Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттерде тауарлардың кедендік құнын айқындау және бақылау үшін қажетті ақпарат алмасу туралы келісімге қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 1 қарашадағы № 701 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттерде тауарлардың кедендік құнын айқындау және бақылау үшін қажетті ақпарат алмасу туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.

      2. Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттерде тауарлардың кедендік құнын айқындау және бақылау үшін қажетті ақпарат алмасу туралы келісімге қол қойылсын.

      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Б. Сағынтаев

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2017 жылғы 1 қарашадағы
№ 701 қаулысымен
мақұлданған
                                                                          Жоба

Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттерде тауарлардың кедендік құнын айқындау және бақылау үшін қажетті ақпарат алмасу туралы келісім

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің үкіметтері

      1994 жылғы 15 сәуірдегі Кеден істеріндегі ынтымақтастық және өзара көмек туралы келісімнің ережелеріне негізделе отырып,

      кедендік төлемдерді төлеуден жалтаруға қарсы іс-қимыл жасау мақсатында Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің кедендік шекаралары арқылы өткізілетін тауарлардың кедендік құнын тиімді бақылауды қамтамасыз етуге ұмтыла отырып,

      тауарлардың кедендік құнын бақылауды жетілдіруге ықпал ететін ақпаратпен және мәліметтермен уақтылы алмасудың қажеттігін мойындай отырып,

      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      Осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің кедендік шекаралары арқылы өткізілетін тауарлардың кедендік құнын дұрыс декларациялауды қамтамасыз ету үшін Тараптар арасындағы ынтымақтастық, жәрдем және өзара көмек осы Келісімнің мақсаттары болып табылады.

2-бап


      Осы Келісімде мынадай терминдер пайдаланылады:

      Тараптардың уәкілетті органдары – Тараптар айқындайтын, осы Келісімді іске асыруға жауапты органдар;

      ақпарат алмасудың техникалық шарттары – Тараптардың уәкілетті органдары алмасатын мәліметтердің құрылымын, форматын және құрамын, алмасу регламентін, алмасу мерзімдері мен тәсілдерін, сондай-ақ ақпаратты дайындау, беру және алу үшін жауапты тұлғаларды айқындайтын құжат;

      осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің кедендік шекаралары – осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің кедендік аумақтарының шегі, ал Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер үшін – Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумақтарының шегі.

3-бап

      Осы Келісімді іске асыру мақсатында әрбір Тарап уәкілетті органды айқындайды, ол туралы оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындау туралы хабарламамен бір уақытта депозитарийді хабардар етеді.

      Уәкілетті органның атауы өзгерген жағдайда, тиісті Тарап 30 күн ішінде бұл туралы депозитарийді жазбаша хабардар етеді.

      Депозитарий Келісімге қатысушы мемлекеттердің үкіметтерін белгіленген тәртіппен Тараптардың уәкілетті органдары туралы хабардар етеді.

4-бап

      Тараптар ұлттық заңнамаға және өз мемлекеттері қатысушылары болып табылатын халықаралық шарттарға сәйкес екіжақты негізде Тараптардың уәкілетті органдары арқылы тауарлардың кедендік құнын айқындау және бақылау үшін қажетті ақпарат алмасады.

5-бап

      Осы Келісімнің шеңберінде Тараптардың уәкілетті органдары осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің заңнамаларына сәйкес мемлекеттік құпиялылықты/құпияны құрайтын мәліметтерге жататын, сондай-ақ дербес деректерге жататын ақпаратты қоспағанда, осы Келісімге қосымшаны басшылыққа ала отырып, басқа мемлекеттің кедендік аумағына тауарларды әкету кезінде ресімделген экспорттық декларациялардың электрондық көшірмелерінің деректер базаларынан тұрақты негізде бір-біріне ақпарат ұсынады. Ақпарат алмасу осы Келісім күшіне енгеннен кейін осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің кеден органдары тіркеген экспорттық декларацияларға қатысты жүзеге асырылады.

      Ақпарат алмасу өтеусіз негізде жүзеге асырылады.

6-бап

      Осы Келісімнің ережелерін іске асыру үшін Тараптардың уәкілетті органдары екіжақты негізде осы Келісімге қосымшаны басшылыққа ала отырып, ақпарат алмасудың техникалық шарттарын бекітеді.

      Бұл ретте осы Келісімге қосымшада көрсетілген тауарлардың кедендік құнын айқындау және бақылау үшін қажетті ақпарат алмасу үшін мәліметтер құрамы Тараптардың уәкілетті органдарының өзара келісімі бойынша толықтырылуы немесе қысқартылуы мүмкін.

      Электрондық түрде ақпарат алмасу Тараптардың уәкілетті органдары арасында олардың техникалық дайындығын қамтамасыз етуден және осы туралы бір-бірін жазбаша хабардар еткеннен кейін жүзеге асырылады.

7-бап

      Тараптардың уәкілетті органдары өз мемлекеттерінің заңнамалық және өзге нормативтік құқықтық актілері туралы ақпаратпен, сондай-ақ экспорттық декларацияны толтыру кезінде пайдаланылатын анықтамалықтармен және сыныптауыштармен және тауарлардың кедендік құнын айқындауға және бақылауға қатысты өзге де құжаттар мен мәліметтер алмасады.

      Осы Келісімнің ережелерін іске асыру кезінде Тараптардың уәкілетті органдары тауарлардың кедендік құнын айқындау және бақылау практикасын зерделеу мақсатында ынтымақтастықты жүзеге асырады.

8-бап

      Осы Келісімге сәйкес Тараптардың уәкілетті органдары алған ақпарат құпия сипатқа ие, тек кедендік мақсаттарда ғана пайдаланылады. Басқа мақсаттар үшін ақпарат осы ақпаратты ұсынған Тараптың уәкілетті органының алдын ала жазбаша келісімімен ғана пайдаланылуы мүмкін.

      Тараптардың уәкілетті органдары осы Келісімнің негізінде алынған ақпаратты соттық және әкімшілік талқылау барысында дәлелдеме ретінде пайдалана алады. Мұндай ақпаратты сот органдарында дәлелдеме ретінде пайдалану және олардың дәлелдеу күші осы Келісімге қатысушы мемлекеттерінің заңнамасына сәйкес айқындалады.

      Осы Келісімнің шеңберінде берілетін ақпаратты алушы Тарап өз мемлекетінің заңнамасына сәйкес оны қорғауды қамтамасыз етуге міндетті.

9-бап

      Осы Келісімнің ережелерін іске асыру мәселелері бойынша хат алмасу орыс тілінде жүргізіледі.

10-бап

      Осы Келісім ол үшін өзі мемлекеті қатысушысы болып табылатын басқа халықаралық шарттардан туындайтын Тараптардың әрқайсысының құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.

11-бап

      Тараптардың өзара келісімі бойынша осы Келісімге оның ажырамас бөлігі болып табылатын, тиісті хаттамамен ресімделетін өзгерістер енгізілуі мүмкін.

12-бап

      Осы Келісімнің ережелерін қолданумен немесе түсіндірумен байланысты даулар мен келіспеушіліктер мүдделі Тараптардың уәкілетті органдары арасындағы консультациялар мен келіссөздер жолымен шешіледі.

13-бап

      Осы Келісім оған қол қойған Тараптардың оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындауы туралы үшінші жазбаша хабарламаны депозитарий алған күннен бастап 30 күн өткен соң күшіне енеді.

      Мемлекетішілік рәсімдерді кешірек орындаған Тараптар үшін осы Келісім депозитарий тиісті хабарламаларды алған күннен бастап 30 күн өткен соң күшіне енеді.

14-бап

      Осы Келісім күшіне енгеннен кейін депозитарийге қосылу туралы құжатты беру жолымен Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы кез келген мемлекеттің қосылуы үшін ашық.

      Қосылушы мемлекет үшін осы Келісім депозитарий қосылу туралы құжатты алған күннен бастап 30 күн өткен соң күшіне енеді.

15-бап

      Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады. Тараптардың әрқайсысы осы Келісімнен шыққанға дейін алты айдан кешіктірмей өзінің осындай ниеті туралы депозитарийге жазбаша хабарлама жібере отырып, осы Келісімнен шығуға құқылы.

      2017 жылғы "__" __________ __________ қаласында орыс тілінде бір төлнұсқа данада жасалды. Төлнұсқа данасы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Атқарушы комитетінде сақталады, ол осы Келісімге қол қойған әр мемлекетке оның расталған көшірмесін жібереді.



Әзербайжан Республикасының
Үкіметі үшін

Ресей Федерациясының
Үкіметі үшін


Армения Республикасының
Үкіметі үшін


Тәжікстан Республикасының Үкіметі үшін


Беларусь Республикасының
Үкіметі үшін


Түркіменстан
Үкіметі үшін


Қазақстан Республикасының
Үкіметі үшін


Өзбекстан Республикасының Үкіметі үшін


Қырғыз Республикасының
Үкіметі үшін


Молдова Республикасының
Үкіметі үшін


Украина
Үкіметі үшін

  Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына
қатысушы мемлекеттерде тауарлардың кедендік құнын айқындау және бақылау үшін қажетті ақпарат алмасу туралы келісімге қосымша

Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттерде тауарлардың кедендік құнын айқындау және бақылау үшін қажетті ақпарат алмасу үшін мәліметтердің үлгі құрамы

      Экспорттық декларацияның тіркеу нөмірі

      тауарлардың жалпы саны

      декларацияланатын тауарларға сәйкес келетін және көлік (тасымалдау) құжаттарында көрсетілген жүк орындарының жалпы саны

      мәлімделген кедендік рәсімнің (режимнің) коды

      алдыңғы кедендік рәсімнің (режимнің) коды

      жөнелтуші елдің коды

      шығарылған елдің коды

      межелі елдің коды

      сатушы ел коды

      шекарадағы және ел ішіндегі көлік құралы түрінің (болған жағдайда) коды

      шекарадағы және ел ішіндегі көлік құралының нөмірі (болған жағдайда)

      сәйкестендіру және жөнелту кезінде көлік құралы тіркелген ел (болған жағдайда)

      контейнерлік тасымалдау белгісі

      шарт бағасы валютасының коды

      шарт бағасы валютасының бағамы

      шарт валютасындағы шот бойынша жалпы сома

      экспорттық декларация бойынша тауардың нөмірі

      сыртқы экономикалық қызметтің тауарлық номенклатурасы бойынша тауардың коды

      экспорттық декларациядағы жүк орындары мен тауар сипаттамасы;

      нетто салмағы

      брутто салмағы

      алдыңғы құжат

      тауар бағасы;

      сыртқы сауда шартының нөмірі мен күні

      шот-фактура (инвойс) нөмірі мен күні

      халықаралық тауар-көліктік жүкқұжат нөмірі мен күні

      халықаралық жол тасымалдаушылары кітапшасының нөмірі (болған жағдайда)

      қосымша өлшем бірлігінің коды

      қосымша өлшем бірлігіндегі тауардың мөлшері

      жеткізу шарттары (жеткізу базисіне сәйкес географиялық пункттің жеткізу базисі және атауы) (болған жағдайда)

      тауардың статистикалық құны

      тауардың кедендік құны (болған жағдайда)

      тауар шығарылған күн.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады