Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы Қазақстанға тікелей инвестициялар салуды жүзеге асыратын Қытай-Қазақстан өндірістік қуаттарының ынтымақтастығы қоры кірісінің жекелеген түрлерін салық салудан босату туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.
2. Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Махмұдұлы Қасымбекке Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы Қазақстанға тікелей инвестициялар салуды жүзеге асыратын Қытай-Қазақстан өндірістік қуаттарының ынтымақтастығы қоры кірісінің жекелеген түрлерін салық салудан босату туралы келісімге қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасы Үкіметінің атынан қол қоюға өкілеттік берілсін.
3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының | |
Премьер-Министрі | Б. Сағынтаев |
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 7 маусымдағы № 340 қаулысымен мақұлданған |
|
Жоба |
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы Қазақстанға тікелей инвестициялар салуды жүзеге асыратын Қытай-Қазақстан өндірістік қуаттарының ынтымақтастығы қоры кірісінің жекелеген түрлерін салық салудан босату туралы келісім
Осы Келісім бір тараптан бұдан әрі "Қазақстан Үкіметі" деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен екінші тараптан бұдан әрі "ҚХР Үкіметі" деп аталатын Қытай Халық Республикасының Үкіметі (бұдан әрі "Тараптар" деп аталады) арасында жасалды.
Қазақстан-Қытай ынтымақтастығы шеңберінде индустрияландыру және инвестициялар саласындағы негізгі жобалардың іске асырылуын қолдау, Қытай-Қазақстан өндірістік қуаттарының ынтымақтастығы қорының қаржылық қолдау функцияларын барынша ұлғайту, "Нұрлы жол" инфрақұрылымды дамытудың мемлекеттік бағдарламасының іске асырылуына жәрдемдесу және Қазақстанның инфрақұрылымдық және индустриялық жобаларына салынатын қытай инвестицияларын қолдау мақсатында, сондай-ақ Қытай мен Қазақстан арасындағы индустрияландыру және инвестициялар саласындағы екіжақты экономикалық қатынастарды дамытудың маңыздылығын назарға ала отырып,
Тараптар төмендегілер туралы келісті:
Осы Келісімнің мақсаттары үшін:
1. "Жобалар" 2015 жылғы 31 тамызда жасалған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасы Үкіметінің арасындағы Индустрияландыру және инвестициялар саласындағы ынтымақтастықты нығайту туралы негіздемелік келісім (бұдан әрі – "Негіздемелік келісім") шеңберінде индустрияландыру және инвестициялар саласында Қазақстан Республикасының аумағында іске асырылатын жобаларды білдіреді.
2. "Қор" Жобаларға инвестициялар салуға қатысушы тарап болып табылатын, Қытай Халық Республикасының заңнамасына сәйкес 2016 жылғы 7 желтоқсанда құрылған Қытай-Қазақстан өндірістік қуаттарының ынтымақтастығы қорын (Әлеуметтік кредиттік коды 91110000МА00А97G1B) білдіреді.
3. "Дивидендтер" акциялардан немесе борыштық талаптар болып табылмайтын басқа да құқықтардан, пайдаларға қатысудан, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес осындай салықтық реттеуге жататын басқа да корпоративтік құқықтардан түсетін кірісті білдіреді.
Дивидендтерге салынатын салықтан босату
1. Қазақстан Республикасының Үкіметі Қордың Жобаларға тікелей қатысуына қатысты Қорды дивидендтерге салық салудан босатады.
Қордың Жобаларға тікелей қатыспауына қатысты Қазақстан Республикасының Үкіметі Қорды немесе Қор сол/солар арқылы Жобаларға қатысуды жүзеге асыратын компанияны/компанияларды Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімімен бекітілетін компаниялардың тізіміне сәйкес дивидендтер алатын компанияның/компаниялардың капиталына Қордың қатысу үлесі шегінде дивидендтерге салынатын салықтан босатады.
2. Қытай Халық Республикасының Үкіметі Қазақстан Республикасында құрылған, осы баптың 1-тармағында көрсетілген шарттарда Негіздемелік келісім шеңберінде Қытайдағы жобаларға инвестициялар салуға қатысатын Қор сияқты түрдегі ұйымды дивидендтерге салық салудан босатуды тең негізде қарауға дайын.
1. Осы Келісім Қор Жобаларға өзінің қатысу үлесі шегінде алатын дивидендтерге қатысты ғана қолданылады және кез келген басқа да қолданылатын салықтарды қозғамайды.
2. Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген салықтар және басқа да міндетті төлемдер Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес төленеді.
3. Қор Жобалардың капиталына тікелей қатысудан алатын капитал құнының өсіміне салық салу салықтардан босату бөлігінде Қазақстан Республикасының заңнамасына және 2001 жылғы 12 қыркүйекте жасалған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасында Табысқа салынатын салықтарға қатысты қосарланған салық салуды болдырмау және салық салудан жалтаруға жол бермеу туралы келісімге сәйкес реттелуге тиіс.
4-бап
Өзара уағдаластыққа қол жеткізу рәсімі
Тараптар осы Келісімді түсіндіруге және қолдануға қатысты дауларды тиісті жағдайларда келіссөздер және консультациялар арқылы шешуге ұмтылатын болады.
1. Осы Келісім Тараптардың осы Келісімнің күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама дипломатиялық арналар арқылы алынған күннен бастап күшіне енеді.
2. Осы Келiсiм күшiне енген күнінен бастап Тараптардың бiрi екiншi Тарапты дипломатиялық арналар бойынша алдын ала жазбаша хабардар ету арқылы оның қолданысын тоқтата алатын уақытқа дейін кемінде он (10) жыл кезеңде күшiнде қалады. Бұл жағдайда осы Келісім екінші Тарап жазбаша хабарлама алған күннен бастап алты (6) ай өткен соң өз қолданысын тоқтатады.
3. Осы Келісім күшіне енген күнтізбелік жылдың бірінші қаңтарынан бастап төленуге жататын дивидендтерге қатысты осы Келісім қолданылады.
4. Тараптардың өзара келісімі бойынша осы Келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін, олар осы Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылатын және осы Келісімнің 5-бабының 1-тармағында көзделген тәртіппен күшіне енетін жекелеген хаттамалармен ресімделеді.
5. Осы Келісімді бұзу туралы хабарлама Тарапқа осы Келісімге сәйкес берілген жылдан кейінгі күнтізбелік жыл үшін төленетін дивидендтерге қатысты осы Келісім өз қолданысын тоқтатады және оның заңдық күші болмайды.
6. Қор өз қатысуын тоқтатқан Жобаларға қатысты осы Келісімнің қолданысы тоқтатылады.
____ жылғы " " _________ _______ қаласында әрқайсысы қазақ, орыс, қытай және ағылшын тілдерінде екі данада жасалды әрі барлық мәтіндердің бірдей заңдық күші бар.
Осы Келісімнің ережелерін түсіндіру кезінде кез келген келіспеушіліктер туындаған жағдайда ағылшын тіліндегі мәтін басымдыққа ие болады.
Қазақстан Республикасының | Қытай Халық Республикасының |
Үкіметі Үшін | Үкіметі Үшін |