Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы арасындағы "Жергілікті қосылған құн тізбектерін оңтайландыру" жобасын іске асыру туралы келісімге қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 14 желтоқсандағы № 832 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы арасындағы "Жергілікті қосылған құн тізбектерін оңтайландыру" жобасын іске асыру туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.

      2. Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Махмұдұлы Қасымбекке Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы арасындағы "Жергілікті қосылған құн тізбектерін оңтайландыру" жобасын іске асыру туралы келісімге қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан қол қоюға өкілеттік берілсін.

      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Б. Сағынтаев

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2017 жылғы 14 желтоқсандағы
832 қаулысымен
мақұлданған
 
  Жоба

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы арасындағы "Жергілікті қосылған құн тізбектерін оңтайландыру" жобасын іске асыру туралы келісім

      Осы жерде және бұдан әрі жеке-жеке "Тарап" немесе бірлесіп "Тараптар" деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы

      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

Келісімнің нысанасы

      1. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (бұдан әрі – ЭЫДҰ) "Жергілікті қосылған құн тізбектерін оңтайландыру" жобасының (бұдан әрі – жоба) І кезеңін жүзеге асырады.

      2. Қазақстан Республикасының Үкіметі жоба шеңберінде ЭЫДҰ орындайтын жұмысты қаржыландыруға келіседі.

      3. Жобаның ұзақтығы осы Келісімге қол қойылған күннен бастап 15 айды құрайды.


2-бап

Бюджет және қаржыландыру тетіктері

      1. Қазақстан Республикасының Үкіметі жобаны іске асыруға жұмсалатын шығыстарды жабу есебіне ЭЫДҰ-ға 680 000 (алты жүз сексен мың) евро сомасында жарна беруге міндеттенеді.

      2. Жарна мынадай жоспарға сәйкес төленетін болады:

      1) 160 000 (бір жүз алпыс мың) евро мөлшеріндегі бірінші транш осы Келісімге қол қойылған және ЭЫДҰ-дан төлеуге тиісті шотты алған күннен бастап 30 (отыз) күн ішінде жүргізіледі.

      2) 300 000 (үш жүз мың) евро мөлшеріндегі екінші транш ЭЫДҰ-дан төлеу шотын алғаннан кейін 2018 жылдың наурыз айында жүргізіледі.

      3) 220 000 (екі жүз жиырма мың) евро мөлшеріндегі үшінші транш ЭЫДҰ-дан төлеу шотын алғаннан кейін 2018 жылдың желтоқсан айында жүргізіледі.

      3. ЭЫДҰ бұл жарнаны ЭЫДҰ-ның қаржылық ережелеріне және басқа да тиісті қағидаларына, саясаттары мен рәсімдеріне сәйкес әкімшілендіреді, олар қазіргі кезде әкімшілік шығындарды жарнаның жалпы сомасының 5,3 % мөлшерінде өтеуді көздейді. Шығыс жалпы қабылданған бухгалтерлік есепке алу қағидаттарына сәйкес ЭЫДҰ шоттарында көрсетіледі және ЭЫДҰ-ның стандартты аудит қағидаларына сәйкес аудиттің бүкіл уақытында тексерілуі мүмкін.

3-бап

Жұмыстардың сипаттамасы және есептілік

      1. ЭЫДҰ жобаның І кезеңін осы Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылатын қоса берілетін техникалық тапсырмада сипатталғандай жүзеге асырады.

      2. Жобаның бірінші жылын іске асыру аяқталғаннан кейін үш ай ішінде ЭЫДҰ Қазақстан Республикасының Үкіметіне жүргізіліп жатқан жұмыс туралы алдын ала баяндаманы және шығыстар туралы аралық қаржылық есепті ұсынады.

      3. Жобаны іске асыру аяқталғаннан кейін алты ай ішінде ЭЫДҰ Қазақстан Республикасының Үкіметіне атқарылған жұмыс туралы қорытынды баяндаманы және шығыстар туралы қорытынды қаржылық есепті ұсынады.

      4. Қазақстан Республикасының Үкіметі шығындар туралы есепте қаржылық есеп беруге қойылатын талаптар ЭЫДҰ есептілігінің стандартты форматына сәйкес сақталғандығымен келіседі.

4-бап

Ақпарат алмасу

      Тараптар бір-біріне жобаны жүзеге асыру үшін қажетті көмек пен ақпаратты ұсынады.

      Тараптар арасындағы кез келген хат-хабар мына мекенжайларға:

      Қазақстан Республикасының Үкіметі үшін:

      Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігі

      010000, Қазақстан, Астана қаласы, Қабанбай батыр даңғылы 32/1,

      телефон: +7 (7172) 75 44 11, факс: +7 (7172) 75 40 80.


      ЭЫДҰ үшін:

      OECD Eurasia Competitiveness Programme, Global Relations Secretariat,

      2, rue André-Pascal, 75775 Paris Cedex 16, France,

      e-mail: jolanta.chmielik@oecd.org жіберіледі.

5-бап

Жобаның нәтижелерін пайдалану

      1. Жобаның кез келген нысандағы нәтижелері тек ЭЫДҰ-ның меншігі болып қалады.

      2. Құжаттардың жіктелуіне және жіктеуден шығарылуына қатысты үшінші тараптардың құқықтары, сондай-ақ ЭЫДҰ қағидалары мен саясаты сақталған кезде ЭЫДҰ Қазақстан Республикасының Үкіметіне коммерциялық емес мақсаттар үшін жұмыс шеңберінде дайындалған, жарна есебінен қаржыландырылған қорытынды баяндамаларды пайдалануға, көшіруге және таратуға және оларды оқу үшін ғана қолжетімді нұсқада (html 5) өзінің веб-сайтында орналастыруға құқық береді. Бұл ретте, Қазақстан Республикасы Үкіметінің қорытынды баяндамалардың жүктелетін нұсқаларын өзінің веб-сайтында орналастыруға құқығы жоқ. Егер ЭЫДҰ өзгеше белгілемесе, Қазақстан Республикасының Үкіметі ЭЫДҰ-ның жұмысқа меншік құқығын таниды. Қорытынды баяндамалар Қазақстан Республикасы Үкіметінің жобаға қосқан үлесін тануды қамтитын болады.

      3. ЭЫДҰ-ның стандартты шарттарына сәйкес Тараптар арасындағы модальдылық туралы жеке келісімнің негізінде ЭЫДҰ Қазақстан Республикасының Үкіметіне қорытынды баяндамалардың мәтіндерін басқа тілдерге аударуды жүзеге асыруға айрықша емес құқық береді.

      4. Жоба барысында ЭЫДҰ-ға ұсынылған Қазақстан Республикасы Үкіметінің меншігі болып табылатын кез келген деректер немесе ақпарат Қазақстан Республикасы Үкіметінің меншігі болып қалады. ЭЫДҰ-ның көрсетілген деректер мен ақпаратты өз баяндамаларын дайындау мақсатында және жобаны жүзеге асыру үшін неғұрлым кеңірек пайдалану және/немесе енгізу құқығы бар.

6-бап

Дауларды шешу

      Келіссөздер арқылы шешу мүмкін болмайтын, жүзеге асырылуын, нақтылығын және бұзылуын қоса алғанда, осы Келісімді түсіндіруден, қолданудан немесе орындаудан туындайтын немесе соған байланысты кез келген дау, келіспеушілік немесе наразылық Аралық соттың тұрақты палатасының осы Келісімді жасасу күніне жарамды мемлекеттер мен халықаралық ұйымдар үшін төрелік соттың факультативтік қағидаларына сәйкес міндетті күші бар соңғы төрелік талқылауымен шешіледі. Судьялардың саны – біреу. Судья Тараптар арасындағы өзара уағдаластық арқылы таңдалады, егер төрелік талап етілгеннен кейін үш айдың ішінде мұндай уағдаластыққа қол жеткізілмесе, судья Тараптардың бірінің талабы бойынша жоғарыда көрсетілген қағидаларға сәйкес тағайындалады. Төрелік сот Париж қаласында (Франция Республикасы) өтеді және барлық іс жүргізу және ұсынылатын түсініктемелер ағылшын тілінде болуға тиіс.

7-бап

Артықшылықтар мен иммунитеттер

      Осы Келісімде ешнәрсе ЭЫДҰ-ның халықаралық ұйым ретіндегі иммунитеттері мен артықшылықтарынан бас тарту деп түсіндірілмеуге тиіс.

8-бап

Өзгерістер

      Осы Келісім Тараптардың өзара келісуі бойынша оның ажырамас бөлігі болып табылатын жекелеген түзетулермен өзгертілуі және толықтырылуы мүмкін.

9-бап

Күшіне енуі

      Осы Келісім екі Тарап қол қойған күннен бастап күшіне енеді және екі Тарап одан туындайтын барлық міндеттемелерді орындағанға дейін күшінде болады.


      Қазақ, ағылшын және орыс тілдерінде екі-екіден алты төлнұсқа данада жасалды. Осы Келісімнің ережелерін түсіндіру кезінде келіспеушіліктер туындаған жағдайда, ағылшын тіліндегі мәтін басым болады.

      Қазақстан Республикасының
Үкіметі үшін
Экономикалық ынтымақтастықжәне даму ұйымы үшін
     

  Қазақстан Республикасының Үкіметі
мен Экономикалық ынтымақтастық
және даму ұйымы арасындағы
"Жергілікті қосылған құн
тізбектерін оңтайландыру" жобасын
іске асыру туралы келісімге
қосымша

"Жергілікті қосылған құн тізбектерін оңтайландыру" жобасы бойынша техникалық тапсырма
(І кезең. Орталық Азиядағы сауда және көлік байланыстарын жақсарту)

      1. Мақсаты

      Жобаны Қазақстан Республикасының Үкіметіне Орталық Азия елдері – Қазақстан Республикасы, Қырғызстан Республикасы, Монғолия, Тәжікстан Республикасы және Өзбекстан Республикасы (бұдан әрі – Орталық Азия елдері) арасындағы көліктік байланыстылық пен халықаралық интеграцияны кеңейту саясаты және құралдары бойынша талдамалық және практикалық ұсынымдарды бере отырып жүзеге асыру, атап айтқанда, ЭЫДҰ:

      1) бірінші кезекте Орталық Азия елдеріндегі физикалық инфрақұрылым тұрғысынан байланыстылықтың ағымдағы проблемалары туралы нақты деректерге негізделген талдау жүргізуге (мұндайды жүзеге асырған жағдайда жұмыстың одан кейінгі кезеңдері сауда саясатына және оны басқаруға арналуы мүмкін);

      2) Орталық Азия елдерінің арасындағы байланыстылық мәселелері бойынша мемлекетаралық диалогты және ынтымақтастықты күшейтуге;

      3) осы проблемаларды шешу үшін ЭЫДҰ-ның тәжірибесі мен талдауына негізделе отырып, саяси ұсынымдар беруге;

      4) Орталық Азия елдерінің лауазымды адамдарын инфрақұрылым және көлік саласында анағұрлым тиімді саясатты қалыптастыруға үйретуге. (тренингтер қажеттілігіне қарай ЭЫДҰ құралдары мен талдамалық әдістерін қамтитын болады);

      5) Орталық Азия елдерінің лауазымды адамдарына байланыстылықты кеңейту саясатын әзірлеу және іске асыру кезінде ЭЫДҰ-ның негізгі ұсынымдары мен басқа да құралдарын пайдалануды ұсынуға бағытталған.

      2. Мәнмәтін және негіздеме

      Байланыстылық Орталық Азия елдері тап болып отырған негізгі сын-қатерлердің бірі болып табылады. Өңірдің әлемдік сауда орталығы ретіндегі тарихи маңыздылығына қарамастан, бүгінде өңірдегі үлкен сауда ағындары туралы айтуға келмейді: соңғы бағалау деректеріне сәйкес Еуропа мен Шығыс Азия арасындағы жүк тасымалдарының 1%-ы жерүсті көлік түріне тиесілі болса, жүктің 90%-ға жуығы теңіз көлігімен тасымалданады. Халық тығыздығының, экономикалық белсенділіктің, инфрақұрылымның өткізу қабілеттілігінің төмен деңгейі және негізгі нарықтардан қашықтығы, сондай-ақ халықаралық сауда және шетелдік инвестициялар үшін көптеген реттеуші және әкімшілік тосқауылдар өңірдің интеграциялануын тежейді. Әртүрлі халықаралық бағалауларға сәйкес өңір байланыстылықтың және интеграцияның көптеген параметрлері бойынша әлемдік стандарттардан қалып қойды. Сауда, инвестициялар және адамдар ағыны өңір ішінде де, сол сияқты өзге әлеммен күтуге болатыннан әлдеқайда төмен. Бұдан басқа, байланыстылықтың қолданыстағы шектері елеулі дәрежеде өңірдің шикізат тауарларының, атап айтқанда ауыл шаруашылығы өнімдерінің, көмірсутектердің, металдардың және жерде сирек кездесетін минералдардың экспортынан ағымдағы тәуелділігі салдарынан қалыптастырылды. Бұл таңқаларлық жағдай емес, бірақ Орталық Азия елдері шикізат секторына аз арқа сүйеу үшін экономика құрылымдарын әртараптандыруға мүдделі болса, ахуалды өзгертуге болады.

      Байланыстылықтың жеткіліксіздігі компаниялардың шығыстарын ұлғайтады және тауарлардың, көрсетілетін қызметтердің, адамдардың және ішкі мен сыртқы нарықтар туралы конъюнктуралық ақпараттың ағынын шектейді, бұл елдің жалпы экономикалық дамуына әсерін тигізеді. Инфрақұрылымның әлсіз тұстары және әкімшілік кедергілер, сондай-ақ интеграция үшін басқа да кедергілер нарықтарды жояды, бәсекені шектейді және ең соңында инновация енгізуге және өнімділікті арттыруға ынталандыруды бәсеңдетеді. Елдер, өңір шегінде және басқа сыртқы әлеммен жақсартылған байланыстық Орталық Азия елдерінің өсу және әртараптандыру стратегиялары шарттарының бірі болып табылады.

      Егер байланыстылық, бір жағынан, Орталық Азия елдері үшін күрделі міндет болып қала берсе, екінші жағынан, олардың батыста Еуропа, шығыста Қытай, солтүстікте Ресей, оңтүстікте Үндістан сияқты төрт ірі және маңызды экономикалық державалардың арасында орналасқанын негізге алсақ, оларға үлкен мүмкіндік береді. Сонымен бірге, өңірге, сондай-ақ одан әр түрлі басқа бағыттарға жеткізетін көлік желілерін кеңейту және жаңғырту бойынша амбициялық жоспарлар бар: кең талқыланып, назарда болуды жалғастырып жатқан Қытайдың "Бір белдеу, бір жол" ("БББЖ") бастамасымен қатар, соңғы жылдары Еуразия кеңістігіндегі байланыстылықты және ынтымақтастықты жолға қою, Орталық Азияның солтүстік-оңтүстік және шығыс-батыс осьтерінің бойымен жалғасуын жақсарту мақсатында басқа да көптеген бастамалар қабылданды. Байланыстылық "Азия – Еуропа" (АСЕМ) форумының күн тәртібінде де айтарлықтай жанданды. Инфрақұрылымдық мега-жобаларға әлеуетті инвестициялар туралы көп талқыланды, бірақ сауда саясатын және саудаға ықпал етуді, кедендік саясатты және шекараны кесіп өту рәсімдерін, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, еңбек нарығы, білім салаларындағы саясатты және әлеуметтік саясатты қоса алғанда, байланыстылықтың басқа да аспектілерімен жұмыс істеу қажеттілігін түсіну де артты.

      Жаңа немесе жақсартылған көлік дәліздері үшін саяси серпін мен қаржының басым бөлігі өңір шегінен түсетін болғандықтан, Орталық Азия елдері осындай инвестициялардан барынша пайда алу үшін көп нәрсе жасай алады. Мәселе Орталық Азия елдері жалпы алғанда жақсартылған байланыстылықтан және Еуропалық Одақтың көлік желілері, Қытайдың "БББЖ" және экономикалық интеграциялауды тереңдету сияқты әзірлемелердің мүмкіндіктерін барынша қалай пайдалана алатынына негізделеді. Осы мәселені шешуге ұмытыла отырып, ЭЫДҰ Орталық Азиядағы байланыстықты жақсарту арқылы "Жергілікті қосылған құн тізбектерін оңтайландыру" бойынша көп салалы, көп кезеңді жұмыс бағдарламасын іске асыруды ұсынады. Бұл Орталық Азия елдеріне бір салаға – байланысқан инфрақұрылымды қамтамасыз етуге бірінші кезекте бағдарлана отырып, жоғарыда айтылған саясат міндеттерін айқындауға және шешуге көмектеседі. Осы техникалық тапсырмада көлік инфрақұрылымы мен саясатқа назар аударатын осы жұмыстың І кезеңі үшін көзделген іс-шаралар мен қорытындыларға назар аудара отырып, сипаттама берілген.

      3. І кезең: ЭЫДҰ жүк тасымалының жаһандық моделін Орталық Азия елдеріне қолдану

      Халықаралық көлік форумының Жүк тасымалының жаһандық моделі (бұдан әрі – модель) саясатты қалыптастыратын лауазымды адамдарға барынша негізделген шешімді қабылдау мүмкіндігін қамтамасыз ете отырып, көліктік инфрақұрылымға қатысты шығындардың, пайданың және таңдау вариативтілігінің бірегей пайымын ұсынады.

      Жұмыс бағдарламасының І кезеңі Орталық Азия елдеріне модельді қолдануға негізделеді және өзектілігін қамтамасыз ету, қолданыстағы әдістер мен құралдарды қабылдау және пайдалану кезінде Орталық Азия елдеріне консультация беру үшін әр түрлі екі, бірақ өзара байланысқан тректі қамтитын болады.

      1) талдамалық трек Орталық Азия елдері үшін байланыстылықтың сын-қатерлерін түсінуді тереңдету және нұсқалары мен нұсқаушы ұсынымдарды айқындау үшін жаңа деректер мен талдамалық әдістерді жұмылдырады.

      2) іске асыруды қолдау жөніндегі трек әлеуетті дамытуды және саяси диалогты, саясатты үйлестіруді ынталандыруды және "теңінен теңіне" зерделеуді, ЭЫДҰ индикаторларын қолдану кезінде саясатты қалыптастыратын өңірдің лауазымды тұлғаларына көмек көрсетуді, өзінің ұлттық мәнмәтінінде әдістер мен құралдарды модельдеуді қамтиды. Осындай саяси мүмкіндіктерді арттыру жобаның басты мақсаты болып табылады.

      Екі трек олардың тиімділігін барынша ұлғайту және анағұрлым үлкен аудиторияны қамту үшін қатар жүзеге асырылып, бірін-бірі толықтырып отырады.

      3.1. Талдамалық трек: әдебиетке шолу, модельдеу, көрсеткіштерді салыстыру

      ЭЫДҰ Орталық Азия елдерінің көліктік инфрақұрылымына және көлік саясатының негіздеріне кемшіліктерді анықтай және оларды жоюдың ықтимал жолдарын қарай отырып, саясаттың нақты бағыттарын, сол сияқты көлік саясатының жалпы шеңберінің келісушілігі мен толықтығын да қарай отырып, олардың қажеттіліктері және амбициялары тұрғысынан бағалау жүргізеді. Елдің кейбір өңірлеріне стратегиялық бағдарланған, келісілген және деректерге негізделген көлік саясатының негізгі құрамдастарын енгізу үшін көп жұмыс істеу қажет.

      Талдау көліктік инфрақұрылымды дамыту мен басқару үшін нақты тәсілдерді әзірлеуге жәрдемдесу мақсатында ұзақ мерзімді экономикалық мақсаттарды көрсететін үш бағытта жүргізіледі:

      1. Мемлекеттік және жеке секторлардың мүдделі тараптарының консультациялық қолдауы кезінде әдебиетке шолу. Талдаудың аталған бөлігі негіздемелік шарттарды және саясатты, сондай-ақ қолжетімді сандық деректерде көрсетілмеуі мүмкін бейресми шектеулерді түсіну үшін маңызды болып табылады.

      2. Модель негізінде төменнен модельлеу. Модель (1-кірістірме) 2030 жылға дейін болжанатын сауда көлемінің негізінде инфрақұрылымда өткізу қабілетінің шектеулері мен болашақ қажеттіліктерін бағалау үшін пайдаланылады.

      3. Орталық Азия елдері және әлемнің басқа өңірлерінен оларға ұқсас елдер бойынша қолжетімділік, сол сияқты тиімділік көрсеткіштеріне бағдарланған деректерді жинау негізінде көрсеткіштерді жоғарыдан салыстыру тәсілі. Салыстыру үшін елдер тиісті географиялық және өндірістік ұқсас сипаттамалар негізінде таңдап алынады.

      Негізгі тұжырымдар жобаның бірінші кезеңінің аяқталу қорытындылары бойынша ЭЫДҰ баяндамасында жалпыланады.


1-кірістірме. ХКФ жаһандық жүк тасымалы моделі
Халықаралық көлік форумының (ХКФ) жаһандық жүк тасымалы моделі 1-суретте де сипатталған негізгі алты құрауышты қамтиды:
1) ЭЫДҰ әзірлеген, әлемнің 26 өңірін және 25 тауарын қамтитын әр түрлі сценарийлерде халықаралық саудаға арналған жалпы тепе-теңдік моделі;
2) ағымдағы ұлттық жоспарларға негізделген режимде 2010 – 2014 жылдардағы деректер негізінде жаһандық жүк көлік желісінің моделі және өткізу қабілеті туралы толық ақпарат;
3) Евростат және ECLAC деректерін пайдалана отырып, халықаралық жүк режимін (құны бойынша) таңдау моделі;
4) сауда құнын әрбір тауар және тасымалдау режимі үшін калибрленген салмаққа айналдыру үшін сол бір деректерді пайдаланатын салмақтың/құнның моделі;
5) жүк тасымалын желілік модельге тепе-тең үлестіру моделі;
6) теңіз және жерүсті көліктік инфрақұрылымды қазіргі және жоспарлы түрде кеңейтуге негізделген инфрақұрылымның әлеуеті


1-сурет. ХКФ жаһандық жүк тасымалы моделі


КІРІСПЕ


ӘДІС


ҚОРЫТЫНДЫ

Әлемдік сауданы өңір бойынша жоспарлау және тауар түрі

(2004 – 2060)


Өндіру/

Тұтыну


Тауар өнімінің түрлері бойынша тауардың шығарылуы және мақсаты (долл.)

(2010 – 2050)






Тасымалдау уақыты және арақашықтық. Желілік модель


Баға саудасының моделі


Тауар өнімінің түрлері мен пішіні бойынша тауардың шығарылуы және мақсаты (долл.)

(2010 – 2050)


География, сауда және экономикалық бейін

(Сценарийге негізделген)






Тасымалдау уақыты және арақашықтық. Желілік модель


Салмақ коэффициенттерімен халықаралық сауда моделі



Тауар өнімінің түрлері мен пішіні бойынша тауарлық массаның шығарылуы және мақсаты (тонна)

(2010 – 2050)


География, сауда және экономикалық бейін

(Сценарийге негізделген)








Желілік модель режимі бойынша жөнелту және межелі пункттер арасында тепе-тең бағдарлау


Тауар өнімінің түрлері мен пішіні бойынша тауар көлемінің шығарылуы және мақсаты (тонна-км)

(2010 – 2050)








Инфрақұрылымның мүмкіндіктері – су және жерүсті көлігі


Инфрақұрылымның саудамен байланысты кемшіліктері

(2010 – 2050)


      3.2. Іске асыруды қолдау жөніндегі трек: елдік және өңірлік семинарлар

      Бірқатар семинарлар ЭЫДҰ әдістері мен құралдарымен бір уақытта таныстыра және болашақта қолдану үшін оларды игеруге жәрдемдесе отырып, негізгі талдамалық шешімдерді маңызды қоғамдық қатысушылар арасында таратуға септігін тигізеді. Бұдан басқа, аталған іс-шаралар диалог және Орталық Азия елдерінің лауазымды адамдары арасында білім алмасу алаңын ұсынады:

      1. Өңірдің лауазымды адамдары мен сарапшыларын модельдеу және тасымалдарды талдау саласындағы ағымдағы озық практикамен, атап айтқанда модельге, оның әлеуеті мен шектеулеріне шоғырлана, сондай-ақ нақты деректер мен талдау негізінде көліктік инфрақұрылымды жоспарлауды қамтамасыз ету үшін ЭЫДҰ елдерінің басқа әдістері мен құралдарын ұсына отырып, таныстыратын көліктік және басқа да құзыретті министрліктердің сарапшы лауазымды адамдарына арналған өңірлік семинар.

      2. І кезеңнің соңында стратегиялық көлік саясатын әзірлеу және жүзеге асыру бойынша жоғары деңгейдегі өңірлік семинар – әкімшілік бөліну, салалық саясаттың жеткіліксіз үйлестірілуі, шектелген деректер және басқа да тежеуші факторлар салдарынан көптеген елдерге жетіспей тұрған семинар. Аталған қызметтің мақсаты өздерінің көлік саясатының негіздерін бағалаудағы және кемшіліктерді немесе проблемаларды, сондай-ақ одан әрі даму жолдарын анықтаудағы саясатты әзірлейтін Орталық Азия елдерінің лауазымды адамдарына көмек көрсетуге негізделеді.

      Қысқа елдік семинарлар немесе әлеуетті арттыру жөніндегі өзге іс-шаралар Еуразияның жекелеген елдеріндегі нақты ахуалды бағалау жөніндегі миссиялар шеңберінде өткізілуі мүмкін.

      4. Перспективалық бағыттар

      Бағдарламаның келесі кезеңдерін қаржыландырған және ЭЫДҰ жұмыстарының бағдарламасына енгізген жағдайда, олар Орталық Азиядағы байланыстылыққа қатысы бар саясаттың қосымша мәселелерін әлеуетті түрде қамти алады, оның ішінде:

      1) саудаға жәрдемдесу саясаты мен институттары;

      2) инфрақұрылымды беруді басқару және оны пайдалану;

      3) инвестициялық саясаттың, әсіресе тікелей шетелдік инвестициялардың (ТШИ) жұтылуына және жеке сектордың ірі инфрақұрылымдық жобаларға қатысуына қатысты негіздері. ЭЫДҰ аталған салаларда көмек көрсетуге оң ниетте.

      Үкіметтерге "жұмсақ" саясатты жақсартуға көмек көрсету үшін ЭЫДҰ бірнеше құралдарды, оның ішінде Саудаға жәрдемдесу индикаторларын, Көрсетілетін қызметтермен сауданың шектеулілігі индексін және Шикізатқа экспорттық шектеулерді түгендеуді (әлеуетті келесі кезең) әзірледі, бұл байланыстылықты күшейтуі немесе қиындатуы мүмкін.

      ЭЫДҰ-ның инвестициялық саясатта алған тәжірибесі Орталық Азия елдеріне шетелдік инвестициялардан барынша пайданы тартуға және алуға, сондай-ақ инвестициялар үшін ішкі ресурстарды тиімді жұмылдыруға көмектесетін бірқатар әдістер мен құралдарды қамтиды. Бұдан өзге оларға инвестициялар жөніндегі стратегиялық негіздемелік құжат, ТШИ шектеулілігі индексі, халықаралық инвестициялар және көпұлтты кәсіпорындар туралы декларация және жеке сектордың инфрақұрылымға қатысуы үшін ЭЫДҰ қағидаттары (әлеуетті келесі кезең) тиесілі.

      ЭЫДҰ әртүрлі салаларда саясатты қалыптастыруға қатысу арқылы желілік салаларға жеке инвестицияларды ұлғайту жолдарын табу жөнінде елеулі тәжірибе жинақтады. Мыналармен: (i) Жеке сектордың инфрақұрылымға қатысуы үшін ЭЫДҰ қағидаттары шеңберіне жеке сектордың кіруіне кедергілермен; (ii) Желілік салаларда құрылымдық бөлу туралы ұсынымдар шеңберінде инфрақұрылымдық секторлардағы бәсекемен; (iii) Институционалдық инвестициялар үшін G20/ЭЫДҰ елдерінің жоғары деңгейдегі қағидаттары шеңберінде институционалдық инвесторлардың инвестицияларына тұрақты кедергілермен; (iv) МЖӘ мемлекеттік басқару бойынша ЭЫДҰ қағидаттары шеңберінде кешенді МЖӘ сапалы бюджеттік жоспарлаумен байланысты мәселелерді шешуге ерекше назар аударылады.


      5. І кезеңнің құны

      Жобаның бірінші кезеңінің жалпы құны мынаны құрайды:


Күтілетін шығыстар

Евро

персоналға

410000

консультанттарға

20000

миссияға және кездесулерге

130000

өзге (басып шығару, көшірмелер, жарияланымдар және т.б.)

19960

адамға төлемді қайтаруға

64000

ЭЫДҰ әкімшілік шығындарын өтеуге

36040

Барлығы

680000

      6. ЭЫДҰ командасы

      Жобаны ЭЫДҰ және ХКФ Жаһандық байланыс хатшылығынан бір аға лауазымды адам (А4 санатындағы) басқаратын негізгі команда басқарады. Олардың жауапкершілігіне миссиялардың ұйымдастырылуын, баяндамалардың дайындалуын, семинарлардың өткізілуін және қаржының әкімшілендірілуін бақылауды жүзеге асыра отырып, жобаны күнделікті басқару кіреді. Өз кезегінде, оларға ЭЫДҰ-ның басқа қызметкерлері мен тәжірибелі халықаралық сарапшылар қолдау көрсетеді. Талдамалық баяндаманы осы жобаға тіркелген экономистер мен саяси талдаушылар ЭЫДҰ стандарттарына сәйкестікті қамтамасыз ете, жұмысты редакциялау және жариялауға дайындау үшін ЭЫДҰ көмекші персоналын тарта отырып жазады. ЭЫДҰ-ның көмекші персоналы жоба шеңберіндегі семинарларды өткізудің ұйымдық, логистикалық және коммуникациялық аспектілеріне, сондай-ақ ЭЫДҰ қызметкерлерінің, шақырылған лауазымды адамдардың және сарапшылардың миссияға сапарын ұйымдастыруға ЭЫДҰ-ның іссапар жөніндегі қағидалары мен саясатына сәйкес жауап беретін болады.

      7. Жобаны басқару

      Осы техникалық тапсырмада көрсетілген жұмыс Орталық Азия елдері уәкілетті органдарының жүргізіліп жатқан жұмысқа, әсіресе өзекті, дәл және сапалы деректер беру, сондай-ақ өңірде өткізілетін ЭЫДҰ миссиялары мен семинарларына ұйымдық-логистикалық қолдау көрсету бөлігінде қатысуға мүдделік дәрежесіне байланысты. ЭЫДҰ осындай ынтымақтастыққа мүдделі емес елдерде іс жүзіндегі ахуалды бағалау миссияларын, семинарларды немесе осы жұмыспен байланысты өзге де іс-шараларды өткізбейтін болады.

      Орталық Азия елдерінің қатысуына жәрдемдесу және жобаның олардың қажеттіліктеріне сәйкестігін қамтамасыз ету мақсатында әрбір қатысушы елге құзыретті министрліктердің, жергілікті атқарушы органдардың, компаниялардың немесе іскер топтардың өкілдерін, сондай-ақ жергілікті сарапшыларды біріктіретін байланыстырушы буын құру ұсынылады.

      ЭЫДҰ жоба шеңберіндегі нақты ахуалды бағалау жөніндегі іс-шаралар немесе миссиялар кезінде Қазақстан Республикасында және Орталық Азияның басқа да елдерінде шақырылуы және өңірлік семинарларға қатысуға шақыртылуы мүмкін ұлттық байланыстырушы буындардың қызметін үйлестіру мен ұйымдастыруға ұсыным береді. Бұдан басқа, әрбір елге Хатшылықпен күнделікті үйлестіруге жәрдемдесу үшін құзыретті министрлікте немесе өзге де мемлекеттік органда негізгі байланысушы адамды тағайындау ұсынылатын болады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады