"Стандарттау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 29 желтоқсандағы № 889 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      "Стандарттау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілсін.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі Б. Сағынтаев

  Жоба

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ЗАҢЫ Стандарттау туралы

      Осы Заң стандарттау саласында мемлекеттік органдар, жеке және заңды тұлғалар арасында туындайтын қоғамдық қатынастарды реттейді, оның мақсаттарын, қағидаттары мен жұмыс істеу жүйесін айқындайды.

1-тарау. Жалпы ережелер

1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар

      Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) ұлттық әскери стандарт – белгілі бір нәрсеге және арнайы пайдалану мақсатында әскери және қос мақсаттағы объектілер үшін қағидаларды, жалпы қағидаттар мен сипаттамаларды белгілейтін, оның ішінде мемлекеттік құпияларға жатқызылатын және таратылуы шектеулі мәліметтерден тұратын тауарларға (өнімге), жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерге арналған стандарттау жөніндегі құжат;

      2) өнiмнiң өмiрлiк циклi – өнiмдi жобалау, өндiру, пайдалану немесе тұтыну, сақтау, тасымалдау, өткiзу, жою және кәдеге жарату процестерi;

      3) дайындаушы – тауарды өткізу үшін өндіретін жеке немесе заңды тұлға;

      4) өнімнің каталогтық парағы – нақты өнім туралы: оның атауы, дайындаушысы, стандарттау талаптарына сәйкес өнім дайындалатын стандарттау жөніндегі құжат, сондай-ақ осы өнімнің негізгі тұтынушылық сипаттамалары туралы мәліметті алуға мүмкіндік беретін деректемелердің бірыңғай жинағын қамтитын құжат;

      5) халықаралық стандарт – халықаралық стандарттау ұйымы қабылдаған, пайдаланушылардың қалың көпшілігі үшін қолжетімді стандарттау жөніндегі құжат;

      6) мемлекетаралық стандарт – өңірлік стандарттау ұйымы – Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Стандарттау, метрология және сертификаттау жөніндегі мемлекетаралық кеңесі қабылдаған өңірлік стандарт;

      7) уәкілетті орган – стандарттау саласында басқаруды жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;

      8) халықаралық стандарттау ұйымы – кез келген елдің мүше болуы үшін ашық стандарттау жөніндегі ұйым;

      9) ұлттық стандарттау органы – Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын мемлекеттік заңды тұлға;

      10) техникалық-экономикалық ақпарат жiктеуiштері – техникалық-экономикалық ақпарат объектiлерiнiң жiктеу топтарының кодтары мен атауларының жүйеленген жиынтығы болып табылатын, ұлттық техникалық-экономикалық ақпарат жіктеуіштері, халықаралық стандарттау ұйымының техникалық-экономикалық ақпарат жіктеуіштері мен өңірлік стандарттау ұйымының техникалық-экономикалық ақпарат жіктеуіштері жатқызылатын стандарттау жөніндегі құжат;

      11) ұлттық стандарттау жүйесі – стандарттау саласындағы қызметті жүзеге асыру процесіндегі субъектілердің және олардың қатынастарының, сондай-ақ жалпы қол жетімді мемлекеттік ақпарат ресурстарының объектілері болып табылатын стандарттау жөніндегі құжаттар мен нормативтік техникалық құжаттардың жиынтығы;

      12) үкіметтік емес стандарт – Қазақстан Республикасының коммерциялық емес ұйымы қабылдаған, пайдаланушылардың қалың көпшілігі үшін қолжетімді стандарттау жөніндегі құжат;

      13) стандарттау жөнiндегi құжат – стандарттау жөнiндегi қызметтiң әр түрiне немесе оның нәтижелерiне қатысты нормаларды, қағидаларды, сипаттамаларды, қағидаттарды белгiлейтiн құжат;

      14) ұлттық стандарт – уәкілетті орган бекіткен, пайдаланушылардың қалың көпшiлiгi үшін қолжетімді стандарттау жөніндегі құжат;

      15) стандарттау объектілері – стандарттауға жататын немесе стандартталған өнім, жұмыс, көрсететін қызмет және оларға байланысты процестер;

      16) негізге алынатын ұлттық стандарт – қолданылу саласы кең немесе стандарттаудың белгілі бір саласы үшін жалпы ережелерді қамтитын стандарттау жөніндегі құжат;

      17) ресми басылым – ұлттық стандарттау белгісі түсірілген, Нормативтік техникалық құжаттардың бірыңғай мемлекеттік қорының базасында жарияланған стандарттау жөніндегі құжат (ұлттық әскери стандарттарды, өзін-өзі реттейтін ұйымдар стандарттарын, үкіметтік емес стандарттарды, консорциумдар стандарттарын, ұйымдар стандарттарын қоспағанда) мәтінінің Нормативтік техникалық құжаттардың бірыңғай мемлекеттік қорында жарияланатын баспа немесе электрондық басылымы;

      18) тарату – осы Заңда белгіленген тәртіппен жеке және заңды тұлғалардың тиісті сауалдары негізінде ресми басылымды және олардың көшірмелерін табыс ету не іске асыру;

      19) алдын ала ұлттық стандарт – қолдану процесінде қажетті тәжірибені жинақтауға арналған және пайдаланушылардың қалың көпшілігі үшін қолжетімді, уақытша қолдану үшін пайдаланылатын Ұлттық стандарттау органы қабылдаған стандарттау жөніндегі құжат;

      20) өнім – материалдық-заттай нысанда табыс етілген және шаруашылық және өзге де мақсаттарда одан әрі пайдалануға арналған қызмет нәтижесі;

      21) процесс – өнiмнiң өмiрлiк циклiнiң процестерiн қоса алғанда, қандай да бiр міндеттелген нәтижеге жету жөнiндегi өзара байланысты және дәйектi iс-қимылдар (жұмыстар) жиынтығы;

      22) стандарттау жөніндегі жобалық техникалық комитет – стандарттау жөніндегі жұмыстарды ұйымдастыру және жүргізу жөніндегі нысаналы міндеттерді шешу үшін уақытша негізде Ұлттық стандарттау органы құратын стандарттау жөніндегі техникалық комитет;

      23) өңiрлiк стандарт – өңiрлiк стандарттау ұйымы қабылдаған стандарттау жөніндегі құжат;

      24) өңiрлiк стандарттау ұйымы – қызметiне қатысу бiр ғана географиялық немесе экономикалық өңір үшін ашық стандарттау жөнiндегi ұйым;

      25) стандарттау жөніндегі ұсынымдар – уәкілетті орган бекітетін және стандарттау және (немесе) өлшем бірлігін қамтамасыз ету мен сәйкестікті растау жөніндегі жұмыстарды жүргізуге қатысты ұйымдастыру және әдістемелік сипаттағы ақпараттан тұратын стандарттау жөніндегі құжат;

      26) ұйым стандарты – ұйымның өзі бекітетін стандарттау жөніндегі құжат;

      27) стандарттау – нақтылы және әлеуетті міндеттерге қатысты жалпыға бірдей, көп мәрте пайдалану үшін ережелерді белгілеу арқылы стандарттау объектілерінің қауіпсіздігі мен сапасын арттыруға және стандарттау объектілеріне қойылатын талаптарды ретке келтірудің оңтайлы дәрежесін қамтамасыз етуге бағытталған қызмет;

      28) стандарттар жөніндегі құжаттарға өзекті сипат беру – стандарттау жөніндегі құжаттардың даналарына белгіленген тәртіппен қабылданған өзгерістерді, толықтыруларды, түзетулерді және (немесе) олардың қолданылу мерзімі, оларды шектеу, ауыстыру немесе жою туралы ақпаратты енгізу арқылы құжаттарды өзекті жағдайда ұстау процесі;

      29) консорциум стандарты – консорциум қабылдаған стандарттау жөніндегі құжат;

      30) стандарттау жөніндегі сілтемелік құжат – нормативтік құқықтық актіде сілтеме берілген ұлттық стандарт (алдын ала ұлттық стандартты қоспағанда) және ұлттық техникалық-экономикалық ақпарат жіктеуіші;

      31) өнімді каталогтау жүйесі – өнімнің сипаттамалары және оны дайындаушылар туралы ұйымдастыру-техникалық ақпарат жүйесі;

      32) ұлттық стандарттау жүйесінің субъектілері – стандарттау саласындағы қызметті жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалардың, сондай-ақ мемлекеттік органдардың жиынтығы;

      33) стандарттау жөніндегі техникалық комитет – экономика салаларында стандарттау саласындағы қызметті жүзеге асыру және стандарттаудың бекітілген объектілері немесе қызмет бағыттары бойынша ұлттық стандарттау жүйесін құруға қатысу үшін ерікті негізде құрылатын консультациялық-кеңесші орган;

      34) стандарттау жөніндегі техникалық сарапшы – стандарттау саласындағы қызметке қатысатын, стандарттау объектісіне қатысты арнайы білімі бар және осы Заңда белгіленген сипаттамаларға сай келетін жеке тұлға;

      35) апелляциялық комиссия – ұлттық стандарттау жүйесі саласында дауларды сотқа дейін реттеу үшін уәкілетті орган құратын алқалы орган;

      36) көрсетілетін қызмет – жеке және (немесе) заңды тұлғалардың қажеттерін қанағаттандыруға бағытталған, нәтижелерінен материалдық көрініс болмайтын қызмет;

      37) стандарттау саласындағы қызмет – стандарттау жөніндегі құжаттарды жоспарлау, әзірлеу, бекіту, тіркеу, есепке алу, жариялау, қолдану, олардың мониторингі және оларға өзекті сипат беру;

      38) шет мемлекеттердің стандарттау субъектілері – стандарттау саласында өз елдерінің мүддесін білдіруге уәкілетті мемлекеттік органдар, жеке не заңды тұлғалар;

      39) ұлттық стандарттау жүйесінің тізілімі – ұлттық, алдын ала ұлттық стандарттарды, техникалық-экономикалық ақпараттың ұлттық жіктеуіштерін, стандарттау жөніндегі ұсынымдарды, стандарттау жөніндегі техникалық комитеттерді, стандарттау жөніндегі жобалық техникалық комитеттерді есепке алудың электрондық нысанда жүзеге асырылатын жүйесі;

      40) стандарттау жөніндегі техникалық комитеттің базалық ұйымы – базасында стандарттау жөніндегі техникалық комитет құрылған және жұмыс істейтін ұйым;

      41) өзара байланысты стандарттар – техникалық регламенттерде белгіленген талаптардың орындалуын қамтамасыз ететін ұлттық стандарттар;

      42) үйлестіру – ғылым мен техникадағы ең жаңа жетістіктерді бейнелейтін және стандарттау объектілерінің сапасы деңгейіне және бәсекеге қабілеттілігіне қойылатын заманауи талаптарды айқындайтын халықаралық және өңірлік стандарттарды ұлттық мүддеге орай енгізу және пайдалану үшін жағдай жасау жөніндегі қызмет;

      43) нормативтік техникалық құжаттардың бірыңғай мемлекеттік қоры –

      мемлекеттік құпияларды және заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын, Қазақстан Республикасының стандарттау саласындағы заңнамасында белгіленген тәртіппен қалыптастырылатын мәліметтерді қоспағанда, нормативтік техникалық құжаттарды, стандарттау жөніндегі құжаттарды (ұлттық әскери стандарттарды, өзін-өзі реттейтін ұйымдардың стандарттарын, консорциум стандарттарын, ұйымдар стандарттарын қоспағанда), сондай-ақ олар туралы мәліметтерді қамтитын жалпыға бірдей қолжетімді мемлекеттік ақпараттық ресурс;

      44) техникалық-экономикалық ақпарат жіктеуіштерінің депозитарийі (бұдан әрі – депозитарий) – техникалық-экономикалық ақпарат жіктеуіштерінің жиынтығы болып табылатын, ведомствоаралық сипаты бар, оларды қалыптастыруды, есепке алуды, сақтауды, өзекті жағдайда ұстауды, депозитарийді пайдаланушылардың мүддесіне орай ақпараттық және нормативтік қамсыздандыруды қамтамасыз ететін арнайы қор;

      45) шет мемлекет стандарты – шет мемлекеттің ұлттық стандарттау органы не шет мемлекет ұйымы қабылдаған стандарт;

      46) шетелдің стандарттау жөніндегі органы – стандарттау саласындағы қызметті жүзеге асыруы ұлттық деңгейде танылған стандарттау жөніндегі ұйым;

      47) ұлттық стандарттау белгісі – ұлттық стандарттау жүйесінде әзірленіп қолданылатын құжаттарды таңбалау үшін пайдаланылатын белгілер;

      48) стандарттардың ақпараттық сілтеуіші – қабылданған стандарттау жөніндегі құжаттар, оларға өзгерістер мен түзетулер, сондай-ақ оларды қолданысқа енгізу мерзімдері туралы ақпарат пен қосымша ақпараттан тұратын, кезең-кезеңмен шығарылатын сілтеуіш.

2-бап. Қазақстан Республикасының стандарттау саласындағы заңнамасы

      1. Қазақстан Республикасының стандарттау саласындағы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi және осы Заң мен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерінен тұрады.

      2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңда қамтылғаннан өзгеше қағидалар белгiленсе, онда халықаралық шарттың ережелерi қолданылады.

3-бап. Осы Заңның реттеу саласы

      Осы Заң стандарттау саласындағы қарым-қатынастарды реттейді және барлық мемлекеттік органдарға, жеке және заңды тұлғаларға қолданылады.

4-бап. Стандарттау мақсаттары

      Стандарттау мақсаттары:

      1) отандық өнімнің және (немесе) онымен байланысты процестердің бәсекеге қабілеттілігін арттыру;

      2) табиғи және энергетикалық ресурстарды үнемдеу;

      3) мемлекеттің ұлттық қауіпсіздігін және әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету;

      4) отандық өнімнің, қызмет көрсетудің, жұмыстарды орындаудың және (немесе) олармен байланысты процестердің қауіпсіздігі мен сапасын арттыру;

      5) халықаралық стандарттау жүйесіне интеграциялау жағдайларын жасау үшін саудадағы техникалық кедергілерді жою;

      6) өнімнің, жұмыстардың және көрсетілетін қызметтердің және (немесе) олармен байланысты процестердің қауіпсіздігі мен сапасына қатысты тұтынушыларды жаңылыстыратын әрекеттердің алдын алу;

      7) инновацияларды тиімді енгізуді қолдау және жоғары технологиялық өндірістерді дамыту, сондай-ақ технологиялар мен үздік зертханалық практикалар трансфертіне жәрдемдесу;

      8) республика халқы өмірінің қауіпсіздігі мен сапасын жақсарту үшін жағдай жасау болып табылады.

5-бап. Стандарттау қағидаттары

      Қазақстан Республикасындағы стандарттау:

      1) еріктілік:

      егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше белгіленбесе, стандарттау жөніндегі құжаттарды қолдану мақсатында таңдау;

      стандарттау жөніндегі жұмыстарға барлық мүдделі тараптардың қатысуы;

      өзара байланысты стандарттардан таңдау;

      2) ұлттық стандарттау жүйесінің бірлігі мен тұтастығы;

      3) стандарттаудың жүйелігі мен кешенділігін қамтамасыз ету;

      4) бірыңғай терминологияны, стандарттау объектілеріне қойылатын талаптарды белгілеу қағидаларын қолдану;

      5) барлық мүдделі тараптардың қатысуы негізінде ұлттық стандарттарды әзірлеу және бекіту;

      6) мемлекеттік құпияларды немесе заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын, авторлық құқық объектісі болып табылатын стандарттау жөніндегі құжаттарды қоспағанда, пайдаланушылар және өзге де мүдделі тұлғалар үшін стандарттау жөніндегі құжаттар, оларды әзірлеу, бекіту және жариялау тәртібі туралы ақпараттың ашықтығы;

      7) стандарттарды әзірлеу кезінде ғылым мен техниканың жетістіктерін және халықаралық немесе өңірлік ұйымдардың стандарттарын пайдалану;

      8) стандарттауды серпінді және озық дамыту қағидаттарына негізделеді.

6-бап. Әскери және қос мақсатқа арналған өнімдерді (процестерді, көрсетілетін қызметтерді) стандарттау саласындағы реттеу

      Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлерінің және әскери құралымдарының мұқтаждары үшін пайдаланылатын ұлттық әскери стандарттарды әзірлеу, келісу, қабылдау, есепке алу, өзгерту және жою тәртібін Қазақстан Республикасының қорғаныс саласындағы уәкілетті органы айқындайды.

2-тарау. Ұлттық стандарттау жүйесі

7-бап. Ұлттық стандарттау жүйесінің құрылымы

      Ұлттық стандарттау жүйесінің құрылымын:

      1) Қазақстан Республикасының Үкіметі;

      2) уәкілетті орган;

      3) өз құзыреті шегінде мемлекеттік органдар;

      4) Ұлттық стандарттау органы;

      5) стандарттау жөніндегі техникалық комитеттер;

      6) стандарттау жөніндегі техникалық сарапшылар;

      7) жеке және (немесе) заңды тұлғалар құрайды.

8-бап. Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң стандарттау саласындағы құзыретi

      Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң стандарттау саласындағы құзыретiне:

      1) стандарттау саласындағы бірыңғай мемлекеттiк саясаттың негiзгi бағыттарын әзірлеу;

      2) ұлттық стандарттау органын айқындау;

      3) өзіне Қазақстан Республикасының Конституциясымен, заңдарымен және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерімен жүктелген өзге де функцияларды орындау жатады.

9-бап. Қазақстан Республикасының стандарттау саласындағы уәкілетті органының құзыретi

      Уәкілетті органның құзыретіне мыналар:

      1) стандарттау саласындағы бірыңғай мемлекеттік саясатты әзірлеу және іске асыру, Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімдері талап етілетін тиісті ұсыныстарды Қазақстан Республикасының Үкіметіне ұсыну;

      2) ұлттық стандарттау жүйесiнің жұмыс істеуін қамтамасыз ету;

      3) Қазақстан Республикасы Үкіметіне ұлттық стандарттау органын айқындау үшін ұсыныс беру;

      4) халықаралық және өңірлік стандарттау жөніндегі ұйымдарда Қазақстан Республикасының мүдделерін білдіру;

      5) ұлттық стандарттау жоспарын әзірлеу тәртібін айқындау;

      6) ұлттық стандарттау жоспарын бекіту;

      7) ұлттық стандарттарды (ұлттық әскери стандарттарды, алдын ала ұлттық стандарттарды қоспағанда), ұлттық техника-экономикалық ақпарат жіктеуіштерін, стандарттау жөніндегі ұсынымдарды, сондай-ақ оларға өзгерістерді бекіту;

      8) әскери және арнаулы қос мақсаттағы тауарлар (өнімдер), жұмыстар мен қызметтерге әскери ұлттық стандарттарды қоспағанда, ұлттық стандарттарды, алдын ала ұлттық стандарттарды, ұлттық техникалық-экономикалық ақпарат жіктеуіштерін, стандарттау жөніндегі ұсынымдарды әзірлеу, келісу, сараптау, бекіту, тіркеу, өзгерту, жою және қолданысқа енгізу тәртібін айқындау;

      9) нормативтік техникалық құжаттардың бірыңғай мемлекеттік қорын қалыптастыру, жүргізу және сүйемелдеу тәртібін, сондай-ақ нормативтік техникалық құжаттардың ресми басылымдарының көшірмелерін тарату тәртібін айқындау;

      10) техникалық-экономикалық ақпарат жіктеуіштерінің депозитарийін құру және жүргізу тәртібін айқындау;

      11) стандарттау жөніндегі сілтемелік құжаттардың қолданылу тәртібін айқындау;

      12) өнімнің каталог парағының нысанын айқындау;

      13) халықаралық, өңірлік стандарттарды және шет мемлекеттердің стандарттарын, шет мемлекеттердің ұйым стандарттарын, техникалық-экономикалық ақпарат жіктеуіштерін, шет мемлекеттердің қағидаларын, нормалары мен ұсынымдарын есепке алу және қолдану тәртібін айқындау;

      14) стандарттау жөніндегі техникалық комитеттерді құру, олардың жұмыс істеуі мен оларды жою тәртібін айқындау;

      15) апелляциялық комиссия туралы ережені бекіту, оның құрамы мен жұмыс істеу тәртібін айқындау;

      16) ұлттық стандарттарды, ұлттық техникалық-экономикалық ақпарат жіктеуіштерін, алдын ала ұлттық стандарттарды және стандарттау жөніндегі ұсынымдарды тіркеу;

      17) өнімнің каталог парақтарын тіркеу;

      18) өнімді каталогтау жүйесінің жұмыс істеуін қамтамасыз ету;

      19) стандарттау саласында мемлекеттік органдардың, жеке және заңды тұлғалардың қызметін салааралық үйлестіруді жүзеге асыру;

      20) ұлттық стандарттарды (ұлттық әскери стандарттарды, алдын ала ұлттық стандарттарды қоспағанда) талдау мен әзірлеуді ұйымдастыру;

      21) үкіметтік емес стандарттарды әзірлеу, консенсусты қамтамасыз ету, бекіту, есепке алу, тіркеу, белгілеу, өзгерту, жою, өзекті сипат беру, сақтау, басып шығару, тарату, әзірлеушінің авторлық құқықтарының сақталуын және қолданысқа енгізу тәртібін айқындау;

      22) өзіне Қазақстан Республикасының Конституциясымен, заңдарымен, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерімен жүктелген өзге де өкілеттіктерді орындау жатады.

10-бап. Мемлекеттік органдардың стандарттау саласындағы құзыреті

      Мемлекеттік органдар өз құзыреті шегінде стандарттау саласында:

      1) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен уәкілетті органға ұлттық, мемлекетаралық стандарттарды, ұлттық техникалық-экономикалық ақпарат жіктеуіштерін, стандарттау бойынша ұсынымдарды әзірлеу, оларға өзекті сипат беру, бірегейлендіру, үйлестіру және жою туралы ұсыныстарды дайындауды және енгізуді;

      2) стандарттау саласында мониторингті жүзеге асыруды;

      3) уәкілетті органмен келісу бойынша ұлттық техникалық-экономикалық ақпарат жіктеуіштерін әзірлеуді;

      4) стандарттау жөніндегі құжаттар мен ұлттық стандарттау жоспарының жобаларын қарауды;

      5) стандарттау жөніндегі техникалық комитеттерді құру бойынша ұсыныстар дайындауды;

      6) стандарттау жөніндегі техникалық комитеттердің және жобалық стандарттау жөніндегі техникалық комитеттердің, халықаралық стандарттау жөніндегі ұйымдардың жұмысына қатысуды;

      7) нормативтік техникалық құжаттарды белгіленген тәртіпке және оларға өзекті сипат беруге сәйкес нормативтік техникалық құжаттардың бірыңғай мемлекеттік қорын қалыптастыру мақсатында ұлттық стандарттау органына тапсыруды;

      8) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңнамалық актілерінде, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

11-бап. Ұлттық стандарттау органы

      1. Ұлттық стандарттау органы өз қызметін жүзеге асыру үшін:

      1) стандарттау жөніндегі құжаттарды таратуға және қолдануға стандарттау жөніндегі халықаралық, өңірлік және шетелдік стандарттау ұйымдармен келісімі;

      2) ұлттық және халықаралық стандарттарды әзірлеуде, стандарттау жөніндегі құжаттар жобаларын сараптауда тәжірибесі;

      3) салалар бойынша стандарттарды талдау мен жүйелеу жүргізуде тәжірибесі болуы керек.

      2. Ұлттық стандарттау органының қызметі отандық тауарлардың, жұмыстардың және көрсетілетін қызметтердің бәсекеге қабілеттілігін дамыту және оларға ішкі және сыртқы нарыққа еркін қол жеткізу, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін жағдай жасау мақсатында стандарттау бойынша жұмысқа қатысушылардың өзара келісілген іс-қимыл тетігін жүзеге асыруға бағытталған.

      3. Ұлттық стандарттау органы стандарттау саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асыруды, стандарттау жөніндегі жұмыстарды үйлестіруді жүзеге асырады.

      4. Ұлттық стандарттау органы өз құзыреті шегінде:

      1) негіз құраушы ұлттық стандарттарды және стандарттау жөніндегі ұсынымдарды әзірлеуді;

      2) стандарттау саласындағы ғылыми зерттеулер жүргізуді және/немесе оларға қатысуды;

      3) басым салалар бөлігінде стандарттарды талдауды және жүйелеуді;

      4) ұлттық стандарттау жоспарын қалыптастыруды, сондай-ақ өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізуді;

      5) стандарттау жөніндегі құжаттардың, өнімнің каталог парақтарының жобаларын сараптауды;

      6) уәкілетті орган айқындаған тәртіппен нормативтік техникалық құжаттардың бірыңғай мемлекеттiк қорын құруды, жүргізуді және сүйемелдеуді;

      7) ұлттық стандарттау жүйесінің тізілімін жүргізуді;

      8) өнімді каталогтаудың ақпараттық жүйесін кеңейту мен сүйемелдеуді;

      9) стандарттау саласындағы халықаралық, өңірлік ұйымдармен, шет мемлекеттердің стандарттау жөніндегі ұйымдарымен, шетелдік стандарттау жөніндегі ұйымдарымен, оның ішінде ақпарат алмасу, Қазақстан Республикасының аумағында халықаралық, өңірлік стандарттарды және шет мемлекеттердің ұлттық стандарттарын қолдану және тарату бойынша ынтымақтасуды;

      10) нормативтік техникалық құжаттардың және стандарттау жөніндегі құжаттардың (ұлттық әскери стандарттарды, өзін-өзі реттейтін ұйымдардың стандарттарын, ұйым стандарттарын, консорциум стандарттарын қоспағанда), сондай-ақ стандарттардың ақпараттық көрсеткіштері мен каталогтарының ресми шығарылымына, таратылуына және жариялануына қатысуды;

      11) стандарттау жөніндегі техникалық комитеттерді, стандарттау жөніндегі жобалық техникалық комитеттерді құруды, олардың қызметін үйлестіруді және оларды жоюды, стандарттау құрамына және объектілеріне өзекті сипат беруді;

      12) алдын ала ұлттық стандарттарды қабылдау;

      13) стандарттау саласында оқыту іс-шараларын ұйымдастыруға қатысуды жүзеге асырады.

12-бап. Стандарттау жөніндегі техникалық комитеттер

      1. Стандарттау жөнiндегi техникалық комитеттерді ұлттық стандарттау органы экономика салаларында ұлттық стандарттау жүйесі субъектілерінің ерікті қатысуы қағидаттары негізінде құрады.

      Стандарттау жөніндегі техникалық комитеттер болмаған жағдайда ұлттық стандарттау органы уәкілетті орган белгілеген тәртіппен уақытша негізде стандарттау жөніндегі жобалық техникалық комитетті құрады.

      2. Стандарттау жөніндегі техникалық комитеттер:

      1) стандарттау жөніндегі құжаттарды әзірлеуге қатысады және оларды әзірлейді;

      2) ұлттық стандарттарды әзірлеу кезінде консенсусты қамтамасыз етеді;

      3) қызметтің бекітілген саласына сәйкес ұлттық стандарттар жобаларының мазмұнын техникалық талқылауды ұйымдастырады;

      4) ұлттық стандарттау жоспарын қалыптастыру бойынша ұсыныстар енгізеді;

      5) мемлекеттік органдарға, заңды немесе жеке тұлғаларға өздерінің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша базалық ұйым атынан сұрау салулар жолдайды;

      6) стандарттау саласындағы ғылыми зерттеулерге қатысады;

      7) стандарттау жөніндегі техникалық комитеттердің, стандарттау жөніндегі халықаралық және өңірлік ұйымдардың жұмысына қатысады;

      8) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

      3. Стандарттау жөніндегі техникалық комитет құрамына мемлекеттік органдар, ғылыми ұйымдар, білім саласындағы ұйымдар, дайындаушылар, қауымдастықтар (одақтар) нысанындағы заңды тұлғалардың бірлестіктері, қоғамдық бірлестіктер, оның ішінде тұтынушылардың қоғамдық бірлестіктері, стандарттау жөніндегі техникалық сарапшылар, сондай-ақ тиісті саладағы (аядағы) өзге де мүдделі жеке және заңды тұлғалар кіреді.

      4. Стандарттау жөніндегі техникалық комитетті құруға өтініш білдірушілер ретінде мемлекеттік органдар, ғылыми ұйымдар, білім беру ұйымдары, дайындаушылар, қауымдастықтар (одақтар) нысанындағы заңды тұлғалардың бірлестіктері, қоғамдық бірлестіктер, оның ішінде тұтынушылардың қоғамдық бірлестіктері, сондай-ақ тиісті саладағы (аядағы) басқа да мүдделі жеке және заңды тұлғалар болуы мүмкін.

      5. Стандарттау жөніндегі техникалық комитеттерді құру, олардың жұмыс істеу және оларды жою тәртібін уәкілетті орган белгілейді.

      6. Стандарттау жөніндегі техникалық комитеттің қызметін ақпараттық-талдамалық және ұйымдастырушылық қамтамасыз етуді оның базалық ұйымы қамтамасыз етеді.

13-бап. Стандарттау жөніндегі техникалық сарапшылар

      1. Стандарттау жөніндегі техникалық сарапшылар стандарттау саласындағы қызметке қатысады және ұйым мүддесін білдіре алады.

      2. Стандарттау жөніндегі техникалық сарапшылардың құзыретіне мыналар:

      1) стандарттау саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруға қатысу;

      2) техникалық реттеу және стандарттау саласындағы нормативтік құқықтық актілерді, стандарттау жөніндегі құжаттарды әзірлеуге және сараптауға қатысу;

      3) стандарттау жөніндегі техникалық комитеттердің және стандарттау жөніндегі жобалық техникалық комитеттердің жұмыстарына қатысу;

      4) стандарттау саласындағы ғылыми зерттеулерге қатысу;

      5) ұлттық стандарттау жоспарын құруға қатысу;

      6) осы Заңда және Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінде белгіленген өзге де қызметтерді орындау жатады.

      3. Ұйымдар стандарттау жөніндегі техникалық сарапшыларды мынадай сипаттамалардың біреуі:

      1) техникалық кәсіби білімі және стандарттау объектісіне қатысты білімінің болуы;

      2) стандарттау саласында жұмыс тәжірибесінің болуы негізінде айқындайды.

14-бап. Нормативтік техникалық құжаттардың бірыңғай мемлекеттiк қоры

      1. Нормативтік техникалық құжаттардың бірыңғай мемлекеттiк қоры осы Заңның қағидаттарына сәйкес жұмыс істейді.

      2. Мемлекеттік органдар, оның ішінде олардың ведомстволық бағынысты ұйымдары құзыреті шегінде ұлттық стандарттау органына бірыңғай ақпараттық жүйені қалыптастыру үшін олар бекіткен нормативтік техникалық құжаттың бір данасын, сондай-ақ әр нормативтік техникалық құжаттың қабылдануы, оған өзгерістер енгізілуі, жойылуы туралы мәліметтерді ұсынады.

      3. Нормативтік техникалық құжаттардың бірыңғай мемлекеттiк қорын қалыптастыруды, жүргізуді және сүйемелдеуді ұлттық стандарттау органы жүзеге асырады және ол мыналарды:

      1) нормативтік техникалық құжаттардың бірыңғай мемлекеттiк қорының нормативтік техникалық құжаттарын және стандарттау жөніндегі құжаттарын (ұлттық әскери стандарттарды, өзін-өзі реттейтін ұйымдардың стандарттарын, ұйым стандарттарын, консорциум стандарттарын қоспағанда) толықтыруды, сақтауды, оларға өзекті сипат беруді;

      2) нормативтік техникалық құжаттардың бірыңғай мемлекеттiк қорындағы нормативтік техникалық құжаттар көшірмелерін, сондай-ақ олар туралы мәліметтерді ұсынуды;

      3) нормативтік техникалық құжаттардың бірыңғай мемлекеттiк қорының ақпараттық жүйесін сүйемелдеуді және кеңейтуді қамтиды.

      4. Стандарттау бойынша құжаттардың (ұлттық әскери стандарттарды, үкіметтік емес стандарттарды, өзін-өзі реттейтін ұйымдардың стандарттарын, ұйым стандарттарын, консорциум стандарттарын қоспағанда) ресми басылымдарын тарату нормативтік техникалық құжаттардың бірыңғай мемлекеттiк қоры арқылы жүзеге асырылады.

      Ұлттық әскери стандарттарды, алдын ала ұлттық стандарттарды, Қазақстан Республикасы аумағында ұлттық стандарттар ретінде қабылданған мемлекетаралық стандарттарды және халықаралық, өңірлік стандарттар мен шетел мемлекеттерінің стандарттары негізінде қабылданған ұлттық стандарттарды қоспағанда, ұлттық стандарттардың ресми басылымдары тегін негізде таратылады.

      Стандарттау жөніндегі құжаттардың (ұлттық әскери стандарттарды, өзін-өзі реттейтін ұйымдардың стандарттарын, ұйым стандарттарын, консорциум стандарттарын қоспағанда) ресми басылымдарының көшірмелерін өзге де заңды және жеке тұлғалардың таратуы ұлттық стандарттау органымен келісім болған кезде жүзеге асырылады.

      5. Стандарттау жөніндегі құжаттарды және олардың көшірмелерінің таратылуы авторлық құқықтар сақталған жағдайда жүзеге асырылады.

      6. Заңды және жеке тұлғалар таратылған стандарттау жөніндегі құжаттар көшірмелерін есепке алуды жүзеге асырады және олар туралы ақпаратты ұлттық стандарттау органына тапсырады.

15-бап. Жеке және заңды тұлғалар

      Жеке және заңды тұлғалар қызметтің тиісті салаларында және өзінің шаруашылық және кәсіби қажеттіліктерін ескере отырып, стандарттау бойынша жұмыстарды, атап айтқанда:

      1) Қазақстан Республикасының стандарттау саласындағы нормативтік құқықтық актілерін әзірлеуге қатысуды;

      2) стандарттау жөніндегі құжаттарды әзірлеуге, олардың мониторингіне, оларды жоюға және оларға өзекті сипат беруге қатысуды;

      3) үкіметтік емес стандарттарды, өзін-өзі реттейтін ұйымдардың стандарттарын, консорциум стандарттарын, ұйым стандарттарын сараптауға қатысуды;

      4) стандарттау саласына қатысты мәселелер бойынша сұрау салу жолдауды;

      5) стандарттау жөніндегі техникалық және жобалық техникалық комитеттер қызметіне қатысуды;

      6) стандарттау жөніндегі құжаттарды әзірлеуді және енгізуді;

      7) стандарттау жөніндегі тиісті бөлімшелер мен қызметтер құруды;

      8) өнімнің каталог парақтарын толтыруды және олардың сараптамасын жүзеге асыруды;

      9) өзінің құзыреті шегінде өндіріске өнімді қою рәсімін жүзеге асыруды;

      10) стандарттау саласындағы ғылыми зерттеулерге қатысуды;

      11) стандарттау саласында осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асыруды ұйымдастыруға және жүзеге асыруға құқығы бар.

3-тарау. Стандарттау жөніндегі құжаттар

16-бап. Стандарттау жөніндегі құжаттардың түрлері

      1. Стандарттау жөніндегі құжаттарға:

      1) халықаралық стандарттар, халықаралық стандарттау ұйымдарының техникалық-экономикалық ақпарат жіктеуіштері;

      2) өңірлік стандарттар, стандарттау жөніндегі өңірлік ұйымдардың техникалық-экономикалық ақпарат жіктеуіштері, стандарттау жөніндегі қағидалары мен ұсынымдары;

      3) Қазақстан Республикасының ұлттық стандарттары мен техникалық-экономикалық ақпарат жіктеуіштері;

      4) алдын ала ұлттық стандарттар;

      5) Қазақстан Республикасының стандарттау жөніндегі ұсынымдары;

      6) үкіметтік емес стандарттар;

      7) шет мемлекеттердің стандарттары, техникалық-экономикалық ақпарат жіктеуіштері, қағидалары, нормалары және ұсынымдары;

      8) ұйым стандарттары;

      9) консорциум стандарттары;

      10) өзін-өзі реттейтін ұйымдардың стандарттары жатады.

      2. Қазақстан Республикасының аумағында қолданылатын стандарттау жөніндегі құжаттар осы Заңның және Қазақстан Республикасы заңнамасының нормаларына қайшы келмеуге тиіс.

17-бап. Қазақстан Республикасының ұлттық стандарттары

      1. Қазақстан Республикасының ұлттық стандарттары осы Заңда көзделген стандарттау мақсаттары үшін әзірленеді және Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес келуге тиіс.

      2. Қазақстан Республикасының ұлттық стандарттары мынадай:

      1) ұлттық стандарттау жүйесінің жалпы ұйымдастырушылық-әдістемелік ережелерін белгілейтін ұлттық негіз құраушы стандарттар;

      2) өнімге, процестерге, көрсетілетін қызметтерге, өнімді, көрсетілетін қызметтерді, процестерді бақылау әдістеріне арналған ұлттық стандарттар;

      3) ұлттық әскери стандарттар;

      4) өнімге, процестерге, көрсетілетін қызметтерге, өнімді, көрсетілетін қызметтерді, процестерді бақылау әдістеріне арналған алдын ала ұлттық стандарттар болып бөлінеді.

      3. Қазақстан Республикасының ұлттық стандарттарында:

      1) өнімді, көрсетілетін қызметті жіктеу;

      2) бірегейлендіру, үйлесімділік және өзара алмасымдылық өнім көрсеткіштері;

      3) терминдер мен анықтамалар;

      4) функционалдық мақсаты көрсеткіштерін қоса алғанда, өнімнің, көрсетілетін қызметтің сапа деңгейін айқындайтын тұтынушылық қасиеттері мен сипаттамалары;

      5) өнімді өндіру, қайта өңдеу, қабылдау, буып-түю, таңбалау, тасымалдау, сақтау, өткізу, кәдеге жарату және жою қағидалары;

      6) өнім мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін сынау әдістері;

      7) барлық ресурстардың түрлерін сақтауға және ұтымды пайдалануға қойылатын талаптар;

      8) менеджмент жүйесін енгізуді қамтамасыз ететін өндірісті ұйымдастыруға қойылатын талаптар;

      9) белгілі қызмет саласына арналған ұйымдастырушылық-әдістемелік сипат ережелері, сондай-ақ жалпы техникалық нормалар мен қағидалар белгіленуі мүмкін.

      4. Алдын ала ұлттық стандарттар оны қолдану процесінде тәжірибе жинақтау қажет жағдайларда уәкілетті орган айқындаған тәртіпте әзірленеді. Алдын ала ұлттық стандарттар үш жыл бойына шектеулі қолданылу мерзіміне ие.

      Алдын ала ұлттық стандартты пайдалану процесінде алынған ақпарат және осы құжат туралы пікірлер оны ұлттық стандарт ретінде қабылдаудың немесе оның күшін жоюдың орындылығы туралы мәселені шешу үшін негіз болады.

18-бап. Ұлттық техникалық-экономикалық ақпарат жіктеуіштері

      1. Жіктеу мен кодтауға экономика салаларында пайдаланылатын және есепке алынуы тиіс техникалық-экономикалық ақпарат техникалық-экономикалық ақпарат жіктеуіштерін бекіту арқылы кодталуға жатады.

      2. Ұлттық техникалық-экономикалық ақпарат жіктеуіштерін әзірлеу бастамашылық тәртіппен не ұлттық стандарттау жоспарына сәйкес уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен жүргізіледі.

      3. Мемлекеттік органдар уәкілетті органмен келісу бойынша өз құзыреті шегінде ұлттық техникалық-экономикалық ақпарат жіктеуіштерін әзірлеуді жүзеге асырады.

19-бап. Өзін-өзі реттейтін ұйымдардың стандарттары және үкіметтік емес стандарттар

      1. Өзін-өзі реттейтін ұйымдардың стандарттары осы Заңда көзделген стандарттау мақсаттары үшін әзірленеді.

      Өзін-өзі реттейтін ұйымдардың стандарттарын әзірлеу, келісу және қабылдау тәртібі өзін-өзі реттеу саласындағы заңнамаға сәйкес айқындалады.

      2. Үкіметтік емес стандарттар осы Заңда көзделген стандарттау мақсаттары үшін әзірленеді, жария талқылаудан өтеді және уәкілетті орган белгілеген тәртіппен барлық мүдделі тараптардың пікірі есепке алына отырып қабылданады.

      3. Өзін-өзі реттейтін ұйымдардың стандарттарында және үкіметтік емес стандарттарда белгіленген талаптар техникалық регламенттерде белгіленген талаптарға қайшы келмеуге тиіс.

      4. Өзін-өзі реттейтін ұйымдардың стандарттарында және үкіметтік емес стандарттарда белгіленген сапа көрсеткіштері ұлттық стандарттарда белгіленген көрсеткіштерден төмен болмауы тиіс.

      5. Өзін-өзі реттейтін ұйымдардың стандарттарын және үкіметтік емес стандарттарды әзірлеуді республикалық немесе жергілікті бюджет қаражаты есебінен қаржыландыруға тыйым салынады.

20-бап. Ұйым стандарттары және консорциум стандарттары

      1. Ұйым стандарттары, консорциум стандарттары стандарттау объектілеріне, оның ішінде өнімнің құрамдас бөліктеріне, терминологияға, қабылдау және бақылау жүйесіне, технологиялық жарақтауға, құралға, сондай-ақ менеджмент жүйесі, өнімді әзірлеу және өндіріске қою шеңберінде ұйымдардағы қызметті басқаруға әзірленеді, ұйымдар дербес бекітеді және олар ұлттық стандарттау жүйесіне есепке алуға және тіркеуге жатпайды.

      2. Ұйым стандарттары, консорциум стандарттары мынадай түрлерге бөлінеді:

      1) өнімді дайындаушы әзірлейтін техникалық шарттар;

      2) стандарттарды бекіткен ұйымда ұсынылатын көрсетілетін қызметтерге арналған ұйым стандарттары;

      3) стандарттарды бекіткен ұйымда жүргізілетін процестерге арналған ұйым стандарттары.

      3. Ұйым стандарттарында, консорциум стандарттарында белгіленген талаптар техникалық регламенттерде белгіленген талаптарға қайшы келмеуге тиіс.

      4. Ұйым стандарттарында және консорциум стандарттарында белгіленген сапа көрсеткіштері ұлттық стандарттарда белгіленген көрсеткіштерден төмен болмауы тиіс.

      5. Ұйым стандарттары, консорциум стандарттары тиісті стандарттың төлнұсқасын ұстаушы ұйымның рұқсатымен ғана пайдалануға беріледі.

      6. Ұйым стандарттарын, консорциум стандартын әзірлеу, бекіту, есепке алу, өзгерту, олардың күшін жою, оларды тіркеу, белгілеу, басып шығару, қолдану тәртібін ұйым, консорциум айқындайды.

      7. Ұйым стандарттарын, консорциум стандарттарын әзірлеуді республикалық немесе жергілікті бюджет қаражаты есебінен қаржыландыруға тыйым салынады.

21-бап. Стандарттау жөніндегі ұсынымдар

      1. Стандарттау жөніндегі ұсынымдар, стандарттау жөніндегі жұмысты жүргізуге, сондай-ақ тиісті ұлттық стандарттың қолданылуына септігін тигізетін өлшем бірлігін қамтамасыз ету және сәйкестікті растау жөніндегі жұмыстарды жүргізуге қатысты қолдану үшін ерікті, ұйымдастыру-әдістемелік ережелерді немесе оларды ұлттық стандартта (алдын ала ұлттық стандартта) белгілегенге дейін практикада алдын ала тексеру орынды болатын ережелерді қамтиды.

      2. Әзірлеу, келісу, сараптама жүргізу, бекіту, тіркеу, өзгерту, күшін жою және қолданысқа енгізуге қойылатын талаптарды уәкілетті орган белгілейді.

4-тарау. Стандарттау жөніндегі құжаттарды әзірлеу тәртібі

22-бап. Стандарттау бойынша жұмыстарды жоспарлау

      1. Стандарттау бойынша жұмыстарды жоспарлау ұлттық стандарттау жүйесінің мақсаттары мен даму бағыттарын есепке ала отырып, әрбір үш жыл сайын жүзеге асырылады.

      Стандарттау бойынша жұмыстарды жоспарлау Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі бағыттарына сай келуге, ғылыми зерттеулердің нәтижелері мен Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінде белгіленген талаптарды ескеруге тиіс.

      Стандарттау бойынша жұмыстарды жоспарлау Ұлттық стандарттау органы қалыптастыратын және жариялайтын ұлттық стандарттау жоспары нысанында жүзеге асырылады.

      Ұлттық стандарттау жоспарының қолданысы кезеңінде уәкілетті орган айқындаған тәртіппен ұлттық стандарттау жүйесі субъектілерінің ұсыныстары бойынша оған өзгерістер мен толықтырулар енгізуге жол беріледі.

      2. Ұлттық стандарттау жоспары:

      1) мемлекеттік органдардың, Қазақстан Республикасының ұлттық кәсіпкерлер палатасының, жеке кәсіпкерлік субъектілерінің аккредиттелген бірлестіктері мен басқа да мүдделі тараптардың ұсыныстарының;

      2) стандарттау жөніндегі техникалық комитеттердің жұмыс жоспарларының;

      3) қолданыстағы стандарттау жөніндегі құжаттарды және ұлттық стандарттарды әзірлеудің қажеттілігін алдын ала талдау негізінде техникалық регламенттерге өзара байланысты стандарттардың тізбелерін қалыптастыру мен дамытудың;

      4) стандарттау саласындағы мониторинг нәтижелерінің;

      5) Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі бағыттарына сай келетін өзге де көздердің негізінде қалыптастырылады.

      3. Осы баптың қолданысы халықаралық, өңірлік (мемлекетаралық стандарттардан басқа), ұлттық әскери стандарттарды, алдын ала ұлттық стандарттарды, ұйым стандарттарын, үкіметтік емес стандарттарды, өзін-өзі реттейтін ұйымдардың стандарттарын, консорциум стандарттарын, сондай-ақ шет мемлекеттердің стандарттау жөніндегі құжаттарын жоспарлауға қолданылмайды.

      4. Ұлттық стандарттау жоспары:

      1) мемлекетаралық стандарттар жіктеуіші бойынша кодты;

      2) ұлттық немесе мемлекетаралық стандарт жобасының атауын, ұлттық техникалық-экономикалық ақпарат жіктеуішін;

      3) әзірлеме негізін;

      4) негізгі нормативтік базаны;

      5) жұмысты орындау мерзімін;

      6) қаржыландыру көзін;

      7) ұсыныс-өтінімді берген өтінім беруші ұйымды;

      8) экономикалық қызмет түрлері бойынша өнімді жіктеу кодын;

      9) ұлттық немесе мемлекетаралық стандарт, ұлттық техникалық-экономикалық ақпарат жіктеуішін әлеуетті пайдаланушы ұйымдардың тізбесін қамтиды.

      5. Ұлттық стандарттау жоспарын әзірлеу тәртібін уәкілетті орган белгілейді.

23-бап. Ұлттық стандарттарды әзірлеу

      1. Ұлттық стандарттарды әзірлеу ұлттық стандарттау жоспарына сәйкес және (немесе) бастамашылық тәртіппен жүзеге асырылады.

      2. Қазақстан Республикасының ұлттық стандарттары:

      1) ғылыми зерттеулер (сынаулар) мен өлшеу нәтижелері;

      2) халықаралық, өңірлік стандарттар, алдын ала ұлттық стандарттар, ұйым стандарттары, үкіметтік емес стандарттар, өзін-өзі реттейтін ұйымдардың стандарттары, консорциум стандарттары мен шет мемлекеттерінің стандарттарын және стандарттау объектісіне қойылатын талаптарды белгілейтін өзге де құжаттар;

      3) өнімнің, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің және олармен байланысты процестердің жаңа түрлерін қолданудың игерілген практикалық тәжірибесі ескеріле отырып әзірленеді.

      Ғылыми зерттеулер мен өлшеу негізінде әзірленетін ұлттық стандарттарды әзірлеу кезеңі бір жылдан артық бола алмайды.

      3. Ұлттық стандарттарды әзірлеуді стандарттау жөніндегі техникалық комитеттер, мүдделі салалық қауымдастықтар, ғылыми, білім беру ұйымдары, өндірушілер, қоғамдық бірлестіктер және өзге де мүдделі заңды және жеке тұлғалар жүзеге асырады.

      4. Ұлттық стандарттарды әзірлеуді бастау және аяқтау туралы хабарламалар, сондай-ақ ұлттық стандарттардың жобалары ұлттық стандарттау органының интернет-ресурсында орналастырылады.

      Ұлттық стандарттар жобаларын ұлттық стандарттау органының интернет-ресурсында жария талқылау күнтізбелік 60 күн ішінде жүзеге асырылады.

      5. Уәкілетті орган белгілеген тәртіппен ұлттық стандарттарды бекітудің міндетті шарты қауіпсіздік мәселелерін қозғайтын ұлттық стандарттардан басқа консенсусқа қол жеткізу болып табылады.

      Қауіпсіздік мәселелерін қозғайтын ұлттық стандарттарды бекіту туралы шешімді салалық мемлекеттік органмен келісу бойынша уәкілетті орган қабылдайды.

      6. Жария талқылау кезінде ұлттық стандарттар жобалары бейіндік стандарттау жөніндегі техникалық комитеттің міндетті техникалық талқылауынан өтеді.

      Белгілі мәселені талқылау нәтижесінде стандарттау жөніндегі техникалық комитеттер мүшелерінің жалпы санының, қалыс қалғандарды қоспағанда, кемінде үштен екісінің келісу арқылы қабылданған шешім консенсуске қол жеткізілді деп саналады.

      Тиісті стандарттау жөніндегі техникалық комитет болмаған жағдайда, ұлттық стандарттау органы ұлттық стандарт жобасын уәкілетті орган белгілеген тәртіпке сәйкес міндетті техникалық талқылау рәсімін ұйымдастырады.

      7. Осы баптың 1, 3, 4, 5, 6-тармақтары ұлттық әскери стандарттарды әзірлеу кезінде қолданылмайды.

24-бап. Ұлттық техникалық-экономикалық ақпарат жіктеуіштерін әзірлеу

      1. Ұлттық техникалық-экономикалық ақпарат жіктеуіштерін әзірлеушілер өздерінің құзыретіне сәйкес мемлекеттік органдар болып табылады.

      2. Ұлттық техникалық-экономикалық ақпарат жіктеуіштерін әзірлеуді бастау және аяқтау туралы хабарламалар, сондай-ақ жобалар ұлттық стандарттау органының интернет-ресурсында орналастырылады.

      Ұлттық техникалық-экономикалық ақпарат жіктеуіштерінің жобаларын ұлттық стандарттау органының интернет-ресурсында жария талқылау күнтізбелік 60 күн ішінде жүзеге асырылады.

      3. Бекіту алдында әзірлеуші ұлттық техникалық-экономикалық ақпарат жіктеуішінің жобасын ұлттық стандарттау органына сараптамаға жібереді.

      4. Ұлттық техникалық-экономикалық ақпарат жіктеуіштері бекітіліп, ұлттық стандарттау жүйесінің тізіліміне тіркелгеннен кейін оларды уәкілетті орган сақтау үшін депозитарийге береді.

25-бап. Ұлттық стандарттарды бекіту, оларға өзгерістер енгізу және олардың күшін жою

      1. Ұлттық стандартты (алдын ала ұлттық стандарттарды қоспағанда) бекітуді уәкілетті орган жүзеге асырады.

      Бекіту алдында Ұлттық стандарттау органы уәкілетті орган белгілеген тәртіппен ұлттық стандарттау жобасына сараптама жүргізуді жүзеге асырады.

      2. Ұлттық стандарттарға енгізілетін өзгерістер жаңа өнімнің қолданыстағы ұлттық стандарт бойынша дайындалатын өніммен өзара алмасымдылық және үйлесімділік талаптарының бұзылуына әкеп соқпайтын жеке талаптарды ауыстыру, толықтыру немесе оларды жою кезінде, олардың қолданысын ұзарту, шектеу немесе қалпына келтіру кезінде, жаңа талаптарды енгізу және халықаралық стандарттармен үйлестіру кезінде әзірленеді.

      3. Ұлттық стандарттарға өзгерістер енгізу рәсімдерін уәкілетті орган белгілейді.

      4. Ұлттық стандарттарды қолданыстан алып тастау негіздері:

      1) осы ұлттық стандарт бойынша дайындалатын өнімнің шығарылуын (жұмыстарды орындауды, қызметтер көрсетуді) тоқтату;

      2) жаңа ұлттық стандартты қолданысқа енгізу;

      3) қолданысқа енгізілетін техникалық регламенттер талаптарына қайшылығы болып табылады.

      5. Ұлттық стандарттың күшін жою кезінде ұлттық стандарттың күшін жоюға бастамашылық жасаған тұлға уәкілетті органға уәкілетті орган белгілеген тәртіппен ұсыныс жолдайды.

      6. Алдын ала ұлттық стандарттарды ұлттық стандарттау органы қабылдайды.

      7. Алдын ала ұлттық стандарттарға өзгерістер енгізілмейді.

      8. Қабылданған алдын ала ұлттық стандарттың қолданылу мерзімі аяқталғанға дейін үш айдан кешіктірмей ұлттық стандарттау органы оны ұлттық стандарт ретінде қайта өңдеу мақсатында, оның қолданылуына мониторинг пен бағалауды ұйымдастырады.

      9. Ұлттық стандарт ретінде алдын ала ұлттық стандартты қабылдау, алдын ала ұлттық стандартты ұзарту немесе оның күшін жою туралы ұсынысты Ұлттық стандарттау органы қабылдайды және уәкілетті органға жібереді.

      10. Осы баптың 1, 2, 3, 5-тармақтары ұлттық әскери стандарттарды бекіту, оларға өзгерістер енгізу, олардың күшін жою жағдайларына қолданылмайды.

26-бап. Ұлттық, алдын ала ұлттық стандарттарды, ұлттық техникалық-экономикалық ақпарат жіктеуіштерін, стандарттау бойынша ұсынымдарды, үкіметтік емес стандарттарды тіркеу

      1. Ұлттық, алдын ала ұлттық стандарттар, ұлттық техникалық-экономикалық ақпарат жіктеуіштері, стандарттау бойынша ұсынымдар, үкіметтік емес стандарттар міндетті тіркеуге жатады.

      Ұлттық стандарттарды, ұлттық техникалық-экономикалық ақпарат жіктеуіштерін, алдын ала ұлттық стандарттар, стандарттау бойынша ұсынымдарды тіркеуді уәкілетті орган жүзеге асырады.

      Ұлттық, алдын ала ұлттық стандарттар, ұлттық техникалық-экономикалық ақпарат жіктеуіштері, стандарттау бойынша ұсынымдарды тіркеу тәртібін уәкілетті орган белгілейді.

      Үкіметтік емес стандарттарды тіркеуді үкіметтік емес стандартты бекіткен коммерциялық емес ұйым уәкілетті орган белгілеген тәртіппен жүзеге асырады.

      2. Тіркеуден өткен, стандарттау жөніндегі бекітілген құжаттар бойынша ақпарат Ұлттық стандарттау органының интернет-ресурстарында жарияланады.

27-бап. Жариялау

      Ұлттық, алдын ала ұлттық стандарттар, ұлттық техникалық-экономикалық ақпарат жіктеуіштері, стандарттау бойынша ұсынымдар жариялануға жатады.

      Жариялауды ұлттық стандарттау органы стандарттау жөніндегі құжаттардың мәтіндерін интернет-ресурсқа орналастыру арқылы жүзеге асырады.

5-тарау. Стандарттау жөніндегі құжаттарды қолдану

28-бап. Стандарттау жөніндегі құжаттарды қолдану

      1. Стандарттау жөніндегі құжаттар, егер олардың талаптары осы Заңда көзделген стандарттау мақсаттары мен қағидаттарына және Қазақстан Республикасының стандарттау саласындағы өзге де нормативтік құқықтық актілеріне қайшы келмейтін болса, Қазақстан Республикасында қолданылады.

      2. Егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше белгіленбесе, стандарттау жөніндегі құжаттар өнімді шығарған елі мен жеріне, өнімнің өмірлік циклінің және стандарттау объектілерінің ерекшеліктеріне қарамастан, ерікті негізде қолданылады.

      Стандарттау жөніндегі сілтемелік құжаттар, егер бұл туралы Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінде сілтеме болса, қолдану үшін міндетті болып табылады.

      Таңдау бөлігінде ерікті негізде техникалық регламенттердің талаптарын орындау және техникалық регламенттердің талаптарына сәйкестігін бағалау үшін өзара байланысты стандарттар қолданылады.

      Өзара байланысты стандарттарды қолданбау техникалық регламенттердің талаптарын сақтамау ретінде қарастырылмайды.

      3. Стандарттау жөніндегі құжаттарды заңды және жеке тұлғалар авторлық құқықтарын сақтай отырып қолдануды жүзеге асырады.

      Халықаралық, өңірлік стандарттар мен шет мемлекеттердің стандарттау жөніндегі құжаттары Қазақстан Республикасының аумағына уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен ұлттық стандарт ретінде енгізілуі мүмкін.

29-бап. Халықаралық, өңiрлiк стандарттарды және шет мемлекеттердiң стандарттау жөніндегі құжаттарын қолдану

      1. Халықаралық және өңiрлiк стандарттар мен шет мемлекеттердiң стандарттау жөніндегі құжаттары Қазақстан Республикасының аумағында ұлттық стандарттар әзірлеу және (немесе) оларды есепке алу рәсімін жүргізу кезінде қолданылады.

      2. Ұлттық стандарттар мен ұлттық техникалық-экономикалық ақпарат жіктеуіштерін әзірлеу кезінде халықаралық, өңiрлiк стандарттарды және шет мемлекеттердiң стандарттау жөніндегі құжаттарын қолдану үшін және (немесе) оларды есепке алу рәсімін жүргізу кезінде:

      1) Қазақстан Республикасының стандарттау, метрология және аккредиттеу жөнiндегi халықаралық және өңiрлiк ұйымдарға мүше болуы;

      2) Қазақстан Республикасының cтандарттау саласындағы ынтымақтастық туралы халықаралық шарттарының болуы;

      3) ұлттық стандарттау органы мен халықаралық немесе өңірлік ұйым арасында cтандарттау саласындағы ынтымақтастық туралы шарттың болуы;

      4) осы құжаттарға қабылданған барлық өзгерістерімен бірге пайдаланушыны қамтамасыз ету жөніндегі төлнұсқаны ұстаушының, сондай-ақ пайдаланушының үшінші тұлғаға құжаттарды беру құқықтарын растау немесе олардың болмау міндеттері бар халықаралық, өңiрлiк стандарттар және шет мемлекеттердiң стандарттау жөніндегі нормативтік құжаттарының төлнұсқасын ұстаушымен келісімшарттың болуы қажетті талаптардың бірі болып табылады.

      3. Халықаралық және өңiрлiк стандарттар мен шет мемлекеттердiң стандарттау жөніндегі құжаттарын есепке алу рәсімін, егер осы құжаттарда өнімдерге, процестерге қойылатын міндетті талаптар қамтылған болса, уәкілетті орган жүзеге асырады.

      Халықаралық, өңiрлiк стандарттар мен шет мемлекеттердiң стандарттау жөніндегі құжаттарын есепке алу:

      1) жаңа технологиялар мен өнімдерді енгізумен байланысты халықаралық, өңiрлiк стандарттар мен шет мемлекеттердiң стандарттау жөніндегі құжаттарын жедел қолдану талап етілген;

      2) халықаралық, өңірлік стандарттар мен шет мемлекеттердiң стандарттау жөніндегі құжаттарын Қазақстан Республикасының аумағында пайдалану шектелген жағдайда, іске асырылады.

      4. Халықаралық, өңiрлiк стандарттарды және шет мемлекеттердің стандарттарын, ұйымдардың стандарттарын, техникалық-экономикалық ақпарат жіктеуіштерін, шет мемлекеттердiң Қазақстан Республикасы аумағында стандарттау, сәйкестігін растау және аккредиттеу жөніндегі қағидаларын, нормалары мен ұсынымдарын есепке алу және қолдану тәртібін уәкілетті орган айқындайды.

      5. Қазақстан Республикасының жеке және заңды тұлғаларының Қазақстан Республикасы мүше болып табылмайтын халықаралық және өңiрлiк ұйымдардың стандарттарын, сондай-ақ шет мемлекеттердің стандарттау жөніндегі өзге де құжаттарын қолдануы шарттарда немесе стандарттау жөніндегі құжаттарда көрсетілген стандарттарға немесе шет мемлекеттердің стандарттау жөніндегі құжаттарына сiлтемелер болған жағдайда жүзеге асырылады.

      6. Қазақстан Республикасының аумағында қолданылуға жататын халықаралық, өңірлік, мемлекетаралық стандарттар, сондай-ақ шет мемлекеттердің стандарттау жөніндегі құжаттары, егер осы құжаттар өнімдерге, процестерге қойылатын міндетті талаптарды қамтитын болса, Қазақстан Республикасында қолданыстағы техникалық регламенттердің және олармен өзара байланысты стандарттардың, ұлттық стандарттардың талаптарына қайшы келмеуге тиіс және мемлекеттік органдардың құзыретiне кiретiн мәселелер бойынша олармен келісілуге тиіс.

      7. Зияткерлік меншік объектілері болып табылатын халықаралық, өңiрлiк стандарттар мен шет мемлекеттердiң стандарттау жөніндегі құжаттарын қолдану тиісті жеке және заңды тұлғалардың - стандарттау жөніндегі нормативтік құжаттардың төлнұсқаларын ұстаушылардың құқықтары сақталған жағдайда жүзеге асырылады

      8. Осы баптың 2, 3 және 4-тармақтарының талаптары Қазақстан Республикасының аумағында халықаралық мамандандырылған көрмені ұйымдастыруға және өткізуге арналған, сондай-ақ республикалық индустрияландыру картасына енгізілген объектілерді жобалау, салу, реконструкциялау, техникалық қайта жарақтауды, кеңейтуді жүргізу кезінде қолданылатын тауарларға, жұмыстарға және көрсетілетін қызметтерге қатысты халықаралық, өңірлік стандарттарға және шет мемлекеттердің стандарттарына және шет мемлекеттер ұйымдарының стандарттарына қолданылмайды.

30-бап. Стандарттау саласындағы мониторинг

      1. Стандарттау саласындағы мониторингті жыл сайын:

      1) бекітіп берілген стандарттау объектілері бойынша стандарттау жөніндегі техникалық комитеттер;

      2) ұлттық стандарттау органы;

      3) өз құзыреті шегінде мемлекеттік органдар жүзеге асырады.

      2. Стандарттау саласындағы мониторинг:

      1) ұлттық стандарттардың (ұлттық әскери стандарттарды қоспағанда) ғылыми-техникалық деңгейін талдауды;

      2) ұлттық стандарттардың (ұлттық әскери стандарттарды қоспағанда) қолданыстағы техникалық регламенттерге сәйкестігін талдауды;

      3) экономиканың әртүрлі саласында ұлттық стандарттармен (ұлттық әскери стандарттарды қоспағанда) қамтылымға талдауды қамтиды.

      3. Ұсыныстар түрінде ресімделген мониторинг нәтижелері жартыжылдықтың қорытындылары бойынша ұлттық стандарттау органына жолданады.

      Ұлттық стандарттау органы келіп түскен ұсыныстарды талдау нәтижелері бойынша ұлттық стандарттарды (ұлттық әскери стандарттарды қоспағанда) әзірлеу, қолданыстағы ұлттық стандарттарды (ұлттық әскери стандарттарды қоспағанда) қайта қарау, ұлттық стандарттардың (ұлттық әскери стандарттарды қоспағанда) күшін жою не оларға өзгерістер енгізу жөнінде бастама жасайды.

6-тарау. Өнімді каталогтау жүйесі

31-бап. Өнімді каталогтау жүйесі

      1. Өнімді каталогтау жүйесі барлық мүдделі жеке және заңды тұлғаларды Қазақстан Республикасында өндірілетін өнімнің сипаттамалары және оны дайындаушылар туралы мәліметтермен қамтамасыз ету мақсатында жұмыс істейді.

      Қазақстан Республикасында өндірілетін өнімнің сипаттамалары және оны дайындаушылар туралы мәліметтер уәкілетті орган құратын өнімді каталогтау жүйесінің бірыңғай тізіліміне міндетті түрде тіркелуге жатады.

      2. Өнімді каталогтау жүйесінде тіркелуге:

      1) өнімнің тәжірибелік үлгілері (тәжірибелік партиялары), өнімнің белгіленген сериялары;

      2) бірлі-жарым өндіріс өнімі, авторлық құқық объектілері, кәдесыйлар, өнімнің құрамдас бөліктері жатпайды.

      3. Өнімді каталогтау жүйесінде тіркелуге жататын өнімді дайындаушылар уәкілетті органға өндірілген (өндірілетін) өнім және оны дайындаушы туралы мәліметтерді өнімнің каталог парағында қағаз және электрондық жеткізгіштерде мемлекеттік және орыс тілдерінде ұсынады.

      4. Уәкілетті орган өнімнің каталог парағын алған күннен бастап он жұмыс күніне дейінгі мерзім ішінде:

      каталог парағын толтырудың дұрыстығын және онда көрсетілген мәліметтердің дәйектілігін тексереді;

      бұзушылықтар болмаған жағдайда, өнімді каталогтау жүйесінің бірыңғай тізіліміне тіркеу жүргізеді және өндірілетін өнім туралы мәліметтерді енгізеді және дайындаушының каталог парағында көрсетілген электрондық мекенжайына, берілген тіркеу нөмірін көрсете отырып, өнімнің каталогтау жүйесіне енгізілгені (қосылғаны) туралы қорытындыны жолдайды;

      каталог парағында толық дәлелді не дәйексіз мәліметтер ұсынылу фактісі анықталған жағдайда, тіркеуден жазбаша дәлелді бас тартуды жібереді.

      5. Дайындаушы каталог парағындағы мәліметтер өзгерген күннен бастап он жұмыс күніне дейінгі мерзімде, тиісті өзгерістерді көрсете отырып, каталог парағын уәкілетті органға жолдайды.

      6. Уәкілетті орган:

      1) дайындаушы – ұйымды таратқан;

      2) дайындаушы – ұйым өнім өндіруді кідірту немесе тоқтату туралы өтініш жасаған;

      3) өнімді каталогтау жүйесіне өнімнің енгізілуі (қосылуы) үшін негіз болған дәйексіз мәліметтерді ұсыну фактілері анықталған жағдайларда өнімді каталогтау жүйесінен алып тастайды.

      Осы баптың 6-тармағының 3) тармақшасында көрсетілген жағдайда уәкілетті орган дайындаушының каталог парағында көрсетілген электрондық мекенжайына өнімнің каталогтау жүйесінен алып тасталғаны туралы хабарлама жібереді.

7-тарау. Ақпараттық қамтамасыз ету

32-бап. Ұлттық стандарттау жүйесі саласындағы ақпараттық қамтамасыз ету

      1. Ұлттық стандарттау жүйесі саласындағы ақпараттық қамтамасыз ету:

      1) стандарттау жөніндегі құжаттар туралы мәліметтерді орналастыру;

      2) уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен нормативтік техникалық құжаттардың, ресми басылымдардың көшірмелерін тарату арқылы жүзеге асырылады.

      2. Ұлттық стандарттар мен стандарттау жөніндегі ұсынымдардың баспа және электрондық нұсқалары ұлттық стандарттау белгісімен таңбалануға жатады.

33-бап. Стандарттау жөніндегі құжаттар туралы мәліметтерді орналастыру

      1. Стандарттау жөніндегі құжаттар туралы (ұлттық әскери стандарттарды, өзін-өзі реттейтін ұйымдардың стандарттарын, консорциумдардың стандарттарын, ұйымдардың стандарттарын қоспағанда) мәліметтерді орналастыру ұлттық стандарттау органының интернет-ресурсында, жыл сайынғы және ай сайынғы ақпараттық стандарттар көрсеткіштерінде оларды міндетті түрде жариялау арқылы жүзеге асырылады.

      2. Стандарттау жөніндегі құжаттар туралы мәліметтерге:

      1) атауы;

      2) қолданылу саласы;

      3) бекіту, өзгерістер енгізу және күшін жою туралы шешімнің күні мен нөмірі;

      4) әзірлеуші туралы мәліметтер жатады.

34-бап. Ұлттық стандарттау белгісі

      1. Ұлттық стандарттау белгісімен ұлттық (ұлттық әскери стандарттарды қоспағанда), мемлекетаралық стандарттар мен стандарттау жөніндегі ұсынымдардың қағаз және электрондық нұсқалары, сондай-ақ стандарттардың ақпараттық көрсеткіштері мен каталогтар таңбаланады.

      2. Ұлттық стандарттау белгісінің бейнесі, оған қойылатын техникалық талаптар мен таңбалау тәртібі ұлттық стандартта белгіленеді.

8-тарау. Стандарттау саласындағы халықаралық және өңірлік ынтымақтастық

35-бап. Стандарттау саласындағы халықаралық және өңірлік ынтымақтастық

      1. Стандарттау саласындағы халықаралық және өңірлік ынтымақтастық осы Заңға және Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына сәйкес жүзеге асырылады.

      2. Халықаралық ынтымақтастыққа ұлттық стандарттау жүйесі субъектілерінің халықаралық стандарттау ұйымдарымен және шет мемлекеттердің стандарттау субъектілерімен ынтымақтастығы жатады.

      3. Өңірлік ынтымақтастыққа ұлттық стандарттау жүйесі субъектілерінің өңірлік стандарттау ұйымдарымен ынтымақтастығы жатады.

      4. Ұлттық стандарттау органы халықаралық және өңірлік стандарттарды әзірлеуге қатысуды үйлестіреді.

9-тарау. Қорытынды және өтпелі ережелер

36-бап. Уәкілетті органның, ұлттық стандарттау органының, техникалық, жобалық техникалық стандарттау комитеттерінің, стандарттау жөніндегі техникалық сарапшылардың әрекетіне (әрекетсіздігіне), шешіміне шағымдану

      1. Ұлттық стандарттау жүйесінің субъектілері уәкілетті органның, ұлттық стандарттау органының, техникалық, жобалық техникалық стандарттау комитеттерінің әрекетіне (әрекетсіздігіне), шешіміне шағымдануға құқылы.

      2. Шағымдану ұлттық стандарттау жүйесі субъектісіне мұндай әрекеттер (әрекетсіздіктер), шешімдер туралы хабарланған күннен бастап екі ай ішінде апелляциялық комиссия арқылы жүзеге асырылады.

      Шағымдану мерзімі өтіп кеткен жағдайда ұлттық стандарттау жүйесінің субъектілері апелляциялық комиссияға әрекетке (әрекетсіздікке), шешімге шағымдану мерзімін қалпына келтіру туралы өтініш беруге құқылы.

      Шағымдану мерзімін қалпына келтіруден бас тартылған жағдайда, ұлттық стандарттау жүйесінің субъекті уәкілетті органның, ұлттық стандарттау органының, техникалық, жобалық техникалық стандарттау комитеттерінің әрекетіне (әрекетсіздігіне), шешіміне сот тәртібімен шағымдануға құқылы.

      3. Уәкілетті органның, ұлттық стандарттау органының, техникалық, жобалық техникалық стандарттау комитеттерінің әрекетіне (әрекетсіздігіне), шешіміне апелляциялық комиссия арқылы шағымдану осы санаттағы істер үшін сотқа дейін реттеудің міндетті рәсімі болып табылады.

      4. Уәкілетті органның, ұлттық стандарттау органының, техникалық, жобалық техникалық стандарттау комитеттерінің, стандарттау бойынша техникалық сарапшылардың шешіміне шағымдану туралы өтінішті апелляциялық комиссияға берген жағдайда, олардың шешімдерінің қолданысы апелляциялық комиссия шешім шығарғанға дейін тоқтатыла тұрады. Апелляциялық комиссияның шешімдері уәкілетті органның, ұлттық стандарттау органының, техникалық, жобалық техникалық стандарттау комитеттерінің, стандарттау бойынша техникалық сарапшылардың әрекетін (әрекетсіздігін), шешімдеріне сот тәртібімен шағымданған жағдайларды қоспағанда, ұлттық стандарттау жүйесі субъектілерінің орындауы үшін міндетті болып табылады.

      Апелляциялық комиссияның әрекетке (әрекетсіздікке), шешімге шағымдану туралы өтінішті қарауының жалпы мерзімі он бес жұмыс күнін құрайды.

      Өтініштерді беру, қарау, шешімдер қабылдау тәртібі, апелляциялық комиссияның құрамын айқындау уәкілетті орган бекітетін Апелляциялық комиссия туралы ережелерде айқындалады.

      5. Апелляциялық комиссия құрамын ұлттық стандарттау жүйесі субъектілерінің ұсыныстары негізінде уәкілетті орган бекітеді.

      Апелляциялық комиссия құрамына уәкілетті органның, ұлттық стандарттау органының, ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері және ұлттық стандарттау жүйесінің өзге де субъектілері кіреді.

      Апелляциялық комиссияның сандық құрамы Апелляциялық комиссия туралы ережеде айқындалады, бірақ кемінде бес адамды құрауға тиіс.

      6. Апелляциялық комиссияның шешіміне қанағаттанбаған, оның шешімдерін орындамаған немесе оның шешімдерін белгіленген мерзімде қабылдамаған жағдайда, ұлттық стандарттау жүйесінің субъектілері уәкілетті органның, ұлттық стандарттау органының, стандарттау бойынша техникалық, жобалық техникалық комитеттердің, стандарттау жөніндегі техникалық сарапшылардың әрекетіне (әрекетсіздігіне), шешімдеріне Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес сот тәртібімен шағымдануға құқылы.

37-бап. Стандарттау саласындағы қызметті қаржыландыру көздері

      1. Стандарттау саласындағы қызметті қаржыландыру Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.

      2. Стандарттау саласындағы қызметті қаржыландыру:

      1) бюджет қаражаты;

      2) ұйымдардың қаражаты;

      3) жеке және заңды тұлғалардың ерікті жарналары;

      4) Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін өзге де көздер есебінен жүзеге асырылады.

38-бап. Қазақстан Республикасының стандарттау саласындағы заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылық

      Қазақстан Республикасының стандарттау саласындағы заңнамасын бұзушылық Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа әкеп соғады.

39-бап. Өтпелі ережелер

      Осы Заң қолданысқа енгізілгенге дейін құрылған стандарттау жөніндегі техникалық комитеттер өз қызметін сақтап қалады.

40-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі

      Осы Заң алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады