Каспий маңы мемлекеттерінің үкіметтері арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы келісімді бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 28 желтоқсандағы № 901 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған 2018 жылғы 12 тамызда Ақтауда жасалған Каспий маңы мемлекеттерінің үкіметтері арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы келісім бекітілсін.

      2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Б. Сағынтаев

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2018 жылғы 28 желтоқсандағы
№ 901 қаулысымен
бекітілген

Каспий маңы мемлекеттерінің үкіметтері арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы КЕЛІСІМ

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Әзербайжан Республикасының, Иран Ислам Республикасының, Қазақстан Республикасының, Ресей Федерациясының және Түрікменстанның үкіметтері

      Тараптар мемлекеттерінің арасындағы достық қарым-қатынастарды және ынтымақтастықты алдағы уақытта да нығайтуға және дамытуға ниет білдіре отырып,

      экономикалық байланыстарды өңірлік ынтымақтастықты нығайтудың маңызды элементі ретінде қарай отырып,

      егемендігін, аумақтық тұтастығын, тәуелсіздігін, мемлекеттердің егеменді теңдігін құрметтеу, күш немесе күш қаупін қолданбау, өзара құрмет, ынтымақтастық, бір-бірінің ішкі істеріне араласпау қағидаттарына негізделе отырып,

      Тараптар мемлекеттері арасында өз мүдделеріне жауап беретін экономикалық және сауда ынтымақтастығын дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасауға ұмтылуды ескере отырып,

      Тараптар мемлекеттері арасындағы дамыған экономикалық және сауда қатынастары өздерінің орнықты дамуына үлес қосатынын сезіне отырып,

      осы Келісім Тараптар мемлекеттерінің мүдделеріне толығымен жауап беретініне сене отырып,

      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      Тараптар өз мемлекеттерінің заңнамасына сәйкес тең құқықтылық және өзара тиімділік негізінде өз арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты көтермелеу және оны кеңейтуге жәрдемдесу үшін барлық қажетті шараларды қабылдайды.

2-бап

      Тараптар өзара мүддені білдіретін Тараптар мемлекеттерiнiң өнеркәсiп, ауыл шаруашылығы, сауда, туризм салаларында және экономиканың басқа да салаларында ынтымақтасады.

3-бап

      Осы Келiсiмнiң 2-бабында көзделген салаларда ынтымақтастықты іске асыру үшiн Тараптар консультациялар арқылы сауда-экономикалық ынтымақтастықтың нысандарын келiседі.

4-бап

      Тараптар өз мемлекеттерінің заңнамасына сәйкес экономикалық ресурстарды тиімді пайдалануға, оның ішінде:

      1) бірлескен инвестициялық жобалар мен бағдарламаларды іске асыруға;

      2) ерекше, арнайы, еркін экономикалық аймақтарды құру және дамыту мәселелері бойынша тәжірибе алмасуға;

      3) сауда-экономикалық салада тәжірибе, ұлттық заңнама, стандарттар, қағидалар және статистикалық ақпарат алмасуға;

      4) цифрлық экономика саласындағы ынтымақтастыққа;

      5) Тараптар мемлекеттерінің өңірлері мен қалалары арасындағы ынтымақтастықты дамытуға;

      6) бірлескен кәсіпорындар құруға;

      7) Тараптар мемлекеттерінің аумағында өткізілетін халықаралық көрмелер мен жәрмеңкелерге Тараптар келіскен шарттарда ұйымдардың, компаниялар мен кәсіпкерлердің қатысуларына жәрдемдеседі.

5-бап

      1. Тараптар сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейту және осы Келiсiмді практикалық жүзеге асыру мәселелері бойынша консультация өткізеді.

      2. Сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту және нығайту мақсатында Тараптар Каспий экономикалық форумын өткізеді, оның өтетін күні мен орны, сондай-ақ басқа да мазмұндық және ұйымдастырушылық мәселелер Тараптар арасындағы консультациялар арқылы келісіледі.

      3. Мүдделі Тараптар Каспий экономикалық форумы шеңберінде көрмелерді, бизнес-форумдарды, дөңгелек үстелдерді, конференцияларды ұйымдастыра алады, оларды өткізу тәртібі мен шарттары қабылдаушы Тараппен келісіледі.

6-бап

      Осы Келісімді іске асыру мақсатында Тараптар мынадай құзыретті органдарды тағайындайды:

      Әзербайжан Республикасынан – Әзербайжан Республикасының Экономика министрлігі;

      Иран Ислам Республикасынан – Иран Ислам Республикасының Өнеркәсіп, тау-кен және сауда министрлігі;

      Қазақстан Республикасынан – Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігі;

      Ресей Федерациясынан – Ресей Федерациясының Экономикалық даму министрлігі;

      Түрікменстаннан – Түрікменстанның Қаржы және экономика министрлігі.

      Басқа құзыретті орган тағайындалған немесе оның атауы өзгерген жағдайда Тарап бұл туралы Депозитарийге хабарлайды, ол басқа Тараптарды хабардар етеді.

7-бап

      Осы Келiсiмдi iске асыруға байланысты мәселелер Тараптардың құзыреттi органдары министрлерiнiң қажеттiлiк шамасына қарай өтетiн кездесулері шеңберiнде қаралады.

      Осындай кездесулердің өтетін күні мен орны алдын ала уағдаластық бойынша айқындалады. Қабылдаушы Тараптың құзыретті органының министрі кездесуде төрағалық етуші болып табылады.

8-бап

      Егер әрбiр нақты жағдайда өзгеше тәртіп келiсiлмеген болса ғана, әрбiр Тарап осы Келiсiмдi iске асыруға байланысты шығыстарды дербес көтередi.

9-бап

      Осы Келісімнің ешбір ережесі Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі жөніндегі келіссөздер нәтижесін алдын ала айқындаушы ретінде түсіндірілмейді.

10-бап

      Осы Келісімнің ережелерін түсіндіруге немесе қолдануға байланысты кез келген дау Тараптар арасындағы консультациялар және келіссөздер жүргізу арқылы шешіледі.

11-бап

      1. Осы Келісімнің ережелері Тараптардың өзара келісімі бойынша өзгертілуі немесе толықтырылуы мүмкін.

      2. Осы Келiсiмге өзгерiстер мен толықтырулар оның ажырамас бөлiгi болып табылады, олар жекелеген Хаттамалармен ресімделеді және осы Келісімнің 13-бабында көзделген тәртіппен күшіне енеді.

12-бап

      Осы Келісімнің депозитарийі Қазақстан Республикасы болып табылады.

13-бап

      1. Осы Келісім оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы Депозитарий жазбаша соңғы хабарламаны алған күннен бастап отызыншы күні күшіне енеді.

      2. Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады. Әрбiр Тарап депозитарийге өзінің ниеті туралы жазбаша хабарлама жiберу арқылы осы Келiсiмнен шыға алады. Осы Тарап үшiн осы Келiсiм депозитарий осындай хабарламаны алған күннен бастап он екi ай бойы күшiнде қала бередi.

      201___ жылғы "__" ____ ______ қаласында әзербайжан, қазақ, орыс, түрікмен, парсы және ағылшын тілдерінде бір төлнұсқа данада жасалды, бұл ретте барлық мәтіндер тең түпнұсқалы болып табылады.

      Келіспеушіліктер туындаған жағдайда Тараптар ағылшын тіліндегі мәтінге жүгінеді.

      Осы Келісімнің төлнұсқа данасы сақтау үшін депозитарийге тапсырылады, ол оның расталған көшірмелерін Тараптарға жолдайды.

      Әзербайжан Республикасының Үкіметі үшін
      Иран Ислам Республикасының Үкіметі үшін
      Қазақстан Республикасының Үкіметі үшін
      Ресей Федерациясының Үкіметі үшін
      Түрікменстанның Үкіметі үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады