Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы "Минералдық тыңайтқыштар шығару зауытын салу және пайдалану" жобасын іске асыру туралы келісімге қол қою туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 26 желтоқсандағы № 981 қаулысы.

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы "Минералдық тыңайтқыштар шығару зауытын салу және пайдалану" жобасын іске асыру туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.

      2. Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Ермек Беделбайұлы Көшербаевқа Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы "Минералдық тыңайтқыштар шығару зауытын салу және пайдалану" жобасын іске асыру туралы келісімге қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан қол қоюға өкілеттік берілсін.

      Ескерту. 2-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 16.04.2020 № 213 қаулысымен.

      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
А. Мамин

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2019 жылғы 26 желтоқсандағы
№ 981 қаулысымен
мақұлданған
 
  Жоба

Ресей Федерациясының Үкіметі мен Қазақстан Республикасының Үкіметі арасындағы "Минералдық тыңайтқыштар шығару зауытын салу және пайдалану" жобасын іске асыру туралы КЕЛІСІМ

      Ескерту. Келісім жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 16.04.2020 № 213 қаулысымен.

      Ресей Федерациясының Үкіметі және Қазақстан Республикасының Үкіметі (бұдан әрі "Тараптар" деп аталады)

      өзара тиімді ынтымақтастық қағидаттары негізінде Қазақстан Республикасының аумағында жүзеге асырылатын, осы Келісімде төменде неғұрлым нақты сипатталғандай "Минералдық тыңайтқыштар шығару зауытын салу және пайдалану" жобасын іске асыруға мүдделілік білдіре отырып,

      жобаны іске асыруға байланысты жасалуға тиіс келісімдердің маңыздылығын назарға ала отырып,

      Тараптар Жобаны табысты іске асыруға ықпал ету және жоба үшін, сондай-ақ жобаны жүзеге асыруға қатысатын тұлғалар үшін жеңілдіктерді, қолдау шаралары мен преференцияларды қолдану мақсатында өз елдерінің мүдделерінде және атынан әрекет ете отырып, осы Келісімді жасасуға ниет білдіргенін атап көрсете отырып,

      Ресей Федерациясының Үкіметі мен Қазақстан Республикасының Үкіметі арасындағы 1998 жылғы 6 шілдедегі Инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы Келісімді басшылыққа ала отырып,

      төмендегілер туралы келісті:

1-бап. Терминдер мен анықтамалар

      1.1. Осы Келісімнің мақсаты үшін мынадай терминдердің мынадай мағынасы бар:

      "Үлестес тұлға" – Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделгендей, инвесторға, жобалау компаниясына немесе жер қойнауын пайдаланушыға қатысты инвестормен, жобалау компаниясымен немесе жер қойнауын пайдаланушымен бірге тұлғалардың бір тобына кіретін, жобаны іске асыруға тартылған кез келген тұлға.

      "Газ" – осы Келісімнің 8.3-тармағында көзделгендей, газ беруші жеткізетін табиғи газ.

      "Газ құбыры" – осы Келісімнің 8.3.1-тармағында көзделген шартқа сәйкес газ беру мақсаттары үшін қажетті, қосылу нүктесінен бастап зауыттың аумағына дейінгі ұзындығы 3 (үш) километрге дейін газ бұру құбыры.

      "Мемлекеттік ұйым" – Қазақстан Республикасы капитал үлесіне немесе осыған ұқсас қатысу үлесіне тікелей немесе жанама түрде иелік ететін, Қазақстан Республикасының және Қазақстан Республикасы Үкіметінің агенттері мен өкілдерін қоса алғанда, Қазақстан Республикасы тікелей немесе жанама түрде бақылайтын ұйым. Осы анықтаманың мақсатында "бақылау" тұлғаны тікелей немесе жанама түрде басқару немесе заңнамаға сәйкес немесе өзгеше түрде шарт бойынша акциялар пакетін иелену негізінде оны басқару қағидаттары мен саясатын айқындау өкілеттігін білдіреді.

      "Мемлекеттік орган" – контекст талаптарына сәйкес: (і) Қазақстан Республикасының Үкіметі, (ІІ) Қазақстан Республикасының мемлекеттік органы мәртебесі бар Қазақстан Республикасының мемлекеттік заңды тұлғаларының кез келгені, (ІІІ) Қазақстан Республикасының жергілікті атқарушы немесе өкілді органдарының кез келгені немесе (iv) Қазақстан Республикасының атынан әрекет ететін кез келген өзге тұлға.

      "Құрылыстың аяқталу күні" – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес зауыттың толық көлемде пайдалануға берілген күні және (немесе) зауыт құрылысының толық көлемде аяқталған күні (аталған оқиғалардың қайсысы кешірек орын алатынына қарай).

      "Кәсіпкерлікті қолдаудың қолданыстағы қаржы институттары" – "Қазақстан Даму Банкі" АҚ, "Даму" кәсіпкерлікті дамыту қоры" АҚ, "QazTech Ventures" АҚ, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар және Қазақстан Республикасының кәсіпкерлігін қолдаудың басқа да қаржы институттары.

      "Жобадан түсетін кірістер" – жобалау компаниясы алған, акцияларды және жарғылық капиталдағы қатысу үлестерін сату кезінде құн өсімінен түсетін табысты қоса алғанда, жобалау компаниясы зауыт өнімін өндіруден және сатудан алған кез келген табыстар.

      "Теміржол инфрақұрылымы" – магистральдық теміржолдар етіп қайта салу мүмкіндігімен зауыт аумағынан бастап Жаңатас станциясына (Қазақстан Республикасының Жамбыл облысы) дейінгі кіреберіс теміржолдар,
сондай-ақ құрылысын жобалау компаниясы жүзеге асыратын өнеркәсіптік станциядағы қабылдау-жөнелту теміржолдары.

      "Зауыт" – жобалау құжаттамасында көзделген және жобалау компаниясы мердігерлер мен қосалқы мердігерлерді тарта отырып, Қазақстан Республикасы Жамбыл облысының Жаңатас қаласынан 14 (он төрт) километр жерде салып жатқан, минералдық тыңайтқыштар мен индустриялық ілеспе өнімдер шығаратын өндірістік объект.

      "Шетел валютасы" – Қазақстан Республикасынан басқа кез келген мемлекеттің валютасы, оның ішінде халықаралық ақшалай және есеп айырысу бірліктері.

      "Шетелдік жұмыскер" – жобалау компаниясы, оның үлестес тұлғалары және (немесе) олардың мердігерлері және (немесе) қосалқы мердігерлері Қазақстан Республикасының Жамбыл және (немесе) Түркістан облыстарының аумағында және (немесе) Қазақстан Республикасының Алматы қаласында еңбек қызметін жүзеге асыруға тартуды жоспарланып отырған, Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмайтын жеке тұлғалар, бұл ретте осы Келісімнің 3.3-тармағында көрсетілген тізбеде осындай жеке тұлғалардың көрсетілуі шарт.

      "Қазақстан Республикасының заңнамасы" – Қазақстан Республикасының аумағында міндетті заң күші бар және Қазақстан Республикасы тарапы болып табылатын барлық халықаралық шарттарды, сондай-ақ осындай халықаралық шарттарды ратификациялау немесе орындау туралы барлық мемлекетішілік қаулыларды, заңдар мен жарлықтарды қоса алғанда, Қазақстан Республикасының толық құқықтық режимін білдіретін кез келген нормативтік құқықтық актілер.

      "Кадрлардағы жергілікті қамту" – қазақстандық заңды тұлғаға қатысты мұндай заңды тұлға қызметкерлерінің жалпы санында Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылатын заңды тұлға қызметкерлері санының проценттік қамтылуы.

      "Салықтар" – Қазақстан Республикасының салық заңнамасында көзделген жағдайларды қоспағанда, Қазақстан Республикасы біржақты тәртіппен заңнамалық түрде белгілеген, белгілі бір көлемдерде жүргізілетін, қайтарылмайтын және өтеусіз сипаттағы бюджетке төленетін міндетті ақшалай төлемдер және "Салық" жоғарыда аталғандардың кез келгенін білдіреді.

      "ҚҚС" – Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген анықтамаға сәйкес қосылған құн салығы.

      "Айналма автожол" – зауыт ауданында салу жоспарланған, ұзындығы 6,5 (алты бүтін оннан бес) километрге жуық "Жаңатас – Шымкент" айналма автомобиль жолының учаскесі.

      "Инфрақұрылым объектілері" – зауытқа сервистік қызмет көрсетуге, жобаны іске асыру ауданында, осы Келісімнің 8.1, 8.2 және 8.2.6-тармақтарында көзделген объектілерді қоса алғанда, бірақ олармен шектелмей, жер қойнауын пайдаланушының және олардың үлестес тұлғалары жобалау компаниясының персоналының әлеуметтік мұқтаждарын қамтамасыз етуге арналған объектілер.

      "Ұйым" – кез келген заңды тұлға, сондай-ақ кез келген бірлескен кәсіпорынды, кәсіпорынды, қауымдастықты немесе трастты қоса алғанда, олардың мемлекеттік немесе жеке, кез келген мемлекеттің заңнамасына сәйкес немесе екі немесе бірнеше тұлғалар арасындағы жазбаша келісімге сәйкес құрылғанына немесе ұйымдастырылғанына қарамастан, заңды тұлға мәртебесі жоқ құрылым.

      "Мердігер" – жобалау компаниясының немесе оның үлестес тұлғасының, сондай-ақ осындай тұлғаның кез келген құқық мирасқорларының немесе заңды цессионарийлерінің мүддесінде зауытты салуға немесе пайдалануға байланысты тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді немесе технологияларды беруге жобалау компаниясымен немесе оның үлестес тұлғасымен келісім жасасқан кез келген тұлға. Термин кез келген басқа тұлғаның жұмыскері ретінде әрекет ететін жеке тұлғаларды қамтымайды.

      "Өнім беруші" – Қазақстан Республикасының газ және газбен жабдықтау саласындағы ұлттық операторы немесе мұндай оператор болмаған жағдайда Қазақстан Тарапы осы Келісімнің 8.3-тармағында көзделгендей жобалау компаниясының атына газ беруші ретінде айқындайтын өзге ұйым.

      "Жоба" – жобалау құжаттамасында көзделгендей, құрылысты аяқтау күні бітетін зауыт құрылысы, сондай-ақ зауытты пайдалану.

      "Жобалау компаниясы" – жобаны іске асыруды жүзеге асыратын негізгі тұлға ретінде танылатын, "ЕуроХим-Қаратау" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі (бизнес-сәйкестендіру нөмірі 130640023294) болып табылатын заңды тұлға.

      "Жобалық келісімдер" – мемлекеттік орган немесе мемлекеттік ұйым мен жобалау компаниясы, жер қойнауын пайдаланушы немесе олардың үлестес тұлғалары арасында жасалған инвестициялық келісімдердің барлығы немесе кез келгені, сондай-ақ шектеусіз 8.3.1-тармақта көзделген жеткізу шарты, электр энергиясын жеткізу туралы келісімдер, сондай-ақ жобаны іске асыру мақсаттары үшін жасалатын өзге де келісімдер, оның ішінде осы Келісімді орындау мақсатында жасалатын кез келген келісімдер.

      "Жобалау құжаттамасы" – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жобалау компаниясы дайындаған немесе салу немесе пайдалану мақсаттары үшін жобалау компаниясының нұсқауы бойынша дайындалған, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қажетті сараптамалардан өткен, көрсетілген құжаттардың шарттарына сәйкес ықтимал ұзарту, жаңарту, ауыстыру, түзету немесе өзге де өзгерту ескерілген, кез келген суреттер, жобалар, сызбалар, эскиздер, есеп-қисаптар, өлшемдер, сипаттамалар, таныстырылымдар, жобалауға арналған тапсырмалар, жобалау құжаттамасы және басқа да құжаттар.

      "Жұмыс рұқсаты" – шетелдік жұмыс күшін тартуға берілген рұқсат және (немесе) шетелдік жұмыскерді, Қазақстан Республикасының тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктерінің аумағындағы жұмыскерді тарту үшін қажетті және жеткілікті кез келген өзге де құжаттар.

      "Жобаны іске асыру ауданы" – Қазақстан Республикасы Жамбыл облысының Сарысу ауданы.

      "Газды тасымалдауға және сақтауға арналған шығыстар" – газды газ құбырлары арқылы тасымалдау бойынша көрсетілетін қызметтерді сатып алу бағасы, сондай-ақ газды сақтау бойынша көрсетілетін қызметтерді сатып алу бағасы.

      "Құрылыс" – зауытқа және (немесе) оның кез келген бөлігіне қатысты, мұндай қызмет Қазақстан Республикасының аумағында немесе одан тысқары жерлерде жүргізілетініне қарамастан, тікелей немесе жанама түрде бағалауға, әзірлеуге, жобалауға, құрылысқа, тұрғызуға, құруға және монтаждау және (немесе) жөндеу жұмыстарын жүзеге асыруға байланысты кез келген қызмет, мұндай қызмет осы Келісім күшіне енген күнге дейін басталып, құрылыс аяқталатын күнге дейін жалғасады деп болжанады.

      "Қосалқы мердігер" – барлық немесе бірнеше мердігермен немесе олардың кез келгенімен келісім(дер) жасасқан және барлық немесе бірнеше мердігерге немесе олардың кез келгеніне зауытқа байланысты тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді немесе технологияларды беретін кез келген тұлға, сондай-ақ осындай тұлғаның кез келген құқық мирасқорлары немесе заңды цессионарийлері. Термин кез келген басқа тұлғаның жұмыскерлері ретінде жұмыс істейтін жеке тұлғаларды қамтымайды.

      "Кедендік тізбе" – жобаны іске асыру мақсаттары үшін қажетті, осы Келісімнің 7-бабында көзделгендей импорты кедендік баждар салудан босатуға жататын тауарлар, шикізат, материалдар, жабдық және (немесе) жабдыққа арналған жиынтықтаушы немесе қосалқы бөлшектер тізбесі, сондай-ақ кедендік баждар салудан осылай босатылуға құқылы тұлғалардың тиісті бөлігінде Еуразиялық экономикалық одақтың құқық талаптарына сәйкес келісілген және осы Келісімнің 7-бабы 7.3-тармағына сәйкес бекітілген тізбесі.

      "Тауарлар" – кез келген мүлік, оның ішінде ақпарат көздері, технологиялар, бағалы қағаздар және (немесе) валюталық құндылықтар, жол чектері, электр, жылу және өзге де энергия мен көлік құралдары, технологиялық жабдық, оларға жиынтықтаушы және қосалқы бөлшектер, шикізат пен материалдар, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жылжымайтын мүлікке теңестірілген тасымалданатын өзге де заттар.

      "Қосу нүктесі" – автоматты газ бөлу станциясы, оны салуды және магистральдық газ құбырына қосуды Қазақстан тарапы қамтамасыз етеді.

      "Газ және газбен жабдықтау саласындағы уәкілетті орган" – Қазақстан Республикасының газ және газбен жабдықтау саласындағы уәкілетті органы болып табылатын Қазақстан Республикасының мемлекеттік органы.

      "Жұмысқа орналастыру жөніндегі уәкілетті орган" – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жұмысқа рұқсаттар беруге уәкілетті Қазақстан Республикасының мемлекеттік органы.

      "Инвестициялар жөніндегі уәкілетті орган" – Қазақстан Республикасының инвестициялар жөніндегі уәкілетті органы болып табылатын Қазақстан Республикасының мемлекеттік органы.

      "Индустрия саласындағы уәкілетті орган" – Қазақстан Республикасының индустрия және индустриялық-инновациялық даму саласында уәкілетті органы болып табылатын Қазақстан Республикасының мемлекеттік органы.

      "Пайдалану" – сол немесе өзге уақыт кезеңінде зауытты және (немесе) оның кез келген бөлігін басқару, сақтандыру, оған иелік ету, пайдалану, жабдықты жөндеу, ауыстыру, зауытты және (немесе) оның кез келген бөлігін қайта жабдықтау, өндірістік немесе техникалық қызмет көрсету, кеңейту, ұзарту және қорғау, сондай-ақ жоғарыда аталғандардың кез келгенімен байланысты өзге де әрекеттер.

      "Экспроприация" – экспроприациялау, ұлттық меншікке айналдыру, реквизициялау немесе экспроприациялау, ұлттық меншікке айналдыру, реквизициялау сияқты коммерциялық, экономикалық немесе құқықтық салдарлары болатын өзге де шаралар.

2-бап. Жобаның негізгі параметрлері

      2.1 Жобаның негізгі болжамды параметрлері:

      (a) Қазақстан Республикасының Жамбыл облысында қуаты жылына 1 (бір) миллион тоннадан кем болмайтын минералдық тыңайтқыштар мен ілеспе индустриялық өнімдер өндіретін зауыт салу;

      (b) химиялық кешен бөлігінде және аралас салаларда пайдалану кезеңінде жоба іске асырылатын өңірде кемінде 1 200 (бір мың екі жүз) жаңа жұмыс орнын құру мүмкіндігін қамтамасыз ету;

      (с) жобаны іске асыру мақсаттары үшін жобалау компаниясының басым түрде Қазақстан Республикасының азаматтарын тартуы;

      (d) осы Келісімнің 3.1-тармағында көзделген мерзім өткеннен кейін жобалау компаниясы жұмыскерлерінің жалпы санындағы жергілікті кадрлармен қамтудың кемінде 80 % (сексен процент) болуын қамтамасыз ету;

      (е) жобаны іске асыруды қоса алғанда, Инвестордың Қазақстан Республикасында жүзеге асыруы болжанатын қызметке инвестициялардың жалпы жоспарланған сомасы 1 миллиард АҚШ долларынан астам мөлшерде;

      (f) құрылыстың болжамды кезеңі – 2019 – 2024 жылдар;

      (g) зауытты пайдаланудың болжамды кезеңі – кемінде 50 (елу) жыл;

      (h) Қазақстан Республикасының аумағында тіркелген, акцияларының немесе қатысу үлестерінің 50 %-тен астамы тікелей немесе жанама түрде ресейлік "ЕуроХим" минералдық-химиялық компаниясы" акционерлік қоғамына (бұдан әрі – Инвестор) тиесілі, тағайындалатын заңды тұлғалардың, оның ішінде, бірақ олармен шектелмей, "ЕуроХим-Қаратау" жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің (бизнес-сәйкестендіру нөмірі 130640023294, бұдан әрі – "Жобалау компаниясы") және "ЕуроХим-Тыңайтқыш" жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің (бизнес-сәйкестендіру нөмірі 080740015611, бұдан әрі – "Жер қойнауын пайдаланушы") жобаны жүзеге асыруы.

      (i) ресей өндірісінің технологияларын, материалдарын, жабдықтары мен өнімдерін барынша пайдалану, сондай-ақ жобаны іске асыру үшін ресейлік ғылыми-зерттеу, жобалау және құрылыс ұйымдарын тарту.

3-бап. Шетелдік жұмыскерлерді жалдау және тарту мәселелері

      3.1 Жобалау компаниясына, оның үлестес тұлғаларына, сондай-ақ олардың мердігерлері мен қосалқы мердігерлеріне осы бапта және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен берілетін жұмыс рұқсаттары бойынша осы Келісім күшіне енген күннен бастап құрылыс аяқталған күннен кейін бір жыл өткен күнді қоса алғанда осы бапта көзделген ерекшеліктерді ескере отырып, шетелдік қызметкерлерді тартуға және (немесе) жалдауға рұқсат етіледі.

      3.2 Жобалау компаниясы, оның үлестес тұлғалары, сондай-ақ олардың мердігерлері мен қосалқы мердігерлері шетелдік жұмыскерлерді Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделгендей, Қазақстан Республикасының Жамбыл және (немесе) Түркістан облыстарының аумағында және (немесе) Қазақстан Республикасының Алматы қаласында да бірінші, екінші, үшінші және төртінші санаттағы жұмыскерлер ретінде тартады.

      3.3 Осы бапты іске асыру мақсатында жобалау компаниясы жұмысқа орналастыру жөніндегі уәкілетті органға шетелдік жұмыскерлердің, сондай-ақ оларды тартатын тұлғалардың тізбесін жібереді.

      3.4 Қазақстан Тарапы жобалау компаниясы, сондай-ақ осы баптың 3.3-тармағында көзделген тізбеге енгізілген оның үлестес тұлғалары, мердігерлері мен қосалқы мердігерлері өтініш берген әрбір жағдайда осы баптың 3.1-тармағына сәйкес шетелдік жұмыскерлерді жұмысқа орналастыру мақсаттары үшін жұмыс рұқсаттарын жұмысқа орналастыру жөніндегі уәкілетті органның беруін және ұзартуын қамтамасыз етеді. Мұндай жұмыс рұқсаттары тиісінше жобалау компаниясына, оның үлестес тұлғаларына, сондай-ақ олардың мердігерлері мен қосалқы мердігерлеріне өтініш берген күннен бастап он бір жұмыс күні ішінде беріледі. Көрсетілген жұмыс рұқсаттарының қолданылу мерзімі берілген күнінен бастап кемінде бір жылды құрайды. Берілген жұмыс рұқсаты тиісті шетелдік жұмыскерге осы баптың 3.6.5-тармағына сәйкес осындай рұқсат алуға арналған өтініште көрсетілген Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық бірліктерінің аумағында еңбек қызметін жүзеге асыруға құқық береді.

      3.5 Шетелдік жұмыскерлерге қатысты жұмыс рұқсаттарын алу үшін жұмысқа орналастыру жөніндегі уәкілетті органға мынадай құжаттар ұсынылады:

      3.5.1 жобалау компаниясының және (немесе) үлестес тұлғалардың жазбаша ілеспе хаты (кез келген еркін нысанда), сондай-ақ осы баптың 3.7-тармағында көрсетілген, жобалау компаниясы және (немесе) үлестес тұлғалар, сондай-ақ олардың тиісті мердігерлері мен қосалқы мердігерлері ұсынуы мүмкін құжаттар;

      3.5.2 шетелдік жұмыскерлерді тартуға арналған жұмыс рұқсатын беруге жобалау компаниясынан, үлестес тұлғадан және (немесе) олардың мердігерлері мен қосалқы мердігерлерінен жұмысқа орналастыру жөніндегі уәкілетті органға жолданған жазбаша өтініш (кез келген еркін нысанда).

      3.6 Осы баптың 3.5.2-тармағында көрсетілген өтініште шетелдік жұмыскерге қатысты мынадай ақпарат қамтылуға тиіс:

      3.6.1 тегі, аты, әкесінің аты (бар болса);

      3.6.2 азаматтығы;

      3.6.3 паспортының нөмірі, берілген күні және қолданылу мерзімінің аяқталу күні, сондай-ақ құжатты берген орган;

      3.6.4 шетелдік жұмыскердің жұмыс берушісі ретінде әрекет ететін ұйымды көрсету (жобалау компаниясы немесе үлестес тұлға немесе олардың тиісті мердігерлері мен қосалқы мердігерлері);

      3.6.5 осы баптың 3.2-тармағында көрсетілген әкімшілік-аумақтық бірліктердің ішінен шетелдік жұмыскер еңбек қызметін жүзеге асыратын әкімшілік-аумақтық бірліктерді көрсету;

      3.6.6 өзіне қатысты өтініш берілген шетелдік жұмыскермен еңбек шартының қолданылу мерзімі (оның мерзімі белгіленбеген болуы да мүмкін).

      Көрсетілген өтініште өзіне қатысты өтініш берілген тиісті шетелдік жұмыскердің шетелдік жұмыскер болып табылатыны және жобаны жүзеге асыру мақсатында тартылатыны туралы растау қамтылуға тиіс.

      3.7 Осы баптың 3.5.2-тармағында көрсетілген өтінішке мынадай құжаттар ілесе берілуге тиіс:

      3.7.1 тиісті шетелдік жұмыскер паспортының жобалау компаниясы және (немесе) үлестес тұлға және (немесе) олардың мердігері немесе қосалқы мердігері куәландырған көшірмесі;

      3.7.2 қажетті қызметті жүзеге асыру мақсатында осындай шетелдік жұмыскер алған жоғары білім туралы куәліктің немесе осындай шетелдік жұмыскердің білімін, біліктілігін және тәжірибесін сипаттайтын түйіндеменің немесе жұмыспен қамтылуын растаудың көшірмесі.

      Осы бапты қолдану шеңберінде жоғарыда көрсетілген құжаттар мен мәліметтер Қазақстан Республикасының аумағында нотариатта куәландыруды, апостильдеуді немесе қандай да бір өзгеше растауды қажет етпейді.

      3.8 Осы баптың шеңберінде жұмыс рұқсаттарын беру барысында осы бапта аталғандардан басқа, біліктіліктің қандай да бір қосымша дәлелдері немесе құжаттар немесе мәліметтер талап етілмеуге тиіс.

      3.9 Қазақстан Тарапы Келісімнің осы бабында көзделген бөлігінде шетелдік жұмыскерлерді тарту тәртібі осы баптың 3.1-тармағында көрсетілген бүкіл кезең ішінде өзгермейтініне кепілдік береді.

      3.10 Осы баптың 3.1-тармағында көзделген мерзім өткеннен кейін жобалау компаниясы жұмыскерлерінің жалпы санында кадрлардағы жергілікті қамту кемінде 80 (сексен) процентті құрайтын болады.

      3.11 Қазақстан Тарапы жобалау компаниясына, оның үлестес тұлғаларына, сондай-ақ олардың мердігерлері мен қосалқы мердігерлеріне шетелдік жұмыскерлерді тартуға жұмыс рұқсатын алу процесінде қолдау көрсетеді, сондай-ақ құжаттаманы қарау және беру процесін жеделдету мақсатында осы Келісім күшіне енген күннен бастап жиырма жұмыс күні ішінде бір уәкілетті байланыс тұлғасын тағайындайды.

      3.12 Жобалау компаниясы өз жұмыскерлерінің тең еңбегі үшін қандай да бір кемсітушіліксіз тең ақы төлеуді қамтамасыз ету міндетін көтереді.

4-бап. Шетелдік жұмыскерлер үшін визалық қолдау

      4.1 Құрылыс және пайдалануды жүзеге асыру кезеңінде Қазақстан Тарапы құрылыс және (немесе) пайдалану мақсаттары үшін тартылған шетелдік жұмыскерлерге, сондай-ақ кез келген шетелдік жұмыскердің зайыбына немесе жұбайына және балаларына виза беруді қамтамасыз етеді.

      4.2 Осы баптың 4.1-тармағын орындау мақсатында құрылыс және пайдалану кезеңінде Қазақстан Тарапы осы баптың 4.1-тармағында көрсетілген тұлғалар үшін визаларды алуға және беруге арналған өтініштерді жедел қарау жөніндегі барлық қажетті шаралардың қолданылуын, сондай-ақ осындай өтініштердің қанағаттандырылуын және көрсетілген тұлғаларға шетелдік жұмыс күшін тартуға тиісті рұқсат кезеңінен кем болмайтын кезеңге тиісті визалардың берілуін қамтамасыз етеді. Бұл ретте тиісті шақырушы тараптардың және келетін тұлғалардың өтініштері мен құжаттарын қараудың жалпы кезеңі, егер Қазақстан Республикасы заңнамасының ұлттық қауіпсіздік бөлігіндегі талаптарында неғұрлым ұзақ мерзім көзделмесе, 5 (бес) жұмыс күнінен аспауға тиіс.

      4.3 Егер осы Келісім күшіне енген күннен кейін осы Келісімнің 3-бабының 3.1-тармағында көрсетілген тұлғалар үшін құжаттарды қарауға және виза беруге қатысты шарттарды жақсартатын Қазақстан Республикасы заңнамасының ережелері күшіне енсе, онда оларға қатысты қолданысқа жаңадан енгізілген осындай ережелер қолданылады.

      4.4 Осы баптың 4.2-тармағының ережелерін орындау үшін Қазақстан Тарапы шетелдік жұмыскерлер үшін өтініштерді жедел қарау және визалар беру процесін жеделдету мен қамтамасыз ету мақсатында бір уәкілетті байланыс тұлғасын тағайындайды.

5-бап. Қазақстан Республикасының заңнамасы, өзгерістер мен толықтырулар

      5.1 Қазақстан Тарапы:

      5.1.1 құрылыс барысында жобалау компаниясы және ол таңдаған мердігерлер құрылысқа қатысы бар жұмыстардың және (немесе) көрсетілетін қызметтердің 100 %-ке (жүз процентке) дейінгісін қосалқы мердігерлікке беруге құқылы екенін;

      5.1.2 жобалау компаниясы құрылыс барысында салынған не тұрғызылған кез келген объектілер мен құрылыстардың (аяқталған және аяқталмаған) жалғыз меншік иесі болып қалатынын растайды.

      5.2 Осы Келісімнің 6-бабының 6.5.2-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, егер жобалау компаниясы мен инвестор арнайы өзгеше келіспесе, Қазақстан Республикасының заңнамасына ешбір өзгеріс жобалау компаниясына немесе жобаға қолданылмайды және осы Келісім, жобалау келісімдері мен Қазақстан Республикасының заңнамасы бойынша міндеттемелерді орындауға әсер етпейді. Не қазіргі уақытта, не болашақта Қазақстан Республикасының заңнамасы мен осы Келісімнің шарттары арасында қайшылық болған жағдайда, осы Келісімнің басым күші болады, ал осы Келісімнің шарттары мен ережелеріне қайшы келетін Қазақстан Республикасы заңнамасы ережелерінің жобаға және жобалау компаниясына қатысты ешқандай әсері болмайды.

      5.3 Осы баптың 5.2-тармағының ережелері Қазақстан Республикасы заңнамасының тиісті өзгеруі жобалау компаниясының жағдайын нашарлататын немесе жобаның экономикалық көрсеткіштеріне теріс әсер ететін не Еуразиялық экономикалық одақ құқығының тікелей негізделген өзгеруі болып табылмайтын жағдайларда ғана қолданылады. Осы Келісімнің ережелері Қазақстан Республикасына өзге халықаралық келісімдердің нормаларын сақтау бойынша қандай да бір қосымша міндеттемелер жүктемейді.


6-бап. Салықтар және бюджетке төленетін міндетті төлемдер

      Қазақстан Тарапы жобалау компаниясына мынадай салықтық жеңілдіктер береді:

      6.1 Корпоративтік табыс салығынан босату

      6.1.1 Жобалау компаниясы жобадан түсетін кірістер бойынша Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес есептелген корпоративтік табыс салығынан босатылады.

      Осы тармақты қолдану үшін жобалау компаниясы зауыт өнімін өндіру және өткізу бойынша салықтық міндеттемелерді есептеу мақсатында салық салу объектілерін және (немесе) салық салуға байланысты объектілерді бөлек салықтық есепке алуды жүргізуді жүзеге асыратын болады. Бұл ретте бөлек салықтық есепке алу салықтық есепке алу саясатына сәйкес зауыт құрамындағы әрбір тіркелген актив бойынша жүргізіледі.

      6.1.2 Осы баптың 6.1.1-тармағының ережелерін қолдану мерзімі зауыттың бірінші кезегін пайдалануға беру жүргізілген жылдың бірінші қаңтарынан басталады (жобалық құжаттамада көзделгендей) және зауытты толық көлемде пайдалануға беру жүргізілген жылдан кейінгі жылдың бірінші қаңтарынан бастап есептелетін (жобалық құжаттамада көзделгендей) қатарынан он жыл өткеннен кейін аяқталады.

      6.2 Импортқа ҚҚС-дан босату

      6.2.1 Осы арқылы қосылған құн салығынан жобалау компаниясы, оның үлестес тұлғалары, сондай-ақ олардың мердігерлері мен қосалқы мердігерлері (жобалау компаниясының жазбаша өтініші бойынша) жүзеге асыратын кез келген тауар импорты босатылады, бұл ретте әкелінетін тауарлар, сондай-ақ импортқа қосылған құн салығын тиісті төлеушілер осы баптың 6.2.4-тармағында көрсетілген тізбеге енгізілуі шарт.

      6.2.2 Осы баптың 6.2.1-тармағында санамаланған тұлғаларды тауарлар импортына қосылған құн салығынан босату осы Келісім жасалған айдың бірінші күнінен бастап зауыт толық көлемде пайдалануға берілгенге дейінгі мерзімге ұсынылады. Жобалау компаниясының калий хлоридін импорттауы бөлігінде көрсетілген босату зауыттың бірінші кезегі пайдалануға берілген айдың бірінші күнінен бастап қолданылады және зауыттың бірінші кезегі пайдалануға берілген жылдан кейінгі жылдың басынан бастап қатарынан он жыл өткеннен кейін аяқталады.

      6.2.3 Бұл ретте осы баптың 6.2.1-тармағында көзделген қосылған құн салығынан босату жобаны іске асыру мақсаттары үшін бес жыл бойы пайдаланылмаған тауарлар импортына қатысты қолданылмайды.

      6.2.4 Келісімнің осы бабының 6.2.1-тармағының ережелерін іске асыру мақсатында Қазақстан Тарапы осы Келісімде белгіленген мерзімдерде жобаны іске асыру мақсаттары үшін қажетті тауарлардың, сондай-ақ осы баптың 6.2-тармағында көзделген жеңілдіктерді пайдалануға құқылы тұлғалардың тізбесін бекітуді қамтамасыз етеді. Көрсетілген тізбе мынадай тәртіппен бекітілетін болады:

      (а) жобалау компаниясы оң сараптамадан өткен жобалау құжаттамасының негізінде, сондай-ақ өзі және өзінің үлестес тұлғалары тартатын мердігерлер мен қосалқы мердігерлерді ескере отырып, тізбенің жобасын индустрия саласындағы уәкілетті органның атына жібереді;

      (b) индустрия саласындағы уәкілетті орган көрсетілген тізбені алған күнінен бастап отыз жұмыс күні ішінде бекітеді және онымен өзінің тиісті аумақтық бөлімшелерінің танысуын қамтамасыз етеді.

      Жоғарыда көрсетілген тәртіп аталған тізбеге өзгерістер мен толықтырулар енгізу қажет болған жағдайда да қолданылады.

      6.2.5 Қазақстан Республикасының мемлекеттік кірістер саласындағы уәкілетті органы болып табылатын Қазақстан Республикасының орталық мемлекеттік органы осы баптың 6.2.4-тармағына сәйкес бекітілген тізбеге сәйкес өзінің тиісті аумақтық бөлімшелерінің импортқа қосылған құн салығынан босатуды қолдануын қамтамасыз етеді.

      6.3 Басқа салықтардан босату.

      6.3.1 Жобалау компаниясы, сондай-ақ оның үлестес тұлғалары:

      (а) жобаны іске асыру үшін пайдаланылатын жер учаскелері бойынша жер салығын есептеу кезінде жер салығының тиісті мөлшерлемелеріне 0 (нөл) коэффициентін қолданады;

      (b) жобаны іске асыруға және (немесе) зауытты пайдалануға байланысты пайдаланылатын жер учаскелерін пайдаланғаны үшін төлемді есептеу кезінде
0 (нөл) мөлшерлемесін қолданады;

      (с) зауыттың құрамына кіретін мүліктің салық базасына мүлік салығын 0 (нөл) процент мөлшерлеме бойынша есептейді.

      6.3.2 Осы баптың 6.3.1-тармағының ережелері зауыттың бірінші кезегі пайдалануға берілетін жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданыла бастайды және қатарынан 10 (он) жыл өткеннен кейін қолданылуын тоқтатады.

      6.4 Осы Келісімнің шарттарын сақтауды қамтамасыз ету

      Қазақстан Тарапы осы Келісім күшіне енген күннен бастап жобалау компаниясы мен оның үлестес тұлғалары, сондай-ақ олардың мердігерлері мен қосалқы мердігерлері осы Келісімде және жобалық келісімдерді қоса алғанда, оның негізінде және оны іске асыру үшін жасалған өзге де келісімдерде көзделген барлық салықтық жеңілдіктерді толық көлемде пайдалана алуы үшін барлық қажетті шараларды қабылдайды.

      6.5 Салық режимінің тұрақтылығын қамтамасыз ету

      6.5.1 Осы Келісім Қазақстан Тарапы тұрақтылығына кепілдік беретін салықтық жеңілдіктерді көздейді. Осы Келісімде көзделген жеңілдіктерге Қазақстан Республикасының заңнамасы және (немесе) халықаралық шарттар осы Келімде көзделген шарттармен салыстырғанда жобалау компаниясының жағдайын жақсартатын шарттарды белгілейтін жағдайларды қоспағанда, Қазақстан Республикасының салық мәселелерін реттейтін халықаралық шарттары сияқты Қазақстан Республикасының қандай да бір заңнамасы және (немесе) оған толықтырулар немесе өзгерістер әсер ете алмайды. Салықтық жеңілдіктер тұрақтылығының кепілдігін Қазақстан Республикасының Үкіметі осы Келісімнің бүкіл қолданылу мерзімі ішінде жоя алмайды немесе кері қайтарып ала алмайды.

      6.5.2  Еуразиялық экономикалық одақтың заңнамасында тікелей көзделген кедендік баждар мен алымдарды қоспағанда, осы Келісім күшіне енген күні қолданыстағы Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген және осы Келісімде тікелей көрсетілмеген салықтар мен өзге де міндетті төлемдер төлеу бойынша тиісті міндеттеме туындаған сәтте қолданыстағы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес төленеді. Осы Келісімнің қандай да бір ережелеріне қарамастан, жобалау компаниясы осы Келісім күшіне енген күннен кейін он бес жыл ішінде Еуразиялық экономикалық одақтың заңнамасында тікелей көзделген кедендік төлемдерді қоспағанда, Қазақстан Республикасының заңнамасымен енгізілген қандай да бір салықтарды және (немесе) өзге де міндетті төлемдерді төлеуге міндетті емес.

      6.6 Жобалау компаниясы және оның үлестес тұлғалары мердігерлер мен қосалқы мердігерлер жасаған Қазақстан Республикасының заңнамасын қандай да бір бұзушылық үшін жауапты болмайды.

      6.7 Осы Келісімде көзделген жеңілдіктер, преференциялар және өзге де қолдау шаралары Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жеңілдіктерге, преференцияларға және қолдау шараларына қарамастан және қосымша беріледі. Егер осы Келісімде көзделген жеңілдіктер, преференциялар және қолдау шаралары туралы қандай да бір ереже Қазақстан Республикасы заңнамасының ережелеріне қайшы келсе, онда осы Келісімнің ережелері Қазақстан Республикасы заңнамасының ережелерінен басым болады.

7-бап. Кедендік баждар

      7.1 Қазақстан Тарапы Еуразиялық экономикалық одақтың құқық талаптарын ескере отырып, жобалау компаниясы, оның үлестес тұлғалары, сондай-ақ олардың мердігерлері мен қосалқы мердігерлері (жобалау компаниясының жазбаша өтініші бойынша) жүзеге асыратын жобаны іске асыру мақсаттары үшін жүзеге асырылатын кез келген тауарлар (технологиялық жабдықтар, оның жиынтықтаушы және қосалқы бөлшектері бөлігінде) импортына қатысты инвестициялық келісімшарт негізінде кедендік баждарды салудан босатуды қамтамасыз етеді. Мұндай босату әкелінетін тауарлар, сондай-ақ импортқа салынатын кедендік баждың тиісті төлеушілерінің Еуразиялық экономикалық одақтың құқық талаптарына сәйкес (егер қолданылса) келісілген және осы баптың 7.3-тармағына сәйкес бекітілген тізбеге (кедендік тізбе) енгізілуі шартымен беріледі.

      7.2. Жобалау компаниясымен осы баптың 7.1-тармағында көрсетілген инвестициялық келісімшарт жасалғаннан кейін тауарды, сондай-ақ тиісті кедендік бажды төлеушіні бекітілген кедендік тізбеге енгізу барлық жағдайларда осы бапта көзделген кедендік баждарды салудан босатуды қолдану үшін жеткілікті және толық негіз болады.

      7.3 Осы баптың 7.1-тармағының ережелерін іске асыру мақсатында Қазақстан Тарапы осы Келісімде белгіленген мерзімдерде жобаны іске асыру мақсаттары үшін қажетті тауарлардың, сондай-ақ осы баптың 7.1-тармағында көзделген жеңілдіктерді пайдалануға құқылы тұлғалардың тізбесін (кедендік тізбе) бекітуді қамтамасыз етеді. Кедендік тізбе мынадай тәртіппен бекітілетін болады:

      7.3.1 жобалау компаниясы оң сараптамадан өткен жобалық құжаттаманың негізінде, сондай-ақ өзі және өзінің үлестес тұлғалары тартатын мердігерлер мен қосалқы мердігерлерді ескере отырып, кедендік тізбенің жобасын инвестициялар жөніндегі уәкілетті органның атына жібереді;

      7.3.2 инвестициялар жөніндегі уәкілетті орган он жұмыс күні ішінде жобалау компаниясына кедендік тізбе жобасынан қандай да бір позицияларды алып тастауға қатысты ұсынымдар береді;

      7.3.3 жобалау компаниясы инвестициялар жөніндегі уәкілетті органға өз тарапынан қол қойылған кедендік тізбенің жобасын ұсынады, онда осы баптың 7.3.2-тармағына сәйкес берілген ұсынымдар ескерілуі мүмкін;

      7.3.4 Қазақстан Республикасының инвестициялар жөніндегі уәкілетті органы Еуразиялық экономикалық одақтың құқық талаптарына (егер қолданылса) сәйкес оны алғаннан кейін он жұмыс күнінен кешіктірмей мемлекеттік органдардан жоғары тұратын органдармен келісуге ұсынуды қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, инвестициялар жөніндегі уәкілетті орган кедендік тізбені осындай органдармен жедел және неғұрлым толық келісу үшін барлық ықтимал күш-жігерін жұмсайды;

      7.3.5 инвестициялар жөніндегі уәкілетті орган осы баптың 7.3.3-тармағына сәйкес жобалау компаниясы ұсынған кедендік тізбені осы баптың 7.3.4-тармағына сәйкес Кедендік тізбеге келісуді алу шеңберінде енгізілген түзетулерді ескере отырып, жобалау компаниясынан оны алған күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде және осы баптың 7.3.4-тармағына сәйкес келісу алудың қолданылатын жағдайларында бекітеді.

      Жоғарыда көрсетілген тәртіп кедендік тізбеге өзгерістер мен толықтырулар енгізу қажет болған кезде де пайдаланылады.

      Кедендік тізбе (оған ықтимал өзгерістер мен толықтыруларды ескере отырып) бекітілген күнінен бастап осы баптың 7.1-тармағына сәйкес жасалған инвестициялық келісімшартқа қосымша ретінде қаралады.

      7.4 Жобалау компаниясы кедендік тізбеге сәйкес тауарларды әкелуге қатысты ұсынатын есептілік қолданылатын жағдайларда осы баптың 7.1-тармағына сәйкес жүзеге асырылатын тауарлардың әкелінуін қамтуға тиіс.

      7.5 Осы баптың 7.1-тармағында көрсетілген тұлғалар кедендік баждарды салудан босату ұсынылатын шарттар мен талаптарды бұзған жағдайда, жобалау компаниясына кедендік тізбеге сәйкес тауарларды әкелу кезіндегі кедендік баждарды төлеу бойынша ортақ міндет жүктеледі.

      7.6 Қазақстан Тарапы осы Келісім күшіне енген күннен кейін күнтізбелік алпыс күннен кешіктірмей осы баптың 7.1-тармағында көзделген инвестициялық келісімшарттың жасалуын қамтамасыз етеді.

      7.7 Осы баптың 7.1-тармағында көзделген кедендік баждарды салудан босату көрсетілген инвестициялық келісімшарт жасалған күннен бастап кемінде қатарынан он жыл мерзімге берілуге тиіс.

      7.8 Үлестес тұлғалардың, сондай-ақ олардың мердігерлері мен қосалқы мердігерлерінің осы баптың 7.1-тармағында көрсетілген инвестициялық келісімшарттың талаптарын орындауы бойынша жауаптылықты жобалау компаниясы көтереді.

      7.9 Осы баптың ережелерін орындауды Қазақстан Республикасының Үкіметі Еуразиялық экономикалық одақ құқығы жол беретін шектерде жүзеге асырады.

8-бап. Жобаны мемлекеттік қолдаудың қосымша шаралары

      8.1 Айналма автожол салу

      8.1.1 Қазақстан Тарапы 2021 жылғы 30 маусымнан кешіктірмей айналма автожолды салуды және пайдалануға беруді қамтамасыз етеді. Көрсетілген құрылыстың мақсаттары үшін жобалау компаниясы тиісті уәкілетті мемлекеттік орган тұлғасында Қазақстан Тарапына Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес сараптамадан өткен, айналма автожолға қатысты әзірленген жобалау құжаттамасын береді.

      8.1.2 Егер айналма автожол осы баптың 8.1.1-тармақшасында көзделген мерзімде толық көлемде пайдалануға берілмесе және халықтың пайдалануы үшін қолжетімді болмаса, жобалау компаниясы өз қалауы бойынша мердігерлерді немесе қосалқы мердігерлерді тарта отырып, жалпы пайдаланымдағы автомобиль жолы ретінде айналма автожолды (не оның пайдалануға дайын емес тиісті бөлігін) салуды өзі дербес жүзеге асыруға құқылы болады.

      8.1.3 Келісімнің осы бабының 8.1.2-тармақшасында көзделген жағдайда Қазақстан Тарапы аса қысқа мерзімде жобалау компаниясына, оның мердігерлері мен қосалқы мердігерлеріне айналма автожолды (не оның пайдалануға дайын емес тиісті бөлігін) салуға барлық қажетті рұқсаттар мен келісулердің ұсынылуын және берілуін, сондай-ақ осындай айналма автожолды салу және пайдалану үшін қажетті жер учаскелеріне тиісті құқықтардың берілуін қамтамасыз етеді. Қазақстан Тарапы Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес айналма автожолды (оның тиісті бөлігін) пайдалануға қабылдауды да қамтамасыз етеді.

      8.1.4 Қазақстан Тарапы жобалау компаниясынан шығындардың жүзеге асырылу фактісін растайтын құжаттардың көшірмелерін ұсына отырып және айналма автожолдың (оның тиісті бөлігінің) пайдалануға берілгені туралы растай отырып, өтінім алғаннан кейін алпыс жұмыс күнінен кешіктірмей жобалау компаниясының айналма автожолды (оның тиісті бөлігін) салуға жұмсалған шығындарын ақшалай мәнде толық, бірақ Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Қазақстан Тарапының сараптамасынан өткен жобалау-сметалық құжаттамаға сәйкес құрылыстың жалпы құнынан аспайтын көлемде өтеуді қамтамасыз етеді. Көрсетілген өтеу жобалау компаниясы мен облыстың жергілікті атқарушы органы (немесе өзге уәкілетті мемлекеттік орган) арасында айналма автожолға (оның тиісті бөлігіне) қатысты бір көзден мемлекеттік сатып алу туралы шартты жасасу және жүзеге асыру жолымен немесе жобалау компаниясымен келісілген өзге де тәсілмен жүзеге асырылуы мүмкін. Бұл ретте осындай шартты жасасу үшін жобалау компаниясының қажетті лицензиялары бар тиісті мердігерлерді тартуы шартымен, жобалау компаниясының қандай да бір лицензияларының болуы қажет болмайды.

      8.2 Теміржол инфрақұрылымын салу

      8.2.1 Қазақстан Тарапы зауыттың іркіліссіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету мақсаттары үшін 2021 жылғы 30 маусымнан кешіктірмей теміржол инфрақұрылымын салуды және оның тиісті бөліктерін реконструкциялауды немесе жобаны іске асыру мақсаттары үшін көрсетілген инфрақұрылымды жобалау компаниясына беруді қамтамасыз етеді. Көрсетілген құрылыстың мақсаттары үшін жобалау компаниясы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес сараптамадан өткен теміржол инфрақұрылымын салуға және тиісті бөлігінің реконструкциясына қатысты жобалау құжаттамасын әзірлейді және тиісті уәкілетті мемлекеттік орган тұлғасында Қазақстан Тарапына береді.

      8.2.2 Егер теміржол инфрақұрылымы осы баптың 8.2.1-тармағында көрсетілген күнге дейін жобалау компаниясының пайдалануы үшін қолжетімді болмаса, жобалау компаниясы өз қалауы бойынша мердігерлерді немесе қосалқы мердігерлерді тарта отырып, теміржол инфрақұрылымын (не оның пайдалануға дайын емес тиісті бөлігін) салуды және тиісті бөлігін реконструкциялауды өзі дербес жүзеге асыруға құқылы болады.

      8.2.3 Осы баптың 8.2.2-тармағында көзделген жағдайда, Қазақстан Тарапы жобалау компаниясына және оның мердігерлері мен қосалқы мердігерлеріне тиісінше осындай магистральдық теміржолды және (немесе) теміржол станциясын салу үшін қажетті барлық рұқсаттар мен келісулерге тиісті өтінімдерді алғаннан кейін осындай рұқсаттар мен келісулерді тез арада ұсынуды қамтамасыз етеді. Қазақстан Тарапы мұндай жағдайда құрылысын жобалау компаниясы жүзеге асыратын теміржол инфрақұрылымын (оның тиісті бөлігін) пайдалануға қабылдауды да қамтамасыз етеді.

      8.2.4 Жобалау компаниясы жоба үшін барынша тиімді болуына сүйене отырып, орналасуын жобалау компаниясы айқындайтын теміржол инфрақұрылымын пайдалану мақсатында өнеркәсіптік теміржол станциясын салуды өзі дербес жүзеге асыруға құқылы. Қазақстан Тарапы жобалау компаниясына және оның мердігерлері мен қосалқы мердігерлеріне жобаны жүзеге асыру мақсаттары үшін өнеркәсіптік теміржол станциясын салу үшін қажетті барлық рұқсаттар мен келісулерге тиісті өтінімдерді алғаннан кейін осындай рұқсаттар мен келісулерді тез арада ұсынуды қамтамасыз етеді. Қазақстан Тарапы Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес жобаны жүзеге асыру мақсаттары үшін теміржол станциясын пайдалануға қабылдауды да қамтамасыз етеді.

      8.2.5 Қазақстан Тарапы жобалау компаниясынан шығындардың жүзеге асырылу фактісін растайтын құжаттардың көшірмелерін ұсына отырып және теміржол инфрақұрылымының (оның тиісті бөлігінің) пайдалануға енгізілгенін растай отырып өтінім алғаннан кейін алпыс жұмыс күнінен кешіктірмей жобалау компаниясының теміржол инфрақұрылымын (оның тиісті бөлігін) жобалауға және салуға, сондай-ақ тиісті бөлігінде реконструкциялауға арналған шығыстарын толық көлемде, бірақ Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес сараптамадан өткен жобалау-сметалық құжаттамасына сәйкес құрылыстың жалпы құнынан аспайтын көлемде өтеуді қамтамасыз етеді. Көрсетілген өтеу жобалау компаниясы мен облыстың жергілікті атқарушы органы (немесе өзге де уәкілетті мемлекеттік орган) арасындағы теміржол инфрақұрылымына (оның тиісті бөлігіне) қатысты бір көзден мемлекеттік сатып алу туралы шартты жасасу және жүзеге асыру арқылы немесе жобалау компаниясымен келісілген өзге де тәсілмен жүзеге асырылуы мүмкін. Бұл ретте осындай шартты жасасу үшін жобалау компаниясы қажетті лицензиялары бар тиісті мердігерлерді тартқан жағдайда, жобалау компаниясына қандай да бір лицензиялардың болуы қажет болмайды.

      8.2.6 Қазақстан Тарапы теміржол инфрақұрылымын, сондай-ақ осы баптың 8.2.4-тармағында көрсетілген өнеркәсіптік теміржол станциясын салу және одан әрі іркіліссіз пайдалану үшін жер учаскелеріне тиісті құқықтар беруді қамтамасыз етеді.

      8.3 Газбен жабдықтауды қамтамасыз ету

      8.3.1 Қазақстан Тарапы осы Келісім күшіне енген күннен бастап үш ай ішінде зауытты пайдалануды қамтамасыз ету мақсатында өнім берушінің жобалау компаниясымен газды көтерме жеткізудің ұзақ мерзімді шартын жасасуын қамтамасыз етеді. Жеткізу шарты зауыттың бірінші кезегі пайдалануға берілген күннен бастап он жыл бойы өнім беруші тарапынан жобалау компаниясына жылына 200 (екі жүз) миллион текше метрге дейінгі көлемдегі газды іркіліссіз жеткізуді көздейтін болады. Жеткізілетін газдың сапасы 5542-2014 ж. МемСТ талаптарына сәйкес болуға тиіс. Бұл ретте жобалау компаниясы өнім берушіні зауыттың бірінші кезегін пайдалануға беру күніне дейін алты айдан кешіктірмей жеткізуді бастау қажеттігі туралы хабардар етеді.

      8.3.2 Қазақстан Тарапы жобалау компаниясы үшін газ және газбен жабдықтау саласындағы уәкілетті орган бекітетін жеткізілетін газ бағасын ұсынуды қамтамасыз етеді, ол жыл сайын мынадай көрсеткіштерден қалыптасатын бағадан аспайды:

      (а) Қазақстан Республикасының Жамбыл облысы үшін газ жеткізушінің газды сатып алуының орташа өлшемді бағасы;

      (b) жоғарыда (а) тармақшасында көрсетілген орташа өлшемді бағаның 7 %-ы мөлшеріндегі өнім берушінің рентабельділік нормасы;

      (с) Қазақстан Республикасының Жамбыл облысы үшін табиғи газды жеткізу үшін өнім беруші шеккен табиғи газды тасымалдаудың және сақтаудың орташа өлшемді шығыстары.

      8.3.3 Қазақстан Тарапы осы баптың 8.3.1-тармағында көрсетілген кезеңге ешбір өзге жағдайлар немесе мән-жайлар (инвестициялардың нақты көлемінің ұлғаюын немесе азаюын, шикізат, ресурстар мен түпкі өнім бағаларын, сондай-ақ операциялық және өзге де шығыстарды қоса алғанда, бірақ олармен шектелмей) осы баптың 8.3.2-тармағында көрсетілген баға белгілеу тәртібін өзгерту үшін негіз болмауын қамтамасыз етеді.

      8.3.4 Осы баптың 8.3.1-тармағында көзделген шарт шеңберінде газды сатып алу мақсаттары үшін Қазақстан Тарапы жобалау компаниясына Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес газ тарату ұйымы мәртебесін беруді қамтамасыз етеді. Бұл ретте мұндай мәртебе алу жобалау компаниясының үшінші тұлғалардың алдында газ жеткізуді қамтамасыз ету немесе өзіне тиесілі газ құбырына немесе газ тарату жүйесіне қол жеткізуді ұсыну бойынша қандай да бір міндеттемелерді немесе өзге де міндеттемелерді шарт жасасу жолымен өзіне қабылдау жағдайларын қоспағанда, жобалау компаниясына осындай міндеттемелерді жүктемейді.

      8.3.5 Қазақстан Тарапы қосылу нүктесін салуды және осы баптың 8.3.1-тармағында көзделген шарт бойынша газды жеткізу мақсаттары үшін жобалау компаниясына оған қолжетімділікті ұсынуды қамтамасыз етеді.

      8.3.6 Қазақстан Тарапы жобалау компаниясына, оның мердігерлері мен қосалқы мердігерлеріне газ құбырын салуға қажетті барлық рұқсаттар мен келісулердің ұсынылуын және берілуін, сондай-ақ газ құбырын осындай салу және пайдалану үшін қажетті жер учаскелеріне тиісті құқықтардың берілуін аса қысқа мерзімде қамтамасыз етеді. Қазақстан Тарапы газ құбырын пайдалануға беру және көрсетілген газ құбырын қосылу нүктесіне қосу мақсатында қажетті барлық құжаттарды келісуді де қамтамасыз етеді.

      8.4 Электрмен жабдықтауды қамтамасыз ету

      Қазақстан Тарапы жобалау компаниясына зауыттың бірінші кезегі пайдалануға берілген күннен бастап Шүлбі және Өскемен су электр станциялары үшін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бекітілген тарифтер бойынша көрсетілген су электр станцияларынан он жыл бойы 15 (он бес) мегаваттан аспайтын орташа сағаттық жүктемемен электр энергиясын ұсынуды қамтамасыз етеді.

      8.5 Зауыттың жекелеген шығындарын субсидиялау

      Қазақстан Тарапы зауыттың бірінші кезегі пайдалануға берілгеннен кейін он жыл бойы жобалау компаниясының магистральдық теміржол желісінің, локомотивтік тартқыштың көрсетілетін қызметтері мен жүк және коммерциялық жұмыстардың ақысын төлеуге арналған шығыстарының 50 %-ін (елу процентін) субсидиялауды қамтамасыз етеді. Бұл ретте мұндай шығыстарды субсидиялаудың жыл сайынғы көлемі 1 200 000 000 (бір миллиард екі жүз миллион) теңгеден аспайды, көрсетілген сомаға Қазақстан Республикасының уәкілетті мемлекеттік органы белгілеген инфляция коэффициенті қолданылады.

      8.6 Жер учаскелеріне құқық беру

      Қазақстан Тарапы жобалау компаниясына және (немесе) жобалау компаниясының өтініші бойынша өзге тұлғаларға жобаны іске асыруға байланысты инфрақұрылым объектілерін салу және пайдалану үшін кемінде қырық тоғыз жыл мерзімге жер учаскелеріне жер пайдалану құқығын беруді қамтамасыз етеді. Бұл ретте көрсетілген құқықты беру барысында мемлекеттік органдар Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген рәсімдік нормаларды басшылыққа алады.

      8.7 Жер қойнауын пайдалану құқығын беру

      Жер қойнауын пайдаланушыға және жобалау компаниясына Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен "Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы" Қазақстан Республикасы Кодексінің талаптарына сәйкес келетін учаскелерде зауыттың қуаттарын ықтимал кеңейтуді ескере отырып, зауытты шикізатпен қамтамасыз ету үшін қажетті пайдалы қазбаларды барлау мен өндіруге жер қойнауын пайдалану құқығы беріледі.

      8.8 Қолдауды және жәрдемдесуді қамтамасыз ету

      Жобалау компаниясының өтініші бойынша Қазақстан Тарапы кез келген салық және кеден мәселелерін қарауда жобалау компаниясына толық жәрдемдесуге міндеттенеді және ресми құжаттаманы өңдеу мен ұсынуға жәрдемдесу және оны жеделдету мақсатында бір байланыс тұлғасын ұсынады.

9-бап. Жоба іске асырылатын ауданды дамыту бойынша ынтымақтастық

      9.1 Жоба іске асырылатын ауданды барынша дамыту мақсатында Қазақстан Тарапы Қазақстан Республикасының заңнамасы шеңберінде жоба іске асырылатын ауданды тиісті әлеуметтік-экономикалық дамытуды және жергілікті шағын және орта бизнесті қолдауды Жаңатас қаласының әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға ақша қаражатын бөлу, сондай-ақ кәсіпкерлікті қолдаудың жұмыс істеп тұрған қаржы институттарынан жеңілдікті қаржыландыруды беруді қамтамасыз ету жолын қоса алғанда, бірақ онымен шектелмей қамтамасыз етеді.

      9.2 Жобалау компаниясы, оның үлестес тұлғалары, мердігерлері мен қосалқы мердігерлері өкілдерінің уақытша тұруы үшін орындар жасаудың маңыздылығын назарға ала отырып, Қазақстан Тарапы Қазақстан Республикасының заңнамасы шеңберінде Жаңатас қаласында 50 (елу) және одан да көп орындық қонақүй салу мақсатында шағын бизнестің жергілікті субъектісі үшін жеңілдікті қаржыландыру бойынша жәрдем көрсетеді.

      9.3 Тиісті келісімшарттар және (немесе) жер қойнауын пайдалану құқығына лицензиялар шеңберінде жергілікті атқарушы органның бюджетіне жобалау компаниясы немесе оның үлестес тұлғалары жүргізетін өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына және оның инфрақұрылымын дамытуға арналған аударымдарды толық көлемде жобалау компаниясымен келісілген және жергілікті атқарушы органдар бекіткен Жаңатас қаласын әлеуметтік-экономикалық дамыту бағдарламасын іске асыру үшін пайдаланылуға тиіс.

10-бап. Экспроприация

      10.1 Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпке сәйкес мұндай шаралар дереу, барабар, тиісті және тиімді өтемақы төлей отырып, мемлекеттік мүдделерде кемсітусіз қолданылатын жағдайларды қоспағанда, Қазақстан Тарапы инвестордың, жобалау компаниясының және (немесе) олардың үлестес тұлғаларының кез келген инвестициялары Қазақстан Республикасының аумағында экспроприацияға ұшырамауы үшін қажетті барлық шараларды қабылдауды қамтамасыз етеді.

      10.2 Өтемақы жобалау компаниясына және (немесе) оның үлестес тұлғаларына алдағы экспроприация туралы белгілі болған күнге дейін тікелей экспроприациялауға ұшыраған инвестициялардың әділ нарықтық құнына, сондай-ақ егер осындай экспроприация салдарынан зауытты пайдаланудың экономикалық пайдасы төмендесе немесе мұндай пайдалану мүмкін болмаса, жобалау компаниясы шығындарының сомасына тең болуы тиіс. Әділ нарықтық құн бағалаудың жалпы қабылданған қағидаттарына сәйкес айқындалуға тиіс.

      10.3 Өтемақы толық іске асырылатын және еркін айырбасталатын валютада еркін аударылатын болуға және қандай да бір шектеулерсіз және кідіріссіз жүзеге асырылуға тиіс. Өтемақы экспроприация күнінен бастап және нақты төлем күніне дейін төлем валютасына қатысты нарықтық шарттарда белгіленген қолданыстағы мөлшерлемеге сәйкес келетін проценттерді қамтуға тиіс.

      10.4 Осы баптың 10.1 және 10.2-тармақтарының ережелері инвестициялардан алынатын экспроприацияланған кірістерге және жобалау компаниясы немесе оның үлестес тұлғалары таратылған жағдайда, таратудан түскен түсімге де қолданылады.

      10.5 Инвестициялары экспроприацияланған инвестор, жобалау компаниясы және (немесе) олардың үлестес тұлғалары өз ісінің дереу қаралуына және осы бапта жазылған ережелерге сәйкес Қазақстан Республикасының тиісті сот немесе өзге де құзыретті органдарының оның инвестицияларының құнын дереу айқындауына құқығы бар.

11-бап. Шығындарды өтеу

      11.1 Қазақстан Республикасының аумағындағы соғыс немесе басқа да қарулы қақтығыстар, бүліншілік, көтеріліс, бүлік, бағынбау актілері, азаматтық толқулар, жалпыға бірдей төтенше жағдай жарияланған жағдайлар салдарынан Қазақстан Республикасының аумағында инвестициялары зиян шеккен инвесторға, жобалау компаниясына және (немесе) олардың үлестес тұлғаларына Қазақстан Тарапы реституцияға, өтеуге, өтемақыға немесе басқа да реттеуге қатысты ең тиімді режимді ұсынады.

      11.2 Осы баптың 11.1-тармағының ережелеріне нұқсан келтірместен, осы баптың 11.1-тармағында аталған жағдайлардың кез келгенінде мынадай:

      (а) инвестицияларын немесе оның бір бөлігін Қазақстан Республикасы қарулы күштерінің немесе билік орындарының тәркілеуі, немесе;

      (b) инвестицияларын немесе оның бір бөлігін Қазақстан Республикасы қарулы күштерінің немесе билігінің жағдайдың қажеттілігімен талап етілмеген жоюы салдарынан залал шегетін инвесторға, жобалау компаниясына және (немесе) олардың үлестес тұлғаларына,

      Қазақстан Тарапы кез келген жағдайда дереу, барабар және тиімді болуға тиіс реституция немесе өтемақы ұсынады. Бұл ретте өтемақы инвестициялар тәркіленген немесе жойылған күннен бастап нақты төлем күніне дейін осы Келісімнің 10-бабының 10.1 – 10.3-тармақтарына сәйкес жүзеге асырылуға тиіс.

12-бап. Инвестицияларға байланысты төлемдерді еркін аудару

      12.1 Инвестордың, жобалау компаниясының және (немесе) олардың үлестес тұлғаларының Қазақстан Республикасының заңнамасын сақтауы шартымен, Қазақстан Тарапы инвесторға, жобалау компаниясына және (немесе) олардың үлестес тұлғаларына Қазақстан Республикасына және одан тысқары жерлерге инвестицияларға байланысты барлық аударымдар мен қаражат төлемдері еркін және шектеусіз жүзеге асырылатынына кепілдік береді.

      12.2 Қазақстан Тарапы инвестордың, жобалау компаниясының және (немесе) олардың үлестес тұлғаларының осы Келісім қолданылатын бүкіл мерзім ішінде:

      (а) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген рәсімдерге сәйкес Қазақстан Республикасынан, пайданы қоса алғанда, жобаны іске асырудан алынған ақша қаражатын аударуға;

      (b) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген рәсімдерге сәйкес Қазақстан Республикасында да, одан тысқары жерлерде де жергілікті және шетелдік валютада банк шоттарын ашуға;

      (с) капиталмен жасалатын операциялар бойынша төлемдерге және аударымдарға байланысты шектеулерден босатылуға;

      (d) резидент еместермен келісімшарттар бойынша төлемдерді қоса алғанда, ағымдағы операциялар бойынша, сондай-ақ шетелдік жұмыскерлерге жалақы, жәрдемақылар және өзге де сыйақылар төлеуді көздейтін операциялар бойынша төлемдерге және аударымдарға байланысты шектеулерден босатылуға;

      (e) әдеттегі банктік алымдарды қоспағанда, сатып алу, сату немесе айырбастау күнгі еркін нарықтық валюта бағамы бойынша шетелдік валютаны қандай да бір алымдарсыз немесе бажсыз сатып алуға, сатуға немесе кез келген басқа шетелдік валютаға немесе Қазақстан Республикасының заңды валютасына айырбастауға;

      (f) осы Келісім бойынша немесе кез келген басқа жобалық келісім немесе келісімшарт немесе жобаны іске асыруға қатысты ұқсас құжат бойынша кез келген төлемдерді жүзеге асыруға;

      (g) Қазақстан Республикасынан тысқары жерлерде шетелдік валютаны аударуға, ұстауға және сақтауға;

      (h) Қазақстан Республикасынан тысқары жерде құрылған өзінің кез келген үлестес тұлғасының, мердігердің немесе қосалқы мердігердің жобаны іске асыру мақсаттары үшін ұсынылған тауарлары, жұмыстары, технологиясы мен көрсетілген қызметтері үшін осындай үлестес тұлғаға, мердігерге немесе қосалқы мердігерге шетелге төлемдерді шетелдік валютамен жүзеге асыруға;

      (і) құрылысқа және пайдалануға қатысы бар қандай да бір шартқа немесе келісімге сәйкес Қазақстан Республикасындағы банк шоттарында орналастырылған шетелдік валютаны мәжбүрлеп конвертациялау міндетті болып табылатын кезде осындай конвертациялаудан босатылуға құқығы бар екендігіне кепілдік береді.

      Жоғарыда көрсетілген құқықтар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылуға тиіс.

      12.3 Егер Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жоғарыда көрсетілген құқықтарды жүзеге асыру үшін Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің немесе басқа мемлекеттік органның рұқсаты талап етілген жағдайда, Қазақстан Тарапы инвесторға, жобалау компаниясына және (немесе) олардың үлестес тұлғаларына осындай рұқсатты алуға жәрдемдеседі. Мұндай рұқсат өтініш берілген күннен бастап бес жұмыс күні ішінде беріледі.


13-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінің растаулары

      13.1 Қазақстан Республикасының Үкіметі Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасы Үкіметінің барлық бөлімшелерінің және республикалық деңгейдегі де, жергілікті деңгейдегі де тиісті мемлекеттік органдардың осы Келісімнің барлық шарттарын сақтауы мен орындауын, сондай-ақ осы Келісімде белгіленген әртүрлі рәсімдер мен функцияларды іске асыруға және орындауға жәрдемдесу үшін тағайындалған тұлғалардың нұсқауларын сақтауы мен орындауын қамтамасыз етеді.

14-бап. Ресей Федерациясы Үкіметінің растаулары

      14.1 Ресей Федерациясының Үкіметі Ресей Федерациясының заңнамасына сәйкес жобаны табысты іске асыру үшін қажет болуы мүмкін мақұлдауларды, келісулерді, рұқсаттарды ұсынуды және беруді қамтамасыз етеді.

15-бап. Тараптар арасындағы даулар

      15.1 Осы Келісімді түсіндіруге және қолдануға қатысты Тараптардың даулары келіссөздер мен консультациялар арқылы шешіледі.

      15.2 Осы Келісімде ешнәрсе осы Келісімнің күшіне ену күніне Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген:

      - ұлттық қауіпсіздікті қорғау;

      - экологиялық қауіпсіздікті қорғау;

      - қоғамдық тәртіпті қорғау;

      - халықтың өмірін немесе денсаулығын, өсімдіктер мен жануарлар әлемін қорғау шараларын қабылдауына немесе қолдануына кедергі келтіретіндер ретінде түсіндірілмеуге тиіс.

16-бап. Әртүрлі

      16.1 Қазақстан Республикасында осы Келісімнің қандай да бір ережелерін қолдану осы Келісімді ратификациялау үшін қажетті актіні қоспағанда, заңнаманың қандай да бір актілерін қабылдауды талап етпейді және онда көрсетілген мемлекеттік органдарға осы Келісімде ұйғарылған іс-әрекеттерді жасау үшін тікелей жеткілікті өкілеттіктер береді. Сонымен бірге, осы Келісімде ешнәрсе осы Келісімді орындау мақсаттары үшін актілер қабылдаудан Тараптарды шектеу ретінде түсіндіріле алмайды.

      16.2 Осы Келісімге сүйене отырып қандай да бір іс-әрекет жасауға құқығы бар және (немесе) міндетті Қазақстан Тарапының қандай да бір мемлекеттік органы таратылған жағдайда, Қазақстан Тарапы осы Келісім шеңберінде осындай іс-әрекетті жасауға уәкілетті болатын мемлекеттік органды айқындайды.

      16.3 Осы Келісім оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама дипломатиялық арналар арқылы алынған күннен бастап күшіне енеді.

      16.4 Осы Келісім 20 (жиырма) жыл мерзімге жасалады.

      16.5 Осы Келісімге Тараптардың жазбаша келісуі бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.

      жылғы қаласында әрқайсысы орыс және қазақ тілдерінде екі төлнұсқа данада жасалды әрі екі мәтіннің де күші бірдей.

      Келіспеушіліктер туындаған жағдайда орыс тіліндегі мәтін пайдаланылады.


      Қазақстан Республикасының
Үкіметі үшін
Ресей ФедерациясыныңҮкіметі үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады