Түркі Академиясының қаржылық қағидалары туралы келісімді бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 4 маусымдағы № 352 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған 2018 жылғы 2 қыркүйекте Бішкекте жасалған Түркі Академиясының қаржылық қағидалары туралы келісім бекітілсін.

      2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
А. Мамин

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2020 жылғы 4 маусымдағы
№ 352 қаулысымен
бекітілген

Түркі Академиясының қаржылық қағидалары туралы келісім

      Бұдан әрі "Тараптар" деп аталатын Әзербайжан Республикасының, Қазақстан Республикасының, Қырғыз Республикасының және Түркия Республикасының үкіметтері,

      халықаралық құқықтың жалпыға бірдей танылған қағидаттары мен нормаларын басшылыққа ала отырып,

      2012 жылғы 23 тамызда Бішкек қаласында қол қойылған Түркі Академиясын құру туралы келісімнің (бұдан әрі "Құру туралы келісім" деп аталады) 8-бабының ережелерін іске асыруға ұмтыла отырып,

      Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Түркі Академиясының арасындағы Түркі Академиясын Қазақстан Республикасында орналастырудың шарттары мен тәртібі туралы келісімге тиісті түрде құрмет көрсете отырып,

      төмендегілер туралы келісті:

1-бап Анықтамалар

      Осы Келісімде:

      1) "Академия" түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесі аясында халықаралық ұйым нысанында құрылған Түркі Академиясын білдіреді;

      2) "Түркі кеңесі" түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесін білдіреді;

      3) "Бюджет" Академияның міндеттері мен функцияларын іске асыруға арналған қаражаттың қалыптасуы мен жұмсалуын білдіреді;

      4) "Қаржы жылы" күнтізбелік жылдың 1 қаңтарынан бастап 31 желтоқсанына дейінгі уақыт аралығын білдіреді;

      5) "Жарналар" ағымдағы қаржы жылында Академияның қызметіне байланысты шығыстарды жабу мақсатында Тараптар үшін белгіленген сомаларды білдіреді;

      6) "СІМК" Түркі кеңесінің Сыртқы істер министрлері кеңесін білдіреді;

      7) "АЛТК" Түркі кеңесінің Аға лауазымды тұлғалар комитетін білдіреді;

      8) "Хатшылық" Түркі кеңесінің Хатшылығын білдіреді;

      9) "Қабылдаушы ел" аумағында Академия орналасқан Түркі Академиясына мүше мемлекетті білдіреді;

      10) "Президенттер, вице-президенттер" – Құру туралы келісімнің 4-бабына сәйкес тағайындалатын Академияның президенті және вице-президенттері;

      11) "Ғылыми штат" ғылыми жобалардың талаптарына сәйкес келісімшарт негізінде жұмысқа жалданатын ғалымдар мен сарапшылардан тұрады;

      12) "Әкімшілік штат" келісімшарт негізінде жалданатын әкімшілік персоналдан тұрады;

      13) "Жалпы қызмет көрсету штаты" келісімшарт негізінде жұмысқа жалданатын техникалық персоналдан тұрады;

      14) "Персонал" Академияның президентінен, вице-президенттерінен, ғылыми, әкімшілік және жалпы қызмет көрсету штаттарынан тұрады;

      15) "Асырауындағы адамдар" қызметкерлердің толық асырауындағы жұбайын/зайыбын, некеге тұрмаған 18 жасқа дейінгі балаларын, сондай-ақ ата-аналарын білдіреді;

      16) "Сыртқы аудит" СІМК тағайындаған тәуелсіз аудитор/аудиторлар жүзеге асыратын Академияның қаржылық және экономикалық қызметін тексеруді білдіреді;

      17) "Кірістер" бюджетке белгіленген жарналар түрінде Академия алған қаражатты білдіреді;

      18) "Өзге де кірістер" белгіленген жарналарды, ақшалай нысандағы қайырымдылықтарды, сондай-ақ ағымдағы қаржы жылында шығыстарды тікелей өтеу нәтижесінде алынған сомаларды қоспағанда, барлық түсімдерді білдіреді;

      19) "Шығыстар" Академияның міндеттері мен функцияларын қаржыландыру үшін оның бюджет қаражатына иелік етуді білдіреді;

      20) "Кандидаттар шығыстары" кандидаттардың көлік, қонақ үйде тұру және тәуліктік шығыстарын білдіреді;

      21) "Айналым қаражатының резерві" міндетті жарналар толық төленгенше Академияның шығыстары үшін пайдаланылатын бюджеттің бір бөлігі болып табылады.

2-бап Жалпы ережелер

      Түркі Академиясының қаржылық қағидалары туралы келісім (бұдан әрі – Келісім) Академияның бюджеті бойынша қаржыландыру көздерін, оны қалыптастыру, атқару тәртібін және есептілігін айқындайды.

3-бап Бюджет

      1. Академия бюджеті қаржы жылындағы ақшалай және/немесе өзге де нысандардағы барлық кірістер мен шығыстарды қамтиды. Бюджет сондай-ақ Академияның ұзақ мерзімді жобаларын жүзеге асыруға көзделген шығыстарға арналған жылдық жарналарды (бөліктерді) жабады.

      2. Академия бюджетін АЛТК мақұлдағаннан кейін СІМК бекітеді.

      3. Академия бюджеті екі бөліктен: жылдық кірістерден және шығыстардан (жылдық шығыстардан және бірнеше қаржы жылына есептелген нақты жобаларға арналған шығыстардан) тұрады.

      Кірістер

      4. Кірістер мыналардан тұрады:

      1) мүше мемлекеттердің төлем қабілеттілігін, Біріккен Ұлттар Ұйымына төлейтін жарналарының басым шкаласын және олардың ұқсас өңірлік ұйымдарға төлейтін ағымдағы жарналарын ескере отырып, СІМК белгілейтін міндетті жарналары, алайда Қабылдаушы елдің үлесі басқа мүше мемлекеттердің үлестерінен кем болмауға тиіс (міндетті жарналар шкаласы СІМК қол қойған жеке хаттамада көрсетіледі, қажет болған жағдайда хаттамаға өзгерістер енгізіледі);

      2) гранттар;

      3) Академия бюджетіне ерікті жарналардан түсетін, мөлшері шектелмейтін төлемдер;

      4) Академияны байқаушы мемлекеттерден, басқа мемлекеттерден, Академияның байқаушы ұйымдарынан, басқа халықаралық ұйымдар мен форумдардан, заңды және жеке тұлғалардан қабылдануы мүмкін, Тараптардың мақұлдауына жататын ақшалай және/немесе басқа да нысандағы ерікті жарналар;

      5) Академияның мақсаттары мен міндеттеріне қайшы келмейтін жағдайда, пайыздардан түсетін кірістер мен басқа да кірістерді қоса алғанда, өзге де кірістер.

      Шығыстар

      5. Шығыстар мыналарды қамтиды:

      ғылыми шығыстар:

      1) зерттеу шығыстары;

      2) жобалық шығыстар;

      3) симпозиумдар, ғылыми конференциялар және отырыстар;

      4) типографиялық шығыстар;

      5) аутсорсинг;

      6) консалтинг;

      персоналға арналған шығыстар:

      1) президенттің сыйақысы, оның ішінде:

      медициналық сақтандыру; асырауындағы адамдарға жәрдемақы; білім беруге арналған шығыстар; тұрғын үй жәрдемақысы; ротация жәрдемақысы; демалыс жәрдемақысы (жылына бір рет); өкілдік шығыстар; Түркі Академиясының персоналы туралы ереженің 12-бабына сәйкес әлеуметтік және зейнетақымен қамсыздандыру жарналары;

      2) вице-президенттердің сыйақысы, оның ішінде:

      медициналық сақтандыру; асырауындағы адамдарға жәрдемақы; білім беруге арналған шығыстар; ротация жәрдемақысы; демалыс жәрдемақысы (жылына бір рет); өкілдік шығыстар; Түркі Академиясының персоналы туралы ереженің 12-бабына сәйкес әлеуметтік және зейнетақымен қамсыздандыру жарналары;

      3) ғылыми штат сыйақысы, оның ішінде:

      медициналық сақтандыру; асырауындағы адамдарға жәрдемақы; білім беруге арналған шығыстар; ротация жәрдемақысы; демалыс жәрдемақысы (жылына бір рет); Түркі Академиясының персоналы туралы ереженің 12-бабына сәйкес әлеуметтік және зейнетақымен қамсыздандыру жарналары;

      4) әкімшілік штат сыйақысы, оның ішінде:

      медициналық сақтандыру; асырауындағы адамдарға жәрдемақы; Түркі Академиясының персоналы туралы ереженің 12-бабына сәйкес әлеуметтік және зейнетақымен қамсыздандыру жарналары; демалыс жәрдемақысы (жылына бір рет);

      5) жалпы қызмет көрсету штатының сыйақысы, оның ішінде:

      медициналық сақтандыру; асырауындағы адамдарға жәрдемақы; Түркі Академиясының персоналдары туралы ережесінің 12-бабына сәйкес әлеуметтік және зейнетақымен қамсыздандыру жарналары;

      6) персоналдың келісімшарты тоқтатылған жағдайда жұмыстан босатылу жәрдемақысы;

      7) тәуліктік, көліктік шығыстарды және қонақ үйде тұруды қоса алғанда, персоналдың іссапарларына арналған шығыстар;

      8) штат тренингі;

      9) кандидат шығыстары.

      Асырауындағы адамдарға және білім беруге жәрдемақы Қабылдаушы елдің азаматтарына берілмейді.

      Әкімшілік шығыстар:

      1) персоналды еңбек (қызметтік) міндеттерін атқарған кезде жазатайым оқиғалардан сақтандыру бойынша төлемдер;

      2) әлеуметтік қамсыздандыру төлемдері;

      3) Академия үшін тауарлар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу;

      4) кеңсе жиһазы мен жабдықтарды, автомобильдерді және Академияның жұмыс істеуі үшін қажетті өзге де құралдарды сатып алу;

      5) жылжымайтын мүлік, кеңсе жиһазы, жабдықтар, автомобильдер мен басқа да құралдар бойынша қызмет көрсету және оларды жөндеу;

      6) хаттамалық шығыстар;

      7) көліктік шығыстарды, қонақ үйде тұруды және тәуліктік шығыстарды қоса алғанда, Ғылыми кеңес мүшелерінің іссапар шығыстары.

      Музей және кітапхана шығыстары:

      1) музей және кітапхана үшін тауарлар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу;

      2) кеңсе жиһазы мен жабдықтарды және музей мен кітапхананың жұмыс істеуі үшін қажетті өзге де құралдарды сатып алу;

      3) жылжымайтын мүлік, кеңсе жиһазы, жабдықтар мен басқа да құралдар бойынша қызмет көрсету және оларды жөндеу;

      4) кітапхана үшін әдебиеттерді сатып алу.

      6. Персоналдың дәрежесі мен жалақысына сәйкес қаржы жылына арналған шығыстарды көрсете отырып, Академияның штаттық кестесін Академия әзірлейді және АЛТК мақұлдағаннан кейін СІМК бекітеді.

4-бап Бюджеттің атқарылуы

      1. Бюджетке президент әкімшілік етеді.

      2. Әрбір Тарап үшін міндетті жарналардың нақты сомасы бюджетте көрсетілуге тиіс.

      3. Бюджетке жыл сайынғы жарналар АҚШ долларымен есептеледі және төленеді.

      4. Академия СІМК-ге бағаланған жарналардың бюджетке толық көлемде аударылғаны туралы Хатшылық арқылы хабарлайды.

      5. Тиісті жарналар мүмкіндігінше қаржы жылының алғашқы үш айы ішінде төленеді. Алайда бұл ұлттық заңнамаға сәйкес мүмкін болмаған жағдайларда, төлемдер төрт кезең аралығында жасалуы және әр үш айдың басында жүргізілуі мүмкін.

5-бап Шығыстар сметасы

      1. Академияның бюджеті қаржы жылына арналған шығыстарды қамтитын құжат – шығыстар сметасына сәйкес атқарылады.

      2. Академия смета жобасын түсіндірме жазбамен бірге қалыптастырады және әр бап бойынша есептеулермен және негіздемелермен бiрге жаңа қаржы жылының алдындағы жылдың бірінші жартысында СІМК-нің бекітуі үшін Хатшылықтың көмегімен АЛТК арқылы Тараптардың қарауына жібереді.

      3. СІМК келесі қаржы жылына арналған бюджетті ағымдағы жылдың 31 желтоқсанына дейін қарайды және бекітеді. Алайда егер бюджет жаңа қаржы жылының алдындағы жылы бекітілмесе, тиісті бюджет қажетті өзгерістерімен бекітілген болып есептеледі.

      4. Қолма-қол ақша қозғалысы үшін операциялар Қабылдаушы елдің ұлттық валютасымен және қажет болған жағдайда, басқа елдердің валютасымен жүзеге асырылуы мүмкін.

      5. Жергілікті валютадағы шығыстарға қатысты бюджетті бағалау үшін валюта бағамдары Қабылдаушы елдің орталық банкінің алдыңғы жылғы орташа валюта бағамына негізделеді.

      6. Жалақы бойынша баптарды қоспағанда, бекітілген бюджет шегінде бір баптан басқасына кез келген қайта бөлуді Академия Тараптарды алдын ала хабардар етіп және түсіндіре отырып жасауы мүмкін. Мұндай қайта бөлу жалпы соманың 10 пайызынан аспауға тиіс. Егер хабарлама күнінен бастап 30 күн ішінде Тараптардың ешқайсысы қарсылық білдірмесе, қаражатты қайта бөлу туралы ұсыныс бекітілген болып есептеледі. Егер бір баптан басқасына қайта бөлу жалпы соманың 10 пайызынан асатын болса, СІМК бекітуі талап етіледі.

      7. Академияның қаржы жылының соңына дейін мақсаты бойынша пайдаланылмаған бюджет қаражатының қалдықтары келесі қаржы жылы бюджетінің кіріс бөлігіне енгізілуге тиіс. Әрбір қатысушы мемлекеттің жарналары барабар есептелуге (қалыптасқан қалдықты ескере отырып және таза жарналар мөлшері Тараптар назарына жеткізілуге тиіс) және Тараптарға олардың жиынтық жарналары есебінде берілуге тиіс.

      8. Алдыңғы жылы жабдықтарды және ұзақ мерзімді пайдалануға арналған тауарларды сатып алуға толық пайдаланылмауына байланысты 1 қаңтардағы жағдай бойынша қалыптасқан бюджет қаражатының қалдықтары кейінге қалдырылған тапсырыстарды төлеу үшін пайдаланылуға тиіс.

6-бап Қаражатты сақтау

      1. Президент Академияның қаражаты сақталатын банк шотын/шоттарын айқындайды.

      2. Академия шоттары АҚШ долларымен және Қабылдаушы елдің ұлттық валютасымен жүргізіледі. Алдыңғы кезеңдегі шығыстарға арналған валюта бағамдарының бухгалтерлік есебі Қабылдаушы елдің орталық банкінің үш орташа айлық валюта бағамдарына негізделеді.

7-бап Есептілік

      1. Президент Академияның қаржы қаражатын бақылауды жүзеге асырады және оны жұмсау бойынша АЛТК арқылы СІМК-нiң алдында есеп береді.

      2. Президент АЛТК арқылы СІМК-ге әр қаржы жылы үшін жылдық есепті/баяндаманы алдыңғы қаржы жылынан кейінгі жылдың 31 наурызынан кешіктірмей ұсынады.

      3. Әрбір қаржы жылының қорытындысы бойынша қаражаттың профициті не тапшылығы кірістердің шығыстардан асып түсуін не шығыстардың кірістерден асып түсуін есептеу арқылы айқындалады. Академия бюджетінде қолма-қол қаражат тапшылығы болған жағдайда президент бұл туралы АЛТК арқылы СІМК-ні хабардар етеді және қажетті қаржылық шараларды қабылдау үшiн ұсыныстар енгізеді.

8-бап Аудит

      1. Академияның қаржылық қызметінің сыртқы аудиті әрбір бюджет кезеңінің соңында жүргізіледі. Аудитті АЛТК-ның мақұлдауы бойынша СІМК өкілеттік берген халықаралық деңгейде танылған тәуелсіз аудиторлық ұйым (компания) жүргізеді. Академия президенті уәкілетті органға сыртқы аудитті жүргізуге қажетті барлық құжаттарды ұсынады.

      2. Тәуелсіз аудит нәтижелері бойынша жасалған аудиторлық есепті Академия президенті барлық Тараптарға жібереді.

9-бап Айналым қаражатының резерві

      1. Айналым қаражатының резерві бюджеттің бір бөлігі болып табылады және жыл сайынғы міндетті жарналар алынғанға дейін бюджеттің ағымдағы шығыстарын қаржыландыру үшін ғана пайдаланылады.

      2. Айналым қаражаты резервінің сомасы жылдық бюджеттің 10 % төмен болмайтын мөлшерде белгіленуге тиіс. Күтілетін жыл сайынғы міндетті жарналар алынғаннан кейін аванстық сома айналым қаражатының резервіне қайтарылады.

10-бап Қорытынды ережелер

      1. Осы Келісім оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарламаны депозитарий дипломатиялық арналар арқылы алғаннан кейін отызыншы күні күшіне енеді.

      Осы Келісім түркітілдес мемлекеттердің қосылуы үшін ашық болады, қосылған мемлекет үшін депозитарий қосылу туралы құжатты алғаннан кейін отызыншы күні күшіне енеді.

      2. Қазақстан Республикасы осы Келісімнің депозитарийі болып табылады. Депозитарий Тараптарды Келісімнің күшіне енген күні, сондай-ақ тиісті ратификациялау, қабылдау, бекіту немесе қосылу туралы құжатты алғаны туралы дипломатиялық арналар арқылы жазбаша хабардар етеді.

      3. Осы Келісімді түсіндіру немесе қолдану бойынша келіспеушіліктер туындаған жағдайда Тараптар оларды консультациялар және келіссөздер арқылы шешеді.

      4. Осы Келісімге Тараптардың өзара келісуі бойынша осы баптың 1-тармағында көзделген тәртіппен күшіне енетін жеке хаттамалар нысанындағы өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін. Мұндай өзгерістер мен толықтырулар осы Келісімнің ажырамас бөліктері болып табылады.

      5. Тараптардың кез келгені депозитарийге жазбаша хабарлама жолдау арқылы осы Келісімнен шыға алады. Депозитарий мұндай хабарламаны алған күннен бастап 6 ай өткен соң бұл Тарап үшін Келісім өз қолданысын тоқтатады.

      2018 жылғы 2 қыркүйекте Бішкек қаласында бір төлнұсқа данада әзербайжан, қазақ, қырғыз, түрік және ағылшын тілдерінде жасалды әрі барлық мәтіндер бірдей теңтүпнұсқалы болып табылады. Алшақтықтар болған жағдайда ағылшын тіліндегі нұсқа басым күшке ие болады.

      Әзербайжан Республикасының Үкіметі үшін

      Қазақстан Республикасының Үкіметі үшін

      Қырғыз Республикасының Үкіметі үшін

      Түркия Республикасының Үкіметі үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады