Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің үкіметтері арасындағы бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 12 маусымдағы № 394 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің үкіметтері арасындағы бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы ынтымақтастық туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.

      2. Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Әскербекұлы Абаевқа Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің үкіметтері арасындағы бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан қол қоюға өкілеттік берілсін.

      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
А. Мамин

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2019 жылғы 12 маусымдағы
№ 394 қаулысымен
мақұлданған
  Жоба

Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің үкіметтері арасындағы бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы ынтымақтастық туралы
КЕЛІСІМ

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің үкіметтері

      2002 жылғы 7 маусымдағы Шанхай ынтымақтастық ұйымы Хартиясының мақсаттары мен қағидаттарын, 2007 жылғы 16 тамыздағы Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің ұзақ мерзімді тату көршілік, достық және ынтымақтастық туралы шартын, 2015 жылғы 10 шілдедегі Шанхай ынтымақтастық ұйымының 2025 жылға дейінгі даму стратегиясын, сондай-ақ Шанхай ынтымақтастық ұйымының басқа да құжаттарын басшылыққа ала отырып,

      Тараптардың тәуелсіздігі мен егемендігін құрметтей отырып, сондай-ақ ішкі істеріне араласпау қағидатын ұстана отырып,

      Тараптар мемлекеттерінің арасында өзара сенімді, достық қатынастарды және тең құқықты ынтымақтастықты нығайтуға ұмтыла отырып,

      Тараптардың ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, жастар арасында халықтардың жақындасуына ықпал ететін бейбітшілік, ізгілік, өзара құрмет пен өзара түсіністік, еркіндік пен халықаралық ынтымақтастық идеалдарын тарату жөнінде шаралар қабылдауға ұмтылысын негізге ала отырып,

      Тараптардың бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы ынтымақтастығын жетілдіру қажеттігінің маңызды мәнін мойындай отырып,

      Тараптардың бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы ынтымақтастығының құқықтық және ұйымдастырушылық негіздерін құруға ниеттене отырып,

      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      Тараптар өз мемлекеттерінің заңнамасына және олардың мемлекеттері қатысушылары болып табылатын халықаралық шарттарға сәйкес әрекет ете отырып, өз мемлекеттері халықтарының өмірі туралы білімдерін одан әрі тереңдету мақсатында бұқаралық ақпарат құралдарының ақпаратты кеңінен және өзара таратуы үшін қолайлы жағдайлар жасауға ықпал етеді.

2-бап

      Тараптар өз мемлекеттерінің бұқаралық ақпарат құралдарының редакциялары арасындағы, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдары саласында жұмыс істейтін тиісті министрліктер, ведомстволар мен ұйымдар арасындағы, оның ішінде жекелеген келісімдер жасасу жолымен өзара тиімді ынтымақтастықты қолдайды және көтермелейді, оның нақты шарттары мен нысандарын қатысушыларының өздері айқындайды.

3-бап

      Тараптар бар кәсіби тәжірибені зерделеу, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдары саласында кездесулер, семинарлар мен конференциялар өткізу мақсатында Тараптар мемлекеттері журналистерінің кәсіби бірлестіктері арасындағы тең құқылы және өзара тиімді ынтымақтастыққа жәрдемдеседі.

4-бап

      Әрбір Тарап өзара негізде басқа Тарап мемлекетінің аумағында заңды негізде таратылатын теле және радиобағдарламалар мен хабарларды трансляциялауға, егер оларды тарату Тараптар мемлекеттері заңнамасының талаптарына сәйкес келсе, редакциялардың заңды негіздерде материалдар мен хабарламаларды беруіне жәрдем көрсетеді.

5-бап

      Тараптардың әрқайсысы өзара негізде басқа Тарап мемлекетінің бұқаралық ақпарат құралдары редакцияларының аккредиттелген өкілдеріне іскерлік байланыстар орнату мен ақпараттық материалдарды, телевизиялық репортаждарды және т. б. дайындауды қоса алғанда, өздерінің кәсіби міндеттерін орындауы үшін қажетті жағдайлар жасауға жәрдем көрсетеді.

      Тараптардың әрқайсысы өзара негізде басқа Тарап мемлекетінің аумағында жұмыс істейтін бұқаралық ақпарат құралдары редакцияларының корреспонденттік пункттерінің қызметіне жәрдем көрсетеді.

6-бап

      Тараптар бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы жұмыс тәжірибесімен және мамандармен алмасуды көтермелейді, бұқаралық ақпарат құралдары саласында кадрлар даярлауға өзара жәрдем көрсетеді және осы салада жұмыс істейтін білім беру және ғылыми-зерттеу мекемелері мен ұйымдары арасындағы ынтымақтастықты көтермелейді.

7-бап

      Тараптар бұқаралық ақпарат құралдарының қызметін құқықтық реттеу саласындағы ынтымақтастықты және тәжірибе алмасуды, өз мемлекеттерінің аумағында тіркелген бұқаралық ақпарат құралдарына қатысты статистикалық және өзге де деректер алмасуды жүзеге асырады.

8-бап

      Осы Келісімнің ережелері Тараптар мемлекеттерінің өздері қатысушылары болып табылатын басқа халықаралық шарттар бойынша міндеттемелерін қозғамайды.

9-бап

      Тараптардың әрқайсысы осы Келісімнің ережелерін іске асыруға жауапты өз мемлекетінің құзыретті органын (органдарын) тағайындайды.

      Тараптар осы Келісімнің күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдердің орындалуы туралы хабарламаларды тапсыру кезінде құзыретті орган (органдар) туралы депозитарийді хабардар етеді. Депозитарий құзыретті органдар туралы ақпаратты басқа Тараптарға жібереді.

10-бап

      Осы Келісімге Тараптардың өзара келісуі бойынша оның ажырамас бөлігі болып табылатын жеке хаттамалармен ресімделетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.

11-бап

      Осы Келісімнің ережелерін қолдануға және (немесе) түсіндіруге байланысты даулы мәселелерді Тараптар келіссөздер мен консультациялар арқылы шешеді.

12-бап

      Осы Келісім Тараптардың оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарламаны депозитарий алған күннен бастап күшіне енеді.

      Тараптардың әрқайсысы болжамды шығу күніне дейін кемінде тоқсан күн бұрын депозитарийге бұл туралы жазбаша нысанда хабарлама жібере отырып, осы Келісімнен шыға алады. Депозитарий осындай хабарламаны алған күннен бастап отыз күн ішінде осындай ниет туралы басқа Тараптарға хабарлайды.

13-бап

      Осы Келісім күшіне енгеннен кейін Шанхай ынтымақтастық ұйымының мүшелігіне қабылданған кез келген мемлекеттің оған қосылуы үшін ашық.

      Қосылған мемлекет үшін осы Келісім депозитарий қосылу туралы құжатты алған күннен бастап 30 күн өткен соң күшіне енеді.

      Депозитарий қосылған мемлекетке қатысты осы Келісімнің күшіне енген күні туралы Тараптарды хабардар етеді.

14-бап

      Шанхай ынтымақтастық ұйымының Хатшылығы осы Келісімнің депозитарийі болып табылады, ол осы Келісімге қол қойылғаннан кейін 30 күн ішінде Тараптарға оның куәландырылған көшірмесін жібереді.

      2019 жылғы "__" _________ _____________ қаласында орыс және қытай тілдерінде бір төлнұсқа данада жасалды әрі екі мәтіннің де күші бірдей.

      Үндістан Республикасының

      Үкіметі үшін

      Қазақстан Республикасының

      Үкіметі үшін

      Қытай Халық Республикасының

      Үкіметі үшін

      Қырғыз Республикасының

      Үкіметі үшін

      Пәкістан Ислам Республикасының

      Үкіметі үшін

      Ресей Федерациясының Үкіметі үшін

      Тәжікстан Республикасының

      Үкіметі үшін

      Өзбекстан Республикасының

      Үкіметі үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады