"Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Ауғанстан Ислам Республикасының Үкіметі арасындағы Азаматтық қорғаныс, төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 31 мамырдағы № 314 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      «Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Ауғанстан Ислам Республикасының Үкіметі арасындағы Азаматтық қорғаныс, төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілсін.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                      К. Мәсімов

Жоба

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ЗАҢЫ Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ауғанстан Ислам
Республикасының Үкіметі арасындағы Азаматтық қорғаныс, төтенше
жағдайлардың алдын алу және оларды жою саласындағы
ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы

      2015 жылғы 20 қарашада Астанада жасалған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ауғанстан Ислам Республикасының Үкіметі арасындағы Азаматтық қорғаныс, төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою саласындағы ынтымақтастық туралы келісім ратификациялансын.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ауғанстан Ислам
Республикасының Үкіметі арасындағы Азаматтық қорғаныс, төтенше
жағдайлардың алдын алу және оларды жою саласындағы
ынтымақтастық туралы
КЕЛІСІМ

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ауғанстан Ислам Республикасының Үкіметі,
      екі мемлекет халқы арасындағы дәстүрлі достық қарым-қатынасты нығайтуға ұмтыла отырып,
      екі ел арасындағы азаматтық қорғаныс, төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою саласындағы ынтымақтастықты дамыту олардың халқының әл-ауқаты мен ұлттық қауіпсіздігіне жәрдемдесетінін мойындай отырып,
      Тараптардың мемлекеттері үшін төтенше жағдайлардың қауіп төндіретінін сезіне отырып,
      Тараптардың мемлекеттері үшін азаматтық қорғаныс, төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою саласындағы ғылыми-техникалық ақпарат алмасудың пайдасын ескере отырып, төмендегілер туралы келісті:

1-бап
Келісімнің нысанасы

      Осы Келісім Тараптардың азаматтық қорғаныс, табиғи және техногендік қатерлердің алдын алу, төтенше жағдайларды жою, төтенше жағдайлардың туындауына әкеп соққан авариялар, зілзалалар мен апаттар жағдайында ерікті түрде және өзара көмек көрсету жөніндегі азаматтық қорғаныс мамандарын оқыту саласындағы өзара іс-қимылын айқындайды.

2-бап
Осы Келісімде пайдаланылатын терминдер

      Осы Келісімде пайдаланылатын терминдердің мынадай мағыналары бар:
      сұрау салушы тарап - екінші Тарапқа көмек көрсету жөніндегі топтарды, жарақ пен құтқару құрал-жабдығын жіберу туралы сұрау салумен жүгінетін Тарап;
      ұсынушы тарап - екінші Тараптың көмек көрсету жөніндегі топтарды, жарақ пен құтқару құрал-жабдығын жіберу туралы сұрау салуын қанағаттандыратын Тарап;
      құзыретті орган - осы Келісімді іске асыру үшін Тараптардың әрқайсысы тағайындайтын орган;
      көмек көрсету жөніндегі топтар - сұрау салушы тараптың сұрау салуы бойынша апат орнына келген, көмек көрсетуге арналған және қажетті жарақпен қамтамасыз етілген көмек көрсету жөніндегі мамандар топтары, оның ішінде әскери персонал;
      төтенше жағдай - адамдардың қаза табуына, адамдардың денсаулығына, қоршаған ортаға және шаруашылық жүргізу объектілеріне залал келтіруге, елеулі материалдық шығындарға және халықтың тіршілік жағдайының бұзылуына әкеп соққан немесе әкеп соғуы мүмкін авария, зілзала немесе апат нәтижесінде белгілі бір аумақта туындаған жағдай;
      төтенше жағдайлардың алдын алу - алдын ала жүргізілетін және төтенше жағдайлардың туындау қатерін мүмкіндігінше барынша азайтуға, осындай жағдайлар туындаған кезде адамдардың денсаулығы мен өмірін сақтауға, қоршаған табиғи ортаға келтірілетін залал мен материалдық шығындар мөлшерін азайтуға бағытталған іс-шаралар кешені;
      төтенше жағдайларды жою - төтенше жағдайлар туындаған кезде жүргізілетін және адамдардың өмірін құтқаруға және денсаулығын сақтауға, залал мен материалдық шығындар мөлшерін азайтуға, сондай-ақ төтенше жағдайлар аймақтарын оқшаулауға бағытталған іздестіру-құтқару, авариялық-қалпына келтіру және басқа да кезек күттірмейтін жұмыстар;
      азаматтық қорғаныс - бұл басқару органдарының мемлекеттік жүйесі мен бейбіт және соғыс уақытында халықты, шаруашылық жүргізу объектілері мен ел аумағын қазіргі заманғы зақымдау құралдарының зақымдаушы (қиратушы) факторларының, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың әсерінен қорғау мақсатында жүргізілетін жалпымемлекеттік іс-шаралар жиынтығы;
      төтенше жағдай аймағы - төтенше жағдай орын алған аумақ;
      құтқару жұмыстары - төтенше жағдайлар аймағында адамдарды, материалдық және мәдени құндылықтарды құтқару, қоршаған ортаны қорғау, төтенше жағдайды оқшаулау және оған тән қауіпті факторларды жою немесе барынша төмен деңгейге дейін жеткізу жөніндегі іс-қимылдар;
      жарақ - техника, техникалық құралдар және көлік құралдары, көмек көрсету жөніндегі топтардың құрал-жабдығы, сондай-ақ көмек көрсету жөніндегі топтар мүшелерінің жеке құрал-жабдығы;
      құтқару құрал-жабдықтары - көмек көрсету жөніндегі топтардың пайдалануына арналған қосымша құралдар мен басқа да заттар.

3-бап
Құзыретті органдар

      1. Тараптар осы Келісімді іске асыру үшін мынадай құзыретті органдарды айқындайды:
      Қазақстан тарапынан - Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі;
      Ауған тарапынан - Ауғанстан Ислам Республикасының Төтенше жағдайларды басқару жөніндегі ұлттық агенттігі.
      2. Тараптар өздерінің құзыретті органдарының атауларындағы өзгерістер туралы немесе олардың функцияларының басқа органдарға берілгендігі туралы дипломатиялық арналар арқылы бірін-бірі дереу хабардар етеді.

4-бап
Ынтымақтастық нысандары

      1. Осы Келісімге сәйкес барлық қызмет Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына сәйкес жүзеге асырылады. Осы Келісім шеңберіндегі ынтымақтастық мынадай нысандарда жүзеге асырылуы мүмкін:
      төтенше жағдайларды болжау, олардың алдын алу және оларды бағалау туралы ақпарат алмасу;
      қоршаған ортаның жай-күйі туралы мониторингтік ақпарат алмасу;
      халықты төтенше жағдайларда әрекеттер жасауға, оның ішінде алғашқы медициналық көмек көрсету жөніндегі дайындықты ұйымдастыруда тәжірибе алмасу;
      төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі мүдделі мемлекеттік құрылымдардың өзара іс-қимылын ұйымдастыру;
      авариялар немесе дүлей зілзалалар салдарынан ықтимал ластануға байланысты қоршаған ортаға және халыққа төнген қатерді бағалау;
      ғылыми-зерттеу жобаларын бірлесіп жоспарлау, оларды әзірлеу және жүзеге асыру, ғылыми-техникалық әдебиетпен және ғылыми-әдістемелік материалдармен, зерттеу жұмыстарының нәтижелерімен, оның ішінде кадрлық жұмыста алмасу;
      ақпаратпен, мерзімді басылымдармен, әдістемелік әдебиетпен, бейне- және фотоматериалдармен алмасу;
      бірлескен конференциялар, семинарлар, жұмыс кеңестерін, оқу-жаттығулар және жаттығулар ұйымдастыру;
      бірлескен жарияланымдар мен баяндамалар дайындау;
      азаматтық қорғаныс, төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою саласындағы мамандарды даярлау, қайта даярлау, біліктілігін арттыру және оларды тағылымдамадан өткізу;
      көмек көрсету жөніндегі топтар пайдаланатын құрал-жабдықты және техниканы бағалау;
      төтенше жағдайларды жою кезінде өзара көмек көрсету.
      2. Осы ынтымақтастық төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою саласындағы екі Тараптың құзыретті органдарының ортақ келісімімен айқындалған кез келген басқа қызметте қолданылуы мүмкін. Ынтымақтастықты қызметтің жаңа түрлеріне осылайша қолдану осы Келісімге толықтыру енгізудің нысанасы болып табылады.

5-бап
Ұйымдар мен мекемелер арасындағы ынтымақтастық

      Тараптар азаматтық қорғаныс, төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою саласындағы қызметті жүзеге асыратын Тараптар мемлекеттерінің ұйымдары мен мекемелері арасындағы ынтымақтастыққа жәрдемдеседі.

6-бап
Тараптардың өкілдерін қабылдау шарттары

      1. Егер Тараптар өзгеше уағдаласпаса, жіберуші Тарап төтенше жағдайларды жоюға көмек көрсетумен тікелей байланысты емес, осы Келісімнің 4-бабында белгіленген қызметке қатысу кезінде өз өкілдерінің межелі пунктке дейін жол жүру, өз өкілдерінің тұру және тамақтану жөніндегі шығыстарын көтереді.
      2. Егер Тараптар өзгеше уағдаласпаса, қабылдаушы тарап бірлескен конференциялар, семинарлар, жұмыс кеңестерін, оқу-жаттығулар мен жаттығулар ұйымдастыру, сондай-ақ өз мемлекетінің аумағында жіберуші тарап өкілдерінің жүріп-тұру жөніндегі шығыстарын көтереді.

7-бап
Көмек көрсету

      Тараптар төтенше жағдайларды жою кезінде мынадай тәртіппен өзара көмек көрсетеді:
      1) Тараптар төтенше жағдайларды жою кезінде дипломатиялық арналар арқылы ресми сұрау салу негізінде көмек көрсетеді. Шұғыл жағдайда, мұндай сұрау салу ауызша жүзеге асырылады және одан әрі қысқа мерзімде жазбаша расталуға жатады;
      2) сұрау салуда төтенше жағдайдың сипаты туралы, қажетті көмек түрлері мен оның көлемі туралы барлық ақпарат болуға тиіс;
      3) сұрау салуды алған Тараптың сұрау салуды орындаудан бас тартуға құқығы бар. Бұл ретте көмек көрсетуден бас тарту туралы шешімді қабылдау құқығы ұсынушы тарап мемлекетінің аумағында болжанатын қатерлердің, жасалып жатқан жұмыстар мен көмек көрсету жөніндегі істелетін жұмыстың және бос топтардың болуына негізделуі мүмкін;
      4) сұрау салуды алған Тарап сұрау салуды қысқа мерзімде қарайды және сұрау салушы тарапқа көмек көрсету жөніндегі топтардың құрамын, сарапшылардың мамандықтарын көрсете отырып, көмек көрсету мүмкіндігі, нысаны, көлемі, шарттары туралы және әкелінетін жарақ пен құтқару құрал-жабдығы туралы хабарлайды. Сондай-ақ, төтенше жағдай аймағына бару үшін пайдаланылатын көлік түрі және мемлекеттік шекараны кесіп өту жоспарланатын пункт көрсетіледі.

8-бап
Көмек көрсету шарттары

      1. Сұрау салушы тарап осы Келісімнің 9-бабының 2-тармағында көзделген тәртіппен ұсынушы тараптың көмек көрсету жөніндегі топтарының тұру жөніндегі шығыстарын, сондай-ақ тамақтану жөніндегі шығыстарын көтереді.
      2. Сұрау салушы тарап ұсынушы тараптың көмек көрсету жөніндегі топтарына сұрау салушы тарап мемлекетінің аумағында болуы кезеңінде медициналық қызмет көрсетілуін қамтамасыз етеді.
      3. Сұрау салушы тарап көмек көрсету туралы өз сұрау салуын қайтарып алуы мүмкін. Бұл жағдайда сұрау салушы тарап ұсынушы тарапқа келтірілген шығыстарды өтемейді.
      4. Ұсынушы тарап көмек көрсету жөніндегі топтар мүшелерін сақтандыруды қамтамасыз етеді. Сақтандыруды ресімдеу жөніндегі шығыстар көмек көрсету жөніндегі жалпы шығыстарға қосылады.

9-бап
Көмек түрлері

      1. Төтенше жағдайларды жою кезінде төтенше жағдайдың сипаты мен ауқымына қарай көмек көрсету жөніндегі топтарды, жарақ пен құтқару құрал-жабдығын жіберу арқылы көмек көрсетіледі.
      2. Көмек көрсету жөніндегі топтарды жарақтандыру төтенше жағдай аймағында 3 тәулік бойы дербес әрекеттер жүргізу үшін жеткілікті болуға тиіс. Жарақтандыру қоры біткеннен кейін сұрау салушы тарап көмек көрсету жөніндегі топтарды олардың одан әрі жұмыс істеуі үшін қажетті құралдармен қамтамасыз етеді.

10-бап
Көмек көрсету жөніндегі жұмыстарды басқару

      1. Көмек көрсету жөніндегі жұмыстарға басшылықты ұсынушы тараптың көмек көрсету жөніндегі топтарының жетекшісі арқылы сұрау салушы тараптың құзыретті органы жүзеге асырады, ол көрсетілген топтардың қызметін үйлестіреді.
      2. Сұрау салушы тарап белгілеген міндетті орындау үшін ұсынушы тараптың көмек көрсету жөніндегі топтары тек өз жетекшісінің ғана басшылығында қалады.
      3. Ұсынушы тараптың көмек көрсету жөніндегі топтары мүшелерінің сұрау салушы тарап белгілеген төтенше жағдайлар аймағындағы жұмыстарды орындау үшін барлық жерге кіруге рұқсаты болады.
      4. Сұрау салушы тарап ұсынушы тараптың көмек көрсету жөніндегі топтары жетекшісіне төтенше жағдай аймағында және жұмыстың нақты учаскелерінде қалыптасқан жағдай туралы хабарлайды.
      5. Сұрау салушы тарап қажет болған жағдайда, ұсынушы тараптың көмек көрсету жөніндегі осы топтарын аудармашылармен және байланыс құралдарымен қамтамасыз етеді, сондай-ақ олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.

11-бап
Мемлекеттік шекараны кесіп өту шарттары және сұрау салушы
тарап мемлекетінің аумағында болу режимі

      1. Әрбір Тарап көмек көрсету жөніндегі топтардың шұғыл жетуі үшін мемлекеттік шекарадан өту шарттарын оңайлатады.
      2. Ұсынушы тараптың көмек көрсету жөніндегі топтарының мүшелері сұрау салушы тараптың мемлекеттік шекарасын өздерінің жеке басын куәландыратын құжаттары бойынша халықаралық қатынас үшін ашық өткізу пункттері арқылы кесіп өтеді. Топтар жетекшісінде көмек көрсету жөніндегі топтар мүшелерінің тізімі мен оның өкілеттіктерін растайтын ұсынушы тараптың құзыретті органы берген құжат болуға тиіс.
      3. Осы Келісімге сәйкес көмек көрсету жөніндегі топтардың мүшелері өз міндеттерін аяқтағанға дейін сұрау салушы тарап мемлекетінің аумағында визасыз және тұруға ықтиярхатсыз бола алады.
      4. Көмек көрсету жөніндегі топтардың мүшелері сұрау салушы тарап мемлекетінің аумағында болған кезінде сол мемлекеттің заңнамасын сақтауға міндетті.
      5. Ұсынушы тараптың көмек көрсету жөніндегі топтарының мүшелері сұрау салушы тарап мемлекетінің аумағында авариялық-құтқару жұмыстарын орындау кезінде өзінің нысанды киімін киіп жүруге құқылы.
      6. Ұсынушы тараптың көмек көрсету жөніндегі топтарының мүшелері қаруды, оқ-дәрілер мен жарылғыш заттарды сұрау салушы тарап мемлекетінің аумағына әкеле алмайды.

12-бап
Төтенше жағдайларды жою кезінде жарақтар мен құтқару
құрал-жабдықтарын әкелу және әкету

      1. Төтенше жағдайларды жою кезінде көмек көрсету үшін Тараптар аумағына әкелінетін немесе осы аумақтан әкетілетін қажетті жарақ пен құтқару құрал-жабдығы Тараптар заңнамасына сәйкес бірінші кезектегі тәртіппен кедендік рәсіммен орналастырылады.
      2. Көмек көрсету жөніндегі топтар жетекшісінде ұсынушы тараптың құзыретті органы берген әкелінетін жарақ пен құтқару құрал-жабдығының тізбесі болуы міндетті.
      3. Көмек көрсету жөніндегі топтарға сұрау салушы тарап мемлекетінің аумағына жарақ пен құтқару құрал-жабдығынан басқа, қандай да бір заттарды әкелуге тыйым салынады.
      4. Көмек көрсету жөніндегі жұмыстар аяқталғаннан кейін әкелінген жарақ сұрау салушы тарап мемлекетінің аумағынан әкетілуге жатады. Егер ерекше мән-жайларға орай жарақты әкету мүмкін болмаса, онда ол келісілген шарттарда сұрау салушы тараптың құзыретті органына көмек ретінде өтеусіз берілуі мүмкін. Бұл жағдайда берілетін жарақтың түрлерін, санын және орналасқан жерін көрсете отырып, сұрау салушы тараптың кеден органдарына хабарлау қажет.
      5. Көмек көрсету жөніндегі медициналық топтар өздерінің штаттық құрал-жабдықтарымен келеді. Зардап шеккендерге жедел медициналық көмек көрсету қажет болған кезде құрамында есірткі және психотроптық заттары бар медициналық препараттардың номенклатурасын, саны мен пайдаланылатын жерін тараптардың әрқайсысының есірткіні бақылау жөніндегі тиісті мемлекеттік органдарымен міндетті түрде келісе отырып, осы заттардың қажетті саны (бұдан әрі - келісілген тізбе) сұрау салушы тарап мемлекетінің аумағына әкелінуі мүмкін. Көмек көрсету жөніндегі топтар жетекшісі келісілген тізбені ұсынушы және сұрау салушы тараптардың кеден органдарына көрсетеді.
      6. Көрсетілген медициналық препараттарды Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамасына сәйкес тек білікті медициналық персонал ғана пайдаланады және сұрау салушы тарапқа беруге жатпайды. Сұрау салушы тарап медициналық препараттардың пайдаланылуына олар қолданылған жерде тексеру жүргізуге құқығы бар.
      7. Пайдаланылмаған құрамында есірткі және психотроптық заттары бар медициналық препараттар сұрау салушы тараптың кедендік бақылауымен әкетілуге жатады.

13-бап
Әуе кемелерін пайдалану

      1. Ұсынушы тараптың құзыретті органы сұрау салушы тараптың құзыретті органына көмек көрсету үшін әуе кемелерін пайдалану ниеті туралы хабарлайды. Сұрау салушы тарап әуе кемелерін пайдалануға келіскен жағдайда, ұсынушы тарап әуе кемелерінің тиесілігін, пайдаланылу мақсатын, нақты типін, тану белгілерін, маршруттарын, экипаж мүшелерінің санын, жүктің сипатын, әуе кемелерінің ұшып шығу және қону орны мен уақытын көрсетуге тиіс.
      2. Сұрау салушы тарап әуе кемелерінің өз мемлекетінің аумағындағы белгілі бір пунктке ұшуына рұқсат береді.
      3. Тараптар әуе қозғалысы кезінде Тараптар мемлекеттерінің әрқайсысының ұлттық заңнамасын сақтайды. Әуе қатынасына жауапты органдарға ұшу туралы ақпарат берілгеннен кейін ұсынушы тарап Халықаралық азаматтық авиация ұйымы белгілеген қағидаларға сәйкес сұрау салушы тарап мемлекетіне ұшуды жүзеге асырады.

14-бап
Жұмыстардың аяқталуы

      1. Көмек көрсету жөніндегі жұмыстар аяқталғаннан кейін сұрау салушы тарап ұсынушы тарапқа берілген жарақ пен құтқару құрал-жабдығын қайтарған кезде сұрау салушы тарап ұсынушы тараптың жарақ пен құтқару құрал-жабдығына жауапты адамын және ұсынушы тараптың құзыретті органдарын хабардар етеді.
      2. Ұсынушы тарап жарақ пен құтқару құрал-жабдығын бөлу тоқтатылған жағдайда, сұрау салушы тарапқа жазбаша тәртіппен хабарлайды. Сұрау салушы тарап өз кезегінде, ұсынылған ақпаратты сұрау салушы тараптың жарақ пен құтқару құрал-жабдығы үшін жауапты адамына хабарлайды.
      3. Ұсынушы тараптың жұмыстардың аяқталғаны туралы шешімі дереу күшіне енеді және дау айтуға жатпайды.
      4. Көмек көрсету жөніндегі жұмыстар аяқталғаннан кейін ұсынушы тараптың құзыретті органы сұрау салушы тараптың құзыретті органына жүргізілген жұмыстар туралы жазбаша баяндама жібереді.
      5. Сұрау салушы тараптың құзыретті органы ұсынушы тараптың құзыретті органына болған жағдай туралы өзінде өнеркәсіптік аварияның, апаттың немесе дүлей зілзаланың сипаттамасын, алынған көмектің түрі мен көлемін, жүргізілген жұмыстардың нәтижелерін қамтитын қорытынды баяндама жібереді.

15-бап
Шығыстарды өтеу

      1. Сұрау салушы тарап ұсынушы тарапқа көмек көрсетуге байланысты шығыстарды өтемейді.
      2. Ұсынушы тарап әуе кемелерінің ұшып өткені, әуеайлақта қонғаны, онда тұрақтағаны және одан ұшып шыққаны үшін, сондай-ақ аэронавигациялық көрсетілетін қызметтер үшін ақы төлеуден босатылады.
      3. Сұрау салушы тарап әуе кемелерінің отыны үшін жұмсалған шығыстарды өтейді.

16-бап
Залалды өтеу

      1. Сұрау салушы тарап көмек көрсету жөніндегі жұмыстарды орындау барысында көмек көрсету жөніндегі топ мүшесінің бірінің қаза табуына немесе мертігуіне байланысты осы топ мүшесіне не оның құқықтық мирасқорларына жәрдемақы түріндегі ұсынушы тарап шеккен шығыстарды өтеуді өз мойнына алады. Сұрау салушы тарап ұсынушы тараптың зақымдалған, жойылған немесе жоғалған техниканы жөндеу немесе ауыстыру шығыстарын да өз мойнына алады.
      2. Мұндай жәрдемақылардың не техниканы жөндеуге немесе ауыстыруға арналған шығыстардың мөлшері ұсынушы тараптың ұлттық заңнамасына және өзге де нормативтік актілеріне сәйкес айқындалады.
      3. Осы ережелер көмек көрсету жөніндегі топтардың мүшесі болып табылмайтын, айтылған фактілерге жауапты үшінші тұлғаға да қолданылады.
      4. Егер көмек көрсету жөніндегі жұмыс барысында ұсынушы тараптың көмек көрсету жөніндегі тобының мүшесі сұрау салушы тарап мемлекетінің аумағында болған кезінде заңды немесе жеке тұлғаға залал келтірсе, онда залалды сұрау салушы тарап мемлекетінің ұлттық заңнамасына сәйкес сұрау салушы тарап өтейді.
      5. Сұрау салушы тарап ұсынушы тараптың көмек көрсету жөніндегі топ мүшесінің көмек көрсету жөніндегі жұмыстарды орындаумен байланысты емес қасақана немесе өрескел абайсыздықпен келтірген залалы үшін шығыстардың өтелуін ұсынушы тараптан талап ете алады.
      6. Тараптардың құзыретті органдары орындалуы кезінде осы бапта аталған залал келтірілген жұмыстарға қатысты барлық қажетті ақпаратпен алмасады.

17-бап
Ынтымақтастықты қаржыландыру

      Осы Келісім шеңберіндегі ынтымақтастық және көмек көрсету Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларында көзделген бюджет қаражаты шегінде жүзеге асырылады.

18-бап
Ақпаратты пайдалану

      Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына сәйкес жариялауға жатпайтын ақпаратты қоспағанда, осы Келісімнің шеңберінде жүргізілген қызмет нәтижесінде алынған ақпарат Тараптардың әрқайсысының әдеттегі практикасы мен нұсқамалары негізінде жарияланады және пайдаланылады.

19-бап
Басқа міндеттемелер мен халықаралық келісімдер

      Осы Келісім Тараптар қатысушылары болып табылатын басқа халықаралық шарттардан туындайтын олардың құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.

20-бап
Дауларды шешу

      Осы Келісімнің ережелерін түсіндіруге немесе қолдануға қатысты даулар мен келіспеушіліктер Тараптардың арасында келіссөздер мен консультациялар жүргізу арқылы шешіледі.

21-бап
Қорытынды ережелер

      1. Осы Келісім оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама дипломатиялық арналар арқылы алынған күнінен бастап күшіне енеді.
      2. Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады. Тараптардың өзара келісімі бойынша оған кез келген кезде өзгерістер енгізілуі мүмкін, олар осы баптың 1-тармағында айқындалған тәртіппен күшіне енеді.
      3. Осы Келісім Тараптардың бірінің екінші Тараптың өзінің осы Келісімнің қолданысын тоқтату ниеті туралы жазбаша хабарламасын дипломатиялық арналар арқылы алған күннен бастап алты ай өткенге дейін күшінде қалады.
      4. Егер Тараптар өзгеше уағдаласпаса, осы Келісім қолданысының тоқтатылуы оның қолданысы тоқтатылғанға дейін басталған, бірақ аяқталмаған, оған сәйкес жүзеге асырылатын қызметті қозғамайтын болады.

      2015 жылғы 20 қарашада Астана қаласында әрқайсысы қазақ, дари және ағылшын тілдерінде екі данада жасалды әрі барлық үш мәтіннің бірдей күші бар. Осы Келісімнің ережелерін түсіндіруде келіспеушіліктер туындаған жағдайда Тараптар ағылшын тіліндегі мәтінге жүгінеді.

      Қазақстан Республикасының       Ауғанстан Ислам
           Үкіметі үшін          Республикасының Үкіметі үшін

      Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Ауғанстан Ислам Республикасының Үкіметі арасындағы Азаматтық қорғаныс, төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою саласындағы ынтымақтастық туралы келісімнің қазақ тіліндегі нұсқасының орыс тіліне аударылған нұсқамен сәйкес келетінін растаймын.

      Қазақстан Республикасы
      Ішкі Істер министрлігі
      Мемлекеттік тіл және ақпарат
      департаментінің директоры             А. Садубаев

      РҚАО-ның ескертпесі!
      Бұдан әрі Келісімнің дари және ағылшын тілдеріндегі мәтіні берілген.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады