"Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кинематография және мәдениет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 31 желтоқсандағы № 989 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кинематография және мәдениет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілсін.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі А. Мамин

  Жоба

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ЗАҢЫ

Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кинематография және мәдениет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

      1-бап. Қазақстан Республикасының мына заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:

      1. "Мәдениет туралы" 2006 жылғы 15 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңына:

      1) 7-бап мынадай мазмұндағы 9-4) тармақшамен толықтырылсын:

      "9-4) Қазақстан Республикасында және шетелде мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен қаржыландырылатын мәдениет саласындағы әлеуметтік маңызы бар іс-шаралар мен мәдени іс-шараларды қаржыландырудың тақырыптық бағыттары мен тәсілдерін айқындау жөніндегі қағидаларды әзірлейді және бекітеді;";

      2) 25-баптың 1-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Музей заттары мен музей коллекцияларын сақтау, қорғау, сақтап қалу, зерделеу және көпшілікке көрсету үшін құрылған, мәдени, білім беру, ғылыми-зерттеу функцияларын жүзеге асыруға және Қазақстан Республикасының тарихи-мәдени мұрасын кеңінен танытуды қамтамасыз етуге арналған мәдениет ұйымдары музейлер болып табылады.".

      2. "Кинематография туралы" 2019 жылғы 3 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңына:

      1) 1-бапта:

      3) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "3) дебюттік фильм – қоюшы режиссердің алғашқы фильмі;";

      6) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "6) кинематографиялық қызмет субъектісі – кәсіпкерлік субъектісі болып табылатын жеке тұлға және (немесе) қызметінің негізгі түрлері фильм және (немесе) киножылнама шығару, фильмді прокаттау, фильмді көрсету, фильмді қалпына келтіру, кинозалға техникалық қызмет көрсету, киноматериалдарды дайындау, фильмді шығару жөніндегі жұмыстарды орындау және қызметтерді көрсету, кинематография саласындағы білім беру, ғылыми, зерттеу, баспа, жарнамалық-насихаттау қызметі, фильмді сақтау болып табылатын кинематографиялық ұйым;";

      10) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "10) Фильмдердің мемлекеттік қоры – ұлттық мәдени игіліктің ажырамас бөлігі ретінде ұлттық фильмдердің, Қазақстан Республикасында шығарылған фильмдердің, бірлесіп шығарылған фильмдердің және киножылнаманың, оның ішінде ұлттық фильмдер мен киножылнаманың бастапқы материалдарының киноколлекциясы;";

      16) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "16) фильм – шығармашылық ниеттің негізінде жасалған, жеткізгіште жазылған және біртұтас тақырыпқа біріктірілген бейнеден және дыбыстық сүйемелдеуден, оның ішінде киносериалдан, киноспектакльден тұратын дыбыстау-бейнелеу туындысы;";

      мынадай мазмұндағы 27), 28), 29), 30), 31) тармақшалармен толықтырылсын:

      "27) киносериал – кинотеатрларда, стриминг платформаларда және интернет желісінде көрсетуге арналған көп сериялы кинотуынды;

      28) киноспектакль – кинематография және кино өнері немесе телевизия құралдарымен жүзеге асырылған театрлық спектакльдің экрандалуы;

      29) кинофестиваль – арнайы іріктелген фильмдерді көрсететін іс-шара;

      30) продюсер – фильмді қаржыландыруды, шығаруды және прокаттауды ұйымдастыру жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын жеке және (немесе) заңды тұлға;

      31) фильмдерді шығаруға арналған сахналық-қойылымдық құралдар – фильмдерді шығару кезінде пайдаланылатын материалдық безендіру құралдарының жиынтығы;";

      2) 5-бапта:

      мынадай мазмұндағы 5-1) тармақшамен толықтырылсын:

      "5-1) Қазақстан Республикасының аумағына әкелінетін балалар анимациялық фильмдері мен отбасымен көруге арналған фильмдерді қазақ тіліне дубляждауға арналған іріктеу қағидаларын әзірлейді және бекітеді;";

      14) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "14) кинематография саласындағы халықаралық байланыстарды дамытады, кинематографиялық қызмет субъектілерінің халықаралық комиссияларға, кинофестивальдарға, конференцияларға және басқа да іс-шараларға қатысуын ұйымдастырады;";

      3) 7-баптың 1-тармағының екінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "Осы талап бұрынғы КСРО кинематографиялық қызметінің субъектілері шығарған фильмдерге қолданылмайды.";

      4) 8-баптың 3-тармағының екінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "Қазақстан Республикасының аумағында "21 жастан бастап" жас санаты бар фильмді кинозалдарда және осы мақсаттарға арналған өзге де орындарда жергілікті уақытпен сағат 22-ден кейін таңғы сағат 06-ға дейін прокаттауға жол беріледі.";

      5) 9-бапта:

      3-тармақтың бірінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "3. Прокатталуы шектеулі фильмдерді қоспағанда, Қазақстан Республикасының аумағында кинозалдар мен осы мақсаттарға арналған өзге де орындарда прокатталуы және көрсетілуі қазақ тілінде жүзеге асырылмайтын фильмдер қазақ тілінде дубляж жасалуға не субтитрленуге, не кадр сыртындағы аудармамен қамтамасыз етілуге тиіс.";

      мынадай мазмұндағы 3-1-тармақпен толықтырылсын:

      "3-1. Дубляж үшін мемлекеттік қаржылық қолдау алған балалар анимациялық фильмдері мен отбасымен көруге арналған фильмдердің Қазақстан Республикасының аумағындағы кинозалдар мен осы мақсаттарға арналған өзге де орындарда прокатталуы және көрсетілуі қазақ тілінде жүзеге асырылуға тиіс.

      Қажет болған кезде мұндай фильмдерді Қазақстан Республикасының аумағында кинозалдар мен осы мақсаттарға арналған өзге де орындарда прокаттау және көрсету басқа тілдерде де жүзеге асырылуы мүмкін.";

      6) 12-бапта:

      1-тармақта:

      1) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "1) ұлттық фильмдерді, ұлттық фильмдердің прокатталуы мен көрсетілуін және онымен байланысты іс-шараларды қаржыландыру;";

      мынадай мазмұндағы 2-1) және 2-2) тармақшалармен толықтырылсын:

      "2-1) Қазақстан Республикасының аумағына әкелінетін балалар анимациялық фильмдері мен халықаралық стандарттар бойынша (кинотеатрлар, онлайн-кинотеатрлар, авиаборттық бағдарламалар) күтілетін рейтингі жоғары, отбасымен көруге арналған фильмдерді қазақ тіліне дубляждауды қаржыландыру;

      "2-2) халықаралық кинофестивальдерге қатысуға, елде және шетелде қазақ киносының күндерін ұйымдастыруға бағытталған қызметті қаржыландыру;";

      2-тармақ мынадай мазмұндағы екінші бөлікпен толықтырылсын:

      "Жыл сайын ұлттық фильмдерді шығаруға бөлінетін қаражат:

      1) тарихи, патриоттық және имидждік картиналарға – жетпіс пайыз;

      2) жеке киножобаларды, оның ішінде дебюттік фильмдерді бірлесіп қаржыландыруға – отыз пайыз бағытталады.";

      5-тармақтың бірінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "5. Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы арқылы ұлттық фильмді қаржыландыру түрінде мемлекеттік қолдау алған жеке және (немесе) заңды тұлғалар ұлттық фильмдерді прокаттау мен көрсетуден түсетін кірістерден Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығына алынған мемлекеттік қолдаудың пайыздық арақатынасына мөлшерлес көлемде уәкілетті орган айқындаған тәртіппен аударымдарды жүзеге асырады.";

      6-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "6. Ұлттық фильмдерді мемлекеттік қаржылық қолдау және Қазақстан Республикасының аумағына әкелінетін балалар анимациялық фильмдері мен отбасымен көруге арналған фильмдерді қазақ тіліне дубляждау мәселелері бойынша ұсыныстар мен ұсынымдар тұжырымдау мақсатында Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанынан консультативтік-кеңесші орган – Кинематография саласындағы мемлекеттік қолдау мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия құрылады.

      Ұлттық фильмдер деп танылуға үмітті киножобаларды, Қазақстан Республикасының аумағына әкелінетін балалар анимациялық фильмдері мен отбасымен көруге арналған фильмдерді қазақ тіліне дубляждауды қаржыландыру, оның ішінде қаржыландыру көлемдерін бөлу туралы шешімді уәкілетті орган Сараптама кеңесінің оң қорытындысы және Кинематография саласындағы мемлекеттік қолдау мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның ұсынымы негізінде қабылдайды.";

      7) 13-бапта:

      5-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "5. Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы:

      1) ұлттық фильмдер деп танылуға үмітті киножобалар мен ұлттық фильмдерге, оның ішінде қызметінің негізгі нысанасы фильмдер шығару болып табылатын, жарғылық капиталына мемлекет жүз пайыз қатысатын заңды тұлғаға мемлекеттік қаржылық қолдаудың жыл сайынғы сомасының жалпы көлемінің кемінде отыз бес пайызы мөлшерінде мемлекеттік қаржылық қолдау ұсынудың;

      2) Қазақстан Республикасының аумағына әкелінетін балалар анимациялық фильмдері мен отбасымен көруге арналған фильмдерді қазақ тіліне дубляждауды қаржыландырудың;

      3) кинематография саласындағы субсидияларды төлеудің бірыңғай оператор болып табылады.";

      6-тармақтың бірінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "6. Фильмді ұлттық деп тану және балалар анимациялық фильмдері мен отбасымен көруге арналған фильмдерді қазақ тіліне дубляждау жөнінде ұсыныстар тұжырымдау мақсатында Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының жанынан Сараптама кеңесі – мәдениет қызметкерлері, шығармашыл қызметкерлер мен кинематография қатарынан консультативтік-кеңесші орган құрылады.";

      мынадай мазмұндағы 6-1-тармақпен толықтырылсын:

      "6-1. Кинематография саласында ұсыныстар тұжырымдау мақсатында Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының жанынан Ұлттық кинокомиссия – мемлекеттік органдар, кинематография қызметінің субъектілері өкілдерінің және кинематография саласындағы сарапшылардың қатарынан консультативтік-кеңесші орган құрылады.

      Ұлттық кинокомиссияның ережесі мен құрамын уәкілетті орган бекітеді.";

      8) мынадай мазмұндағы 13-1-баппен толықтырылсын:

      "13-1-бап. Ұлттық фильмдердің сахналық-қойылымдық құралдары

      Ішінара немесе толығымен республикалық бюджеттен қаржыландырылатын ұлттық фильмдерді шығару кезінде қалыптастырылатын сахналық-қойылымдық құралдарды сақтауды, олардың сақтап қалуды қамтамасыз етуді, пайдалануды және пайдалануға беруді қызметінің негізгі нысанасы фильмдер шығару болып табылатын, жарғылық капиталына мемлекет жүз пайыз қатысатын заңды тұлға жүзеге асырады.";

      9) 14-бапта:

      1-тармақтың және 2) тармақшалары мынадай редакцияда жазылсын:

      "1) егер фильм Қазақстан Республикасының ұлттық тарихы мен мәдениетінің, қазіргі өмірінің оқиғаларын көрсетсе, Қазақстан Республикасы үшін әлеуметтік-мәдени маңызы бар жалпы адамзаттық гуманитарлық, әлеуметтік және адамгершілік проблемаларға, әлемдік тарих оқиғаларына арналса және (немесе) халықаралық деңгейде Қазақстан Республикасының имиджі мен беделін нығайтуға ықпал ете алатын болса;

      2) фильмдерді шығару, тарату және көрсету кезінде смета бойынша жалпы жұмыс көлемінің кемінде жетпіс пайызын Қазақстан Республикасының аумағында тіркелген кинематографиялық қызмет субъектілері жүзеге асырса;";

      2-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "2. Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттың талаптарына сәйкес шетелдік кинематографиялық қызмет субъектілермен бірлесіп түсірілген фильм ұлттық деп танылуы мүмкін.";

      10) мынадай мазмұндағы 14-1-баппен толықтырылсын:

      "14-1-бап. Балалар анимациялық фильмдері және отбасымен көруге арналған фильмдер

      1. Балалар анимациялық фильмі – фильмдердің жас санатының "6 жасқа дейін" және "6 жастан бастап" белгісі бар балаларға арналған фильм.

      2. Отбасымен көруге арналған фильм – бұл фильмдердің жас санатының "12 жастан бастап" белгісі бар ойын және анимациялық фильмдер.

      3. Қазақстан Республикасының аумағына әкелінетін балалар анимациялық фильмдерін қазақ тіліне дубляж түрінде мемлекеттік қаржылық қолдау алу үшін іріктеу мынадай негіздердің жиынтығы кезінде:

      1) егер фильм жеке тұлғаның үйлесімді зияткерлік-білімдік дамуына, балалардың рухани-адамгершілік тәрбилеуге бағытталған болса;

      2) егер фильм фильмдердің жас сыныптамасына сәйкес келсе;

      3) егер фильм "Балаларды денсаулығы мен дамуына зардабын тигізетін ақпараттан қорғау туралы" Қазақстан Республикасының Заңында көзделген ақпараттық өнімді таратуға қойылатын талаптарға сәйкес келсе;

      4) егер фильм "Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігі туралы" Қазақстан Республикасының Заңында көзделген Қазақстан Республикасының ұлттық мүдделеріне қайшы келмесе;

      5) егер фильм халықаралық стандарттар бойынша (кинотеатрлар, онлайн-кинотеатрлар, авиаборттық бағдарламалар) жоғары күтілетін рейтингпен кеңінен дистрибуциялауға арналған болса;

      6) егер фильм Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының интернет-ресурсында алдын ала онлайн дауыс беру қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасының аумағына әкелінетін балалар анимациялық фильмдері мен отбасымен көруге арналған фильмдерді қазақ тіліне дубляж жасау үшін іріктеу шеңберінде қажетті дауыс санын жинаған болса, жүзеге асырылады.

      4. Қазақстан Республикасының аумағына әкелінетін, отбасымен көруге арналған фильмдерді қазақ тіліне дубляждау түрінде мемлекеттік қаржылық қолдау алу үшін іріктеу мынадай негіздердің жиынтығы кезінде:

      1) егер фильм отбасылық қатынастарды, рухани-адамгершілік құндылықтарды нығайтуға және дамытуға бағытталған болса, жалпы қабылданған моральдық және адамгершілік нормаларға қайшы келмесе;

      2) егер фильм фильмдердің жас сыныптамасына сәйкес келсе;

      3) егер фильм "Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігі туралы" Қазақстан Республикасының Заңында көзделген Қазақстан Республикасының ұлттық мүдделеріне қайшы келмесе;

      4) егер фильм халықаралық стандарттар бойынша (кинотеатрлар, онлайн-кинотеатрлар, авиаборттық бағдарламалар) жоғары күтілетін рейтингпен кеңінен дистрибуциялауға арналған болса;

      5) егер фильм Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының интернет-ресурсында алдын ала онлайн дауыс беру қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасының аумағына әкелінетін балалар анимациялық фильмдері мен отбасымен көруге арналған фильмдерді қазақ тіліне дубляж жасау үшін іріктеу шеңберінде қажетті дауыс санын жинаған болса, жүзеге асырылады.

      5. Онлайн дауыс беру тәртібі уәкілетті орган бекітетін Қазақстан Республикасының аумағына әкелінетін балалар анимациялық фильмдері мен отбасымен көруге арналған фильмдерді қазақ тіліне дубляждау үшін іріктеу қағидаларына сәйкес айқындалады.";

      11) 15-бап мынадай редакцияда жазылсын:

      "15-бап. Кинематография саласындағы субсидия

      Кинематография саласында субсидиялар беруге арналған келісім (бұдан әрі – Келісім) жасасқан шетелдік заңды тұлғаға (оның филиалы мен өкілдігіне) өтеусіз және қайтарымсыз негізде берілетін бюджеттік субсидия түрі кинематография саласындағы субсидия болып табылады.

      Кинематография саласындағы субсидия Қазақстан Республикасында фильм (немесе оның бір бөлігін) шығаруға байланысты тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің құнын отыз пайызға дейін өтеу жолымен беріледі.

      Қазақстандық тарап субсидияны төлеуге, ал шетелдік заңды тұлға (немесе оның өкілдігі) Қазақстан Республикасында фильм (немесе оның бір бөлігін) шығаруға міндеттенетін шарт Келісім болып табылады.

      Қазақстандық тараптан Келісім жасасу құқығы уәкілетті органмен келісу бойынша Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығына беріледі.";

      12) 16-баптың 1, 2, 3 және 4-тармақтары мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Мемлекет Фильмдердің мемлекеттік қорын сақтауға бағытталған іс-шараларды жүзеге асырады.

      2. Фильмдердің мемлекеттік қоры Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын заңды тұлғаға тұрақты сақтауға беріледі.

      Фильмдердің мемлекеттік қоры тұрақты сақтауға берілген заңды тұлға Фильмдердің мемлекеттік қорының коллекциясының сақталуын қамтамасыз етуге, сақтауға, көшірмесін түсіруге, көбейтіп таратуға, прокаттауға және көрсетуге бағытталған іс-шараларды жүзеге асырады.

      Толық мемлекеттік қаржыландыру алған ұлттық фильмдер Фильмдердің мемлекеттік қорының құрамына енгізіледі.

      Ішінара мемлекеттік қаржыландыру алған ұлттық фильмдер Фильмдердің мемлекеттік қорының құрамына кинематографиялық қызмет субъектілері арасында жасалған шарттар негізінде енгізіледі.

      3. Фильмдердің мемлекеттік қоры тұрақты сақтауға берілген заңды тұлға фильмдердің, киножылнаманың материалдарын аналогтық жеткізгіштерден электрондық жеткізгіштерге көшіруді жүзеге асырады.

      4. Фильмдердің мемлекеттік қоры тұрақты сақтауға берілген заңды тұлғаға Фильмдердің мемлекеттік қорын сақтау кезінде олардың құқық иеленушілерінің фильмдердің бастапқы материалдарына еркін және өтеусіз қол жеткізуін, сондай-ақ авторлық және сабақтас құқықтардың сақталуын қамтамасыз етеді.".

      2-бап. Осы Заң алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады