде қол қоюшылар осы Келiсiмге қол қойды.
      [КҮНІ] [ОРНЫ] ағылшын, армян, грузин, қазақ, кәріс, қырғыз, неміс, норвег, орыс, тәжік, француз және жапон тілдерінде жасалды әрі барлық тілдердегі мәтіндердің күші бірдей. Екі немесе одан да көп мәтіндер арасында айырмашылықтар болған жағдайда, ағылшын тіліндегі мәтін басымдыққа ие болады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады