"Қазақстан Республикасы мен Монако Князьдігі арасындағы қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы шартты ратификациялау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 7 шілдедегі № 511 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      «Қазақстан Республикасы мен Монако Князьдігі арасындағы қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы шартты ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілсін.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                      К. Мәсімов

Жоба

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ЗАҢЫ Қазақстан Республикасы мен Монако Князьдігі арасындағы
қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы шартты
ратификациялау туралы

      2015 жылғы 5 наурызда Монте-Карлода жасалған Қазақстан Республикасы мен Монако Князьдігі арасындағы қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы шарт ратификациялансын.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті

Қазақстан Республикасы мен Монако Князьдігі арасындағы
қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы
ШАРТ

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасы және Монако Князьдігі атынан Әділет департаменті
      егемендікті құрметтеу, теңдік пен өзара тиімділік негізінде, қылмыстылыққа қарсы күрес саласында Тараптардың арасындағы өзара тиімді іс-қимылға ықпал етуге ниет білдіре отырып,
      осы мақсаттарға қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек көрсету тәртібін белгілейтін халықаралық екіжақты шарт жасасу арқылы қол жеткізуге болатынын назарға ала отырып,
      төмендегілер туралы уағдаласты:

1-бап
Қолданылу аясы

      1. Осы Шарттың ережелеріне сәйкес Тараптар сұрау салулар арқылы қылмыстық істер бойынша бір-біріне өзара құқықтық көмек көрсетуге міндеттенеді.
      2. Мұндай құқықтық көмек:
      a) адамның тұрған жерін анықтауды және жеке басын айқындауды;
      b) қылмыстық талқылауға қатысы бар құжаттар мен материалдарды табыс етуді;
      c) Сұрау салушы Тараптың құзыретті органының алдына өз еркімен келу үшін куәларды, жәбірленушілерді және сарапшыларды шақыруды;
      d) дәлелдемелік маңызы бар құжаттарды, материалдарды және заттарды алуды және беруді;
      e) адамдардан жауап алулар жүргізуді және олардың өтініштерін алуды;
      f) күзетпен ұсталатын адамдарды олардың айғақтарын алу немесе басқа да процестік әрекеттерге қатысуы үшін уақытша беруді;
      g) сот сараптамаларын жүргізуді, құжаттарды немесе заттарды қарап-тексеруді;
      h) тінтулерді жүзеге асыруды, дәлелдемелерді алып қоюды және  активтерге тыйым салуды;
      і) ұлттық заңнама бойынша ақпаратпен алмасуды;
      j) осы баптың 3-тармағында көзделгеннен басқа, Сұрау салынатын  Тараптың ұлттық заңнамасына қайшы келмейтін кез келген басқа да құқықтық көмек алуды қамтиды.
      3. Осы Шарт:
      a) адамдарды қамаққа алу шешімдерін және адамдардың бас бостандығын шектейтін басқа да шараларды орындауға;
      b) адамдарды ұстап беруге;
      c) үкімдерді орындауға;
      d) жазасын өтеу мақсатында сотталған адамдарды беруге; және
      e) қылмыстық талқылауды беруге қатысты қолданылмайды.

2-бап
Қосарлы юрисдикция

      1. Құқықтық көмек сұратылатын іс-әрекет Сұрау салынатын Тарап үшін қылмыс болып табылмайтын жағдайда ұсынылуы мүмкін.
      2. Егер көмек туралы сұрау салуды орындау Сұрау салынатын Тараптың заңнамасына сәйкес тінту, алып қою немесе қамаққа алу сияқты мәжбүрлеу шараларын жүзеге асыруды талап ететін болса, онда көмек сұратылған іс-әрекет екі Тараптың ұлттық заңнамаларына сәйкес қылмысты құрайтын жағдайда ғана көмек көрсетіледі.

3-бап
Құқықтық көмек көрсетуден бас тарту немесе оны кейінге қалдыру

      1. Сұрау салынатын Тарап, егер:
      a) сұрау салуды орындау оның ұлттық заңнамасына немесе осы Шарттың ережелеріне қайшы келсе;
      b) сұрау салу келіп түскен қылмыс Сұрау салушы Тарапта Сұрау салынатын Тараптың ұлттық заңнамасында тыйым салынған жаза түрімен жазаланса;
      c) сұрау салу адамның діни сенімі, жынысы, сексуалдық бағдары, нәсілі, ұлты немесе саяси көзқарасы себептері бойынша қылмыстық қудалау, жазалау немесе оған қарсы басқа да әрекет түрлеріне жәрдемдесу мақсатында жолданған немесе осы адамның жағдайына осы себептердің кез келгені бойынша нұқсан келтірілуі мүмкін деп ұйғаруға елеулі негіздер болса;
      d) көмек көрсету туралы сұрау салу адам Сұрау салынатын Тарапта сотталған, ақталған немесе рақымшылық жасалған немесе егер қылмыс Сұрау салынатын Тараптың юрисдикциясы шеңберінде жасалып, ескіру мерзімдерінің өту себебі бойынша адам қудаланбайтын қылмысы үшін адамды қылмыстық қудалауға қатысты болса;
      e) сұрау салуды орындау Сұрау салынатын Тараптың егемендігіне, қауіпсіздігіне, қоғамдық тәртібіне немесе өзге де елеулі мүдделеріне қауіп төндіретін болса не оның ұлттық заңнамасының іргелі қағидаттарына қайшылықтардың туындауына себеп болса;
      f) көмек көрсету туралы сұрау салу жалпы қолданылатын әдеттегі қылмыстық заңнамаға сәйкес қылмыс болып табылмайтын әскери қылмысқа жататын болса;
      g) көмек көрсету туралы сұрау салу саяси сипаттағы құқық  бұзушылық ретінде қаралып жатқан қылмысты жасағаны үшін адамды айыптаумен байланысты болса;
      h) көмек көрсету туралы сұрау салу Сұрау салынатын Тараптың ұлттық заңнамасында көзделмеген тікелей салыққа қатысты салықтық қылмысқа жататын болса;
      і) көмек көрсету туралы сұрау салу, егер осы іс-әрекеттер Сұрау салынатын Тараппен оның аумағы юрисдикциясында жасалып, қылмыс ретінде қаралмайтын іс-әрекеттер үшін адамды айыптаумен байланысты болса;
      j) көмек көрсету туралы сұрау салу Сұрау салушы Тараптан тыс жерде жасалған және Сұрау салынатын Тараптың заңнамасы оның аумағынан тыс жерде осындай мән-жайларда жасалған қылмыс үшін қылмыстық жауапкершілікті көздемейтін қылмыс үшін адамды айыптаумен байланысты болса;
      k) сұратылған көмекті орындау Сұрау салынатын Тараптың аумағындағы тергеуді немесе сот талқылауын қиындататын болса, қандай да бір адамның қауіпсіздігіне нұқсан келтіретін болса немесе осы Тарап үшін арнайы алымдарды талап етсе, сұратылатын құқықтық көмекті көрсетуден толық не ішінара бас тарта алады.
      2. Сұрау салынатын Тарап, егер сұрау салуды орындау оның аумағында жүргізіліп жатқан қылмыстық талқылауға кедергі болатын болса, оны кейінге қалдыра алады.
      3. Сұрау салынатын Тарап сұрау салуды орындаудан бас тартудан немесе оны орындауды кейінге қалдырудан бұрын құқықтық көмекті белгілі бір шарттарда көрсету мүмкіндігі туралы мәселені қарауға құқылы. Бұл мақсатта Тараптардың осы Шарттың 4-бабына сәйкес айқындалған орталық органдары өзара консультациялар жүргізеді және Сұрау салушы Тарап келіскен жағдайда құқықтық көмек оған белгілі бір шарттарда келісілген тәртіппен көрсетіледі.
      4. Сұрау салынатын Тарап құқықтық көмек көрсетуден бас тартқанда немесе оны кейінге қалдырғанда, ол Сұрау салушы Тарапты мұндай бас тарту немесе кейінге қалдыру себептері туралы жазбаша түрде дереу хабардар етеді.

4-бап
Орталық органдар

      1. Осы Шарттың мақсаттарында Тараптар оны іске асыруға жауапты орталық органдарды айқындайды:
      Қазақстан Республикасы үшін Бас прокуратура орталық орган болып табылады;
      Монако Князьдігі үшін Әділет департаменті орталық орган болып табылады.
      2. Орталық органға қатысты кез келген өзгерістер туралы Тараптар бұл туралы бір-бірін дипломатиялық арналар арқылы хабардар етеді.
      3. Осы Шартты іске асыру кезінде орталық органдар тікелей өзара іс-қимыл жасайды.

5-бап
Сұрау салулардың нысаны мен мазмұны

      1. Сұрау салу жазбаша нысанда жасалып, оған лауазымды адам қол қояды және Сұрау салушы Тараптың құзыретті органының мөрімен куәландырылады.
      2. Сұрау салуда мыналар:
      a) тергеп-тексеру жүргізетін құзыретті органның атауы;
      b) қылмыстың жасалған уақыты мен орнын және болған жағдайда  келтірілген зиянды көрсете отырып, қылмыс фактілерінің сипаттамасы;
      c) қылмыстық жауаптылықтың ескіру мерзімдері туралы ережелерді және құқықтық көмек сұратылатын қылмыс үшін жауаптылық көзделетін қылмыстық заңнамадан үзінді көшірмені қоса алғанда, ұлттық заңнаманың қолданылатын ережелеріне нұсқама;
      d) сұрау салынатын іс-шаралардың сипаттамасы;
      e) негізделген шұғыл жағдайларда, сұрау салудың орындалуы күтілетін мерзімнің көрсетілуі;
      f) осы Шарттың 9-бабына сәйкес Сұрау салушы Тараптың аумағына келу үшін шақырылған адамның алуға құқығы бар төлемдер мен шығыстардың өтемақылары туралы ақпарат;
      g) осы Шарттың 11-бабының 5-тармағында көзделген бейнеконференция арқылы айғақтарды алу үшін қажетті ақпарат қамтылуға тиіс.
      3. Сұрау салуда қажеттілігіне қарай мыналар да:
      a) өздеріне қатысты тергеп-тексеру жүргізіліп жатқан адамдар туралы ақпарат;
      b) танылуы тиіс немесе оның тұрған жері табылуы тиіс адам туралы ақпарат;
      c) табыс ету жүргізілуге тиіс адамның жеке басы және тұрғылықты жері туралы ақпарат, сондай-ақ ол жүргізілуге тиіс тәсіл;
      d) айғақтар беруге немесе мәлімдеме жасауға тиіс адамның жеке басы және тұрғылықты жері туралы ақпарат;
      e) қарап тексерілуге тиіс орынның немесе заттың орналасқан жері мен сипаттамасы;
      f) тінту жүргізілуі қажет орынның орналасқан жері мен сипаттамасы және алып қойылуы немесе тыйым салынуы қажет заттардың көрсетілуі;
      g) сұрау салуды орындау үшін талап етілетін кез келген арнайы рәсімді және ол үшін тиісті негіздемелердің көрсетілуі;
      h) сақталуы талап етілетін құпиялылық дәрежесі және тиісті негіздеме;
      і) осы Шарттың 6-бабының 3-тармағына сәйкес сұрау салуды орындау үшін қатысуы қажет болатын адамдардың көрсетілуі;
      j) сұрау салуды орындауға ықпал ете алатын кез келген басқа да ақпарат қамтылады.
      4. Егер Сұрау салынатын Тарап сұрау салуда қамтылған ақпарат оны орындау үшін жеткіліксіз деп ұйғарса, ол қосымша ақпарат сұрата алады.
      5. Осы бапқа сәйкес жіберілетін сұрау салу мен растаушы құжаттар Сұрау салушы Тараптың тілінде жасалады және ағылшын тіліндегі аудармасы қоса беріледі.
      6. Осы Шарттың 4-бабында айқындалған орталық органдар арқылы жіберілген сұрау салу телексті, факсты және электрондық хабарламаны қоса алғанда, ақпарат берудің кез келген жедел тәсілі арқылы алдын ала жіберілуі мүмкін.

6-бап
Сұрау салуды орындау

      1. Сұрау салынатын Тарап сұрау салуды өзінің ұлттық заңнамасына сәйкес дереу орындауды жүзеге асырады. Осы мақсатта Сұрау салынатын Тараптың құзыретті органы шақырылатын адамдардың келуі үшін шақыру қағаздарын, тінтуге, алып қоюға, қамаққа алуға не сұрау салуды орындауға қажетті басқа да кез келген іс-шараға арналған шешімдер береді.
      2. Сұрау салынатын Тарап сұрау салуды, егер бұл Сұрау салынатын Тараптың ұлттық заңнамасына қайшы келмесе, Сұрау салушы Тарап белгілейтін тәртіпке сәйкес орындайды.
      3. Сұрау салынатын Тарап, егер бұл Тараптардың ұлттық заңнамаларына қайшы келмесе, сұрау салуда көрсетілген лауазымды адамдарға оны орындау кезінде қатысуға рұқсат бере алады. Осы мақсатта Сұрау салынатын Тарап Сұрау салушы Тарапқа сұрау салуды орындаудың күні мен орны туралы дереу хабарлайды.
      4. Сұрау салынатын Тарап сұрау салудың түпнұсқасын алған соң оның орындалу нәтижелері туралы Сұрау салушы Тарапқа хабарлайды.
      5. Сұрау салуды орындау ретінде жіберілетін құжаттар Сұрау салынатын Тараптың тілінде жасалады және ағылшын тіліндегі аудармасы қоса беріледі, сондай-ақ Сұрау салынатын Тараптың сұрау салуды орындаған құзыретті органының мөрімен куәландырылады. Сұрау салуды орындау барысында жинақталған құжаттардың көлемі көп болған жағдайда, Тараптардың орталық органдары ағылшын тіліне аударылуға жататын құжаттардың тізбесін айқындау үшін консультациялар жүргізеді.

7-бап
Адамдарды іздестіру

      Өзінің ұлттық заңнамасының ережелеріне сәйкес Сұрау салынатын Тарап сұрау салуда көрсетілген және өз аумағында болуы мүмкін адамдарды табу үшін барлық мүмкіндіктерді қолданады және нәтижелері туралы Сұрау салушы Тарапқа ақпарат береді.

8-бап
Сұрау салынатын Тарапта айғақтарды алу

      1. Сұрау салынатын Тарап өзінің ұлттық заңнамасына сәйкес куәлардан, жәбірленушілерден, сарапшылардан, Сұрау салынатын Тарапта тергеудегі, күзетпен ұсталатын немесе сотталған адамдардан немесе басқа да адамдардан айғақтар алуды жүзеге асырады, сондай-ақ сұрау салуда көрсетілген материалдарды, құжаттарды және басқа да кез келген айғақтарды алады және оларды Сұрау салушы Тарапқа береді.
      2. Осы Шарттың 6-бабының 3-тармағында көзделген мақсаттар үшін  Сұрау салынатын Тарап осы баптың 1-тармағында көрсетілген адамдардан айғақтарды алу жөніндегі іс-шараларды өткізу күні, орны және уақыты туралы Сұрау салушы Тарапты дереу хабардар етеді. Қажет болған жағдайда Тараптардың орталық органдары екі Тарапқа да қолайлы күнді белгілеу үшін өзара консультациялар жүргізеді.
      3. Айғақтар беру үшін шақырылған адам кез келген Тараптың ұлттық заңнамасы осыған жол берген жағдайда оларды беруден бас тартуға құқылы. Осы мақсатта Сұрау салушы Тарап бұл туралы сұрау салуда ескертеді.
      4. Сұрау салушы Тараптың ұлттық заңнамасында көзделген және  Сұрау салынатын Тараптың ұлттық заңнамасына қайшы келмейтін кез келген ретте Сұрау салынатын Тарап өтініштер беру және айғақтар беру үшін шақырылған адам адвокатының қатысуына рұқсат береді.

9-бап
Шақыру және құжаттарды табыс ету

      1. Сұрау салынатын Тарап өзінің ұлттық заңнамасына сәйкес Сұрау салушы Тараптың құзыретті органына шақыру туралы хабарламаны және Сұрау салушы Тарап жіберген өзге де құжаттарды табыс етеді.
      2. Сұрау салынатын Тарап құжаттар табыс етілгеннен кейін Сұрау салушы Тарапқа құжаттардың жеткізілген күнін, уақытын, орны мен тәсілін, сондай-ақ құжаттар жеткізілген адам туралы мәліметтерді көрсете отырып, табыс етуді жүзеге асырған лауазымды адам қол қойған немесе органның мөрі басылған табыс ету туралы растауды жібереді. Егер табыс ету жүргізілмесе, Сұрау салынатын Тарап бұл туралы Сұрау салушы Тарапты дереу хабардар етеді және табыс етпеу себептері туралы хабарлайды.
      3. Сұрау салушы Тарап Сұрау салынатын Тарапқа Сұрау салушы Тараптың құзыретті органына келуге шақыру туралы хабарламаны табыс ету туралы сұрау салуды Сұрау салынатын Тарап неғұрлым қысқа мерзімді келіскен шұғыл жағдайлардан басқа, келу үшін белгіленген күнге дейін күнтүзбелік алпыс күннен кешіктірмей береді.
      4. Келмей қалған жағдайда Сұрау салушы Тараптың құзыретті органына шақыру туралы хабарламаларда және табыс етілген құжаттарда мәжбүрлеу шараларын қолданудың ешқандай қаупі болмауға тиіс.

10-бап
Кепілдіктер және арнайы қағида

      1. Осы Шарттың 9-бабына сәйкес адам Сұрау салушы Тараптың аумағында болған жағдайда Сұрау салушы Тарапта қалып отырған кезеңдегі уақытта оны:
      a) Сұрау салушы Тараптың аумағына келгенге дейін жасаған іс-әрекеті үшін, өз азаматтығына қарамастан, оның аумағында қылмыстық немесе әкімшілік жауаптылыққа тартуға, күзетпен ұстауға және жазаға тартуға болмайды;
      b) осы адам оған өзінің келісімін берген жағдайлардан басқа, куә айғақтарын беруге немесе басқа да мәлімдемелер жасауға не сұрау салуда көрсетілгеннен бөлек, өзге талқылауға қатысы бар кез келген іс-шараға қатысуға мәжбүрленбеуге тиіс.
      2. Осы баптың 1-тармағы, егер онда көрсетілген адам:
      a) оның бұдан әрі болуы қажет емес екендігі туралы оған ресми түрде хабардар етілген кезден бастап он бес тәулік ішінде Сұрау салушы Тараптың аумағынан кетпесе, өз қолданысын тоқтатады. Бұл мерзім жоғарыда аталған адам өзіне байланысты емес себептер бойынша Сұрау салушы Тараптың аумағынан кетпеген кезеңді қамтымайды;
      b) Сұрау салушы Тараптың аумағынан кетіп, өз еркімен қайтып оралса, өз қолданысын тоқтатады.
      3. Осы Шарттың 8 немесе 9-баптарында көзделген тәртіппен жауап алу жүргізілетін жәбірленуші, куә немесе сарапшы құзыретті органға келген кезінде берген айғақтарының, сараптама қорытындыларының мазмұны үшін олар жасаған құқық бұзушылыққа қатысты әрбір Тараптың юрисдикциясын сақтай отырып, Тараптардың ұлттық заңнамасына сәйкес жауапты болып табылады.

11-бап
Іс-шараларды бейнеконференция арқылы өткізу

      1. Егер Сұрау салынатын Тараптың аумағында болған адамнан Сұрау салушы Тараптың құзыретті органдары куә, жәбірленуші, күдікті, айыпталушы немесе сарапшы ретінде жауап алуға тиіс болса, соңғысы, егер оның аумағына адамның өз еркімен келуі мүмкін болмаса, осы баптың ережелеріне сәйкес жауап алуды бейнеконференция арқылы жүргізу туралы өтініш білдіре алады.
      2. Бейнеконференция арқылы жауап алу, егер адам осындай жауап алуға келісімін берсе және егер бұл Тараптардың әрқайсысының ұлттық заңнамасына қайшы келмесе, тергеудегі адамға қатысты немесе оны қылмыстық қудалау үшін де сұратылуы мүмкін. Мұндай жағдайда келген адамның адвокатына жоғарыда аталған адамның Сұрау салынатын Тараптағы тұрған жерінде немесе адвокатқа өзі мүддесін қорғайтын адаммен қашықтықтан құпия нысанда сөйлесуге мүмкіндік бере отырып, Сұрау салушы Тараптың құзыретті органда болуға рұқсат берілуге тиіс.
      3. Егер жауап алуға жататын адам Сұрау салынатын Тараптың аумағында күзетпен ұсталса, бейнеконференция арқылы жауап алу әрдайым жүзеге асырылуға тиіс.
      4. Сұрау салынатын Тарап процестік әрекеттерді бейнеконференция  арқылы жүргізуге оны жүзеге асыру үшін өзінде техникалық құралдар бар  болған жағдайда рұқсат береді.
      5. Процестік әрекеттерді бейнеконференция арқылы жүргізу туралы сұрау салуларда осы Шарттың 5-бабында көзделгеннен басқа, күзетпен ұсталмайтын және оның қатысуымен процестік әрекеттер жүргізілуге тиіс адамның Сұрау салушы Тараптың аумағына жеке өзінің келуге мүмкіндігі болмауының себептері көрсетіледі.
      6. Сұрау салынатын Тараптың құзыретті органы адамды келу үшін Сұрау салынатын Тараптың ұлттық заңнамасына сәйкес шақырады.
      7. Процестік әрекеттерді бейнеконференция арқылы жүргізуге қатысты мынадай ережелер қолданылады:
      a) екі Тараптың құзыретті органдары айғақтарды алу барысына қатысады және егер қажет болса, аудармаға жәрдем көрсетеді. Сұрау салынатын Тараптың құзыретті органы келген адамның жеке басын анықтауды жүргізеді және бұл іс-шара Сұрау салынатын Тараптың ұлттық заңнамасына сәйкес жүргізіліп жатқанына көз жеткізеді. Егер Сұрау салынатын Тараптың құзыретті органы айғақтарды алу барысында Сұрау салынатын Тараптың ұлттық заңнамасының негіз қалаушы қағидаттары сақталмады деп есептесе, ол іс-шараны көрсетілген қағидаттарға сәйкес жүргізу үшін қажетті кез келген шараны дереу қабылдайды;
      b) екі Тараптың құзыретті органдары, егер бұл қажет болса, шақырылған адамды қорғау жөніндегі шараларды бірлесіп келіседі;
      c) жауап алу үшін шақырылған адам, егер Тараптардың кез келгенінің ұлттық заңнамасы осыған жол берсе, айғақтарды беруден бас тартуға құқылы.
      8. Сұрау салынатын Тараптың құзыретті органы процестік әрекет аяқталғаннан кейін ресми акт жасайды, онда оның жүргізілген күні мен орны, келген адамның жеке басы туралы мәліметтер, іс-шараға қатысқан өзге де адамдардың жеке басы және олардың кімдер ретінде келгені туралы мәліметтер, сондай-ақ айғақтарды алу немесе басқа да процестік әрекеттер жүзеге асырылған кездегі техникалық жағдайлар көрсетіледі. Жоғарыда көрсетілген актінің түпнұсқасы Сұрау салушы Тараптың құзыретті органына дереу жіберіледі.
      9. Сұрау салынатын Тарап толық не ішінара өтеуді талап етпейтін жағдайлардан басқа, Сұрау салынатын Тараптың бейнеконференцияны өткізу нәтижесінде көтерген шығыстарын Сұрау салушы Тарап өтейді.
      10. Сұрау салынатын Тарап бейнеконференция технологияларын осындай пайдалануды адамдар мен заттарды тану немесе беттестіру жүргізу мақсаттары үшін пайдалануды қоса алғанда, осы баптың 1 және 2-тармақтарында көрсетілгеннен өзгеше мақсаттар үшін де пайдалануға рұқсат етуге құқылы.

12-бап
Күзетпен ұсталатын адамдарды уақытша беру

      1. Егер осы Шарттың 11-бабының 4-тармағында көзделген негіздер бойынша бейнеконференцияны өткізу мүмкін болмаса, Сұрау салынатын Тарап күзетпен ұсталатын адамды сұрау салу бойынша Сұрау салушы Тарапқа жауап алу, айғақтар беру, өтініштер беру немесе басқа да процестік әрекеттерге қатысу үшін оның құзыретті органына келу мүмкіндігін беру үшін жоғарыда аталған адам осыған келісім берген және Тараптар арасында беру және оның шарттары туралы жазбаша келісімге бұрын қол жеткізілген жағдайда уақытша беруге құқылы.
      2. Адамды уақытша беру, егер:
      a) бұл Сұрау салынатын Тарапта аталған адамға қатысты жүргізіліп жатқан тергеп-тексеруге немесе қылмыстық қудалауға кедергі келтірмеген;
      b) берілетін адам Сұрау салушы Тарапта күзетпен ұсталатын болған;
      c) мұндай беру адамды қамауда ұстау мерзімін ұзартуға ықпал етпейтін болған жағдайда жүзеге асырылуы мүмкін.
      3. Сұрау салушы Тараптың аумағында күзетпен ұсталған уақыт Сұрау салынатын Тарапта шығарылған үкімді орындау мерзіміне есептеледі.
      4. Күзетпен ұсталатын адамды уақытша беруді жүзеге асыру үшін үшінші мемлекеттің аумағы арқылы транзиттеу қажет болған жағдайларда Сұрау салушы Тарап үшінші мемлекеттің құзыретті органына транзит туралы сұрау салуды жолдайды және тиісті құжаттаманы жібере отырып, жоғарыда аталған сұрау салуды қарау қорытындысы туралы Сұрау салынатын Тарапқа күні бұрын хабарлайды.
      5. Сұрау салушы Тарап берілген адамды осы баптың 1-тармағында көрсетілген іс-шаралар аяқталғаннан кейін не Тараптар келіскен кез келген басқа мерзім аяқталғаннан кейін Сұрау салынатын Тарапқа дереу қайтарады.
      6. Осы бапқа сәйкес уақытша берілетін адамға осы Шарттың 10-бабында көрсетілген кепілдіктер олардың қолданылуына қарай ұсынылады.
      7. Сұрау салынатын Тарап елеулі және айтарлықтай негіздер болған жағдайда уақытша беруден бас тарта алады, бұл туралы ол Сұрау салушы Тарапқа ақпарат беруге міндетті.

13-бап
Жәбірленушілерді, куәларды және қылмыстық талқылауға қатысатын
басқа да адамдарды қорғау

      Бұл қажет болған кезде немесе объективті тергеп-тексеруді және сот төрелігін дұрыс іске асыруды қамтамасыз ету мақсатында екі Тарап жәбірленушілерді, куәларды және қылмыстық процеске қатысатын басқа да адамдарды қылмыстарға және құқықтық көмек көрсету бойынша сұрау салынатын іс-шараларға қатысты қорғау үшін өздерінің ұлттық заңнамасында көзделген шараларды қабылдайды.

14-бап
Ресми немесе жалпыға қолжетімді құжаттарды ұсыну

      1. Сұрау салынатын Тарап сұрау салу бойынша Сұрау салушы Тарапқа мемлекеттік мекемелерден немесе қоғамдық ұйымдардан жұртшылыққа қолжетімді материалдардың немесе құжаттардың көшірмелерін ұсынады.
      2. Сұрау салынатын Тарап мемлекеттік мекемелерден немесе қоғамдық ұйымдардан жұртшылыққа қолжетімді емес материалдардың немесе  құжаттардың көшірмелерін Сұрау салынатын Тараптың сот немесе құқық қорғау органдарына осы көшірмелер қолжетімді болатындай шамада және шарттарда ұсынуға құқылы. Мұндай көшірмелерді Сұрау салынатын Тараптың құзыретті органы куәландыруға тиіс.

15-бап
Құжаттарды, материалдарды немесе заттарды ұсыну

      1. Сұрау салу осы Шарттың 14-бабында көрсетілмеген құжаттарды немесе материалдарды беруге қатысты болған кезде Сұрау салынатын Тарап олардың көшірмелерін бере алады. Сонымен бірге, Сұрау салушы Тарап түпнұсқаларды беру туралы өтініш білдірген әрбір жағдайда Сұрау салынатын Тарап сұрау салуды мүмкіндігіне қарай орындайды.
      2. Сұрау салушы Тарапқа берілген құжаттардың және материалдардың түпнұсқалары, сондай-ақ заттар әрбір жағдайда алғашқы мүмкіндіктің туындауына қарай Сұрау салынатын Тарапқа қайтарылады.

16-бап
Тінтулер, алып қоюлар және тыйым салулар

      1. Сұрау салынатын Тарап сұрау салу бойынша өзінің аумағында қылмыс жасаудан түскен табыстардың немесе қылмысқа қатысы бар заттардың болуын анықтау үшін белгілеу немесе тексеру жүргізеді және нәтижелері туралы Сұрау салушы Тарапқа хабарлайды. Сұрау салушы Тарап сұрау салуында Сұрау салынатын Тарапқа қылмыс жасаудан түскен кез келген табыстардың немесе қылмысқа қатысы бар заттардың соңғысының аумағында болуы мүмкін екендігі туралы негіздерді көрсетеді.
      2. Қылмыс жасаудан түскен табыстар немесе қылмыспен байланысты заттар табылған кезде Сұрау салынатын Тарап сұрау салу бойынша қылмыс жасаудан түскен табыстарды не қылмыспен байланысты заттарды алып қою немесе оларға тыйым салу мақсатында өзінің ұлттық заңнамасында көзделген кез келген шараларды қолданады.
      3. Сұрау салу бойынша Сұрау салынатын Тарап қылмыспен байланысты заттарды Тараптар келіскен шарттарға сәйкес береді.
      4. Осы бап қолданылған кезде Сұрау салынатын Тараптың немесе үшінші тараптардың қылмыспен байланысты заттарға қатысты кез келген құқықтары сақталады.

17-бап
Банкті анықтау және қаржылық ақпарат

      1. Сұрау салу бойынша Сұрау салынатын Тарап қылмыс жасады деп күдік келтірілген немесе айып тағылған адамның өз аумағында орналасқан кез келген банкте банк шотының немесе шоттарының ұстаушысы болып табылатынын/табылмайтынын дереу анықтайды және Сұрау салушы Тарапты осындай шоттарды пайдалануға уәкілетті адамдар, осы шоттардың орналасқан жері және олармен байланысты кез келген транзакциялар туралы мәліметтерді қоса алғанда, тиісті ақпаратпен қамтамасыз етеді.
      2. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген іс-шаралар кредиттік мекемелерге, электронды ақша мекемелеріне, төлем мекемелеріне және қаржылық қызметпен шұғылданатын кәсіпорындарға да қатысты болуы мүмкін.
      3. Осы бапта көрсетілген құқықтық көмек көрсетуден кәсіптік  құпия негізінде бас тартуға болмайды.

18-бап
Ынтымақтастықтың басқа құралдарымен немесе құқықтық көмек
көрсету жөніндегі басқа нысандармен үйлесімділік

      1. Осы Шарттың ережелері Тараптардың әрқайсысының өзі қатысушысы болып табылатын басқа халықаралық шарттардан өзі үшін туындайтын құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.
      2. Осы Шарт уағдаластықтар негізінде, егер олар Тараптардың ұлттық заңнамаларына сәйкес келсе, Тараптардың бір-бірімен қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек көрсету мәселелері жөніндегі ынтымақтастықтың өзге де нысандарын жүзеге асыруына кедергі болмайды.

19-бап
Қылмыстық талқылаулар туралы ақпаратпен алмасу

      Сұрау салынатын Тарап сұрау салу бойынша және қылмыстық талқылаудың мақсаттары үшін Сұрау салушы Тарапқа Сұрау салушы Тараптың азаматтарына қатысты қылмыстық талқылаулар, бұрынғы сотталғандықтар және шығарылған үкімдер туралы ақпаратты береді.

20-бап
Ұлттық заңнама туралы ақпарат алмасу

      Тараптар сұрау салу бойынша қолданыстағы немесе бұрын қолданыста болған ұлттық заңнама және олардың сот практикасы жөніндегі ақпаратпен алмасады.

21-бап
Қылмыстық жауаптылыққа тарту туралы сот шешімдерін және
анықтамаларды беру

      1. Қылмыстық іс бойынша сот шешімін берген кезінде Сұрау салынатын Тарап, егер Сұрау салушы Тарап бұл туралы сұратса, тиісті сот талқылауы туралы ақпаратты да ұсынады.
      2. Қылмыстық талқылау мақсаттары үшін Сұрау салушы Тараптың құзыретті органына қажетті сотталғандықтар туралы анықтамалар, егер оларды дәл осындай мән-жайлар кезінде Сұрау салынатын Тараптың құзыретті органдарына беру мүмкін болса, беріледі.

22-бап
Заңдастырудан босату және құжаттар мен материалдардың заңдық күші

      Осы Шартқа сәйкес ұсынылған құжаттар мен материалдар, егер:
      - олар шыққан Тараптың судьясымен, құзыретті органының қызметкерімен немесе лауазымды тұлғасымен қол қойылса немесе расталса;
      - оларда олар шыққан Тараптың ресми елтаңбалы мөрі болса немесе  осы Тараптың министрімен, министрлігімен немесе үкіметтік шенді тұлғасымен расталса, қандай да бір заңдастыруды, төлнұсқалылығын растауды немесе куәландыруды талап етпейді және Сұрау салушы Тарапта дәлелдемелер ретінде толық жарамды болады.

23-бап
Құпиялылық

      1. Сұрау салу бойынша Сұрау салынатын Тарап сұрау салудың келіп түсу фактісіне, оның мазмұнына, оған қоса берілген құжаттарға және оны орындау кезінде алынған кез келген құжаттар мен материалдарға қатысты құпиялылықты сақтайды. Егер сұрау салуды құпиялылықты бұзбай орындау мүмкін болмаса, Сұрау салынатын Тарап бұл туралы сұрау салуды орындау мүмкіндігі туралы шешім қабылдайтын Сұрау салушы Тарапты хабардар етеді.
      2. Сұрау салынатын Тараптың тиісті сұрау салуы бойынша Сұрау салушы Тарап қылмыстық істерді тергеп-тексеру және сот талқылауы кезіндегі дәлелдемелер мен ақпаратты пайдалану жағдайларын қоспағанда, құқықтық көмек туралы сұрау салуды орындау кезінде алынған дәлелдемелер мен ақпаратқа қатысты құпиялылықты сақтайды.

24-бап
Шығыстар

      1. Тараптар осы Шартты іске асыруға байланысты шығыстарды өздерінің ұлттық заңнамаларына сәйкес жүзеге асырады.
      2. Сұрау салынатын Тарап сұрау салуды орындауға байланысты шығыстарды көтереді. Бұл ретте Сұрау салушы Тарап мынадай шығыстарды:
      a) осы Шарттың 6-бабының 3-тармағында көрсетілген адамдардың Сұрау салынатын Тарапқа жол жүруіне және онда болуына арналған шығыстарды;
      b) осы Шарттың 9-бабында көрсетілген адамдардың Сұрау салушы Тарапқа жол жүруіне және онда болуына арналған шығыстарды;
      c) осы Шарттың 11-бабының 9-тармағында көзделген ережелерді сақтай отырып, бейнеконференция өткізу бойынша шығыстарды;
      d) осы Шарттың 12-бабына сәйкес сұрау салуды орындаудан туындайтын шығыстарды;
      e) осы Шарттың 13-бабында көрсетілген мақсаттар үшін жұмсалған шығыстарды;
      f) сарапшылардың шығыстары мен гонорарларын;
      g) жазбаша және ауызша аудармалар үшін шығыстар мен гонорарларды және көшірме жасау бойынша шығындарды;
      h) алып қойылған заттарды сақтау және табыс ету бойынша шығындарды көтереді.
      3. Сұрау салуды орындау күтпеген сипаттағы шығыстарға әкеп соққан жағдайда, Тараптар сұрау салу орындалуға тиіс талаптар мен тиісті шығыстарды бөлу критерийлерін келісу мақсатында консультациялар жүргізеді.

25-бап
Дауларды реттеу

      Осы Шартты түсіндіру немесе қолдану барысында туындайтын кез келген дау Тараптар арасында консультациялар мен келіссөздер жүргізу арқылы шешіледі.

26-бап
Өзгерістер мен толықтырулар енгізу

      Осы Шартқа Тараптардың өзара келісімі бойынша оның ажырамас бөліктері болып табылатын және жекелеген хаттамалармен ресімделетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін, олар осы Шарттың 27-бабының 1-тармағында белгіленген тәртіппен күшіне енеді.

27-бап
Күшіне енуі және қолданылуын тоқтатуы

      1. Осы Шарт оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы дипломатиялық арналар арқылы соңғы жазбаша хабарлама алынған күннен бастап күшіне енеді.
      2. Осы Шарт Тараптардың бірінің осы Шарттың қолданылуын тоқтату ниеті туралы екінші Тараптың жазбаша хабарламасын дипломатиялық арналар арқылы алған күнінен бастап 6 (алты) ай өткен соң өз қолданысын тоқтатады. Осы Шарттың қолданысы тоқтатылған жағдайда, оның қолданылу кезеңінде басталған құқықтық көмек көрсету жөніндегі іс-шаралар олар толық орындалғанға дейін күшінде қалады.
      3. Осы Шарт ол күшіне енгеннен кейін жолданған, оның ішінде тиісті қылмыстар ол күшіне енгенге дейін жасалған болса, кез келген сұрау салуға қолданылады.

      Монте-Карло қаласында 2015 жылғы 5 наурызда әрқайсысы қазақ, француз және ағылшын тілдерінде екі данада жасалды әрі барлық мәтіндердің күші бірдей. Осы Шарттың ережелерін түсіндіру кезінде келіспеушіліктер туындаған жағдайда Тараптар ағылшын тіліндегі мәтінге жүгінеді.

      Қазақстан Республикасы үшін      Монако Князьдігі үшін

      РҚАО-ның ескертпесі!
      Бұдан әрі Шарттың ағылшын және француз тілдеріндегі мәтіні берілген.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады