"Педагог мәртебесі туралы" - Қазақстан Республикасы Заңының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 31 тамыздағы № 645 қаулысы.

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      "Педагог мәртебесі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің карауына енгізілсін.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
А. Мамин

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ЗАҢЫ Педагог мәртебесі туралы

      Осы Заң педагогтің мәртебесін айқындайды және оның құқықтарын, әлеуметтік кепілдіктері мен шектеулерін, міндеттемелері мен жауапкершілігін белгілейді.

1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар

      Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) педагогикалық әдеп жөніндегі кеңес - педагогикалық әдеп қағидаларының бұзылуын қарап, нәтижелері бойынша тиісті ұсынымдар енгізу, сондай-ақ бұзушылықтардың алдын алуға және профилактикасына бағытталған шараларды іске асыру үшін білім беру ұйымында құрылатын алқалы орган;

      2) педагогтің кәсіби стандарты - педагогтің біліктілік деңгейі мен құзыреттілігіне, еңбек мазмұнына, сапасына және жағдайларына қойылатын талаптарды айқындайтын стандарт;

      3) педагог - тиісті бейіндер бойынша педагогикалық және (немесе) кәсіптік білімі бар, білім алушылар мен тәрбиеленушілерді оқыту және (немесе) тәрбиелеу, оның ішінде қосымша білім беруді ұйымдастыру және (немесе) білім беру қызметін ұйымдастыру және (немесе) әдістемелік қамтамасыз ету бойынша кәсіби қызметті жүзеге асыратын, сондай-ақ кәсіптік стандартта көрсетілген біліктілік талаптарына сай келетін адам;

      4) тәлімгерлік - педагог лауазымына жұмысқа алғаш қабылданған адамға кәсіби бейімделуге практикалық көмек көрсету бойынша орта білім беру ұйымдарында тәлімгердің ақы төленетін қызметі;

      5) тәлімгер - тәлімгерлікті жүзеге асыратын педагог;

      6) педагогикалық әдеп - педагогтердің осы Заңда және педагогикалық әдеп қағидаларында белгіленген мінез-құлық қағидалары.

2-бап.      Педагог мәртебесі туралы Қазақстан Республикасының заңнамасы

      1. Педагог мәртебесі туралы Қазақстан Республикасының заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына, "Білім туралы" Қазақстан Республикасының Заңына негізделеді, осы Заңнан және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.

      2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңда қамтылғандардан өзгеше қағидалар белгіленсе, онда халықаралық шарттың қағидалары қолданылады.

3-бап.      Осы Заңның қолданылу саласы

      Осы Заң меншік нысанына және ведомстволық тиесілігіне қарамастан, тиісті білім беру ұйымдарында кәсіби қызметті жүзеге асыратын барлық педагогтерге, оның ішінде Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жанындағы Сот төрелігі академиясының, денсаулық сақтау, халықты әлеуметтік қорғау, мәдениет, дене шынықтыру және спорт салаларындағы білім беру ұйымдарының, сондай-ақ "Халықтың денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасының Кодексінде, "Кемтар балаларды әлеуметтік және медициналық-педагогикалық түзеу арқылы қолдау туралы", "Мәдениет туралы", "Дене шынықтыру және спорт туралы", "Білім туралы", "Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы", "Құқық қорғау қызметі туралы", "Қазақстан Республикасының арнаулы мемлекеттік органдары туралы" Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген ережелерге қайшы келмейтін бөлігінде әскери, арнаулы оқу орындарының педагогтеріне қолданылады.

4-бап. Педагог мәртебесі бар адамдар

      1. Тиісті бейіндер бойынша педагогикалық және (немесе) кәсіби білімі бар, білім алушылар мен тәрбиеленушілерді оқыту және (немесе) тәрбиелеу, оның ішінде қосымша білім беруді ұйымдастыру, сондай-ақ білім беру қызметін ұйымдастыру және (немесе) әдістемелік қамтамасыз ету бойынша кәсіби қызметті жүзеге асыратын, еңбек саласындағы Қазақстан Республикасы заңнамасында белгіленген тәртіппен бекітілген кәсіптік стандартгарда көрсетілген біліктілік талаптарына сай келетін адамдардың педагог мәртебесі болады.

      2. Кәсіби қызметті жүзеге асыратын педагогтер бірыңғай мәртебеге ие және өзара кәсіби қызмет ерекшеліктерімен өзгешеленеді.

5-бап.      Педагогикалық әдеп және педагогтің анты

      1. Педагог педагогикалық әдеп нормаларын сақтайды.

      2. Педагогикалық әдеп қағидаларын білім беру саласындағы уәкілетті орган бекітеді.

      3. Педагог лауазымына алғаш тағайындалатын адам ант қабылдайды.

      4. Ант мәтінін және педагогтердің оны қабылдау тәртібін білім беру саласындағы уәкілетті орган бекітеді.

6-бап. Педагогтің кәсіби қызметін қамтамасыз ету шарттары

      1. Педагогке өзінің кәсіби қызметін жүзеге асыруы үшін қолайлы жағдайлар жасалады.

      2. Мыналарға:

      1) педагогті оның кәсіби міндеттеріне байланысты емес жұмыс түрлеріне тартуға;

      2) педагогтен Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделмеген есептілікті не ақпаратты ұсынуды талап етуге;

      3) педагогтің кәсіби қызметіне Қазақстан Республикасының заңдарында көзделмеген тексерулер жүргізуге;

      4) педагогке тауарлар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу бойынша міндетті жүктеуге жол берілмейді.

      3. Осы баптың 2-тармағының талаптарын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа әкеледі.

7-бап. Педагоггің кәсіби қызметтегі құқықтары

      1. Педагог өзінің кәсіби қызметінде:

      1) білім берудің тиісті деңгейінің мемлекеттік жалпыға міндетті стандартының талаптарын сақтау жағдайында педагогикалық қызметті ұйымдастырудың тәсілдері мен нысандарын еркін таңдауға;

      2) лауазымды және басқа да адамдардың оның құқықтары мен заңды мүдделерінің бұзылуына әкеп соғатын кәсіби қызметіне араласуынан қорғауға;

      3) өзінің кәсіби ар-намысы мен қадір-қасиетін қорғауға;

      4) кәсіби қызметті жүзеге асыру үшін ұйымдастырушылық және материалдық-техникалық қамтамасыз етуге және қажетті жағдайлар жасауға;

      5) ғылыми, зерттеу, шығармашылық, эксперименттік қызметті жүзеге асыруға, педагогикалық практикаға жаңа әдістемелер мен технологияларды енгізуге;

      6) шығармашылық бастамаға, оқыту мен тәрбиелеудің авторлық бағдарламаларын әзірлеуге және қолдануға, оқыту мен тәрбиелеудің жаңа, неғұрлым жетілдірілген әдістерін дамытуға және таратуға;

      7) оқу құралдарын, материалдарды және білім беру бағдарламасына сәйкес оқыту мен тәрбиелеудің өзге де құралдарын таңдауға;

      8) білім беру бағдарламаларын, оқу жоспарларын, әдістемелік материалдарды және білім беру қызметінің өзге де құрауыштарын, сондай-ақ оқулықтарды, оқу-әдістемелік кешендерді және оқу құралдарын әзірлеуге қатысуға;

      9) жұмыс орны бойынша сайлануға және сайланбалы лауазымды атқаруға;

      10) білім беру сапасын жетілдіруге бағытталған, сондай-ақ білім беру ұйымдарының қызметіне қатысты мәселелерді талқылауға қатысуға;

      11) білім беру ұйымының алқалы басқару органдарының, әдістемелік бірлестіктері мен кеңестерінің, өзін-өзі басқару органдарының жұмысына қатысуға;

      12) бес жылда кемінде бір рет біліктілігін арттыруға;

      13) үздіксіз кәсіби дамуға және біліктілікті арттыру нысандарын таңдауға;

      14) жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының педагогтерін қоспағанда, мерзімінен бұрын біліктілік санатын алуға;

      15) ұйымдардағы кітапхананы және ақпараттық ресурстарды тегін пайдалануға, сондай-ақ ақпараттық-телекоммуникациялық желілер мен деректер базасына, оқу және әдістемелік материалдарға, кәсіби қызметті сапалы жүзеге асыруға қажетті білім беру қызметін қамтамасыз етудің материалдық-техникалық құралдарына қол жеткізуге;

      16) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген нысандарда және тәртіппен қоғамдық кәсіптік ұйымдарға бірігуге;

      17) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жеке педагогтік қызметке;

      18) кәсіби қызметтегі жетістіктері үшін көтермеленуге;

      19) "Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыруға;

      20) педагогикалық әдеп нормалары бұзылған жағдайда Педагогикалық әдеп қағидаларына сәйкес әділ және объективті қызметтік тергеп-тексеруге;

      21) Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған тәртіппен және шарттарда кәсіби дағдыларды қолдау және арттыру үшін Қазақстан Республикасы Президентінің "Болашақ" халықаралық стипендиясы бойынша тағылымдамадан өтуге;

      22) өзіне қатысты қабылданатын білім беру ұйымы басшысының актілеріне, әрекеттері мен шешімдеріне жоғары тұрған лауазымды адамдарға немесе сотқа шағымдануға;

      23) білім алушылар, тәрбиеленушілер және олардың ата-аналары немесе өзге де заңды өкілдері тарапынан ар-намысы мен қадір-қасиетіне құрмет көрсетілуіне;

      24) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де құқықтары бар.

      2. Осы баптың 1-тармағында керсетілген құқықтарды педагог басқа да адамдардың құқықтары мен бостандықтарын, сондай-ақ педагогикалық әдеп нормаларын сақтай отырып жүзеге асырады.

8-бап. Педагогтің материалдық қамтамасыз етуге құқығы

      1. Мемлекеттік ұйымдарда кәсіби қызметін жүзеге асыратын педагогтің еңбегіне ақы төлеу жүйесі, лауазымдық жалақылар, қосымша ақылар, үстемеақылар және ынталандырушы сипаттағы басқа да төлемдер Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен айқындалады.

      Жекеменшік білім беру ұйымдары қызметкерлерінің еңбегіне ақы төлеуді Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес олардың құрылтайшылары немесе соған уәкілеттік берілген адам айқындайды.

      2. Бюджет қаражаты есебінен қаржыландырылатын мемлекеттік ұйымдар педагогінің жалақысын есептеу ерекшеліктерін еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органмен келісу бойынша білім беру саласындағы уәкілетті орган бекітеді.

      3. Ерекше мәртебесі бар жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беретін мемлекеттік ұйымдардың педагогтері мен басшы қызметкерлерінің лауазымдық жалақылары арттыру коэффициенті ескеріле отырып айқындалады.

      4. Мемлекеттік ұйымдардың педагогіне жұмыс орны бойынша:

      философия докторы (PhD), бейіні бойынша доктор дәрежесі үшін республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарына қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің 17 еселенген мөлшерінде;

      ғылым кандидаты ғылыми дәрежесі үшін республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарына қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің 17 еселенген және ғылым докторы ғылыми дәрежесі үшін айлық есептік көрсеткіштің 34 еселенген мөлшерінде қосымша ақы белгіленеді.

      5. Мәдениет және спорт саласындағы қызметті іске асыратын білім беру ұйымдарын, әскери оқу орындарын қоспағанда, мемлекеттік орта білім беру ұйымдарының педагогіне жұмыс орны бойынша ғылыми-педагогикалық бағыт бойынша магистр дәрежесі үшін республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарына қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің 10 еселенген мөлшерінде қосымша ақы белгіленеді.

      6. Жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының профессор-оқытушылар құрамының жылдық оқу жүктемесі жұмыс уақытының жылдық нормасы шегінде белгіленеді және оны алқалы басқару органы шешімінің негізінде жогары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымының басшысы бекітеді.

      7. Қазақстан Республикасы Жоғары Сотының жанындағы Сот төрелігі академиясын, әскери, арнаулы оқу орындарын қоспағанда, жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының профессор-оқытушылар құрамының жалпы санын есептеуге арналған мемлекеттік білім беру тапсырысын айқындау кезінде білім алушылар санының профессорлық-оқытушылық құрамға орташа қатынасын білім беру саласындағы уәкілетті орган бекітеді.

      8. Жергілікті атқарушы органдар педагогтерге әртүрлі ынталандырушы қосымша төлемдер, оның ішінде "Үздік педагог" атағын иеленушіге кемінде айлық есептік көрсеткіштің 300 еселенген мөлшерінде сыйақы белгілеуге құқылы.

9-бап. Педагогтің көтермелеуге құқығы

      1. Адал еңбегі және өзінің кәсіби міндеттерін үлгілі орындағаны үшін педагогке Қазақстан Республикасының заңнамасында, сондай-ақ ұйымның ішкі тәртіп қағидаларында көзделген көтермелеу қолданылады.

      2. Республика алдында педагогикалық қызметтегі үздік еңбегі үшін педагогке "Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы" Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградасы беріледі.

      3. Жергілікті атқарушы органдар педагогтің еңбегін көтермелеудің қосымша шараларын, оның ішінде Қазақстан Республикасында белгіленген мереке күндеріне орай бекітуге, сондай-ақ жергілікті ерекшелік белгілері мен құрметті атақтарын, оның ішінде біржолғы сыйақы төлей отырып белгілеуге құқылы.

      Жергілікті ерекшелік белгілері мен құрметті атақтарының сипаттамасын, беру қағидаларын, оның ішінде біржолғы сыйақы төлемдерінің мөлшерін жергілікті атқарушы орган айқындайды.

      4. Жыл сайын тиісті республикалық бюджет қаражаты есебінен:

      1) "Үздік педагог" атағын иеленушіге - 1 000 еселенген айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде сыйақы;

      2) "Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы" атағын иеленушіге 2 000 еселенген айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде мемлекеттік грант төленеді, оны жұмсау бағыттарын Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.

10-бап. Педагогке кәсіби қызметке рұқсат беру

      1. Педагогтің кәсіби қызметін жүзеге асыру құқығы тиісті бейіндер бойынша педагогикалық және (немесе) кәсіби білімі туралы құжат болған кезде, сондай-ақ педагог біліктілігінің сәйкестігі расталған жағдайда туындайды.

      Педагог біліктілігінің сәйкестігін растау тәртібін, шарттарын, мерзімдерін білім беру саласындағы уәкілетті орган айқындайды.

      2. Педагог ретінде кәсіби қызметті жүзеге асыруға алғаш кіріскен адамдар педагог біліктілігінің сәйкестігін растауға жатады.

      3. Бейініне сәйкес келмейтін педагогикалық немесе кәсіптік білімі бар адамдарға, сондай-ақ педагогикалық білімі жоқ, бірақ даярлықтың тиісті бағыты бойынша жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімі мен біліктілігі бар адамдарға тиісті педагогикалық қайта даярлаудан өткеннен кейін педагог ретінде кәсіби қызметпен айналысу құқығы беріледі.

11-бап. Педагогтің кәсіби қызметпен айналысуына қолжетімділікті шектеу

      Педагогтің кәсіби қызметіне:

      1) заңды күшіне енген сот үкіміне сәйкес педагогтік қызметті жүзеге асыру құқығынан айырылған;

      2) Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен әрекетке қабілетсіз, әрекетке қабілеті шектеулі деп танылған;

      3) медициналық, психиатриялық қарсы айғақтар бар немесе наркологиялық есепте тұрған адамдарға;

      4) Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінде көзделген шектеулер негізінде жол берілмейді.

12-бап. Әлеуметтік кепілдіктер

      1. Педагогтерге:

      1) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тұрғын үйге, оның ішінде қызметтік үйге және (немесе) жатақханаға;

      2) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскелеріне;

      3) ұзақтығы күнтізбелік 56 күнге ақысы төленетін жыл сайынғы еңбек демалысына;

      4) оларға кезекті еңбек демалысы берілген кезде күнтізбелік жылда бір рет тиісті бюджет қаражаты есебінен кемінде бір лауазымдық жалақы мөлшерінде сауықтыруға жәрдемақы алуға әлеуметтік кепілдіктер беріледі.

      2. Жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламаларын іске асыратын ұйымдарды қоспағанда, педагогтің жұмыс уақыты мен демалыс уақыты режимінің ерекшеліктері тиісті саланың уәкілетті органымен келісу бойынша білім беру саласындағы уәкілетті орган бекітетін қағидаларда айқындалады.

      3. Жергілікті атқарушы органдар кәсіби қызметті жүзеге асыратын педагогтердің балаларына тұрғылықты жері бойынша мектепке дейінгі балалар ұйымдарынан кезектен тыс орын береді.

      4. ІІедагогке Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мерзімді медициналық тексерулер, емдеу-профилактикалық, санитариялық-гигиеналық, эпидемияға қарсы іс-шараларды өткізу арқылы іске асырылатын денсаулықты сақтауға әлеуметтік кепілдіктер беріледі.

      5. Ауылдық жерде тұратын және жұмыс істейтін педагогке:

      1) жергілікті өкілді органдардың шешімі бойынша педагогикалық қызметті қала жағдайында жүзеге асыратын педагогтердің ставкасымен салыстырғанда кемінде жиырма бес пайызға арттырылған айлықақылар мен тарифтік мөлшерлемелер белгілену мүмкін;

      2) жергілікті өкілді органдар бекіткен тәртіппен және мөлшерде бюджет қаражаты есебінен коммуналдық қызметтердің ақысын төлеу және отын сатып алу бойынша әлеуметтік қолдау көрсетіледі.

      6. Ауылдық елді мекендерге жұмыс істеу және тұру үшін келген педагогке жергілікті өкілді органдардың шешімі бойынша көтерме жәрдемақы беріледі немесе тұрғын үй сатып алу немесе салу үшін әлеуметтік қолдау көрсетіледі.

      7. Жергілікті атқарушы органдар педагогке тұрғын үйді жалдауға және коммуналдық қызметтерге өтемақы төлемдерін, санаторийлік-курорттық емделуге және демалуға жолдама алу үшін толық немесе ішінара төлемақы, сондай-ақ педагогті әлеуметтік қолдауға бағытталған өзге де жеңілдіктерді көздеуге құқылы.

      8. Осы баптың ережелері "Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы", "Қазақстан Республикасының арнаулы мемлекеттік органдары туралы", "Құқық қорғау қызметі туралы" Қазақстан Ресубликасының заңдарында тиісті кепілдіктер белгіленген Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жанындағы Сот төрелігі академиясының педагогтеріне, әскери қызметшілер мен құқық қорғау органдарының қызметкерлері болып табылатын педагогтерге қолданылмайды.

13-бап. Тәлімгерлерді бекіту тәртібі

      1. Бір оқу жылы кезеңінде орта білім беру ұйымына педагог лауазымына алғаш рет қабылданған педагогке оның кәсіби бейімделуіне практикалық көмек көрсететін тәлімгер бекітіледі.

      2. Жас педагогтерге тәлімгерлікті жүзеге асыратын педагогтерге қойылатын талаптарды, тәлімгерлікті ұйымдастыру тәртібін білім беру саласындағы уәкілетті орган айқындайды.

14-бап. Педагогке біліктілік санатын беру (растау)

      1. Жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарын қоспағанда, білім беру ұйымдарында жұмыс істейтін педагогтерге біліктілік санаттары беріледі (расталады).

      2. Кәсіби қызметті орындауға қажетті педагогтердің кәсіби құзыреттерін айқындайтын біліктілік санаттарын беру (растау) тәртібін білім беру саласындағы уәкілетті орган айқындайды.

15-бап. Педагогтің міндеттері мен жауапкершілігі

      1. Педагог:

      1) өз қызметі саласында тиісті кәсіби құзыреттерді меңгеруге;

      2) оқыту мен тәрбиелеудің педагогикалық қағидаттарын сақтауға, оқыту мен тәрбиелеудің сапасын мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарында көзделген талаптардан төмен емес деңгейде қамтамасыз етуге;

      3) өзінің кәсіби шеберлігін, зерттеу, зияткерлік және шығармашылық деңгейін үздіксіз жетілдіруге, оның ішінде біліктілік санатының деңгейін бес жылда кемінде бір рет арттыруға (растауға);

      4) педагогикалық әдеп қағидаларын сақтауға;

      5) білім алушыларды, тәрбиеленушілерді оқыту және тәрбиелеу бойынша дағдыларын, құзыреттерін арттыруға;

      6) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен профилактикалық медициналық тексеруден өтуге;

      7) қоғамның әлеуметтік, мәдени және экономикалық дамуына жәрдемдесуге;

      8) білім алушылардың, тәрбиеленушілердің және олардың ата-аналарының немесе өзге де заңды өкілдерінің ар-намысы мен қадір-қасиетін құрметтеуге;

      9) балаларды заңға, адамның (азаматтың) құқықтары мен міндеттеріне, жоғары адамгершілікке, отансүйгіштікке, ата-анаға, үлкендерге құрмет көрсетуге, отбасы құндылықтарына, елдің мәдени-тарихи құндылықтарына, оның мемлекеттік құрылымы мен рәміздеріне, қоршаған ортаға ұқыпты қарауға тәрбиелеуге;

      10) білім алушылар мен тәрбиеленушілердің өмірлік дағдыларын, құзыреттерін, дербестігін, шығармашылық қабілеттерін дамытуға;

      11) өмірлік қиын жағдайда жүрген баланың анықталу фактілері туралы кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың, қадағалаусыз және панасыз қалудың алдын алу жүйесі органдарын дереу хабардар етуге;

      12) кәмелетке толмағандар жасаған немесе оларға қатысты жасалған қылмыстық не әкімшілік құқық бұзушылық белгілері бар әрекеттер (әрекетсіздік) жасау фактілері туралы, сондай-ақ ұйымдардан тыс кәсіби қызметіне байланысты өзіне белгілі болған фактілер туралы құқық қорғау органдарына дереу хабарлауға;

      13) білім алушылар мен тәрбиеленушілерді оқыту және тәрбиелеу мәселелері бойынша ата-аналарға, заңды өкілдерге консультация беруге, оларға оқыту мен тәрбиелеуге ортақ жауапкершілік қағидаттарын түсіндіруге міндетгі.

      2. Педагогтің білім беру процесін саяси үгіттеу, әлеуметтік, нәсілдік, ұлттық немесе діни араздықты ушықтыру үшін білім алушыларды саяси, діни немесе өзге де нанымдарды қабылдауға не олардан бас тартуға мәжбүр ету, әлеуметтік, нәсілдік, ұлттық, діни немесе тілдік тиесілік белгісі бойынша азаматтардың ерекшелігін, үстемдігін не толық еместігін, олардың дінге көзқарасын насихаттайтын, оның ішінде білім алушыларға халықтардың тарихи, ұлттық, діни және мәдени дәстүрлері туралы жалған мәліметтерді хабарлау арқылы үгіттеу үшін, сондай-ақ білім алушыларды Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңнамасына қайшы келетін әрекеттерге итермелеу үшін пайдалануға құқығы жоқ.

      3. Педагог міндеттерін бұзғаны және педагог атағына кір келтіретін теріс қылық жасағаны үшін Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа тартылады.

      4. Педагогке қатысты қызметтік талқылаулар, тәртіптік тергеп-тексерулер және олардың негізінде қабылданған шешімдер тек оның келісімімен ғана жариялануы мүмкін.

      5. Тәртіптік тергеп-тексеруді жүргізу кезінде педагогке:

      1) оған қойылатын кінәрат-талаптар туралы және осы кінәрат-талаптар үшін негіздемелер туралы ақпаратты жазбаша түрде алу;

      2) осы іс бойынша барлық материалдармен танысу;

      3) қорғауға дайындалу үшін жеткілікті уақыт бере отырып, өз таңдауы бойынша өзі немесе өкілі арқылы қорғалу;

      4) ісі бойынша қабылданған шешімдер, сондай-ақ осы шешімнің себептері туралы жазбаша түрде ақпарат алу;

      5) білім беруді басқару органдарына апелляция беру немесе шешімге Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен сотта шағым жасау құқықтарына кепілдік беріледі.

      6. Педагогтің тәртіптік теріс қылық жасағаны үшін жауаптылық шарасы туралы шешімді қабылдау кезінде білім беру ұйымының басшысы білім беру сапасындағы уәкілетті орган бекітетін қағидаларға сәйкес қызметін жүзеге асыратын педагогикалық әдеп жөніндегі кеңестің ұсынымдарын ескереді.

16-бап. Педагогті кәсіптік даярлау

      1. Қазақстан Республикасында педагогті кәсіптік даярлау техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында жүзеге асырылады.

      2. Педагогті даярлауға арналған білім беру бағдарламалары педагогтің кәсіби стандарты талаптарының негізінде әзірленеді.

17-бап. Педагогтің біліктілігін арттыру және қайта даярлау

      1. Педагог кәсіби қызметі үшін қажет жаңа құзыретті алу және (немесе) жетілдіру және (немесе) бар біліктілік шеңберінде кәсіби деңгейін арттыру мақсатында кезеңділігін және өту тәртібін білім беру саласындағы уәкілетті орган айқындайтын біліктілікті арттыру курстарынан өтеді.

      2. Педагогтің біліктілігін арттыру мақсатында қосымша білімнің білім беру бағдарламалары бойынша біліктілікті арттыру курстарында оқу бір уақытта және үздіксіз, сондай-ақ кезең-кезеңмен (дискретті), оның ішінде жекелеген бағыттарды, сабақтарды, пәндерді (модульдерді) меңгеру, соның ішінде Қазақстан Республикасы Президентінің "Болашақ" халықаралық стипендиясы бойынша тағылымдамадан өту арқылы жүзеге асырылады.

      3. Тәжірибе алмасу мақсатында тренингтерге, конференцияларға, семинарларға қатысу, басқа білім беру ұйымдарына бару, шеберлік сыныптарын, жеке және ұжымдық зерттеулер жүргізу, тәлімгерлік, кері байланысты ұсыну арқылы сабақтарды бақылау, әдістемелік құралдар мен жарияланымдар шығару педагогтің кәсіби даму нысандары болып табылады.

      4. Біліктілікті арттыру курстарының білім беру бағдарламалары теориялық білімнен басқа, алған білімін практикада сапалы іске асыру үшін педагогтің қызметін курстан кейінгі әдістемелік қолдауды қамтуы тиіс.

      Біліктілікті арттыру курстарын өткізетін ұйымдар кемінде бір оқу жылы ішінде курстан кейінгі әдістемелік сүйемелдеуді жүзеге асыруға міндетті.

      5. Кәсіптік қызметтің жаңа түрін орындау үшін, сондай-ақ аралас мамандық бойынша педагогикалық білім алу үшін қажетті педагог біліктілігін алу мақсатында адамдар Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен қайта даярлаудан өтеді.

      Қайта даярлау жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында жүзеге асырылады. Қайта даярлау қорытындысы бойынша білім туралы тиісті құжат беріледі.

      6. Қайта даярлау тәртібін және шартын білім беру саласындағы уәкілетті орган айқындайды.

18-бап. Қазақстан Республикасының педагог мәртебесі туралы заңнамасының бұзылуы үшін жауаптылық

      Қазақстан Республикасының педагог мәртебесі туралы заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылыққа әкеледі.

19-бап. Осы Заңның қолданысқа енгізілуі

      Осы Заң, осы Заңның 10-бабын қоспағанда, алғашқы ресми жарияланғаннан күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Осы Заңның 10-бабы 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Президенті

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады