Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Израиль Мемлекетінің Үкіметі арасындағы ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 18 сәуірдегі № 210 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған 2016 жылғы 14 желтоқсанда Астанада жасалған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Израиль Мемлекетінің Үкіметі арасындағы ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастық туралы келісім бекітілсін.

      2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі Б. Сағынтаев

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2017 жылғы 18 сәуірдегі
№ 210 қаулысымен
бекітілген

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Израиль Мемлекетінің Үкіметі арасындағы ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастық туралы

келісім

      Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Израиль Мемлекетінің Үкіметі (бұдан әрі "Тараптар" деп аталады)

      Қазақстан Республикасы мен Израиль Мемлекетін біріктіретін тығыз байланыстар мен достық қатынастарды ескере отырып,

      өзара тиімді негізде ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастықты дамытуға өзара ұмтылысты ескере отырып,

      экономиканы дамытудағы және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі ауыл шаруашылығы секторының жетекші рөлін ұғына отырып,

      Тараптар арасындағы ынтымақтастықты нығайту үшін барлық деңгейде тәжірибе алмасу мен ынтымақтастықтың маңыздылығын ұғына отырып,

      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      Тараптар арасындағы ынтымақтастық мынадай салаларда жүзеге асырылады:

      - өсімдік шаруашылығы және мал шаруашылығы;

      - ветеринария, өсімдіктерді қорғау және олардың карантині;

      - аграрлық ғылым, білім алмасу;

      - ауыл шаруашылығы өнімін қайта өңдеу;

      - су үнемдеу технологиялары;

      - акваөсіру;

      - мамандарды оқыту.

2-бап

      Осы Келісім шеңберіндегі ынтымақтастық:

      ауыл шаруашылығы саласындағы зерттеулер мен білім туралы ақпарат алмасу;

      ауыл шаруашылығы саласында өзара техникалық көмек алмасу және озық білімге (технологияларға) оқыту;

      ауыл шаруашылығы саласында нормативтік құқықтық актілер және стандарттар туралы ақпарат алмасу;

      Тараптар өткізетін іс-шараларға (көрмелер, семинарлар, конференциялар және басқа да сол сияқты іс-шаралар) қатысу;

      өзара мүддені білдіретін мәселелерді талқылау;

      тағылымдамалардан, тренингтерден өту арқылы мамандардың кәсіби әлеуетін арттыру;

      екі елдің ауыл шаруашылығы секторына жеке сектор инвестицияларын көтермелеу арқылы жүзеге асырылады.

      Тараптар өзара келісу бойынша осы баптың ережелерінде аталмаған ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастықтың өзге де нысандарын дамыта алады.

3-бап

      Тараптар осы Келісімге сәйкес ынтымақтастық ережелерін орындауы барысында туындайтын шығыстарды, егер өзгеше ескертілмеген болса, Тараптардың қолжетімді бюджет қаражаты шегінде өздері көтереді.

4-бап

      Тараптардың осы Келісімді іске асыруға жауапты құзыретті органдары мыналар болып табылады:

      Қазақстан тарапынан – Ауыл шаруашылығы министрлігі,

      Израиль тарапынан – Ауыл шаруашылығы және ауылдық аумақтарды дамыту министрлігі;

      Израиль халықаралық ынтымақтастықты дамыту агенттігі (МАШАВ) – осы Келісімнің 2-бабында көрсетілген тренингтерді өткізу бойынша.

      Тараптардың осы Келісімді іске асыруға жауапты құзыретті органдары өзгерген жағдайда Тараптар бұл туралы тез арада дипломатиялық арналар арқылы жазбаша нысанда бір-бірін хабардар етеді.

5-бап

      а) Тараптар осы Келісімді іске асыру барысында алынған зияткерлік қызмет нәтижелеріне құқықтарды ұлттық заңнамаға және Тараптардың мемлекеттері қатысушысы болып табылатын халықаралық шарттарға сәйкес құқықтық қорғау құралдарымен қамтамасыз етеді.

      b) Осы Келісімге сәйкес бірлескен қызмет нәтижесінде алынған зияткерлік қызмет нәтижелеріне құқықтар нақты жағдайға байланысты дайындалатын жекелеген келісімдерге сәйкес реттелуге тиіс.

      c) Тараптардың осы Келісім шеңберінде алынған, "Құпия" деп белгіленген қандай да бір құпия ақпаратты мұндай ақпарат алынған қандай да болсын Тараптың жазбаша келісімінсіз үшінші тұлғаларға беруге құқығы жоқ.

6-бап

      Осы Келісімге Тараптардың өзара келісімі бойынша жазбаша нысанда осы Келісімнің 9-бабында көзделген тәртіппен күшіне енетін, оның ажырамас бөліктері болып табылатын және жеке хаттамалармен ресімделетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.

7-бап

      Осы Келісімге сәйкес жүргізілетін кез келген қызмет түрі Тараптардың әрқайсысының заңдарына, қағидаларына және рәсімдеріне сәйкес жүзеге асырылады.

8-бап

      Осы Келісімнің ережелерін түсіндіруге немесе қолдануға қатысты Тараптар арасындағы даулар мен келіспеушіліктер келіссөздер немесе консультациялар арқылы бейбіт жолмен шешіледі.

9-бап

      1. Осы Келісім оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама дипломатиялық арналар арқылы алынған күннен бастап күшіне енеді.

      2. Осы Келісім 5 (бес) жыл бойы күшінде қалады және Тараптардың бірі алты (6) ай бұрын екінші Тарапты оның қолданысын тоқтату ниеті туралы дипломатиялық арналар арқылы жазбаша хабардар еткенге дейін автоматты түрде келесі бес жылдық кезеңге ұзартылады.

      3. Егер Тараптар өзгеше белгілемеген болса, осы Келісімнің қолданысын тоқтату осы Келісім шеңберінде іске асырылатын іс-шаралардың қолданысына немесе ұзақтығына осы Келісімнің қолданылуы аяқталғанға дейін әсер етпейді.


      Еврей күнтізбесі бойынша 5777 жылғы "__" ___________ сәйкес келетін 2016 жылғы 14 желтоқсанда Астана қаласында әрқайсысы қазақ, иврит, ағылшын және орыс тілдерінде екі төлнұсқа данада жасалды, әрі барлық мәтіндердің күші бірдей. Осы Келісімнің мәтіндері арасында айырмашылық болған жағдайда Тараптар ағылшын тіліндегі мәтінге жүгінеді.


      Қазақстан Республикасының Израиль Мемлекетінің
      Үкіметі үшін Үкіметі үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады