Каспий маңы мемлекеттерінің үкіметтері арасындағы көлік саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 12 ақпандағы № 54 қаулысы.

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған 2018 жылғы 12 тамызда Ақтауда жасалған Каспий маңы мемлекеттерінің үкіметтері арасындағы көлік саласындағы ынтымақтастық туралы келісім бекітілсін.

      2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Б. Сағынтаев

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2019 жылғы 12 ақпандағы
№ 54 қаулысымен
бекітілген

Каспий маңы мемлекеттерінің үкіметтері арасындағы көлік саласындағы ынтымақтастық туралы КЕЛІСІМ (2021 жылғы 22 наурызда күшіне енді – Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары бюллетені, 2021 ж., № 3, 15-құжат)

      Бұдан әрі Уағдаласушы Тараптар деп аталатын Әзербайжан Республикасының, Иран Ислам Республикасының, Қазақстан Республикасының, Ресей Федерациясының және Түрікменстанның үкіметтері

      Каспий маңы мемлекеттері мен олардың халықтары арасындағы достық тату көршілік қарым-қатынастарды жан-жақты дамытуға деген ұмтылысты басшылыққа ала отырып,

      сауда-экономикалық қарым-қатынастарды дамыту үшін Каспий маңы мемлекеттерінің көлік саласындағы ынтымақтастығының маңыздылығын атап көрсете отырып,

      халықаралық көлік дәліздерін құру және дамыту бойынша Каспий маңы мемлекеттерінің күш-жігерін біріктіруге және тығыз өзара пайдалы ынтымақтастығын ұйымдастыруға ұмтыла отырып,

      көлік инфрақұрылымын дамытудың, көлік қызметтерінің сапасын әрі қарай жақсартудың және Уағдаласушы Тараптар арасында жолаушылар мен жүктерді тасымалдауды жүзеге асыратын көліктің барлық түрінің жұмыс істеуі және өз мемлекеттерінің аумақтары бойынша транзит үшін қолайлы жағдай жасаудың маңыздылығын тани отырып,

      көлік тізбегінің тиімділігін ұлғайту үшін мультимодальдық тасымалдардың маңыздылығын назарға ала отырып,

      Каспий маңы мемлекеттері арасында жасалған көлікке қатысты, оның ішінде халықаралық құқықтың жалпыға бірдей танылған қағидаттары мен нормаларына негізделген екіжақты және көпжақты шарттарды ескере отырып,

      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      Уағдаласушы Тараптар теңқұқықтылық және өзара пайдалылық қағидаттарын негізге ала отырып, осы Келісімге, Каспий маңы мемлекеттері арасында қол жеткізілген уағдаластықтарға, жалпыға бірдей танылған халықаралық нормаларға, сондай-ақ өз мемлекеттерінің заңнамасына сәйкес Каспий теңізі өңірінде көлік саласындағы ынтымақтастықты жүзеге асырады.

2-бап

      Осы Келісімнің мақсаты Уағдаласушы Тараптардың Каспий теңізі өңірін инфрақұрылымы дамыған және халықаралық тасымалдарды жүзеге асыру кезінде өзара іс-қимыл жасау деңгейі жоғары ірі халықаралық көліктік-логистикалық торап ретінде қалыптастыру және дамыту бойынша ынтымақтасуы болып табылады.

3-бап

      Уағдаласушы Тараптар осы Келісімді іске асыру мақсатында:

      1) Уағдаласушы Тараптардың мемлекеттері арасындағы теңіз, автомобиль, теміржол, әуе және мультимодальдық тасымалдарды одан әрі дамытуға және тасымалдаушылар мен жүк иелерінің көлік инфрақұрылымы объектілеріне қол жеткізуінің тең және өзара пайдалы шарттарын қамтамасыз ету және оларды жүктерді тиеу және түсіру, жолаушыларды отырғызу және түсіру үшін пайдалану, кәдімгі коммерциялық операцияларды жүзеге асыру және көрсетілетін қызметтерді пайдалану негізінде транзитке ықпал етеді;

      2) Каспий маңы мемлекеттері арасындағы жүк тасымалдарын дамытуға, сондай-ақ қосымша транзиттік, оның ішінде көлік терминалдары арқылы жүзеге асырылатын жүк ағындарын тартуға ықпал ететін шараларды бірлесіп әзірлейді және іске асырады;

      3) жолаушылар тасымалдарын, ең алдымен тұрақты жолаушылар тасымалдарын, сондай-ақ халықаралық круиздік кеме қатынасын дамытуға ықпал етеді;

      4) Каспий маңы мемлекеттері арасында және олардың аумақтары арқылы транзитпен жолаушылар мен жүк тасымалдарын жүзеге асыру кезінде көліктегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері бойынша ынтымақтасады;

      5) тасымалдаушы көлік компаниялары мен жүк иелері арасындағы байланысты жолға қоюға, тасымалдарды, оның ішінде халықаралық көлік дәліздері шеңберінде тасымалдарды жүзеге асыру үшін тартымды тарифтік шарттарды әзірлеуге және жүк тасымалдарының көлемін ұлғайту үшін ұзақ уақыттық және толассыз тарифтік мөлшерлемелерді келісуге жәрдемдеседі;

      6) көлік саласындағы мамандарды даярлауға және олардың біліктілігін арттыруға ынтымақтасады;

      7) екіжақты қатынаста не транзитпен әкелінетін жүктер туралы алдын ала хабар берудің бұрыннан бар рәсімдерін қолдануға және жаңартып отыруға ықпал етеді;

      8) жолаушылар мен жүк тасымалдарының негізгі бағыттарында көліктік-логистикалық орталықтарды құруға жәрдем көрсетеді;

      9) Уағдаласушы Тараптар мемлекеттерінің аумақтары арқылы өтетін халықаралық көлік дәліздерін дамытуға жәрдемдеседі және олар бойынша тасымалдарды ұйымдастыру мен құрылыс бойынша бірлескен жобаларға қатысуға, олардың инфрақұрылымын жетілдіруге ықпал етеді;

      10) өз мемлекеттерінің аумақтарында халықаралық көлік дәліздері инфрақұрылымының сақталуын қамтамасыз ету жөніндегі шараларды әзірлейді және қабылдайды;

      11) өңірде көлік инфрақұрылымын дамыту, жаңғырту және ұштастыру саласындағы жобаларды және көрсетілген жобаларға инвестициялар тартуды көтермелейді;

      12) өз мемлекеттерінің заңнамасына және қол жеткізілген уағдаластықтарға сәйкес халықаралық тасымалдарды жүзеге асыру кезінде визалық, әкімшілік, кедендік және басқа да бақылау рәсімдерін оңайлатуға жәрдемдеседі;

      13) жалпыға бірдей танылған халықаралық стандарттар негізінде көлік қызметтерінің сапасын және қолжетімділігін арттыруға ықпал етеді;

      14) ғылыми зерттеулер жүргізу, көлікте ғылыми жетістіктерді және озық технологияларды пайдалану, интеллектуалды көлік жүйелерін дамыту саласында өзара іс-қимыл жасасады;

      15) көліктің қоршаған ортаға теріс әсерін төмендету саласында ынтымақтасады.

4-бап

      1. Уағдаласушы Тараптар осы Келісімді іске асыру мәселелерін Каспий маңы мемлекеттері көлік министрлерінің кезектілікпен өткізілетін, әдетте, Уағдаласушы Тараптар мемлекеттерінің аумақтарында ағылшын әліпбиі тәртібімен, дипломатиялық арналар арқылы келісілген мерзімдерде өткізілетін тұрақты кездесулері шеңберінде қарастырады.

      2. Қажет болған жағдайда осы кездесулер шеңберінде Уағдаласушы Тараптар көлік саласындағы бесжақты ынтымақтастықтың жекелеген мәселелерін қарастыру бойынша бірлескен жұмыс топтарын құруы мүмкін.

      3. Осы Келісімді іске асыру мақсатында Уағдаласушы Тараптар Каспий теңізі өңірінде көліктік өзара іс-қимыл жасаудың нақты мәселелері бойынша халықаралық шарттар жасасуы мүмкін.

5-бап

      Уағдаласушы Тараптар өзге туралы уағдаласқан жағдайларды қоспағанда, әрбір Уағдаласушы Тарап осы Келісімді іске асыру бойынша шығыстарды өзі дербес көтереді.

6-бап

      Осы Келісімнің ережелері Уағдаласушы Тараптардың өз мемлекеттері қатысушылары болып табылатын басқа халықаралық шарттардан туындайтын құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.

7-бап

      Осы Келісімнің ешқандай ережесі Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі жөніндегі келіссөздердің нәтижесін алдын ала айқындаушы ретінде түсіндірілмейді.

8-бап

      Осы Келісімге ешқандай ескертпе жасауға жол берілмейді.

9-бап

      Осы Келісімнің ережелерін түсіндіруге немесе қолдануға байланысты кез келген дау Уағдаласушы Тараптар арасында консультациялар мен келіссөздер жүргізу арқылы шешіледі.

10-бап

      1. Осы Келісімнің ережелері Уағдаласушы Тараптардың өзара келісуі бойынша өзгертілуі немесе толықтырылуы мүмкін.

      2. Осы Келісімге өзгерістер мен толықтырулар оның ажырамас бөлігі болып табылады, олар жекелеген хаттамалармен ресімделеді және осы Келісімнің 12-бабында көзделген тәртіппен күшіне енеді.

11-бап

      Қазақстан Республикасы осы Келісімнің Депозитарийі болып табылады.

12-бап

      1. Осы Келісім оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Уағдаласушы Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарламаны Депозитарий алған күннен бастап отызыншы күні күшіне енеді.

      2. Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады. Уағдаласушы Тараптардың әрқайсысы Депозитарийге өзінің осы Келісімнен шығу ниеті туралы жазбаша хабарлама жіберу арқылы одан шыға алады. Осы Уағдаласушы Тарап үшін осы Келісім мұндай хабарламаны Депозитарий алған күннен бастап он екі ай ішінде қолданылатын болады.

      2018 жылғы 12 тамызда Ақтау қаласында әзербайжан, қазақ, орыс, түрікмен, парсы және ағылшын тілдерінде бір данада жасалды әрі барлық мәтін бірдей теңтүпнұсқалы болып табылады.

      Келіспеушіліктер туындаған жағдайда Уағдаласушы Тараптар ағылшын тіліндегі мәтінге жүгінетін болады.

      Осы Келісімнің төлнұсқа данасы Депозитарийге сақтауға тапсырылады, ол оның куәландырылған көшірмелерін Уағдаласушы Тараптарға жолдайды.

      Әзербайжан Республикасының Иран Ислам Республикасының
      Үкіметі үшін Үкіметі үшін
      Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясының
      Үкіметі үшін Үкіметі үшін
      Түрікменстан Үкіметі үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады