Инвестициялық омбудсмен қызметі туралы ережені бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 26 желтоқсандағы № 1069 қаулысы.

      2016 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.

      2015 жылғы 29 қазандағы Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің 317-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Инвестициялық омбудсмен қызметі туралы ереже бекітілсін.

      2. "Инвестициялық омбудсмен қызметі туралы ережені бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 30 қазандағы № 1153 қаулысының (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2014 ж., № 66, 614-құжат) күші жойылды деп танылсын.

      3. Осы қаулы 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.

Қазақстан Республикасының


Премьер-Министрі

К.Мәсімов


  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2015 жылғы 26 желтоқсандағы
№ 1069 қаулысымен
бекітілген

Инвестициялық омбудсмен қызметі туралы
ЕРЕЖЕ
1. Жалпы ережелер

      1. Осы Инвестициялық омбудсмен қызметі туралы ереже (бұдан әрі – Ереже) 2015 жылғы 29 қазандағы Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің 317-бабына сәйкес әзірленді.

      2. Инвестициялық омбудсмен – Қазақстан Республикасының Үкіметі тағайындайтын (айқындайтын), инвесторлардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға жәрдемдесу жөніндегі функциялар жүктелетін лауазымды адам.

      3. Инвестициялық омбудсмен өз қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясын, Қазақстан Республикасының заңдарын, Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметінің актілерін, Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерін, сондай-ақ осы Ережені басшылыққа алады.

2. Инвестициялық омбудсменнің негізгі функциялары

      4. Инвестициялық омбудсменнің негізгі функциялары:

      1) Қазақстан Республикасында инвестициялық қызметті жүзеге асыру барысында туындайтын мәселелер бойынша инвесторлардың өтініштерін қарау және оларды шешу, оның ішінде мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасай отырып шешу үшін ұсынымдар шығару;

      2) туындайтын мәселелерді соттан тыс және сотқа дейінгі тәртіппен шешуде инвесторларға жәрдемдесу;

      3) Қазақстан Республикасының инвестициялық қызмет мәселелері бойынша заңнамасын жетілдіру жөнінде ұсынымдар әзірлеу және Қазақстан Республикасының Үкіметіне енгізу болып табылады.

3. Инвестициялық омбудсменнің құқықтары мен міндеттері

      5. Инвестициялық омбудсменнің:

      1) коммерциялық құпияны құрайтын ақпаратты қоспағанда, мемлекеттік органдардан және меншік нысанына қарамастан, ұйымдардан өтініштерді қарау үшін қажетті ақпаратты сұратуға және алуға;

      2) мемлекеттік органдардың және ұйымдардың басшылары мен басқа да лауазымды адамдарының кідіріссіз қабылдауына;

      3) инвесторлардың өтініштері бойынша мүдделі мемлекеттік органдардың және ұйымдардың басшыларын немесе олардың орынбасарларын тыңдауға;

      4) инвестициялық омбудсменге жүктелген функцияларды жүзеге асыруға қажетті өзге де құқықтары бар.

      6. Инвестициялық омбудсмен өз қызметін жүзеге асыру кезінде:

      1) инвесторлардың құқықтары мен заңды мүдделерін сақтауды және қорғауды қамтамасыз ету жөнінде шаралар қолдануға;

      2) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен және мерзімдерде лауазымды адамдардың әрекеттеріне (әрекетсіздігіне), мемлекеттік органдардың, өзге де ұйымдардың және олардың лауазымды адамдарының шешімдеріне қатысты инвесторлардың өтініштерін қарауға, сондай-ақ олар бойынша қажетті шаралар қолдануға;

      3) өтініштерді қарау кезінде объективті және бейтарап болуға;

      4) өзін қорғау үшін жүгінген инвестордың құқықтарын жүзеге асыруға кедергі келтіретін қандай да бір әрекеттерді жасамауға міндетті.

4. Инвесторлардың инвестициялық омбудсменге өтініш білдіруі

      7. Инвестордың – жеке тұлғаның өтінішінде оның тегі, аты, сондай-ақ қалауы бойынша әкесінің аты, пошталық мекенжайы, заңды тұлғаның өтінішінде оның атауы, заңды мекенжайы, өтініштің шығыс нөмірі мен күні көрсетіледі.

      Өтінішке заңды мүдделері мен құқықтары бұзылған инвестор немесе оның заңды өкілі қол қоюы не электрондық цифрлық қолтаңбамен куәландырылуы тиіс.

      8. Инвестор құқықтары мен заңды мүдделерінің бұзылуы туралы шағыммен жүгінген жағдайда, іс-әрекеті (әрекетсіздігі) инвесторлардың құқықтары мен заңды мүдделерін бұзатын субъектінің атауы немесе лауазымды тұлғалардың лауазымы, тегі және аты-жөні, өтініш жасау уәждері мен талаптары көрсетіледі.

      Өтінішке инвестордың талаптарын растайтын құжаттар мен өзге де материалдар қоса беріледі.

5. Инвестициялық омбудсменнің инвесторлардың өтініштерін қарауы

      9. Инвесторларға туындайтын мәселелерді шешуге жәрдемдесу мақсатында инвестициялық омбудсмен:

      1) инвесторға оның құқықтары мен заңды мүдделеріне, оның ішінде Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген оларды қорғаудың нысандары мен тәсілдеріне қатысты мәселелерді түсіндіреді;

      2) инвесторлардың мәселелерін реттеу үшін мемлекеттік органдармен және ұйымдармен мәжілістер, консультациялар, хаттамалық кездесулер өткізеді, инвесторлардың өтініштерін қарау мәселелері бойынша мүдделі мемлекеттік органдар мен ұйымдардың басшыларын немесе олардың орынбасарларын тыңдайды;

      3) инвесторлардың өтініштеріне және мемлекеттік органдар мен ұйымдарды тыңдау нәтижелеріне талдау жүргізеді;

      4) заңнамаға талдау жүргізеді және инвесторлардың құқықтарын бұзатын немесе кәсіпкерлік қызметті жүргізуді қиындататын нормаларды айқындайды және қорытындысы бойынша инвесторлардың бұзылған құқықтары мен заңды мүдделерін қалпына келтіру үшін ұсынымдарды әзірлейді;

      5) әрекеті (әрекетсіздігі) салдарынан инвестордың құқығы мен заңды мүдделері бұзылған тиісті мемлекеттік органға және/немесе лауазымды адамға инвесторлардың бұзылған құқықтары мен заңды мүдделерін қалпына келтіруге бағытталған ұсынымдарды жібереді.

      Ұсынымдарды алған мемлекеттік орган және/немесе лауазымды адам инвестициялық омбудсменге оларды заңнамада белгіленген тәртіппен қарау нәтижелері туралы жазбаша жауап береді.

      Инвестициялық омбудсменнің ұсынымдары инвестициялық омбудсменде өткен мәжілістер хаттамалары немесе хаттар түрінде ресімделеді.

      Инвестициялық омбудсменнің ұсынымдарымен келіспеген жағдайда лауазымды адам өз шешімін мәнісі бойынша жазбаша түрде уәждейді.

      10. Инвестициялық омбудсмен инвестордың өтінішін түскен күнінен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде қарайды.

      11. Инвестициялық омбудсмен инвесторға мемлекеттік орган немесе ұйым қабылдаған шешімнің заңдылығын тексеру тұрғысынан прокуратура органдарына жүгінуді ұсына алады.

      12. Егер инвесторлардың мәселелерін қолданыстағы заңнамаға сәйкес шешуге болмайтын болса, инвестициялық омбудсмен Қазақстан Республикасының заңнамасын жетілдіру бойынша ұсынымдарды әзірлейді және Қазақстан Республикасының Үкіметіне енгізеді.

6. Инвестициялық омбудсменнің қызметін ұйымдастыру

      13. Инвестициялық омбудсменнің қызметін инвестициялар жөніндегі уәкілетті орган қамтамасыз етеді.

      Инвестициялар жөніндегі уәкілетті орган:

      1) өтініштерді тіркейді және инвестициялық омбудсменнің қарауына береді, өтініштер мұрағатын қалыптастырады және жүргізеді;

      2) инвестициялық омбудсменнің қызметін қамтамасыз ету мәселелері бойынша мемлекеттік органдармен және ұйымдармен өзара іс-қимыл жасайды;

      3) инвестициялық омбудсменнің қызметін ақпараттық-талдамалық, ұйымдық-құқықтық қамтамасыз етуді жүзеге асырады.

      14. Инвестордың өтінішін мәжілісте қарау қажет болған жағдайда, инвестициялық омбудсмен айына бір рет хаттамалық мәжіліс өткізеді. Бұл ретте, мәжіліске мүдделі мемлекеттік органдар мен ұйымдар шақырылады.

      15. Инвестициялық омбудсмен инвестордың өтінішінде баяндалған мәселелер бойынша қорытындылар дайындау үшін Қазақстан Республикасының жеке және заңды тұлғалары қатарынан консультанттар мен сарапшыларды тартады.

      16. Инвестициялық омбудсмен жыл сайын наурыз айында өз қызметінің нәтижелері туралы есепті Қазақстан Республикасының Үкіметіне жібереді.

      17. Инвестициялық омбудсмен өз қызметінің нәтижелері мен әзірленген ұсынымдар туралы Инвестициялық ахуалды жақсарту жөніндегі кеңестің отырыстарында баяндайды.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады