Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Түркия Республикасының Үкіметі арасындағы әскери ынтымақтастық туралы келісімге қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 12 қыркүйектегі № 558 қаулысы.

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Түркия Республикасының Үкіметі арасындағы әскери ынтымақтастық туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.

      2. Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі Нұрлан Байұзақұлы Ермекбаевқа Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Түркия Республикасының Үкіметі арасындағы әскери ынтымақтастық туралы келісімге қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан қол қоюға өкілеттік берілсін.

      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Б. Сағынтаев

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2018 жылғы 12 қыркүйектегі
№ 558 қаулысымен
мақұлданған
  Жоба

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Түркия Республикасының Үкіметі арасындағы әскери ынтымақтастық туралы келісім

      Бұдан әрі "Тарап" немесе "Тараптар" деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Түркия Республикасының Үкіметі

      өзінің Біріккен Ұлттар Ұйымы Жарғысының мақсаттары мен қағидаттарын ұстанатынын растай отырып,

      екіжақты әскери ынтымақтастықты қолдау жөніндегі бірлескен күш-жігерді жүзеге асырудың маңыздылығын мойындай отырып,

      Тараптардың әрқайсысының өзара құрметке, сенімге және мүдделерін ескеруге негізделген ұзақ мерзімді әскери ынтымақтастыққа ұмтыла отырып, төмендегілер туралы келісті:

1-бап

Мақсаты

      Осы Келісімнің мақсаты Тараптар арасындағы тең құқықтық пен өзара тиімділік қағидаттары негізінде әскери ынтымақтастықты орнату және одан әрі дамыту болып табылады.

2-бап

Анықтамалар

      Осы Келісімде пайдаланылатын анықтамалардың мынадай мағынасы бар:

      1) жіберуші Тарап - осы Келісімді іске асыру мақсатында қабылдаушы Тарап мемлекетінің аумағына персоналды, материалдық құралдар мен техниканы жіберетін Тарап;

      2) қабылдаушы Тарап - осы Келісімді іске асыру мақсатында мемлекетінің аумағында жіберуші Тараптың персоналы, материалдық құралдары мен техникасы орналастырылатын Тарап;

      3) шақырылған персонал - осы Келісімді іске асыру мақсатында Тараптардың бірі екінші Тарап мемлекетінің аумағына жіберетін қарулы күштердің әскери қызметшілері немесе азаматтық персоналы;

      4) шақыру бойынша білім алушы - жіберуші Тарап қабылдаушы Тараптың әскери оқу орындарына немесе жіберуші Тарап айқындаған, қабылдаушы Тараптың қарулы күштеріне тиесілі басқа да білім беру мекемелеріне жіберетін білім алушы;

      5) асырауындағы адамдар - ерлі-зайыптылар және жіберуші Тарап мемлекетінің ұлттық заңнамасына сәйкес шақырылған персоналдың асырауында болатын балалары;

      6) аға персонал - жіберуші Тарап мемлекетінің ұлттық заңнамасына сәйкес тағайындалатын, осы Келісімге сәйкес жіберілген әскери/азаматтық топтың қызметін үйлестіруге уәкілеттік берілген шақырылған персоналдың ішіндегі үлкені;

      7) грант - игіліктерді немесе көрсетілетін қызметтерді сыйға тарту не беру не орнына ақы төлеуді талап етпей ұсыну;

      8) көрсетілетін қызметтер - Тараптар арасындағы келісімге негізделген дайындықты, техникалық деректерді, техникалық қызмет көрсетуді және жөндеуді, құтқару жұмыстарын (төтенше оқиғалар болған жағдайда), консультацияларды, қару-жарақтың және әскери техниканың әр алуан түрлерін, құрылыс жайлар мен жер учаскелерін ұсыну;

      9) материалдық-техникалық және тылдық қамтамасыз ету - материалдық қамтамасыз ету мен көрсетілетін қызметтерді сату, сыйға тарту, беру, ұсыну және алмасу.

3-бап

Әскери ынтымақтастық салалары

      Тараптар арасындағы ынтымақтастық мынадай салаларды қамтиды:

      1. Әскери даярлық және оқыту:

      1) әскери оқу орындарында, даярлау және оқыту орталықтарында, қабылдаушы Тарап айқындаған басқа да білім беру мекемелерінде даярлау, оқыту және курстар;

      2) бөлімшелерде, штабтар мен мекемелерде жұмыстан қол үздірмей даярлау;

      3) білім беру және даярлау мекемелері арасында шақыру/шақырылған персонал бойынша білім алушылармен өзара/біржақты алмасу немесе консультативтік көрсетілетін қызметтерді ұсыну;

      4) даярлықты және оқытуды жетілдіру мақсатында өзара сапарлар және біліммен алмасу.

      2. Бірлескен оқу-жаттығулар мен даярлық.

      3. Қорғаныс өнеркәсібі.

      4. Қарулы Күштер арасындағы сапарлар.

      5. Әскери барлау.

      6. Материалдық-техникалық және тылдық қамтамасыз ету және гранттар

      беру.

      7. Әскери медицина және денсаулық сақтау қызметтері.

      8. Байланыс, электроника, ақпараттық жүйелер және киберқауіпсіздік.

      9. Бітімгершілік операциялар, гуманитарлық көмек.

      10. Әскери заңнама жүйелері.

      11. Картография, гидрография, топогеодезиялық және навигациялық қамтамасыз ету.

      12. Қоршаған ортаны сақтау және қорғау.

      13. Ядролық, радиациялық, химиялық және биологиялық қорғау.

      14. Гидрометрология.

      15. Әскери персоналмен және бөлімшелермен алмасу.

      16. Әскери ғылыми және техникалық зерттеулер.

      17. Әлеуметтік, спорттық және мәдени іс-шаралар.

      18. Миналардан және қолдан жасалған жарылғыш құрылғылардан қорғау.

      19. Дүлей зілзала кезінде көмек көрсету жөніндегі операциялар.

      20. Әскери тарих, архивтер, жарияланымдар мен музейлер.

      21. Адам құқықтары мен әскери қызметшілерді әлеуметтік қамсыздандыру саласындағы ақпарат және тәжірибе алмасу.

      Тараптар әскери ынтымақтастықтың жекелеген салаларын іске асыру мақсатында жекелеген халықаралық шарттар жасай алады.

4-бап

Ынтымақтастық нысандары

      1. Тараптар ынтымақтастықты мынадай:

      1) қорғаныс министрлерінің, бас штабтар бастықтарының және олардың орынбасарларының немесе Тараптар уәкілеттік берген басқа да ресми тұлғалардың кездесулері мен сапарлары;

      2) ынтымақтастықтың әртүрлі салалары бойынша екі Тараптың сарапшылары арасында тәжірибе және ақпарат алмасу;

      3) әскери бөлімшелерде, штабтарда және мекемелерде тегін негізде жеңілдетілген немесе толық бағасы бойынша даярлықты, оқыту мен курстарды ұйымдастыру;

      4) ұқсас әскери мекемелер арасындағы ынтымақтастық;

      5) бірлескен пікірталастарды, консультациялар мен кездесулерді ұйымдастыру, сондай-ақ курстарға, симпозиумдар мен конференцияларға қатысу;

      6) әскери оқу-жаттығуларға, оның ішінде оқ ату бойынша оқу-жаттығуларға қатысу; осындай оқу-жаттығуларға байқаушылар ретінде қатысу, бірлескен оқу-жаттығуларды ұйымдастыру;

      7) даярлық бойынша ақпарат және материалдар алмасу;

      8) грант негізінде немесе ақы төлеуге айырбастаумен өзара материалдық-техникалық және тылдық қамтамасыз етуді ұсыну және әскери мүлікпен, материалдық құралдармен және көрсетілетін қызметтермен алмасу;

      9) білім беру жобаларына, жұмыстан қол үздірмей даярлауға, біліктілігін арттыру курстарына қатысу нысандарында жүзеге асырады.

      2. Өтеусіз берілген материалдық құралдар істен шыққан жағдайда қабылдаушы Тарап осы Келісім шеңберінде жіберуші Тарапты жазбаша хабардар етеді.

5-бап

Уәкілетті органдар

      1. Осы Келісімді іске асыру жөніндегі уәкілетті органдар:

      Қазақстан Республикасының Үкіметінен - Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі,

      Түркия Республикасының Үкіметінен - Түркия Республикасының Бас штабы болып табылады.

      2. Осы Келісімді іске асыру жөніндегі уәкілетті органдар өзгерген жағдайда Тараптар бір-бірін дипломатиялық арналар арқылы дереу хабардар етеді.

6-бап

Жылдық іске асыру жоспарлары

      1. Осы Келісімді іске асыру мақсатында Тараптар бірлескен іс-шаралардың Жылдық іске асыру жоспарларын әзірлейді.

      2. Жылдық іске асыру жоспарлары жүзеге асырылатын іс-шаралардың атауын, күнін, орнын, қаржылық аспектілерін, қатысушыларының санын және басқа да бөліктерін қамтиды.

      3. Тараптардың уәкілетті органдары Тараптар мемлекеттерінің аумақтарында кезектесіп кездесулер өткізу форматында Жылдық іске асыру жоспарларының іс-шараларын жоспарлау және іске асыруды үйлестіру мақсатында жыл сайын келіссөздер өткізеді.

7-бап

Ақпарат және материалдық құралдар қауіпсіздігі

      1. Тараптар осы Келісім шеңберінде берілетін немесе жасалған ақпаратты Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына сәйкес қорғауды қамтамасыз етеді.

      2. Ақпарат пен материалдық құралдар оларды берген Тараптың алдын ала жазбаша келісімінсіз жария етілмейді және үшінші тараппен алмасылмайды (үшінші Тарапқа берілмейді).

      3. Осы Келісімнің ережелерін іске асыру барысында алынған ақпаратты Тараптардың бірі екінші Тараптың немесе кез келген үшінші тараптың мүддесіне қарсы қолданбайды.

      4. Осы Келісімді іске асыру шеңберінде алынған немесе жасалған құпия ақпаратпен алмасу және оны қорғау тәртібі Тараптар арасындағы жекелеген халықаралық шартта айқындалады.

8-бап

Юрисдикция

      1. Шақырылған персонал және олардың асырауындағы адамдар, сондай-ақ шақыру бойынша білім алушылар қабылдаушы Тарап мемлекетінің аумағында болған кезеңде, оның ішінде олар кірген, тұрған және шыққан кезде қабылдаушы Тараптың ұлттық заңнамасына бағынады және оның юрисдикциясында болады. Қабылдаушы Тараптың юрисдикция қолданылған және үкімнің мазмұны жіберуші Тараптың заңнамасында көзделмеген жазаны көздеген жағдайларда, екі Тарап мемлекеттерінің заңнамаларында көзделген немесе екі Тарап үшін қолайлы жаза түрі қолданылады.

      2. Егер шақырылған персоналдың және олардың асырауындағы адамдардың, сондай-ақ шақыру бойынша білім алушылардың бірі ұсталған немесе тұтқындалған жағдайда, қабылдаушы Тарап жіберуші Тарапты болған жағдай туралы дереу хабардар етеді.

      3. Егер шақырылған персоналдың және олардың асырауындағы

      адамдардың, сондай-ақ шақыру бойынша білім алушылардың кез келгені қабылдаушы Тарап мемлекетінің аумағында ресми тергеп-тексеруге немесе сотқа тап болған жағдайда, оған қабылдаушы Тарап мемлекетінің ұлттық заңнамасында көзделген, қабылдаушы Тараптың азаматтарына ұсынылатын қорғаудан кем болмауға тиіс барлық заңдық қорғау тәсілдеріне кепілдік беріледі.

      4. Егер шақыру бойынша білім алушылар және шақырылған персонал қабылдаушы Тараптың заңнамасын бұзса, олардың қызметі тоқтатылуы мүмкін.

      5. ІІІақыру бойынша білім алушылар және шақырылған персонал өздері жіберілетін бөлімшелердің, штабтар мен институттардың тәртіптік шараларын орындауға тиіс.

      6. Тәртіптік шаралар:

      а) шақыру бойынша білім алушыларға қабылдаушы Тараптың ұлттық тәртіптік заңнамасына сәйкес тәртіптік шаралар қолданылады;

      б) шақырылған персоналға жіберуші Тараптың ұлттық тәртіптік заңнамасына сәйкес тәртіптік шаралар қолданылады.

      7. Қабылдаушы Тараптың уәкілетті әскери органдары өздерінің бағынысындағы шақырылған персоналға қызмет қажеттіліктеріне сәйкес бұйрықтар бере алады.

      8. Командалық құрамның жіберуші Тараптың персоналына қатысты өзінің тиісті әскери нормативтік құқықтық актілері мен тәртіптік заңнаманың ережелеріне сәйкес тәртіптік шаралар қолдануға өкілеттілігі бар.

      9. Шақырылған персонал, олардың асырауындағылар немесе шақыру бойынша білім алушылар қабылдаушы Тарапқа қарсы бағытталған кез келген саяси акцияларға қатыспауға немесе кез келген іс-шаралар өткізбеуге тиіс.

9-бап

Шығындарды өтеу

      1. Тараптар зиян немесе залал өрескел салғырттықтың немесе қасақана бұзушылықтың салдары болып табылған жағдайлардан басқа, осы Келісім шеңберінде қызметті жүзеге асыру процесінде келтірілген зиян немесе өз персоналының қаза тапқаны немесе адамдарға, мүлікке және қоршаған ортаға келтірілген мұндай зиян/залал үшін бір-бірінен шығындарды өтеуді талап етпейді.

      2. Тараптар осындай жағдайдың себебі өрескел салғырттық немесе қасақана бұзушылық болып табылғанын не табылмағанын бірлесіп белгілейді/айқындайды.

10-бап

Әкімшілік мәселелер

      1. Шақырылған персоналдың және олардың асырауындағы адамдардың, сондай-ақ шақыру бойынша білім алушылардың дипломатиялық иммунитеттері мен артықшылықтары болмайды.

      2. Жіберуші тараптың шақырылған персоналын және шақыру бойынша білім алушыларын қабылдаушы Тарап осы Келісімде көзделмеген іс-шараларға тартпайды және олар қабылдаушы Тарап мемлекетінің аумағында туындайтын ішкі және сыртқы сипаттағы төтенше немесе жанжалды жағдайларды шешуге тартылмайды.

      3. Шақыру бойынша білім алушылар және шақырылған персонал қабылдаушы Тараптың оларға тең адамдарына қатысты қолданылатын әкімшілік қағидаларға бағынады.

      4. Егер осы Келісім шеңберінде қол қойылған басқа да өзара түсіністік туралы меморандумдарда, хаттамаларда өзгеше көзделмесе, жіберуші Тараптың әскери қызметшілері өздерінің ұлттық әскери киім нысанын киіп жүруге құқылы. Қабылдаушы Тарап лауазымдық міндеттерді іске асыру процесінде қызметті жүзеге асыру үшін қажетті жабдықтар ұсынады. Бүл ретте шақыру бойынша білім алушылар қабылдаушы Тарап ұсынған әскери киім нысанын киіп жүруге міндетті. Шақыру бойынша мұндай білім алушылар ажыратып-тану мақсатында жіберуші Тарап ұсынған әскери айырым белгілерін тағып жүре алады.

      5. Жіберуші Тарап қажет болған жағдайда өз персоналын кері шақырып алу құқығын езіне қалдырады. Қабылдаушы Тарап жіберуші Тараптың мұндай сұрау салуды алған жағдайда персоналдың қайтуын қамтамасыз ету үшін қажетті әкімшілік шараларды мүмкіндігінше тезірек қабылдайды.

      6. Ерекше әкімшілік мәселелер осы Келісім шеңберінде қол қойылған басқа да өзара түсіністік туралы меморандумдарда, хаттамаларда айқындалады.

      7. Шақырылған персонал кез келгені және олардың асырауындағы адамдар, сондай-ақ шақыру бойынша білім алушылар қабылдаушы Тараптың қағидалары шеңберінде офицерлер клубтары мен әскери сауда орындарына бара алады.

      8. Шақырылған персоналдың, олардың асырауындағы адамдардың немесе шақыру бойынша білім алушылардың біреуі/өкілі қаза тапқан жағдайда қабылдаушы Тарап жіберуші Тарапты болған оқиға туралы хабардар етеді, сүйектерді өз мемлекетінің аумағына жақын халықаралық әуежайға тасымалдайды және дене жеткізілгенге дейін барлық қажетті шараларды, оның ішінде медициналық қорғау шараларын қабылдайды.

      9. Шақырылған персонал және олардың асырауындағы адамдар, сондай-ақ шақыру бойынша білім алушылар қоршаған ортаға зиян келтіруі мүмкін іс-қимылдардан аулақ болады, қоршаған ортаның ластануына жол бермеуге барынша назар аударады және қабылдаушы Тараптың қағидаларын сақтайды.

      10. Қабылдаушы Тарап ақыға/тегін негізде езінің мүмкіндіктерін назарға ала отырып, өзаралық қағидат негізінде қабылдаушы Тарап мемлекетінің аумағында кызметін жүзеге асыру үшін қажетті көлік қызметтерін ұсыну бойынша түпкілікті шешім қабылдайды.

      11. Даярлық және оқыту қабылдаушы Тараптың заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады. Үлгермеушілігіне, тәртіп бұзуына байланысты, медициналық көрсеткіштер бойынша және басқа да себептермен даярлықты немесе оқуды жалғастыра алмайтын шақыру бойынша білім алушылар мен шақырылған персонал қабылдаушы Тараптың заңнамасында айқындалып қолданылатын рәсімдерге сәйкес даярлау және білім беру мекемелерінен шығарылуға тиіс. Егер Тараптар даярлықты жүзеге асыру кезінде өмір үшін қауіпті және арнайы білімді (ұшу даярлығы, оқ ату бойынша жаттығулар және т.б.) талап етуді қажет деп санаса, осы Келісім шеңберінде хаттамалар жасалуы мүмкін.

      12. Шақырылған персоналды және шақыру бойынша білім алушыларды іріктеуді жіберуші Тарап қабылдаушы Тараптың өлшемшарттарына сәйкес жүзеге асырады.

11-бап

Медициналық қызметтер

      1. Шақырылған персоналдың және шақыру бойынша білім алушылардың осы Келісім шеңберінде кез келген қызметті жүзеге асыру үшін денсаулық жағдайы жақсы болуға тиіс. Қабылдаушы Тарап олардың қанағаттанарлық медициналық жай-күйін көрсететін медициналық есепті сұрата алады.

      2. Шақыру бойынша білім алушылардың зерттеп-қаралуының және емделуі бойынша көрсетілетін қызметтердің құны қабылдаушы Тараптың ұлттық заңнамасына сәйкес жабылады. Шақыру бойынша білім алушылардың емделуі бойынша сақтандыру медициналық сыйақыларын немесе шығыстарын кабылдаушы Тарап жабады.

      3. Шақырылған персоналға және олардың асырауындағы адамдарға жедел медициналық көмек пен шұғыл стоматологиялық қызмет көрсетуді қабылдаушы Тарап тегін ұсынады. Шақырылған персоналға және олардың асырауындағы адамдарға жедел медициналық көмек пен шұғыл стоматологиялық қызмет көрсетуден басқа, медициналық зерттеп-қарау және емделу бойынша көрсетілетін қызметтер кұны қабылдаушы Тараптың ұлттық заңнамасына сәйкес медициналық сақтандыру полисімен жабылады.

      4. Қабылдаушы Тарап шақырылған персонал және олардың асырауындағы адамдар үшін сақтандыру сыйақыларын немесе ақылы медициналық қызметтерді өтеулі немесе өтеусіз негізде ұсыну туралы шешім қабылдайды. Қабылдаушы Тарап өтеулі негізде ұсыну туралы шешім қабылдаған жағдайда шақырылған персонал және олардың асырауындағы адамдар үшін сақтандыру сыйақыларының немесе ақылы медициналық қызметтер құнын жіберуші Тарап немесе шақырылған персонал өтейді.

12-бап

Қаржылық мәселелер

      1. Егер Тараптар өзгеше келіспесе, жіберуші Тарап осы Келісім шеңберінде ынтымақтастықты жүзеге асыруға тағайындалған шақырылған персоналға жабдықталым/жалақы, тұруын, тамақтануын, оны тасымалдауды, тәулікақы төлеуге және тағы басқа да қаржылық құқықтарына жауапты болады.

      2. Бұл ретте қабылдаушы Тарап жіберуші Тараптың сұрау салуы бойынша оқу және даярлық үшін келген шақырылған персоналға және шақыру бойынша білім алушыларға төменде аталған қызметтерді ұсыну және оларды ұсыну шарттары туралы шешім қабылдайды:

      а) шақыру бойынша білім алушылар үшін:

      (1) тамақтану,

      (2) тұру (қонақ үйде немесе қабылдаушы Тараптың қалауы бойынша өзге де объектіде),

      (3) стипендия (шарттары мен мөлшерін қабылдаушы Тарап айқындайды),

      (4) даярлық және оқу үшін ақы төлеу (толық, төмендетілген құны бойынша немесе тегін),

      (5) киім-кешек жабдығы (қабылдаушы Тараптың бірдей студенттері үшін белгіленген нормалар бойынша),

      (6) интернатура кезеңінде медициналық оқу орындарының алтыншы курс студенттеріне төленетін жалақы;

      б) шақырылған персонал үшін:

      (1) ай сайынғы жабдықталым (шарттары мен мөлшерін курс офицерлері мен сержанттарының әскери атақтарын ескере отырып, қабылдаушы Тарап айқындайды. Азаматтық персоналға төлейтін төлем мөлшерін олардың мәртебесіне сәйкес қабылдаушы Тарап белгілейді),

      (2) даярлық және оқу үшін ақы төлеу (толық, төмендетілген құны бойынша немесе тегін),

      (3) киім-кешек жабдығы (даярлау/білім беру мекемелерінде оқудан өтетін шақырылған персоналға киінетін қабылдаушы Тараптың бірдей офицерлері мен сержанттарына арналған нормалар бойынша),

      (4) арнайы даярлықтан өтетін дәрігерлерге төлемді тоқтату.

      3. Түркия Республикасында түрік тілі курстары (егер бұл мүмкін болса) және Қазақстан Республикасында қазақ/орыс тілдері курстары (егер бүл мүмкін болса) тегін ұсынылады. Көп шығынды талап ететін даярлық (мысалы, ұшу даярлығы, сүңгуірлер даярлығы, авариялық құтқару жүйесі шеңберіндегі даярлық және т.б.) толық құны бойынша ұсынылады.

      4. Шақыру бойынша білім алушылар және шақырылған персонал қабылдаушы Тарап мемлекетінің аумағынан түпкілікті кеткен кезде өзінің борыштарын және өзінің асырауындағы адамдардың борыштарын дербес жабады. Шұғыл кеткен жағдайда шақыру бойынша білім алушылар мен шақырылған персоналдың және олардың асырауындағы адамдардың борыштарын қабылдаушы Тарап ұсынған және тиісті уәкілетті орган бекіткен шоттарға сәйкес жіберуші Тарап төлеуге тиіс.

      5. Даярлау және оқыту шығындарын тиісті оқыту кезеңі аяқталысымен шот-фактураларды алғаннан кейін 60 күн ішінде қабылдаушы Тараптың уәкілетті органы айқындаған банк шотына соманы АҚШ долларымен аудару арқылы жіберуші Тарап төлейді (айлық немесе одан қысқа даярлық құны алдын ала төленеді).

      6. Шақырылған персонал және олардың асырауындағы адамдар, сондай-ақ шақыру бойынша білім алушылар өздері кірген, болған және кеткен кезеңінде қабылдаушы Тараптың қолданыстағы салық заңнамасын сақтайды.

13-бап

Кедендік және паспорттық рәсімдер

      1. Шақырылған персонал және олардың асырауындағы адамдар, сондай-ақ шақыру бойынша білім алушылар қабылдаушы Тарап мемлекетінің аумағында шетелдіктердің болуына және қозғалысына қатысты қабылдаушы Тараптың заңнамасын сақтайды.

      2. Шақырылған персонал және олардың асырауындағы адамдар, сондай-ақ шақыру бойынша білім алушылар қабылдаушы Тарап мемлекетінің аумағына/аумағынан келуі және кетуі кезеңінде қабылдаушы Тараптың кедендік және паспорттық қағидаларын сақтайды. Бұл ретте қабылдаушы Тарап өз заңнамасы шегінде барлық мүмкін болатын әкімшілік жеңілдіктерді ұсынады.

14-бап

Әуе транзиті

      Тараптардың бірінің Қарулы Күштерінің әскери мүлкі мен әскери қызметшілерінің екінші Тарап мемлекетінің аумағы үстінен әуе кемесімен транзиті транзит мемлекетінің ұлттық заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

15-бап

Тараптардың басқа халықаралық шарттардан туындайтын міндеттемелері

      Осы Келісімнің ережелері Тараптар мемлекеттері қатысушысы болып табылатын басқа халықаралық шарттардан туындайтын Тараптардың құқықтары мен міндеттемелеріне әсер етпейді және басқа мемлекеттердің мүдделеріне, қауіпсіздігі мен аумақтық тұтастығына қарсы қолданылмайды.

16-бап

Дауларды шешу

      Осы Келісімді іске асыру немесе түсіндіру бойынша туындайтын кез келген дау консультациялар мен келіссөздер жолымен шешіледі және қарау үшін халықаралық сотқа немесе кез келген үшінші тарапқа берілмейді.

17-бап

Өзгерістер және толықтырулар

      Осы Келісімге Тараптардың өзара келісуі бойынша оның ажырамас бөлігі болып табылатын, жекелеген хаттамалармен рәсімделетін және осы Келісімнің 18-бабында көзделген тәртіппен күшіне енетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.

18-бап

Күшіне ену, қолданылу мерзімі және қолданысын тоқтату

      1. Осы Келісім Тараптардың оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарламаларын дипломатиялық арналар арқылы алғаннан кейін отызыншы күні күшіне енеді.

      2. Осы Келісім бес жыл мерзімге жасалады, ол аяқталғаннан кейін, егер Тараптардың бір де біреуі ағымдағы бір жылдық мерзім өткенге дейін 6 (алты) ай бұрын өзінің оның қолданысын ұзартпау ниеті туралы екінші Тарапқа дипломатиялық арналар арқылы жазбаша хабарламаса, кейінгі бір жылдық мерзімдерге автоматты түрде ұзартылады. Бұл жағдайда Келісім осындай хабарлама алынған күннен бастап 90 күн өткен соң өз қолданысын тоқтатады.

      3. Осы Келісімнің қолданысын тоқтату осы Келісім шеңберінде бұрын басталған, іске асырылып жатқан бағдарламалар мен іс-шараларға, оларға қатысты Тараптар арасында өзге уағдаластықтар болған жағдайларды қоспағанда, эсер етпейді.

      4. Осы Келісім күшіне енген кезден бастап 1994 жылғы 8 тамыздағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Түрік Республикасының Үкіметі арасындағы әскери ғылым, техника және білім беру саласындағы ынтымақтастық туралы келісім және 1993 жылғы 23 ақпандағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Түрік Республикасының Үкіметі арасындағы әскери білім саласындағы ынтымақтастық туралы келісім қолданысын тоқтатады. Осы келісімдердің қолданысы тоқтатылған жағдайда оларға сілтеме жасалған басқа келісімдер күшінде қалады.


      20__ жылғы "___" __________________ ______________ қаласында, қазақ, түрік, орыс және ағылшын тілдерінде екі данада жасалды әрі барлық мәтіндер тең түпнұсқалы болып табылады. Мәтіндер арасында алшақтықтар болған жағдайда Тараптар ағылшын тіліндегі мәтінге жүгінеді.

      Қазақстан Республикасының Түркия Республикасының
      Үкіметі үшін Үкіметі үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады