Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Иран Ислам Республикасының Үкіметі арасындағы Өсімдіктер карантині және оларды қорғау саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметі 2016 жылғы 8 сәуірдегі № 199 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Иран Ислам Республикасының Үкiметi арасындағы Өсімдіктер карантині және оларды қорғау саласындағы ынтымақтастық туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.
      2. Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Сарыбайұлы Мамытбековке Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Иран Ислам Республикасының Үкіметі арасындағы Өсімдіктер карантині және оларды қорғау саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан қол қоюға өкілеттік берілсін.
      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                     К.Мәсімов

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің      
2016 жылғы 8 сәуірдегі
№ 199 қаулысымен   
мақұлданған     

Жоба

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Иран Ислам Республикасының Үкіметі арасындағы Өсімдіктер карантині және оларды қорғау саласындағы ынтымақтастық туралы келісім

      Бұдан әрі «Уағдаласушы Тараптар» деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Иран Ислам Республикасының Үкіметі
      өсімдіктер карантині және оларды қорғау және өсімдіктер мен өсімдік өнімдерін бүлдіретін зиянды организмдерді бақылау, сондай-ақ
өз мемлекеттерінің аумағында олардың интродукциялануы мен таралуын бақылау және болғызбау шаралары саласындағы халықаралық ынтымақтастықтың пайдасын мойындай отырып,
      жоғарыда көрсетілген мақсаттарға қол жеткізуге қажетті келісілген іс-қимылдарды қамтамасыз ету үшін ғылыми-техникалық, экономикалық және сауда қатынастарын жан-жақты жақсарту ниетін назарға ала отырып,
      осы Келісімде көрсетілген барлық шарттар мен міндеттемелерді орындау мақсатында,
      төмендегілер туралы келісті:

1-бап
Анықтамалар

      Осы Келісімнің түпмәтінінде онда пайдаланылатын терминдер мынадай мәнге ие болады:
      өсiмдiктер – тұқымдар мен генетикалық материалды қоса алғанда,
тірі өсімдіктер мен олардың бөліктері;
      өсiмдiк өнiмдерi – өсімдіктен алынатын (астықты қоса алғанда) өңделмеген материал, сондай-ақ өзінің табиғаты бойынша немесе өзінің қайта өңделу тәсілі бойынша зиянды организмдердің интродукциялану және таралу қаупін тудыратын қайта өңделген өнімдер;
      зиянды организм – өсімдіктер немесе өсімдік өнімдері үшін зиянды өсімдіктердің, жануарлардың немесе патогендік агенттердің кез келген түрі, алуан түрлілігі және биотипі;
      карантиндік зиянды организм – өзі әзірше кірмеген немесе кірсе де шектеулі ғана таралған қатерге ұшыраған аймақ үшін әлеуетті экономикалық маңызы бар және ресми күрес жүргізу объектісі болатын зиянды организм;
      болу – жергілікті немесе интродукцияланған деп ресми танылған және жойылды деп ресми жарияланбаған зиянды организмнің Уағдаласушы Тараптар мемлекеттері аумағында болуы;
      жұқтыру – карантинге жатқызылған материалда өсімдік немесе өсімдік өнімі үшін зиянды тірі организмнің болуы;
      жете тексеру – зиянды организмдердің болуын немесе жоқ екенін анықтау үшін және/немесе фитосанитариялық регламенттеулердің сақталуын тексеру үшін өсімдіктерді, өсімдік өнімдерін немесе басқа да карантинге жатқызылған материалдарды ресми түрде көзбен шолып зерттеп-қарау;
      өңдеу – зиянды организмдерді жою, инактивациялау, кетіру, оларды залалсыздандыру, девитализациялау жөніндегі ресми түрде бекітілген рәсім;
      карантинге жатқызылған материал – зиянды организмдердің тасымалдану орны бола алатын немесе олардың таралуына ықпал ете алатын, әсіресе халықаралық тасымалдауға қатысты жағдайлардағы кез келген өсімдік, өсімдік өнімі, қоймаға қою орны, қаптамасы, көлік құралы, контейнер, топырақ және кез келген басқа да организм, объект немесе материал;
      жүк – бір елден екіншісіне әкелінетін және фитосанитариялық сертификат қоса берілетін өсімдіктердің, өсімдік өнімдерінің және/немесе карантинге жатқызылатын материалдардың кейбір мөлшері (жүк бір немесе одан көп тауар түрлерінен және/немесе тауар партияларынан тұруы мүмкін);
      карантиндік зиянды организмдердің таралу ошағы – әлі жерсінбеген, бірақ жақын арада тіршілік етуге қабілетті карантиндік зиянды организмдердің популяциясын қоса алғанда, карантиндік зиянды организмдердің жақында анықталған популяциясы немесе уағдаласушы Тараптардың мемлекеттері аумағында жерсінген карантиндік зиянды организмдер популяциясы санының айтарлықтай күрт өсуі.

2-бап
Құзыретті органдар

      Осы Келiсiмнiң орындалуын қамтамасыз ететін Уағдаласушы Тараптардың құзыретті органдары мыналар болып табылады:
      Қазақстан тарапынан – Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігі;
      Иран тарапынан – Иран Ислам Республикасының Ауыл шаруашылығы жихады министрлігі.
      Құзыретті органдардың атаулары немесе функциялары өзгерген жағдайда Уағдаласушы Тараптар ол туралы дипломатиялық арналар арқылы бірін-бірі дереу хабардар етеді.

3-бап
Ақпарат алмасу

      1. Уағдаласушы Тараптар жыл сайын көктемде өз мемлекеттерінің аумақтарында бар карантиндік зиянды организмдер туралы, сондай-ақ олармен күресу және бақылау әдістері туралы екінші Уағдаласушы Тараппен ақпарат алмасады. Өз мемлекеттерінің аумақтарында карантиндік зиянды организмдердің таралу ошағы анықталған жағдайда Уағдаласушы Тараптардың әрқайсысы карантиндік зиянды организмдер және оларды жою бойынша қабылданған шаралар және/немесе оларды бақылау бойынша ақпаратты уақтылы ұсынады.
      2. Уағдаласушы Тараптар өз мемлекеттерінің өсімдіктерді қорғауға және олардың карантиніне қатысты қолданыстағы заңдары мен нормативтік құқықтық актілері туралы ақпаратпен, сондай-ақ карантиндік зиянды организмдердің тізбелерімен алмасады. Уағдаласушы Тараптар жоғарыда көрсетілген құжаттарға енгізілген барлық өзгерістер туралы ақпаратпен олар күшіне енгеннен кейін барынша қысқа мерзімдерде алмасатын болады.
      3. Уағдаласушы Тараптар бірлескен зерттеулерді қоса алғанда, екі мемлекеттің өсімдіктер карантині және оларды қорғау саласындағы ғылыми-зерттеу институттары арасындағы ынтымақтастыққа ықпал етеді.
      4. Уағдаласушы Тараптар өсімдіктер карантині және оларды қорғау саласындағы соңғы ғылыми және техникалық жетістіктер туралы және зиянды организмдерді бақылау шаралары туралы бір-біріне хабарлайды.
      5. Әрбір Уағдаласушы Тараптың екінші Уағдаласушы Тараптың келісуінсіз осы Келісімнің шеңберінде алынған қандай да бір зерттеулердің нәтижелерін немесе ақпаратты үшінші тарапқа беруге құқығы жоқ.

4-бап
Әкелінетін жүктерге және алдын алу шараларына қатысты талаптар

      1. Уағдаласушы Тараптар өсімдіктер мен өсімдік өнімдері және оларды тасымалдау құралдары ретіндегі жүктерге жете тексеру және қажет болған кезде зертханалық зерттеулер, өңдеу жүргізу үшін барлық қажетті шараларды, сондай-ақ екінші Уағдаласушы Тарап мемлекетінің аумағына карантиндік зиянды организмдердің кіргізілуін болғызбауға арналған өзге де шараларды қолданады.
      2. Екінші Уағдаласушы Тарап мемлекетiнiң аумағына экспортталатын өсімдіктер мен өсімдік өнімдері ретіндегі жүктер әкелінетін Уағдаласушы Тараптың карантиндік жете тексеруінен өтуге тиіс. Уағдаласушы Тараптар карантиндік зиянды организмдердің интродукциялануы мен таралуын бақылау және болғызбау мақсатында:
      а) өсімдіктерді, өсімдік өнімдерін және басқа да карантинге жатқызылған материалдарды әкелу кезінде қосымша фитосанитариялық шараларды енгізуге және белгілі бір тауарлардың әкелінуіне тыйым салуға және/немесе оны шектеуге немесе карантиндік зиянды организмдерді интродукциялаудың елеулі қаупі жағдайында оларды өңдеу бойынша рәсімдерді жүргізуге;
      б) өсімдіктер мен карантинге жатқызылған материалдар бар жүктерді әкелу үшін өткізу пункттерін айқындауға және олар туралы бірін-бірі хабардар етуге;
      в) өз мемлекеттерінің аумақтарында зиянды организмдермен биологиялық күресу агенттерінің және генетикалық түрлендірілген өсімдіктердің тасымалдануын болғызбауға және/немесе шектеуге құқылы.
      3. Фитосанитариялық сертификаттың болуы Уағдаласушы Тарапты өсімдіктер мен өсімдік өнімдері бар әкелінетін жүктерді карантиндік зиянды организмдердің болуына жете тексеру, сынамаларын алу және оларды талдау және оларда карантиндік зиянды организмдер анықталған жағдайда, басқа Уағдаласушы Тарапты бұл туралы жазбаша хабардар ете отырып өңдеуді жүргізу, қайтару және/немесе жою құқығынан айырмайды.
      4. Уағдаласушы Тараптар топырақты импорттауға және карантиндік зиянды организмдердің интродукциялану қаупін төндіретін топанды, шөпті, басқа да өсімдік элементтерін, сондай-ақ басқа да өсімдіктен алынған материалдарды әкелінетін жүктердің орамасы ретінде пайдалануға тыйым салады.

5-бап
Фитосанитариялық сертификаттау

      1. Уағдаласушы Тараптардың бірінің мемлекетінің аумағынан екінші Уағдаласушы Тарап мемлекетінің аумағына әкелінетін және одан әкетілетін жүктердің әрбір партиясымен Уағдаласушы Тараптардың құзыретті органдары берген фитосанитариялық сертификат бірге жүруі тиіс.
      2. Уағдаласушы Тараптардың бірінің мемлекетінің аумағынан екінші Уағдаласушы Тарап мемлекетінің аумағына жүкті әкету кезінде Уағдаласушы Тараптар әкелінетін Уағдаласушы Тарап мемлекетінің өсімдіктер карантині және оларды қорғау жөніндегі ұлттық заңнамасын басшылыққа алады.
      3. Фитосанитариялық сертификат Уағдаласушы Тараптардың құзыретті органдары оны берген күннен бастап күнтізбелік 45 күн ішінде жарамды болады.
      4. Фитосанитариялық сертификат түпнұсқада болуға және екі тілде: ағылшын және Уағдаласушы Тараптың мемлекеттік тілінде толтырылуға тиіс. Фитосанитариялық сертификаттағы мәтіннің кез келген түзетулері, сызылуы мен түсініксіздігі оны заңды күшінен айырады.

6-бап
Қайта экспорттау шарттары

      Жүкті қайта экспорттау кезінде шығарылған елдің фитосанитариялық сертификатының түпнұсқасы немесе куәландырылған көшірмесі Уағдаласушы Тараптардың бірі берген қайта экспорттау фитосанитариялық сертификатпен бірге жүреді.

7-бап
Транзит шарттары

      Уағдаласушы Тараптар мемлекеттерінің аумағы арқылы жүктердің транзитіне жүк шығарылған елдің фитосанитариялық сертификаты бар болған жағдайда, аумағы арқылы жүктер транзиті жүзеге асырылатын Уағдаласушы Тарап мемлекетінің өсімдіктер карантині және оларды қорғау жөніндегі ұлттық заңнамасына сәйкес рұқсат етіледі.

8-бап
Бірлескен шаралар

      Уағдаласушы Тараптардың алдын ала уағдаластығы бойынша бір Уағдаласушы Тарап мемлекетінің аумағынан екінші Уағдаласушы Тарап мемлекетінің аумағына әкелу және одан әкету кезінде карантинге қатысты көп қауіп төндіретін жүктердің партияларын бірлесіп тексеру және зертханалық зерттеу ұйымдастырылады.
      Әрбір Уағдаласушы Тарап қарап тексеруге арналған қажетті үй-жаймен және жоғарыда аталған зертханалық тексерістерді жүргізуге арналған жабдықпен қамтамасыз етеді. Барлық шығыстарды өз мемлекетінің ұлттық заңнамасында көзделген қаражат шегінде жіберуші Уағдаласушы Тарап өзіне алады.

9-бап
Басқа халықаралық шарттарға қатысы

      Осы Келiсiмнің ережелері Уағдаласушы Тараптардың мемлекеттері қатысушылары болып табылатын басқа халықаралық шарттардан туындайтын олардың құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.

10-бап
Дауларды реттеу

      1. Осы Келісімнің ережелерін түсіндіру немесе қолдану бойынша даулар туындаған жағдайда Уағдаласушы Тараптар оларды келіссөздер мен консультациялар арқылы шешеді.
      Егер даулы мәселені осы баптың 1-тармағына сәйкес шешу мүмкін болмаса, мүдделі Уағдаласушы Тарап немесе екі Уағдаласушы Тарап БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының (бұдан әрі – ФАО) Бас Директорына БҰҰ ФАО қағидалары мен рәсімдеріне сәйкес даулы мәселені қарау үшін сарапшылар комитетін тағайындау өтінішімен жүгіне алады.
      2. Сарапшылар комитеті Уағдаласушы Тараптардың және ФАО-ның өкілдерінен құралатын болады.
      3. Уағдаласушы Тараптар мұндай комитеттің ұсыныстары міндетті сипатқа ие болмаса да, мүдделі Уағдаласушы Тараптар келіспеушіліктер нысанасы болған мәселені қайта қараған кезде негіз болатынына  келіседі.
      4. Сарапшылардың көрсетілетін қызметтеріне ақы төлеумен байланысты шығыстарды өз мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларында көзделген қаражат шегінде Уағдаласушы Тараптардың әрқайсысы өзіне алады.

11-бап
Өзгерістер енгізу

      Осы Келісімге Уағдаласушы Тараптардың өзара келісуі бойынша оның ажырамас бөлігі болып табылатын және жекелеген хаттамалармен ресімделетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.
      Осындай өзгерістер мен толықтырулар осы Келісімнің 12-бабында көзделген тәртіппен күшіне енеді.

12-бап
Күшіне енуі

      Осы Келiсiм Уағдаласушы Тараптардың оның күшiне енуi үшiн қажетті барлық мемлекетішiлік рәсімдерді орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарламаны дипломатиялық арналар арқылы алған күннен бастап отызыншы күні күшiне енедi. Осы Келісім 5 (бес) жыл мерзімге жасалады. Егер Уағдаласушы Тараптардың ешқайсысы екінші Уағдаласушы Тарапқа осы Келiсiмнiң қолданысын тоқтату туралы хабарламаса, осы Келiсiмнің қолданысы кейінгі бес жылдық кезеңдерге автоматты түрде ұзартылатын болады.
      Осы Келісім Тараптардың бірі екінші Уағдаласушы Тараптың оның осы Келісімнің қолданысын ұзартпау ниеті туралы жазбаша хабарламасын дипломатиялық арналар арқылы алған күннен бастап алты ай өткенге дейін күшінде болады.
      20 ___ жылғы «____» _________________ (Хиджра күнтізбесіне сәйкес ___________________) __________________ қаласында әрқайсысы қазақ, парсы, орыс және ағылшын тiлдерiнде екi данада жасалды әрі барлық мәтiндердің күшi бiрдей.
      Мәтіндер арасында айырмашылықтар болған жағдайда Уағдаласушы Тараптар ағылшын тіліндегі мәтінге жүгінеді.

      Қазақстан Республикасының      Иран Ислам Республикасының
             Үкіметі үшін                 Үкіметі үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады