"Пробация туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 22 қазандағы № 609 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      «Пробация туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілсін.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                      Б. Сағынтаев

                                                                 Жоба

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ЗАҢЫ Пробация туралы

      Осы Заң пробация саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейді және пробация ұғымын, қағидаттарын, пробация субъектілерінің құзыреті мен функцияларын, сондай-ақ пробация қызметінің және пробацияға түсетін адамдардың мәртебесін белгілейді.

1-тарау. Жалпы ережелер

      1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар
      Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
      1) әлеуметтік-құқықтық көмек көрсетудің жеке бағдарламасы – пробация қызметінің есебінде тұрған адамның жеке басы мен өмірлік жағдайын кешенді зерттеуге негізделген, пробация субъектілерінің аталған адамға әлеуметтік-құқықтық көмек көрсету жөніндегі іс-шаралар жиынтығы;
      2) пенитенциарлықтан кейінгі пробация – қылмыстық-атқару (пенитенциарлық) жүйесі мекемелерінен босатылған адамдардың мінез-құлқына пробациялық бақылау белгілеу және жүзеге асыру және оларға әлеуметтік-құқықтық көмек көрсету жөніндегі шаралар жиынтығы;
      3) пенитенциарлық пробация – қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде бас бостандығынан айыру түріндегі жазасын өтеп жатқан адамдарға қайта әлеуметтік жағдай жасау шараларын айқындау және жүзеге асыру жөніндегі шаралар жиынтығы;
      4) пробация – пробацияға түсетін адамға қатысты оның жаңа қылмыстық құқық бұзушылықтар жасауының алдын алу мақсатында мінез-құлқын түзету үшін әзірленетін және жеке іске асырылатын шаралар кешені;
      5) пробациялық бақылау – уәкілетті органдардың сотталғандарға сот жүктеген міндеттерді орындауын және олардың мінез-құлқын бақылауды жүзеге асыру, сондай-ақ олардың әлеуметтік-құқықтық көмек алуына жәрдемдесу жөніндегі қызметі;
      6) пробация субъектілері – пробация қызметінің есебінде тұрған адамдарға пробациялық бақылауды жүзеге асыратын және олардың әлеуметтік-құқықтық көмек алуына жәрдемдесетін мемлекеттік органдар, сондай-ақ аталған адамдарға әлеуметтік-құқықтық көмек көрсетуге қатысатын Қазақстан Республикасының жергілікті атқарушы органдары, ұйымдары мен азаматтары;
      7) пробация қызметі – қылмыстық жазаларды қоғамнан оқшауламай орындауды қамтамасыз ету жөніндегі атқарушылық және өкімдік функцияларды жүзеге асыратын және өзінің есебінде тұрған сотталғандардың әлеуметтік-құқықтық көмек алуына, оларға қайта әлеуметтік жағдай жасауға жәрдем көрсететін, сондай-ақ күдіктіге қатысты сотқа дейінгі баяндаманы жасайтын қылмыстық-атқару жүйесінің органы;
      8) сотқа дейінгі баяндама – күдіктінің жеке басының ерекшеліктері туралы, жеке бағдарламада көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы, пробация қызметінің ұсынымдарын ұстануы және оның көмегін қабылдауы туралы сотқа арналған ақпарат;
      9) сотқа дейінгі пробация – күдіктінің мінез-құлқын түзеуге бағытталған әлеуметтік-құқықтық көмек көрсету, оның жаңа қылмыстық құқық бұзушылықтар жасауының алдын алу;
      10) үкімдік пробация – бас бостандығы шектелген, сондай-ақ шартты түрде сотталған адамдарға қатысты олар сот жүктеген және Қазақстан Республикасының заңнамасында жүктелген міндеттерді, шектеулерді орындамаған жағдайда жазаның күшін жою және қылмыстық-атқару (пенитенциарлық) жүйесі мекемесіне бас бостандығынан айыру түріндегі жазасын өтеу үшін жіберу мүмкіндігімен пробациялық бақылауды белгілеу және жүзеге асыру жөніндегі шаралар жиынтығы.

      2-бап. Пробация туралы Қазақстан Республикасының заңнамасы
      1. Пробация туралы заңнама Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді, Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінен, Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексінен, Қазақстан Республикасының Қылмыстық-атқару кодексінен, осы Заңнан және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.
      2. Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттар осы Заңның алдында басымдыққа ие және халықаралық шартты қолдану үшін заң шығару талап етілетіннен басқа жағдайларда ол тікелей қолданылады.

      3-бап. Осы Заңның мақсаттары мен міндеттері
      1. Осы Заңның мақсаттары пробация белгіленген адамдарға қатысты олардың мінез-құлқын бақылаудың тиімді жүйесінің жұмыс істеуі үшін нормативтік құқықтық жағдайлар белгілеу және оларға әлеуметтік-құқықтық көмек көрсету болып табылады.
      2. Көрсетілген мақсаттарға сәйкес осы Заңның міндеттері:
      1) пробацияның түрлерін және оларды жүзеге асыру қағидаларын белгілеу;
      2) пробация субъектілерінің өкілеттіктерін және олардың өзара іс-қимыл жасасу тәртібін айқындау;
      3) пробация қызметінің есебінде тұрған адамдардың мінез-құлқын бақылауды жүзеге асыру мәселелерін реттеу;
      4) пробация қызметінің есебінде тұрған адамдарға әлеуметтік-құқықтық көмек көрсету мәселелерін реттеу;
      5) пробацияны жүзеге асыру процесінде адам мен азаматтың құқықтарын, бостандығы мен заңды мүдделерін сақтау кепілдігін белгілеу болып табылады.

      4-бап. Пробацияның негізгі қағидаттары
      Пробация:
      1) адам мен азаматтың құқықтарын, бостандығын және заңды мүдделерін қорғауды және сақтауды білдіретін заңдылық;
      2) қылмыс жасады деп күдік туғызған адамға қолданылатын жаза және басқа да қылмыстық-құқықтық сипаттағы шаралар әділ болуы тиіс екендігін, яғни қылмыстың қоғамдық қауіптілігі сипаты мен дәрежесіне, оның жасалу жағдайларына және кінәлі адамның жеке басына сәйкес келуін білдіретін әділдік;
      3) әлеуметтік, нәсілдік, ұлттық, тіл немесе діни белгілері бойынша азаматтардың құқықтарын шектеудің кез келген нысандарына тыйым салатын және азаматтардың заңды сақтаудағы бірдей міндетін білдіретін теңдік;
      4) адам құндылығын жеке тұлға ретіндегі мойындауды, оның қадір-қасиетін құрметтеуді, қоғамдық прогресс мақсаты ретінде адамның игілікке ұмтылысын білдіретін ізгілік;
      5) пробация қызметіндегі барынша ашықтықты және ақпарат бостандығын білдіретін жариялылық;
      6) пробация қызметінің есебінде тұрған адамдарға қатысты әлеуметтік-құқықтық көмек көлемін анықтаудағы және пробациялық бақылауды жүзеге асырудағы жеке дара сараланған тәсіл;
      7) пробация қызметінің есебінде тұрған адамдардың құқыққа бағынушылық және белсенді, қоғамға пайдалы мінез-құлқын, сондай-ақ олардың құқыққа қайшы мінез-құлыққа төзбеушілігін ынталандыру;
      8) пробация субъектілерінің әлеуметтік-құқықтық көмек көрсету және пробациялық бақылауды жүзеге асыру кезіндегі өзара іс-қимыл жасау қағидаттарына негізделеді.

      5-бап. Пробацияның негізгі бағыттары
      Пробация:
      жеке бастың өмір сүру жағдайларын, әлеуметтік-демографиялық, психологиялық-әлеуметтік, криминологиялық мінездемесін және күдіктінің өзге де ерекшеліктерін сотқа дейінгі баяндаманы жасай отырып зерделеуге;
      пробация қызметінің есебінде тұрған адамдардың сотпен жүктелген және Қазақстан Республикасының заңында көзделген міндеттер мен шектеулерді орындауын бақылауды қамтамасыз етуге;
      пробация қызметінің есебінде тұрған адамдарға орта, техникалық және кәсiптiк бiлiм алуына, олардың жұмысқа орналасуына, медициналық көмекті алуына жәрдемдесуге;
      пробация қызметінің есебінде тұрған адамдарға жаңа қылмыстық құқық бұзушылықтар жасауын ескерту, сондай-ақ жасалған қылмыстық құқық бұзушылықтың себептері мен жағдайларын жою мақсатында оның мінез-құлқын түзеу үшін әлеуметтік-құқықтық көмек көрсетудің жеке бағдарламасымен айқындалатын көлемде әлеуметтік-құқықтық сипаттағы көмек көрсетуге;
      сотталғанды пробация қызметінің қылмыстық-атқару (пенитенциарлық) жүйесі мекемесінің әкімшілігімен бірлесе отырып, оны босатуға дайындауға бағытталған.

2-тарау. Пробация субъектілері

      6-бап. Ішкі істер органдарының құзыреті
      1. Қылмыстық-атқару жүйесінің уәкілетті органы:
      1) пробация субъектілерінің өзара іс-қимылын;
      2) қылмыстық-атқару (пенитенциарлық) жүйесі мекемелері мен пробация қызметтерінің жұмысын үйлестіруді қамтамасыз етеді;
      3) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де функцияларды жүзеге асырады.
      2. Полиция:
      1) пробациялық бақылаудағы адамдардың тарапынан құқық бұзушылықтар жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайлар профилактикасына, анықтауға, зерделеуге, жоюға бағытталған шаралар кешенін жүзеге асырады;
      2) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жазасын өтеуден шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған адамдардың мінез-құлқын бақылауды жүзеге асырады;
      3) пробация қызметімен жазасын өтеуден шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған адамдарға профилактикалық ықпал ету шараларын жүзеге асыру бойынша өзара іс-қимыл жасасады;
      4) сотпен тәрбиелік ықпал етудің осы мәжбүрлеу шарасы белгіленген кәмелетке толмағандарға қатысты пробациялық бақылауды жүзеге асырады;
      5) Қазақстан Республикасының заңнамасымен көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

      7-бап. Жергілікті атқарушы органдардың құзыреті
      1. Қазақстан Республикасының облыстық, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органдары, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, қылмыстық жазаларын өтеген адамдарды әлеуметтік бейімдеу мен оңалтуды ұйымдастыруды және жүзеге асыруды қамтамасыз етеді және пробация қызметінің есебінде тұрған сотталғандарға әлеуметтік-құқықтық көмек көрсету аясындағы өкілеттіктерді орындайды.

      8-бап. Азаматтар мен ұйымдардың пробацияға қатысуы
      1. Азаматтар мен ұйымдардың пробацияға қатысуы осы Заңға және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес пробация белгіленетін адамдарға қатысты әлеуметтік-құқықтық көмек алуына ерікті түрде жәрдемдесу арқылы жүзеге асырылады.
      2. Азаматтар мен ұйымдар пробация бөлігіндегі іс-шараларды:
      1) құқықтық насихаттауды ұйымдастыруға қатысу;
      2) консультативтік-кеңесші және сараптама органдарының жұмысына қатысу;
      3) пробацияның басқа субъектілеріне жәрдемдесу;
      4) социологиялық және өзге де мониторингтер жүргізу;
      5) пробацияны реттейтін нормативтік құқықтық актілердің жобаларын әзірлеуге және қоғамдық талқылауға қатысу;
      6) пробация қызметін және пробация белгіленетін адамдарға қатысты әлеуметтік-құқықтық көмек көрсетуді жетілдіруге бағытталған бағдарламалар мен жобаларды әзірлеу және іске асыру;
      7) пробация белгіленетін адамдарға қатысты әлеуметтік-құқықтық көмек көрсету үшін заңнамамен белгіленген тәртіпте қоғамдық бірлестіктер құру;
      8) Қазақстан Республикасының заңнамасына қарама-қайшы келмейтін нысандарда өзге де көмек көрсету арқылы іске асырады.
      3. Үкімдік және пенитенциарлықтан кейінгі пробация кезінде өздеріне сенуге тұрарлық адамдарға пробация қызметінің есебінде тұрған адамдардың тиісті мінез-құлқына және пробация қызметінің шақыруы бойынша олардың келуіне жауап бере алатыны туралы жазбаша міндеттемеден тұратын жеке кепілдеме беруге жол беріледі.
      Жеке кепілдеме тек кепілдеме берушінің жазбаша қолдаухатымен және кепілдеме берілетін адамның келісімімен ғана қол жетімді.
      Кепілдеме беруші жеке кепілдеме туралы қолхат береді, онда ол кепілдеме берілетін адамға қатысты міндеттердің мәні оған түсіндірілгенін растайды.
      4. Пробация белгіленетін адамдарға қатысты әлеуметтік-құқықтық көмек көрсетуге қатысатын азаматтар мен ұйымдар аталған адамдар мен олардың отбасы мүшелерінің жеке өмірі туралы өзіне мәлім болған жеке деректері мен мәліметтерін олардың жазбаша келісімінсіз жариялауға құқылы емес.

3-тарау. Пробация қызметінің өкілеттіктері және оның
мемлекеттік органдармен, ұйымдармен және азаматтармен өзара
іс-қимылы

      9-бап. Пробация қызметінің өкілеттіктері
      1. Пробация қызметі:
      1) жеке адамға психологиялық-әлеуметтік тестілеу жүргізеді;
      2) бас бостандығынан айыру орындарынан босатуға дайындық кезеңінде сотталғандардың әлеуметтік мінез-құлқын түзеу (қайта әлеуметтік жағдай жасау) бағдарламасын іске асырады;
      3) сотқа дейінгі, үкімдік, пенитенциарлық және пенитенциарлықтан кейінгі пробацияға түсетін адамдардың есебін жүргізеді;
      4) сот жүктеген міндеттерді орындау және оларды орындамағаны үшін жауапкершілікке тартылу тәртібін түсіндіреді;
      5) осы Заңда көзделген жағдайларда пробация қызметінің есебінде тұрған адамдарға қатысты пробациялық бақылауды жүзеге асырады;
      6) пробациялық бақылауды жүзеге асыру және тоқтату әрі пробациялық бақылау тәртібін бұзғаны үшін жауапкершілікке тарту тәртібі мен шарттарын түсіндіреді;
      7) пробация қызметінің есебінде тұрған адамдарға олардың әлеуметтік-құқықтық көмек алуына жәрдем көрсетеді;
      8) әлеуметтік-құқықтық көмек көрсетудің тәртібін түсіндіреді;
      9) пробациядағы адамның тұрғылықты жерін, оның денсаулық жағдайын, білім деңгейін және жұмыспен қамтылуын, сондай-ақ оған әлеуметтік-құқықтық көмек көрсету көлемін анықтау үшін қажетті өзге де мәліметтерді анықтайды;
      10) мемлекеттік органдармен, ұйымдармен және азаматтармен өзара іс-қимыл жасасады;
      11) Қазақстан Республикасының заңнамасымен көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

      10-бап. Пробация қызметінің мемлекеттік органдармен,
              ұйымдармен және азаматтармен өзара іс-қимыл жасауы
      1. Пробация қызметі өз құзыреті шегінде мемлекеттік органдармен, ұйымдармен және азаматтармен пробация белгіленген адамдарға қатысты әлеуметтік-құқықтық көмек көрсету мәселелері бойынша өзара іс-қимыл жасауды жүзеге асырады.
      2. Шетелдік үкіметтік емес ұйымдар Қазақстан Республикасының заңнамасына және Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына сәйкес іске асырылатын жобалар шеңберінде пробация қызметіне көмек көрсете алады.
      3. Жергілікті атқарушы органдар, ұйымдар мен азаматтар пробация қызметі әзірлеген әлеуметтік-құқықтық көмек көрсетудің жеке бағдарламасына сәйкес пробация белгіленетін адамдарға қатысты әлеуметтік-құқықтық көмек көрсетеді.

4-тарау. Пробация түрлері және оларды жүзеге асыру тәсілдері

      11-бап. Пробация түрлері
      Пробация түрлері:
      1) сотқа дейінгі пробация;
      2) үкімдік пробация;
      3) пенитенциарлық пробация;
      4) пенитенциарлықтан кейінгі пробация.

      12-бап. Сотқа дейінгі пробация
      1. Сотқа дейінгі пробацияға түсетін, қылмыстық құқық бұзушылық жасады деп күдік келтірілген адамдар:
      1) кәмелетке толмағандар;
      2) мүгедектер;
      3) елу сегіз жастағы және одан асқан әйелдер;
      жүкті әйелдер;
      үш жасқа дейінгі жас балалары бар әйелдер;
      4) алпыс үш жастағы және одан асқан ер адамдар;
      үш жасқа дейінгі жас балаларды жалғыз өзі тәрбиелейтiн ер адамдар.
      Сотқа дейінгі пробация үй қамағы немесе қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылған адамдарға қатысты қолданылмайды.
      2. Пробация қызметі сотқа дейінгі пробацияға түсетін адам өтініш жасаған күннен бастап әлеуметтік-құқықтық көмек көрсетудің жеке бағдарламасын әзірлейді және оның іске асырылуын қамтамасыз етеді. Жүргізілген жұмыс нәтижелері бойынша пробация қызметі сотқа дейінгі баяндама жасайды, ол сотқа дейінгі пробация жүргізілген адамға сот талқылауы басталғанға дейін беріледі.
      Сотқа дейінгі тергеу сатысында қылмыстық іс тоқтатылған жағдайда пробация қызметі сотқа дейінгі пробацияны тоқтатады.
      3. Сотқа дейінгі пробация кезіндегі әлеуметтік-құқықтық көмек осы Заңның 18-бабында көрсетілген шаралардан тұрады және күдіктінің мінез-құлқын түзеуге, олардың жаңа қылмыстық құқық бұзушылықтар жасауының алдын алуға бағытталған. Күдіктінің тиісті іс-шараларды орындауы немесе орындауға ұмтылысы сотқа дейінгі баяндамада оның басқа да әлеуметтік-демографиялық, психологиялық-әлеуметтік, криминологиялық деректерімен қатар көрсетіледі.
      4. Сотқа дейінгі баяндаманың мазмұны кіріспе, сипаттау және ұсынымдық бөліктерді қамтиды.
      Кіріспе бөлікте:
      1) сотқа дейінгі баяндаманы толтыру уақыты, күні және орны;
      2) сотқа дейінгі баяндаманы жасаған адамның лауазымы, тегі және аты-жөні;
      3) күдіктінің тегі, аты, әкесінің аты (болған жағдайда), туған жылы, айы, күні және жері көрсетіледі.
      Сипаттау бөлігінде:
      1) күдікті туралы мәліметтер (азаматтығы, отбасылық жағдайы, айналысатын кәсібі, білімі, тұрғылықты жері, соттылығының бар-жоғы), оны сипаттайтын өзге де деректер;
      2) жеке бағдарламада көзделген іс-шараларды орындау туралы;
      3) күдіктінің әлеуметтік мінездемесі туралы;
      4) жеке басын психологиялық-әлеуметтік тестілеу нәтижелері туралы мәліметтер көрсетіледі. Тестілеуді жүргізу әдістемесін қылмыстық-атқару қызметі саласындағы уәкілетті орган бекітеді;
      5) пробация қызметінің ұсынымдарын қолдануы және оның көмегін алуы туралы мәліметтер көрсетіледі.
      Ұсынымдық бөлікте жазаның бас бостандығынан айырумен байланысты емес түрлерін қолданған кезде адамға жүктеуге ұсынылатын міндеттер мен шектеулердің үлгі тізбесі көрсетіледі.
      5. Сотқа дейінгі баяндаманы жасау кезінде пробация қызметі күдіктінің жеке басын мінездеуге мүмкіндік беретін ақпаратты мемлекеттік органдардан және ұйымдардан, қоғамдық ұйымдардан және азаматтардан, сондай-ақ өзге де ақпараттық жүйелерден алады және пайдаланады.
      6. Сотқа дейінгі баяндаманы әзірлеу әдістемесін қылмыстық-атқару қызметі саласындағы уәкілетті орган бекітеді.
      7. Сотқа дейінгі баяндамада көрсетілген мәліметтердің дұрыстығы, объективтілігі және сапасы үшін жауаптылық пробация қызметіне жүктеледі.

      13-бап. Үкімдік пробация
      1. Сотталған адамға қатысты үкімдік пробация кезінде ұзақтығы сот үкімімен немесе қаулысымен анықталатын пробациялық бақылау белгіленеді.
      2. Үкімдік пробацияға түсетін адамдар:
      1) бас бостандығын шектеуге сотталғандар;
      2) шартты түрде сотталғандар.
      Үкімдік пробацияға түсетін адамдарға қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 44-бабының қағидалары бойынша пробациялық бақылау белгіленеді, оның тәртібін сақтамау Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жауаптылыққа әкеп соғады.
      2. Пробациялық бақылау белгіленген адам:
      1) сот үкімі немесе қаулысы заңды күшіне енген күннен бастап он тәулік ішінде есепке қою үшін пробация қызметіне келуге;
      2) жазаны және қылмыстық-құқықтық ықпал ету шараларын өтеу шарттары мен тәртібін сақтауға;
      3) белгіленген күндері тіркеу үшін және өзімен профилактикалық әңгімелесу жүргізу үшін пробация қызметіне келуге;
      4) тұрғылықты жерінің, жұмыс немесе оқу орнының өзгергені туралы пробация қызметіне жазбаша хабарлауы;
      5) сот және Қазақстан Республикасының заңнамасында өзіне жүктелген өзге де міндеттерді орындауға міндетті.
      3. Адам пробациялық бақылау шарттарын сақтамаған жағдайда пробация қызметі:
      1) бас бостандығын шектеуге сотталған адамға қатысты жазбаша ескерту түрінде жаза қолданады, ал жазасын өтеуден қасақана жалтарған жағдайда, сотқа бас бостандығын шектеудің өтелмеген бөлігін бас бостандығынан айыру түріндегі жазаға ауыстыру туралы мәселені шешу үшін материалдар ұсынады;
      2) шартты түрде сотталғандарға қатысты пробациялық бақылау мерзімін ұзарту туралы не шартты түрде соттаудың күшiн жою және сот үкімімен тағайындалған жазаны орындау туралы ұсыным енгізеді.
      4. Егер пробациялық бақылау белгіленген мерзімнің кемінде жартысы өткеннен кейін шартты түрде сотталған адам өзінің мінез-құлқымен түзелгенін дәлелдесе, онда пробация қызметі сотқа шартты түрде соттаудың күшін жою туралы және сотталған адамнан соттылықты алу туралы ұсыным жолдайды.
      5. Пробациялық бақылау белгіленген сотталған адамға қатысты әлеуметтік-құқықтық көмек көрсетудің жеке бағдарламасы сотқа дейінгі баяндама негізінде жасалады және ол болмаған жағдайда ғана процестің сотқа дейінгі сатысында тиісті зерттеу жүргізілмегендіктен жеке басына кешенді зерттеу жүргізіледі.

      14-бап. Пенитенциарлық пробация
      1. Пенитенциарлық пробацияға түсетін адамға қатысты оны босатуға дайындау кезінде пробация қызметі қылмыстық-атқару (пенитенциарлық) жүйесі мекемесінің әкімшілігімен бірлесіп сотталған адамды босатуға және пенитенциарлықтан кейінгі пробацияға дайындаудан тұратын сотталғандарды қайта әлеуметтік жағдай жасаудың жеке бағдарламасын әзірлейді және іске асырады.
      2. Пенитенциарлық пробацияға жаза мерзімін өтеуге дейін бір жыл қалған, белгілі бір мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны өтеп жатқан сотталғандар түседі.
      3. Жеке бағдарлама:
      1) пробация қызметі сотқа дейінгі пробация кезеңінде әзірлеген сотқа дейінгі баяндаманың деректерін (болған жағдайда);
      2) сотталған адамның қылмыстық-атқару (пенитенциарлық) жүйесі мекемесінде болған кезеңіндегі мінез-құлқын сипаттайтын материалдарды;
      3) босатуға дайындалатын адамдардың өтелген және өтелмеген талап-арыздары туралы мәліметтерді;
      4) босатуға дайындалатын сотталған адамның әлеуметтік байланыстары, оның денсаулық жағдайы, білім деңгейі, еңбек дағдылары, құқықтары мен бостандықтарын іске асырудың құқықтық тетіктері туралы хабардарлығы туралы мәліметтерді, сондай-ақ әлеуметтік мінез-құлықты түзеу және сотталған адамның табысты әлеуметтік бейімделуі үшін қажетті өзге де мәліметтерді;
      5) босатуға дайындалатын сотталған адамға әлеуметтік-құқықтық көмек көрсетуге бағытталған нақты іс-шараларды;
      6) сотталған адам босатылғаннан кейін оған әлеуметтік-құқықтық көмек көрсету, оны тұрмыстық және жұмысқа орналастыру бойынша жоспарланған іс-шараларды қамтиды.
      4. Сотталған адамды босатуға және пенитенциарлықтан кейінгі пробацияға дайындаудан тұратын сотталғандарды қайта әлеуметтік жағдай жасаудың жеке бағдарламасын іске асыру кезінде пробация қызметі:
      1) жергілікті атқарушы органдармен, халықты жұмыспен қамту, білім беру мәселелері жөніндегі жергілікті органдармен және өзге де ұйымдармен босатуға дайындалатын адамдарды тұрмыстық және еңбекке орналастыру мәселелерін шешу бөлігінде өзара іс-қимылды жүзеге асырады;
      2) босатуға дайындалатын адамдарға тұрмыстық және еңбекке орналасу тәртібін реттейтін заңнаманы түсіндіру бойынша жұмыс жүргізеді, оларды құқықтары мен бостандықтарын іске асыру мен қорғаудың қолданыстағы құқықтық тетіктері туралы хабардар етеді; бас бостандығынан айыру орындарынан босатылу кезінде әлеуметтік-құқықтық көмек алу көлемі мен тәртібін түсіндіреді; әкімшілік қадағалауды және пробациялық бақылауды жүзеге асыру тәртібі, сондай-ақ оларды бұзудың салдары туралы алдын ала хабардар етеді;
      3) тиісті құжаттаманы жүргізеді;
      4) босатуға дайындалатын адамдарға әлеуметтік-құқықтық көмек көрсету мәселелері бойынша өзге де пробация субъектілерімен өзара іс-қимыл жасасады.
      5. Пробация қызметі қылмыстық-атқару (пенитенциарлық) жүйесі мекемесінің әкімшілігімен ынтымақтастықта:
      1) жұмыс күші нарығының талаптарына сәйкес бас бостандығынан айыру орындарынан босатуға дайындалатын адамды кәсіби даярлауды, қайта даярлауды және біліктілігін арттыуды;
      2) сотталғандарға бос орындар және тиісті жұмыс орнын таңдау туралы дәйекті ақпарат беру, босатуға дайындалатын адамдарды халықты жұмыспен қамту орталықтарында тіркеуге жәрдемдесу үшін халықты жұмыспен қамту агенттіктерімен алдын ала байланыстар орнатуды;
      3) туыстары немесе басқа да әлеуметтік байланыстары жоқ босатуға дайындалатын адамдардың өтініші бойынша тұрғын үйді жалға алуды жеңілдету үшін мамандандырылған ұйымдармен/агенттіктермен байланыстар орнатуды;
      4) қарт адамдарды және мүгедектерді олардың өтініші бойынша әлеуметтік мекемелерге белгілеуге жәрдемдесу үшін мамандандырылған ұйымдармен байланыстар орнатуды;
      5) босатуға дайындалатын адамның әзірленген әлеуметтік мінез-құлқын түзетудің (қайта әлеуметтік жағдай жасаудың) әзірленген жеке бағдарламасын іске асыруды қамтамасыз етеді.

      15-бап. Пенитенциарлықтан кейінгі пробация
      1. Жазасын өтеуден шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған адамның пенитенциарлықтан кейінгі пробациясы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес оның тұрғылықты жері бойынша ішкі істер органдары жүзеге асыратын пробациялық бақылау белгілеу нысанында, пробация қызметі жасаған әлеуметтік-құқықтық көмек көрсетудің жеке бағдарламасы негізінде көрсетілетін әлеуметтік-құқықтық көмекпен ұштастырыла отырып жүзеге асырылады.
      2. Сот әкімшілік қадағалау белгілеген адамға қатысты оның пенитенциарлықтан кейінгі пробациясы пробация қызметі жасаған әлеуметтік-құқықтық көмек көрсетудің жеке бағдарламасы негізінде көрсетілетін әлеуметтік-құқықтық көмекпен ұштастырылып, қадағалаудағы адамға қатысты ішкі істер органдарының бақылау-профилактикалық іс-шаралары нысанында жүзеге асырылады.
      3. Бас бостандығынан айыру бас бостандығын шектеуге ауыстырылған адамның пенитенциарлықтан кейінгі пробациясы бас бостандығын шектеуге сотталған адамдарға қатысты үкімдік пробация қағидалары бойынша, қажетті әлеуметтік-құқықтық көмектің көлемін анықтау кезіндегі қылмыстық-атқару (пенитенциарлық) жүйесі мекемесінде болғаннан кейін әлеуметтік бейімдеудегі қажеттіліктерді ескере отырып, жүзеге асырылады.
      4. Сот тағайындаған бас бостандығынан айыру мерзімін өтеген адамның пенитенциарлықтан кейінгі пробациясы өзінің бастамашылық етуі бойынша, оның пробация қызметіне немесе өзге де пробация субъектілеріне әлеуметтік-құқықтық көмек көрсетуге өтініш беруі арқылы жүзеге асырылады.
      5. Пенитенциарлықтан кейінгі пробацияға түсетін адамдар:
      1) бас бостандығынан айыру түріндегі жазасын өтеуден шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған адамдар;
      2) сот әкімшілік қадағалау белгілеген бас бостандығынан айыру орындарынан босатылатын адамдар;
      3) Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 73-бабына сәйкес бас бостандығынан айыру бас бостандығын шектеуге ауыстырылған сотталғандар;
      4) Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 73-бабына сәйкес бас бостандығынан айыру айыппұлға ауыстырылған сотталғандар;
      5) сот тағайындаған бас бостандығынан айыру түріндегі жаза мерзімін өтеген адамдар.
      Осы баптың 5-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген пенитенциарлықтан кейінгі пробацияға түсетін адамдарға қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық-атқару кодексінің 169-бабының қағидалары бойынша пробациялық бақылау белгіленеді.
      Осы баптың 5-тармағының 3) тармақшасында көрсетілген адамдарға қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 44-бабының және Қазақстан Республикасы Қылмыстық-атқару кодексінің 69-бабының қағидалары бойынша пробациялық бақылау белгіленеді.
      Осы баптың 5-тармағының 4) және 5) тармақшаларында көрсетілген адамдардың әлеуметтік бейімделуіне қажетті әлеуметтік-құқықтық көмек алуына жәрдемдесу үшін пробация қызметіне өтініш жасауға құқығы бар.
      6. Пенитенциарлықтан кейінгі пробацияға түсетін адамға қатысты әлеуметтік-құқықтық көмектің жеке бағдарламасын жасау кезінде мынадай мән-жайлар ескеріледі:
      1) қылмыстық-атқару (пенитенциарлық) жүйесі мекемесінде болу ұзақтығы, сондай-ақ оның әлеуметтік оңалту мен бейімдеудегі қажеттілікті бағалауға арналған түрі;
      2) қылмыстық-атқару (пенитенциарлық) жүйесі мекемесінде болу себебінен әлеуметтік пайдалы байланыстарын сақтау немесе жоғалту;
      3) өз бетінше тұрмыстық және еңбекке орналасудың нақты мүмкіндіктері, еңбек дағдыларының сақталуы, сондай-ақ қылмыстық-атқару (пенитенциарлық) жүйесі мекемесінде болу кезеңінде алған білімі мен мамандығының болуы;
      4) қылмыстық-атқару (пенитенциарлық) жүйесі мекемесінде болу кезеңінде өтелген және өтелмеген талап-арыздарының болуы;
      5) арнаулы әлеуметтік қызметтерді алудағы қажеттілік;
      6) пенитенциарлықтан кейінгі пробацияны жүзеге асыруға әсер етуі мүмкін өзге де мән-жайлар.

      16-бап. Кәмелетке толмағандарға қатысты пробацияны жүзеге
               асыру ерекшеліктері
      1. Кәмелетке толмағандарға қатысты пробация бала мүдделерінің басымдығы қағидатын сақтау міндеттілігі ескеріле отырып жүзеге асырылады және жасалған қылмыстық құқық бұзушылық және қылмыстық жауаптылыққа тарту фактісіне байланысты өмірлік қиын жағдайдағы баланы уақытша қорғауға, оған қайта әлеуметтік жағдай жасауға және отбасына, мемлекеттік білім беру мекемесіне және қоғамға қайта сіңісуіне бағытталған.
      2. Кәмелетке толмағандарға қатысты пробация:
      1) жеке және жас ерекшеліктері;
      2) қорғаншылық және қамқоршылық органдарымен, бала құқықтарын қорғау қызметтерімен байланысты орнату және сақтау қажеттілігі;
      3) кәмелетке толмағанның отбасына қайта сіңісуіне дейінгі және одан кейінгі жағдайға мониторингті жүзеге асыру мүмкіндігі;
      4) кәмелетке толмағанға көмекке және оның қиын жағдайға түсу тәуекелін болдырмауға отбасы мен қоғамды тартуды;
      5) бала мүдделерінің басымдығы қағидатын сақтау мақсатында кәмелетке толмағандарға қатысты пробация шараларын қолдану мәселелері жөніндегі азаматтық қоғам институттарымен өзара іс-қимыл ескеріле отырып жүзеге асырылады.
      3. Кәмелетке толмағанға қатысты пробацияны жүзеге асыру процесінде пробация қызметі:
      1) бала мен отбасын қорғау, қоғамдық әлеуметтік қорғау қызметтерін құру саласындағы арнайы бағдарламаларды әзірлеуге және бекітуге;
      2) бала мен отбасын қорғау жөніндегі көрсетілетін қызметтерді мониторингтеу және бағалау жүйесін әзірлеуге және енгізуге;
      3) азаматтар мен ұйымдарды бала мен отбасы проблемаларын шешуге тарту тетігін әзірлеуге қатысады.

      17-бап. Кәмелетке толмағандарға қатысты пробациялық
               бақылауды жүзеге асыру
      1. Пробация қызметі:
      1) бас бостандығын шектеу түріндегі жазаға сотталған;
      2) шартты түрде сотталған кәмелетке толмағандарға қатысты пробациялық бақылауды жүзеге асырады.
      2. Ішкі істер органдары:
      1) жазасын өтеуден шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған;
      2) сот тәрбиелік ықпал етудің мәжбүрлеу шарасын тағайындаған кезде пробациялық бақылаудағы кәмелетке толмағандарға қатысты пробациялық бақылауды жүзеге асырады.
      3. Пробация қызметі пробациялық бақылау белгіленген кәмелетке толмағанды есепке қою және оған қажетті әлеуметтік-құқықтық көмек көлемін айқындау кезінде Қазақстан Республикасы Қылмыстық-атқару кодексінің 69169 және 174-баптарына сәйкес шаралар кешенін іске асырады. Бұл ретте отбасының мүмкіндіктері кәмелетке толмағанның ата-аналарының немесе заңды өкілдерінің кәмелетке толмағанның әлеуметтік бейімделу процесіне тигізетін оң әсері ескеріледі. Қажет болған кезде кәмелетке толмағанға әлеуметтік-құқықтық көмек көрсетудің жеке бағдарламасында педагог пен психологтың қатысуы көзделуге тиіс.
      4. Кәмелетке толмағандарға қатысты осы баптың үшінші бөлігінде көрсетілген шаралармен қатар пробация қызметі қорғаншылық және қамқоршылық органының өкілдерімен бірлесіп, кәмелетке толмағандардың тұрғын үй жағдайларына акт жасай отырып тексеруді тоқсан сайын жүргізеді.

5-тарау. Пробация белгіленетін адамдарға әлеуметтік-құқықтық
көмек алуға жәрдемдесу

      18-бап. Пробация белгіленетін адамдарды әлеуметтік
               бейімдеу және әлеуметтік оңалту шаралары
      1. Пробация белгіленетін адамдарды әлеуметтік бейімдеуді және әлеуметтік оңалтуды жергілікті атқарушы органдар, білім беру, денсаулық сақтау және халықты әлеуметтік қорғау саласындағы уәкілетті органдар, сондай-ақ азаматтар мен ұйымдар қамтамасыз етеді.
      2. Пробация белгіленетін адамдарды әлеуметтік бейімдеу және әлеуметтік оңалту өзіне:
      1) медициналық көмек;
      білім алу;
      кәсіпті меңгеру (кәсіптік даярлау, қайта даярлау және біліктілікті арттыру);
      еңбекке орналасуға жәрдемдесу;
      психологиялық демеу;
      Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген жеңілдіктер, өзге де әлеуметтік төлемдерді алу мәселелері бойынша әлеуметтік-құқықтық көмек көрсетуді;
      2) әлеуметтік байланыстарды қолдау жүйесінің (әлеуметтік-психологиялық және психологиялық консультация беру, әлеуметтік патронаж; отбасылық әлеуметтік-жағымды байланыстарды қалпына келтіруге көмек) қалпына келтіруге және қалыптастыруға жәрдемдесуді;
      3) әлеуметтік-тұрмыстық және мәдени бейімдеуді (келу орнымен қамтамасыз ету, оңалту іс-шараларын ұйымдастыру, мәдени іс-шараларға қатысуға тарту);
      4) әлеуметтік-құқықтық және өзге де мәселелер бойынша консультациялар беруді қамтиды.
      3. Пробацияға түсетін адамның жеке басын зерделеу нәтижелері бойынша пробация қызметі ол келген күннен бастап үш жұмыс күні ішінде жеке бағдарлама жасайды.
      Жеке бағдарламаның бірінші данасы пробация қызметінде қалады, жеке бағдарламаның екінші данасы пробацияға түсетін адамға қол қоя отырып беріледі, сондай-ақ жеке бағдарлама данасының қажетті саны әлеуметтік-құқықтық көмек көрсететін азаматтарға және ұйымдарға жолданады.
      4. Жергілікті атқарушы органдар, қоғамдық бірлестіктер ұйымдар жеке бағдарламаның көшірмесін алғаннан кейін әлеуметтік-құқықтық көмек көрсете отырып немесе оны көрсету мүмкін емес мән-жайларды белгілей отырып, пробация қызметін он бес күн ішінде хабардар етеді.

6-тарау. Қорытынды ережелер

      19-бап. Қазақстан Республикасының пробация саласындағы
               заңнамасын бұзғаны үшін жауапкершілік
      Қазақстан Республикасының пробация саласындағы заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауапкершілікке әкеп соғады.

      20-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі
      Осы Заң алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады