Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы поляр маңындағы орбиталарға солтүстік бағытта ғарыш аппараттарын ұшыру үшін "Байқоңыр" ғарыш айлағынан "Союз-2" типіндегі тасымалдағыш зымырандарды ұшыруды жүзеге асыру жөніндегі ынтымақтастық туралы келісімге қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 23 мамырдағы № 313 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы поляр маңындағы орбиталарға солтүстік бағытта ғарыш аппараттарын ұшыру үшін "Байқоңыр" ғарыш айлағынан "Союз-2" типіндегі тасымалдағыш зымырандарды ұшыруды жүзеге асыру жөніндегі ынтымақтастық туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.

      2. Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Қуанышұлы Жұмағалиевке Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы поляр маңындағы орбиталарға солтүстік бағытта ғарыш аппараттарын ұшыру үшін "Байқоңыр" ғарыш айлағынан "Союз-2" типіндегі тасымалдағыш зымырандарды ұшыруды жүзеге асыру жөніндегі ынтымақтастық туралы келісімге қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан қол қоюға өкілеттік берілсін.

      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
А. Мамин

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2019 жылғы 23 мамырдағы
№ 313 қаулысымен
мақұлданған
 
  Жоба

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы поляр маңындағы орбиталарға солтүстік бағытта ғарыш аппараттарын ұшыру үшін "Байқоңыр" ғарыш айлағынан "Союз-2" типіндегі тасымалдағыш зымырандарды ұшыруды жүзеге асыру жөніндегі ынтымақтастық туралы КЕЛІСІМ

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі

      1994 жылғы 28 наурыздағы Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы "Байқоңыр" ғарыш айлағын пайдаланудың негізгі қағидаттары мен шарттары туралы келісімнің, 1994 жылғы 10 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы "Байқоңыр" кешенін жалға беру шартының (бұдан әрі – Жалға беру шарты) және 2004 жылғы 9 қаңтардағы Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы "Байқоңыр" кешенін тиімді пайдалану жөніндегі ынтымақтастықты дамыту туралы келісімнің ережелерін ұстанатындығын растай отырып,

      бірлескен халықаралық ғарыштық бағдарламалар мен коммерциялық ғарыштық жобаларды іске асыру арқылы "Байқоңыр" ғарыш айлағын пайдаланудың тиімділігін арттыру мүдделерінде әрекет етуге ниет білдіре отырып,

      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      "Байқоңыр" ғарыш айлағынан поляр маңындағы орбиталарға ғарыш аппараттарын ұшыру үшін солтүстік бағыттағы жаңа трасса бойынша "Союз-2" типіндегі тасымалдағыш зымырандарды ұшыруды жүзеге асыру жөніндегі ынтымақтастық шеңберінде Тараптар мен құқықтық қатынастардың басқа да қатысушылары арасындағы өзара іс-қимыл тәртібін реттеу үшін ұйымдық-құқықтық негіз белгілеу осы Келісімнің нысанасы болып табылады.

2-бап

      1. Осы Келісімді орындау бойынша жұмыстарды үйлестіруге жауапты уәкілетті органдар:

      Қазақстан Тарапынан – Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Аэроғарыш комитеті;

      Ресей Тарапынан – "Роскосмос" ғарыш қызметі жөніндегі мемлекеттік корпорациясы болып табылады.

      2. Тараптар осы Келісімде аталған өздерінің уәкілетті органдары мен ұйымдарының өзгергені туралы дипломатиялық арналар арқылы бір-бірін хабардар етеді.

3-бап

      Осы Келісімде пайдаланылатын ұғымдар мыналарды білдіреді:

      "құлау ауданы" – осы Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылатын қосымшаға сәйкес координаттары бар, "Байқоңыр" ғарыш айлағынан ұшыру кезінде "Союз-2" типіндегі тасымалдағыш зымырандардың бөлінетін бөліктерін қабылдау үшін пайдаланылатын, Жалға беру шарты бойынша Ресей Федерациясы жалға алған құлау аудандарының құрамына енбеген, Қазақстан Республикасының мемлекеттік экологиялық сараптамасының және "Союз-2" тасымалдағыш зымыранның құлау ауданындағы және ұшу трассасы бойынша қауіпсіздік туралы оң қорытындылары бар Қазақстан Республикасы Қостанай облысының аумағындағы жер учаскесі;

      "ұшыруды жүргізетін ұйым" – осы Келісімге сәйкес "Союз-2" типіндегі тасымалдағыш зымырандарды ұшыруларды жүргізу үшін пайдаланылатын "Байқоңыр" ғарыш айлағының объектілерін белгіленген тәртіппен пайдаланатын "Жерүсті ғарыш инфрақұрылымының объектілерін пайдалану орталығы" федералды мемлекеттік біртұтас кәсіпорны;

      "құлау ауданын пайдаланатын ұйым" – құлау ауданы пайдалануында болатын және ұшыруды жүргізетін ұйымға құлау ауданын беру бойынша қызмет көрсететін "Бәйтерек" Қазақстан-Ресей бірлескен кәсіпорны" акционерлік қоғамы;

      "ұшыруды экологиялық қолдап отыруды жүзеге асыратын ұйым" – Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Аэроғарыш комитетіне ведомстволық бағынысты, "Байқоңыр" ғарыш айлағынан зымырандарды ұшырудың қоршаған орта мен халықтың денсаулығына әсерін зерделеу жөніндегі жұмыстарды жүргізуге маманданатын ұйым.

4-бап

      Құлау ауданын пайдаланатын ұйым:

      Қазақстан Республикасының Қостанай облысы Жангелдин ауданының әкімдігімен жасалатын шектеулі нысаналы жер пайдалану (сервитут) шарты негізінде (сәуір-маусым аралығындағы кезеңді қоспағанда) құлау ауданы ретінде жер учаскесін пайдаланады;

      ұшыруды жүргізетін ұйымға өзі жасасатын тиісті өтеулі шарттар (келісімшарттар) негізінде құлау ауданын беру бойынша қызметтер көрсетеді. Ұйымдардың құқықтары, міндеттері және жауапкершілігі, осы Келісімді іске асыру мақсатында орындалатын (көрсетілетін) құлау ауданын пайдалану (іске қосу) жөніндегі жұмыстарға (қызметтерге) жататын, ұйымдастырушылық, қаржылық, құқықтық және техникалық сипаттағы нормалар мен рәсімдер осы шарттардың (келісімшарттардың) нысанасын құрайды;

      шектеулі нысаналы жер пайдалану (сервитут) шарты бойынша төлемақы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мөлшерлемелер бойынша белгіленеді.

      Ұшыруды жүргізетін ұйым ұшырудың тапсырыс берушісі бөлетін қаражат есебінен құлау ауданын пайдаланатын ұйымға Қазақстан Республикасының Қостанай облысы Жангелдин ауданының әкімдігіне жіберілетін, құлау ауданын пайдаланғаны үшін (үш ұшырудан асырмай жүзеге асыруды қоса алғанда) жылына 460 000 (төрт жүз алпыс мың) АҚШ доллары мөлшеріндегі төлемақыны жүзеге асырады, ал қосымша ұшыру жүзеге асырылған жағдайда, әрбір қосымша ұшырғаны үшін 50 000 (елу мың) АҚШ доллары мөлшерінде төлемақы жүргізеді.

5-бап

      Осы Келісім шеңберінде "Байқоңыр" ғарыш айлағынан "Союз-2" типіндегі тасымалдағыш зымырандарды ұшыру кезінде халықтың және аумақтардың қауіпсіздігін, сондай-ақ экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында құлау ауданын пайдаланатын ұйым ұшыруды жүргізетін ұйымның қаражаты есебінен:

      жергілікті билік органдары мен шаруашылық басшыларын тасымалдағыш зымыранның алдағы ұшырылуы туралы құлақтандыруды;

      тасымалдағыш зымыранды ұшыру алдында құлау ауданын шолып байқауды және тасымалдағыш зымыранды ұшыруды жүргізу кезеңінде құлау ауданын уақытша жабуды;

      тасымалдағыш зымыранның ұшырылуы жүзеге асырылған соң кейіннен қайтара отырып, тұрғындарды құлау ауданынан эвакуациялауды (бар болған жағдайда);

      "Союз-2" тасымалдағыш зымыранының бөлінетін бөліктерінің фрагменттерін (бүйір блоктарын) іздестіруді;

      табылған сұйықтықты зымыран қозғалтқыштарын (немесе олардың фрагменттерін) және "Союз-2" тасымалдағыш зымырандарының бөлінетін бөліктерінен құрамында бағалы металдары бар бұйымдарды (немесе олардың фрагменттерін) ұшыруды жүргізетін ұйымға қайтаруды;

      жануарлар дүниесіне және өсімдік жабынына әсерді төмендету мақсатында өрт қауіпсіздігі талаптары мен нормативтерін сақтауды;

      "Союз-2" тасымалдағыш зымыранының бөлінетін бөліктері (бүйір блоктары) жерге түскен кезде өрт туындаған жағдайда, дала өрттерін барынша тез жоюды;

      "Союз-2" тасымалдағыш зымыранының бөлінетін бөліктерінің фрагменттерінен құлау ауданын уақтылы тазалауды (бөлінетін бөліктер сорға құлаған кезде оларды құлау ауданынан қысқы кезеңде эвакуациялауға жол беріледі);

      тасымалдағыш зымыранның бүйір блоктары құлаған жерлерде ластанған учаскелерді детоксикациялауды (қажет болған кезде) және бұзылған топырақ жабынын техникалық рекультивациялауды (тегістеуді);

      Қазақстан Республикасының қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органына және Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Аэроғарыш комитетіне – "Союз-2" тасымалдағыш зымыранын ұшыруды экологиялық қолдап отыру туралы есепті және жылдың соңында құлау ауданындағы және шектес аумақтағы флора мен фауна жай-күйінің мониторингі бойынша есепті ұсынуды қамтамасыз етеді;

      ұшыруды экологиялық қолдап отыруды жүзеге асыратын ұйымды тарта отырып:

      "Байқоңыр" ғарыш айлағының позициялық ауданы қоршаған ортасының жай-күйіне тасымалдағыш зымырандарды дайындау және ұшыру әсерін бағалауды;

      құлау ауданының қоршаған ортасының және шектес аумақтағы елді мекендердің тіршілік ортасының жай-күйіне "Союз-2" тасымалдағыш зымыранының бірінші сатысының (бүйір блоктарының) құлау әсерін бағалауды;

      құлау ауданында және шектес аумақта флора мен фаунаның жай-күйін жыл сайынғы мониторингтеуді;

      бес жылда бір рет немесе құлау ауданын пайдалану мерзімі аяқталған соң құлау ауданы мен шектес аумақтың қоршаған ортасына "Союз-2" тасымалдағыш зымырандарын ұшырудың әсерін кешенді бағалауды қамтамасыз етеді.

      Осы Келісім шеңберінде өз қызметін жүзеге асыратын ұйымдар Қазақстан Республикасының мемлекеттік экологиялық сараптамасының оң қорытындысы бар "Ғарыш аппараттарын поляр маңы орбитасына шығару кезінде "Союз-2" ғарыштық мақсаттағы зымырандарын "Байқоңыр" ғарыш айлағынан ұшырудың Қазақстан Республикасының қоршаған ортасына әсерін бағалау (ҚОӘБ) жөніндегі құжаттаманы әзірлеу" жобасының шарттары мен іс-шараларын сақтауға міндетті.

6-бап

      Қазақстан Республикасының қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органының өкілдері ұшыруды жүргізетін ұйымның, құлау ауданын пайдаланатын ұйымның және Қазақстан Республикасы Қостанай облысы әкімдігінің өкілдерімен бірлесіп, үш тәулік ішінде "Союз-2" тасымалдағыш зымыранының бөлінетін бөліктерінің құлау ауданын қарап-тексеру нәтижелері туралы акт жасайды.

      "Союз-2" тасымалдағыш зымыранын штаттық ұшыру кезінде (ҚОӘБ-де көзделмеген қоршаған ортаға әсері), сондай-ақ іздестіру-құтқару күштері мен құралдары келтірген экологиялық залалды құлау ауданын пайдаланатын ұйым (құлау ауданы мен шектес аумаққа қатысты) және ұшыруды жүргізетін ұйым ("Байқоңыр" ғарыш айлағына қатысты) өтейді. Бұл ретте, залал мөлшері мен оны өтеу тәртібі Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес айқындалады.

      "Союз-2" тасымалдағыш зымыранының бірінші сатысының штаттан тыс құлауы нәтижесінде келтірілген залал үшін Ресей Тарапы 1999 жылғы 18 қарашадағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы "Байқоңыр" ғарыш айлағынан зымырандарды жіберу кезінде авариялар болған жағдайдағы өзара іс-қимыл тәртібі туралы келісімге сәйкес жауапты болады.

7-бап

      1. Ұшыруды жүргізетін ұйым:

      Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Әуе қорғанысы күштері Әуе қозғалысын басқарудың бас орталығымен – "Союз-2" типіндегі тасымалдағыш зымырандарды ұшыру кезінде "Байқоңыр" ғарыш айлағы мен құлау ауданының үстінен Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану саласында Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен;

      Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Бас штабының Орталық командалық пунктімен және Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Әуе қорғанысы күштері Әуе қозғалысын басқарудың бас орталығымен – ұшуға немесе оны ауыстыруға сағаттық әзірлік туралы ақпарат беру және Қазақстан Республикасы аумағының үстінен "Союз-2" типіндегі тасымалдағыш зымыранның ұшырылуы және ұшуы туралы нақты уақыт режимінде ақпарат беру рәсімдеріне қолдануға қатысты келісілген тәртіппен өзара іс-қимыл жасайды.

      2. Қазақстан Республикасы аумағының үстінен "Союз-2" типіндегі тасымалдағыш зымыранның ұшырылуы және ұшуы туралы ақпаратты ұшыруды жүргізетін ұйым Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Төтенше жағдайлар комитетінің Дағдарыс жағдайларында басқару орталығы мен Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Аэроғарыш комитетіне бір мезгілде береді.

      3. Ұшыруды жүргізетін ұйым "Союз-2" типіндегі тасымалдағыш зымырандар ұшырудың қауіпсіздігін арттыру мақсатында жерүсті ғарыш инфрақұрылымы объектілерінде жүзеге асырылатын технологиялық процестерді жетілдіру бойынша іс-шаралар жүргізуді қамтамасыз етеді.

8-бап

      Осы Келісіммен реттелмейтін, бірақ құлау ауданын пайдалана отырып, жаңа трасса бойынша "Байқоңыр" ғарыш айлағынан "Союз-2" типіндегі тасымалдағыш зымырандар ұшыруды жүзеге асыру жөніндегі қызметке жататын мәселелерге қатысты құлау аудандарын пайдалануға қатысты Ресей тарапының міндеттемелерін қоспағанда, "Байқоңыр" кешені бойынша Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы халықаралық шарттардың ережелері қолданылады.

      "Байқоңыр" кешені бойынша халықаралық шарттарда көзделген, құлау ауданын пайдалануға қатысты міндеттемелерді орындауды құлау ауданына қатысты қоршаған ортаны қорғау, жер ресурстарын басқару саласындағы Қазақстан Республикасының уәкілетті органдарымен келісу бойынша құлау ауданын пайдаланатын ұйым қамтамасыз етеді.

      Тараптар ынтымақтасушы ұйымдар жасасқан шарттардан (келісімшарттардан) туындайтын міндеттемелер бойынша жауапты болмайды.

9-бап

      Осы Келісімді түсіндіруге және/немесе орындауға байланысты Тараптар арасында даулар туындаған жағдайларда, Тараптар өздерінің уәкілетті органдары арқылы оларды реттеу үшін консультациялар немесе келіссөздер жүргізеді.

10-бап

      Тараптардың өзара келісуі бойынша осы Келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін, олар оның ажырамас бөліктері болып табылады және осы Келісімнің күшіне енуі үшін көзделген тәртіппен күшіне енетін жекелеген хаттамалармен ресімделеді.

11-бап

      1. Осы Келісім 5 жыл мерзімге жасалады және егер Тараптардың бірде-бірі оның қолданысының ағымдағы 5 жылдық мерзімі өткенге дейін кемінде 6 ай бұрын екінші Тарапты оның қолданысын тоқтату ниеті туралы жазбаша нысанда дипломатиялық арналар арқылы хабардар етпесе, ағымдағы 5 жылдық кезеңдерге автоматты түрде ұзартылады.

      2. Осы Келісім оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама дипломатиялық арналар арқылы алынған күннен бастап 30 күн өткен соң күшіне енеді.

      3. Осы баптың 1-тармағында көзделген тәртіппен осы Келісімнің қолданысын тоқтату осы Келісімнің қолданылу кезеңінде туындаған қаржылық міндеттемелерді реттеу бойынша Тараптардың міндеттемелерін қозғамайды.

      2019 жылғы "___" __________ ____________ қаласында әрқайсысы қазақ және орыс тілдерінде екі данада жасалды әрі екі мәтін де теңтүпнұсқалы болып табылады. Осы Келісімнің мәтіндері арасында айырмашылықтар болған жағдайда Тараптар орыс тіліндегі мәтінге жүгінеді.

      Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясының
      Үкіметі үшін Үкіметі үшін
     

  Қазақстан Республикасының Үкіметі
мен Ресей Федерациясының Үкіметі
арасындағы поляр маңындағы
орбиталарға солтүстік бағытта
ғарыш аппараттарын ұшыру үшін
"Байқоңыр" ғарыш айлағынан
"Союз-2" типіндегі тасымалдағыш
зымырандарды ұшыруды жүзеге
асыру жөніндегі ынтымақтастық
туралы келісімге
қосымша

Поляр маңындағы орбиталарға солтүстік бағытта ғарыш аппараттарын ұшыру үшін "Байқоңыр" ғарыш айлағынан ұшыру кезінде "Союз-2" типіндегі тасымалдағыш зымырандардың бөлінетін бөліктерінің құлау ауданы ретінде берілетін жер учаскесінің координаттары


Құлау ауданының нөмірі

Учаске нің нысаны

Орталықтың координаттары (град., мин., сек.)

Жар тылай осьтердің мөл шер
лері
(км)

Үлкен осьтің азимуты (град.)

Учаскенің алаңы (мың га)

Әкімшілік тиесілілігі

солтүс тік ендік

шығыс бойлық

120 А

Эллипс

49 11 09

63 58 35

+22-17 х +11±

5.8

67,39

Қостанай облысы


Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады