Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Испания Корольдігінің Үкіметі арасындағы құпия ақпаратты өзара қорғау туралы келісімге қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 11 шілдедегі № 420 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Испания Корольдігінің Үкіметі арасындағы құпия ақпаратты өзара қорғау туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.

      2. Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Қайрат Құдайбергенұлы Әбдірахманов Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Испания Корольдігінің Үкіметі арасындағы құпия ақпаратты өзара қорғау туралы келісімге Қазақстан Республикасы Үкіметінің атынан қол қойсын, оған қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат берілсін.

      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі Б. Сағынтаев

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2017 жылғы 11 шілдедегі
№ 420 қаулысымен
мақұлданған
 
  Жоба

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Испания Корольдігінің Үкіметі арасындағы құпия ақпаратты өзара қорғау туралы келісім

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Испания Корольдігінің Үкіметі

      өзара саяси, экономикалық, техникалық және әскери ынтымақтастықты және ұлттық қауіпсіздік мәселелері бойынша ынтымақтастықты одан әрі дамытуға және нығайтуға ықпал етуге ұмтыла отырып;

      қауіпсіздіктің заманауи сын-қатерлерін шешу кезінде ақпараттық алмасудың маңыздылығын атап өте отырып;

      Тараптардың тиімді ынтымақтастығын қамтамасыз ету үшін құпия ақпарат алмасу қажет болуы мүмкін екенін ұғына отырып;

      Тараптар арасында алмасатын немесе осы Келісім шеңберінде пайда болған құпия ақпаратты өзара қорғау мәселелерін реттеу ниетін басшылыққа ала отырып,

      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

Анықтамалар

      Осы Келісімде мыналар айқындалған:

      1) құпия ақпарат – нысанына, табиғатына немесе беру тәсіліне қарамастан, ынтымақтастық процесінде берілетін және/немесе пайда болған ақпарат, құжаттар немесе материалдар, оларға құпиялылық дәрежесіне сәйкес құпиялылық белгісі беріледі және олар ұлттық қауіпсіздік мүддесінде және Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына сәйкес жария етуден, жоғалтудан, жойылудан, бүлінуден, заңсыз иемденуден немесе тиісінше пайдаланбаудан қорғауды талап етеді;

      2) құпиялылық белгісі – құпия ақпаратқа берілетін, оның құпиялылық дәрежесі туралы куәландыратын деректеме;

      3) құпия ақпаратқа рұқсат ету – ұлттық рәсімдерге сәйкес қабылданатын жеке тұлғаның құпия ақпаратқа қол жеткізуіне, ал заңды тұлғаға Тараптардың ұлттық заңнамаларына сәйкес құпия ақпаратты пайдалана отырып, қызметін жүзеге асыруына құқық беретін шешім;

      4) құпия ақпаратқа қолжетімділік – құпия ақпаратқа тиісті рұқсаты бар жеке тұлғаға құпия ақпаратпен рұқсатпен таныстыру процесі;

      5) құзыретті орган – осы Келісімнің 5-бабында айқындалатын және ұлттық заңнамасына сәйкес құпия ақпараттың қорғалуын қамтамасыз етуді бақылауды және осы Келісім шеңберінде үйлестіруді жүзеге асыратын, осы Келісімнің ережелерін іске асыруға жауапты Тараптың мемлекеттік органы;

      6) уәкілетті орган – Тараптардың ұлттық заңнамаларына сәйкес Тараптардың арасындағы ынтымақтастық процесінде алмасатын және/немесе пайда болған құпия ақпаратты жасауға, алуға, беруге, сақтауға, пайдалануға, қорғауға уәкілеттік берілген Тараптың мемлекеттік органдары мен ұйымдары (заңды тұлғалары);

      7) жіберуші Тарап – құпия ақпаратты беретін уәкілетті орган немесе құзыретті орган;

      8) алушы Тарап – құпия ақпаратты алатын уәкілетті орган немесе құзыретті орган;

      9) құпия келісімшарт – Тараптардың уәкілетті органдары мен заңды тұлғаларының арасында жасалатын, әзірленуіне және орындалуына құпия ақпаратты пайдалану және/немесе жасау талап етілетін шарт;

      10) үшінші тарап – юрисдикциясында болатын жеке және заңды тұлғаларды қоса алғанда, кез келген мемлекет немесе осы Келісімнің Тараптары болып табылмайтын халықаралық ұйым.

2-бап

Келісімнің мақсаты

      Осы Келісімнің мақсаты Тараптардың арасындағы ынтымақтастық барысында құпия ақпаратты өзара қорғауды қамтамасыз ету болып табылады.

3-бап

Құпиялылық дәрежелерінің салыстырмалылығы

      1. Тараптар осы Келісімге және Тараптардың ұлттық заңнамаларына сәйкес құпиялылық дәрежелері және оларға сәйкес келетін құпиялылық белгілері мынадай түрде салыстырылады деп белгілейді:

Қазақстан Республикасында

Орыс тіліндегі балама сөз

Испания Корольдігінде

ӨТЕ ҚҰПИЯ

СОВЕРШЕННО СЕКРЕТНО

SECRETO

ӨТЕ ҚҰПИЯ

СОВЕРШЕННО СЕКРЕТНО

RESERVADO

ҚҰПИЯ

СЕКРЕТНО

CONFIDENCIAL

ҚЫЗМЕТ БАБЫНДА ПАЙДАЛАНУ ҮШІН

ДЛЯ СЛУЖЕБНОГО ПОЛЬЗОВАНИЯ

DIFUSIÓN LIMITADA

4-бап

Қауіпсіздік шаралары

      1. Тараптар өздерінің ұлттық заңнамаларына және осы Келісімге сәйкес құпия ақпаратты қорғау жөнінде барлық қажетті шараларды қабылдайды.

      2. Құпия ақпаратқа рұқсат тиісті құпиялылық дәрежесіндегі құпия ақпаратқа рұқсаты болған кезде қызметтік міндеттерін орындау үшін қажет азаматтарға ғана беріледі.

      3. Алушы Тарап:

      1) ынтымақтастық процесінде алынған, сондай-ақ пайда болған құпия ақпаратты үшінші тарапқа мұндай ақпаратты жіберген Тараптың құзыретті органының алдын ала жазбаша келісімінсіз бермеуге;

      2) құпия ақпаратты беру кезінде көзделмеген өзге мақсаттарға пайдаланбауға міндеттенеді.

      4. Алушы Тарап алған құпия ақпаратты осы Келісімнің 3-бабына сәйкес оған жіберуші Тарап берген құпиялылық дәрежесіне сәйкес келетін құпиялылық дәрежесімен белгілеуге міндетті.

      5. Тараптардың бірде-бірі екінші Тараптың алдын ала жазбаша келісімінсіз ынтымақтастық процесінде алған немесе пайда болған құпия ақпаратты құпиясыздандыра немесе құпиялылық белгісін өзгерте алмайды.

5-бап

Құзыретті органдар

      1. Мыналар:

      Испания Корольдігі үшін – Ұлттық барлау орталығының Ұлттық қауіпсіздік бюросы;

      Қазақстан Республикасы үшін – Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті құзыретті органдар болып табылады.

      2. Құзыретті органдар құпия ақпаратты қорғауды регламенттейтін қолданыстағы ұлттық заңнамалары және осы Келісімге сәйкес құпия ақпаратты қорғау үшін мәні бар осы заңнамаларға енгізілген барлық өзгерістер туралы бірін-бірі хабардар етеді.

      3. Тығыз ынтымақтастықты қамтамасыз ету және осы Келісімді іске асыру мақсатында құзыретті органдар олардың бірі жіберген сұрау салу бойынша консультациялар өткізуі мүмкін.

6-бап

Құпия ақпаратты беру

      1. Құпия ақпаратты беру туралы шешімді әрбір жеке жағдайда Тараптар өздерінің ұлттық заңнамаларына сәйкес қабылдайды.

      2. Құпия ақпаратты беру, әдетте, дипломатиялық арналар арқылы жүзеге асырылады. Тараптардың құзыретті органдары арасындағы өзара келісім бойынша және олардың ұлттық заңнамаларына сәйкес басқа да арналар айқындалуы мүмкін. Алушы Тарап құпия ақпаратты алғанын жазбаша түрде растайды.

      3. Электрондық арналар арқылы берілетін құпия ақпарат Тараптардың құзыретті органдары өзара мақұлдаған криптографиялық тәсілдермен қорғалады.

      4. Тараптар арасында көлемі үлкен құпия ақпаратты беру кезінде тасымалдау тәсілі, беру бағдары және сүйемелдеу нысаны Тараптардың құзыретті органдары арасында өзара келісім бойынша алдын ала дайындалған тиісті тасымалдау жоспарында айқындалады.

      5. Егер бір Тараптың уәкілетті органы құпия ақпаратты екінші Тараптың уәкілетті органына беруге ниеттенсе немесе онымен құпия келісімшарт жасасуға ниеттенсе, онда ол өз Тарапының құзыретті органынан екінші Тараптың уәкілетті органының құпия ақпаратқа рұқсаты бар екенін жазбаша растауын алдын ала сұратады.

      Бір Тараптың құзыретті органы екінші Тараптың құзыретті органынан екінші Тараптың уәкілетті органының құпия ақпаратқа рұқсаты бар екенін жазбаша растауды сұратады.

7-бап

Құпия ақпаратпен жұмыс істеу

      1. "ӨТЕ ҚҰПИЯ/СОВЕРШЕННО СЕКРЕТНО/SECRETO", "ӨТЕ ҚҰПИЯ/СОВЕРШЕННО СЕКРЕТНО/RESERVADO" және "ҚҰПИЯ/СОВЕРШЕННО СЕКРЕТНО/CONFIDENCIAL" құпиялылық белгілері бар құпия ақпараттың көшірмесін түсіру тек жіберуші Тараптың жазбаша келісімін алғаннан кейін ғана жүзеге асырылады.

      2. Құпия ақпаратты аударуды немесе көшірмесін түсіруді құпиялылық дәрежесі сәйкес келетін немесе одан жоғары құпия ақпаратқа тиісті рұқсаты бар адамдар жүзеге асырады.

      3. Құпия ақпаратты аудару немесе көшірмесін түсіру кезінде әр көшірмеге түпнұсқаның құпиялылық белгісіне сәйкес келетін құпиялылық белгісі қойылады. Көшірмелер саны қызметтік қажеттілікпен айқындалады.

      4. Құпия ақпарат оны толық немесе ішінара қалпына келтіру мүмкін болмайтындай етіліп жойылады. Алушы Тарап жіберуші Тарапты құпия ақпараттың жойылғаны туралы жазбаша хабардар етеді.

      5. "ӨТЕ ҚҰПИЯ/СОВЕРШЕННО СЕКРЕТНО/SECRETO" құпиялылық белгісі бар құпия ақпарат жойылуға жатпайды және осы баптың 7-тармағында көрсетілген жағдайларды қоспағанда, жіберуші Тарапқа қайтарылады.

      6. "ӨТЕ ҚҰПИЯ/СОВЕРШЕННО СЕКРЕТНО/SECRETO", "ӨТЕ ҚҰПИЯ/СОВЕРШЕННО СЕКРЕТНО/RESERVADO" және "ҚҰПИЯ/СЕКРЕТНО/CONFIDENCIAL" құпиялылық белгісі бар құпия ақпарат жіберуші Тараптың жазбаша келісімін алғаннан кейін жойылады.

      7. Құпия ақпаратты қорғау және қайтару мүмкін болмайтын дағдарыс жағдайы туындағанда осы құпия ақпарат дереу жойылуға тиіс. Алушы Тарап бұл туралы жіберуші Тарапты дереу жазбаша түрде хабардар етуге тиіс.

8-бап

Құпия келісімшарттар

      1. Құпия келісімшарттарға:

      өзара іс-қимыл процесінде пайдалану жоспарланып отырған құпия ақпараттың тізбесі мен оның құпиялылық белгісі;

      құпия ақпаратты қорғау және пайдалану шарттарына қойылатын талаптар;

      дауларды шешу және құпия ақпаратты рұқсатсыз таратудан болуы мүмкін залалды өтеу тәртібі;

      құпия ақпаратты жария етпеу және/немесе үшінші Тарапқа беруді болдырмау туралы Тараптардың уәкілетті органдарына қойылатын талаптар айқындалатын жеке бөлім қамтылады.

      2. Тараптардың құзыретті органдары өз мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына сәйкес құпия ақпараттың қорғалуын бақылайды.

9-бап

Сапарлар

      1. Жіберуші Тараптың өкілдеріне құпия ақпаратқа рұқсат қабылдаушы Тараптың құзыретті органының алдын ала жазбаша рұқсаты алынғаннан кейін берілетін болады.

      2. Сапарларға арналған өтініштер жоспарланған сапарға дейін 30 (отыз) күн бұрын жіберіледі және мынадай ақпаратты қамтиды:

      1) келушінің тегі мен аты, туған күні мен жері, азаматтығы және паспортының (жеке басын куәландыратын құжаттың) нөмірі;

      2) келушінің лауазымы және ол өкілдік ететін ұйымның атауы;

      3) құпия ақпаратқа тиісті рұқсатының бар-жоғы және оның мерзімінің өтуі;

      4) сапардың мақсаты, келу болжанып отырған күні мен оның ұзақтығы;

      5) жоспарланған бару объектілерінің атауы;

      6) кездесу жоспарланып отырған қабылдаушы Тарап мемлекеті өкілдерінің лауазымы, аты мен тегі.

      3. Сапарға берілген рұқсаттаманың қолданылу мерзімі бір жылдан аспауы тиіс.

      4. Әрбір Тараптың өкілдері екінші Тараптың аумағына келген кезде қабылдаушы Тарап мемлекетінің ұлттық заңнамасын сақтайды.

10-бап

Құпия ақпаратты қорғау жөніндегі талаптардың бұзылуы және залалдың мөлшерін айқындау

      1. Басқа Тараптың уәкілетті органы берген және (немесе) ынтымақтастық процесінде пайда болған құпия ақпараттың рұқсатсыз таралуына әкеп соқтырған құпия ақпаратты қорғау жөніндегі талаптар бұзылған жағдайда, тиісті Тараптың уәкілетті немесе құзыретті органы екінші Тараптың уәкілетті немесе құзыретті органын дереу хабардар етеді, қажетті тексеру жүргізеді және құпия ақпаратты берген Тараптың құзыретті органына тексеру нәтижелері және аумағында бұзылу орын алған Тарап мемлекетінің заңнамасына сәйкес қабылданған шаралар туралы хабарлайды.

      2. Құпия ақпаратты рұқсатсыз таратудан келтірілген залалдың мөлшері мен тәртібі Тараптар мемлекеттерінің заңнамаларына, олар қатысушысы болып табылатын халықаралық шарттарға сәйкес, сондай-ақ Тараптар арасында консультациялар мен келіссөздер жолымен шешіледі.

11-бап

Шығыстар

      Тараптар осы Келісімді іске асыру жөніндегі шығыстарды өздерінің ұлттық заңнамаларына сәйкес дербес көтереді.

12-бап

Дауларды шешу

      1. Осы Келісімді түсіндіруге немесе қолдануға қатысты кез келген дау Тараптар арасындағы консультациялар мен келіссөздер жолымен ғана шешіледі.

      2. Кез келген даулар шешілгенге дейін Тараптар осы Келісімнен туындайтын міндеттемелерді сақтауды жалғастырады.

13-бап

Өзгерістер енгізу

      Тараптардың өзара жазбаша келісімі бойынша осы Келісімге өзгерістер енгізілуі мүмкін, олар Келісімнің ажырамас бөліктері болып табылады және осы Келісімнің 14-бабының 1-тармағында көзделген тәртіппен күшіне енетін жекелеген хаттамалармен ресімделеді.

14-бап

Қорытынды ережелер

      1. Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады және оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама дипломатиялық арналар арқылы алынғаннан кейін 30-шы (отызыншы) күні күшіне енеді.

      2. Әрбір Тарап екінші Тарапқа дипломатиялық арналар арқылы жазбаша хабарлама жіберу жолымен осы Келісімнің қолданысын тоқтата алады. Мұндай жағдайда осы Келісімнің қолданылуы мұндай хабарламаны алған күннен бастап 6 (алты) ай өткен соң тоқтатылады.

      3. Осы Келісім қолданысының тоқтатылғанына қарамастан, осы Келісім шеңберінде алмасатын және/немесе пайда болған барлық құпия ақпаратты қорғау Тараптар дипломатиялық арналар арқылы тиісті жазбаша хабарлама жіберіп, бірін-бірі осы міндеттемелерден босатқанға дейін осы Келісімнің ережелеріне сәйкес жүзеге асырылады.

      _______________________ әрқайсысы қазақ, орыс және испан тілдерінде екі данада жасалды әрі барлық мәтіндер теңтүпнұсқалы болып табылады.

      Қазақстан Республикасының Испания Корольдігінің
      Үкіметі үші Үкіметі үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады