Атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы нормативтік құқықтық және нормативтік-техникалық реттеу, сәйкестікті бағалау, стандарттау, аккредиттеу және метрологиялық қамтамасыз ету тәсілдерін жақындастыру туралы келісімге қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 24 мамырдағы № 282 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы нормативтік құқықтық және нормативтік-техникалық реттеу, сәйкестікті бағалау, стандарттау, аккредиттеу және метрологиялық қамтамасыз ету тәсілдерін жақындастыру туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.

      2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Б. Сағынтаев

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2017 жылғы 24 мамырдағы
№ 282 қаулысымен
мақұлданған
  Жоба

Атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы нормативтік құқықтық және нормативтік-техникалық реттеу, сәйкестікті бағалау, стандарттау, аккредиттеу және метрологиялық қамтамасыз ету тәсілдерін жақындастыру туралы келісім

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің үкіметтері

      тауарлардың еркін қозғалысын қамтамасыз ететін бірыңғай қағидаттарды негізге ала отырып,

      атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласында нормативтік құқықтық және нормативтік-техникалық реттеу, сәйкестікті бағалау, стандарттау, аккредиттеу және метрологиялық қамтамасыз ету бойынша келісілген саясат жүргізудің орындылығын мойындай отырып,

      АЭХА және басқа халықаралық ұйымдардың қауіпсіздік стандарттарында көрсетілген атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз етудің қағидаттары мен тәсілдерін назарға ала отырып,

      2011 жылғы 19 мамырдағы "АТОМ-ТМД" ЫНТЫМАҚТАСТЫҒЫ" 2020 жылға дейінгі кезеңге арналған Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына (бұдан әрі – ТМД) қатысушы мемлекеттердің атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы ынтымақтастығының негіздемелік бағдарламасын, 2013 жылғы 31 мамырдағы ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы мемлекетаралық қатынастарын үйлестіру туралы келісімді негізге ала отырып,

      өзара саудадағы негізсіз шектеулерді жоюға ұмтыла отырып,

      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      Осы Келісімнің мақсаттары атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге байланысты талаптар белгіленетін өнімге (бұдан әрі – өнім) (оның ішінде ТМД-ға қатысушы мемлекеттерге импортталатын өнімге), өнімді (іздестіруді қоса алғанда) жобалау, конструкциялау, өндіру, салу, монтаждау, баптау, пайдалануға беру, пайдалану, пайдаланудан шығару (бөлшектеу), сақтау, тасымалдау, сату, кәдеге жарату, көму процестеріне (бұдан әрі – процестер) қатысты нормативтік-құқықтық және нормативтік-техникалық реттеу, сәйкестікті бағалау, стандарттау, аккредиттеу және метрологиялық қамтамасыз ету саласындағы Тараптардың тәсілдерін жақындастыру, сондай-ақ атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласында келісілген саясатты тұжырымдау және техникалық реттеу аясындағы қызметтің негізгі бағыттарын айқындау болып табылады.

2-бап

      Тараптардың нормативтік құқықтық және нормативтік-техникалық реттеу, сәйкестікті бағалау, стандарттау, аккредиттеу және метрологиялық қамтамасыз ету бойынша тәсілдерін жақындастыруды іске асыру Тараптардың осы бағыттар бойынша қызметті айқындайтын қосымша келісімдерді қабылдауы арқылы жүзеге асырылады.

      Әрбір Тарап ядролық және радиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында ұлттық деңгейде өнімдер мен процестерге қосымша талаптар қоюға құқылы.

3-бап

      Тараптар атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы нормативтік құқықтық және нормативтік-техникалық реттеу, сәйкестікті бағалау, стандарттау, аккредиттеу және метрологиялық қамтамасыз ету жөніндегі тәсілдерді жақындастыру бойынша қызмет мынадай қағидаттарға негізделеді деп келісті:

      өнімдер мен процестерге қолданылатын міндетті ұлттық талаптардың, сондай-ақ сәйкестікті бағалаудың нысандары мен схемасының және сәйкестікті бағалау мақсатында қолданылатын зерттеулердің (сынақтардың) және өлшемдердің қағидалары мен тәсілдерінің, оның ішінде үлгілерді іріктеу қағидаларының үйлесімділігін қамтамасыз ету;

      өнімдер мен процестерге міндетті талаптарды белгілеу және қолдану (пайдалану) кезінде ядролық және радиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету басымдығы;

      стандарттау жөніндегі құжаттарда белгіленген өнімдер мен процестерге қойылатын талаптар мен ережелердің өнімдер мен процестерге қатысты қауіпсіздік талаптарына қайшы келуіне жол бермеу;

      қауіпсіздік мәдениетінің жоғары деңгейін қамтамасыз ету;

      қолданылатын терминологияның бірыңғайлығы;

      өнімдер мен процестерді сәйкестендіру, жіктеу жүйесінің және кодтау жүйелерінің бірыңғайлығын қамтамасыз ету;

      өнімдер мен процестердің сәйкестігін бағалау міндеттілігі;

      АЭХА және басқа халықаралық ұйымдардың ұсынымдарын ескере отырып, өнімдер мен процестерге қойылатын талаптарды белгілеу;

      сәйкестікті бағалау жөніндегі органдардың аккредиттеу нәтижелерін Тараптардың өзара немесе біржақты тану мүмкіндігі;

      сәйкестікті бағалау жөніндегі аккредиттелген органдар жүргізген өнімдер мен процестердің сәйкестігін бағалау бойынша жұмыстардың нәтижелерін Тараптардың өзара немесе біржақты тану мүмкіндігі;

      осы Келісім шеңберінде қызметтердің нәтижелерін өзара тануға қол жеткізу мақсатында өлшем бірлігін қамтамасыз ету;

      мемлекеттік құпияны құрайтын немесе осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің заңнамасына сәйкес қолжетімділігі шектеулі қорғалатын ақпаратқа жатқызылатын мәліметтер қамтылған стандарттау саласындағы құжаттарды қоспағанда, қолданылуы және орындалуы міндетті болып табылатын стандарттау саласындағы құжаттардың жалпыға бірдей қолжетімділігі.

4-бап

      Өнімдер мен процестерге қатысты нормативтік құқықтық және нормативтік-техникалық реттеу, сәйкестікті бағалау, стандарттау, аккредиттеу және метрологиялық қамтамасыз ету қағидаттары осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы нормативтік құқықтық актілеріне қайшы келмейтін бөлігінде қолданылады.

      Осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің аумағында атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдаланатын белгілі бір объектіге арналған өнімдер мен процестердің айналысы (сатылуы) кезінде өнімдер мен процестердің мемлекетінің аумағында осы объекті орналасқан Тараптың ұлттық нормативтік құқықтық актілерінің талаптарына сәйкестігіне бағалау жүргізу алып тасталмайды.

5-бап

      Осы Келісім Тараптардың әрқайсысының өз мемлекеті қатысушысы болып табылатын басқа халықаралық шарттардан туындайтын құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.

6-бап

      Осы Келісімге Тараптардың өзара келісуі бойынша оның ажырамас бөлігі болып табылатын өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін, олар тиісті хаттамамен ресімделеді.

7-бап

      Осы Келісімді қолдану мен түсіндіру кезінде туындаған Тараптар арасындағы даулы мәселелер мүдделі Тараптардың консультациялары мен келіссөздері жолымен немесе Тараптар келіскен басқа рәсімдер арқылы шешіледі.

8-бап

      Осы Келісім оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді оған қол қойған Тараптардың орындағаны туралы үшінші хабарламаны депозитарий алған күннен бастап 30 күн өткен соң күшіне енеді.

      Мемлекетішілік рәсімдерді кешірек орындаған Тараптар үшін осы Келісім депозитарий тиісті құжаттарды алған күннен бастап 30 күн өткен соң күшіне енеді.

9-бап

      Осы Келісім күшіне енгеннен кейін қосылу туралы құжатты депозитарийге беру жолымен кез келген мемлекеттің қосылуы үшін ашық.

      ТМД-ға қатысушы мемлекеттер үшін осы Келісім депозитарий қосылу туралы құжатты алған күннен бастап 30 күн өткен соң күшіне енеді.

      ТМД-ға қатысушы болып табылмайтын мемлекет үшін осы Келісім оған қол қойған немесе қосылған мемлекеттердің осындай қосылуға келісімі туралы соңғы хабарламаны депозитарий алған күннен бастап 30 күн өткен соң күшіне енеді.

10-бап

      Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады.

      Тараптың әрқайсысы осы Келісімнен шыққанға дейін алты айдан кешіктірмей өзінің ниеті туралы депозитарийге жазбаша хабарламаны жібере отырып, осы Келісімнің қолданылуы кезінде туындаған міндеттемелерді реттей отырып, осы Келісімнен шығуға құқылы.

      201_ жылғы ________ __________ қаласында орыс тілінде бір данада жасалды. Осы Келісімнің төлнұсқа данасы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Атқарушы комитетінде сақталады, ол осы Келісімге қол қойған мемлекеттің әрқайсысына оның расталған көшірмесін жібереді.

Әзербайжан Республикасының
Үкіметі үшін

Ресей Федерациясының
Үкіметі үшін

Армения Республикасының
Үкіметі үшін

Тәжікстан Республикасының
Үкіметі үшін

Беларусь Республикасының
Үкіметі үшін

Түрікменстан Үкіметі үшін

Қазақстан Республикасының
Үкіметі үшін

Өзбекстан Республикасының
Үкіметі үшін

Қырғыз Республикасының
Үкіметі үшін

Украина Үкіметі үшін

Молдова Республикасының
Үкіметі үшін



Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады